Биікпін деп мақтанба
Тобықты Құнанбай айтты деген сөз
Қаржас пен Тобықтының арасында бір дау болып, үш-төрт жылға созылыпты. Өйткені, айтылған бітімге екі жағы наразы болып, арыз етіп, бұздыра беріпті. Даудың ақыры төтенше съезіне түсіп, съезде Қаржастан Мұса, Тобықтыдан Құнанбай шығып сөйлепті. Мұса Құнанбайдан кіші болуы керек, сөйтсе де сөз арасында Құнанбайды кемсіте сөйлепті. Сонда Құнанбай айтқан екен:
Пұт болдым деп мақтанба,
Пұттан ауыр батпан бар.
Биікпін деп мақтанба,
Асқар-асқар таулар бар,
Ар жағында аспан бар.
Басыма бақыт қонды деп,
Тосылмаймын енді деп,
Алдаушы жалған дүниегеге
Ғапыл болып азбаңдар.
Қарсы келген дұшпаның
Басын келіп изесе,
Оған да қыл бостандық,
Аяққа салып баспаңдар.
Бақ тайса ажарыңа қарамайды,
Біреуді біреу сырттан табалмайды,
Басына қарапайым бір іс түссе,
Қылды деп білместікпен шамалайды.
«Адам басы алланың добы» деген,
Дәм тартса әр тарапқа домалайды.
Достарыңызбен бөлісу: |