Қазақстан Республикасындағы ұлттық идеяның қалыптасуының негізі” атты Жобасына сәйкес дайындалып, Университеттің ғылыми кеңесінде бекітілген. Рецензенттер: С.Қирабаев, ҚР ҰҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор



бет27/33
Дата05.11.2016
өлшемі7,43 Mb.
#827
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   33

1. Ресейдегi ұлттық республикалар мен автономиялардың құрылымын анықтау және ұлттық республикалардың Ресейден бөлiнiп шығу құқының кепiлдiгiн бекiту.

2. Қазақ Автономиясының шекарасын анықтау: солтүстiк және солтүстiк шығыстағы Сiбір ревкомының құрамындағы – Өскемен, Семей, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Көкшетау, Павлодар, Жезқазған; Түркiстан Респуликасына қарайтын оңтүстiктегi – Шымкент, Жамбыл, Алматы, батыста Астраханға бағынышты Атырау, Оңтүстікте – Түрікменстанға, Хиуа мен Бұқараға қарасты Маңғыстау Қызылорда, Шымкент, Қарақалпақ облыстарын Қазақстанның заңды жерi ретiнде тану мәселесi болатын.

Съездiң қарсаңында: күн тәртiбiне қойылатын осындай талмауытты мәселелерге коммунистердi шұғыл шара қолдануға мәжбүр ету үшiн Ахмет Байтұрсынов ел iшiне өкiлдер жiберді. Оларға:



ұлттық мүддені таптық мүддеге ауыстырамыз деген желеумен, Қазақстанның ұлттық автономиялық аудан ретінде тұйықталып қалуы қаупі барын ескертіп,

қазақ қызметкерлерінің мемлекет басынан шеттетілуін тоқтатуды,

жер мәселесінің қазақ ұлтының мүддесі тұрғысынан шешілуін,

қоныстандырушылардың легін доғарудыталап ету керектігін құрылтайда ашық көтеру мәселесін түсіндіру міндеті қойылды. Сондай-ақ:

аранын ашып келе жатқан аштықтың қасiретi туралы мәліметтер жинап, тиiстi тұжырым жасау тапсырылды.

Саяси қарбаластың қарсаңында С.Сәдуақасов Қазақ атқару комитетiнiң өкiлi ретiнде Семей губкомына жіберілді. Бара салысымен Смағұл Сәдуақасов 1921 жылы 3 маусым күні Қазаткомның Президиумының 18 мамырдағы шешіміне сүйене отырып, Қазақ автономиясын мойындамай, республикалық атқару комитеті жолдаған шешімдерді орындамай, тек қана орыстар тұратын елдi мекендердi ғана мемлекеттiк құрылымға тартып, билiк басына қазақ оқығандарын жолатпай қойған Семей губерниялық атқару комитетiн таратып жіберді де Қазақ автономиясына тікелей бағынатын Семей губревкомын құрды. Негiзгi ұлт қазақтарды билік басына тартты. Қазақ ұлтының мүддесiн – мемлекеттiң мүддесi деп жариялады.

Төрағалық мiндеттi уақытша өзi атқарды. Смағұл Сәдуақасовтың бұл тәуекеліне губком да қарсы шыға алмады. Өзі кетерде орнына Мұхтар Әуезовті төрағалыққа тағайындады. Ал М. Әуезов Орынборға ауысқанда Қазақ бөлімін Ж. Аймауытов пен Х. Ғаббасов басқарып қалды.

Ұлт мүддесі үшiн тәуекелге барған бұл iс өзiн-өзi ақтады, Семей облысы Қазақстанның құрамына бүтіндей қосылды. Қазақ ұлты үшiн өмiрлiк мәнi бар және ұлттық намысты қозғайтын осынау қасиеттi шешім, Алаш ардагерлерiнiң көсемдiк парасатының ықпалымен елiнiң өжет ұлы Смағұлдың батыл әрекетiмен жүзеге асты.

Әрине, жоғарыдағыдай батыл қимылы үшiн С.Сәдуақасов та жақсылап тұрып «сыбағасын» тартты. 1921 жылы 9 тамыз күні «РКП (б) Қазақ өлкелік обкомының Қазатком өкілі С.Сәдуақасовтың теріс әрекеттері» арнайы отырыста қаралды.

«... РКП Семей губкомының президиум мүшесі ж. Феофановтың Қазатком өкілі С.Сәдуақасовтың төмендегідей теріс әрекеттері:

1. Ешқандай себепсіз губаткомды және уездік аткомды таратқаны;

4. Қазақтардың барлық әрекетін қолдап, кеңес өкіметінде істейтін орыс қызметкерлерін айыптағаны;

5. Губаткомның губревком болып өзгергенін жүзеге асқан шара ретінде Орталық Қазаткомның атына жалған ақпарат жолдап, Қазаткомға жалған ақпарат бергені туралы баяндама жасады.

Сөзінің соңында ж. Феофанов губкомның ж. Сәдуақасовты партиядан шығарып, қызмет бабындағы қылмысы үшін сотқа тартуды ұсынғаны туралы пікірлерін жеткізуді ұсынды».

Міне, осыдан кейін барып бұл мәселе президиумда қаралып, Смағұл Сәдуақасов барлық қызметтен шеттетілді. Тіпті енді қайтып жауапты қызметке ұсынбау туралы шешім де қабылданды.

Кішкентай адам – ең кекшіл адам. Ж. Аймауытов пен Х. Ғаббасов «Кене», «Бүрге» деп атаған Николай Ежов 1923 жылы Семей губревкомының төрағалығына тағайындалып, С. Сәдуақасовтың жіберген қателіктерін «түзеуге» жіберілді. Голощекиннің тұсында Қазақ өлкелік комитетіне ауысып, саяси бақылауды қолына алды. Ал жиырмасыншы жылдардың соңында ОГПУ-дiң тегеурiндi тiзгiнiнiң ұшы тиiсiмен «Кене» мен «Бүрге» деген ат қойғаны үшін «семейлiктерден» кегiн алуға ұмтылды. Смағұлды астыртын арандатумен болды және соңына аңду қойды. Смағұл мен Мұхтардың арасына «Қалам» – Әбдiрахман Байдiлдин сияқтыларды сына етiп қақты.

Съезд барысындағы шегiне жете ушыққан көзқарастардың қақтығысын Әбдiрахман Байдiлдиндей жерiне жеткiзiп, қыбын қандырып жазған адам кемде-кем. Сондықтан да қарау пиғылдан туған ащы шындықты назарға ұсынамыз:



«Бiз Орынбордағы өлкелiк кеңестiң екiншi съезiне жүрiп кеттiк. Сәдуақасов бiзден бұрын кетiп қалған едi, қалған өкiлдер бiрге аттандық. Бұл съезде жалпы саяси және шаруашылық мәселелерiмен қоса Сәдуақасовтың жеке басы мен оның iс-әрекеттерiне қатысты талқылауларға айтарлықтай ерекше орын берiлдi. Семей мен Ақмола губерниясынан келген еуропалық ұлттардың өкiлi өзiнiң сөздерiнде Сәдуақасовтың жеке басының намысына тиiсiп, оның iс-әрекетiн әшкерелеп: ұлт араздығын қоздырды, орыс қызметкерлерiн отарлаушы деп жазғырды, т.с. – деген айып тақты. Ал аталған губерниялық қазақ өкiлдерi керiсiнше Сәдуақасовтың iстеген iсiн қостап, еуропалық ұлт өкiлдерiн кiнәлады. Қазақстан Орталық Атқару комитетiнiң құрамын сайлау кезiнде әлгi өзара айыптаулар мен iшкi күрес өзiнiң шегiне жеттi. Бiз Сәдуақасовты Қазақстан Орталық Атқару комитетiнiң құрамына ұсындық, оны еуропалық жолдастар керi қайырып тастады. Бұл мәселе жiктелушi топтардың көп уақытын алды.

Сәдуақасовтың өзi шығып ұзақ қорытынды сөз сөйледi. Ол өзiн: қазақ халқының нағыз күрескерi әрi соның мүддесi үшiн азап шегiп жүрген шерменде ретiнде көрсеттi: ол еуропалық қызметкерлердi партияның ұлттық саясатын жүзеге асыруды тежеп отырған саналы отаршылдық пиғылдары үшiн айыптады. Ол бұл пiкiрiн ұлт мәселесi жөнiнде қабылдаған партияның 8 съезiнiң қарарлары мен Сталин жолдастың мақалаларынан үзiндi келтiре отырып дәлелдеп, мұның ұстанған бағыты келтiрiлген үзiндiлерге сай келетiнiн, партияның бағдарламасын жүзеге асыртпау үшiн орыс отарлаушылары өзiнiң соңына шырақ алып түскендiгiн айтты. Сонымен қатар, Қазақстанның өткен тарихынан мысал келтiрiп, оны бүгiнгi күнмен салыстырып, өзiнiң бағыт-бағдарының дұрыстығын дәлелдейтiн тұжырымдар жасады.

Оның сөзiн: бiр жақтан: «Жойылсын ұлтшыл!», екiншi жақтан: «Отарлаушылар, бөгет жасамауларыңды өтiнемiз!», – деген айқайлар жиi-жиi бөліп кетiп отырды. Ол сөзiн аяқтаған кезде, барлық губерниялардан келген қазақ өкiлдерiнiң басым көпшiлiгi ұзақ қол шапалақтап қошамет көрсеттi. Бұдан кейiн екi жақтың да айқай-шуы бұрынғыдан да күшейе түстi. Қорғаушылардың да, қаралаушылардың да сөздерi қатқыл-қатқыл шығып, iшiнара әдепсiз қылықтарға жол берiлдi. Мысалы, Сәдуақасовты қорғап сөйлеген Х.Нұрмұхамедов (Атбасардан келген уәкiл) бiрнеше рет қарсы топтың төралқасының столын жұдырықпен ұрғылап, аяғымен жер тепкiледi.

Iстiң ақырында дауысқа салғанда – дауыс ұлттық тегiне қарай екiге бөлiндi. Iшiнара кейбiреулерi болмаса, қазақтардың барлығы қостап дауыс бердi, ал, кейбiр қалыс қалған жеке адамдарды есептемегенде, орыстардың барлығы қарсы болды. Мәселе сол күйi шешiлмей қалды. Бiрақта, кейiннен бәрiбiр 3-4 дауыс артық алған Сәдуақасов Қазақстан Орталық Атқару комитетiнiң құрамына өттi».

Сондай-ақ, саяси мәнi зор шешiм де қабылдады. Ол:

1. Отарлаушы – коммунистердiң басқыншылық пиғылы мен басынуына тосқауыл қою.

2. Смағұл Сәдуақасовтың Семейдегi iс-әрекетiн ақтап алып, сол арқылы оның iсiне мемлекеттiк-ұлттық сыпат беру мәселесi едi.



«ІІ. Сәдуақасов жолдастың мәлімдемесі.

Қаулы етілді:

Сәдуақасов жолдастың қысқаша мәлімдемесін тыңдағаннан кейін мәжіліс мынадай қаулы қабылдады. Оның бейберекеттікке жол беріп, отаршылдық саясатын жүргізген Семей губерниялық атқару комитеті мен губревкомын таратқаны жөніндегі шешімі өте дұрыс деп табылсын. Сәдуақасов жолдастың Семей губерниясындағы іс басына қыр елінің азаматтарын тартып, отаршылдарды жұмыстан босатқан ісі де дұрыс деп табылсын, сондықтан да обком мен бақылау комиссиясы құрылтай кезінде қабылданған Сәдуақасов жолдас туралы шешімді қайтадан қарап, Сәдуақасов жолдасты ақтау туралы мәселе көтерсін. Және обком мен бақылау комиссиясы Сәдуақасовтың ісі туралы Семей мен Ақмола губерниясының өкілдеріне жолығып, қосымша материал жинауды қамтамасыз етсін.

Жиналыс төрағасы – М.Әуезов.

Хатшысы – Ә.Байділдин».
Сөйтіп, мемлекет басындағы қазақ қайраткерлерiнiң солқылдақтығы мен намыссыздығының салдарынан Смағұлдың тағдыры талқыға түсті. Дәл осы күнгi, осы кештегi қайраткерлiгi Мұхтар мен Смағұлды қашан көз жұмғанша талқының тезiне салып, өмiр бойы жауапқа тартқызып кеттi.

«Алаш iсi» атты тергеу iсiндегi құжаттар мен жауаптарға және олардың саяси көзқарасына қарағанда бұл топ негiзiнен «Алашорда» үкiметiнiң ұлттық бағытын жетекшiлiкке алған бiр кездегi «жас алаштар» едi. Кеңес өкiметi кезiнде мемлекет басына келген Смағұл Сәдуақасов, Сұлтанбек Қожанов, Тұрар Рысқұлов, Нығымет Нұрмақов, Жалау Мыңбаев, Ораз Жандосов, Ыдырыс Мұстамбаев iспеттi қайраткерлер 1921-1922 жылғы ұлттық федерация туралы пiкiр таласы тұсында сондай ұстанымдарын танытты. Бұлардың күрес сахнасына келуi заңды құбылыс еді әрі жаңа құрылымдағы қайшылықтарды шешуге ұлттық аймақтар мұқтаж да болатын.

Аз ұлттардың арасындағы мұндай саяси қуатты күш – кез-келген империяның қас жауы еді. Шындығында да Голощекиннің:

«Сәдуақасов дегенiмiз – бұл жиынтық есiм, ол – «сәдуақасовшылар» деген мұқым бiр жұлдыздардың шоғыры... Сәдуақасовшылар дегенiмiз – бұл партияның ықпалынан шығып кетуге жанталасып жүрген кеңес мекемесi... Сәдуақасовшылар дегенiмiз – бұл пролетариат диктатурасына қожалық еткiсi келетiн тұтас бiр ұлттық мәселе!», – деген пікірінде негіз бар еді.

Өйткені «сәдуақасовшылар – тұтас бiр ұлттық шоғыр» болатын. Олардың негiзгi мақсаты – «коммунистiк-колонизаторлыққа» қарсы күрес едi. Мұндай қарсылықты тудырған – кеңес өкiметiнiң аз ұлттарға қарсы бағытталған қастандық iс-әрекетi, ұлыдержавалық өктемдiгi мен үстемдiк көзқарасы еді.

Ал жер – ұлттық дербес өмiр сүрудiң басты кепiлi. Жерсiз ұлт – дербес халық ретiнде жер бетiнде өмiр сүру құқынан, ұлттық қасиеттен айырылады. Бұл ретте қазақтың тағдыры қосақталған Ресейдің дәмесі бұрын да зор болды, қазір де зор, ертең де өте зор болмақ. Сондықтан да В.И.Ленин:

«Ресейдегі отарлау саясаты дегеніміз жер саясаты», – деп атап айтқан болатын.

Енді «шығыста кіші октябрь» мен «социализмді қатар орнатуға» келген Сталиннің «әпермені» Голощекин қалған жерге реформа жасап (тартып алып – Т.Ж.), оған тағы да 360 мың «тың игеруші» орналастыруды ойластырып, қысылып-қымтырылмастан:



«Сәдуақасов жолдас екеумiздiң арамыздағы пiкiр қайшылығы тұп-тура Октябрь (кеңес өкiметi – Т.Ж.) мәселесiне қатысты. Мен: ауылға кiшi Октябрь жүргiзу қажет деп есептесем, сiз Октябрь атаулының барлығына қарсы шығасыз. Бiздiң қазiргi жүргiзiп жатқан жер реформамыз Октябрь емес пе? ...Егер мұны азаматтық соғыс деп түсiнсеңiз, онда бiз соғыс жағындамыз», – деп өзі басқарып отырған халыққа өзі «азаматтық соғыс» жариялады.

Бұл «Қужақтың» қалжыңы емес, шыны болатын. Жай қыр көрсету емес, алдын-ала жоспарланған жоба еді. Оны Сталиннің өзі:



«Голощекин жолдас! Мен мына мәлiметiңiзде белгiленген саясатты негiзiнен алғанда бірден-бiр дұрыс деп ойлаймын» – деп жазбаша түрде мақұлдап берген болатын.

