Ш.Құдайбердіұлы (1858-1931) аса көрнекті қазақ қаламгерлерінің бірі, ұлы Абайдың немере інісі, талантты шәкірті, оның асыл мұраты мен сәулелі идеяларын жалғастырушылардың ірісі. Қаламгер шығармашылығының басты арнасы гуманистік, демократтық идеяларымен өрнектеледі.
Ш.Құдайбердіұлы “Әділ мен Мария” романын 1925 жылы жазған. Бұл көрнекті қаламгердің кемеліне келген, көлемді, күрделі шығармалар жазуда мол тәжірибе жиған шағы. Алайда, түрлі қоғамдық, әлеуметтік және шығармашылық мәселелерге байланысты бұл романның қолжазбасымен қаламгер алаңсыз айналыса алған жоқ. Шығарманың тұңғыш рет жарық көруі 1988 жыл.
“Әділ мен Мария” – ХХ ғасыр басындағы көркемдік ізденістерді көрсете алатын қазақ романдарының бірі. Автордың “Қайғылы роман” деуіне қарағанда романдағы сентименталды пафосты қаламгердің айрықша көрсеткісі келген тәрізді.
Романда болған уақиғаның уақыты мен орны, қатысқан адамдар аталады. Қаламгердің уақиға желісін сақтай жазуға ұмтылғаны да аңғарылады, алайда, замана, уақыт тілін түсіне алғаш Ш.Құдайбердіұлының өз толғамдары мен ой әуендері де аз емес.
ХХ ғасыр басындағы қазақ романдарындағы көркемдік-идеялық ізденістің бір ірі арнасы Ш.Құдайбердиевтың “Әділ мен Мария” романында тақырыпқа тереңдеу, оның философиялық астарларын ақтара қарауға ұмтылу байқалады.
Ш.Құдайбердиевтың өмірді бейнелеу принципі ағартушы-демократтық эстетикадан өзгелеу, тереңірек. “Әділ мен Мария” романын жазған уақытта социологиялық реализмінің таптық, партиялық принциптері Ш.Құдайбердиевке мәлім. Өнердің аяғына тұсау, мойнына құрық түсе қоймаса да, қақпайлаулардың, “құрқұрлаулардың” күшеюі аңғарылатын. Көргені көп, түйгені мол қаламгер үміт күткен жаңа үкімет өктемдігінен тіксіне бастаған. Сондықтан да Шәкәрім саяси күрес шиеленісе бастаған Семей түгіл, бітпейтін дау жанжалы мол ағайын арасы, ауылдан да алыста. Шыңғыстау қойнауында өзімен өзі оңашада. Қаламгердің тақырыпқа, роман өзегіне айналар фабулаға өзге көзбен, оймен қарағаны байқалады.
“Кәрі Шыңғыстау! Адам жерге ие болғаннан бері қарай сенің көрмегенің жоқ. Шыңғыс, Темір сияқты талай-талай сайыпқырандарыңды қолыңнан жөнелттің. Сенде талай адамның құмары қанып, қуанғаны да болды, жүрегі жанып, суалғаны да болды. Талай-талай талпынған жас жүрек мұратына да жетті. Талай бақытсыздықтың жарық күндей үміті үзіліп те кетті. Сенде неше түрлі ел дәурен сүріп, аң аулап, мал да бақты. Сенде талай-талай сабаздың қаны судай ақты. Ай мен күндей ажарлы сұлу, қыршын жастарды да, арыстан жүректі айнымас батырларды да, әлемнен озған алаяқ, аузынан бал тамған шешен билерді де жерошақтай жер қазып, үңірейтіп бауырыңа көміп жатсаң да, бақайыңнан келмей түк көрмегендей-ақ маңқиып тұра берсең-ау! Онымен де қоймай қысқа күнгі күн шығыстан ұзақ күнгі күн батысқа қарай керегедей жайылған кең қолтығыңды ашып үңірейтіп: “Кел-кел! Тағы менің қолтығыма кіріп, біресе рахат, біресе бейнет көріп, аз күн арпалысып өтетінің келіңдер!” – деп үнсіз даусыңмен шақырып тұратыныңды қайтемін!”.
