1220 жылдың наурыз айында бірнеше күннің ішінде Шыңғыс хан әскері Бұхараны алады. Ал, сәуірде 110 мың адамдық әскер мен 20 соғыс пілі қорғап тұрғанына қарамастан, Самарқандты да бағындырады. Шындығында Хорезм шахы Мұхаммедтің бүкіл армиясы 400 мыңнан кем емес еді. Бірақ олар моңғол әскерінің тегеурінді шабуылдарына тетеп бере алмады. 1221 жылы Үргеніш қаласын (Гургендж) алған Жошының әскери қолы қыпшақтардың қарсылығын басып-жанша отырып, Аралдың солтүстік-шығысында соғыс қимылдарын жүргізеді. 1224 жылдың күзінде Шыңғыс хан Моңғолияға қайтып оралды. Сөйтіл, 1219-1224 жылдардағы шапқыншылық нәтижесінде Қазақстан мен Орта Азия Моңғол империясының құрамына кіреді.
1229-1230 жылдары Батыс Қазақстан аймағында моңғолдарға қарсы көтеріліс бұрқ ете түседі. 1237 жылы ол, тіпті күшейіп, Бачман бастаған қыпшақ жасағы белсене шайқасады.
3.3. XIV-XV ғасырларда Қазақстан аумағында құрылған мемлекеттер: Алтын Орда, Ақ Орда, Моғолстан, Ноғай Ордасы 6 бет
Қазақстан аумағы үш ұлыстың құрамына енгізілді. Далалық ұлан-ғайыр аймақ оның үлкен ұлы - Жошының ұлысына кірді. Бірақ ол Шыңғыс ханның тірі кезінде қайтыс болғандықтан, ұлыста оның үлкен ұлы Батый билік жүргізді (1227- 1256). Ол Ертіс пен Солтүстік Жетісудан бастап, бүкіл Шығыс Дешті Қыпшақты, яғни Еділдің теменгі ағысына дейінгі зор аумақты алып жатты. Ал, Ордасы Ертіс алқабында орналасты. Шағатай ұлысына Оңтүстік, Оңтүстік-Шығыс Қазақстан, Шығыс Түркістан және Мауераннахр аймақтары берілді. Ордасы Іле алқабында орналасты. Үгедей ұлысына Жетісудың солтүстік-шығыс бөлігі, Батыс Моңғолия, Ертістің жоғарғы ағысы мен Тарбағатай аумақтары берілді. Ордасы Шәуешек өлкесінде орналасты. Шыңғыс ханның кіші ұлы Төле Моңғолиядағы қара шаңыраққа ие болып қалды.
1228-1241 жылдары ұлы хан болған Үгедей ұлысы 1251 жылы жойылады. Ал, оның жерлері 1251-1259 жылдары ұлы хан ретінде билік құрған Төленің баласы Мөңкеге және оған дейін ұлы хан болған Үгедейдің үлкен ұлы Күйікке (1246-1248) бөлініп беріледі.