І. ЭЛЕКТРОЛИТИКАЛЫҚ ДИССОЦИАЛАНУ Электролиттер ерітінділері.Көрінетін дәрежеде электр тоғын өткізетін ерітінділерді электролит ерітінділерідеп атайды, ал суда немесе басқа еріткіштерде еріткенде электр өткізгіш ерітінділерін түзетін заттар электролиттер болып табылады. Мысалы, ас тұзы, сірке қышқылы, хлорлы барий және т.б., олардың сулы ерітінділерінің электрөткізгіштігі жеткілікті жоғары. Электролит ерітінділерінің электрөткізгіштігі, оларды суда немесе басқа еріткіштерде еріткенде электролит молекулалары иондарға – электр заряды бар бөлшектерге ыдырағандықтан пайда болады. Электр өріс әсерінен иондардың жылжу қабілеті бар, сол электролит ерітінділерінің электрөткізгіштігін анықтайды.
Сонымен, электролит емес идеалды ерітіндінің үстіндегі еріткіш буының парциал қысымы еріткіштің мольдік үлесіне пропорционал (Рауль заңы):
р = р0 N1 = р0 (1 – N2) (1)
мұнда р және р0 – ерітіндінің және таза еріткіш үстіндегі еріткіш буының парциал қысымы; N1 және N2 - еріткіштің және еріген заттың мольдік үлесі.
Электролит емес ерітіндінің қайнау температурасының өсуі немесе қатаю температурасының азаюы таза еріткішпен салыстырғанда 1000г еріткіштегі еріген заттың моль санымен көрсетілетін ерітінді концентрациясына пропорционал:
ΔТ = kc (2)
мұнда k – осы еріткіш үшін константа; c – ерітінді концентрациясы.
Электролит емес ерітіндінің осмостық қысымы тұрақты температурада еріген заттың концентрациясына пропорционал:
π = k1c (3)
мұнда π – осмостық қысым ; k1–константа.
Ал электролит ерітінділер үшін жоғарыдағы заңдылықтар бұзылады. Электролит ерітінділер электролит емес ерітінділермен мольдік концентрациялары тең болғанда ерітіндінің үстіндегі еріткіш буының парциал қысымы төмен, қайнау және қатаю температурасының өзгеруі оте қатты және осмостық қысымы оте жоғары болады екен. Сұйылтылған электролит ерітінділерінің ерекшеліктері Аррениустың электролитикалық диссоциалану теориясы арқылы ұғындырылған.