Қазақстанның жер асты сулары — Қазақстан Республикасында жер асты суларының едәуір қоры бар. Оның пайдаланылатын болжамды қоры жылына 55 млрд м³ деп есептеледі. Барланған 456 кен орны мен 122 телімнен жылына 16 млрд текше метр тұщы және тұздылығы аз су қорларын пайдалануға болады деп белгіленген. Жер үсті сулары секілді жер асты сулары да өте-мөте әркелкі болып бөлінген. Бұл қорлардың 70%-нан астамы еліміздің оңтүстік және батыс аймақтарында. Жер асты суларының барланған жалпы қорынан 261 кен орны (57%) мен 71 телім (58%) пайдаланылады. 1996 ж. мөлшермен есептегенде жер астынан алынған 1,5 млрд текше метр судың 66%- ы шаруашылық-ауыз су қажеттеріне, 23%- ы өндірістік-техникалық қажеттерге, жүйелі суармалауға 3,7 және жайылымдарды суландыруға 7,3%-ы пайдаланылды. Тұщы және тұздылығы аз жер асты суларынан басқа Қазақстан Республикасының аумағында минералды сулардың 45 кең орны барланған, оның тиянақталған қоры жылына 11 млн текше метр деп есептеледі. [1][2]. Қазіргі таңда жер асты сулары пайдаланатын елді-мекендер бар, мәселен Жаңақорғанның 70% жер асты суы құдықты пайдаланады.
Батпақ — ылғал шамадан тыс жиналып, шымтезек түзілу процесі жүріп жатқан жерлер. Батпақ жер беті сулары ойыстарда, шұңқырларда, сондай-ақ, жер бетіне жақын орналасқан су өткізбейтін қабаттарда іркіліп жиналғанда немесе жер асты сулары жер бетіне жақын жатқанда, беткі топырақ қабаты толық ылғалдыққа дейін қаныққанда және осы жерлерде ылғал сүйгіш өсімдіктер өскенде пайда болады. Қазақстан жерінде ауқымды Батпақтар жоқ, өйткені республика жері, негізінен, құрғақ — сулану аз да, булану мол. Дегенмен, жергілікті табиғи-климаттық жағдайларға, тіпті кей алқаптарда адамның тікелей әрекетіне байланысты Қазақстанда Батпақтың өзен-көл жағалауындағы Батпақ, сор Батпақ, тақырлық Батпақ, саздық Батпақ, техногендік Батпақ, т.б. түрлері кездеседі. Өзен-көл жағалауларындағы Батпақ тұщы су әрі күн сәулесі жеткілікті аймақтарда орын алатындықтан, мұндай жерлерде қамыс, қоға қалың өседі. Сор Батпақ — республиканың оңтүстігіндегі шөл және шөлейт белдемдердің ойпаң жерлерінде, көлдердің жағалауларында, ал кейбір жылдары, тіпті, сол көлдердің табандарында да кездеседі. Мұнда кейбір сораң шөптерден басқа өсімдік өспейді. Тақырлық Батпақ — шөлді аймақтардың ойпаттау жерлеріндегі тақырда кездеседі. Саздық Батпақ — Қазақстанның оңтүстік мен оңтүстік-шығысындағы таулы аймақтар етегіндегі бұлақтар төңірегінде түзіледі. Техногендік Батпақ — кең ауқымды су құрылыстары жүргізілген аймақтарда (бөген салу, канал қазу, күріш суару алқаптары, т.б.) пайда болады. Мысалы, Қапшағай бөгені салынғаннан кейін, оның жағалауындағы жер асты суының деңгейі көтеріліп, 200 мың га жер батпаққа айналды, сөйтіп ауыл шаруашылығы айналымынан шығып қалды.
Батпақ — жер бетінің шамадан тыс ылғалданған бөлігі. Олардың беткі қабаттарында құраған өсімдіктердің толық ыдырамаған, кейін шымтезекке айналатын қалдықтары жиналады. Б. үстінде мол ылғал мен ағыссыз жағдайға бейімделғен өсімдіктер ғана өседі. Қалындығы 0,3 м-ден кем болмайтын, минералды таужыныстардың бетіне шөккен, ылғалға қанық органикалық материалдардан (шымтезек) тұрады. Ылғал шымтезек қабаттың калындығы 30 см болса — батпақ, ал 30 смден аз болса — батпактанған жер деп аталады. Қоректену сипатына, жер бедеріне байланысты, орналасу жағдайына және негізгі өсімдік кұрамына карай Б. басты-басты үш экологиялык түрге бөлінеді: эвтрофты (ойпаңдық), олиготрофты (беткейлік) және мезотрофты (өтпелі). Б. негізінен көлдердің шарасын өсімдік басу немесе құрлықтың батпақтануы (орман, шабындық өртендері) жолымен қалыптасады. Өсімдіктердің басымдылығына қарай — орманды, бұталы, шөптесін, мүкті Б.; микробедерге байланысты — төбешікті, жайпақ, шығыңқы (дөңбек) және т.б. Б.; макробедеріне қарай — аңғарлық, жайылмалық, беткейлік, суайрыктык Б. болып жіктеледі. Қазақстанда батпактар көбінесе солтүстікте, Батыс Сібір ойпатында кеңінен тараған. Әлемдегі батпақтардың жалпы көлемі 2682 мың шаршы км, яғни құрлық аумағының 2,1%-ын алып жатыр.