Қазақстан Республикасының



бет10/14
Дата23.10.2016
өлшемі2,38 Mb.
#34
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14

Дәрісті бекіту сұрақтары: 1. М.Иманжановтың алғашқы шығармалар жинағы қай жылы

жарыққа шықты?

2. М.Иманжановтың «Алғашқы айлар» повесі не

туралы?


3. М.Иманжановтың қандай очерктері бар?

Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 7, 9, 10, 17, 18, 19, 20, 21, 22, 27, 28, 30, 43, 49,50, 82, 83.

25,26 ДӘРІС ҒАЛИ ОРМАНОВТЫҢ ӨМІРІ МЕН

ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ

Дәрістің мақсаты: Ғали Ормановтың ақын,жазушы,очеркист,аудармашылық

қырларын таныту.



Тірек сөздер: Ақын,жазушы,очеркист,аудармашы.

Дәрістің жоспары:1. Ақын,жазушы,очеркист,аудармашы.

2. Ақынның лирикалық героиларының ішіндегі ана

бейнесі.

3. Ақынның Ұлы Отан соғысына арналған жырлары.



Қазақ әдебиетіне жиырмасыншы жылдардың соңғы жылдарында келген,

қазақ поэзиясының қалыптасып-дамуына, өсіп-өркендеуіне ерекше үлес қосқан ақынның бірі-Ғали Орманов.

Ғали Орманов 1907жылы бұрынғы Талдықорған облысы, Қапал ауданы, «Ешкіөлмес» тауы етегінде дүниеге келген. Ол он жасында әке-шешесінен айрылып, жетім қалады да, туысқандарының қолында тәрбиеленеді. Ғали бала кезінде жыршылардан өлең-жыр, қисса-дастандар үйреніп, өзінің әдебиетке құмарлығын байқатады. «Мұңлық-Зарлық», «Шәкір-Шәкірат», «Алпамыс» сияқты қисса дастандарды, «Біржан мен Сара», «Кемпірбай мен Шөже», «Бақтыбай мен Мәйке баланың» айтыстарын жаттап алып, домбыраға қосып жиын-тойларда айтып жүрген ол жастайынан жыршы бала атанады.

1920 жылы Талдықорғандағы, кейін Алматыдағы Абай атындағы балалар үйінде тәрбиеленіп, сонда білім алады.

1923-28 жылдары Алматыдағы Қазақтың халық ағарту институтында оқиды. Институтта оқып жүргенде Ғали қазақ, орыс әдебиеттерінің үлгілерімен танысады. 1925 жылдан бастап оқушылардың қабырға газетіне, 1927-28 жылдары өлкелік газетте өлеңдер жазады. Осы жылдары «Тілші» газетінде «Ешкіөлмсс», «Қора», «Оқушыларға», «Диханбайға» сияқты өлеңдері басылады. Осы өлеңдерінде Ғали ақындық талантын біршама танытып үлгереді.

1929-30 жылдары Іле ауданы оқу бөлімінің меңгерушісі болып істеп жүрген кезінде оның өлеңдері «Еңбекші қазақ» газеті мен «Әйел теңдігі» журналында жиі жарияланып, көп ұзамай-ақ республикадағы белгілі ақындардың санатына кіреді.

1930 жылы май айында Түркістан-Сібір темір жолы салынып бітті. Бұл бүкіл Кеңес елі, соның ішінде қазақ елінің тарихындағы ірі табыс болатын. Осы ұлы мерекеге шашу ретінде Ғали ақын «Шеңбер» атты ұзақ өлеңін жазды.

Абай атындағы педагогика институтын бітірген соң, ол біраз жыл мұғалім болып істейді. Одан кейін «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясында журналистік қызмет атқарады. 1939 жылдан 1945 жылға дейін ақын Жамбыл Жабаевтың әдеби хатшысы болды.

Ұлы Отан соғысы жылдары «Майдан» деген альманахтың редакторы,кейін«Әдебиет және искусства» журналының жауапты редакторы, Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасында Бас редактор, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы қызметін атқара жүріп, шығармашылық саласында өнімді еңбек етті.

1934 жылы Ғалидың екі кітабы «Шеңбер» деген атпен 1927-1933 жылдар арасында жазған өлеңдерінің жинағы, «Шәуілдір» поэмасы басылды.1935 жылы «Көтерме» деген атпен әңгімелер мен очерктерінің жинағы жарық көрді.1936 жылы «Абысын сыры» жинағы, Мопасаннан аударған қысқа әңгімелерінің жинағы басылып шықты.

1943-44 жылдары Ғали Орманов мәдениет пен өнер қызметкерлері тобында майданға барып қайтады.Ұлы Отан соғысы кезінде жазған өлеңдерін 1941 жылы «Халық қаһарман», 1944 жылы «Емен» атты өлеңдер мен

поэмалар жинағы түрінде ұсынады. «Өмір дастаны» (1948), «Бөбек жүрегі» (1949) атты жинағымен қатар ақынның шұрайлы өлеңдері оның 1950,1957, 1976, 1982-84 жылдары шыққан «Таңдамалы шығармалар» жинақтарына енді.

Ғали Орманов-үздіксіз жазып, өнімді еңбек еткен ақын. Оның таңдамалы шығармалары қазақ әдебиеті тарихында көрнекті орынға ие.

Ғали ақын шығармашылық қызметін бастаған жиырмасыншы жылдар ел өміріндегі ірілі-ұсақты оқиғаларға толы болатын.Ірі байларды конфискелеу, коллективтік шаруашылықта ұйымдастыру ауыл шаруашылығын, соның ішінде мал шаруашылығы мен егін шаруашылығын өркендетуге ұмтылу ірі өндіріс орындарының іске қосылуы, алғашқы бесжылдықтың орындалуы сынды іргелі мәселелерді қоғам дамуы алға қойды. Әдебиет те бұл тақырыптардан бетін аулақ сала алмады. Ғали да осыларға қосылып, әр алуан жайларға көңіл аударды, сол негізде елінің кешегісі мен бүгінгісін, өзгерген, жаңарған өмірді заманадастарының тұрмыс-тіршілігін жырға қосты. Заман талабына сәйкес ол да кедейлерді алға ұстап, оның теңдік алуын құптады, қанаушыларды жиіркенішпен еске алды. «Есіркептің естегісі» өлеңінде кешегісін ойлай отырып, Есіркеп кедей әкесінің өмірін еске түсіреді. Тақыр кедей өзі кеткенде арты тып-типыл болып қалған. Бір төмпешік болған қабірінің өзін жел үріп, сел жуып кеткен.

Саудырап тұр сағанақ,

Құс түткендей туырлық.

Жоқшылық жүр жағалап

Түрі суық, бір сұмдық,-

деп, әке артында қалған лирикалық кейіпкер жоқшылықтың, жетімдіктің тақсіретін тартып өседі. Ақынның «Қыр сабағы», «Боран күні» сияқты туындыларында да кедей адамның тіршілігіне аяушылық білдіру басым. Қыстың боранды күндерінде жұлығынан шұлғауы шығып, қарға омбығып қой соңында жүрген қойшы бала көктемнің шуақты, жаздың аптап ыстығында да өз міндетін орындап жүргенін көреміз. Арқадан Сырға жалғасқан көштің күйін жыр ететін «Көштер күйі», «Қиын жол» өлеңдерінде дәулетті көш пен қара құрым көш салыстыра суреттеледі. «Ескілік суреті», «Екідай» өлеңдерінде ақын жарлы мен байдың арасы қашан да аспан мен жердей алшақ болатынын, сырт көзге тату достай көрінгенмен, іштей қағысып жататындықтан олардың мәңгі қосыла алмайтындығын көрсеткен. Қараша үйлердің жел соқса, құлап кететіндей жабырқау жұпыны күйіне жаны күйзелген ақын осынша қорлыққа үйренген елге таң қалады. Ескінің жұрнағындай болған сол бір күйден құтылу үшін тірлік жасамай, бұйығы күйде, күннің өткеніне «тәуба» жасаған елге жаны ашығандық білдіреді. Ақын өлеңдерінің лирикалық кейіпкері осы ортадан өсіп шығады. Ол- ізденіс пен еңбектің адамы. «Ұяда»өлеңінде:



Өзімді байлап арқанға,

Ұяға батып мен түстім.



Сабалап бұршақ арқама,

Дауылмен ойнап бұлт құштым, деп, ол

шаншыла біткен зеңгір құздың басына қыран балапанын алуға шығады.«Асылған ұядағы» балапанды көргенде:«Менің де кенет кеудемде, Сілкініп кетті бір бүркіт»,деп, өз бойындағы жаңа өмірге деген сілкінісін байқатады. Сол лирикалық кейіпкер «Алғашқы адым» өлеңінде жұпыны, жүдеу өмірден оқу-білім алуға қалаға аттанады:



Аттандым ауыл-анадан,

Оқуға кеттім қалаға.

Жабыла маған қараған,

Жалтаңдай кеттім далаға.
Жарбиған жаман тон, тымақ,

Жабысып кетті үстімде.



Жанайын деген бір шырақ,

Жалтылдап кетті ішімде– дейді .

Ақын осы өлеңімен-ақ бейнелі сөзбен картина жасаудың шебері ретінде көрінеді. Дала біткеннің жабыла қарауы, лирикалық кейіпкердің жалтаңдап аттануы Ғали ақынның образ жасаудағы қадамдарын нақтылай, даралай түседі. Лирикалық кейіпкердің «жалтаңдауымен», біріншіден, ауылдан ұзап шықпаған жас балаға тән ұяңдық, жасқаншақтық, екіншіден, бұрын-соңды көрмеген үлкен әрі бейтаныс қалаға бара жатқандағы қобалжуды, оның ішкі жан тебіренісін ақын шынайылықпен көркем жеткізе білді. Бала үстіндегі «жарбиған жаман тон, тымағы» лирикалық кейіпкердің жұпыны жерден шыққан жүдеулігін танытса, оқу-білімге ұмтылған жас ішіндегі жалтылдаған от ұшқынын ақынның аңғаруы да орынды. «Қараймын да асығам...» өлеңінде сол лирикалық кейіпкер Алматыға жол тартады:



Сағыныштай сарғайып,

Сары белден таң атты.

Сахарада шалқайып,

Сарғая бір жол жатты деп, атқан таң – жаңа өмір, жаңа заман таңы. Ал, «сахарада шалқайып» жатқан жол– оқу-білім жолы. Осы жол жөнінде академик С.Қирабаев: «Ғали геройының осы жолы тек Ешкіөлмес бауырынан Алматыға аттанған болашақ ақын баланың жолы емес, жаңа, жарық дүние іздеген бүкіл қазақ жасының, Ғали ақын ұрпағының жолы еді»,–дейді. «Сахара» сөзінің өзінен екі түрлі ой қылаң береді. Ол біріншіден, құлазыған түз дала деген ойды аңғартса, екіншіден, оқу-білімнен кенже қалған, оқымаған, қараңғылықтағы ел тұрмысын меңзегендей. Сары таймен тепеңдеп жеті күндей жол жүрген Ғали ақынның лирикалық кейіпкері шаршауды білмейді. Ол қара жолдың ұшына қарап асыққанда: «Қарсы алдымнан келешек, Қара үзбеді қол бұлғап!» – деп, оқу-білім іздеп, болашаққа зор үмітпен ұмтыла қол созады.Оқу-білім іздеп қалаға келген осы лирикалық кейіпкермен «Кітап», «Тай жарыс», «Ұстаз», «Қуаныш», «Сенім» өлеңдерінде қайта кездесеміз. «Мойынға астым қапшықты, салдым теріп кітапты»,–деп, оқуға кіріскен ол кітаптан тапқан талшығының таңдайына тым тәтті болып тигеніне қуанады. «Топқа түсер шын жүйрік, Тай күнінен танылар», – деп, тай күнінен жарысқа түсіп (ақындар бәйгесіне) бағын сынайды. «Қуаныш», «Сенім» өлеңдері қой бағып, «Надандық топас, дүлей күштің» уысынан шығып, білімнің арқасында дүииенің әсем көркін көрген албырт жастың ризашылық сезіміне толы. «Өнерімнің сәулесін, Өреніне шашайын», – деп, ол өз білімін болашақ ұрпаққа беруге әзір екенін аңғартса, Абай атындағы педагогикалық институтты бітіріп келген соң, біраз жыл мұғалім болып, балаларға дәріс бергенін білеміз.

Осы мысалдардың өзі-ақ алғашқы өлеңдерінен Ғали ақынның қаламына тән ерекшеліктерді айқындай түсті. Ол сыршыл лириканың шебері екенін әрбір өлеңінде нақтылай, дәлелдей білді. Ғ.Орманов лирикасының ерекшелігі –аз сөзге көп мағына сыйғызу, жансызға жан бітіру (кейіптеу), жалт еткен көрініске ерекше назар аудару. Ақын өмір шындығын лирикалық кейіпкердің толғаныс, тебіреністері арқылы бейнелеп отырады. Оның жанды да, нақты сурет жасаудың шебері екенін әдебиетші ғалымдар өз зерттеулерінде дәлелдеп, айтып келеді.

Ірі байларды конфискелеу кезіндегі дәурені кетіп, мүләйімсіген, өтірік жуасыған байлар, олардың бүкіл байлықтан айрылып маңдайын тасқа соғуы, жаңа заман азаматтарының өз ақысына қолы жетіп, оны иемденудегі оқиғалар «Қоңсы мен қожайын», «Конфиске», «Беттесу», «Абысындар аңызы» өлеңдерінде қызғылықты бейнеленген. Бұл тұстағы өлеңдерін ақын қысқа сюжетті диалогке құрады. Ақынның диалогке құрған бұл өлеңдері тартымды әрі қызғылықты оқылады. Лирикалық кейіпкер –жаңа заман азаматы. Ол ел ішіндегі әрбір игілікті жаңалықты қуана құптап, соған тілектестігін білдіріп отырады. «Абысындар аңызы» өлеңінде тезек теріп жүрген әйелдердің әңгімесі арқылы ақын байлардың жуаси қалған алдамшы кейпін әжуа етеді. «Қоңсы мен қожайында» малы конфискеге түсерін сезген бай кедей көршісін қонақ етіп, оған жанашырлық танытқан сыңаймен біраз малын соның атына жаздырып қоймақшы болады. Мұны естігсн көрші қарт: «Балалардың өздері, Аламыз деп жүр еді,» –деп, балаларының бай көршісіне конфиске жасағалы жүргенін білдіреді. Ақын:

Тас тигендей маңдайға,

Бай да сөзін қысқартты.

Қарай алмай маңайға,

Өңі құп қу сұр тартты,–деп, бай әрекетін, оның тығырыққа тірелген шерменде күйін, дәрменсіздігін суреттейді.

«Конфиске» –көлемі шағын, айтары көп өлең. Мұнда ақын конфискеге түскен бай үйінің аянышты күйін шынайы бейнелеген. «Беттесу» диалогке құрылған, қысқа сюжетті өлең. Көп жылдар Сейдін бидің малын баққан Керімқұл байды өз қолымен конфискелейді, сөйтіп байдан шер болып қатқан кегін қайтарады. Кедейлерге тілектес болып, заман ұсынған тақырыпты жырлай отырып, Ғали да ақындық шеберлігін жетілдіреді. Бүгін бұл тақырыптарға өлеңдер жазу саясатты сойылын соғу көріністерімен, өз дәуірінің шындығынан туған құбылыстар еді.

Қазақ әдебиетінің тарихында қалыптасқан дәстүрлі тақырыптың бірі–туған жер, туған ел тақырыбы. Ғали ақын да бұл тақырыпты бар ілтипатпен, бар ыждаһатпен жырлайды.

«Қора» – ақынның туып-өскен жеріне арнап жазған алғашқы өлеңдерінің бірі. Бұл өлеңінде ақын туған жердің табиғатын тамсана жырлайды. Қора» өзенінің сұлу табиғатын жалаң суреттемей, оны сол жердің, елдің тұрмыс-тіршілігімен байланыстыра көрсету ақынның ішкі тебіренісінен туады.

Тізілген омыртқадай ақ заңғарлар,

Секілді көк тіреуі, бұлт астары.

Кигені қар кебенек, мұздан жарғақ,

Сауыты саудыраған, құз тастары.

Алыстан аңсап, шөлдеп бұлттар келіп,



Көрісіп көл болады көз жастары,–деп, жансызға жан бітірген (кейіптеу) ақын Қора» өзенінің жанды да нақты суретін жасайды. Ол «Қораның» өмір тіршілігін лирикалық кейіпкердің қуаныш-күйініші, ішкі толғанысы арқылы көрсете білген. Лирикалық кейіпкер Қораның өткенін, кешегі тұрмысын еске алады. «Арсылдап ақ көбігін аспанға атқан» Қораға ақын: «Осыған өз дәулетін бай теңесе, Теңейді өз ызасын қойшы бейбақ» деп, байдың дәулетіне қойшының ызасын қарсы қойған. Қораның кешегісін еске алып күйзелген лирикалық кейіпкер оның бүгінімен қуанады.

Ерінбей жер емшегін емген кедей,



Қампиып қарны тояд нанын шайнап

Қорадан тиер қайыр мол екен-ау,

Еңбекке, еңбекшіге тұрсам ойлап!–деп,

Қора» халқының жаңа тұрмысын мақтан тұтады.

Өмірдің жарқын көріністерін қуана қабылдаған ақын жылдың төрт мезгіліндегі табиғат сұлулығын, байлығын асқақ шабытпен жырға қосады.

Оның бір топ өлеңдері жылдың төрт мезгілін суреттеуге арналды. Ғали ақынның қысы, көктемі, жазы, күзі Абайдың қысы мен жазынан бөлекше. Олардың әрқайсысы өз дәуірінің тыныс-тіршілігін, әр мезгілдің қарбаласымен, өзіне тән сұлу көркімен жарқын суреттеуде жаңа бейнелер жасады.



Әкеліп ақпан айы ақ көрпесін,

Ай қара Алатаудың жапты өлкесін.

Оранған ақ торғында сұлу сынды,

Арулар жатыр ашып аппақ төсін,

деп келетін қыс пен жаз келбетін «Сыр шертіп тынбай аққан өзен, бұлақ, Секілді күмбірлі күй көңілдегі» деп ақын жеткізе жырлады. Ақын «Жаз, жаз деп жабылып тұр бәрі маған» деп жыл мезгілдерін өз қуанышымен жырға қосты. Жыл мезгілдеріне арналған өлеңдерінде ақын: «Ешкім кенде қалар ма несібеден, Сол далада көктемде еңбек еткен!» деп түйін жасайды. Ол жылдың төрт мезгілінің де бар қуанышын еңбектің негізінде деп, еңбек етуге үндейді. «Қора», «Көктем нұры», «Жаз шырайы», «Қырау қабақ кәрі қыс» өлеңдеріндегі жаз жайлаудағы ауыл, боздаған, жамырасқан, кісінескен төрт түлікті суреттеуі Абайдың («Жазғытұры», «Қыс») табиғат лирикасын еске түсіреді. Бұл– қазақ поэзиясындағы Абай дәстүрінің жалғасы. Ғали да табиғатты сөзбен мүсіндеп жанды образға айналдырады. Ақынның табиғат лирикасында Ілияс Жансүгіров әсері барын да кезінде қаламдастары атап көрсеткен.

Отызыншы жылдардағы халық өміріндегі өзгеріс, жаңалық Ғалидың «Жаңа қоңыс», «Тұнық коллективі», «Шеңбер», «Жаңа жұмыс іргесі», «Шамалған шамы», «Темір ат», «Мысқалада», «Тоқушы», «Алынған арыс», «Үлбе»,«Өріктің өрнегі» өлеңдерінде ашық танылады. Бұл өлеңдерде еңбекке үндеу мен Отан мүддесін әрдайым жоғары қою басым көрсетіледі. Отызыншы жылдары Ғали «Шеңберді» жазумен бастады. «Шамалған шамы», «Шеңбер» атты ұзақ сюжетті өлеңдері Түркістан –Сібір темір жолының салынып, қазақ жеріне алғаш пойыздың келуіне арналған.«Шамалған шамы» өлеңіне Шамалған стансасына келген алғашқы пойызды көрген елдің қуанышы арқау болған. Мұндағы лирикалық кейіпкер ел ішіне келген жаңалықты қуана қостаудан арыға бара алмайды. Басқа ақындар сияқты Ғали да пойызды отарбаға теңейді.

