Қазақстанның театр режиссурасы: сабақтастық және жаңашылдық



бет1/10
Дата23.10.2016
өлшемі2,55 Mb.
#65
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10
Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы
ӘОЖ 792 (574) «1991/2015» Қолжазба құқығында

МАЕМИРОВ АСХАТ МАКСИМОВИЧ


Қазақстанның театр режиссурасы: сабақтастық және жаңашылдық


(1991-2015)

6D041600Өнертану

Философия докторы (PhD)

ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация

Ғылыми кеңесшілері

Нұрпейіс Б.К. - өнертану

докторы, профессор

Сирежол M.К. - философия

докторы (PhD), профессор


Қазақстан Республикасы

Алматы, 2016



МАЗМҰНЫ


КІРІСПЕ

3

1 ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТЕАТР РЕЖИССУРАСЫНДАҒЫ САБАҚТАСТЫҚ ПЕН ЖАҢАШЫЛДЫҚ ҮДЕРІСІ

16


1.1 Мәдени кеңістіктегі режиссураның ролі, сабақтастық пен жаңашылдық мәселелері

16


1.2 Ұлттық классикалық пьесаларды интерпретациялаудағы дәстүр мен жаңашылдық

27


2 ЖАҢА ТЕАТРЛЫҚ ИДЕЯЛАРДЫҢ РЕЖИССУРАДАҒЫ КӨРІНІСІ

56


2.1 Спектакльдің жаңа театрлық формалары (Н.Жақыпбай мен Б.Атабаев режиссурасының мысалында)

56


2.2 Қазақ театрларындағы Алаш тақырыбының игерілуі

78

3 ҚАЗАҚСТАН ТЕАТР РЕЖИССУРАСЫНЫҢ ДАМУ ҮРДІСТЕРІ

99

3.1 Әлемдік және орыс классикасын меңгерудегі замануи шешімдер

99

3.2 Жас режиссерлердің ізденіс жолдары

117

ҚОРЫТЫНДЫ

128

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

134


КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Зерттеу жұмысында тәуелсіздік алған 1991-ші жылдан бастап қазірге дейінгі аралықтағы Қазақстанның театр режиссурасындағы сабақтастық пен жаңашылдық үрдістері театртанушылық контекстер мен өнертанушылық үдерістер бойынша сарапталды. ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасыр басындағы Қазақстанның көп ұлтты театрларындағы режиссураның сахна кеңістігінде алатын орны, көркемдік сипаты мен эстетикасы теориялық тұрғыда талданды. Режиссура өнеріндегі заманауи ізденістер мен тәжірибелердің даму жолдары, сабақтастық пен жаңашылдық бағыттарының ұлттық болмыс-бітім мен рухани құндылықтарды сақтаудағы рөлі зерделенді.

Зерттеу тақырыбының өзектілігі: Мемлекетіміз тәуелсіздік алғаннан бергі жиырма бес жылдың ішінде рухани кеңістігіміз бен қоғамдық өміріміз өзгерістер мен даму жолында екендігі анық. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында: «Дәстүр мен мәдениет - ұлттың генетикалық коды» екендігін атап, «Қазақстан мәдениетінің дамуына жаңа импульстар беру керек екендігін» нақты айқындаған [1]. Мемлекет басшысы бәсекелестікке қабілетті мәдениетті ментальді қазақстандықтарды және заманауи мәдениет кластерін дамытуға бағытталған Қазақстан Республикасындағы мәдени саясаттың ұзақмерзімді тұжырымдамасын бекітті.

Елбасы бекіткен мемлекетіміздің мәдени саясатының ұзақмерзімді тұжырымдамасының стратегиялық доминанты «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы болып табылады. Ол Қазақстан халқын өзінің бай мәдени мұрасымен және шығармашылық әлеуетімен Қазақстан Республикасының 30 дамыған елдің қатарына кіру мақсатына ойдағыдай қол жеткізуге шоғырлануға үндейді.

Мәдениет - ең алдымен әлемдегі елдердің ұлттық идеологиялары мен ұстанымдарын қалыптастырудың мықты құралы екені анық. Ендеше мәдениет пен өнердің әлемдік өркениетте алатын орны мен атқаратын рөлі, перспективалық даму платформаларының барлығы да ең алдымен ғылыми тұрғыда сараланып, кейін практика жүзінде іске асады. Өнертану ғылымында өте аз зерттелген саланың бірі - режиссура болып табылады.

«Егемендікке дейін қазақ театрының туу, қалыптасу дәуірінде орасан мол еңбек еткен әдебиет пен мәдениет, қоғам қайраткерлері орынсыз кінәланғандықтан ол кездегі театрлық атмосфера, идеялық-шығармашылық және өнерпаз күштерді ұйымдастыру мәселелері де нағыз ғылыми зерттеуден тыс қалды. Қазақ театрының алғашқы дәуірінде өздерінің ерен шығармашылық эрудициясымен жас театр өнерінің қабырғасын қатайтуға сүбелі үлес қосқан ұлт зиялыларының шығармашылығы мәлімсіз болды. Халқымыздың басынан өткерген тарихи кезеңдердің, дүрбелеңге толы дәуірлердің әсері мен ықпалы ұлттық болмысымыздың молая түсуіне мүмкіндік бермей, орасан зор орны толмас өкініштерге ұшыратқаны баршамызға белгілі» [2, 7 б.] – деп театртанудағы осынау өзекті мәселені өнертану докторы, профессор Б.К.Нұрпейістің қоғам назарына ұсынуы тегіннен-тегін емес.

Сондықтан, Тәуелсіз Қазақстанның театр өнеріндегі режиссура саласын сабақтастық пен жаңашылдық рухта нақты зерделеп, әлемдік сахна заңдылықтары мен үрдістеріне жауап бере алатын қазіргі ұлттық театр бағыттарын кәсіби тұрғыда пайымдап, рухани мұралардың сақталуы мен заманауи талаптарға сай даму үрдістерін қарастыру – ғылыми, мәдени саяси, тарихи қажеттіліктерден туындаған міндеттердің бірі.

Жетпіс жыл өмір сүрген кеңестік идеология мен «тоталитарлық жүйе» өнердегі ғажайып құбылыстар мен кереметтердің барлығы басқа елдерде, тек ұлы халықтарда деген ұғымды санамызға сіңіріп, өз ұлтымыздың құндылықтарын айтуға, ғылыми тұрғыда саралауға мүмкіндік бермеді. Сондықтан режиссурадағы сабақтастық, дәстүр мәселесі аяқасты болып, рухани інжу-маржанға айналар біртуар дүниелерге баға берілмей келді. Оған дәлел, бас штаб пәтері Парижде орналасқан ЮНЕСКО жанындағы Халықаралық театр институты шығарған «Әлем театрларының тарихы» атты 2 томдық кітапта, қазақтың ұлттық театр өнері туралы жарты параққа толар-толмас мәлімет көзге ілінеді. Онда да Қызылорда қаласында 1926 жылы қазақтың тұңғыш театрының ашылғаны, алғашқы актерлері туралы тарихи мағлұматтан басқа ештеңе жоқ.

Тәуелсіздік алғалы өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді. Мемлекетімізді төрткүл дүние таныды. Ең бастысы, өнеріміз бен мәдениетіміздің тарихындағы ақтаңдақ тұстарының ақиқатын ешкімнен қысылмай, қымтырылмай айтатын кезеңге жеттік. Егер халық пен өнерді егіз ұғым десек, егеменді ел атанған кезеңнен бастап мәдениетіміздегі рухани мұралар мен құнды жәдігерлер, сахна саласындағы қол жеткізген шығармашылық жетістіктер мен тәжірибелер туралы ғылыми-әдістемелік тұрғыда саралауға да қол жеткіздік.

Соның бірі қазақ театр режиссурасының тарихы мен даму үдерістері туралы ұлттық театртану саласында біршама зерттеулер жүргізіле бастады. Өнертану ғылымында ең алғаш рет Б.К.Нұрпейістің 2010 жылы «Қазақ театр режиссурасының қалыптасуы мен даму кезеңдері» (1915-2005) атты докторлық диссертациясы қорғалып, ал 2014 жылы монографиясының арнайы кітап болып жарық көріп, мұндағы кеңестік кезең мен тәуелсіздік жылдарындағы қазақ режиссурасы туралы байыпты байлам, ғылыми жаңаша тұжырымдама қалыптастырғаны бәрімізге аян.

Әрине, 1991 жылға дейінгі қазақ театр өнері зерттелмеген, одақтық баспасөз беттерінде жарияланбады десек, дұрыстық емес. Қазақ театр тарихын зерттеумен арнайы айналысқан театртанушы ғалымдар Н.Львовтың, Қ.Қуандықовтың, Б.Құндақбаевтың, Л.Богатенкованың, Қ.Мұхамеджановтың зерттеу нысандары – еліміздің сахна өнерін көп ұлтты кеңестік театр өнерінің бір саласы ретінде қарастырылып, коммунистік идеология мен кеңестік жүйедегі ғылыми үдерістер шеңберінде зерттелді.

Әрине, дәл осындай жағдайларды одақтас республикалардың көпшілігі басынан кешірді. Соның ішінде ғылымның басқа салалары секілді, өнертану мен мәдениеттануда да «сабақтастық» пен «жаңашылдық» ұғымдарын пайымдау мәселесі тарихи, әлеуметтік-саяси мәселелерге байланысты әр кезеңде әртүрлі бағаланады. Мысалы, жиырмасыншы ғасырдың 1920-шы жылдарында Кеңес Одағы «Қазан төңкерісіне» дейінгі дәстүрлі мұраларды жоққа шығарып, тек қана жаңашылдықты қабылдады. Мемлекет құруда ғана емес, мәдениетте төңкеріс жасаған Кеңестер Одағының басты ұстанымы, жаңашылдықтың революциялық идеялық мазмұнын қолдай отырып, өзіне дейінгі мәдени мұраның барлығын теріске шығарды. Нәтижесінде мәдени кеңістікте тепе-теңдік жойылып, дәстүрлі бағыттағы рухани құндылықтар аяқ асты болды.

