«Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы» 1995 жылғы 29 желтоқсандағы №2737 Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы


II ТАРАУ Республика Конституциялық Кеңесiнiң



бет2/6
Дата07.02.2022
өлшемі35,77 Kb.
#95257
1   2   3   4   5   6
Байланысты:
konst sovet

II ТАРАУ
Республика Конституциялық Кеңесiнiң
Төрағасы мен мүшелерiнiң мәртебесi
10-бап. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшелерi мемлекеттiң лауазымды адамдары ретiнде
1. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшелерi мемлекеттiң лауазымды адамдары болып табылады, олардың мәртебесi Конституциямен және осы Конституциялық заңмен, сондай-ақ Конституция мен осы Конституциялық заңда реттелмеген бөлiгiнде мемлекеттiк қызмет туралы нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.
2. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшесiнiң қызметi депутаттық мандатпен, оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметтердi қоспағанда, өзге де ақы төленетiн жұмысты атқарумен, кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асырумен, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесiнiң құрамына кiрумен сыйыспайды.
11-бап. Конституциялық Кеңес Төрағасы мен мүшелерiнiң тәуелсiздiгi
1. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшелерi өз мiндеттерiн орындау кезiнде тәуелсiз болады және тек Конституция мен осы Конституциялық заңға ғана бағынады. Басқа ешқандай да актiнiң олар үшiн сөзсiз мiндеттi күшi болмайды.Олардың қызметiне қандай болса да араласуға, сондай-ақ оларға қандай түрде болса да қысым жасауға немесе басқадай ықпал етуге жол берiлмейдi және бұл заң бойынша жауапкершiлiкке әкелiп соғады.
2. Конституциялық Кеңес Төрағасы мен мүшелерiнiң конституциялық iс жүргiзу мәселелерi жөнiндегi қызметi есеп беруге жатпайды. Өз өкiлеттiгiн жүзеге асыру мәселелерi бойынша олардан есеп талап етуге ешкiмнiң хақы жоқ.
3. Қорытынды шешiм шығарылғанға дейiн Конституциялық Кеңестiң қарауына арқау болып отырған мәселелер бойынша ешкiмнiң де пiкiр немесе кеңес сұрауға, ал Конституциялық Кеңес Төрағасы мен мүшелерiнiң, Конституциялық Кеңестiң отырысынан басқа кезде, пiкiр айтуға немесе кеңес беруге хақы жоқ.
4. Конституциялық Кеңестiң мүшелерi өкiлеттiк мерзiмi iшiнде ауыстырылмайды. Олардың өкiлеттiгiн, осы Конституциялық заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, тоқтатуға немесе тоқтата тұруға болмайды.
5. Егер Конституциялық Кеңестiң қарауындағы мәселеге тiкелей жеке немесе жанама мүдделiгiне байланысты өзiнiң әдiлдiгiне күмән тууы мүмкiн болса, Конституциялық Кеңестiң Төрағасы немесе мүшесi бұл мәселенi қараудан бас тартуға мiндеттi, мұны Конституциялық Кеңес қанағаттандыруға тиiс.
6. Конституциялық Кеңес мүшесiнiң сотта немесе өзге құқық қолдану органдарында, заңды өкiлдiктен басқа, қорғауды немесе өкiлдiктi жүзеге асыруға, құқықтарды жүзеге асыру мен мiндеттерден босату iсiнде қандай адамдарға болса да қамқоршылық жасауға хақы жоқ.
12-бап. Конституциялық Кеңес мүшелерiне ешкiмнiң тиiспеуi
1. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшелерiн өз өкiлеттiгi мерзiмi iшiнде тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, оған сот тәртiбiмен белгiленетiн әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға, қылмыс үстiнде ұсталған немесе ауыр қылмыс жасалған реттердi қоспағанда, Парламенттiң келiсiмiнсiз қылмыстық жауапқа тартуға болмайды.
2. Конституциялық Кеңестiң Төрағасына немесе мүшесiне қатысты қылмыстық iстi анықтау мен тергеудi жүзеге асыратын республикалық мемлекеттiк органның басшысы ғана қозғай алады. Iстi тергеу барысында заңдылықтың сақталуын қадағалауды Республиканың Бас Прокуроры жүзеге асырады, ол Парламентке Конституциялық Кеңестiң Төрағасын немесе мүшесiн қылмыстық жауапқа тартуға келiсiм беру туралы ұсыныс енгiзедi. Конституциялық Кеңестiң Төрағасына немесе мүшесiне қатысты қылмыстық iстi Республика Жоғарғы Соты қарайды.
3. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшелерi тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылмайды.
4. Конституциялық Кеңестiң мүшесiн, егер осы Конституциялық заңға сәйкес оның өкiлеттiгi тоқтатыла тұрмаған болса, Конституциялық Кеңестiң отырысына қатысудан шеттетуге ешкiмнiң хақы жоқ.
13-бап. Конституциялық Кеңес Төрағасы мен мүшелерi құқықтарының теңдiгi
Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшелерi Конституциялық Кеңес жүргiзiп жатқан мәселелердi қарауда және олар бойынша шешiмдер қабылдауда, осы Конституциялық заңның 33-бабының 3-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, тең құқықтарға ие болады.
14-бап. Конституциялық Кеңес Төрағасының, мүшесiнiң өкiлеттiгiн тоқтата тұру
1. Конституциялық Кеңес Төрағасының немесе мүшесiнiң өкiлеттiгiн Конституциялық Кеңестiң өтiнiшi бойынша оны тағайындаған адам, мынадай жағдайларда егер ол:
1) дәлелдi себептерсiз кемiнде қатарынан үш рет Конституциялық Кеңестiң отырыстарына қатыспаса;
2) денсаулық жағдайына байланысты ұзақ уақыт бойы өз мiндеттерiн орындай алмаса;
3) заңды күшiне енген сот шешiмi бойынша хабар-ошарсыз жоқ болған деп танылса, тоқтата тұруы мүмкiн.
2. Конституциялық Кеңес Төрағасының, мүшесiнiң өкiлеттiгi сол сияқты, егер заңда белгiленген тәртiппен оны қамауға алуға, әкiмшiлiк немесе қылмыстық жауапқа тартуға, сотта медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану, iс-әрекетке қабiлетсiз немесе iс-әрекетке қабiлетi шектеулi деп тану туралы тиiстi шағым қозғауға келiсiм берiлген жағдайда тоқтатыла тұруы мүмкiн.
3. Конституциялық Кеңес Төрағасының немесе мүшесiнiң өкiлеттiгiн тоқтата тұру туралы шешiм өкiлеттiктi тоқтатуға негiздер байқалған күннен бастап бiр айдан кешiктiрiлмей қабылданады.
4. Конституциялық Кеңес Төрағасының немесе мүшесiнiң өкiлеттiгi осы өкiлеттiктi тоқтата тұруға негiздер дәйексiз болып қалғанға дейiн тоқтатыла тұрады.
15-бап. Конституциялық Кеңес Төрағасының, мүшесiнiң өкiлеттiгiн тоқтату
1. Тиiсiнше:
1) Конституциялық Кеңес Төрағасының өкiлеттiгiн Республика Президентi тоқтатады;
2) Конституциялық Кеңес мүшесiнiң өкiлеттiгiн оны тағайындаған Қазақ­стан Республикасының Президенті, Парламент Сенаты, Парламент Мәжілісі тоқтатады.
2. Конституциялық Кеңес Төрағасының, мүшесiнiң өкiлеттiгi:
1) орнынан түсуi туралы өтiнiшiнiң қанағаттандырылуы;
2) Жоғарғы соттың ол жөнiнде заңды күшiне енген айыптау үкiмiнiң болуы;
3) заңды күшiне енген сот шешiмiмен оның iс-әрекетке қабiлетсiз деп танылуы;
4) заңды күшiне енген сот шешiмiмен оның өлген деп танылуы;
5) оның қайтыс болуы;
6) осы Конституциялық заңның 10-бабының 2-тармағында көзделген шарттардың сақталмауы;
7) антты бұзуы, Республика Конституциясы мен осы Конституциялық заңның талаптарын орындамауы, оның жоғары мәртебесiмен сыйыспайтын атына кiр келтiретiн қылық жасауы;
8) Конституция мен осы Конституциялық заңда белгiленген талаптар бұзыла отырып тағайындалуы;
9) қызметте болуының Конституцияда белгiленген мерзiмiнiң аяқталуы;
10) 2008.17.06. № 41-IV ҚР Конституциялық Заңымен алып тасталды
11) саяси мақсаттарды көздейтiн саяси партияға немесе өзге де қоғамдық бiрлестiкке кiруi нәтижесiнде тоқтатылады.
16-бап. Конституциялық Кеңес Төрағасы мен мүшелерiнiң қызметiн қамтамасыз ету
1. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшелерiнiң жалақыны Республика Президентi Республика Конституциясының 44-бабының 9)-тармақшасында анықталған тәртiппен белгiлейдi.
2. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшелерiн тұрғын үймен, көлiкпен және өзге де қамтамасыз ету, медициналық қызмет көрсету мен санаторий-курорттық емдеу Республика Президентi белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет