НЕГІЗГІ БӨЛІМ
1.Репрессияның пайда болуы.
Еліміздегі тұңғыш репрессия 1928 жылдан басталды. Оның себебі 1925 жылы Қазақстан өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы болып келген Ф.И. Голощекин еліміздің саяси-экономикалық және әлеуеттік жағдайымен танысқаннан кейін «Қазақстанға Ұлы Қазан революциясының ешқандай ықпалы болмады, сондықтан мұнда «Кіші Қазан революциясын жасау керек» деген теріс қорытындыға келіп, республикада репрессиялык шаралар жүргізе бастайды. Ол ең алдымен ескі зиялыларға ауыз салады. Солардын ішінде Ә. Бөкейхан, Ж. Ақбаев, Ә. Ермеков т.б. болды.
Сталиндік репрессиялардың себептеріне бірнеше негіздерін көрсетуге болады. Алып Совет Одағынының индустрияландыру үшін тегін жұмыс күшінің қажеттілігі, бүкіл мемлекет аумағында еңбек лагерлерін құрып, өнеркәсіп және өндіріс орталықтарының маңына мыңдаған әртүрлі халық өкілдерін депортациялау әдісімен шоғырландыру арқылы тегін жұмыс күшіне қол жеткізу. Тоталитарлық билікті күшейту мен жоғарыдан түсетін шешімдерді іске асыру үшін 1939 жылдың аяғына қарай КСРО аумағында 600-ден аса жалпы және ішкі түрмелер салынды, оның ішінде, Қазақстан аумағында 23 жалпы және 11 ішкі түрме болды. Қазақстан мен Орта Азия аумағындағы 32 лагерьде жазасын өтеген жазықсыз жандар әртүрлі өнеркәсіп орталықтарында еңбек еткен.
Сонымен қатар, 1937-1938 жылдар саяси репрессиялардың ең шарықтаған шағы болды. Оның себептеріне, Коммунистік партияның билік үшін күресі, Сталинның жеке билігін күшейту барысында қарсыластарын жою мақсаты жатты.
2.Сталиндік құрбандар саны.
Қазақстан бойынша қамауға алынғандардың саны 105 мың адамды құрады, оның 22 мыңы ату жазасына ұшырады. Зиялы қауым өкілдерін ату – әлеуметтік қорғаудың жоғарғы деңгейі деп аталса, елді басып кеткен лагерьлер – әлеуметтік алдын-алу орны деп аталды.
Т. Рысқұлов, Н. Нұрмақов, С. Қожанов, Ұ. Құлымбетов, О. Исаев, О. Жандосов, Ә. Досов, А. Асылбеков, Ж. Сәдуәқасов, С. Сафарбеков, Т. Жүргенов және тағы басқаларына 1937-1938 жылдар аралығында «ұлтшыл-шафист» және тыңшы деген кінә тағылды. Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, А. Ермеков, Х. Досмұхамедұлы, М. Тынышбайұлы, М. Жұмабай, С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, Б. Майлин, С. Асфендияров, Ж. Шанин, К. Кемеңгеров және тағы басқа да көптеген мәдениет және өнер қайраткерлері, ұлт жанашырларына «халық жауы» деп айыпталып, репрессияға ұшырады. Оларға тағылған айыптар негізсіз сандырақ болды, оларға ауыл шаруашылығының құлдырауына кінәлі, жиырмасыншы-отызыншы жылдары орын алған көтерілістерде жапон тыңшыларымен байланыс жасап, Қазақстанды бөліп алмақшы болды дегендей айыптар тағылды. Басым көпшілігі соттан тыс мекемелермен сотталды.
Репрессиялау барысында тек Қазақстан аумағында ІІХК қызметі жалпы саны 3720 тыңшысы бар 183 ұйымды анықтады. 1920-1953 жылдар аралығында саяси репрессияларға 110 мың адам ұшырады. Қазақстанның партиялық ұйымдарының 17 пайызы 1935-1938 жылдар аралығында халық жаулары деп жарияланып, жазаға ұшырады. Х. Досмұхамедов, М. Тынышпаев, Ж. Ақпаев, М. Жұмабаев бастаған ұлттық-либерал зиялы қауым, сондай-ақ, Алаш Орда партиясының түгелге жуық мүшелері жалпы саны 4297 адам репрессияланды.
Сонымен қатар, ғалымдар, жазушылар, ақындар, мәдениет және өнер, білім қызметкерлері де репрессияның құрбаны болды. Сталиндік қанды жүйе интеллигенцияны толық құрамда жоюды көздеді. Қамауға алынған зиялы қауым өкілдерінің әйелдері 5-8 жылға лагерьлерге айдалса, балалары еңбекпен түзеу лагерьлері мен түрмелерге, балалар үйлеріне жіберілді.
Достарыңызбен бөлісу: |