Өйткені, қызыл империяның «жер реформасының» жоспары бойынша, шет аймақтағы ұлттар – ұлы жаhангердiң шикiзат қорын дайындап беретiн «ерiктi құлдар жасағын» құруы тиіс болды, яғни, дамыған социализм тұсындағыдай, экономикалық басыбайлы аймаққа айналдыру көзделді. Егерде, ұлт аймақтарын дер кезінде орыстандырып, оларды қоныстандырып алмай тұрып ұлттық өнеркәсiптi дамытса, онда қазақ ұлтының өкiлдерi, соның iшiнде жұмысшылар да, кейіннен кiрмелерге жол бермеуi мүмкiн едi. Ол үшiн оларды аштықпен есеңгiреттi. 1922 жылғы аштық бұл саладағы алғашқы «Тәжiрибе» ретiнде сынақтан өттi. Өлкелік партия комитетінің БКП(б) Орталық комитетіне жолдаған ресми ақпараты бойынша сол жылы аштыққа ұшырағандардың саны 2 миллион 286 мың 591 адам болды, соның 68,2% аштан өлген. Мұқым қазақ халқын «табиғи түрде жоюға» мұршасы жетпедi. Өйткенi қазақтың дәстүрлi көшпелi экономикасы мен өмiр сүру тәсiлi оған мүмкiндiк бермедi. Ендi, «мойынсерiк», «қосшы ұйымы», «кедей қостары» арқылы тiрi қалудың, күн көрудiң, жұтамаудың ғасырлар бойы сыннан өткен тәсiлi мансұқталды.

Аштыққа ұшырағандарға Семей губерниясынан мал айдап апарған Ж.Аймауытовты жауапқа тартып, сот жүргенде С.Сәдуақасов оған үзілді-кесілді қарсы шығып:

«1. Бұл үлкен оқиға, өйткені сот орындығында Аймауытов сияқты қазақтың Вересаеві, Алексей Толстойы отыр, ол «Интернациональ» мен «Жас гвардияны» аударды. Бұл партияда жоқ интеллигенцияның арасында наразылық туғызады, осы күндері Қызылордада кім билікті ұстап қалса, соған сөз келтіреді.

2. Бұл сот процесі – «Алашорданың» үстінен жүргізілген сот, одан басқа ештеңе де емес, сондықтан да соттың құрамы (Бекбатыров, Арықова және Ашмаев) ол деңгейден төмен (көрнекті адамдар емес).

3. Сотта жалғыз ғана қорғаушы бар, оның өзі орыс екен, сондықтан да сотқа жетекшілік жасау керек.

4. Сотқа тартылғандарды, соның ішінде Аймауытовты қорғап жазылған жалғыз мақаланы, Дулатовтың мақаласын «Еңбекші қазаққа» жариялауға келісім бермеу деген қандай шектен шығушылық (бұл мақала Сәдуақасов келісімен «Еңбекші қазақтың» бетінде жарияланды).

5. Бұл іс ескіріп кеткендіктен де және «айыпты болмағандықтан да» сотталуға жатпайды, бәрін босату керек», – деген пікір білдірді.

Ал Ораз Исаев өзінен-өзі қуыстанып, өзінің басын сақтандыру үшін Голощекинге домалақ арыз жазды. Онда:



«6. Маған (Сәдуақасовқа) сотта не куә ретінде, не қоғамдық қорғаушы ретінде сөйлеуге рұқсат беріңіздер, қазақтың қаламгерінің бірі ретінде оларды қорғауға тиіспін.

7. Сондай-ақ партияда жоқтар бұл процеске қазақтардың партия ішіндегі бір тобының екінші тобына көрсеткен қыры деп баға береді, – деген пікір білдірді.

Кеңес мұның бәрін бекітпеді және біздің сот төрағасымен болған әңгімемізді қостады. Бұдан шығаратын менің қорытындым:

1. Өлкелік комитет оқиғаның ұйымдастырылуы тұрғысынан алғанда оның қалай дамитынына мән бермеді.

2. Сәдуақасов жолдастың алашордашылармен арасындағы жігі ажыратылмаған. Қазақ интеллигенциясының мәдени деңгейі туралы пікірі қылмысқа жалғасып жатады. Оның кеңес соты жөніндегі көзқарасы да жағымсыз әсер қалдырады.

3. Алашордашылар осы сотта өзінің азуын көрсетті, Сәдуақасовты пайдалана отырып, партия мен өкіметке ықпал етуге тырысты.

4. Оқушылардың тәртіптері де алаңдатады және тиісті шара қолдануды талап етеді.

5. Сотта зиян шеккен үкімет мекемелерінің, мысалы, басында мал жинау ісін жүргізген «Аштарға көмек» комитеті өкілдерінің болмауы да жарасып тұрған жоқ.

6. Сәдуақасовтың мақаланы жариялау туралы пікірі де дұрыс емес, қайта сот жүріп жатқанда оны жарияламау керек еді. Сергеевті айыпталушының өзі таңдап отырғандықтан да, қорғаушы жөніндегі пікірі де орынды емес.

7. Соттың үкімінен кейін Сәдуақасовтың әлдекімге: Аймауытовтың қорғау кезіндегі сөзі оны ақтап алды, – дегені де жеңілтектік, өйткені мұны ол соттың үкімнен бұрын төрағасының өзінен естіп алған болатын.

«Алашорданың» осындай белсенділік танытып отырған ісіне Қазаткомның қаулы шығаруы орынсыз деп есептеймін. О. Исаев», – деп пікір білдірді.

Біз бұл хатқа талдау жасап жатпаймыз. Тек: «бұл сот процесі Жүсіпбек Аймауытовтың үстіне ғана жүргізілген сот емес, «Алашорданың» үстінен де жүргізілген сот», деген С. Сәдуақасовтың пікірі өте орынды болатын

Жер дауы – қазақ ұлты үшiн бұрын да өте күрделi әрi ең талмауытты мәселе болатын. Сондықтан сол тұстағы қазақ зиялыларының бiрде-бiреуi жер, жер бөлiсi жөнiндегi мәскеулiк жобаны бекiттiрмеуге тырысты. Саяси көзқарастары мен қызмет орындарының әр саланы қамтығандығына қарамастан, мұндай «коммунистiк-колонизаторлыққа» қарсы тұрарлық ұлттық пікір қалыптасты. Қазақстандағы ұлттық қызметкерлердің ішіндегі ең жасы, ең өжетi, бiлiмдiсi Смағұл Сәдуақасов мұны:

«Қазақ автономисына жүргізілген коммунистік колонизаторлық» – деп атады.

Бұл – қазақ қауымының рухани өмiрiндегi ең шешушi әрi тарихи қажеттiлiктен туған заңды қарсылық едi.

Ол өзiн терең де батыл ойлы, шешiмшiл, өжет және ұлт мүддесiн қорғайтын қайратты да қызуқанды, тәлiмдi де тәжiрибелi мемлекет қайраткерi есебiнде көрсете бiлдi. Смағұл Сәдуақасовтың жер, ұлттық өнеркәсiп, мәдениет саласындағы саяси тұжырымдарының негiзiне «Алашорда» қозғалысының бағыт-бағдары мен тұжырымдары желi болып тартылды. Сол ұлы мақсатты кеңес өкiметiнiң саясатына бейiмдей отырып, «коммунист-отаршылдарға қарсы «ұлттық коммунистiк» үлгi ұсынды. Ол қазақ жерi туралы Ә.Бөкейханов ұстанған жер реформасы туралы жобаны қолдап:

«Сырттан келiп отарлауды уақытша тоқтату керек; б) әуелi жергiлiктi халықты, соның iшiнде байырғы қарашекпендердi де қамти отырып, оларды толықтай жерге орналастыру қажет; в) екiншi кезекте барып төңкерiс тұсында ауып келгендерге жер беру керек; г) содан кейiн ғана Қазақстанның жер жағдайы мен құнарлылығын зерттеумен шұғылданып, оның құнарлы-құнарсыз екендiгiн, яғни пайдалануға жарайтын артық жер бар ма, жоқ па, соны анықтау тиiс», – деп үлкен мәселе қойды.

Мiне, мәселе қайда жатыр! Иә, гәп – жерде.

Бұл платформа кеңеске дейін де, кеңес кезінде де, кеңестен кейін де большевиктер тарапынан жаппай сыналды, «ұлтшылдық платформа» деп бағаланды. Ақиқатына көшсек, Смағұл Сәдуақасұлының пiкiрi дұрыс әрi ол жалғыз өзiнiң ғана емес, сол кездегi алаш азаматтарының ақылдаса келiп қорытқан тұжырымды пiкiрi болатын. Әлихан, Ахмет, Мiржақып, Халел, Жаһанша, Мұхамеджан, Халел Ғаббасов, Әлімхан iспеттi ұлт көсемдерiне мiнбеге көтерiлуге тиым салынғандықтан да, солардың ақылына сүйенiп, солардың атынан сөйлеген сөзi едi.

