Сталинград шайқасының тарихи маңызы.1942 жылы Сталинград түбінде қиян-кескі шайқас басталды. Қазақстанның батысы Сталинград облысымен 500 шақырым шектесіп жатқандықтан, соғыстың оты Батыс Қазақстан өңірін қамтыды.
1942 жылы 1 қыркүйекте Гурьевте қорғаныс комитеті құрылды. 1942 жылы 15 қыркүйекте Гурьев облысында соғыс жағдайы мен қатерлі жағдай енгізілді. 1942 жылы 9 қазанда Қазақ КСР үкіметі Сталинград майданының ең жақын тылы Қазақстан екенін, сондықтан бұдан артық шегінетін жер жоқ екенін айтып, Сталинградты қорғаушы жерлестеріне үндеу тастады.
Батыс Қазақстан жерінде 6 қорғаныс шебі, Сайхан, Орда, Чапаев, Тайпақ аудандарында арнайы аэродромдар салынды. Ақтөбе облысында да қорғаныс құрылыстары салынды.
Сталинград майданының көптеген әскери бөлімдері, материалдық, техникалық базалары Батыс Қазақстанда орналастырылды. Орал қаласында әскери байланыс торабы орналасты. Батыс Қазақстан жерінде 20-ға жуық әскери госпиталь жұмыс істеді.
Сталинград майданын барлық жағынан Қазақстан қамтамасыз еткен. Осында көптеген әскери техника жөндеуден өтті. Қазақстан жерінде құрылған 292, 387-атқыштар дивизиясы, 81-атты әскер дивизиясы т. б. Сталинградты қорғауға қатысты.
Жамбылдың ұлы Алғадай Сталинград түбінде ерлікпен қаза тапты. Кеңестер Одағының батыры, қарағандылық ұшқыш Нұркен Әбдіров өз ұшағын жаудың әскери базасына құлатып, Гастеллоның ерлігін қайталады.
Сталинград түбінде қазақстандықтар Қ. Сыпатаев пен А. А. Бельгин өздерінің ерлігі нәтижесінде Кеңестер Одағының Батыры атағына ие болды. Сталинград шайқасы соғыс тарихында ерекше орын алды. Гитлерлік басқыншылардың Сталинград түбіндегі жеңілуі олардың соғыстағы тағдырының шешілу уақытын жақындата түсті.
Достарыңызбен бөлісу: |