Жалпы жетпіс жыл тоталитарлық жүйеде өмір сүрген Кеңестік театрлардың көркемдік-эстетикалық бет-бейнесіне ғылыми баға берген басқосу 1990 жылы маусым айында Мәскеу қаласында өткен «Театр және тоталитарлық мемлекет» атты халықаралық конференция еді. КСРО, ГДР, Чехославакия секілді елдердің өнертанушы-ғалымдары мен театр сыншылары екі күн бойы ашық айтып, бүкпесіз саралап, заманауи театр үдерісінің даму үрдістерін жаңа арнаға бұруды, мұрағаттардағы шаң басқан материалдарды қайта жинақтап, жаңарған таным мен тағылымдар тұрғысында өнертанудың жаңғырған көшін бастауды бірауыздан ұсынды.

«Перед нами такое обилие фактов, трогающих душу, ужасающих до сих пор, фактов гибели целых направлений, очень крупных явлений нашей театральной и вообще художественной культуры, судьбы отдельных людей. Тоталитаризм жестоко отомстил всем нам, кто работал внутри, заключив искусство в очень жесткую систему эстетических координат. Для театра долгие годы это было трагедией, потому что не позволялся выход за пределы принятой эстетики» [3, 3-6 б.] – деп өнертану докторлары М.Е.Швыдкой, В.А.Максимова шеңберден шығаруға мүмкіндік бермеген сол зұлмат заманның өнердің даму үдерісіне тигізген жағымсыз әсері мен зиянды ықпалы туралы ашық айтады.

XX ғасырдың сүргінін бастан кешіп, жаңа мыңжылдықтың табалдырығын жаңғырған қалпында аттаған Қазақстан өзінің барша төлтума болмысын, жарқын да бай мәдениетін, ғасырлар қойнауында қалыптасқан салт-дәстүрін, қызық та қилы-қилы тарихын әлем халықтарының алдына жайып салып, еңбек пен мәдениетті жарастыру үшін, сұлулық пен парасаттың салтанат құруы үшін, жаппай келісімі жарасқан прогрессивті адамзатпен бір сапта болу үшін жаңаша өмірге қадам басты.

Ендеше жаңарған дәуірдің тынысынан туындаған қазіргі таңдағы мемлекетіміздің театр режиссурасындағы ізденістерді сабақтастық пен жаңашылдық тұрғысында зерделеу және әлемдегі сахна сүйер халыққа таныстыру – Қазақстан өнерінің жетістіктерін паш ету, режиссурамыздың даму үрдістерін айқындау болып табылады.

Бұл біріншіден, қазіргі театр үдерісінің көркемдік көкжиегін жаңа көзқараста танитын, тәуелсіздік пен елдік рухта өнер құбылыстарын жасауға ұмтылған қазақстандық режиссураны кәсіби тұрғыда одан әрі дамытуға жол салады. Екіншіден, халықаралық мәдениет аренасындағы Қазақстанның біртуар тұлғасын қалыптастыруға және нығайтуға ықпал етеді.

Зерттеу жұмысының нысаны: Қазақстанның театр режиссурасы болып табылады.

Зерттеудің пәні: Мемлекетіміздің мәдениетіндегі жаңа көркемдік-эстетикалық құбылыс болып табылатын Қазақстаның театр режиссурасындағы сабақтастық пен жаңашылдық бағыттарды тәуелсіздік алған кезеңдерден бастап театртанушылық тұрғыда қарастыру.

Тақырыптың зерттелу деңгейі: Қазақстанның театр режиссурасындағы сабақтастық пен жаңашылдық үдерісі осыған дейін еліміздің театртану ғылымында арнайы әрі нақты зерттелмеген.

Бірінші топтағы еңбектердің қатарына қазақ театр тарихын зерттеумен арнайы айналысқан театртанушы ғалымдар Б.Құндақбаевтың, Ә.Сығаевтың, А.Қадыровтың, С.Қабдиеваның, Б.Нұрпейістің, А.Мұқанның, А.Еркебайдың, М.Жақсылықованың, Н.Шаукенбаеваның тарихи-талдаушылық бағытта жазылған ғылыми монографияларын, көрнекті театр режиссерлері мен актерлері А.Әшімовтің, М.Байсеркеновтың, Р.Сейтметовтың, Т.Жаманқұловтың, Ә.Рахимовтың кітаптарын жатқызамыз.

Аталмыш ғалымдардың зерттеу еңбектерінде қойылымдардың көркемдік деңгейі, тақырыптық-идеялық мазмұны мен актерлік ойындар жан-жақты талданады. Саңлақ сахнагерлер режиссурасының ерекшеліктері туралы спектакльдерді талдау барысында айтылып отырады.

Әрине еліміздің театр режиссурасы ұлттық сипаты мен эстетикасы басқа ұлттардан ерекшелгенімен, оның даму үрдістерін әлемдік өркениеттегі мәдени контекстер тұрғысында салыстырмалы тұрғыда зерттейміз. Сондықтан шетелдік мамандардың ішінен ресейлік, франциялық, ұлыбританиялық, америкалық, германиялық және т.б. елдердің зерттеушілерін атауға болады. Олардың барлығында заманауи театр режиссурасының мәселелесін қарастырудың әртүрлі әдістемесі байқалады.

Ендеше екінші топтағы еңбектерге қазіргі театр өнерінің даму үдерісін, заманауи режиссураның өзекті мәселелерін терең зерттеумен арнайы айналысқан театртанушы ғалымдар; ресейлік - М.О.Кнебель, А.Бартошевич, В.Силюнас, Е.Крымова, М.Г.Литаврина, П.Богданова, А.Б.Ладыгина, В.В.Гринин, Н.Потапов, И.Рудакова, Р.Должанский, Ю.М.Барбой, Г.А.Праздников, В.И.Максимов, Н.В.Песочинский, Б.Н.Кудрявцев, И.И.Бойкова, Н.А.Таршис, А.В.Сергеев, А.П.Кулиш, А.А.Чепуров, ұлыбританиялық - Эрик Бентли, Айвор Браун, Ирвинг Уордл, Бернард Левин, Кеннет Тайнен, Джон Холлоуэй, Дэвид Адамс, франциялық - Пьер-Эме Тушар, Жорж Кравен, Ролан Барт, Жан-Пьер Тибода, американдық - Уолтер Керр, Старк Янг, Чарльз Мэровиц, Роберт Брустин, Фрэнк Ричи, польшалық - Котт Ян және т.б. көптеген зерттеушілердің еңбектерін атауға болады.

Үшінші топқа мерзімді газет-журнал беттеріне әр жылдарда жекелеген спектакльдер мен жекелеген режиссерлерге шығармашылық кескіндемелер жазып отырған мәдениеттанушы, сыншы Ә.Бөпежанова, С.Әбединова, А.Есали, А.Қорғанбаев, А.Ахметқызы, Ә.Бақдәулетқызы, Н.Жұмабай, А.Аханбайқызы т.б. режиссерлер туралы мақалаларында, режиссерлік өнер спектакльдің тақырыптық мақсаты мен міндеттері аясында бағаланған.



Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Қазақстанның театр режиссурасының заманауи даму үрдістерін әлемдік мәдениет контекстінде зерттеу. Осы мақсатқа байланысты мынадай міндеттер қойылған:

– Қазақстанның мәдени кеңістігіндегі ерекше феномен ретінде театр режиссурасының болмыс-бітімі мен мәнін айқындап, мемлекетіміздің көп ұлтты театр өнерінің дамуына негіздемелер болатын рухани-әлеуметтік, көркемдік-эстетикалық бастауларды анықтау;

– 1991 жылмен 2015 жылдар аралығындағы Қазақстан режиссурасының сабақтастық пен жаңашылдық бағыттарын зерттеу нәтижесінде, оның дамуының басты үрдістерін анықтау;

– ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басындағы еліміздің өнер үдерісінде өзіндік орны бар ұлттық театрлардың режиссура мәселесіне театртанушылық талдау жасау және қоғамдық санаға әсер еткен көркемдік деңгейі жоғары қойылымдардағы рухани құндылықтардың мән-мағынасын ашу;

– Қазақстан Республикасының мәдени саясатының ұзақмерзімді тұжырымдамасы ауқымындағы театр режиссурасының басты бағыттары мен даму перспективаларын белгілеу;

– Қазақстанның режиссура өнерінің эволюциясын, мемлекетіміздегі театрлардың ұлттық бейнесі мен келбетін сақтау мен дамытудағы ролін айқындау;

– Қазақстанның театр режиссурасының даму кезеңдерін сабақтастық пен жаңашылдық арақатынасы негізінде қарастыру;

– Әлемдік жаңару мен жаһандану үдерісінің қазақ театр режиссурасына тигізген әсері мен ықпалының жағымды және жағымсыз тұстарын саралау;

– Қазақстандағы «режиссерлік театр» моделінің құрылымын жасаған отандық көрнекті режиссерлердің шығармашық мұраларын ғылыми-теориялық тұрғыда кәсіби талдау жасай отырып, қойылымдарының көркемдік деңгейін сараптау;

– Тәуелсіздік кезеңіндегі Қазақстан театр режиссурасының эстетикалық сипатты белгілерін жаңа концептуалды тұрғыдан қарастыру.



Зерттеудің әдістері мен теориялық-әдіснамалық негіздері. Зерттеу жұмысының театртанудағы мәдени-тарихи, салыстырмалы-типологиялық, тарихи-функционалдық, герменевтикалық, семиотикалық, әлеуметтік әдістерге сүйенеді. Жоғарыда келтірілген мақсат-міндетті жүзеге асыру барысында докторант диссертация жұмысын жазу кезінде Ресей, Франция, Германия, Чехия, Италия, Австрия, Грузия, Армения, Израиль, Түркия, Өзбекстан мемлекеттерінің қазіргі сахна өнерінің үдерісімен жақын танысып шықты.

Атап айтсақ, Париж қаласындағы - «Комеди Франсез», «Буфф дю Нор», «Одеон», «Норд Уест» (Франция), Мәскеу қаласындағы - «А.Чехов атындағы Мәскеу Көркем театры», «М.Горький атындағы Мәскеу Көркем театры», «Современник», «Ленком», «Ресей академиялық жастар театры – РАМТ», Е.Вахтангов атындағы академиялық драма театры, «Сатирикон», «П.Фоменко шеберханасы», «Театр өнерінің студиясы – СТИ», «Мәскеу жас көрермендер театры – МТЮЗ», «Драма өнерінің мектебі – ШДИ», «Ұлттар Театры», Вс.Мейерхольд атындағы орталық, «Практика» т.б., Санкт-Петербург қаласындағы – БДТ, МДТ, Александриялық театры, Балтық үйі, т.б., М.Горький атындағы Орынбор академиялық драма театры, Самара мемлекеттік драма театры секілді ресейлік театрлар, Берлин қаласындағы – Берлинер-ансамбль, Шаубюне, Фольксбюне, Каммершпиле (Германия), Милан қаласындағы Пикколо театро ди Милано (Италия), Ш.Руставели атындағы Грузин мемлекеттік академиялық драма театры, Тбилиси мемлекеттік сазды драма театры т.б.

Әрине, Қазақстанның театр режиссурасындағы сабақтастық пен жаңашылдық бағытты зерттеу жолындағы мақсат-міндеттерді жүзеге асыру үшін отандық өнер ұжымдарының спектакльдерін қоюшы-режиссерлермен, суретшілермен, композиторлармен, актерлермен бірігіп, саралап, шығармашылық труппалардың эстетикалық ұстанымдары мен көркемдік бағыт-бағдарына үңілдік.

Олардың қатарында М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры (Алматы), Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры (Астана), Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры (Алматы), Астана жастар театры, Ю.Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс театры (Алматы), М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры (Астана), Республикалық кәріс, неміс, ұйғыр театрлары, сондай-ақ Алматы қаласындағы экперименталдық тұрғыда құрылған «Арт и Шок» театры, «Ақсарай» мюзикл театры, сонымен қатар, Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық қазақ музыкалық драма театры және басқа да облыстық театрлары (Тараз, Орал, Атырау, Қызылорда, Көкшетау, т.б.) бар.

Зерттеу жұмыстарын жүргізу кезінде әлемге танымал кез-келген театр режиссурасындағы сабақтастық пен жаңашылдық арасынан кейде керемет жарасымның, кейде қарама-қайшылықтардың бар екендігіне көз жеткіздік.

Диссертациялық жұмыстың теориялық және әдіснамалық негізі ретінде белгілі отандық Б.Құндақбаев, Ә.Сығаев, А.Қадыров, С.Қабдиева, Б.Нұрпейіс, А.Еркебай, А.Мұқан, М.Жақсылықова, З.Исламбаева мен бұрынғы одақтық К.С.Станиславский, Вл.И.Немирович-Данченко, Б.Алперс, А.Бартошевич, П.Марков, К.Рудницкий, М.Кнебель, Ю.Барбой және шетелдік театртану саласындағы Б.Брехт, А.Арто, П.Брук, Е.Гротовский, Дж.Стрелер, Э.Бентли, Э.Барба, Н.Саварезе, Ю.Альщиц, И.Уордл, т.б. режиссерлердің, ғалымдардың әр жылдарда жарық көрген театр өнерінің теориясы мен практикасы, мәдениеттің эстетикасы саласында жазылған ғылыми еңбектері басшылыққа алынды.

Режиссураның хронологиялық ауқымы тәуелсіздік алған кезеңді, яғни 1991-2015 жылдардың аралығын қамтитындықтан да режиссерлердің үздік жұмысы саналатын кезеңдік спектакльдердің көркемдік тұтастығын талдау, қорыту мәдени-тарихи, салыстырмалы-тарихи әдістер арқылы қарастырылды.

Соңғы жылдары қоғамда болып жатқан өзгерістерге орай өмір мен өнердің, мәдениет пен ғылымның әр саласындағы өзара байланыстарды тұтастай қамтуға назар аударылды. Режиссерлердің тәуелсіздік алған кезеңнен бұрын ертерек қойылған кейбір қойылымдарына реконструкция жасай отырып, тарихи-мәдени шолу, мәдениеттанушылық, психологиялық, педагогикалық, эстетикалық аспектілерге сүйеніп, зерттеу нысанының ыңғайына қарай әртүрлі тарихи-функциональдық, герменевтикалық, семиотикалық секілді театртанушылық әдістер де пайдаланылды.

Режиссерлердің тұлға болып қалыптасуындағы олардың шығармашылық және өмір жолын зерттеу, өздері өмір сүрген кезең мен қоғамның рухани құндылықтар жүйесін көрсететін ішкі суреткерлік әлемін жақсы түсіну үшін өмірбаяндық әдіс те қолданылды.

Қазақстан режиссурасының әлемдік театр кеңістігіндегі даму, өркендеу контексіндегі орынын бағамдау үшін зерттеудің салыстырмалы-типологиялық, режиссерлердің театрдың репертуарлық саясатын жасаудағы, актер мектебін қалыптастырудағы заңдылықтарын дәлелдеуге мүмкіндік беретін формальдық және әлеуметтік әдістер, сонымен бірге қойылымдарды талдау нәтижесінде режиссурадағы табыстар мен кемшіліктерді кәсіби деңгейде бағалауға қолайлы сыншылық талдау әдістері де пайдаланылды.



Диссертациялық зерттеудің жаңалығы: Диссертациялық ізденістің сонылығы таңдап алынған тақырыптың бұрын-соңды театртанушылық қырынан арнайы зерттеле қоймағанымен, тың әдістемелік тәсілдердің қолданылуымен сипатталады. Бұл диссертациялық жұмыста тәуелсіз еліміздің өнер кеңістігіндегі сабақтастық пен жаңашылдық ұғымдары қазақ театртануында тарихи-зерттеушілік және теориялық тұрғыда алғаш рет қарастырылды.

Автор мемлекетіміздің театр режиссерлерінің шығармашылығын өнердегі дәстүршілдік пен инновация ұғымы аясында және классикалық туындылардың жаңашыл көзқараста сахналауын заманауи театр үрдісіне ықпалы мен әсері тұрғысынан сараптап, біртұтас жүйелі түрде зерттеу жүргізуге талпыныс жасады.

Қазақтанның театр режиссурасындағы сабақтастық пен жаңашылдық отандық театртануда бұрын-соңды жеке бөліп қарастырылып, арнайы зерттелмегенін жоғарыда атап өткенбіз. Осы себептен, бұл тақырып қазақ театртану ғылымында жаңа зерттеулерге жол ашып, әрі тәжірибелік құндылығы тұрғысынан пайдалы болады.

Автор диссертация жұмысын кешенді түрде зерттеу барысында жаңашылдық мәртебесіне ие бірқатар нәтижелерге қол жеткізді, олардың негізгілері мыналар:

– 1991-2015 жылдардағы, яғни тәуелсіздік алған кезеңдегі Қазақстанның театр режиссурасындағы ізденістер алғаш рет жеке дара сараланды;

– Режиссурадағы сабақтастық пен жаңашылдық ұғымдарының сипаттық белгілері айқындалып, отандық театртану ғылымындағы негізгі тұжырымдамалары жүйеленді;

– Қазақстанның театр режиссурасының дамуы мен жаңғыру кезеңдері сабақтастық пен жаңашылдық арақатынасы негізінде қарастырыла келіп, театр мектептеріндегі әдістеменің, көркемдік-мағыналық ассосациялардың, символдардың, театрлық метафоралардың жүйелі түрдегі жалғастығы анықталды;

– режиссура өнерінің ұлттық театрлардың болмыс-бітімін сақтап қалудағы рөлі айқындалып, кеңестік тоталитарлық жүйеден кейінгі шығармашылық еркіндіктің нәтижесінде сахналанған спектакльдердегі суреткерлік ой мен режиссерлік тұжырымдар пайымдалды;

– Қазақстанның мәдениетіндегі «театр – әлеуметтік институт» жаңа эстетикалық жүйесін қалыптастырған режиссердің әлеуметтік феномен екендігі анықталды;

– көп ұлтты Қазақстан режиссерлерінің тәуелсіз мемлекетіміздің заманауи театр мәдениеті мен эстетикасын қалыптастыруға қосқан үлестері сараланды;

– Еуропаның қазіргі театр әдістері мен жүйелерінің қазақ театр өнеріне тигізген ықпалы ашылды;

– Заманауи қазақ театр режиссурасының жаңа үрдістері мен даму перспективалары белгіленді;

– Автор отандық ғылыми айналымға «режиссер – спектакль авторы» деген халықаралық театртанушылық ұғымды енгізуді ұсынды.

– қазақ театр мәдениеті мен эстетикасын көтерудегі режиссердің дүниетанымдық парадигмалары мен адамзат рухын көтерудегі режиссерлік шешімдері айқындалды;

– режиссерлердің суреткерлік тұлғасы мен шығармашылығы қоғамдық-әлеуметтік және мәдени өмір контексінде қарастырыла келіп, театр өнерінің саяси-идеялық бағыт-бағдары мен қоғамдық рөлі анықталды;

Зерттеудің қорғауға ұсынылған негізгі ғылыми тұжырымдар

– Қазақстанның тәуелсіз ел атануы арқылы республикамыздың өзіне тән мәдени-рухани кеңістігін жасау мен ұлттық болмыс-бітімін орнықтыру жолында режиссура өнерінің рөлі және атқаратын шығармашылық қызметінің аумағы кеңейіп, режиссерлер мемлекетіміздің сахна өнері мен мәдениетін халықаралық аренаға алып шығуға ат салысқан суреткер тұлғаларға, қоғам қайраткерлеріне айналды. Оның жарқын мысалы ретінде, Ә.Мәмбетов сияқты біртуар сахнагерге мемлекеттің ең жоғарғы марапаты – «Халық қаһарманы» атағын беру арқылы Елбасымыздың өзі, режиссердің ұлттық құбылыс пен өнердегі эталон екендігін нақты дәделдеді.

– Тәуелсіздік арқылы кеңестік идеология зардабынан рухани бейнесін еске алу былай тұрсын, есімдерін атауға тыйым салынған тарихи тұлғаларды ұлтымызбен қайтадан табыстыру үрдісі режиссурада басты бағытқа ие болды. Бұл үрдіс өз кезегінде халықтың елдік рухын биіктетіп, ұлттық мақтаныш сезімін оятып қана қоймай, жасампаздық идеясымен қаруланған Қазақстанның рухани тұрғыда қайта түлеуіне жол ашты. Халықтың ұлттық санасы мен рухының тарихи тамырымен әрқашан бір болу керек екендігі, мәдени мұрасын сақтауға деген әрекетінің белсенді болу қажеттігі режиссурада басты ұстанымға айналды.

– Бұл жылдары қазақ режиссурасы бұрын қозғауға болмайтын жабық тақырыптарды еркін және батыл түрде көтеріп, халқымыздың көлеңкелі тұстарындағы тарихи фактілерді сахналық құралдар арқылы қойылымдарға арқау етіп, ұлттық жаңғыру идеясы мен әлеуметтік-рухани қайта түлеу үдерісіне мол үлес қосты.

– Республика шеңберінде дәстүрлі түрде өтетін театр фестивалдері, халықаралық байқаулар арқылы Қазақстан режиссурасының жаһандық үрдістермен астасқан заманауи ерекше мәдени түсініктер мен құндылық бағдарлары құрылымын туындатты. Еуразияның театр кеңістігіндегі мәдениеттердің бір-бірімен тоғысуының, бірін-бірі танып-білуінің, жақындаса әрекеттесуінің арқасында Қазақстан режиссурасының әлемдік стандарттарға сай даму жолдары анықталды.

– Әлемде баламасы жоқ ұйғыр, неміс, кәріс және орыс театрларының шығармашылық келбеті, репертуарлық саясаты негізінде – жас көрермендерге толеранттық пен бірлік негізіндегі Қазақстандағы ұлттар мен ұлыстардың өздерінің салт-дәстүрін, әдет-ғұрыпын, тілі мен дінін танып-білу арқылы, этникалық қауымдастықтарды гуманистік үдерістерге сүйене отырып, бірлесе өмір сүру маңыздылығының мәнін ашуға ықпал етті. Еліміздегі өзге ұлт театрларының сахнасында мемлекет құрушы ұлт ретіндегі қазақ халқының рухани құндылықтары мен тарихи өткен жолдарын драма тілімен сөйлетіп, Елбасы көтерген «Мәңгілік Ел» доктринасы аясында «Бір ел, бір тағдыр, бір халық» идеясын режиссерлер көркемдік шоқтығы биік қойылымдар арқылы қоғам назарын рухани-адамгершілік құндылықтарға бұрып, Қазақстанның заманауи сахна өнерінің этносаралық жасампаз ұстанымдардың бастауы бола алатындығын дәлелдеді.

– Әзірбайжан Мәмбетов – Қазақстандағы авторлық режиссураның негізін салушы тұлға, әрі кеңестік кезеңдегі қазақ театры мен тәуелсіз мемлекетіміздің сахна өнері арасындағы «алтын көпірі болды» деп нақты тұжырым жасалынды.

– Қазақ театр сахнасында К.С.Станиславский жүйесімен жұмыс жасаған А.Тоқпанов пен И.Мадиевскийдің режиссерлік әдістемесі – М.Байсеркенов, Е.Обаев, Р.Андриасян, Ә.Рахимов, Х.Әмір-Темір, Е.Оразымбетов, Ә.Оразбеков, М.Ахманов режиссурасында кәсіби түрде жалғастық тапты. Кейіпкержандылық сезім үдерісін ояту, тебіреніс арқылы көрермендерге әсер ету, реалистік дәстүрге негізделген орындаушылық шеберлікті қалыптастыруда, сабақтастық ұғымының Қазақстан режиссурасында өркен жайғанын дәлелдеді. Олардың режиссурасында ұлттық мінездердің даралығы, ана тіліміздің әуездік, дыбыстық табиғаты, шешендік өнер қырлары терең ашылып, спектакльдердің көркемдік құндылығын арттырды. М.Байсеркенов, Е.Обаев, Р.Андриасян, Ә.Рахимовтар театрдың ең басты шығармашылық әлеуеті – актерлерді тәрбиелеудің мектебін қалыптастырған, Қазақстанның театр педагогикасының деңгейінің өсуіне ат салысқан ұстаз–режиссерлер болды.

– Саңлақ сахнагер Ә.Мәмбетовтің шәкірттері - Н.Жақыпбай мен Б.Атабаев Қазақстанда «мектеп-студия-театр» құрылымын тұңғыш қалыптастырып, өздері құрған театр базасында шәкірттерін бір мақсат, бір идеяға жұмылдыра отырып, актерлік техниканы таптаурындықтан, стереотиптерден арылтып, сахналық бейнелеу құралдарын жаңғыртты. Сонымен қатар, Қазақстанның сахна өнерінде мюзикл жанрының қадам басуына дәнекер болып, алғаш сахналаушы режиссерлер ретінде тәуелсіз еліміздің театр тарихынан орын алды. Н.Жақыпбай – пластикалық театр, Б.Атабаев – рационалдық театр әдістемесімен жұмыс жасай отырып, режиссурада философиялық таным мен тағылым қалыптастырып, көрермендердің интеллектуалдық деңгейінің биіктеуін көркемдік ұстанымдарына айналдырды. Қазақ театрының әлемге танылуына ұйытқы болды. Көрнекті режиссер Ж.Хаджиев – халықтық дастандар мен эпикалық драмаларға интерпретация жасауда батыл эксперименттік шешімдер жасап, «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қарагөз», «Ақан сері – Ақтоқты», «Ерте ояндым, толғандым» қойылымдары арқылы қазақ ұлттық классикасын өзгеше сөйлетудің заманауи озық үлгілерін көрсетті. Авторлық режиссураның хас шебері – «шартты театр» заңдылықтарына сүйене отырып, сахнаны тұрмыс-салттық элементтерден арылтып, шығарманың философиялық мазмұнын аша отырып, көрермендерге қойылым рухын ұғындыруды алдыңғы кезекке шығарды.

– Қ.Қасымов, Қ.Сүгірбеков, А.Кәкішова, Н.Дубс, К.Адылов, Г.Мерғалиева, Г.Пьянова – Қазақстан режиссурасын авангардтық бағытта дамытып, эксперименттік-лабораториялық жұмыс жасаудың еуропалық үлгісін жасай білді. Классикалық пьесаларды және қазіргі драматургиялық туындыларды инновациялық тұрғыда, небір заманауи құралдар арқылы сахналай отырып, өздерінің режиссерлік шешімінде жалпыадамзаттық және ғаламдық мәселелерді көтеруімен, рухани-эстетикалық маңыздылығымен ерекшеленді. Өз қойылымдарындағы актерлер ойынында кейіпкержандылық пен кейіпкерсындылық мектебінің техникасын сабақтастырып, Қазақстан актерлерінің бейне сомдаудағы ерекшелігін көрсете білді.

– 2010-шы жылдардан бастап Қазақстан режиссурасының постмодерндік бағытында жұмыс жасауға талпынған жас буын өкілдері Е.Нұртазин, Е.Нұрсұлтан, Д.Жұмабаева, Ә.Баймаханова, Б.Абдрахмановтар пластикалық театрдың, физикалық театрдың құрылымын сахнаға әкелуге қадамдар жасады. «Жаңа драма» бағытындағы пьесаларды сахналау арқылы бүгінгі замандастар бейнесін, олардың ортасын, тағдырын, виртуальды әлеммен қаруланған болмысын сипаттаумен және сценорграфиядағы минимализммен ерекшеленді. Қазақстанға мюзикл жанрының басталуына себепкер болған орта буын өкілдерінің режиссурасынан – Еуропалық театр үдерісінің эстетикасы көрініс тауып отырды.

– Тәуелсіздік жылдарындағы театр режиссурасында сабақтастық пен



жаңашылдық бағыттары кең тұрғыда қанат жайып, өзіндік қолтаңбасы мен авторлық стилі қалыптасқан, көркемдік деңгейі жоғары режиссерлер шоғыры – мемлекетіміздің сахна өнері мен мәдениетін халықаралық деңгейге алып шығуға ат салысқан суреткер тұлғаларға айналды. Қазақстан режиссурасы ұлттық театр өнерін дамытудың өркениетті үлгілерін көрсетті. Аға буын, орта буын, жас буын өкілдері Қазақстанның режиссерлік өнеріндегі ұрпақтар сабақтастығының нақты көрінісін анықтап, болашақ даму жолдары мен перспективасын айқындады.

Каталог: documents
documents -> Қызылорда облысының жер – су атаулары қызылорда, 2013 жыл сыр елі қызылорда облысы
documents -> Өмірбаяны Құрманғазы Сағырбайұлы
documents -> Орындаған: 9 «Ә» сынып жетекшісі Болатбаева С. М. Астана 2014-2015
documents -> Лекция №7-8 по дисциплине: «Зоопсихология и сравнительная психология» Проф. Гагарин
documents -> Тіркеуден және қайта тіркеуден өткен күні Көшбасшысының аты-жөні
documents -> Саяси партиялармен жұмыс жасау Облыста республикалық 6 саяси партияның


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет