Экономикалық мегатрендтер Әлемдік экономикада ДСҰ қағидаттарына (Трансатлантикалық әріптестік, өңірлік Тұтастай қамтитын экономикалық әріптестік) залал келтіретін сауда режимдерін өңірлендіру, «санкциялық соғыстар» және протекционизмнің күшеюі сияқты күрделі процестер байқалуда. Экономикалар мен билікті орталықсыздандыру жүріп жатыр: «Brexit» – (Ұлыбританияның Еуропалық одақтан шығуы), АҚШ саясатының («americanism, not globalism») жаңа акценті. Ресей үшін қағидатты болып табылатын АҚШ-пен және Батыспен бәсекелестік тереңдей түсуде. Осыған қарамастан, нарықтар мен ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ететін технологиялар мен ұтқырлықты дамыту, капитал ағындарының трансшекаралық қозғалысы және халықаралық қаржыландыру жаһандану процесін объективті құбылыс етеді.
Жаппай өндіруден жаппай кастомизациялауға ауысу жүріп жатыр. Ірі компаниялар арасында өнімнің сапасы, қосымша көрсетілетін қызметтер және клиентке бағдарлану деңгейі шешуші рөл атқаратын «тұтынушы үшін үздіксіз шайқас» жүргізілуде.
Қызмет көрсету саудасында қарқынды өсу байқалады. Көрсетілетін қызметтердің көпшілігі цифрлық бола түсуде, ал дәстүрлі тауар өндірушілер өз ұсыныстарына түрлі көрсетілетін қызметтерді енгізеді.
Әлеуметтік қолдау енді тек қана мемлекеттік жауапкершілік аймағы болып табылмайды. Әлеуметтік қолдау көрсетуде корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік пен үкіметтік емес және коммерциялық емес ұйымдардың қызметі ерекше рөл атқарады. Мысалы, АҚШ-та корпоративтік және жеке әлеуметтік шығындардың ЖІӨ-дегі жалпы көлемі 11%-ды құрайды, бұл қазірдің өзінде мемлекеттік шығындардың 19% көлемімен шамалас.