Бұл экспозиция – бастаудың өзі қыз-жігіт арасындағы уақиғадан өзге өлшемдерді көрсетеді, хронотоп өзге.
“Әділ мен Мария” романын жазудағы мақсат қолында билік, байлық бар күштілер мен бір ғана ат-шапан үшін біреудің тағдырын трагедияға ұшыратар алаяқ қулар құлқынын жинақтап көркем бейнелеу емес. Сол тәрізді, қазақ әдет-ғұрпы бойынша әкелері құда болып баталасқан, бірін бірі сүйген жастар өмірінің ерлі-зайыпты болған кезінде де тағдыр тәлкегіне душар болу тарихын баяндау да емес. Қаламгер мақсаты, ой-идеясы тереңде. Автор Шыңғыстау қойнауында өткен, өтіп жатқан, өте беретін сансыз уақиғалардың бірін ғана алып, соған мәңгілік өмір, Шыңғыстау, адамзат философиясы тұрғысынан қарайды. Сезімге оранған ой ағысын, тебіренісін көркем образға көшіреді. Шыңғыстауға бағытталған монолог, диалог, лирикалық шегіністер мен ой толғамдарында философиялық ойлар, образға бөлер түрлі психологиялық, пейзаждық параллельдер, шешендік арнау, толғау, сұрау көп кездеседі. Ой-толғамдары көлемді бейнеге айналады.
Шәкәрімнің көркем прозасында шығыс әдебиеті әсері, шығыстық сарындар сайрап жатыр. Мысалы, Ш.Құдайбердиевтің “Бақыт бақшасы” деген топтамасында кездесетін әңгімелер көркемдік-мағыналық бағытында Санайдың “Шындық бақшысы” (діни-дидактикалық шығармалар), Сағдидің “Бустон” (“Жемісті бақша”), “Гулистан (“Гүл бақшасы”) тәрізді өсиет, насихатқа негізделген афористік сипаты мол мөлтек әңгімелермен үндеседі.
Шәкәрім әңгімелерінде шығыстық әуендер ғана емес, Шығыс әдебиетіне тән стильдік белгілер де бар. Мысалы, “Жиі тоқылған жібек бұйымдай құлаққа жұмсақ, тәтті пісірілген сіңімді тамақтай жүрекке жылы тиетін, жақсы үнді, сұлу сөзді ақындар май айының қызыл гүліндей, қыршын жастардың қызықты, қымбат өмірлерінің қиын сырын сипаттаса, кейде қыс айының декабріндей жайлаған жасыл гүлді қуартатұғын талай-талай жүректердің тамырын жүзінің нұрымен билеп соқтыратын сұлуларды солған жемістей суалтатын баянсыз өмірдің бақытсыздық мұндарын сипаттаса, ол айтылған сөз, салған ән қуаныштың да, қайғының да өзіне лайықты сөз ұнаулы үнімен айтылса, дүниеде осыдан жақсы жанға жайлы әдемілік, жарасымдық бар ма екен? Бет сұлулығы – сыйы болса, дауыс пен сөз сұлулығы жан сыйы ғой, әрине, тән сыйынан жан сыйы артық екеніне дау жоқ, бірақ бет сұлулығын әркім-ақ таниды. Сөз бен ән сұлулығын танушы аз”.
Сөйлем құрылымы шығыстың классикалық прозасына тән, әдейі әдеміленген. Теңеу, эпитет, метафораларға толы, бояуларға да қанық.
“Әділ мен Мария” романында синкретті сипат мол. Лиризмге, философияға толы, авторлық монологтар уақиғаны баяндаудың түрлі деңгейдегі үлгілерімен қабаттасып келсе, диалогті бейнелеудің дәстүрлі, драмалық, классикалық түрлері қатар қолданылады. Шеберлікпен суреттелетін пейзаж, адам портреттері, түрлі мінездер психологиясы, іс-әрекеттер суретімен аралас келіп отырады. Баяндау ырғағы да үнемі өзгерісте. Романның бір бөлімдері жүйелі түрдегі суретке көшіріле жан-жақты жазылса, екінші бір бөліктері мүлде жалаң баяндалады. Әсіресе, романның соңғы бөліктері.
Қазақ ауылының тірлігін суреттеуде Ш.Құдайбердиев өзге тәсіл қолданады. “Ауылдан шыққан жалаңаш балалар да құлағына қолын басып-басып алып қозының, қойдың шулаған дауысын біресе ашық, біресе күңгірт естіп, у-у дегізіп, санға өзін өзі шапалақтап, бір салып қозының алдына қарай жөнеледі.
Шеткі қоңыр үйден шыққан қартаң адам таяғын алып дөңге шығып, жамырап жайылған қойдың алдынан “шайт-шайт” деп тұр.
Міне, дәл осы кезде сен, кәрі Шыңғыстау, бауырыңа жапқан қара шымылдық сияқты көлеңкеңді төстегі елге түсіріп, сенің соныңды білгендей-ақ қымызға тойып алған тапалдау қара қойшы шидемнің бір жеңін белсеніп алып, үйден шыға келіп, қойдың алдына келіп тымағын лақтырып, қойды көген басына иіре бастады...
“Міне осы көп дыбыстың бәрі қосылғанда қандай болды? Бұл дыбыс зор қаладағы әскер ойнатқан барабанға да қосылып тартқан музыкаға да, сызылтып салған әнге де, мұңландырып салған жоқтауға да ұқсамайтын, анық табиғаттың өз әні!”.
Өмірді, дүниені көп көрген Шәкәрім ешқандай өзге ел тірлігіне ұқсамайтын, табиғаттың өз әніндей оның құшағында бейғам, өзінше өтіп жатқан өмір мәні туралы ойларын да қазақы тірлікке орай баяндайды. Ш.Құдайбердиев осы қазақы шындыққа бойлайды, өзінің оған деген толғамын белгілейді, өтіп жатқан уақиғалар мен тіршіліктің ішкі мәнін саналайды. Оқырманды да осыған шақырады. Мұнда да Ш.Құдайбердиев ойларының арнасынан шықпайды. Өмірде өткен уақиға өзгенінен шиеленіскен тап тартысын іздеу, болмаса, әдейі жасалған зұлымдықтан үстем тап санасындағы астамшылықты көрсету романда алғашқы лекте тұрған жоқ. Алайда, шығармада өскен орта мен адамдар арасындағы қарым-қатынастар сипатын, уақиға арқауын бейнелеуге ұмтылу аңғарылады. Сондықтан да әлеуметтік уақиғаларда тиісті деңгейде суреттеледі. Алайда, бұл проблематика да отызыншы жылдардан кейінгі романдардағыдай контрасты түрде емес, табиғи қалыпта. Мәселе, айтқаны болмай қалмайтын Еркімбекте ғана емес, оны қайта-қайта айдап салып отырған Шешенбайда, жөнсіз зорлыққа мүмкіндік беріп отырған әкесі, болыс Төребекте.
Еркімбектер үшін Мария рухани дүниесі, өмір туралы көзқарасы, талғамы, тілегі бар адам емес. Ендеше Марияға ие болу тізгіні қызда емес, үлкендерде, аға-жеңгенің, әке-шешенің ризашылығында. Мұндай көзқарас осы тақырыптағы романдарда жиі кездеседі. Бұл – қоғамдық санада ұзақ сақталған, әрі барша халықтарда да кездесетін көзқарас.
Уақиға ХХ ғасыр басында, 1910-1911 жылдары болса да Еркімбек, Шешенбайлардың салт-санасында әйел, қызға деген көзқарас “Еңлік-Кебек”, “Қалқаман-Мамыр” кезіндегі қалыптан ұзамаған. Бұл надандық па, әлде замана жаңалығын ұқпау ма? Шығармада оған жауапқа апаратын жол бар. Ресей заңдарын ел билеуде, зорлық жасауда, ұтымды пайдаланып отырған қазақтарды, замана жаңалығын ұқпайда деп айта қою қиын. Оның артында заман тілін ұқпау да, надандық та емес, озбырлық, өзімшілдік тілек бар. Ресей чиновниктеріне арқа сүйеген, тілін тапқан болыс, атқамінерлерге енді ел пікірі қажет емес, өйткені оны болыстыққа, билікке сайлаған ел емес, параға арын сатуға бар, құныққан патша чиновниктері. Олармен арадағы қарым-қатынас кілті табылған, ол – ақша. Осы қатынас тілін жете меңгерген Еркімбектердің елге қысылмай-ақ білгенін істеуі сондықтан. Бұл – жаңа көзқарас. Адам – жаңа адам. Ш.Құдайбердиев романында осы құбылысты, қатынастарды аша бейнелейді.
Жастардың сүйгенімен қашып, артының үлкен айқай-шуға, дауға ұласуы, уақиғаның көбіне трагедияға айналуы қазақ әдебиетіндегі дәстүрлі тақырып. Ал дәулетті әкелері атастырып, бірін бірі сүйіп қосылған жастардың, ерлі-зайыптылардың арасын, отбасын бұзу - әдебиетіміздің тарихында сирек кездесетін нәрсе. Әдетте, мұндай әрекет шығарма мазмұны арқылы да, авторлық (кең мәнінде) көзқарас тұрғысынан да айыпталады, Ш.Құдайбердиев те осы дәстүрді қолданады.
“Әділ мен Мария” романында біреудің некелі әйелін зорлықпен тартып алмақ болу, жаңа қоғамдық қатынастарға байланысты ғана мүмкін болып отырғаны жүйелі түрде суреттеледі. Осыны жақсы білетін Еркімбек ешнәрседен тайынбаса, әкесі амал іздейді. Пәленің бәрін заңдастыруды ойластырады. Сол заңдардың арқасында Әділ отбасын трагедияға ұшыратып, екі бірдей адамды жазықсыз құрбан қылып, теңдік бермей кетіп отыр.
Жазықсыз жер аударылған, қашып келіп некелі әйеліне жолығып жүрген Әділ-ресми үкімет алдында қашқын. Оны өлтірген Еркімбек өзін үкіметке қашқынды ұстаушы тәрізді көрсетеді. Жаңалықтарды өзінше пайдаланған билік басындағылар, зорлықтары қаншалықты ірі болса да теңдік бермей құтылып кетеді. Автор мақсаты Еркімбектердің жазаға ұшырағанын көрсету, дәстүрлі қазақ әдебиетіндегідей ақтық финалды суреттеу, әңгімені түйіндеу емес. Мақсат өзгеде. Шығарманың идеялық бағыты, тақырыптық мазмұны, тек қана әйел теңсіздігіне, махаббатқа арналып отырған жоқ. Мәселе, қазақ әйелінің, қызының рухани әлемі, мақсаты, сүйгені, махаббаты бар деген түсінікке келе алмаған қазақты ескі салт-сананың жаңа заманда да қандай сұмдық трагедияға бара алатынын көрсетуде.
Әділ мен Марияның артынан қалмай, ақыры оларды трагедияға ұшыратын тынатын Еркімбек әрекетінің түрткілері қайда? Сірә, айтқаны болып, атқаны тиетін жанның өзіне қарсы шыққан, мойындамаған адамдарға деген өшпендігіне ме? Қаламгер ойлануға шақырады.
Роман май айының мамыражай кешін суреттеумен басталады. “Май-Май! Әттең, май жұлдызы-ай! Сен жан-жануардың қайғысын ұмытқызып, бейіш ауасын жұтқызып, қабағын ашқызып, үмітін ілгері басқызып, тозбас өмір, таймас бақ бергендей алдайтының-ай!
Жан-жануардың, адамзаттың да артын ұмыттырып, алдын ойлатпайсың-ау!”... Бұл-тамылжыған табиғат құшағындағы әдемі кештің ғана суреті емес, астары бар көрініс.
Осы кеште болыстың бұлаң баласы Еркімбек қасындағы бозбалалар қымызға бөккен, қызыққа батқан. Өмірде өзге қызық, мақсат бар деп ойламайтындай бір сәт. Осы ортаға Шешенбай келеді. Жылпос жігіт жай келмейді, лепіріп отырған топқа от ала келеді. Ерігіп отырған Еркімбекке ермек табылады.
Шешенбай мен Еркімбек арасындағы диалог талантты жазылған. Болыс баласын түрткілеп қыздырып, тартысқа айдап салып отырған Шешенбай да, тойымсыз нәпсі құлына айналған, болмайдыны білмейтін Еркімбек те осы диалог үстінде жан-жақты ашылады.
“Еркімбек: - Шешенбай, сен менің қалжыңыма ыза болмай, шыныңды айтшы? Шын маған лайық сұлу көрдің бе?
Шешенбай: - Мен көруін көрдім-ау, бірақ сен оның маңына да бара алмайсың, ол кімнің қызы деп менен сұрамай-ақ қой! Құр ішқұса болып өлерсің! Егер мен Төребек болыстың баласы болсам, осы кешке-ақ сол қызбен жақын болудың бабын табар едім”...
Талайды көрген Шешенбай даңғойлау болыстың баласын қалай қайрап салады.
“Еркімбек: - Ол қыз айтқаныңдай болмаса қайтесің?
Шешенбай: - Айтқанымдай сұлу болмаса, мына астымдағы бәйге ақтабан сенікі. Егер айтқанымдай болып, сол қызға өзің маңайлай алмасаң қайтесің?
Еркімбек: - Атыңның бағасын берейін.
Шешенбай: - Атымның бағасы бес құлынды бие! Маған екі-ақ құлынды бие беремісің? Өзгесін кештім.
Еркімбек: - Болады, берейін! Әкел қолыңды!
Шешенбай: - Әкелсең әкел! Екеуі қол алысты да Еркімбек қолын жазбай тұрып бозбалаларға қарап:
Жігіттер, бұл шын серт! Бұған куә болыңдар!” Трагедия бастауы осы. Мұнда анық таптық, әлеуметтік сипат жоқ. Ш.Құдайбердиев талпынғанын алған бай баласының кезекті сұлуға аяқ асты құмартуы мен болмайтындай пәлелі іске болыс баласын айдап салып отырған пысықай жігіт арасындағы бәстесуді ғана суреттеп отыр. Қайғылы хал романы осылай басталады.
Әкелері атастырған қалыңдық пен күйеуі қалыңдық ойынға дайындалуда. Бір қарағанда бейтаныс жандар тәрізді. Бұрын бірін бірі көрсе де көңілдері толған. Енді оңашада қалыңдық – күйеуі болып алғаш рет кездеспек. Әділ мен Серікбай күнге қарап “Жарықтық, қашан батады” деп жаздың ұзақты күнін батыра алмай отырса, Әділдің келетін хабарын жеңгесінен тосын естіген Мария дауысы дірілдеп: “Жеңешетай-ау! Жүрегім лүпілдеп, тұла бойым ұйығандай салқындап кеткені несі? Мен сенің айтқаныңнан шықпаймын ғой, бірақ жат кісінің қасына жатып...” – деп ол сөзінің аяғын аяқтамай алмай, кідіріп”...
Жастардың кездесуін туған толық ай да, Шыңғыстау да авторға өзгеше хабарлайтындай. Міне, осы романтикалық кеште бұлардың жолына қақпан, басына тор құрылуда. Автор махаббат пен жауыздықты беймарал, бейтарап табиғат аясында суреттеу арқылы оқырман жүрегіне күдік ұялатады, оқырман үрейленеді.
Осыдан бастап Еркімбектің Әділ мен Мария артына түсуі, ақыры оларды өлтіріп тынуының тарихы романда шымыр баяндалады. Ш.Құдайбердиев шығарма сюжетінде сұранып тұрған бір уақиғаларды созбаламай, баяндаумен шектелсе, екінші бір тұстарда көлемді көріністерге орын береді. Шыңғыстауға қатысты монолог, диалогтар болмаса кейбір уақиғалар уақыт, кеңістік өлшемдеріне арнайы көшіріле, көлемді де жазылады. Мысалы, Мария мен Әділ кездесетін кештер, Әділдің толғатқан Мариядан хабар күтіп, Серікбайды тосып отырғандағы толқуы т.б.
Шәкәрім Әділ мен Мария трагедиясына себеп болған жайларды, ашып көрсетуге тырысады. Беті қайтпаған Еркімбек психологиясын кейде баяндаса, кейде бейнелеуге көшіреді. Сондай заңсыздықтарға жол беріп отырған қоғамдық қатынастарды көрсетеді.
Романда характерлер тағдыры жалған өмір, өткінші жастық тағы басқалар туралы автордың философиялық толғаныстармен параллель алынады.
“Ұшқаны білінбейтін ұшқыр заманның зырқырап өтіп бара жатқанын Әділ мен Мария сияқты жас асықтар сезе ме?”.
“Әрине, әлем айналғанын қоя ма? Оқтан жүйрік уақыт сыдыртып, қақаған аяз, қатты боранды ақпанды да туғызады”.
“Әділ өлген екен деп, айналған уақыт тоқтай ма? Қазақтың “Ұлыстың ұлы күні” дейтін күн мен түн теңелген наурыз да жетті” т.б.
Шығармадағы талғамдар, монологтар мен диалогтар, лирикалық шегіністер өтіп жатқан өмір, жастық туралы ойға бастап қана қоймайды, роман әлеміне жақындатады, оқырман өзін осы аяда сезінеді.
Әділ мен Мария уақиғасы Кәрі Шыңғыстау қойнауында өтіп жатқан көп уақиғалардың бірі ғана. Онда бақытты жандар тағдыры да, бақытсыз сорлылар трагедиясы да қабаттаса өтіп келеді. Шыңғыстау, табиғат үшін бәрі бір, оның кең қойнауы бақытты тағдырға да, сұмдық трагедияға да, рахат пен бейнетке де куә, сансыз уақиғаларға толы.
Шыңғыстауға, айға, май айына бағытталатын толғамдарда автор тілі дәстүрлі шығыс әдебиеті поэтикасына өте жақындайды. Уақиға, құбылыстарды сезімдік-эмоционалды, философиялық мәнге орай өсіре, бояй баяндауға көшкенде авторлық көркемдік-идеялық ізденістер айқын көрінеді. Өмірдегі уақиғалардың өтпелі екенін, ал табиғат әлемінің баянды сипатына бойлаңқырау бар.
Ш.Құдайбердиев романын сюжет, уақиға қуа оқу жеткіліксіз, ол үшін оқырманға ойлы көзқарас керек. Роман уақиғасына ғана емес, оның мағыналық, көркем мазмұндық астарындағы ой толғаныстарға үңілу қажет.
“Әділ мен Мария” романы туралы мақалаларда көбіне осы романда бейнеленетін тағдырлар тарихы туралы айтылады. Әйел теңдігі тақырыбындағы шығарма, онда қоғам қайшылығы, таптар тартысы аңғарылады деген пікірлер келтіріледі. Негізінде бұл роман – берекетсіз тірлік кешкен бозбалалардың, бос қалжыңынан басталған бәсекенің адам трагедиясына ұқсау тарихы туралы қаламгерлік толғам. Кездейсоқтыққа толы тіршілік қоламтасынан қандай қауіпті өрттердің тұтанатынын ескерту. Онда оқушыға ұсынылар дайын жауап жоқ, дидактика аз. Романда қалың ел ортасында өткен сұмдық бір уақиғаға философия, көзқарас, ой бар. Автор осыны жеткізуге ғана ұмтылған.
Ш.Құдайбердиев романында табиғат аясындағы қазақ елі тіршілігінің жан-жақты, шынайы суреті өтіп жатқан өмір шындығына деген атворлық сезім, баға, философиялық оймен үндеседі. Тіршілік пен өмірге телеологиялық көзқарас та байқалады.
Адам табиғатының, тағдырының жаратылыс, әлеммен жақындығын, үндестігін бейнелеу Ш.Айтматов шығармашылығының ірі мотивтерінің бірі екені белгілі. Г.Маркес, Э.Хемингуэй, О.Бөкей шығармаларында да осы перзенттік байланыстың түрлі қырлары, жұмбақтары талданады. Бұл мотив этимологиясы бізді үнді, араб, шығыс поэтикасындағы күрделі өрнектерге алып барады. Шығыс поэтикасында осы әдістің қолданылу орны мен қызметі шектелуі ғана. Мекеншақтық (хронотоп) өлшемдерге әдетте көшпейді, бұл мотивтер элементтері бір сәттік жалқы ой, бірер сөз, сөйлем, қасқағымдық, нүктелік қана өлшем деңгейінде. Ш.Құдайбердиев қолдануында ол жүйелі, ырғақты, тәсілдік тұрғыда қайталанып әдемі өрнекке ұласады. Мысалы, шығарма құрылымы, сюжеттік желіде орналасқан эпизодттарды тау, ай, табиғатпен авторлық диалогқа, монологқа қабаттастыру, болмаса, трагедиясының бастауын тіршілік атаулы рахатқа батып мамырлаған май айындағы жастар желігінен көру т.б.
“Әділ мен Мария” романын талдау үстінде онда байқалатын архитектоникалық, композициялық пішіндік т.б. бейтаныс өрнектерді көзтаныс классикалық романдар поэтикасымен салыстырып Ш.Құдайбердиев романынан кемшілік ізденудің де берері аз. Біз үшін маңыздысы “Әділ мен Мария” романының көркемдік-идеялық жүйесінің өзге, дара сипаты мен авторлық ізденістер бағытын байымдау ғана.
“Әділ мен Мария” романы дүниеге келген жылдарда қазақ елінің саяси-әлеуметтік жағдайы әлі таптық негізде шиеленісе қоймаған еді. Коммунистік идеология еркін ойды әлі тұсай алмаған-ды. Алайда әлеуметтік ортаны бай, кедейге бөлу айтыла бастаған. Идеологиялық жағдайды философ Шәкәрім жақсы түсінді. Мұндай терең философиялық шығармаларға кейін, отызыншы жылдар ішінде жол берілмейді. Шәкәрім романының қолжазба күйінде қалу сырының бірі де осында. Ал оның өзегіндегі ірі ойларды қаламгер қалай дамытты, бейнелейді, ол өзге мәселе. Оны айқындау үшін роман көркем жүйесіндегі образ тіліне ғана емес, сөйлемге диалогқа көңіл аудару керек. Көркемдік-идеялық бағыттағы Ш.Құдайбердиев ізденістері осы көркем жүйеде айқын аңғарылады.
Әсет
Достарыңызбен бөлісу: |