Тіркеп тізген түйедей

Телеграф–тіл,көмей,

деп, телеграф бағандарын тізілген түйеге теңегені жөнінде әдебиетші ғалым М.Базарбаев оны «бұрынғы қазақ өмірінің шеңберіндегі жалаң түсінікпен келудің салдары» деп бағалаған. Ғалым жиырмасыншы-отызыншы жылдардағы қазақ поэзиясы осындай кемшіліктерді жоя отырып, жаңа ынта, жаңа леп, жаңа күшпен жырлауға бет бұрғанына да ерекше көңіл бөлген.

Дәрісті бекіту сұрақтары: 1. Ғали Ормановтың алғашқы шығармалар жинағы қай жылы жарыққа шықты?

2. «Шәуілдір» поэмасының тақырыбы не?

3. Ғали Ормановтың тағы қандай поэмалары бар?

Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 7, 9, 10, 17, 18, 19, 20, 21, 22, 27, 28, 30, 43, 49,50,60, 67.

27,28 ДӘРІС ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВТЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ

Дәрістің мақсаты: Қасым Аманжоловтың ақындық, аудармашылық қырларын

таныту.


Тірек сөздер: Өлең, поэма, баллада, сонеттер, романс, аударма, мақала.

Дәрістің жоспары:1. Қасым Аманжоловтың шығармашылық өмірбаяны.

2. Соғыстан кейінгі өлеңдері.

3. Аудармалары.

Қазақ поэзиясындағы санаулы саңлақтардың санатында өзіндік өршіл үнімен, сыршыл жырларымен дараланған ақын Қасым Аманжоловтың соңында қастерлі мұрасы қалды. Өлеңдер, поэмалар, балладалар, сонеттер, романстар, аудармалар, мақалалар.

Қасым Рахымжанұлы Аманжолов 1911 жылы Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына қарасты Қызыл ауылында туған. Әкесінен бес жасында айрылған болашақ ақын ауылда қозы бағып, отын-су, шөп тасумен бірге мал күзетеді. Шешесі Айғаншаны (1888 жылы туған) төркін жұрты ықтиярына қарамай, бір байға қосады. Ата-анасынан айрылған баланың ендігі күні аға-жеңгелеріне қарап қалады.

Шешесі Айғанша аздап ән салады екен, «Қыз Жібек» секілді жырларды жатқа айтқан. Соның әсері ме, анасының айтуына қарағанда, Қасым жылағанда, бесікті сықырлататын. Жеті айда жүріп кеткен мазасыз бала болған екен. Таңертең ерте үй-іші ұйықтап жатқанда, «..тұрып алып, далада үй айналасында жападан жалғыз ойнап жүретін, жалғыз сиырдың қара бұзауымен ойнап, өзімен өзі болып өлең айтатын. Көп балалардың тобына қосылмай, оңаша жүруді ұнататын. Балалардың ұрыс-жанжалына жоламайтын» –дейді.

Сөйтіп жүріп молдадан тиіп-қашып оқиды, сауат ашысымен қолына түскен бірлі-жарым кітапты құр жібермей, қызығып нәр алады.

Көкірегінің сезімі, жүрегінің оты бар баланы ағасы Ахметжан 1923 жылы Семейге әкеліп, сондағы бастауыш мектепке оқуға береді. Алғыр да зерек, зейінді Қасым алғашқы жылы-ақ екі сыныпты бірден тәмамдаған. Ахметжанның үйіне жиі жиналатын өнерпаздардың, қаламгерлердің сұхбаттары, қызық-думаны сергек ойлы, сезімтал баланың назарын аудармауы мүмкін емес еді. Әміре, Майра секілді әншілер, Иса сияқты аты шулы ақын, Мұқамбетқали Дауылбаев сияқты талантты, жас скрипкашылардың сауық құруы, Мұхтар Әуезов, Сәбит Дөнентаев сияқты сол тұста-ақ танылған қаламгерлердің келуі – бәрі болашақ ақынның өнерге, өлеңге деген ықыласын, ынтасын, құштарлығын арттырғаны сөзсіз. Өнерпаздарға еліктеп домбыра, скрипка үйренумен бірге өлең де жазып, бірлі-жарымын С.Дөнентаевқа ұсынғанымен, ол «тіл жағынан ұнатпапты».

Туғалы ән-жырға құмар, көкірегі ояу бала осы жылдарда өлең жазуға талаптанып, өз толғаныстарын дәптерге түсіре берген. Осында жүріп жазған бір дәптер өлеңдерінің арқауы–жастық шақ, айналасындағы дос-жарандарына арнаған әзіл-қалжыңдар, сол тұстағы әдебиетте белең алған үгіт-насихаттық ұрандарға еліктеу еді. Бұл дәптері жоғалғанда, «қымбат қазынам еді» деп өкінбейтінін ақынның өзі де кейін ашық айтқан. Сондықтан 1932 жылға дейін жазған жырларынан айтарлықтай мардымды дерек қалмаған.

1924 –26 жылдары балалар үйінде тәрбиеленген Қасым бұдан кейін Семейде мал дәрігерлік техникумында оқиды (1927-30 жж.). Алайда мұны қанағат етпей, білімге құлшынып Алматыға келеді. Бірақ өзі қалаған оқуға түсудің реті келмей, республикалық «Лениншіл жас» газетіне қызметке орналасып, қалам ұштайды. Біраз ысылып, тәжірибе жинақтаған соң «Қызыл әскер» газетінде істейді. Осы кезден бастап-ақ өз білімін толықтыруға айрықша мән береді. Талмай ізденіп, талғамын тәрбиелейді. Газет жұмысына төселіп, очерктер, мақалалар жазады. Заман талабына үн қосуға талпынған біраз өлеңдері «Лениншіл жас», «Пионер», «Қызыл әскер» газетінде жарық көреді. Әрине, оң-солын әлі жете танып үлгермеген жас ақын бұл өлеңдерінде сол тұста күллі елдің санасын күштеп билеп, дәуірлеп тұрған қатаң, үстем идеология ырқынан алыс кете алмайды. Ол заманда басқаша жазуға, ой-толғанысты еркін өріп, өрнектеуге мүмкіндік те жоқ еді.

1931 жылы Қасым Ленинград қаласындағы (қазіргі - Санкт-Петербург) орман шаруашылығы институтына түседі. Бірақ денсаулығының сыр беруі салдарынан бір жылдай ғана оқып, институттан қол үзуге мәжбүр болып, сол кездегі Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласындағы «Екпінді құрылыс» газетіне жұмысқа орналасады. Осында өткен жастық жылдарын кейін сағына еске алып жүреді. 1933 жылы әскерге алынып, әскери міндетін сол қалада өтейді.

Ән-күйге, өнерге деген құштарлық Қасымды 1935-36 жылдары Оралда жаңадан ашылған қазақ театрында әртіс болып қызмет істеуге құлшындырған. Осы жылдар ақын өміріндегі ұмытылмас қызықты да аяулы шақтар болып, жадында жатталып қалады. Әр алуан музыкалық аспаптарда еркін ойнап, домбыра, мандолина, т.б. шекті аспаптардан әуен әуелеткен ақын қызулы думан, жаңа орта, аяулы жандар арасында рухани есейеді. Бойында буырқанған ақындық дарыны айқын белгі беріп, өлеңдері жұртшылық назарына ілігеді. Сонымен бірге әншілік, әртістік қабілеті де осы кезде танылады. Театр топтарын ұйымдастырып қана қоймай әрі әртіс, әрі көркемдік жетекшісі болған Қасым өзінің өмірлік тәжірибесін де, ақын, өнерпаз ретінде көркемдік тәжірибесін де молайтқан.

Бала кезінен халықтың ән-жырынан, бай фольклоры мен ауыз әдебиеті шығармаларынан сусындап өскен Қасым Амажоловтың хат танығаннан кейін поэзия алыптарының шығармаларын мұқият зер салып оқығаны, олардың творчествосынан нәр алғаны анық. Бұл ретте алдында өткен айтулы ақындар поэзиясының ықпалы, әсіресе, айқын байқалады. Мәселен, «Сұлудың сымбатынан» (Орал, 1935), Абайдың «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» өлеңінің ізі көрінеді.

Қара көз, қиылған қас, жазық маңдай,

Алма бет, ақша жүзі нұр тамғандай.

Қыр мұрын, оймақ ерін, меруерт тіс,

Бейне мақпал қызыл тіл шекер балдай.

Төгілер иығына қара шашы

Жібектей жүз құлпырған дамыл алмай.

Немесе «Көктемдегі» өлеңінде.«Алақанын тұр жайып, жас ағашта жапырақ. Балғын өмір ғажайып, Жас дауыспен жамырап» тәрізді сыршыл образдылық Абайдың «Жас жүрек жайып саусағын, Талпынған шығар айға алыс» секілді толғаныстарымен үндесіп жатыр. Мұндай портреттік бейнелеуде Абай қолданған тәсіл, Абай пайдаланған көркемдік өрнектер, бояулар бірден «менмұндалайды».

Ақынның әлі толыспаған, жас кезіндегі өлеңдеріндегі еліктеу сипатына, алған бастау, үйренген үрдісіне зер салғанда, ұлттық поэзиядағы, фольклордағы өзінің жанына жақын, жүрегіне жылы тиген сарындарға, тәсілдерге, бейнелік байлыққа, ой мен көңіл-күй әуендеріне бүйрегі бұрғаны айқын аңғарылады. Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов өлеңдеріндегі ой толғау сыр ақтару сарыны мен машығы сезіледі. Мәселен:

Қас тұлпар деп кім айтар,

Өрге ұмтыла шаппаса,

Ақ сұңқар деп кім айтар,

Қияға қанат қақпаса,

сияқты жолдар фольклор дәстүрін, бейнелеу мен ой толғау машығын еске салса, 1936 жылы 27 мамыр күні Оралда жазған «Тойла, қазақ!» атты өлеңі:



Сарғайып сар далада жатқан қазақ,

Өмірдің бар азабын тартқан қазақ,

Бай, төре,би, молданың бұғауында



Азаптың ащы азабын тартқан қазақ,

деп басталып:



Кім едің, кім болдың сен, ойла, қазақ!

Бірақ та ойлап қана қойма, қазақ!

Көсемің, ұлы Отаның болсын риза,

Табысты таудай үйіп, тойла, қазақ!

деп тәмамдалады. Жинақтаушы бейне ретінде алынған ел-халыққа арнап тіл қату, үндеу тәсілі Міржақып Дулатовтың «Оян, қазағын» жаға заманның талабына сәйкес жаңғыртады. А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, т. б. халық жауы ретінде қаралау майданы басталып, одан тамам ел түгел құлақтанса да, жас, албырт ақын жанына жақын әуен мен тәсілден бас тартпайды, жаңа заманға бейімдеп қолданады.Мұндай мысалдар алыптар дәстүрінің өміршеңдігін де, ақынның өнер өкілі ретіндегі ұлттық-патриоттық табиғатын да көрсетеді. Тек өміршең, озық дәстүр ғана көркемдік әлемінде жоғалмайтынын, жойылмайтынын ақын сезіне білген. Сондықтан да ырықты, ырықсыз түрде сол дәстүрлерді өз жүрегінің көрігінен өткізеді, өзінше жаңғыртады. Мағжан жырының жаңғырығы, Мағжан стилі А.С.Пушкиннің қайтыс болғанына 100 жыл толуына байланысты жазған «Ақын» өлеңінен нышан танытады:



Күн боп туған ұлан күнше күледі,

Күндес болған түн өзегін тіледі.

Жас ұланның таза қаны күйеді,

Қара түнде қара киіп қайғырған,

Сұлуларды құшады да, сүйеді...
Немесе:

Таба алмай көп шарлап ем жердің жүзін,

Кез болдым, Сіз екенсіз сол жұлдызым.

Кең жайып құшағымды шақырамын,



Жаныма жылжып қана кел, жұлдызым,

сияқты тармақтардан Мағжанның көркемдік әлемі елестейді.

Үздіктердің үр жаңа үлгісінен үйренуге елгезек жас ақынның қалыптасу өсу кезеңінде дүниеге келген туындыларынан С.Сейфуллин, Б.Майлин шығармаларының да әсері аңдалады. 1936 жылы Алматыда жазылған «Бәрін айт та, бірін айт» өлеңіндегі:

Бәрін айт та, бірін айт,

Жаңа өмірдің сырын айт!

Таң қалдырған тарихты

Сырлы өмірдің шынын айт,

деген секілді жолдар Б.Майлиннің атақты «Бәрін айт та, бірін айт. Коллективтің жырын айт!» деп келетін, кең таралған өлеңіне тікелей үндесіп жатыр.

Қ.Аманжолов шығармашылығына айрықша қуатты ықпал еткен - I.Жансүгіров поэзиясы. Мағжан поэзиясы отызыншы жылдарда қатты қысымға ұшырап, Бернияздың жырлары тағы да жарық көрмей, поэзияның көркемдік әлемі жүдеп-жадап қалған кезде Ілиястың сергек серпінді, асау арынды жырлары, психологиялық талдау арқылы кейіпкердің жан дүниесін еркін шарлаған поэмалары дүниеге келді. Ұлттық тілдің орасан байлығын емін-еркін қолдануы, телегей-теңіз қазынасын жарқыратып танытуы сол тұстағы жас Қасымға әсер етпей қалуы, талғампаз жас дарынның оған назар аудармай жүруі мүмкін еместі. Міне, сондықтан да Қ.Аманжоловтың бұл тұстағы туындыларында І.Жансүгіров поэзиясының ықпалын көрсететін мысалдар жеткілікті:

Құз шыңылдап, жаңғырап,

Сай шуылдап, тау жылап,

Жер бауыры тоң болып,

Жердің түгі сор болып .

Суалғандай айдын көл,

Қуарғандай шалқар бел,



Ол бір күн, ол бір заман .

немесе:


Ертеде ерте ел болған,

Ертеде талай ел болған,

Ертегі ескі заманда

Еркіндеген қабанға



Арыстандар жем болған,

деген жолдардан Ілияс екпіні, сөз саптау, бейнелеу машығы бедерленсе,

«Лондон»атты өлеңінен «Гималай» сарыны естіледі:

Лондон! Лондон! Не болдың?

Қарашы бір өзіңе:

Не көрінед, уа, Лондон,

Сенің миллион көзіңе?

Ұлы денең, зор кеудең

Мұнша неге жаралы?..

Ал «Толғаудағы»:



Бүгін, бүгін, дәл бүгін!

Ақтармаған жыр қалмас!

Бұдан жиырма жыл бұрын

Жүрген бала жалаңаш...

Ал, ақтарыл, асыл жыр,

Ой арнасын ашамын,

Ағыл-тегіл жосыл жыр...

Сайра-сайра, домбыра,

Құлақтың құрышын қандыра,

Әлемді таң қалдыра,



Жаудың жанын жандыра...

деп, екпіндеп төкпелеп келетін жыр жолдары жас ақынның қазақ поэзиясының алыбы Ілияс Жансүгіров шығармашылығынан үйренгенін, іштей буырқанып, жарысқа түскендей құлшына ізденгенін дәлелдейді.

Алайда Қ.Аманжолов ізденістері ырықсыз, соқыр еліктеу емес, саналы түрде дәстүрден үлгі алумен бірге өзінің үнін танытуға, табуға деген ықыласпен басым. Белгілі үлгілермен өзін салыстыра жарысқа салады. Ақынның өз замандастарымен жарысқа түскендей жазған өлеңдері де бар екені белгілі. Соның бір мысалы– Ә.Сәрсенбаевтың «Ақша бұлтынан» кейін дүниеге келген «Ақша бұлт» атты өлеңі. Ә.Тәжібаевтың «Сырдариясымен» де жарыса өлең жазылған.

Келтірілген мысалдар – ақын нәр алған айтулы мектептердің әр

алуандығының дәлелі. Ұлттық құндылықтардың қайталанбас көркемдік әлемі Қ.Аманжолов поэзиясының тың өріс, жаңа айдынға шығуына зор ықпал жасады.

Ақын шығармашылығының құнарына, әуен-сарын, бояу алуандығына игі ықпал еткен тағы бір өнімді фактор – орыс және басқа да халықтар өкілдерінің поэзиясы.Пушкин, Лермонтов, Маяковский, сондай-ақ отызыншы жылдардан бастап бірге жүрген достарының бірі Ғ.Слановтың айтуынша, ол «Аталған ақындарға қоса Шевченко, Байрон, Руставели, Низами шығармаларын көп аударды. Осыдан кейін-ақ Қасымның ақындығы күшейіп жүре берді». Сөйтіп, ақындық тәжірибесінің молаюына, өмірді көркемдік тұрғыдан тануына, өзіндік мәнерінің қалыптасуына аударманың да айрықша септігі тиген.

Қ.Аманжолов шығармашылығына тікелей әсер еткен жемісті, игі ықпалдардың бірі – әдеби сын, әдебиеттану.

Қасымның өнерге, өлеңге, өзіне қояр талабының үнемі өрлеп отыруына орыс сынының да, сонымен бірге, төл әдеби сынның да үлесі зор болғаны талассыз. Ақын үнемі іздеп хабарласып, пікірлесіп тұратын белгілі сыншы-ғалым Есмағанбет Ысмайыловтың айтуынша: «Соғыстан кейінгі дәуірлерде Қасымның өз бетімен оқуы бір жүйеге түскен болатын. Нақты зерттеп, тереңдей оқыған біркелкі авторлары орыстың революцияшыл-демократтары –Белинский, Чернышевский, Добролюбов, Писарев және Плеханов шығармаларын оқу үстінде бір күні маған Белинскийдің Гогольге жазған хатының қазақша аудармасын оқып берді. Терең ойға толы, өткір жалынды леппен, күрделі әдебиет тілімен жазылған Белинский шығармасына қазақ тілінің сөз байлығын, сөйлем құрамдарын сондайлық дәл жеткізе пайдаланған Қасымның жазушылық, аудармашылық шеберлігіне қайран қалдым.

Ол Белинскийдің «Александр Пушкиннің шығармалары» атты еңбегін қадағалап оқып, өзіне керекті жерлерін сызып, кейде кітаптың беттеріне жазып отырған» .

Қандайда болсын қаламгердің шығармашылық әлемі, туындыларының эстетикалық сипаты, көркемдік дәрежесі ең алдымен автордың талғамына, өзіне өзі талап қоя білуіне тікелей тәуелді екенін ескерсек, Қасымның өзіне биік талап қоятынын өлеңдері мен поэмаларының, шығармаларының жылдан жылға ширап, көркемдік қуаты кемелдене, концептуалдық әлемінің кеңейе түсуінен көреміз.Ақын өлеңдерінің лирикалық кейіпкері көңіл күйіне қарай алуан кейіпте көрінеді. Бірде өр, тәкаппар, енді бірде үлбіреген нәзік соншалық сезімтал. Дегенмен арқыраған асау арын, буырқанған бұла күш, дауылды екпін лирикалық кейіпкердің жанына жақын. Өршіген өрттің аспанды шарпыған жалыны, тебіренген телегейдің көк пен жердің арасын шайқағандай жойқын сұрапылы. Қалыптағыдан тыс осындай адуын, асқақ сезім лирикалық кейіпкердің табиғатын да, ақын рухының сыр-сипатын да аңғартады.



Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Мамандығына арналған Сұлтанмахмұттану ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Студенттерге арналған оқу әдістемелік кешені
umkd -> ПӘннің ОҚУ Әдістемелік кешені 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған «Ұлы отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінің тарихы (1941-1960)» пәнінен ОҚытушыға арналған пән бағдарламасы
umkd -> «Балалар әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5 в 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»
umkd -> ПӘннің ОҚУ-Әдістемелік кешенінің
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> «Филология: қазақ тілі» мамандығына арналған
umkd -> 5 в 011700 : -«Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет