1.8 Мемлекеттік рәміздер
2 нұсқа
ҚР мемлекеттік рәміздері 1992 жылы қабылданды. Олар – біздің еліміздің тәуелсіздігінің белгілері.
ҚР Мемлекеттік туы –тік бұрышты (ені – 1 метр, ұзындығы –2 метр) көгілдір мата. Көгілдір түс –бейбітшіліктің, тыныштықтың, жарқын болашақтың және ашық аспанның нышаны. Тудың ортасында жарқырап шыққан шұғылалы күн орналасқан. Бұл – бейбітшіліктің белгісі. Күннің астында қалықтап ұшқан қыран құс бейнеленген. Дала құсы — дарқандық пен қырағылық және биікке самғау белгісі. Тудың сол жағында қазақ халқының ұлттық өрнегі бейнеленген. Өрнек қазақ халқының салт- дәстүрін, мәдениетін және ұлттық өнерін білдіреді. Күн, қыран құс және өрнек алтын түспен берілген. Алтын түс — молшылықтың, байлықтың, құт- берекенің белгісі. Тудың авторы — суретші Шәкен Ниязбеков.
ҚР Мемлекеттік елтаңбасында көгілдір түс аясында шаңырақ бейнеленген. Ол елтаңбаның жүрегі іспеттес. Шаңырақ әлемнің біртұтастығын, мемлекеттің бастауы — отбасы ошағын бейнелейді. Шаңырақта айнала уықтар шаншылған. Олар күн сәулесіндей жарқырайды. Екі жағын аңыз ертегілеріндегі пырақтардың қанаттары көмкеріп тұр. Қанатты пырақ — мәңгілік өмір, шексіз даму және Қазақстан секілді бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан халықтардың рухани байлығын көрсетеді. Елтаңбаның маңдайшасында бес бұрышты жұлдыз бар. Ол мемлекетіміздің «бағымыз ашылып, жұлдызымыз жарқырай берсін» деген асыл арманын арқалап тұрғандай. Төменгі жағында «Қазақстан» деген жазу бар. Реңдік бейнесі — алтын және көгілдір түсті. Елтаңбаның авторлары — сәулетшілер Шота Уәлиханов пен Жандарбек Мәлібеков.
«Менің Қазақстаным» — Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны. Әнұранның осы нұсқасы 2006 ж. қаңтардың 7- күнінде қабылданған. Сөзін жазған Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев. Әнін жазған ұлы композитор Шәмші Қалдаяқов.
Достарыңызбен бөлісу: |