60-сұрақ. Қазақстандағы жаңа экономикалық саясат (ЖЭС). ЖЭС мазмұны. Қазақстандағы жаңа экономикалық саясат Адамзат өзінің тарихи эволюциялық даму барысында мәжбүрлеудің тек екі балама жүйесін қалыптастырды. Біріншісі — адам еркіне әкімшілік ықпал ету және екіншісі — өндірушінің құқықтық еркіндігіне кепілдік бере отырып экономикалық мәжбүрлеу жүйесі. Олардың қатар өмір сүруі іс жүзінде мүмкін емес, өйткені әкімшілік жүйе мәжбүрлеудің экономикалық мүддесінің әсерін әлсіретіп шектейді, және керісінше оған экономикалық құралдарды енгізу әкімшілік жүйені билігіне нұқсан келтіреді.
«Әскери коммунизм үшін» саясаты өзінің меншік қатынастары құрылымдарын мемлекет қарауына орталықтандыру және экономиканы іс жүзінде, тіпті, милитарланған директивалық басқару сияқты негізгі принииптері арқылы мәжбүрлеулін басты үлгісін ұстанғанын білдірді. Мұны мемлекеттің бүкіл саясатының арқауына айналдыру халық шаруашылығының босансуы мен тоқырауына әкеп соқтырды.
Дағдарысты жағдайда большевиктер революциялық рухтағы романтиканың утопиялық догмаларынан амалсыз бас тартты. Ленин, партия басшыларының едәуір бөлігінің қарсы тұруына қарамастан, тарихи келісімге барды. Оның астарында меншіктін әр түрлі нысандарына қатысты барынша шыдамды саясат және тауар-ақша, нарықтық қатынастар факторлары мен басқа да экономикалық стимулдарды одан әрі мойындамаудын мүмкін еместігін сезіну бар еді. Қазақстандағы орын алған жағдай бүкіл елді қамтыған экономикалық және саяси дағдарыстың сыңайын танытты. Барлық жердегі сияқты Қазақстанда да халық шаруашылығын жүргізу саясатының мүлдем жаңа принципіне көшу қажеттігі айқын байқалды. Оның негізгі арқауы — «тауарсыздық» утопиясынан — нарықтық-экономикалық, тауарлық-ақшалай қатынасқа көшу идеясы еді.
Нарықтық қатынастарды босатудың аса маңызды тұсы сауда еркіндігіне жол беру болды. Алайда мемлекет алғашқыда идеологиялық сарынмен айырбас саласына өз бақылауын орнатуға тырысты. Ол бірнеше ай бойы қала мен ауыл арасында жергілікті тауар айырбасын ұйымдастыруға әрекет жасады. Сөйтіп айырбас операцияларының арасындағы делдалдық қызметті Кеңес өкіметінің басшылығы, бақылауымен және тікелей тапсырмасымен жұмыс істеген кооперация атқарды. Мемлекет арнаулы декретпен (1921 жылғы 7 сәуір) оған «азық-түлік органдарының фабрика-зауыт және қолөнер кәсіпшілігі бұйымдарын дайындау мен ауыл шаруашылық өнімдеріне айырбастау салаларындағы міндетті тапсырмаларын орындауды» жүктеді, «барлық азық-түлік өнімдерін (мәтінде осылай. — авт.), мемлекет дайындаған және национализацияланған фабрикалар мен зауыттардан алынған… сонымен қатар шет елден әкелінген көпшілік қолды тауарларды бөлу» тек солар арқылы жүзеге асырылды. Декретте «РКФСР-дің барлық азаматтары тұтыну қоғамына бірігеді», ал «әрбір азамат тұтыну қоғамы пункттерінің біріне жазылады» деп атап көрсетілді.
Тап сол кезде, большевиктер мұны қалады ма, жоқ па, қоғам тауар-ақша қатынастарының ақиқаттығын сезіне келе, Т — А — Т формуласы бойынша кең ауқымда және сеніммен өмір сүре бастады. Оның қызметін жеке меншік-капиталистік (мемлекет меншігінде жоқ шағын және ұсақ кәсіпорындар, сауда-саттық, ірі шаруа қожалықтары және т.б.), мемлекеттік-капиталистік (жеке тұлғаларға жалға немесе концессияға берілген өнеркәсіп орындары) және ұсақ тауарлы (нарыққа жұмыс істейтін шаруашылықтар) құрылыстар (құрылымдар) табиғи түрде және бірден игеріп әкетті.
Таза социалистік қоғам құрылысын жақтаушылар жаңа ақиқатты жандары қинала және ауыра, «күңкілмен» (мыңдаған коммунистер партия қатарынан шықты, онысын «капитализмнің қалпына келтірілуін», «жарқын революциялық мұраттарға және Азамат соғысы құрбандарына сатқындықты» өзінің принципті түрде қолдамайтынымен түсіндірді), бұрынғы «капиталға ат қойып қарсы шабуылға шығуды» аңсаумен және әділдік қалпына келер-ау деген үмітпен қабылдады.
Экономикалық өмірде монополист ретіндегі жеңілдіктерін жоғалтқан социалистік, дәлірек айтқанда мемлекеттік сектор, мемлекеттік патернализмнің жайлы қолшатырының астына тығылып, қалыптаса бастаған нарықтық қатынастар ақиқатгарынан бас тарта алмады. Осыған байланысты оның аясында өндіру мен бөлу, айырбас пен тұтыну жүйелерін амалсыз қайта құру процесі жүре бастады.