ҚАзақстанның бірыңҒай экономикалық кеңістіктегі жағдайы және болашағы манақбай Д. Б., Кеңес Н.Ғ



Дата30.03.2018
өлшемі124,22 Kb.
#39830
ҚАЗАҚСТАННЫҢ БІРЫҢҒАЙ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КЕҢІСТІКТЕГІ ЖАҒДАЙЫ ЖӘНЕ БОЛАШАҒЫ
Манақбай Д.Б., Кеңес Н.Ғ.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана қ.,

Қазақстан Республикасы

E-mail: damira_mb_94@mail.ru, jabba_girl@mail.ru

Ғылыми жетекші: э.ғ.к, доцент Бакирбекова А.М.

Қазіргі таңда халықаралық экономика мен сауданың алатын орны ерекше. Көптеген мемлекеттер белгілі бір салада бірлесіп қызмет ету арқылы, сондай-ақ шекаралас мемлекеттердің бірлесіп даму барысында, өзара тиімді қатынастар құруы арқылы бағыттарын айқындауға өз септігін тигізіп келеді.

Бірыңғай экономикалық кеңістік шекарасынан өтетін заттарды бақылау арқылы сыртқы саудаға кіру үшін ортақ мәдени және тарихи құндылықтары бар, даму деңгейі ұқсас елдер экономикаларының жоғары санын біріктіруден тұрады. Қорыта келгенде, Бірыңғай экономикалық кеңістік және Кедендік Одақ - екі немесе бірнеше елдер арасындағы саудадағы кедендік баждарының жойылуы туралы келісімге әкелетін, экономика интеграциясын нығайтатын, еркін сауда аймағының бір формасы [1].

Қазіргі таңда Қазақстан, Ресей және Белорусияның 2010 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Кеден Одағы және Бірыңғай экономикалық кеңістігі экономикалық интеграция тұрғысынан тартымды, әрі тиімді болып саналады. Кеден Одағы халық саны 167 млн адамға жуық, ал жиынтық ЖІӨ 2 трлн доллардан астам және 900 млрд долларға жуық тауарайналымы бар елдерді біріктіреді [2]. Одаққа қатысушы елдердің бірігуі тек қана сыртқы экономикалық әрекетті белсендірумен қоса, бірқатар жаңа біріккен инновациялық жобаларды жүзеге асыруға негізделеді. Кеден Одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік ТМД бойынша басқа да серіктес мемлекеттер үшін тартымды саналады. Мысалы, Астана қаласында өткен ЕврАзЭС-2010 саммитінде Қырғызстан және Тәжікстан мемлекеттерінің Президенттері Кеден Одағына кіру мүмкіндіктерін зерттеп жатқанын айқындады [2].

Қазақстанның Бірыңғай экономикалық кеңістік және Кедендік одақ құрамына енуінде басты ескеретін факторлардың бірі – еліміздің сыртқы саудамен байланысы, экспортқа тәуелдігінде. Екіншіден, Қазақстан транзиттік жол торабында орналасқан мемлекет, бұл жол тораптары көрші мемлекеттермен еркін сауда байланысында ерекше рөл ойнайды. Бірыңғай экономикалық кеңістік пен Кедендік Одақ арқасында, халықаралық жүк тасымалдауы жеңілдеп, бизнес байланыстардың географиялық кеңеюі болжанады. Үшіншіден, Кеден Одағының арқасында елімізде кеден жұмысы сапалы деңгейге артып, сондай-ақ құжат айналымы мен тексерістердің бірқатар жеңілдеу артықшылықтары да орын алады.

Кедендік Одақтың құрамындағы мемлекеттер үшін тигізетін жағымды және жағымсыз әсерлері жан-жақты талдау мен саралауды қажет етеді. Бұл мәселе бүгінгі күнге дейін қызу талқыланып келеді: әр қатысушы елде қолдайтындар да, қарсылық білдіріп жатқандар да жеткілікті болды. Соның ішінде «қолдайтын» топтар тұтынушы нарық сыйымдылығы артады, әлемдік нарыққа шығу, үш елдің біртұтас сауда саясатын өткізу мүмкіндігі, мемлекеттермен неғұрлым тығыз қарым-қатынас орнату, мемлекеттердің экономикалық әлеуетін ескере отырып, біріккен өндіріс орындарын ашу, сонымен бірге ортақ қауіпсіздік жүйесін қалыптастыру секілді айғақтарды ерекше айқындайды . Ал оларды теңестіруші қарсы топ: тұтыну тауарларына бағаның өсуі, шет өндірістің автокөліктеріне әкелім баждарының жоғарылауы, халықтың өмір деңгейінің нашарлауы сияқты айғақтарды келтіруде [3].

Жалпы, Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы және Беларусь Республикасы үшін Кеден Одағына кіргеннен кейінгі экономиканың ахуалы бірқатар жағымды динамикамен өсіп келеді. 2002-2012 жылдар аралығындағы Кеден Одағына қатысушы елдердің жалпы ішкі өнімнің өзгерісін қарасақ, он жыл ішінде Қазақстанның ЖІӨ 178 млн. АҚШ долларына, Ресейде – 1666 млн. долларға, Беларусь елінде – 49 млн. долларға артқан (Сурет 1).

Үш елдің арасында он жыл бойы, ең көп ЖІӨ - 89% Ресейде байқалады, сәйкесінше бұл уақытта Қазақстанда ЖІӨ - 6-9% арасында өзгеріп отырды, ал Белорусьте ЖІӨ - 2,8-3,8%-ды құрады.



Сурет 1-Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы, Беларусь Республикасының 2002-2012 жылдар аралығындағы ЖІӨ динамикасы


Сонымен бірге Ресейдің экономикалық әсері Қазақстан мен Белорусьтің үстінде басым болады және кез келген Ресейдегі экономикалық ауытқулар Қазақстанның экономикасына кері әсерін тигізеді.

Ал Еуразиялық экономикалық комиссиясының зерттеу нәтижесі бойынша, Кедендік одақ жұмыс істегелі бері үш елдің өзара сауда-саттықтың айтарлықтай жоғары деңгейде тұрғанын анықтады.



Соңғы алты жылдың статистикалық мәліметтерін салыстыра отырып, Қазақстанның экспорт және импорт көлемінің бірталай өскені байқалады (Сурет 2). Қазақстанда 2011 жылға қарағанда 2012 жылы экспорт көлемі 2,3 млрд долларға, ал импорт көлемі 4,8 млрд долларға өскені көрініп тұр. Яғни бәрінен бұрын Қазақстанның экспорт пен импорт көлемі Кеден одағына кіргеннен бастап айтарлықтай өскені көрінеді.

Сурет 2. Қазақстанның Кеден Одағы мемлекеттерімен тауар айналымы


Кеден Одағы ҚР бюджетіне жалпы кедендік түсімнің бірқатар артуына (500 млрд. теңгеден астам) әсер етті. 2010 жылы импорттық баждан түскен табыстардың айтарлықтай өсуі байқалды. 2011 жылғы бюджетке түсімдердің көлемі 2010 жылмен салыстырғанда 90,5 млн долларға артты. Жалпы, бұл көрсеткіш 2012 жыл 2008-2009 жылдармен салыстырғанда (Кеден Одағы құрылғанға дейін) бірден 227%-ға артты [6].

Бірыңғай экономикалық кеңістікке енгеннен соң, көріп отырғанымыздай, Қазақстан бірқатар жағымды өсу динамикасын көрсетіп келеді. Алайда, интеграциялық ұйым болғандықтан, еліміздің ішкі нарықта болып жатқан жағдайы мен сыртқы нарықтың арасындағы жағдайлар өзара үйлесімді болған жағдайда ғана жоғары нәтижеге жете аламыз. Елімізде ескеріп өтуіміз керек бірқатар мәселелер кездеседі. Мәселен, банк несиелерінің жоғары мөлшерлемесі мен қол жетімсіздігі, портфельді инвесторларға сенімнің төмен дәрежеде болуы, ұлттық нарықтың тарлығы, кадрлардың жетіспеуі, тәуекелдерді басқарудың төмен деңгейі және т.б. Бұл мәселелер шетелдік еркін сауда байланысына әсерін тигізуі мүмкін және де Қазақстанның бәсекеге қабілеттілік деңгейін бәсеңдетіп, артқа тартуы ықтимал.

Сондай-ақ негізгі салықтардың төмен ставкасы және салықтарға төмен шығындарды да ескеріп өту қажет. Қазақстандық тауарлардың негізі экспортқа бағытталғанымен, еліміздің барлық кәсіпорындары халықаралық ИСО стандарттарына сәйкес экспорттық өнім шығара алмайтыны белгілі. Көптеген қазақстандық тауарлар: алкоголь өнімдері, ет-сүт өнімдері, тамақ және химия өндірісі – Ресей және Белорусь елдерінде аз ұсынылады, соның салдарынан Қазақстан Ресей нарығында тек қана 7% құрайды. Сонымен қатар, Қазақстандағы салықтық ахуалға аса мән беру қажет, себебі еліміз кәсіпкерлік үшін айтарлықтай жеңіл жағдай тудырған. Мысалы, ҚР қосылған құн салығы 12% құрайды, ал Ресейде ол – 18%, Белорусьта – 20%. [7].

Салықтардың мәселесі бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметі «Қазақстан-2050» стратегиясын іске асыру барысында, салықтық әкімшілікті ырықтандыру мен кедендік әкімшілікті жүйелендіру бойынша шаралар қабылдап, отандық шаруашылық жүргізуші субъектілерге салықтық есеп беруді төмендету және жеңілдету жолдарын бекітуде [8].

2010 жылы Қазақстан, Ресей, Беларусия мемлекеттерінде бірыңғай кедендік аумаққа тауарларды әкелудің тауарлық құрылымын ұтымды ету және  мемлекеттерінің бірыңғай кедендік аумағына тауарларды әкету мен әкелудің ұтымды арақатынасын ұстап тұру, кедендік одақты әлемдік экономикаға тиімді біріктіру үшін жағдайды қамтамасыз ету мақсатында бірыңғай кедендік тариф қолдану негізге алынды. Демек, кедендік баж салығына бірыңғай кедендік тарифпен бекітілген мөлшерлемелер қойылды. Бірыңғай кедендік тариф Ресей және Беларусь елдерінің тарифтеріне негізделіп жасалынды, нәтижесінде Қазақстан баж салығының мөлшерлемесін 45%-ға, Белорусия 18%-ға, Ресей 4%-ға арттырды [9]. Мөлшерлемелердің артуы Қазақстан сыртқы экономикасына бірқатар өзгерістер әкелді. Баж салығы мөлшерлемесінің артуы үшінші елдердің (Қытай, Түркия) тауар үлесінің қысқаруын әкеліп, Ресей және Беларусь тауарлары үлесін арттыратыны анық. Нәтижесінде, бұл Қазақстан тауарларының бәсекеге қабілеттігіне сөзсіз әсер етеді. Сондықтан экономикасы негізінен шикізатқа негізделген Қазақстан жағдайында, Одақ еліміздің ірі шикізат өндіруші компанияларына пайдалы болғанымен, шағын және орта бизнес субъектілері үшін бірқатар кедергілер әкелуі мүмкін еді.

Дегенмен, шағын және орта бизнес субъектілерінің белсенді қызметін дамыту бойынша мемлекет тарапынан бірқатар қолдау шаралары жүргізіліп келеді. Мәселен, 2014 жылы ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды жақсарту жөніндегі түбегейлі шаралар туралы» жарлығы қабылданып, оны жүзеге асыру бойынша кәсіпкерлік үшін жағдайды одан әрі жақсарту бойынша шаралар мен ұсыныстар бекітілді [4].

Қазақстан Республикасы «Атамекен» одағы» ұлттық экономикалық палатасының Бірыңғай экономикалық кеңістіктің Қазақстан экономикасына әсер етуші факторлардың маңыздылық көрсеткішін шығарған болатын. Бұл көрсеткіштердің ішінде маңыздылық көрсеткіші басым – негізгі салықтардың төмен ставкасы (150), төлем қабілетті сұраныстың артуы (54), әкімшілік салықтарға төмен шығындар (40) және т.б. факторлар. Сонымен қатар, шикізаттық әлеует (130), нарықтың өсу динамикасы (42) және энергия сыйымды өндіріс құру (32) факторлары Бірыңғай экономикалық кеңістігінің әсер етуі салдарынан дамып, жетілу мүмкіндіктері болжанады. Сондай-ақ кеден жұмысы сапасының арту мүмкіндігі ерекше назарға алынуы тиіс, өйткені еркін экономикалық қатынастар арқасында, бұл байланыстарды түрлі экстремистік топтар үшін, көлеңкелі бизнес субъектілері өз пайдасы үшін пайдаланып қалғысы келетінін ескеру қажет [10].

Қоғамдастыққа мүше елдер басшыларының саяси ерік-жігерінің арқасында салыстырмалы түрде алғанда, тарихи қысқа мерзім ішінде елдеріміздің сауда-экономикалық және әлеуметтік-гуманитарлық өзара іс-қимыл деңгейін айтарлықтай жақсартуға қол жеткізіліп, өмірге, бірінші кезекте, құрамына Беларусь, Қазақстан және Ресей кіретін Кеден Одағының ауқымды жобалары енгізілді. Сөйтіп, Біртұтас экономикалық кеңістік қалыптастыру үдерісі жеделдеді. 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан, Ресей мен Беларусь арасындағы Бірыңғай экономикалық кеңістігінің құқықтық базасын қалыптастыру шеңберінде жасалған Мемлекеттік (муниципалдық) сатып алу туралы келісімге орай, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде ұлттық режим енгізіледі. Жалпы ұлттық режим 2014 жылдың 1 қаңтарынан енгізіледі. Оның айтуынша, ұлттық режимде мемлекеттік сатып алуларға отандық өндірушілермен қатар шетелдік өндірушілердің қатысуы қарастырылады [5] . 

Бірыңғай экономикалық кеңістігінің Қазақстан үшін қазіргі ахуалы мен болашақтағы жағдайын нығайту, одаққа қатысушы мемлекеттер арасындағы интеграциялық процестердің тиімді әлеуетін қалыптастыру үшін, келесі ұсыныстар беріледі:


  • Бірыңғай экономикалық кеңістік және Еуразиялық экономикалық одақты дамыту келешегін жетілдіруді, жаһандық халықаралық институттардың қайта құрылуын, өңірлік және әлемдік дамуды ескере отырып, экономикалық интеграция проблемаларын шешуге жалпы амалдарды анықтау;

  • Қазастанның ішкі нарығындағы проблемаларды шешу бойынша шараларды жан-жақты ұйымдастыру, бұл өңірлік нарықтық интеграцияның шарты ретінде қарастырылуы қажет. Сондай-ақ мәселелерді шешуде Одақ бойынша нормалар, ережелер мен стандарттар ескерілуі қажет;

  • Қазақстандық тауарлардың транзиті үшін қазіргі таңда кездесетін баға кедергілерін алдын-алу, отандық эскпорттаушы кәсіпорындар үшін кең мүмкіндіктер ашу;

  • Еліміздің бәсекеге қабілетті артықшылықтарын толық мөлшерде пайдалану, яғни табиғи ресурстардан өзге, транзиттік-коммуникациялық әлеуетті, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті саналатын салаларды, Бірыңғай экономикалық кеңістігі ішінде сұранысқа ие салаларды дамыту.

Біздің аса айтарлықтай қиындықтарымыздың бірі Бірыңғай экономикалық кеңістігі елдерінің ішкі, бүгінгі мүдделері тепе-теңдігін және ұзақ мерзімді, перспективалы ұлттық міндеттерді сақтау қажеттігінен туындайды. Бірінші кезеңде кедергілерден қашып құтыла алмайтының айқын – өйткені, күрделі тетіктерді орнықтыру үдерістері жүреді. Бірақ олар дер кезінде анықталып, аластаудың тиісті шаралары жүзеге асырылады. Бүгінде бизнес-қоғамдастық та, халықтарымыз да Кеден одағынан нақты пайда көре бастаса, болашақта бұл үрдіс тек қарқын ала түспек.

Қорыта келгенде, Беларусь, Қазақстан және Ресей экономикалық интеграцияның үлгісі – тәуелсіз мемлекеттер арасында ерікті түрде құрылған Кедендік одақ құрамына топтасты. Бұл жаңа құрылымның басты артықшылығы – Кедендік одақ құрамына ену арқылы, Бірыңғай экономикалық кеңістік шеңберінде қазіргі жаһандану дәуіріндегі болжаусыз экономикалық дауылдарға бірлесе қарсы тұратын болады. Отандық тауар өндірушілер үшін өнім өткізу нарығы ондаған есе ұлғайып, ел экономикасының бәсекелестікке қабілеттілігі шыңдалмақ. Біздің пікірімізше, бұл одақтың тигізетін қауіп-қатерлері жеткілікті болса да, ол өзінің жағымсыз нәтижесін көрсететін еді, алайда статистикалық мәліметтер нәтижесі тек оң динамиканы көрсетіп тұр. Сондықтан зерттеу барысында қорыттатын болсақ, Бірыңғай экономикалық кеңістігі және болашақтағы Еуразиялық экономикалық одақтың шеңберінде еліміз саяси артықшылықтар мен қатар экономикалық, техникалық нәтижелерге қол жеткізіп, ен бастысы Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі және алдыңғы қатарлы Еуразия мемлекеттерінің бірі болады деген ойдамыз.


Әдебиеттер:

  1. Кедендік одақтың игілігінен кім көп үлес алады? - республикалық басылымдарға шолу, ҚазАқпарат http://inform.kz/kaz/article/2216552 , 01.12. 2009

  2. Н.В.Лукьянович, Л.В. Левченко, Таможенный союз и Единое экономическое пространство России, Беларуси и Казахстана: проблемы и перспективы развития http://ecsocman.hse.ru/data/2013/06/18/1251223556/ecsn_201209.pdf , 2012

  3. Тоқтар Есіркепов, Кедендік одақ мақтаныш емес, – қасірет http://abai.kz/node/9230, 29.06.2011

  4. http://strategy2050.kz/news/1481/

  5. Д. Сабырбай, Кедендік одақ елдерінің өзара сауда айналымы артып келеді http://baq.kz/kk/news/28795, 22.05.2013

  6. Кеден Одағы Комиссиясының мәліметтерінің статистикалық базасы http://www.eurasiancommission.org/ru/docs

  7. ҚР Статистика агенттігінің мәліметтері http://www.stat.gov.kz/faces/homePagepublicationsMonitoring

  8. http://strategy2050.kz/news/6643/

  9. С.Р. Курбонов, Таможенный союз ЕврАзЭс – начало глубокой интеграции на постсоветском пространстве http://ecsocman.hse.ru/data/2011/05/26/1266780272/59.pdf , 2010

  10. Қазақстан Республикасы «Атамекен» одағы» ұлттық экономикалық палатасы, Бірыңғай экономикалық кеңес жағдайында Қазақстанда бәсекеге қабілетті бизнес-климатты қалыптастыру http://www.slideshare.net/Atameken/ss-12015014, 15.03.2012


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет