123-бап. Жұмыс берушіге немесе қабылдаушы тарапқа нұқсан келтіргені үшін жұмыскердің, жіберуші тарап жұмыскерінің материалдық жауаптылығы
Ескерту. 123-баптың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 19.12.2020 № 386-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
1. Жұмыс берушіге немесе қабылдаушы тарапқа нұқсан келтіргені үшін жұмыскердің, жіберуші тарап жұмыскерінің материалдық жауаптылығы осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде және жұмыс берушінің актілерінде немесе қабылдаушы тараптың актілерінде көзделген жағдайларда басталады.
2. Егер нұқсан, салдарынан міндеттерді тиісінше орындау мүмкін болмаған еңсерілмейтін күш не аса қажеттілік, қажетті қорғаныс, сондай-ақ жұмыс берушінің немесе қабылдаушы тараптың жұмыскерге, жіберуші тараптың жұмыскеріне берілген мүліктің сақталуы үшін тиісті жағдайларды қамтамасыз ету жөніндегі міндетті орындамауы мән-жайларына байланысты туындаса, жұмыскердің, жіберуші тарап жұмыскерінің жұмыс берушіге немесе қабылдаушы тарапқа келтірілген нұқсан үшін жауаптылығы жойылады.
3. Жұмыскер, жіберуші тараптың жұмыскері жұмыс берушіге немесе қабылдаушы тарапқа келтірілген тікелей іс жүзіндегі нұқсанды өтеуге міндетті.
4. Тікелей нақты нұқсан деп жұмыс берушінің немесе қабылдаушы тараптың қолда бар мүлкінің шынайы азаюы немесе көрсетілген мүліктің (оның ішінде, егер жұмыс беруші немесе қабылдаушы тарап осы мүліктің сақталуы үшін жауаптылықта болса, үшінші тұлғалардың жұмыс берушідегі немесе қабылдаушы тараптағы мүлкінің) жай-күйінің нашарлауы, сондай-ақ жұмыс беруші немесе қабылдаушы тарап үшін мүлікті сатып алуға немесе қалпына келтіруге шығын шығару не артық төлем жүргізу қажеттілігі түсініледі.
5. Жұмыскерге, жіберуші тараптың жұмыскеріне қалыпты өндірістік-шаруашылық тәуекел санатына жатқызылуы мүмкін нұқсан үшін жауаптылық жүктеуге жол берілмейді.
6. Жұмыс беруші немесе қабылдаушы тарап жұмыскерлерге, жіберуші тараптың жұмыскерлеріне қалыпты жұмыс және оларға сеніп тапсырылған мүліктің толық сақталуын қамтамасыз ету үшін қажетті жағдайлар жасауға міндетті.
7. Жұмыскерлерге берілген мүліктің және басқа да құндылықтардың сақталуын қамтамасыз етпегені үшін толық жеке немесе ұжымдық (ортақ) материалдық жауаптылық туралы шарт жасалуы мүмкін жұмыскерлер атқаратын немесе орындайтын лауазымдар мен жұмыстардың тізбесі, сондай-ақ толық материалдық жауаптылық туралы үлгілік шарт жұмыс берушінің актісімен бекітіледі.
8. Мынадай:
1) жұмыскерге, жіберуші тараптың жұмыскеріне толық материалдық жауаптылықты өзіне алу туралы жазбаша шарт негізінде берілген мүліктің және басқа да құндылықтардың сақталуы қамтамасыз етілмеген;
2) жұмыскер біржолғы құжат бойынша есебіне алған мүліктің және басқа да құндылықтардың сақталуы қамтамасыз етілмеген;
3) алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаңдық (оларға ұқсас) жағдайда нұқсан келтірілген;
4) материалдар, жартылай фабрикаттар, бұйымдар (өнімдер), оның ішінде оларды әзірлеу кезінде, сондай-ақ жұмыс беруші немесе қабылдаушы тарап жұмыскерге, жіберуші тараптың жұмыскеріне пайдалануға берген құрал-саймандар, өлшеуіш аспаптар, арнайы киімдер мен басқа заттар кем шыққан, қасақана жойылған немесе қасақана бүлдірілген;
5) жұмыс беруші немесе қабылдаушы тарап үшін нұқсан келтіруге әкеп соққан, бейбәсекелестік туралы талап бұзылған жағдайда;
6) еңбек, ұжымдық шарттарда немесе қабылдаушы тараптың актілерінде ескерілген өзге де жағдайларда жұмыс берушіге немесе қабылдаушы тарапқа келтірілген нұқсанның толық мөлшеріндегі материалдық жауаптылық жұмыскерге, жіберуші тараптың жұмыскеріне жүктеледі.
Ескерту. 123-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 04.05.2020 № 321-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 19.12.2020 № 386-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Достарыңызбен бөлісу: |