35-бап Заңды түрде белгiленген салықтарды, алымдарды және өзге де мiндеттi төлемдердi төлеу әркiмнiң борышы әрі мiндетi болып табылады. 36-бап 1. Қазақстан Республикасын қорғау - оның әрбiр азаматының қасиеттi парызы және мiндетi.
2. Республика азаматтары заңда белгiленген тәртiп пен түрлер бойынша әскери қызмет атқарады.
37-бап Қазақстан Республикасының азаматтары тарихи және мәдени мұралардың сақталуына қамқорлық жасауға, тарих пен мәдениет ескерткiштерiн қорғауға мiндеттi.
38-бап Қазақстан Республикасының азаматтары табиғатты сақтауға және табиғат байлықтарына ұқыпты қарауға мiндеттi.
39-бап 1. Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртiптi, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажеттi шамада ғана және тек заңмен шектелуi мүмкiн.
2017 ж. 10.03. № 51-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара) 2. Ұлтаралық және конфессияаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылады.
2017 ж. 10.03. № 51-VI ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара) 3. Саяси себептер бойынша азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қандай да бір түрде шектеуге жол берілмейді. Конституцияның 11, 13-15-баптарында, 16-бабының 1-тармағында, 17-бабында, 19-бабында, 22-бабында, 26-бабының 2-тармағында көзделген құқықтар мен бостандықтар ешбір жағдайда да шектелмеуге тиіс. III БӨЛIМ ПРЕЗИДЕНТ 40-бап 1. Қазақстан Республикасының Президентi - мемлекеттiң басшысы, мемлекеттiң iшкi және сыртқы саясатының негiзгi бағыттарын айқындайтын, ел iшiнде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкiлдiк ететiн ең жоғары лауазымды тұлға.
2. Республиканың Президентi - халық пен мемлекеттік билiк бiрлiгiнiң, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрi кепiлi.
3. Республика Президентi мемлекеттік билiктiң барлық тармағының келісіп жұмыс iстеуiн және өкiмет органдарының халық алдындағы жауапкершiлiгiн қамтамасыз етедi.
ҚР 07.10.98 ж № 284-1 Заңымен 41-бап өзгертілді