Этникалық көші-қон
88. Этникалық қазақтарға қоныстану өңіріне қарамастан 1 жыл мерзімге оралман мәртебесін ұсыну.
Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге оралмандарды қоныстандырудың өңірлік квотасын белгілеу.
Қазақстан Республикасының азаматтығын оңайлатылған тіркеу тәртібімен, 1 жыл ішінде алу.
Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларының кең инструментарийі аясында оралмандарға әлеуметтік қолдау көрсетуді көздеу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған қоныстандыру өңірлерінде.
Ішкі көші-қон
89. Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерде қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасын белгілеу.
Білім беру инфрақұрылымын дамыту шеңберінде солтүстік өңірлердің жоғары оқу орындарында және колледждерінде түлектердің осы өңірлерде міндетті жұмыспен өтеуі шартымен ауыл жастары үшін арнайы гранттар бөлу.
Шетелдік жұмыс күшін тарту
1. Дербес шетелдік мамандарды квотадан тыс және рұқсатсыз тарту, шетелдіктерге біліктілік деңгейінің сәйкестігі туралы анықтама беру, шетелдік қызметкерлерді бағалаудың балдық жүйесін енгізу және басымдықты салалар (экономикалық қызмет түрлері) мен оларда сұранысқа ие кәсіптердің тізбесін анықтау өз бетінше жұмысқа орналасу үшін шетелдік жұмыс күшінің келу тәртібін жетілдіру;
2. Оған экономикалық қызмет түрлері бойынша, шығу елдері бойынша квота мен еңбекші көшіп келушілерді тартуға арналған квота кіретін шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны белгілеу, сонымен бірге рұқсаттардың ақылы болуын енгізу жолымен шетелдік жұмыс күшін тарту рәсімдерін жетілдіру;
3. ДСҰ-ның жалпы қабылданған әлемдік стандарттарына сайкес келтіру, корпоративішілік ауыстыруды жеңілдікті шарттармен берілетін рұқсаттар бойынша квотадан тыс жүзеге асыру арқылы корпоративішілік ауыстыру рәсімдерін жетілдіру;
90. 1951 жылғы Женева Конвенциясын ратификациялаудан туындайтын Қазақстанның міндеттемелерін ескере отырып, 2009 жылғы 4 желтоқсанда «Босқындар туралы» ҚР Заңы қабылданды, оның негізгі мақсаты – шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға пана берудегі қатынастарды реттеу жүйесін қамтамасыз ету, сондай-ақ босқын мәртебесін беру. Осылайша, «Босқындар туралы» Заңда босқындар мен пана іздеп жүрген адамдардың құқықтары анық айқындалған. Мәселен, босқындар мен пана іздеп жүрген адамдардың Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес медициналық қызмет көрсетілуіне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес еңбек ету бостандығына немесе кәсіпкерлік қызметке, мүліктік және жеке мүліктік емес игіліктер мен құқықтарын сот арқылы қорғауға құқығы бар.
91. «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 17 шілдедегі № 246-II Заңы жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын босқын мәртебесі бар адамдардың, тұруға ыхтыярхаты бар және Қазақстан Республикасында тұрақты тұрып жатқан шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың атаулы әлеуметтік көмекке құқығын айқындайды.
92. 2014 жылғы 12 сәуірден бастап «Кейбір заңнамалық актілерге еңбек көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды іске асыру басталды, қазіргі уақытта шетелдіктерге «еңбекші көшіп келушіге жеке тұлғаларда жұмысқа орналасу үшін рұқсат» беру жүзеге асырылуда, бұл оларға жеке тұлғаларда өз бетінше жұмысқа орналасуға және мемлекеттік бажды төлеуге мүмкіндік береді («Еңбекші көшіп келушіге рұқсаттар беру, ұзарту және қайтарып алу, сондай-ақ еңбекші көшіп келушілерді тіркеу, олардың дактилоскопиялық, фотоесептерін қалыптастыру және жүргізу қағидасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 8 ақпандағы №76 бұйрығы, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2014 жылғы 11 наурызда № 9200 нөмірімен тіркелген).
93. 2015 жылдың 1 қаңтарына ішкі істер органдары көшіп келушілерге жеке тұлғаларда еңбек қызметін жүзеге асыру үшін 72 мыңнан астам рұқсат берген.
94. Республикада Қазақстан Республикасында тұрақты тұрып жатқан шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың білім алуға конституциялық құқығы қамтамасыз етіледі.
95. Шетелдік азаматтардың балаларын оқуға қабылдау «Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктердің және азаматтығы жоқ тұлғалардың мектепалды, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім алу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2010 жылғы 28 қыркүйектегі № 468 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.
96. 2014-2015 оқу жылында 3 031 оқушы-мигрант оқумен қамтылды. Олардың ең көп саны Алматы (1 423) және Астана (351) қалаларында, Батыс Қазақстан (331), Қарағанды (235) және Жамбыл (111) облыстарында тұрады.
97. Білім беру ұйымдары балаларға жан-жақты қолдау көрсету үшін жағдайлар жасайды, оларды қосымша білім беру сабақтарына тартады және психологиялық сүйемелдеуді ұйымдастырады, ата-аналармен жұмыс жүргізеді.
98. 2013-2014 оқу жылы ішінде барлық мектептерде шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдар балаларының жеке істері тексерілді және талаптарға сәйкес келтірілді. Көші-қон органдарымен республика аумағында жүрген шетелдік азаматтардың тізімдерін қолданыстағы дерекқор бойынша уақтылы нақтылау жөніндегі өзара іс-қимыл жұмысы жүргізіледі. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын балалардың білім алуға және біліми қажеттіліктерді қанағаттандыруға конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету білім беру органдарының тұрақты бақылауында.
99. «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 28, 31, 35-баптарына сәйкес, Қазақстан Республикасына келген көшіп келушілердің міндетті медициналық сақтандыруы болуға тиіс.
100. «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Кодексі 88-бабының 5-тармағына сәйкес, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының аумағында жүрген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың айналасындағылар үшін қауіп төндіретін қатты аурулары болған кезде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тізбеге сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға құқығы бар.
101. Көшіп келуші өміріне немесе оның айналасындағылардың денсаулығына төнген қатер жойылған сәттен бастап көшіп келушілерге жоспарлы медициналық көмек көрсету жіберуші тараптың, азаматтардың, сақтандыру компанияларының жеке қаражаты, сондай-ақ ұйымдардың қайырымдылық жарналары мен жанашырлық жәрдемі есебінен ақылы негізде жүзеге асырылады.
102. «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің бұйрықтары әзірленді және бекітілді:
1) «Шетелдіктерде және азаматтығы жоқ адамдарда болуы олардың Қазақстан Республикасына келуіне тыйым салатын аурулардың тізбесін бекіту туралы» 2011 жылғы 30 қыркүйектегі № 664 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7274 болып тіркелген).
2) «Көшіп келушілерге медициналық көмек көрсету ережесін бекіту туралы» 2011 жылғы 30 қыркүйектегі № 665 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7292 болып тіркелген).
3) «Шетелдіктерде және азаматтығы жоқ адамдарда болуы олардың Қазақстан Республикасына келуіне тыйым салатын аурулардың тізбесін бекіту туралы» 2011 жылғы 30 қыркүйектегі № 664 бұйрық шетелдіктерде және азаматтығы жоқ адамдарда болуы олардың Қазақстан Республикасына келуіне тыйым салатын аурулардың тізбесін бекітеді.
4) «Көшіп келушілерге медициналық көмек көрсету ережесін бекіту туралы» 2011 жылғы 30 қыркүйектегі № 665 бұйрық – осы Көшіп келушілерге медициналық көмек көрсету ережесі Қазақстан Республикасына келген көшіп келушілерге медициналық көмек көрсету тәртібін белгілейді.
Ұсынымдар 15, 19-тармақтар
Гендерлік теңдік
103. Қазақстан Республикасында адам құқықтарын іске асыру саласындағы негізгі бағыт құндылығы бірдей еңбек үшін ерлер мен әйелдерге бірдей сыйақы беру болып табылады. Бұл қағидат Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген ( 24-б. 2-т. ), онда азаматтардың еңбегі үшін нендей бір кемсітусіз сыйақы алу құқығы көзделген. Аталған талап жалпы сипатқа ие, яғни ол еңбекті қолдану саласына байланыссыз барлық адамдарға қатысты қолданылады. Бұл ретте сөз кез келген нысандағы кемсітушілікке тыйым салу туралы (ҚР Конституциясының 14-б.). ҚР еңбек заңнамасы бірдей еңбек үшін, яғни ұзақтығы, қарқындылығы және күрделілігі бірдей еңбек үшін бірдей ақыға кепілдік береді, сонымен қатар жынысына, жасына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, мүліктік және лауазымдық жағдайына, тұратын жеріне, дінге көзқарасына, сеніміне, азаматтықа, қоғамдық бірлестіктерге қатыстылығына, сондай-ақ қызметкердің іскерлік сапаларымен және оның еңбегінің нәтижелерімен байланысты емес басқа жағдаяттар бойынша ешқандай кемсітуге жол бермейді (Еңбек кодексінің 7-бабы).
104. Қазақстанда еңбекақыны белгілеу мен төлеу мәселелерін реттейтін заңнамалық негіздің бар болуы және оның талаптарын сақтау құндылығы бірдей еңбек үшін еркектер мен әйелдерге бірдей сыйақы беру туралы конвенцияны ратификациялауға мүмкіндік берді.
105. Бүгінгі таңда гендерлік теңдікті сақтау қағидаты білім берудің барлық деңгейлерінде қамтамасыз етіледі. 2012 жылы гранттық қаржыландыру аясында оқу бағдарламаларына гендерлік құрамдас бөлікті біртіндеп енгізуді қамтамасыз ету үшін 4 жоғары оқу орнына зерттеулерді жүргізуге 12 млн. теңге бөлінді.
106. 2010-2013 оқу жылдары республиканың жалпы білім беру мектептерінде оқушылардың жалпы санынан 50 % астам қыз балалар оқытылды.
107. Барлық оқушылардың жынысына қарамастан экономикалық, әлеуметтік және мәдени іс-шараларға қатысуға тең құқықтары бар.
108. Республикада мектептің қоғамдық өміріне қыздардың қатысуы жандандырылуда, бүгінде олардың көбісі балалар және жастар ұйымдарының көшбасшылары, пәндік олимпиадалардың және мәдени іс-шаралардың жеңімпаздары болып табылады.
109. Бір қызметкердің орташа айлық номиналдық жалақысы (ҚР Статистика комитетінің ресми деректеріне сәйкес) 2014 жылы 121,0 мың теңгені немесе 2013 жылдың тиісті кезеңіне110,9 %-ды құрады. Ерлерде бұл көрсеткіш 144,2 мың теңгені (2013 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 11,4 % өскен), әйелдерде 96,5 мың теңгені (2013 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 10,1 % өскен) құрады.
110. Әйелдер мен ерлер еңбекақысының арақатынасы 2014 жылы 67,0 % құрады. Бұл, ең алдымен, әйелдер көбінесе еңбекақы деңгейі өндірістік саладан едәуір төмен білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру сияқты қызмет салаларында жұмыс істейтінімен шартталған.
111. Ал ерлер көбінесе еңбек жағдайлары ауыр (зиянды), еңбекақысы орташа республикалық көрсеткіштен жоғары және ауыр және зиянды факторлардың болуына байланысты әйелдер еңбегін пайдалануға тыйым салынатын өнеркәсіп (мұнай-газ, тау-кен өндіру, өңдеуші), көлік, құрылыс сияқты қызмет салаларында жұмыс істейді.
112. Қазақстан Республикасында еңбекке ақы төлеу мөлшері қызметкердің біліктілігіне, орындалатын жұмыстың санына, сапасына және күрделілігіне қарай, еңбек жағдайлары үшін қосымша және үстеме ақылар, ынталандыру төлемдері ескеріле отырып, жынысы бойынша кемсітушіліксіз белгіленетінін атап өту қажет.
113. Еңбек кодексінің 7-бабына сәйкес ешкімді де өзінің еңбек құқықтарын іске асыру кезінде жынысына, жасына, дене кемістіктеріне, нәсіліне, ұлтына, тіліне, мүліктік, әлеуметтік және лауазымдық жағдайына, тұратын жеріне, дінге көзқарасына, саяси сеніміне, руға немесе текке-топқа, қоғамдық бірлестіктерге қатыстылығына байланысты ешқандай кемсітуге болмайды. Жоғарыда баяндалғанға сүйене отырып, Қазақстан Республикасында «құндылығы бірдей еңбек үшін бірдей сыйақы алуға» кепілдік беріледі деп айтуға болады.
114. Еңбектің осы түріне тән талаптармен айқындалатын не айрықша әлеуметтік және құқықтық қорғалуға мұқтаж адамдарды мемлекеттің ерекше қамқорлығына алуына байланысты өзгешеліктер, ерекшеліктер, артықшылықтар мен шектеулер кемсітушілік болып табылмайды.
115. Еңбек саласында кемсітушілікке ұшырадым деп есептейтін адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен сотқа немесе өзге де орындарға жүгінуге құқылы. Әйелдердің еңбекке құқығын іске асыру үшін Қазақстанда қажетті құқықтық жағдайлар жасалған. 2007 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі (бұдан әрі – Кодекс) еңбек қатынастары тараптарының құқықтары мен мүдделерін қорғауға, еңбек саласындағы құқықтар мен бостандықтардың ең төмен кепілдіктерін белгілеуге бағытталған еңбек қатынастарын және еңбек қатынастарына тікелей байланысты өзге де қатынастарды құқықтық реттеуді қамтамасыз етеді.
116. Осы нормативтік құқықтық акті еңбек саласында гендерлік теңдікті, оның ішінде жыныстық белгісі бойынша кемсітушілікке жол бермеуді қамтамасыз етуге бағытталған құқықтық нормалардың кешенін қамтиды.
117. Осылайша, Кодексте әйелдердің және отбасылық міндеттері бар өзге де адамдардың еңбегін реттеу ерекшеліктеріне арналған тарау көзделген.
118. Қолданыстағы заңнаманың халықаралық нормаларға сәйкес келуі Қазақстанға бірнеше халықаралық шарттарды ратификациялауға мүмкіндік берді.
119. 2000 жылы Халықаралық еңбек ұйымының «Құндылығы бірдей еңбек үшін еркектер мен әйелдерге бірдей сыйақы беру туралы» № 100 Конвенциясы ратификацияланды.
120. Қазақстан Республикасында 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясын іске асыру мақсатында 2012 жылы ХЕҰ «Ананы қорғау туралы» № 183 (2012 жылғы 14 ақпандағы № 554-IV ҚРЗ), «Ер мен әйел еңбеккерлерге тең қолдау мен тең мүмкіндіктер туралы: отбасылық міндеттемелері бар еңбеккерлер» № 156 Конвенциялары (2012 жылғы 16 қарашадағы № 50-V ҚРЗ) ратификацияланды.
121. Мемлекет тарапынан қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау, еңбек және еңбекті қорғау туралы заңнаманы бұзудың (оның ішінде еңбек құқықтарын іске асырған кезде жынысы және басқа белгілер бойынша кемсітуге байланысты) алдын алу және оған жол бермеу мақсатында Мемлекеттік еңбек инспекциясы құрылды және жұмыс істейді.
122. 2014 жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары (бұдан әрі – МЕИ) 7 232 тексеру жүргізді, 21 мыңнан астам еңбек заңнамасының бұзушылықтары анықталды, оның ішінде 13 804 еңбек қатынастары саласында, 7 395 еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында, 467 халықты жұмыспен қамту саласында.
Бұл ретте аталған кезеңде жынысы бойынша кемсітушілік белгілері бар бұзушылықтар тіркелген жоқ.
123. Ерлер мен әйелдердің орташа жалақысы туралы статистикалық ақпаратты ҚР Статистика комитеті «Еңбек бойынша есеп» 1-Т статистикалық нысаны негізінде қалыптастырады (кезеңділігі: жылдық). Осы ақпарат экономикалық қызмет түрлері, өңірлер және ірілендірілген қызмет топтары бөлінісінде сайттағы «Ресми статистикалық ақпарат»/ «Еңбек» бөлімінде «Қазақстан Республикасындағы еңбек бойынша негізгі көрсеткіштер» бюллетенінде орналастырылған.
Ұсыным 16-тармақ
124. Қылмыстық кодекстің 44-бабының бірінші бөліміне сәйкес, бас бостандығын шектеу сотталған адамға бiр жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге пробациялық бақылау белгілеуден тұрады, сотталғандар жергілікті атқарушы органдар айқындайтын орындарда, жаза мерзімі ішінде жылына екі жүз қырық сағат мәжбүрлі еңбекке тартылады. Бас бостандығын шектеу сотталған адамның тұрғылықты жері бойынша қоғамнан оқшауланбай өтеледі. Бас бостандығын шектеуге сотталған кәмелетке толмағандар, жүктi әйелдер, үш жасқа дейiнгi жас балалары бар әйелдер, үш жасқа дейiнгi жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектер, елу сегіз жастағы және ол жастан асқан әйелдер, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркектер, бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектер мәжбүрлі еңбекке тартылмайды. Өзге жазаны бас бостандығын шектеуге ауыстырған жағдайда ол бір жылға жетпейтін мерзімге тағайындалуы мүмкін, бұл ретте сотталған адам мәжбүрлі еңбекке тартылмайды. Мәжбүрлі еңбекке тарту күніне төрт сағаттан асырылмай негізгі жұмысы бойынша жұмыс орнын (қызметін) сақтай отырып сотталушының оны өтеу уақытына негізгі жұмыс орны бойынша еңбек міндеттерінен босатыла отырып немесе оқудан бос уақытында, ал егер сотталушының негізгі жұмыс орны және оқуда болмаса – күніне сегіз сағатқа дейін, бірақ аптасына қырық сағаттан асырылмай өтеледi.
125. Қылмыстық-атқару кодексінің 63-бабының екінші бөлігіне сәйкес бас бостандығын шектеуге сотталғандарды мәжбүрлі еңбекке тартуды жергілікті атқарушы органдар осы Кодекстің 57-59-баптарына сәйкес ұйымдастырады.
126. Осылайша, сотталғандарды мәжбүрлі еңбекке тарту мәселелері Қазақстан Республикасының заңнамасымен регламенттелетін болады.
127. Әлемдік тәжірибе соттың сотталғандарға мәжбүрлі еңбек түріндегі жаза қолдануы қолайлы әрі әділ, қоғам мен мемлекетке көбірек пайда әкелетін, анағұрлым тиімді болып табылатынын жазалау қағидатына қайшы келмейтінін, қылмыстық заңнаманың ырықтануын көрсетінін атап өтеміз.
Ұсыным 17-тармақ
128. Қазақстан Республикасындағы жұмыспен бейресми түрде қамтылған халықтың саны туралы ақпарат 2005 жылдан бастап жыл сайынғы негізде қалыптастырылады. Берілген ақпарат жынысы, жердің типі және басқа сипаттамалар бойынша Статистика комитетінің www.stat.gov.kz сайтында «Ресми статистикалық ақпарат»/«Еңбек» бөлімінде еркін қолжетімділікте орналастырылған.
2014 жылы жұмыспен қамтылған халықтың саны 8,5 млн. адамды құрады. Жұмыспен қамтылған халықтың жалпы санында қала тұрғындары 4,7 млн. адамды (55,3%), әйелдер 4,1 млн. адамды (48,2 %) құрады.
Республика экономикасында жұмыспен қамтылғандардың жалпы санынан 24,0 % бейресми түрде қамтылған болып табылды.
Жастардың ресми және бейресми түрде жұмыспен қамтылуы (алдын ала деректер).
129. Жұмыспен қамтылу сипаты бойынша 402,9 мың адам немесе 15-24 жастағы жастардың 31,9 %-ы бейресми түрде жұмыспен қамтылған жастар, яғни еңбек нарығында жұмыспен қамтылған барлық осы жас тобындағы жастардың үштен бір бөлігін құрайды. 25-34 жастағы бейресми түрде жұмыспен қамтылғандардың үлесі аздау және 21,8 % құрайды.
Зейнеталды жастағы адамдар мен қарт адамдардың ресми және бейресми түрде жұмыспен қамтылуы (алдын ала деректер).
130. Статистика деректері бойынша, 55-64 жастағы адамдар арасында 822,2 мың адам еңбек нарығында жұмыспен қамтылған, оның ішінде жұмыспен бейресми қамтылғаны – 234,1 мың адам немесе 28,1 %. 65 және одан үлкен жастағы қарт адамдар арасында экономикада жұмыспен 67,2 мың адам қамтылған, бірақ басқа жас топтарына қарағанда бейресми қамтылғандардың үлесі көбірек және 70,5 % құрайды.
55-64 жастағы адамдар тобы үшін жұмыспен қамтылудың негізгі саласы экономиканың бейресми секторы болып табылады, егде жастағы халық үшін (65 және одан үлкен жастағы) – үй шаруашылығы, оның үстіне өнімді тек өзінің тұтынуы үшін өндірумен айналысатындар.
4-қосымшада 2010-2014 жылдарға экономикада жұмыс жасайтын халық (мың адам) бойынша ақпарат ұсынылған
Ұсыным 18-тармақ
131. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасында айлық жалақының ең төменгі мөлшерін белгілеуге мемлекет кепілдік береді. Қазақстан Республикасы Еңбек Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 1-бабына сәйкес айлық жалақының ең төменгі мөлшері – бұл біліктілікті қажет етпейтін қарапайым (онша күрделі емес) еңбек қызметкері Кодексте белгіленген қалыпты жағдайда және жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы кезінде еңбек нормаларын (еңбек міндеттерін) орындаған кезде бір айда оған төленетін ақшалай төлемдердің кепілдік берілген ең төменгі мөлшері.
132. Осы кезеңге белгіленген жұмыс уақытының нормасын толық атқарған және еңбек нормаларын (еңбек міндеттерін) орындаған қызметкердің айлық жалақысының мөлшері Қазақстан Республикасының заңында белгіленген айлық жалақының ең төменгі мөлшерінен кем болмауға тиіс (Кодекстің 121-б.).
133. Қазіргі уақытта ең төмен жалақы мөлшерін айқындаудың әдістемесі жоқ және тұтастай алғанда Қазақстан Республикасы бойынша айқындалатын және инфляцияны ескере отырып, тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен жыл сайын белгіленетін ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасы айлық жалақының ең төмен мөлшерін заңнамалық деңгейде белгілеу үшін негіз болып табылады («Ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 17-бабының 1-тармағы).
134. Осыған орай, тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының заңымен жыл сайын айлық жалақының ең төменгі мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен емес деңгейде белгіленеді, қосымша ақылар мен үстемеақыларды, өтемақы төлемдері мен әлеуметтік төлемдерді, сыйлықақылар мен басқа да ынталандыратын төлемдерді қамтымайды және жұмыс істелген уақытқа барабар төленеді (Кодекстің 122-б. 1-т).
135. 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық жалақының ең төмен мөлшері (бұдан әрі – АЖТМ) 21 364 теңге сомасында белгіленген, 2013 жылмен салыстырғанда 19 966 теңгеден 7 % өскен. Еңбекке ақы төлеу деңгейі артуда. Экономикалық қызмет түрлері бойынша 2015 жылдың қаңтар-наурыз айларындағы бір қызметкердің орташа айлық номиналдық жалақысы 118 638 теңгені құрады және 2014 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 9,1 % өсті. 2015 жылдың қаңтар-наурыз айларындағы нақты жалақы индексі 2014 жылдың тиісті кезеңіне102,7 % құрады.
Ұсыным 20-тармақ
136. Кодекстің 126-бабына сәйкес қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу және ынталандыру жүйелері ұжымдық шарттың, еңбек шартының талаптарында және (немесе) жұмыс берушінің актілерінде айқындалады.
Бұл ретте еңбек, ұжымдық шарттарда, келісімдерде, жұмыс берушінің актілерінде айқындалған еңбекке ақы төлеу шарттары Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген талаптармен салыстырғанда нашар бола алмайды. Осыған орай республикада қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу жүйесі тиісті нормативтік құқықтық актілерде айқындалады, бұл ретте еңбекақыны белгілеу қағидаттары барлық санаттар үшін бірыңғай болып табылады, яғни ол қызметкердің біліктілігіне, орындалатын жұмыстың күрделілігіне, санына, сапасына және жағдайларына байланысты белгіленеді.
Сондай-ақ Кодексте ешкімді де өзінің еңбек құқықтарын іске асыру кезінде жынысына, жасына, дене кемістіктеріне, нәсіліне, ұлтына, тіліне, мүліктік, әлеуметтік және лауазымдық жағдайына, тұратын жеріне, дінге көзқарасына, саяси сеніміне, руға немесе текке-топқа, қоғамдық бірлестіктерге қатыстылығына байланысты ешқандай кемсітуге болмайтыны туралы норма бар.
Осыған орай, оның қай елдің азаматы болғанына қарамастан, бірдей лауазымды атқаратын, күрделілігі бойынша бірдей жұмысты орындайтын қызметкерлерге еңбекақы жоғарыда аталған критерийлердің негізінде төленеді.
Ұсыным 21-тармақ
137. 2007 жылғы 19 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңымен Халықаралық еңбек ұйымының (бұдан әрі – ХЕҰ) «Құрылыстағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбек гигиенасы туралы» № 167 Конвенциясы ратификацияланды.
Осы Конвенция құрылыс қызметінің барлық түрлерін, атап айтқанда, құрылысты, азаматтық құрылысты, кез келген процестерді, операцияларды немесе құрылыс алаңындағы тасымалдауды қоса, алаңды дайындаудан нысанды аяқтауға дейінгі монтаждау және қайта монтаждау жұмыстарын қамтиды.
Конвенцияның 4-б. сәйкес осы Конвенцияны ратификациялаған ХЕҰ әрбір мүшесі, еңбек қауіпсіздігі және еңбек гигиенасы үшін мүмкін қатерлерді бағалау негізінде Конвенция ережелерінің қолданылуын қамтамасыз ететін заңнаманы немесе қағидаларды қабылдауға және күшінде сақтауға міндеттенеді.
Құрылыс объектісін жобалауды және құрылыс жұмыстарын жоспарлауды жүргізетін ұйымдар ұлттық заңнамаға, қағидаларға және практикаға сәйкес құрылысшы-жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігі мен еңбек гигиенасын ескереді.
138. Бұдан басқа, 2014 жылы Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 20 қазандағы № 243-V Заңымен «Еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасына жәрдемдесетін негіздер туралы конвенцияны ратификациялау туралы» ХЕҰ №187 Конввенциясы ратификацияланды.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2014 жылғы 29 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес еңбек саласындағы уәкілетті органға мынадай нормативтік құқықтық актілерді бекіту құзыреті берілген:
- еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша қызметкерлерді оқытуды, оларға нұсқама беруді және білімдерін тексеруді жүргізу;
- өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттауды жүргізу;
- жұмыс берушінің қаражаты есебінен қызметкерлерге арнайы киімді және жеке қорғану құралдарын, сүтті және емдік-профилактикалық тағамын беру;
- ұйымда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметі туралы үлгілік ережені бекіту және басқалары.
Осы нормативтік құқықтық актілердің барлығы республиканың кәсіпорындарында қауіпсіз еңбек жағдайларын жасауға және өндірістік жарақаттанудың алдын алу мен оны төмендетуге бағытталған.
139. Қызметкерлердің еңбек құқықтарының бұзылу қатерінің алдын алу және мемлекеттік еңбек инспекторларының құзыретін нақтылау мақсатында Еңбек кодексіне және «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Заңына өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, мемлекеттік бақылаудың әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қозғаусыз, бірақ тексерілетін субъектіге оны жою тәртібін міндетті түрде түсіндіріп, бақылау субъектісіне бару немесе қажетті ақпаратты сұрату түріндегі алдын алу-профилактикалық сипаттағы басқа да нысандары енгізілді.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2014 жылғы 25 тамыздағы № 48 және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 28 тамыздағы № З бұйрықтарымен «Бақылау субъектісіне бару критерийлерін бекіту туралы» бірлескен бұйрыққа қол қойылды. Оның аясында мемлекеттік еңбек инспекторлары бақылау мен қадағалаудың өзге нысандарын жүзеге асыратын болады.
Бақылау субъектісіне бару оны алдын ала хабардар етпестен және құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органда тіркелусіз жүзеге асырылатын болады.
Одан басқа, «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында құрылыс объектілерінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтау саласында олардың техникалық жағынан күрделілігін ескере отырып, тексеру жүргізу мерзімін 30 күннен:
- техникалық жағынан күрделі объектілерге жатқызылатындарға – бес жұмыс күнінен аспайтын және бес жұмыс күніне дейін ұзартумен;
- техникалық жағынан күрделі объектілерге жатқызылмайтындарға жұмыс күнінің 4 сағатынан аспайтын және жұмыс күнінің 8 сағатына дейін ұзартумен азайту көзделген.
140. Соңғы бес жылдың динамикасы республика кәсіпорындарында жыл сайын екі мыңнан астам қызметкер жарақат алатынын көрсетеді, оның ішінде 300 астам адам қаза тапқан.
Сонымен бірге, соңғы жылдары өндірістік жарақаттанудың төмендеуі байқалады.
Осылайша, егер 2010 жылы өндірісте 2179 зардап шеккен болса, 2014 жылдың қорытындысы бойынша зардап шеккендердің саны 8,0 % азайып, 2006 адамды құрады, қаза тапқандар саны да 2010 жылдан 2014 жылға дейін 8,1 % азайды (365 адамнан 334 адамға дейін).
141. Үстіміздегі жылы Қазақстан Республикасының жаңа Еңбек кодексінің жобасын әзірлеу басталды, ол Қазақстан Республикасы ратификациялаған Халықаралық еңбек ұйымы Конвенцияларының және басқа да халықаралық құжаттардың ережелеріне негізделетін болады.
Ұсыным 22-тармақ
142. Ереуілге құқық Қазақстан Республикасы Констиуциясының 24-бабының 3-тармағымен регламенттелген, оған сәйкес ереуіл жасау құқығын қоса алғанда, заңда белгіленген тәсілдерді қолдана отырып, жеке және ұжымдық еңбек дауларын шешу құқығы мойындалады.
Бұл ретте Конституцияның 39-бабының 1-тармағына сәйкес адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатында қажетті шамада ғана және тек заңмен шектелуі мүмкін.
Атап айтқанда, «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттiк қызметшi бұл мемлекеттiк органда лауазымды атқаратын және мемлекеттiң мiндеттерi мен функцияларын iске асыру мақсатында лауазымдық өкiлеттiктерді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматы.
Аталған Заңда мемлекеттік қызметшілерге қатысты ереуілге қатысуын шектеу белгіленген.
Сондай-ақ, «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес құқық қорғау органының қызметкері ереуiлдердi қоса алғанда, мемлекеттiк органдардың қалыпты жұмыс iстеуiне және қызметтiк мiндеттердi орындауға кедергi келтiретiн әрекеттерге қатысуға құқылы емес.
Еңбек кодексінің 303-бабының 2-тармағына сәйкес теміржол көлігі, азаматтық авиация, денсаулық сақтау ұйымдарында, халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдарда (қоғамдық көлік, сумен, электр энергиясымен, жылумен, байланыспен қамтамасыз ету) ереуіл жергілікті атқарушы органмен алдын ала келісу негізінде айқындалатын халыққа қажетті тиісті көрсетілетін қызметтердің тізбесі мен көлемі сақталған жағдайда өткізіледі.
Бұл жағдайда сөз оларды айқындауға ереуілді ұйымдастырушылар тікелей қатысатын ең аз қызметтер туралы болып тұр.
Осы шектеу республиканың жергілікті ереуілдерге қатыспайтын қалған халқының конституциялық құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз етуге байланысты және оларды ереуілдерді ұйымдастырушылар ескеруге тиіс.
143. Еңбек кодексінің 303-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес қауіпті өндірістік объектілер болып табылатын ұйымдарда ереуілді өткізуге тыйым салынады.
Қауіпті өндірістік объектілердің тізімі «Қауіпті өндірістік объектілердегі өнеркәсіптік қауіпсіздік туралы» ҚР Заңында келтірілген.
Аталған нормалар ХЕҰ Конвенциясына қайшы келмейді, Халықаралық Еңбек Ұйымы Сарапшылар комитеті атап өткендей, қауіпті өндірістік қызметті жүзеге асыратын ұйымдарда ереуілдерге тыйым салу кейбір жағдайларда ұлттық заңнамамен де шартталған.
Ереуілге қатысу құқығы ХЕҰ № 87 Конвенциясымен бекітілген қауымдастықты құру құқығының ажырамас бөлігі болып табылатынына қарамастан, Сарапшылар комитеті «ереуілге шығу құқығы абсолютті бола алмайды», «жұмысты тоқтату бүкіл халықтың немесе оның бір бөлігінің өміріне, жеке қауіпсіздігіне немесе денсаулығына қауіп төндірген» кезде өмір үшін маңызды салаларда ереуілді шектеу және оған тыйым салу қажет деп белгілейді.
144. 2012 жылғы 17 ақпанда қабылданған «Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының шеңберінде әлеуметтік-еңбек жанжалдарын реттеудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін нормалар енгізілді, атап айтқанда:
жиналыстарды (конференцияларды) өткізген кезде кворумға қойылатын талаптар оңайлатылды;
қызметкерлердің талаптарын ұсыну мәселесінде қызметкерлер мен олардың өкілдері үшін анағұрлым қолайлы жағдайлар орнатылды. Осылайша, қызметкерлер жиналысын (конференциясын) өткізу мүмкін болмаған кезде қызметкерлердің өкілді органының өзі ұсынатын талаптарды қолдайтын қызметкерлердің жартысынан астамының қолын жинап, өз шешімін бекітуге құқығы бар;
қызметкерлер ұсынған талаптарды қарау мерзімі оның барлық сатыларында қысқартылған (тікелей жұмыс беруші, жұмыс берушілердің бірлестіктері бітімгерлік комиссиясы ереуіл кезінде).
Еңбек кодексінің 299-бабының 2-тармағына өзгерістер енгізді, оларға сәйкес ереуілді жариялау туралы шешімде ереуіл ұзақтығын көрсету талабы алып тасталды.
Осы нормалар қызметкерлердің талаптарын тиімді мәлімдеу үшін жағдайлар жасайды.
Ұсыным 23-тармақ
145. «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Заңның 1-бабының 12) тармақшасына сәйкес өзiн-өзi жұмыспен қамтыған адам (осы Заңға қолдануға болатын) – бұл өздерiне табыс әкелетiн жұмыспен өздерiн қамтамасыз ететiн дара кәсiпкер, жекеше нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор.
Арнаулы салық режимiн қолданатын шаруа (фермер) қожалықтарына қатысты өзiн-өзi жұмыспен қамтыған адамдар деп дара кәсiпкерлер – қожалық басшысы, сондай-ақ кәмелетке толған жылдан кейiнгi күнтiзбелiк жылдан бастап шаруа (фермер) қожалығының кәмелетке толған мүшелерi танылады.
Осылайша, қолданыстағы заңнамада өзiн-өзi жұмыспен қамтыған адамдарға қатысты міндетті әлеуметтік сақтандыру нормалары көзделген.
146. Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі старатегиялық даму жоспарына сәйкес, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға бағытталған көрсеткіштердің бірі 2020 жылға қарай өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың 40-пайызының жинақтаушы зейнетақы жүйесімен қамтылуын қамтамасыз ету болып табылады.
Осы аталған индикаторға «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін декларациялау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңы жобасының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты 2015 жылғы 22 қазанда мақұлдаған), жалпыға ортақ кірістерді декларациялауға өту, жинақтаушы зейнатақы жүйесін жетілдіру және халықтың жинақтаушы зейнетақы жүйесіне сенімін арттыру шеңберінде қол жеткізіледі.
147. Қазақстан Республикасының 1952 жылғы 4 маусымдағы № 102 «Әлеуметтік қамсыздандырудың ен төменгі нормалары туралы» Дүниежүзілік Еңбек Ұйымы Конвенциясына қосылуына байлынысты – ҚР заңнамасын Конвенция нормаларына сәйкес келтіру мәселесін қарастыруды кейінге қалдыру шешімдері қабылданды.
Ұсыным 24-тармақ
148. Зейнетақы жүйесін жаңғырту мақсатында 2013 жылы «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР жаңа заңы қабылданды, оған сәйкес:
1) азаматтардың барлық зейнетақы жинақтары шоғырландырылған (2015 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 5,4 трлн.теңге) Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) құрылды және жұмыс істеуде;
2) 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап зиянды (аса зиянды) еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер үшін міндетті 5 % кәсіптік зейнетақы жарналары енгізілді (2015 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 363,2 мың шотта 40,1 млрд.теңге шоғырландырылған);
3) 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істейтін әйелдерге, олардың 1 жылға дейін бала күтімі бойынша демалыста болу кезеңінде міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялау институты енгізілді (2015 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша осы мақсаттарға мемлекеттік бюджеттен 7,0 млрд. теңге бөлінді);
4) 2018 жылдан бастап әйелдердің зейнеткерлік жасы біртіндеп, жарты жыл сайын 63 жасқа жеткенше көтерілетін болады.
149. Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 18 маусымдағы № 841 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру мақсатында 2015 жылғы 2 тамызда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.
Осы заңда мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін тағайындау тәртібін өзгерту көзделген.
150. Базалық зейнетақы зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты тек зейнеткерлік жасқа жеткенде ғана (58-63/63) тағайындалатын болады.
Бұл ретте зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілімен қатар жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу кезеңдері, балаларды күту кезеңдері, жұбайлардың жұмысқа орналасу мүмкіндігі болмаған шекарадан тыс жерде тұрған кезеңі және тағы басқалар қосылатын болады.
Егер азаматтың еңбек өтілі он жыл және одан аз болған не болмаған жағдайда, базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс шамасының 50 пайызы мөлшеріне тең болады. Он жылдан артық әрбір толық жыл үшін оның мөлшері 2 пайызға арттырыла отырып, 35 және одан артық жылда базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс шамасының 100% құрайды (өтілі 20 жыл болған кезде базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс шамасының 70%, 30 жыл – ең төменгі күнкөріс шамасының 90% құрайды).
Осы өзгерістер, бір жағынан, табыстары туралы мәліметтер болмағаны себебінен, көп жұмыс өтілі бола тұра, зейнетақы төлемінің ең төмен мөлшерін алып отырған зейнеткерлерге қатысты әлеуметтік әділдікті қалпына келтіруге, екінші жағынан, бүгінгі қызметкерлерді және болашақ ұрпақты еңбек қатынастарын ресмилендіруге ынталандыруға мүмкіндік береді.
Азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыруда жұмыс берушілердің рөлін күшейту мақсатында қосымша 5 % жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарын белгілеу есебінен 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы жүйесінің жаңа шартты-жинақтаушы құрамдауышын енгізу көзделуде.
Бұл жарналар БЖЗҚ-да ашылған әр жұмыскердің шартты зейнетақы шотында белгіленетін болады.
151. Бүгінгі таңда базалық зейнетақы төлімінің мөлшері – 11 182 теңгені құрайды және 2010 жылмен салыстырғанда 1,87 есе өсті (5 981 теңге). Базалық зейнетақыны алушылар саны 2010 жылдың 1 қаңтарына 1 683 954 адамды, 2015 жылдың 1 қаңтарына 1 950 238 адамды құрады, бұл 5 жыл ішінде 15,8 % өскенінің дәлелі.
2015 жылы ең төмен зейнетақы мөлшері 23 692 теңгені құрайды, бұл 2010 жылмен салыстырғанда 1,9 есе жоғары (12 344 теңге болған).
Ұсыным 25-тармақ
152. 2009 жылдың желтоқсан айында Қазақстан Республикасы «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заң қабылдады.
Отбасындағы төбелесқорларға қатысты қорғау нұсқамасы түріндегі және құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптарды белгілеу түріндегі әкімшілік-құқықтық әсер етудің жаңа шарасы енгізілді. Сонымен бірге қорғау нұсқамаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленді.
153. Сонымен қатар, «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заңды іске асыру барысында бірқатар проблемалық мәселелер туындады, атап айтқанда:
1) қорғау нұсқамасының қысқа мерзімділігі себебінен (10 тәулік) оның құқық бұзушыға тигізетін профилактикалық әсері жеткіліксіз және қолданыс мерзімі өткен соң ол ішкі істер органдарының назарынан тыс қалады;
2) кейде қорғау нұсқамасын шығару үшін құқық бұзушыларды, әсіресе қашықтағы ауылдық округтерден қалалық, аудандық органдарға жеткізу мүмкіндігі болмайды, бұл жәбірленушілерді қорғауды шұғыл қамтамасыз ету шарасын іске асыруға кедергі келтіреді.
Осы жағдайларды ескере отырып, Мемлекет басшысы 2014 жылдың 18 ақпанында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.
Осы Заңмен учаскелік полиция инспекторына не кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторына өз бетінше қорғау нұсқамасын шығару өкілеттігі берілді, бұл жәбірленушіні уақтылы қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Бұл ретте қорғау нұсқамасының мерзімі 10 тәуліктен 30 тәулікке дейін ұлғайтылды.
Сондай-ақ, тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамға осы адамның басқа тұрғын үйі болған жағдайда жәбірленушімен бірге тұрғын үйде тұруға тыйым салу түрінде әкімшілік-құқықтық ықпал ету шарасы енгізілді.
154. Одан басқа, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар профилактикасы үшін 2014 жылы бөлімшелердің қызметкерлері әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бойынша шаралар кешенін жүргізеді.
Полиция бөлімшелерінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге көмек көрсету үшін сенім телефондары жұмыс істейді.
2014 жылы сенім телефонына 10 мыңнан астам қоңырау шалынды, олар бойынша тиісті ден қою шаралары қабылданды.
Жалпы алғанда әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімшелердің қызметкерлері өз қызметінде мемлекеттік емес ұйымдармен белсенді түрде өзара әрекеттеседі.
Бүгінгі таңда 50 астам МЕҰ–мен және дағдарыс орталықтарымен ынтымақтастық орнатылған.
Есепті кезеңде осы орталықтарда зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету үшін 219 маман тартылды (психологтар, заңгерлер, әлеуметтік қызметкерлер).
Дағдарыс орталықтарында 212 сенім телефоны бар, оларға 2014 жылы 10 мыңнан астам қоңырау шалынды және 10 мыңнан астам әйел жүгінді.
Осылайша, 2014 жылы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімшелерге олардың құқықтарына қысым жасалғаны жөнінде 31 мыңнан астам әйел жүгінген, оның ішінде 10 мыңнан астамы дағдарыс орталықтарына жіберіліп, оларға заңдық, психологиялық көмек көрсетілді.
Сонымен қатар, ІІО қызметкерлері 1,5 мыңнан астам әйелді аталған орталықтарға жіберген.
155. Қазақстан Республикасының Конституциясына (30-б.) және «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, мемлекет Қазақстан Республикасы азаматтарының тегін мектепалды, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім алуын қамтамасыз етеді (8-б.). Мүдделі мемлекеттік органдар білім беру органдарының өкілдерімен бірлесіп ай сайын кешенді шаралар жүргізеді. Осылайша, оқу жылының басынан бастап ондай 3 мыңнан астам жасөспірім айқындалды, олар қабылданған шаралар нәтижесінде сабаққа қайта кірісті.
Үстіміздегі жылы полицияның мектеп инспекторлары (1918 бір.) білім беру органдарына көмек көрсету мақсатында құқықтық тақырыпта 65 дәріс, дөңгелек үстелдер және семинарлар өткізді.
Олар білім беру ұйымдарының өкілдерімен және ата-аналар комитеттерімен бірлесіп 9 мыңнан астам рейдтік іс-шара жүргізді, олардың шеңберінде 3 мың құқық бұзушылық анықталды, тұрғылықты жері бойынша мектепішілік есепте тұрған 8 мыңға жуық жасөспірімге және 5 мыңнан астам нашар тұратын отбасыға барды.
Жыл сайын «Жұмыспен қамту» акциясы өткізіледі, оның мақсаты жазғы демалыс кезінде кәмелетке толмағандар тарапынан құқық бұзушылықтардың профилактикасы, сондай-ақ профилактикалық есепте тұрған және ішкі істер органдарының тізімінде бар жасөспірімдердің жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету болып табылады.
Осылайша, 2014 жылы аталған акцияны өткізу барысында еңбек және жұмыспен қамту органдарына ІІО есебінде тұрған кәмелетке толмағандарды жұмысқа орналастыру бойынша 800 астам өтініш жолданды.
Сонымен бірге, кәмелетке толмағандарға қатысты 400 астам еңбек заңнамасын бұзу фактілері анықталды, оның ішінде 90 ойын-сауық орындарында, 70 көлікте және 200 ауыл шаруашылығында және басқа орындарда жұмыс істейтіндер.
Анықталған фактілер бойынша жұмыс берушілерге қатысты тиісті шараларды қолдану үшін прокуратура және еңбек пен халықты әлеуметтік қорғау органдарына 200 астам ұсыныс жолданды.
Бұқаралық ақпарат құралдарында 400 астам сөз сөйлеулер ұйымдастырылды.
2015 жылы осындай іс-шара 26 мен 29 маусым аралығында жүргізілді.
156. Кәмелетке толмағандардың арасындағы қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайда қалған балаларға көмек көрсету мақсатында білім беру жүйесінде 18 Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы жұмыс істейді. Осындай орталықтарда балаларды тәрбиелеумен педагогтар мен психологтар айналысады. КТБ-да Отбасын қолдау қызметтерінің, қоғамдық қабылдау бөлмелерінің, сенім телефондарының жұмысы ұйымдастырылған, онда ата-аналар мен балаларға БҰҰ-ның ЮНИСЕФ халықаралық Балалар қорының, МЕҰ өкілдері, волонтерлер консультациялық-құқықтық көмек көрсетеді. Үстіміздегі жылдың бес айында Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарына 2 мыңнан астам (2013 ж.-3008) жасөспірім жеткізілді, оның ішінде 2,3 мыңға жуығы (2013ж.-2440) қадағалаусыз және панасыз қалғаны үшін.
Ұсыным 26 -тармақ
157. Қазақстан Республикасы адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі маңызды шараларды қолданады:
1. Осы мәселені реттейтін нормативтік актілер әзірленуде (2006ж., 2010 ж., 2013 ж. – ҚР Заңдары; 2004 ж., 2006 ж., 2009 ж., 2012 ж., 2015 ж. – «ҚР Үкіметінің Адам саудасына байланысты қылмыстың профилактикасы және оған қарсы күрес жөніндегі 2004-2005, 2006-2008, 2009-2011, 2012-2014, 2015-2017 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары туралы» ҚР Үкіметінің қаулысы; 2012 ж. – ҚР Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы);
2. Адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және сатуға қарсы күрес мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия (Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультациялық-кеңесші орган болып табылады) өз қызметін жалғастыруда.
2014 жылы оның жұмысын жетілдіру мақсатында Комиссияның жұмыс органы болып ротациялық негізде екі жыл мерзімділігімен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі айқындалды (яғни адам саудасына қарсы күрестің екі негізгі бағыты – қылмыстық қудалау (ІІМ) және адам саудасының құрбандарын оңалту (ДӘДМ) үшін жауапты мемлекеттік құрылымдар).
3. Осы санаттағы қылмыстар ауыр және аса ауыр санатқа жатқызылатынын және оларды ұйымдасқан қылмыстық топтар жасайтынын ескере отырып, Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жөніндегі басқармалардың жанынан адам саудасына қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған бөлімшелер құрылып, жұмыс істейді, олардың құрамында жыл сайын елде (ІІМ Қарағанды Академиясының Заңсыз көші-қонға және адам саудасына қарсы күрес жөніндегі мамандарды даярлаудың оқу орталығында) және шетелде кәсіптік даярлықтан өтетін ең тәжірибелі полиция қызметкерлері тартылады.
Жыл сайын олар адам саудасымен байланысты қылмыстар бойынша 250 астам қылмыстық іс қозғайды.
4. Мемлекеттік органдар мен мемлекеттік емес сектор арасында орнатылған тығыз ынтымақтастықты да атап өткіміз келеді.
Бүгінгі таңда МЕҰ өкілдері республикалық және өңірлік Комиссиялардың және Кеңестердің (адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге, сатуға қарсы күрес; әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат мәселелері бойынша, гендерлік мәселе және отбасылық зорлық-зомбылық профилактикасы), МЕҰ консультациялық-кеңесші кеңестерінің, Балалар еңбегінің ең нашар түрлеріне қарсы күрес жөніндегі ұлттық үйлестіру кеңесінің, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің жанындағы Үйлестіру кеңесінің және т.б. мүшелері болып табылады.
Олардың көбісімен Ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды, олардың аясында бірлескен профилактикалық шаралар жүргізіледі.
2-қосымшада 2007-2014 жылдарға адам саудасына байланысты қозғалған қылмыстар бойынша қылмыстық істер саны туралы мәліметтер ұсынылған.
5. 2014 жылы ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары бойынша комиссия мүдделі мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ-лардың, Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның қатысуымен «Қазақстан Республикасында адам саудасына қарсы іс-қимыл саласында адам құқығын қорғаудың өзекті мәселелері» арнайы баяндамасын дайындаған болатын. Комиссияның бұл баяндамасы ұлттық және халықаралық сарапшылардың оң бағасын алып, оны Қазақстан Республикасының Президенті мақұлдаған.
Баяндамада Қазақстанда адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындғы ұлттық заңнама мен құқықты іс жүзінде қолдануға салыстырмалы талдау жасалып, адам саудасы құрбандарының құқығын қорғау тетіктерін жетілдіру бойынша нақты ұсынымдар берілді.
Комиссияның арнайы баяндамасын орындау мақсатында уәкілетті мемлекеттік органдар Адам саудасы құрбандарына арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету стандартын жасады.
Ұсыным 27 -тармақ
158. Осы ұсынымды іске асыру үшін:
- 2012 жылы Еңбек кодексіне Кодекстің қызметкерлерді жалдаумен байланысты ережелерін жетілдіруге, жұмыс берушінің кәмелетке толмаған қызметкерлердің тізілімін жүргізу нормаларын бекітуге және т.б. бағытталған түзетулер енгізілді;
- 2012 жылы Жоғарғы Соттың «Адамды саудаға салғаны үшін жауапкершілік анықтайтын заңнаманы қолдану тәжірибесі туралы» № 7 нормативтік қаулысы қабылданды;
- 2013 жылы адам саудасына қарсы күрес мәселелері бойынша ҚК, ҚІҚ, ӘҚК жетілдіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адамдарды сатуға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды.
- 2014 жылы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды, онда уәкілетті органның (ІІМ) қатігезділікпен қарау құрбандарына көмек көрсету критерийлерін әзірлеу және тиісті мемлекеттік стандарттарды қабылдау туралы норма көзделген.
Адам саудасына қарсы күрес, қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету және ұстап беру, қылмысқа қарсы күресте ынтымақтасу; реадмиссия оның ішінде заңсыз көші-қон саласында Қазақстан Республикасының шет мемлекеттермен шарттық-құқықтық базасын қалыптастыру бөлігінде:
- Иранмен, Испаниямен, Кореямен, БАЭ-мен қылмыстық істер бойынша көмек көрсету, Қазақстанның қылмыскерлерін ұстап беру жөніндегі үкіметаралық халықаралық шарттар жасалды;
- РФ, Өзбекстанмен реадмиссия жөніндегі үкіметаралық халықаралық шарттар жасалды. 11 мемлекетпен шарттар талқылану және дайындалу сатысында.
Тиісті мемлекеттік органдарының бақылау тексерулерін жүзеге асыруы бөлігінде
Адам саудасы, заңсыз көші-қон, адам еңбегін пайдалану каналдарын анықтау және олардың жолын кесу мақсатында тұрақты негізде жедел-профилактикалық шаралар мен тексерулер жүргізіледі – «Мигрант», «Заңсыз көшіп келуші», «Стоп-траффик», «Балалар түнгі қалада» және т.б.
2014 жылғы 27 наурызда Әділет министрінің орынбасары З. Баймолдинаның БҰҰ Арнайы баяндамашысы Гүлнәр Шахинянмен кездесуі өтті. Г. Шахинян ханымның келу мақсаты қазіргі заманғы құлдық түрлерімен күрес контекстінде адам құқықтарын сақтау мәселелерін зерттеу, осы салада Үкімет қабылдайтын шараларды бағалау, сондай-ақ осы салада қол жеткізілген нәтижелерді және проблемаларды талқылау болып табылады.
«Адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және сатуға қарсы күрес мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия құру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 26 қыркүйектегі № 983 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 4 мамырдағы № 449 қаулысына сәйкес Комиссияны басқаруды оның төрағасы болып табылатын Қазақстан Республикасының Ішкі істер және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлері ротациялық негізде екі жыл мерзімділікпен жүзеге асырады.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Үкіметінің Адам саудасына байланысты қылмыстың профилактикасы, алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі 2015 - 2017 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының жобасы (әзірлеуші – ІІМ) ПМК қарауында.
Халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша Қазақстан «тірі тауарды» әкету, әкелу және тасымалдау елі болып табылады.
Сонымен бірге, практика елде адамдардың ішкі трафигі басым екенін растайды.
Бүгінгі күні ішкі істер органдары 1328 құқық бұзушылық фактісін анықтады және 322 қылмыстық іс қозғады, оның ішінде:
- 54 порнография таратқаны үшін (ҚР ҚК 273-бабы), 32 қылмыстық іс қозғалды;
- 12 балалар порнографиясын таратқаны үшін (ҚР ҚК 273-1-бабы), 3 қылмыстық іс қозғалды.
Көрсетілген қылмыстардың алдын алу, жолын кесу және ашу мақсатында ішкі істер органдары жоспарлы негізде (тоқсан сайын) «STOP трафик» және «Заңсыз көшіп келуші» республикалық жедел-профилактикалық іс-шараларын өткізеді.
2014 жылы ішкі істер органдары 271 қылмыстық іс қозғады, оның ішінде:
- қанау мақсатында адам ұрлағаны үшін - 2;
- қанау мақсатында заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін - 7;
- жезөкшелікпен айналысуға кәмелетке толмағандарды тартқаны үшін- 13;
- кәмелетке толмағандарды сатқаны үшін - 16;
- адамдарды сатқаны үшін - 17;
- жезөкшелікпен айналысуға тартқаны үшін - 24;
- жеңгетайлық және притондарды ұстағаны үшін - 192.
Сондай-ақ, адамдарды сатумен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топты құрғаны және басқарғаны үшін 4 қылмыстық іс қозғалды.
Ұсыным 28-тармақ
159. Елбасының тапсырмасы бойынша қабылданатын әлеуметтік саясатты жетілдіру бойынша шаралар (2009-2011 жылдары жыл сайын зейнетақы мен жәрдемақыны көтеру, бюджеттік саласы қызметкерлерінің жалақысын, стипендияны көтеру және т.б.) нәтижесінде, сондай-ақ экономикалық өсу нәтижесінде республикада соңғы жылдары табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 2010 жылы 6,5 %-дан 2014 жылы 2,8%-ға дейін немесе іс жүзінде 2 есеге төмендегені байқалады.
Ұлттық экономика көрсеткіштерінің өсуі аясында халықтың жан басына шаққандағы номиналдық ақшалай табыстарының өскені байқалады, осылайша соңғы бес жылда халықтың жан басына шаққандағы номиналдық табыстары 2010 жылы 38 779 теңгеден 2014 жылы 62 007 теңгеге дейін 1,6 есе өскен.
Қоғамның табыстар деңгейі бойынша жіктелу процестері және халықтың экономикалық теңсіздік шамасы халықтың көбірек және азырақ қамтылған топтары табыстарының арақатынасын сипаттайтын арнайы саралау коэффициенттері арқылы айқындалады. Олардың біреуі 10 % көбірек қамтылған және 10 % азырақ қамтылған халық табыстарының арақатынасын білдіретін қорлар коэффициенті болып табылады, ол 2001 жылдан бастап 2014 жылға дейінгі кезеңде 1,5 есе қысқарып, 5,7 құрады.
Кедей халықтың ең нақты сипаттамасын алу үшін сондай-ақ кедейліктің тереңділік және өткірлік көрсеткіштері пайдаланылады. 2001 және 2014 жылдар аралығында кедейлік тереңдігі 14,8 %-дан 0,4 %-ға дейін, яғни 37 есе, кедейлік көрсеткіштерінің өткірлігі 6,5 % -дан 0,1 %-ға дейін 65 есе азайды.
Табыс топтарының дециль (10%) интервалымен Джини индексінің мәні 1,3 есе қысқарды: 2001 жылы 0,339-дан 2014 жылы 0,278-ге дейін, бұл елеулі теңсіздікті, яғни орташа теңсіздікті сипаттайды.
Сонымен, Қазақстанның әлеуметтік дамуын сипаттайтын негізгі макрокөрсеткіштер абсолютті, сондай-ақ салыстырмалы мәнде ұлғаю серпінін көрсетеді.
Жоғарыда аталған көрсеткіштер кедейлік ауқымын қысқарту мақсатында мемлекеттің қабылдайтын шараларының нәтижесін тікелей көрсетеді. Мысалы, «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» ҚР Заңының қабылдануымен (2002 жылы) Заң іске асырылған он жыл ішінде атаулы әлеуметтік көмекті алушылар саны 21 есе, оларды көрсету шығыстары 6,9 есе қысқарған (2014 жылы атаулы әлеуметтік көмекті алушылар саны 56,1 мың адамды құрады, бұл ретте шығыстар 1,3 млрд. теңгені құрады).
«Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы енгізілген сәттен бастап 18 жасқа дейінгі балаларына жәрдемақы алушылар саны 1,3 есе азайды. 2014 жылы жәрдемақының көрсетілген түрімен барлығы 9,5 млрд. теңгеден астам сомада 562,6 мың бала қамтылды.
Аз қамтылған азаматтарға пассивті шаралармен қатар 2014 жылдан бастап оларды еңбек қызметіне тарту жағдайларын жасау бойынша белсенді ынталандырушы шаралар қолданылады, олар ең төменгі күнкөріс деңгейінен 60 % әлеуметтік көмек көрсетудің шекті деңгейі кезінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына міндетті қатысу шартымен әлеуметтік келісімшарт жасасқан адамдар үшін шартталған ақшалай төлемдер енгізу жөніндегі Дүниежүзілік банкпен бірлескен жоба шеңберінде сәтті іске асырылады.
Әлеуметтік көмек көрсетудің аталған жаңа тәсілдері Ақмола, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында сынақтан өткізілуде, сонымен бірге 2015 жылғы 1 шілдеден бастап барлық өңірлерде жергілікті бюджет есебінен өңірлік пилоттық жобалар енгізілуде.
2014 жылы шартталған ақшалай көмек жалпы сомасы 497,6 млн. теңгеде 20 500 адамға тағайындалды, ал 2015 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша жалпы сомасы 102,9 млн. теңгеде 8 600 адамға тағайындалды.
Ұсыным 29-тармақ
160. «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабына сәйкес жер учаскелерiнiң мемлекет мұқтажы үшiн мәжбүрлеп иеліктен шығарылуына байланысты тұрғын үй бұзылған жағдайда меншiк иесiне оның тұрғын үйi бұзылғанға дейiн өз таңдауы бойынша меншiгiне жайлы тұрғын үй берiледi немесе тұрғын үйдiң нарықтық құны мөлшерiнде өтемақы төленедi.
Егер берiлетiн тұрғын үйдiң құны бұзылатын тұрғын үйдiң құнынан артық болса, олардың құнындағы айырма меншiк иесiнен алынбайды. Егер бұзылатын тұрғын үйдiң құны берiлетiн тұрғын үйдiң құнынан артық болса, олардың құнындағы айырма меншiк иесiне өтеледi.
Жоғарыда көрсетілген заңның 106-бабының 4-тармағына сәйкес бұзылатын үйде кемiнде он бес жыл тұратын азаматтарға олардың қалауы бойынша басқа жайлы тұрғын үй бұзылған құрылыстың орнына немесе соған жақын жерден салынған тұрғын үйлерден берiледi. Бұл азаматтар осындай тұрғын үй берiлгенге дейiн осы баптың 5-тармағының талаптарына сәйкес келетiн уақытша тұрғын үймен қамтамасыз етiледi.
Аталған Заңның 106-бабының 5-тармағына сәйкес тұруға жарайтын тұрғын үй сол елді мекен аумағында орналасуға және санитариялық-эпидемологиялық және техникалық талаптарға сай болуға тиіс.
Заңның 116-бабына сәйкес жер учаскесiнiң мемлекет мұқтажы үшiн мәжбүрлеп иеліктен шығарылуына байланысты тұрғын үйлердi бұзған жағдайда тұрғын үйдi бұзушы құрылыс салушылар мен меншiк иелерiнiң (жалдаушылардың) арасында бұзылған тұрғын үй-жайлардың орнына бұрынғы меншiк иелерiне (жалдаушыларға) нақ сол немесе басқа жер учаскесiндегi жаңадан салынған тұрғын үйлерден меншiгiне (жалға) тұрғын үй беру туралы шарт жасалуы мүмкiн.
Бұл жағдайда құрылыс салушы меншiк иесiне (жалдаушыға) осы Заңның 75-бабы 1-тармағының талаптарына сай келетiн тұрмысқа жайлы тұрғын үй беруге мiндеттi, ал бұзылуға тиiстi тұрғын үй иелерi (жалдаушылар) өздерi орналасқан үй-жайларды шартта көрсетiлген мерзiмде босатуға мiндеттi. Тараптардың келiсiмi бойынша шартта тұрмысқа жайлы тұрғын үй берудiң өзге де жағдайлары мен мерзiмдерi, мүмкiн болатын өтемақы сомасы, тұрғын үйдiң көлемi, қабаты, бөлмелер саны, отбасының құрамы және басқа тараптардың мүддесiн қозғайтын жағдайлар көрсетiледі.
Тұрғын үй тиiсiнше меншiкке немесе пайдалануға берiлуi мүмкiн. Тұрмысқа жайлы тұрғын үй берiлгенге дейiн көшiрiлуге тиiстi азаматтар осы елдi мекенде орналасқан әрi санитариялық-эпидемиологиялық және техникалық талаптарға сай келетiн уақытша тұрғын үйлерге (олардың келiсiмiмен) орналастырылады. Уақытша тұрғын үйге ақы төлеу жөнiндегi шығындар құрылыс салушыға жүктеледi. Егер тұрмысқа жайлы тұрғын үй шартта көрсетiлген мерзiмде берiлмесе, құрылыс салушы соттың шешiмi бойынша өз қаражаты есебiнен тұрған үйiнен айырылған меншiк иесiне (жалға алушыға) шарттың ережелерiнде көзделген талаптарға сәйкес басқа тұрғын үй сатып алуға, сондай-ақ шарттық мiндеттемелердiң бұзылуы салдарынан келтiрiлген залалды өтеуге мiндеттi болады.
Заңның 119-1-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының астанасында мемлекет мұқтажы үшiн жер учаскелерiн мәжбүрлеп иеліктен шығарған кезде иеліктен шығарылатын жер учаскесiнде орналасқан тұрғын үйдiң меншiк иесiнің таңдауы бойынша тұрғын үйдiң нарықтық құны мөлшерiнде өтем төленедi не меншігіне тұрмысқа жайлы тұрғын үй (пәтер немесе үй) берiледi, егер азаматтарға заңмен өзге де жеңiлдiктi нормаларға кепiлдiк берiлмеген болса, оның пайдалы алаңы мәжбүрлеп иеліктен шығарылатын тұрғын үйдiң (пәтердің немесе үйдiң) пайдалы алаңынан аспауға тиiс.
Шарттық мiндеттемелерге орай нақ сол немесе басқа жер учаскесiнде бұзылған тұрғын үйлердің орнына жаңадан салынған тұрғын үйлерден бұрынғы меншiк иелерiнiң (жалға алушылардың) меншiгiне (жалға) басқа тұрғын үй беру құрылыс салушының келiсiмiмен ғана жүзеге асырылады.
Заңның 8-бабына сәйкес азаматтарды және заңды тұлғаларды олардың тұратын тұрғын үй-жайларынан тек Заңда белгiленген негiздемелер бойынша, сот тәртiбiмен ғана шығаруға болады.
Ұсыным 30, 31-тармақтар
161. Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының азаматтарына коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй алу мүмкіндігі ұсынылады.
Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын іске асыру кезеңі ішінде жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрғандар үшін жалға берілетін тұрғын үй құрылысына республикалық бюджеттен облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне 56,0 млрд. теңге сомасында нысаналы трансферттер бөлінген, оның ішінде 2012 жылы - 19,6 млрд. теңге; 2013 жылы - 17,5 млрд. теңге; 2014 жылы - 18,9 млрд. теңге. 2015 жылы 9 722,8 млн. теңге бөлінген.
Пайдалануға ауданы 622,0 мың шаршы метр пәтер берілді, оның ішінде 2012 жылы – 151,6 мың шаршы метр (2617 пәтер); 2013 жылы – 250,6 мың шаршы метр (4246 пәтер); 2014 жылы - 210,7 мың шаршы метр (3781 пәтер). 2015 жылы 84,1 мың шаршы метрді (1201 пәтер) пайдалануға беру жоспарланған.
Сонымен, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның (бұдан әрі – Заң) 68-бабына сәйкес коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй сол елді мекенде тұрақты тұратын, тұрғын үйге мұқтаж Қазақстан Республикасының азаматтарына пайдалануға беріледі. Қазақстан Республикасының азаматтарын республикалық маңызы бар қалаларда, астанада есепке қою үшін кемінде үш жыл тұрақты тұруы талап етіледі. Коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй тұрғын үйге мұқтаж және есепте тұрған:
- Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына;
- жетiм балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға;
- осы Заңның 68-бабының 1-1), 5), 7), 11) тармақшаларында аталған, тұрғын үй беру туралы өтініш жасаудың алдында соңғы он екі ай ішінде жиынтық орташа айлық табысы отбасының әрбір мүшесіне республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен төмен болатын, халықтың әлеуметтiк жағынан әлсіз топтарына жататын Қазақстан Республикасы азаматтарының пайдалануына беріледі. Ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшеріндегі коэффициент мүгедек балаларға қолданылмайды;
- мемлекеттiк қызметшiлерге, бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерiне, әскери қызметшiлерге, ғарышкерлікке кандидаттарға, ғарышкерлерге, арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлеріне және мемлекеттiк сайланбалы лауазымдарды атқаратын адамдарға;
- жалғыз тұрғын үйі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен апаттық жағдайда деп танылған Қазақстан Республикасының азаматтарына жататын Қазақстан Республикасы азаматтарының пайдалануына беріледі.
Осыған байланысты жоғарыда көрсетілген санатқа сәйкестігі жағдайында азамат коммуналдық тұрғын үй қорынан түрғын үйге мұқтаж адам ретінде кезекке тұра алады.
Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларының, сондай-ақ жетiм балалардың және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді бірінші кезекте алуға құқығы барын атап өткен жөн.
Республика халқын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын бекітті.
Халықты сапалы ауыз сумен және су бұру қызметтерімен қамтамасыз ету мақсатында 2011 жылы «Ақбұлақ» бағдарламасы қабылданды. 2020 жылға дейін орталықтандырылған қызметтерге қолжетімдікті қамтамасыз ету жоспарлануда, атап айтқанда:
сумен жабдықтау қалаларда - 100%, ауылдық елді мекендерде - 80%;
су бұру қалаларда – 100%, ауылдарда – 20%.
Нәтижесінде 2011 жылмен салыстырғанда орталықтандырылған сумен жабдықтау қалалар бойынша 82 %-дан 86 %-ға дейін, ауылдық елді мекендер бойынша 42,5 %-дан 50,3 %-ға дейін өсті. 2014 жылы жоспарлы индикаторларға (қалалар - 86 %, ауылдар - 50%) қол жеткізілді. Бұл ретте орталықтандырылған сумен жабдықтаумен 13,5 млн. адам немесе 77,4 %-ы қамтамасыз етілді.
Сумен жабдықтаудың орталықсыздандырылған көздері 3,9 млн. адам немесе 22,6 % пайдаланылады. 6 734 ауылдық елді мекен ішінен 3 387 немесе 50,3 %-ы орталықтандырылған сумен жабдықталды.
162. Соңғы жылдары Адам құқықтары жөніндегі уәкіл осы мәселенің маңыздылығын назарға ала отырып, ипотекалық қарыздарды ресімдеген төлеуге қабiлетсіз қарыз алушылардың проблемаларына ерекше көңіл бөледі. Мәселен, Омбудсмен ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары, Ұлттық банк төрағасының атына жеткілікті тұрғын үйге құқығын қамтамасыз ету мәселесі жөнінде жүгінді, өтініште қарыз алушылардың ипотекалық қарыздарын өз уақытында төлей алмауынан жалғыз тұрғын үйінен мәжбүрлі шығарумен байланысты шағымдар санының артуы, сондай-ақ коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйді күту уақытының ұзақтығы туралы хабарланды.
Уәкіл өмірлік қиын жағдайда қалған және банк қарыздарын уақытында төлеу мүмкіндігі жоқ азаматтардың шағымдарын барлық мән-жайларды ескеріп, жеке тәртіпте қараған орынды, өтеудің тиімді шарттарын ұсынумен бірге қарызды қайта құрылымдауды немесе халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарын қолдаудың басқа түрлерін қолдануға назар аударды. Бұл ретте адамдардың, оның ішінде әлсіз топтардың жеткілікті өмір деңгейіне деген негізгі құқықтарын бұзуға жол берілмейді.
Одан басқа, Уәкілдің бекітуімен тиісті мемлекеттік органдарға мәжбүрлі шығару саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру мәселесі бойынша заң жобасын әзірлеуге қатысты ұсыныстар жіберді.
2014 жылғы 1 жартыжылдықта Ұлттық банк банктердің жедел қызметіне араласпау туралы нормаларды ескере отырып, шығару және банк қарыз алушыларының кепілге қойылған тұрғын үйді, кепілге қойылған тұрғын үйлерді сату арқылы қарызды өндіріп алу үшін сот орындаушыларына берілген атқару парақтарын қайтарып алу бойынша рәсімдерді тоқтату туралы банктерге ұсыныстар жіберілді.
Қарыз алушылардың өтінімдері бойынша апта сайын проблемалы қарыз алушылардың банк өкілдерімен қарыздарды қайта құрылымдаудың өзара тиімді шарттарын әзірлеу бойынша кездесулер өткізеді. Конструктивті диалог кезінде банктер (қарыз алушылар ай сайын өтеудің ықтимал ең төменгі сомасын растаған жағдайда) және/немесе халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына жататындарға қарыздарды өтеудің жеңілдікті шарттарын ұсынады. Әрбір жағдай екінші деңгейлі банктерге қарыз алушылар барлық растаушы құжаттарды ұсына отырып жүгінген кезде жеке қаралады.
Коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйді ұзақ уақыт күту туралы мәселеге қатысты 2014 жылғы 31 наурызда ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 21 маусымдағы қаулысымен бекітілген «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасына оның барлық негізгі бағыттары бойынша жергілікті атқарушы органдардың коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған азаматтарға тұрғын үйді басымдықпен іске асыру бөлігінде өзгертулер енгізілді. «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ипотекалық ұйымы» акционерлік қоғамының желісі бойынша жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрғандар үшін тұрғын үй көлемін - 70 %, тұрғын үй құрылысы жинақтары арқылы - 50 % және «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры арқылы белгілі бір көлемді іске асыру көзделеді. Енгізілген өзгерістер жергілікті атқарушы органдарда туындаған тұрғын үйге кезектілікті азайту мақсатында «Қолжетімді тұрғын үй -2020» бағдарламасы шеңберінде тұрғын үйді іске асыру тетігін жетілдіруге бағытталған.
Ұсыным 32-тармақ
163. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) психикалық денсаулық қызметін жалпы танылған әлемдік стандарттарға жақындастыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізуде. Қазіргі уақытта «Психикалық денсаулық саласындағы нормативтік-құқықтық реттеуді жетілдіру жөніндегі 2014-2015 жылдарға арналған жол картасы» іске асырылуда, ол психиатриялық көмек көрсетуді жақсартуға, психикалық денсаулық қызметінің барынша дәл реттелуіне, сондай-ақ сектораралық және ведомствоаралық өзара әрекеттесуді нығайтуға, сонымен бірге психикалық денсаулық қызметінің ұйымдық құрылымындағы орын алған кемшіліктерді жоюға бағытталған.
164. Жол картасын іске асыру шеңберінде мынадай нормативтік-құқықтық актілер әзірленді және бекітілді:
1. «Жыныстық сәйкестендіруде ауытқушылығы бар адамдарды медициналық куәландыруды жүргізу үшін Психиатриялық ұйым комиссиясын бекіту туралы» Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Жауапты хатшысының 16.05.2014 жылғы № 258 бұйрығы;
2. «Сот-психиатриялық сараптаманы өндіру жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2010 жылғы 12 наурыздағы № 164 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 31.01.2014 жылғы № 53 бұйрығы.
Қазақстан Республикасында психиатриялық қызмет құрылымын мынадай екі республикалық ұйым ұсынады: Республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығы (бұдан әрі – РППНҒПО), құқық бұзушылық жасаған және медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары тағайындалған адамдар үшін – Республикалық қатаң бақылаудағы психиатриялық аурухана (бұдан әрі – РҚБПА).
29 өңірлік психиатриялық ұйымдармен, оның құрамында 18 күндізгі стационар, 2 еңбекпен емдеу шеберханасы кіреді.
Тек амбулаториялық қызметті ғана ұсынатын бір ұйымды (Ақмола облысы) және тек стационарлық қызметті ғана ұсынатын екі ұйымды (ШҚО - Новоканайка кенті мен Шульбинск кенті) қоспағанда, әдетте бір психиатриялық ұйымда амбулаториялық-емханалық және стационарлық қызметтер, Орталық аудандық ауруханалар жанында ауылдық деңгейде 185 психиатриялық кабинет бар екенін атап өткен жөн.
Дәрігер психиатрдың динамикалық бақылауында 01.01.2015 жылы республика бойынша 193 648 адам, оның ішінде 90 264 адам ауыл тұрғындары тұрады. Нозологиялық бірліктер бойынша органдық психикалық, аффективтік бұзушылықтары бар адамдар санының артқаны байқалады. Психикасы және мінез-құлқының бұзылуымен бақылауда тұрған балалардың саны ҚР бойынша жыл басына 14 жасқа дейінгі жастағы 23 858 баланы, 15-19 жас аралығында 14 307 баланы құрайды.
Соңғы бірнеше жыл ішінде балалар аутизмімен ауыратын балалар саны артты – 2013 жылы – 364, 2014 жылдың аяғында 531 баланы құрады. 8 326 бала органдық және психикалық (симптоматикалықтарды қоса алғанда) бұзушылықтарға шалдыққан.
Алғаш белгіленген диагнозбен тіркелген адамдардың саны 2015 жылғы 1 қаңтарға 10 191 адамды құрады. Республика халқына стационарлық көмек 8 707 төсек-орынға есептелген, оның ішінде ересектерге арналған 8 090 төсек-орны, балаларға арналған 617 төсек-орны бар 14 психиатриялық аурухана ұсынады. Стационарлық көмек ересектерге 52 924 жағдайда, 17 жасқа дейінгі балаларға 58 028 жағдайда көрсетілді.
165. Республика өңірлеріне ұйымдастырушылық-әдістемелік көмек көрсетуді жақсарту мақсатында РППНҒПО кураторлық институты ұйымдастырылды. РППНҒПО қызметкерлері тұрақты негізде түрлі көмек көрсету үшін өңірлерге шығады, мәселен, 2013 жылы 27, 2014 жылы -39, оның 2014 жылдың 10 айында ұйымдастырушылық-әдістемелік көмек көрсетумен -9, ауыр клиникалық жағдайлар бойынша 8 консультативтік көмек ұйымдастырылды және 16 өңірлік кеңес қаржы-шаруашылық қызметпен танысуға қатысты (2 өңірде ШЖҚ МК нысанындағы өңірлік деңгейдегі психиатриялық ұйымның қызметі зерттелді). Орталықтың мамандары бұқаралық ақпарат құралдарында, теледидарда психикалық денсаулық пен саламатты өмір салты мәселелерін тұрақты түрде насихаттау жүргізеді, түрлі журналдарда мақалалар жариялайды.
Ұсыным 33-тармақ
166. Елбасының Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауларында ана мен бала денсаулығын қорғауға ерекше көңіл бөлінеді.
Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында (бұдан әрі – Мемлекеттік бағдарлама) денсаулық сақтаудың негізгі міндеттерінің бірі азаматтардың репродуктивтік денсаулығын нығайту және ана мен бала денсаулығын сақтау болып табылады. Қойылған міндеттерді іске асыру Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 29 қаңтардағы № 41 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша іс-шаралар жоспарында көрсетілген. Бұдан басқа, ана мен бала денсаулығын қорғау Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында, Қазақстан Республикасын әлеуметтік дамытудың 2030 жылға дейінгі жалпыұлттық тұжырымдамасында, "Қазақстан-2050" Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағытында көрініс тапқан.
Сонымен қатар, Мемлекеттік бағдарламаның нысаналы индикаторларына қол жеткізу, оның ішінде ана мен нәресте өлімін төмендету бойынша 8 министр арасында сектораралық келісімге қол қойылды.
167. Бүгінгі күні елде демографиялық дамуда оң өзгерістер байқалуда, туу, табиғи өсудің және жалпы өлім-жітімнің төмендеуі байқалады.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің деректері бойынша ана өлімінің көрсеткіші 5 жыл ішінде 1,9 есе төмендеген – 2014 жылы 100 мың тірі туылғанға 11,7 2010 жылдың осыған ұқсас кезеңіне 22,7 қарсы (2011 жылы - 17,4; 2012 жылы - 13,5; 2013 жылы - 13,1).
Қазіргі уақытта 21 перинаталдық орталық және 3-деңгейлі 8 перзентхана жұмыс істейді.
Жеткілікті материалдық-техникалық база бар. Перзентханалар және балалар стационарлары үшін қажетті медициналық жабдықтарды сатып алуды қаржыландыруды сатылық арттыру арқасында перинаталдық орталықтардың жабдықталуы қазірдің өзінде 60 - 70% шегінде өзгеріп тұрады (соңғы 8 жылда Перзентханалар мен балалар ауруханасы үшін қажетті медициналық жабдықтарды сатып алуға қаржы 6 есеге арттырылды).
Министрлік деңгейінде жүкті, босанатын, босанған әйелдердің ауыр жағдайларына күнделікті мониторинг жүргізіледі. Перзентханалар мен балалар стационарлары шала туған нәрестелер мен ауру балаларды емдеу және оларға күтім жасау үшін тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (бұдан әрі – ТМККК) шеңберінде толық көлемде заманауи қымбат дәрілік заттармен қамтамасыз етіледі.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 15 желтоқсандағы «Тегін медициналық көмектiң кепiлдендiрiлген көлемiн бекiту туралы» № 2136 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтарына және оралмандарға медициналық көмек бюджеттік қаражат есебінен тегін ұсынылады және барынша дәлелденген тиімді профилактикалық, диагностикалық және емдік қызметтерді қамтиды.
168. Мемлекеттің қолдауы арқасында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне экстракорпоралдық ұрықтандыру бойынша қызмет көрсету кіргізілді, ЭКО циклдерінің саны 6 есе артып, 2014 жылы 600 циклді құрады, 2015 жылы 750 цикл жоспарланған.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2012 жылғы 25 желтоқсандағы № 881 бұйрығымен бекітілген
Достарыңызбен бөлісу: |