Голощекиннің бұл жер реформасы – қазақтың жартылай көшпелі экономикасын (халық арасында «Ақ шом» деп аталған көшпелі экономика заңдылығы – Т.Ж.) бұзып, жаппай ашаршылыққа алып келетін. 1921-1922 жылдардағы аштық тұсындағы «реформаның» алғашқы «тәжірибесімен» бәрі де таныс еді. С.Сәдуақасов та, С.Меңдешев те, С.Сейфуллин де, О.Исаев та, Ұ.Құлымбетов те, И.Құрамысов та бұл ашаршылықты бастарынан кешірген болатын. Алайда өткеннің қасіретті сабағын коммунистер қаперіне алмады. Ал тергеу ісінің мәліметіне жүгінсек: сол тұстағы облыстық, кейін Өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы С.Меңдешев басқарған бір мәжілісте аштан өлген 1 миллионға жуық адамның әруағының алдында беті шімірікпестен:



«Аштарға көмек комиссиясының» жұмысын кеңес өкіметін құлатуға пайдалану үшін және аштыққа ұшыраған тұрғындарды астыртын ұйымға тарту үшін Әуезов Мұхтар мен Ахмет Байтұрсынов Қазақстанның түкпiр-түкпiрiне үндеу жолдады. Ал Ж.Аймауытов «Алашордашылардың» туыстарына мал таратып беру үшін «Аштарға көмек көрсететін» комиссияның мүшелiгiне қасақана кірген», – деп «халық жауын» әшкерелепті.

Мұндай «естен тандыру арқылы халықтың санын табиғи түрде азайтатын жер реформасының» қасіреті Голощекин мінбеде:



«Бесінші партия конференциясының жұмысына қарсы ұйымдастырылған (яғни өзін сайлауға – Т.Ж.) Бөкейхановтың, Байтұрсыновтың, Сәдуақасовтың, Досовтың саяси-экономикалық платформасы», – деп аталған экономикалық талдауда егжей-тегжейлі дәлелденген болатын.

Сол платформаға сүйенген С.Сәдуақасов Қазақстанды өзі өндірген шикізаттың құлына айналдыратын жобаны ұсынған «саяси экономистерге» қарсы:



«Әр республиканың өз iшiнде тұйықталған кәсiпорын ашу бағыты (әрине, ұлтшылдық бағыт деп түсiнiңiз) бар деген Зелинский жолдастың пiкiрi дұрыс емес (мұны талдаудың өзi ұят), екiншiден, Орта Азиядан мақтаны тасып әкету – жақсылық, ал дайын матаны тасу – бұл тұйықталған шаруашылықтың белгiсi – деген мәселе қандай теориядан туындап отыр? Бұлай етуге болмайды, Зелинский жолдас! Тура керiсiнше, шаруашылықтың мүддесiне орай, өнеркәсiптi шикiзаттың көзiне жақын орналастыру қажет», – деген пікір білдірді.

Шындығында да, жүннiң бiр қадағын қазақтардан 15 сомнан алып, 150 сомға қайта қазаққа сатудың қай жері интернационалдық? Қай жері социализм? Қай жері қандай ұлтшылдықпен күрес? Экономикалық жағынан өте тиімді, өзiн-өзi асырайтын, өзiнiң жерiн өзi дербес игеретiн, өзiнiң ұлттық даму дәстүрi мен тарихи танымын сақтайтын мұндай ұлттық социализм Голощекинге ұнамады. Смағұлдың бұл сөзіне тура жауап бермей, Шая-шаялығына салып:



«Индустрияландыру мәселесi жөнiндегi өзiнiң сырын Сәдуақасов әлi ашқан жоқ. Ол бұрын: бiзде терi бар, оны Мәскеуге тасудың қажетi жоқ, заводты Қазақстанның өзiнде салу керек, сөйтiп қазақтың (күлкi) ұлттық терiсiн (күлкi) өзiмiзде өңдеуiмiз керек… Ал, Мәскеу мен орталықтағы заводтар тоқтап қалса, онда оның жұмысы жоқ көрiнедi», – деп мінбеден мекерсiнді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   33




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет