«Қазақстанның дәстүрлі мемлекеттік тарихы» пәні бойынша дәрістер


Қазақ хандығы құрылуының тарихнамасы



бет2/14
Дата25.04.2024
өлшемі78,51 Kb.
#201379
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14
Байланысты:
Дәрістің қысқша мазмұны
Есеп қолмен
Қазақ хандығы құрылуының тарихнамасы: Қазақ хандығының құрылу тарихы алғаш рет Ресейде ХІХ ғасырдың 60-шы жылдарынан бастап зерттеле бастайды. Содан бері қазіргі күндерге дейін 150 жылдай уақыт өтсе де, ол арнайы түрде жеке тақырып ретінде қарастырылған емес. Ол тек жалпы тақырыптың шеңберінде ғана қарастырылады. Оның ең басты себебіне тақырыпқа қатысты деректердің өте аздығы жатады. Соған қарамастан, тақырыпқа қатысты зерттеу жүргізген тарихшылар оның әртүрлі мәселелерін шешуге атсалысады. Біз тақырыптың зерттелуін хронологиялық тұрғыда бірнеше кезеңге бөлеміз. Бірінші кезеңге – мәселенің тарих ғылымында алғаш көтеріле бастаған кезінен ХХ ғасырдың 20-шы жылдарының соңына дейінгі аралық жатады. Бұл кезеңнің хронологиялық шеңберінің аяғы КСРО-да қоғамдық ғылымдарда маркстік-лениндік концепцияның үстемдік құруының басталуына келіп тіреледі. Осы кезеңде мәселеге қатысты зерттеу жүргізген немесе өз зерттеулерінде мәселенің кейбір тұстарын қамтып өткен зерттеушілерге – В.В. Вельяминов-Зернов, В.В. Радлов, Н.А. Аристов, И.И. Крафт, В.В. Бартольд, Ш. Құдайбердіұлы, А.П. Чулошников, М. Тынышпаев, Г.Е. Грумм-Гржимайло және тағы басқалар жатады. Бірінші кезеңдегі тақырыптың зерттелуі жөнінде айтар болсақ, онда мынадай мәселені ерекше атап өтеміз. В.В. Вельяминов-Зернов қазақ сұлтаны Оразмұхаммедтің шығу-тегін анықтау барысында парсы тіліндегі «Тарих-и Рашидидің» мәліметтерін алғаш рет орыс тіліне аударып, ғылыми айналымға енгізеді. Қазақ сұлтанының төртінші атасы Жәнібек хан болғандықтан, зерттеуші Жәнібек ханға қатысты «Тарих-и Рашиди» мәліметтерін түгел аударып береді. Сол деректегі Қазақ хандығының қалай құрылғандығын баяндайтын мәлімет күні бүгінге дейін ең негізгі, ең басты мәлімет ретінде болып отыр. В.В. Вельяминов-Зернов бұл дерекке талдау жасамаса да, дерек мәліметін ғылыми айналымға енгізуші ретінде тақырыптың тарихнамасында алғашқы болып айтылады. Осы кезеңдегі тарихшылардың көпшілігі өз зерттеулерінде В.В. Вельяминов-Зерновтың еңбегіндегі мәліметтің мазмұнын баяндау арқылы Қазақ хандығының құрылуын түсіндіреді. Ш. Құдайбердіұлы ғана ауыз әдебиетінің мәліметтерін енгізу арқылы тақырыптың деректік қорын кеңейтеді.
Бірінші кезеңде тақырыптың зерттелуіне ерекше үлес қосқан М. Тынышпаев болды. Ол мәселенің зерттелуіне мынадай үлес қосады:
1) Қазақ хандығының құрылуын Алтын Орданың ыдырау процесімен байланыстыра қарап, Керей мен Жәнібектің Әбілқайыр ханнан бөлінуін – Қазақ хандығының құрылу процесі деп атайды;
2) Керей мен Жәнібекті қолдаған ру-тайпалар тобы кенеттен пайда болған топ емес, бөлінуден бірнеше ондаған жылдар бұрын қалыптасқан тайпалар тобы деген тұжырым айтады;
3) Алғаш рет мәселені шешуде жазба деректермен қатар ауыз әдебиетінің материалдарын пайдаланады;
4) Басқа да авторлар секілді М. Тынышпаев хандықтың құрылған жылы ретінде 1456 жылды ұсынады.
Тақырыптың зерттелуінің екінші кезеңіне 30-40 жылдардағы зерттеулерді жатқызуға болады. Осы кезеңде мәселені зерттеуге С.Д. Асфендияров, М.П. Вяткин және 1943 жылы жарық көрген «Қазақ ССР тарихында» тақырыпты жазған авторлар атсалысқан. Осы екінші кезеңде мәселенің зерттелу барысында мынадай жетістіктерге қол жеткізіледі:
1) Алғаш рет ортағасырлық кезеңдерге қатысты әртүрлі тілдерде жазылған жазба деректер топтастырылып, жеке жинаққа енгізіледі. Бұл жинаққа Қазақ хандығының құрылу тарихына қатысты «Тарих-и Рашиди» дерегінен басқа, тағы көптеген дерек мәліметтері енеді;
2) Қазақ хандығының құрылуы – Қазақстан аумағында Өзбек және Ноғай хандықтары арасында болған феодалдық талас-тартыстардың, Орда Ежен мен Шейбан әулеттері арасындағы феодалдық күрестердің нәтижесі деп түсіндіріледі;
3) Алғашқы қазақ ханы – Жәнібек хан делініп, Моғолстан аумағында құрылған Қазақ хандығы моғол билеушісіне тәуелділікте болды деген тұжырымдар айтылады.
Тақырыптың зерттелу тарихының үшінші кезеңіне ХХ ғасырдың 50-80 жылдарындағы зерттеулер жатады. Бұл кезеңнің ең басты ерекшелігіне – тақырыппен маман тарихшылардың айналысуы жатып, жаңадан тың дерек мәліметтерінің ғылыми айналымдарға енгізілуі жатады. А.А. Семенов, В.Ф. Шахматов, С.К. Ибрагимов, П.П. Иванов, К.И. Петров, М.Г. Сафаргалиев, Б.А. Ахмедов, В.П. Юдин, К.А. Пищулина, Т.И. Сұлтанов, М.Х. Абусейітова сынды зерттеушілер осы кезеңде тақырыпты терең зерттеуге өз үлестерін қосып, мәселені жан-жақты қарастыруда үлкен табыстарға қол жеткізеді. Үшінші кезеңде тақырыпқа қатысты тың мәселелер жаңадан көтерілсе, кейбір мәселелер жөнінде дискуссия жүреді. Жалпы алғанда үшінші кезең бойынша тақырыпқа қатысты мынадай мәселелерді баса айтуымыз қажет:
1) Көптеген ортағасырлық деректері мәліметтерінің («Тауарих-и гузида-йи нусрат-наме», «Фатх-наме», «Шайбани-наме», «Зубдат ал-асар», «Тарих-и Абулхайр-хани», «Бахр әл-асрар фи манақиб әл-ахйар», «Тарих-и Қыпчақи», «Михман наме-ий Бухара» және т.б.) ғылыми айналымдарға түсірілуі тақырыпты жан-жақты және кең түрде қарастыруға мүмкіндіктер туғызады;
2) Зерттеушілердің бір тобы (А.А. Семенов, В.Ф. Шахматов, С.К. Ибрагимов) Керей мен Жәнібек негізін қалаған Қазақ хандығын мемлекет деп есептемей, феодалдық иелік деп санаса, екінші топтағы тарихшылар (В.П. Юдин, К.А. Пищулина, Т.И. Сұлтанов және т.б.) оны жеке мемлекет деп таниды;
3) Осы кезеңде Моғолстан аумағында құрылған Қазақ хандығының мемлекеттік статусы жөнінде пікір-таластар көп айтылады;
4) Қазақ хандығының құрылған жылы төңірегінде қарама-қайшылықты пікірлер айтыла бастайды. Үшінші кезеңге дейін Қазақ хандығы 1456 жылы құрылған деген пікір үстем болып келсе, осы жылдардағы зерттеулерде 1465/66 жылы құрылды деген пікір басымдыққа ие бола бастайды. Сонымен бірге Қазақ хандығы 1470 жылы құрылған деген тың пікір (Т.И. Сұлтанов) айтылады;
5) Қазақ хандығының құрылуы Шығыс Дешті Қыпшақ пен Моғолстан, Мауереннахр аймақтарындағы саяси дамулардың шеңберінде, сол аймақтардағы тарихи дамулармен байланыста қарастырылады.
Қазақ хандығы құрылуының тарихнамасындағы келесі кезеңге – ХХ ғасырдың 90-шы жылдары мен қазіргі күндерге дейінгі уақыт жатады. Бұл кезеңді кейде қазіргі кезең деп те атайды. Бұл кезеңнің басты ерекшелігіне – қоғамдық ғылымдардың, оның ішінде тарих ғылымының да ұзақ жылдар бойғы маркстік-лениндік көзқарастарға негіздеген теориялар мен методологиялық ұстанымдардан босап, жалпыадамзаттық дамуларды объективті түрде қарастыратын теориялар мен методологияларға бет бұруы жатады. Қазіргі кезеңдегі Қазақ хандығының құрылуы мәселелерімен айналысып жүрген тарихшыларға Т.И. Сұлтанов, Б.Е. Көмеков, К.А. Пищулина, М.Х. Әбусейітова, Ә. Хасенов, С.Жолдасбайұлы, З. Қинаятұлы, Б. Кәрібаев, Қ. Өскенбай, Н. Атығаев және т.б. жатады. Сондай-ақ мәселенің әртүрлі қырлары М.Әбдіровтың, У.Х. Шәлекенов пен М.У. Шәлекеновтың, Г.Е. Сабденованың, Е. Бұлановтың және т.б. тарихшылардың зерттеулерінде қарастырылады. Осы кезеңде тақырыптың мынадай мәселелері жөнінде зерттеулер жүргізіліп, ой-пікірлер мен тұжырымдар айтылды:
1) Хандықтың құрылған жылына байланысты әртүрлі пікірлер қайта көтеріліп, тарихшылардың пікірлері бір тоқтамға келмей, мәселе шешілмеген күйінде қалып отыр;
2) Қазақ хандығының құрылуын Шығыс Дешті Қыпшақ пен Мауереннахр, Моғолстан және оларға іргелес аймақтардағы тарихи дамулармен байланыстыра қарауға талпыныстар жасалады;
3) Қазақ халқының қалыптасуының аяқталуы мен хандықтың құрылуының бір кезеңде жүзеге асқандығы жөнінде пікірлер айтылды;
4) «Қазақ» сөзінің мәні мен мазмұны, шығуы мәселесі осы тақырыпқа байланысты қайтадан күн тәртібіне қойыла бастады;
5) Осы кезеңдегі ірі жаңалыққа – Мұхаммед Хайдар мырза Дулатидың «Тарих-и Рашиди» еңбегінің орыс, қазақ тілдеріне тұңғыш рет ғылыми негізде толығымен аударылып, тақырыптың жан-жақты зерттелуіне мүмкіндіктер ашып беруі жатады.
Жалпы алғанда, қазіргі кезеңде де тақырыпты зерттеушілер оның әртүрлі мәселелерін ашуға, анықтауға ізденістер жүргізеді. Бірақ тақырыпты толық зерттелді деуге әлі ертерек.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет