124-бап. Жас балаларды азғындық жолға түсіру
1. Көрінеу жас балаға қатысты күш қолданбай азғындық әрекеттер жасау –
белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан жеті жылдан он жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Жас балаға қатысты ата-анасы, өгей әкесі, өгей шешесі, педагог не оны тәрбиелеу жөніндегі міндеттер Қазақстан Республикасының заңымен жүктелген өзге адам жасаған дәл сол іс-әрекет –
белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, бірнеше рет жасалған іс-әрекеттер –
белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. 124-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 01.04.2019 № 240-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
125-бап. Адамды ұрлау
1. Адамды ұрлау –
төрт жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Мынадай:
1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен;
2) бiрнеше рет;
3) өмiрге немесе денсаулыққа қауiптi күш қолданып;
4) қаруды немесе қару ретiнде пайдаланылатын заттарды қолданып;
5) көрiнеу кәмелетке толмаған адамға қатысты;
6) кiнәлi адамға жүктiлiк жағдайда екенi көрінеу белгілі әйелге қатысты;
7) екi немесе одан да көп адамға қатысты;
8) пайдакүнемдiк ниетпен жасалған;
9) адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаған;
10) жәбірленушінің жеке басын куәландыратын құжаттарды бұрмалап, жасырып не жойып жасалған дәл сол іс-әрекет –
мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, жетi жылдан он екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген іс-әрекеттер, егер оларды:
1) қылмыстық топ жасаса;
2) ұрланған адамды қанау мақсатында жасалса;
3) абайсызда жәбiрленушiнiң өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқса –
мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, он жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. Ұрланған адамды өз еркiмен босатқан адам, егер оның әрекеттерiнде өзге қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
Ескерту. 125-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
Достарыңызбен бөлісу: |