ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»



бет27/45
Дата04.11.2016
өлшемі7,54 Mb.
#109
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   45



Қыз көрелік

Т.Жомартбаев


Тайыр Жомартбаев (1884-1937) – Абай төңірегінде болып, ұлы ақынның өлеңдері өзегіндегі ғұлама ойларын көкірегіне құйып, өрім-өлшемдерін, түр-пішінін көзбен көріп, көңіліне тоқып, жаттап өскен қаламгерлердің бірі. Уфа қаласындағы “Ғалия” медресесін бітірген. Қоғамдық қызметі мен шығармашылық ізденістері балаларға тәрбие беру, рухани тілін меңгеру мәселелеріне арналған. Кезіндегі мерзімді баспасы бетінде жарық көрген шығармалары да осы іске, ағартушы-демократтық идеяларға бағындырылған.

1912 жылы Семей қаласындағы “Жәрдем” баспасынан “Балаларға жеміс” атты өлеңдер кітабы мен “Қыз көрелік” романы жарық көрген.

Соңғы шығарма ХХ ғасыр басындағы қазақ романы тарихындағы шығармашылық, ізденістерді көрсететін туындылардың бірінен саналады.

Т.Жомартбаевтың “Қыз көрелік” романы – құрылымдық ерекшеліктері мен көркемдік бейнелеу құралдары, тақырыптық-идеялық мазмұны бағытындағы ерекше шығарма. Әсіресе, автордың романға тосын пішін (форма) таңдау жолындағы ізденістерді ойлануға тұрады. Біздің ойымызша, романның табысы да, қазақ әдебиет тарихындағы маңызы да осы төңіректен табылады.

Дәстүрлі тақырыптан жаңа проблематика қозғаған “Қыз көрелік” романы – қазақ қыздарының бас бостандығы туралы күрделі жанрда жазылған көлемді шығармалардың бірі. Семейдегі “Ярдам” баспасынан 1912 жылы жарық көрген.

Роман басындағы эпиграф тәрізді мына жолдар шығарманы талдауға апарар кілт тәрізді:

Деп жүрген жас жігіттер қыз көрелік,

Таңдап ап сұлу қызды мал берелік.

Мырзалар қыз таңдаған келсін мында,

Жігітті қыз таңдаған біз көрелік.

“Жігітті қыз таңдаған біз көрелік”, демек, автор ХХ ғасырдың басында көп қозғала бастаған тақырыптың өзіне әңгіме болмаған жаңа қырынан келген. Әдетте, бұл тақырып қыздардың қалың малға, ескі әдет-ғұрыпқа қарсылығы, күресімен қабаттаса баяндалады. “Қыз көрелік” романында осы тақырып проблематикасын мүлде басқа бағытта көтереді. Енді қыз таңдап жүрген мырзаларды қыздың өзі таңдауы керек.

Жаңа идеяның өзі жаңа пішінді талап етеді. Автор осы идеяны шартты реалистік мазмұнға көшіріп, көркем бейнелеуге тырысқан.

Дүниені шарлап қалыңдық іздеп жүрген іргелі рулардың атақты байларының балалары Ғайынкамалды кедей жігіті Мұхаметқалимен оп-оңай қалай жібереді? Реалистік арна авторды осы бағыттағы тартыстарға киліктірер еді басқа мазмұнға апарар еді. Автор мақсаты - өзінің ағартушылық-демократтық көзқарасына сай, тәрбиелік мәнді шығарма. Роман құрылымы, пішіні осы мақсаттан туындайды. Автор мақсатынан, идеясынан ауытқымауға тырысады. Кейде шығарма көркемдігіне нұқсан келгеніне де қарамай, өз идея, мақсатын орындап шыққан.

Ғайынкамал – байдың оқыған қызы. Сауатты, көзі ашық. Қазақ ұғымындағы үлкен қалада, Уфада үлкен оқу-медреседе оқыған. Өмір туралы ойы, идеалы, мақсаты осында қалыптасқан. Әкесі Ғайса да көзі ашық, көкірегі ояу, заман тілін түсінген, оған ілесіп отыруды мақсат қылған жан. Қызын малға сатып, қалың мал алып баю оның ойында жоқ. Реті келсе қызы теңіне қосылса екен деп армандайды. Романда әке, бала тілегі қабысып жатыр. Араларында қақтығыс түгіл қайшылық та жоқ.

Бостандық пен теңдікке ұмтылған, көзі ашық, сауатты қазақ қызына тор құрып жатқан ескі-салт сана қорғаушылары үлкендер, көне көз қариялар да емес – жастар. Романда ел басына ауыр, қиын күндер төніп тұрғанда ауыл аралап сұлу қыз, қалыңдық іздеп жүрген бай балаларына деген авторлық ирония, юмор бар.

Т.Жомартбаев өзінің ағартушылық, демократтық көзқарасын, идеясын жеткізу үшін қазақ қыздарының бостандығы, теңдігі тақырыбын таңдаған.

Өзіне жар таңдауға толық мүмкіндігі бар қазақ қызының шындыққа жанасатын бейнесін жасау үшін қаламгерге алдымен оқушы сенетіндей тақырыптық мазмұн қажет. Оны іздеу бағытындағы әрекеттер қаламгерді тосын шешімге, синтетикалық формаға алып келген. Ал ағартушылық, демократтық идеяны жеткізу үшін реалистік шығарма құрылымында ертегілік, аңыздық фабулаларды пайдалану сол кездегі әдеби ортада кездесетін. Мысалы, “Айқап” журналы бетіндегі А.Сорокиннің әңгімелерінде, өзге де әдеби басылымдарда осы үлгілердегі шығармалар жиі жолығады. Қазақ халық прозасының хикая, әпсана-хикаяттарында да бұл әдістің талай үлгілері пайдаланылады.

Тақырыптық мазмұн қазақ қыздарының бас бостандығы болса да, авторлық идея күрделі. Оның Абай қара сөздеріндегі идеялармен үндестігі бар. Т.Жомартбаев – адамнан адамның айырмасы-білімінде деген Абай афоризімін ағартушылық қызметінің ұраны етіп ұстағаны ұстаз.

Қаламгер ұстаздық қызметінде роман сюжетінде қолданатын француз ертегісіндегі шешендік сұраққа ойға қалуы, қыз кімді таңдайды дегенге шәкірттерін де ойлантып, өзі де ойланған болуы керек. Қыз таңдауы ғаламат сыйлықтар әкелген жігіттерге емес, адамзатқа пайдасы мол, теңдесі жоқ қажетті нәрселерді жасай алатын сауатты, білімді, өнерлі жігітте болуы керек деген ойдан туындаған тәрізді. “Қыз көретін жігітті бір көрелік” идеясының бастауы ағартушы-демократтық көзқарас, қызметте екені белгілі.

Қалыңдық іздеген бай балаларының бір күнде келіп құда түсуі, байлық, дәулет, атақ абыройларының бірдей болуы авторлық ой, идея, көркем шешім үшін әдейі таңдалған тәсіл. Роман уақиғасы – талай халықтар әдебиетінде бір таныс сюжет, әйгілі мотив. Мысалы, шығыс халықтарында кең таралған сюжет: үш жігіт ағаштан (саздан т.б.) сұлу қыз жасайды. Бірі ағаштан жонады, бірі киіндіреді, бір жан салады. Бәрі біткенде үшеуі қызды мен аламын деп таласады; тағы бір сюжет: самұрық алып кеткен хан қызын үш жігіт құтқарады, бірі оның қайда екенін тапса, екіншісі самұрықты атып түсіреді, үшіншісі оны жерге түсірмей қағып алады т.с.с. Тағы да оған таласады.

“Қыз көрелік” романының көркемдік жүйесінің негізіне осындай жасанды синкретті сюжет әдейі таңдалады. Енді осы ертегі мен роман арасындағы идеялық сәйкестер мен өзгешелікті ажыратып көрелік.

Ертегі сюжеті. Бір шалдың сұлу қызына үш жігіт келіп көңіл білдіреді. Үшеуі де қызға ұнайды. Қыз оларды сынау үшін маған сыйлық әкеліңдер деп жұмсайды. Олар сиқырлы айна, жәшік, бальзам табады. Сөйтсе, ғашық қыздары аяқ астынан дүниеден өтіпті. Оны айна арқылы көріп, жәшікпен ұшып жетіп, бальзам арқылы тірілтіп алады.

Қыз олардың бірін таңдау үшін бір жыл уақыт сұрайды. Қыз кімді таңдамақ? Оқушы алдына осы сұрақ тартылады. Ертегі сюжеті осы.

Т.Жомартбаев романының идеясы, фабуласы бұл сюжеттен өзгелеу. Қаламгер алдына ағартушы-демократтық мақсат қояды да роман көркем мазмұнын соған бағындырады. Бұл форма ертегі мазмұнын да айтарлықтай өзгертеді. Уақиғаға да, кейіпкерлерге де авторлық интенцияда (әрекетте) жаңа көзқарас, көп идея бар.

Роман құрылымында ертегілік фабула мәні мотив түрінде ғана алынады деуге болады. Бірдей, ұқсас адамдардың бірдей қызметі арасынан мәндісі, маңыздысы туралы ойлану. Философиялық астары жан мен тән, рухани әлем мен сыртқы тірлік, байлыққа бағытталатын ізденістерге. Ойларға бастайды.

Т.Жомартбаевтың ертегі мотивінде де жаңалық бар. Ертегідегі жігіттер – сұлу жігіттер. Айтушы оларды бірінен бірін бөлектемейді, сынамайды да.

Т.Жомартбаев та жігіттер әрекеті, сөздері, ойлары ирониясы аралас юмормен жазылады. Заман өзгеріп жатқанда сұлу қыз іздеуден басқаны мұрат қылу түгіл, ойламаған надан жігіттер. Ертегіде жігіттер қызға ғажайып сыйлықтар іздейді. Т.Жомартбаев та адам ақыл-ойы, ғылымның соны жемісі, адамзатқа пайдасы мол нәрселер іздейді.

Ертегіде қыз таңдау белгісіз. Ойлану оқушы үлесінде. Т.Жомартбаев та, сауатты, білімді Ғайынкамалдың кімді таңдайтыны белгілі. Зиялы Мұхаметқалиды романға сол үшін енгізеді. Демек, авторлық идея өзегінде “...Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, мінез деген нәрселермен озбақ. Одан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі де ақымақтық” – деген Абай ойлары бар. Романда Т.Жомартбаев осы идеяны көркем мазмұнға айналдырады.

“Қыз көрелік” туралы пікір айтушыларды біраз ойға қалдырған мәселе ағартушы-демократтық идеясы айқын, терең мазмұны бар шығармада ертегі фабуласының пайдаланылуы, әрі оның Т.Жомартбаев романы құрылымының синтетикалық сипатын ғана танытпай, көркем мазмұнын да белгілеуі.

Көркем мазмұн мен авторлық идея арасындағы қатынасты, байланыс пен айырманы жан-жақты тексеру қаламгер ізденістеріне талдау жасауға да мүмкіндік береді. Әрі бұл көптеген ірі шығармаларда кездесетін қыстырма бөлшектік (элементтік) эпизодтық тиісті қолданыс емес. Ірі шығармада шағын ертегіні мақсатты қолдану арқылы шығарма идеясын, авторлық ойды, көркемдікті күшейтуге қол жеткізген. Өкінішке орай, ХХ ғасыр басында қазақ прозасында қылаң берген бұл әдіс кейін өз қолдаушыларын таппағандықтан, авторының оны жүйелі ізденіске, көрікті келісімге ұластыра алмауынан жалғасын таппай қалды. Ал өзге халықтар әдебиетінде ол қаншалықты қуатты тәсілге айналғанын Г.Маркес, Ш.Айтматов т.б. қаламгерлер шығармалары дәлелдей алады.

Қаламгер романында қыстырма ертегіні өзінше пайдаланады. Негізгі ертегілік мотивті сақтай отыра оның құрылымына реалды өмір көріністерін енгізеді. Мысалы, Берлин, Париж, Лондон тәрізді қалаларға барған жігіттердің сыйлық іздеу, жүріс-тұрысы, сөзі бейнеленеді. Ғайса байдың, Ғайынкамалдың биографиялық мәліметтері баяндалады. Әсіресе, Ғайынкамалдың зеректігі, Уфада оқуы, оның құрбылары, заман туралы ойлары айтылады. Романға Мұхаметқали бейнесі қосылады.

“Қыз көрелік” романында шарттылық мол, тіпті роман сол шарттылыққа құрылады. Көркемдік жүйе өзегіндегі авторлық ағартушы-демократтық идеяны жеткізуші де осы шартты үлгі түр. Автордың мақсаты қазақ елінің көріністерін, түрлі әлеуметтік топтардың іс-әрекетін, мақсат-мүдделерін суреттеу емес. Автор мақсаты – оқыған қыздардың өз бостандығына жете алатынын айту ғана емес, адамнан адам артықшылығы – білімінде дейтін ағартушылық идея. Оған роман финалындағы эпилог тәрізді автор ойларының баяндалуы мысал бола алады.

Алдымен осы романда автор қолданатын шартты құрамдас білімдерді (компоненттерді) іріктеп қаралық.

Өмір мұратын сұлу қыз алу деп ойлайтын арқаның ірі бай, белді аталарының балалары. Дәулеттері де, атақ абыройлары да бірдей. Олар Ғайынкамалға бір күнде келіп құда түседі.

Ғайынкамалдың тапсырмасы бойынша үш патшалық астанасына Лондон, Берлин, Парижге сапар шегеді. Үшеуі де бірдей ақша (5 мыңнан) алып аттанады. Үшеуі де адам баласы енді ғана көрген, адамзатқа пайдасы зор ғажайып нәрселерді (бағалары да бірдей – үш мың) сыйлыққа алады. Олардың сыйлықтарының Ғайныкамал үшін пайдасы да бірдей болады. Алайда, түптеп келгенде Ғайынкамал оқыған, сауатты Мұхаметқалиды таңдайды.

“Қыз көретін жігітті біз көрелік” деген шартты қою үшін бұл әрекетке бара алған қыздың өзіндік ерекше жағдайы болуға тиіс екені белгілі. Қазақ ортасында бұл құбылыс жоқ болмаса да тым сиректеу кездеседі. Қазақ қыздарының өздеріне жар таңдауы, сүйгеніне қосылуы тарихта болмаған іс емес, алайда Т.Жомартбаев романында мүлде шартты шешімге барады.

Роман идеясы “Қыз көретін жігітті біз көрелік” деген ойдан бастала ма әлде “Адамнан адамның айырмасы білімінде” (Абай) дегенмен жалғаса ма, болмаса ертегі сюжетінен туындады ма, әйтеуір, осы үш түрткіге байланысы бары анық. Мәселе, осы идеяны Т.Жомартбаев қалай көркем мазмұнға айналдырады. Ал Т.Жомартбаев романы көркем мазмұнының ерекшелігі өте көп.

Ертегі сюжетінде қыздың кімді таңдайтыны айтылмайды және төртінші Мұхаметқали тәрізді кейіпкер жоқ. Мұхаметқали – Т.Жомартбаевтың ағартушылық-демократтық идеяларының жемісі. Романдағы басты тұлға – Ғайынкамал. Автор идеясының аясынан табылуы үшін оның сауатты, оқыған жан болу керек. Басына түскен қиын таңдаудан сүрінбей, абайлай өтіп өз теңіне қосылатын мүмкіндігі бар қалыпта алынуға тиіс. Сондықтан да ол оқыған – тоқығаны, көргені мол, сауатты, ақылды қыз ретінде алынады. Өзіне өмірлік серік етіп бай балаларын емес, оқыған, сауатты Мұхаметқалиды таңдайды. Бұл шығарма көркем мазмұнынан аңғарылатыны қосалқы ой ғана.

Шығарма басында сюжетке құда түсуші бай балалары қосылғанға дейін, автор негізгі кейіпкерлерін оқушысына таныстырады. Мінез-құлқы, портреті т.б. қосалқы жайларға дейін баяндалады. Мәселен, Ғайынкамал мен оның әкесіне, Жәкішке байланысты эпизодтарда қазақ қызының жай-күйіне қатысты қоғамдық мәні бар кейбір жайлар қозғалады.

Уақиғаларға бай балалары араласқаннан бастап романда шарттылық көбейді. Автор баяндауында ойнақылық, ирония, юмор үдейді. Т.Жомартбаев осы кезден бастап Ғайса бейнесін де, Ғайынкамалды да, қазақ қоғамындағы саяси-әлеуметтік ахуалды да біртіндеп ашады. Талдаудан көркем бейнеге көшеді.

Автор негізгі фабула ретінде алып отырған уақиғаға ертегі сюжеті қосылғанға дейін де романда шарттылық байқалады. Мысалы, қыз таңдаушы жігіттердің атақ дәрежелерінің де бірдей болуы, бір күнде құда түсу т.б. Автор олардың портретін, мінез-құлқын бейнелеуді мақсат қылмайды.

Бақталас бай балаларына тапсырма бергеннен кейінгі уақиғалар да уақыт кеңістік өлшемдерінде оқушыдан сонша алыс көрінбейді. Мұның сыры да осы шарттылықта.

Қыз таңдаушы серілер келіп құда түскенде билікті Ғайынкамал әкесіне береді. Мәпелеп өсірген, бетінен қақпаған әкесіне деген ақылды қыз құрметін қаламгер осылай көрсетеді. Алайда, әкесіне абайлай ескертеді. “Менің құным мал емес, теңімді тапса ғана бересің” деген сөздер артында салмақ та бар. Авторлық бұл шешімде әке-шеше алдынан өтпеген әдепті қазақ қызының психологиясы бар.

Қызымды теңіне берем деген Ғайса да арқаның атақты байларының балалары келіп құда түсе қалғанда бірінен бірін таңдай алмай, таңдауды қызына ұсынады. Ғайса байдың жұмбақ әрекетінің сырын да автор көрсетеді. Егер олардың бірін таңдар болсам, қалған екеуі кектеніп жауласуы мүмкін деп ойлайды Ғайса.

Билікті бай балаларының өзіне бергенде де атақ пен ақша буына көкірегі өскен бай балаларының өзі біріне-бірі қимайтынын Ғайынкамал біліп отыр. Ақыры жар таңдау билігі айналып Ғайынкамалдың өзіне келеді. “Сіз мырзалар, таласпаңыздар, мен сіздерді біріңізді біріңізден артық деп есеп қылмаймын, маған үшеуіңіз де бірдейсіздер, бірақ мен сол кісіге тиемін, кімде кімнің ғылымы, білімі өзіммен бірдей болса және біріңіз мені қандай ғылыммен болсын, айтып жеңіп, я болмаса мен сұраған сөздерге жауап берсеңіздер?”. Бұл талапты оқыған бай балаларының орындай алмасын ол жақсы біліп отыр. Басқаны сатып алуға болса да, ақыл, білімді сатып алуы мүмкін емес.

Роман соңында теңі Мұхаметқалиға қосылып, Семей қаласында қазақ жастарын оқытып жатқан Ғайынкамал туралы айта келе, Т.Жомартбаев өз мақсатын былай түйіндейді: “Басында ықтияры бар бақытты қыздар кімді сүйсе, өз басының қор болмас қамын ойлайды. Кіммен сүйіп өмір сүрсе, жақсы өмір сүреді, соны ойлап басында миы, көкірегінде ойы, санасы бар қыздар балияға толған соң өзінің теңін тауып алып, теңін біліп, өзіне қандай адам өмірлік болуға жарайды, соны талап қылып іздей бастайды”.



Қылмыс

Қ.Шабданұлы
“Қажығұмар Шабданұлы 1924 жылы бұрынғы Талдықорған облысы, Бөрлітөбе ауданының, Ақтоғай ауылында дүниеге келген. Отызыншы жылдардың аласапыранында ағайын-әулетімен, ауыл-аймағымен Қытайға ірге аударады. Ол Шің Жан жазушылар одағын құрып, негізін салушылардың бірі.

1957 жылы жазушыға “ұлтшыл” деген айып тағылып, Такламакан шөліндегі Тарым түрмесінде отырғызылады. Бұдан 1967 жылы қашып шығып, Ілеге келіп бой тасалайды. Бірақ, ұсталып қалып қайтадан қамалады. Түрмеден тек 1976 жылы ғана босап шығады. Содан, көп томдық “Қылмыс” романының циклін жазады... 1986 жылы Қажығұмарға “Кеңес Одағының шпионы” деген айып тағылып 20 жылға сотталады” (“Қазақ әдебиеті”. 9 шілде, 1999 ж. № 28).

Саналы ғұмырын тас қамауда өткізген, заман ықпалына бағынбайтын ұлтымыздың ақиық ақыны, заңғар жазушысы Қажекең “1942 жылы Үрімжі педагогикалық мектебіне оқуға келеді. 1944 жылы осы оқу орнында оқи жүріп, өлең жаза бастайды. 1951 жылдан бастап, алғашында одақ журналында істеп, кейін Шін Жаң әдебиет-көркемөнер бірлестігінде жұмыс атқарады. Осы кезде “Біздің үй”, “Көктем”... жинағын, өлеңдерін бастырады. 1954 жылы “Бақыт жолында” атты повесін жариялайды. 1956 жылы орталық ұлттар баспасында (Пекин) “Өлеңдер мен дастандар” деген жыр жинағы жарық көреді. Бұдан сырт, “Әңгіме адам образы жайында”, “Поэзиямыздың кенжеліктері” сын мақалалары шығады. Автор кейін келе прозаға ойысып, “Қылмыс” романын жазуға кіріседі (“Қазақ әдебиеті тарихынан таңдамалы үлгілер”, А.Кірішбаев. 2 том, Шін Жаң университеті баспасы). Қазір “Қылмыс” романының Қытайда екі кітабы баспадан шығып, үшіншісі жөргегінде “тұншықты”.

Профессор Оразанбай Егеубаевтың айтуына қарағанда, табанының топырағын көзге сүртер қасиетті Қажекем кепілге шығыпты. Түрмеде де тегін жатпапты. “Қылмыстың” 6 кітабының, “Пана” романының, “Қанішер түс” повесінің соңғы нүктесін қойыпты. Енді осы толғағы ашты туындыларын талан-тараж етпей туған елде толық шығаруды армандайтын сияқты.

“Қылмыс” романының бірінші кітабы Шін Жаң халық баспасында (Үрімжі) 1982 жылы алғаш рет 15 мың таралыммен басылған. Екінші кітабы (жоғарыдағы айтылған баспада) 1985 жылы 20 мың таралыммен бірінші рет басылған.

Кейіпкерлері: Биғабыл, Жаппар, Балпаң, Құрман, Бекназар, Құлназар, Байназар, Айсапа, Нұрсапа, Мейіз ана, Құйқа, Кенжесары, Нұржан, Мәрия, Сымайыл, Күмісжан, Рақым, Гүлжан (Күле апа), Қуандық, Бигелді, Биғазы, Биғадыл, Биғайша, Бижан, Байжұрқа, Жанқожа, Марқа, Есқазы, Мұқамеди, Мұқамәдиян (Мәдиян), Тәби, Көкитан, Майлы (Атытеріс), Әспет, Болтай, Қайныш, Минаж (Ноғай саудагер), Санапбай, Ақтай, Бүбіқан, Жанжүкен, Баянбай, Мамырқан, Камал, Шанақбай, Қабыкен, Мәкен, Қайысбек, Балбике, Жұмабек, Төреқан, Рақима, Омар, Бағила, Тіндай, Ілдай (Жангөдай солаңның балалары), Жамал, Зейнолла, Әлімжан қожа, Жебесін, Жебежан, Мұса, Бекбосын, Ғарифолла, Бекеш, Ақан, Жолдыбай, Шың Шысай (өлке бастығы), Жанас, Нәсиқан, Жәмила, Дәметкен (Дәмеш), Қанипа, Атабай, Нәбиолла, Керім (аудан әкімі), Құрышбек, Нұрасыл, Күнтуған, Қалым, Арыстанбек, Шәріпқан төре, Айтбек, Қапас балуан, Қыдырмолла, Дәулет, Мақат, Тынысқан, Құрман (Қоңыз), Елсадық, Есімқан үкірдай, Сүлеймен батыр, Оспан мерген (батыр), Ғарыпбек, Жарбол, Әділбек, Кәкімбай (Кәкім), Кеңесжан, Бағдарқан, Құрышбек, Ерсұлтан, Сәду, Оралқан, Тілеуқан, Алмен, Сәдуақас, Қуат, Халима, Ынтықбай, Салық, Өмірбек, Бексапа, Шақан, Қабен, Серәлі, Омарқан, Асылқан, Әмірқан, Әшім, Исүп Қасым (ұйғыр оқушы), Таңжарық ақын, Әбдікерім ақын, Асылбай, Түгелбай, Момынбай, Нұрия, Күлан, Дәлелқан Сүгірбайұлы, Ақай, Сұлубай, Бүркітбай, Сәбит, Репқат, Қалибек, Камен, Әбдіғұпыр (ұйғыр тыңшы), Мақай, Исқан, Қабдолла...

“Қылмыс” романы ХХ ғасырдың басынан бастау алған ұланғайыр қазақ даласын “Темір ноқта”, “Қайыс ноқта” аталған екі зорекер ел ала сызықпен бөлген екі бетте жасаған киіз туырдықты қоңырқай халықтың сергелдең өмірінен сыр шертеді.

Романның әлқисасы “Құдыретті “Тергеушім”, өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз!

Атым – Биғабыл, әкем – Жаппар ғой. Жаппардың әкесінің әкесі – Балпаң деген кісі, алыпсоғар би де азулы бай болған екен...” – деп басталады. Қыбырлаған қимыл, әр істеген істері “Қылмысқа” баланып, оны құдыретті “Тергеушіге” қадағалап тапсырумен, жіліктелген тараулардың шиелі түйіні шешіліп отырады.

Балпаңнан тараған қасқырдай төрт ұлдың тұңғышы Құрман болыпты. Ол қойдан қоңыр мінезімен қоңыр күйлі домбырашы екен де ерте үйленіп еншіге берген аз малын серілік құрып құтайта алмай, ақыры бай інілеріне жалбарынды жалшылыққа тұрыпты. Осылай көген көзденіп жүріп бірде түйеден құлап, мерт болыпты да қырық жасты қанағат етіп, қараңғы дүниеге кетіп “Қылмыстан” құлан таза құтылыпты. Мирасқа қалған “Қалың” малы “жетісі” мен “қырқынан” аспай құрыпты. Оның ошақтың бұтындай қызыл борбай үш ұлы бесіктен белі шықпай жатып-ақ “Қылмысқа” кіріптар болыпты. Атаманы – Жаппар кіші әкелерінің қой қора төбесіндегі бұта- шырпыларды шөкімдеп ұрлап, қырық шоқпыт етіп, пешке өртеп таусыпты. Отты аяғымен көсеп жіберіп “Апа, насыбайым тоңып кетті!” – дейтін көрінеді. Жесір ананың өмірі үшін, дүниеде жас жетімдердей жауыз қылмыскер жаралмаған болса керек. Мейіз ана өзінің иесіз үйінің жұмысын тастай салып, бай қайындарынан еріксіз көмек сұрауға кетеді екен. Осы азын-аулақ “көмектің” ақыры оны күңдікке айналдырыпты. Ақ шұнақ аяздың шақылдап тұрған бір кешінде түйе тайлы мұзға қарамай, тал тоқып шегенделген таяз құдықтан су ала беріп, ажал түртіп абайсызда күп беріпті. Сөйтіп, өз құрсағынан шыққан балаларын зар қақсатып, ләм демей, рақымсыз, ызғарлы күйінде, кішкентайларын есіркемей, тым болмаса, маңдайларынан ақтық бір рет сипамай, бір жымимай тас болып қатып, панасыз иен құмға тастап мәңгілікке көз жұмыпты. Қорғансыз қалған үш жетімді қолдарынан жетелеп үш әкесі үш жаққа әкетіпті. Бай үйлері өз үйлерінен де кедей, өз үйлерінен де суық, өз лашықтарынан айтуға тіпті тіл жетпестей тар сезіліпті. Бірін-бірі іздеп тұра-тұра қашысады екен. Ағалы-інілердің өзара аңсауынан туған бұл “қылмыстарын” кіші апалары мықтап жазалап, онысын көлденең көзден жасырып, жасырын істепті. Мұндай епті таяққа епсіз бақырудың керегі қанша, еппен ғана жылап айырылысып жүріпті. Дегенмен, күндер өте қылмысқа әбден кәніккен қулар ересек тартқан сайын көбірек көрісіп, “қылмысқа” да көбірек бататын болыпты. Жазалауға үлгіртпей, үйден қашып “әке-шешесінің” ашуы басылғанша дала кезетінді тауыпты. Мұндай ытқу жиілей берген соң, кіші әкесі Бекназар “шүйке бас” әперіп, Жаппардың кезеген аяғын оңдырмай тұсауды ойлапты.

Қазақтың ру-бұтақ қуалап танысатын қарапайым қаншылдық әдеті бар-ау, бірақ, соны ру төрелері ірткіш уға айналдырғалы қашан. Сол рушылдық уы сүйегіне сіңе уланып, өзара ырылдасумен өткен қазақтан көп ұрылған халық жоқ-ақ шығар! Жұңғар хандығынан жүз жылдап жеген ұмытылмас соққылар тек сол рудың – сол рушылдықтың ғана кесірі емес пе. Бекназар да сол уды мәпелеушілердің бірі екен. Ірге күшке салып, момын кедей ауылды малға даумен жығып, жеңістің соңын түлкі еппен құдалыққа айналдырып, 12 жасар Күмісжанды Атаманға атастырыпты. Қасқыр боп келіп түлкіге, түлкі боп келіп қасқырға айналып кететін қулықпен құдаласып, көп ұзамай құл байлайтын “қазық” болып Сымайылдың қызы Жаппарға ұзатылыпты. Жасынан жұмыстың ауырын көріп, азаптың соққысын тартқан Күмісжан еңбекқұмар, пысық келін болатын. Осы қасиетімен кісі менсінбейтін Кенжесарыға да жағыпты. Жын қуып кетпеу үшін Нұрсапаны да үйлендіріпті. Сорлыға сойыл бұрын тиетіні белгілі ғой, асыл жарының қызығына қанбай-ақ солдатқа алыныпты. Содан үш жыл бойы жер қазды ма, жоқ ақ патшаның көрін қазды ма, әйтеуір, аман-сау ауылға келеді де “кебін” киісі орысша болғандықтан “жетім орыс” атаныпты. Нұкең кейде еріккенде шойын сағатына бағындырып намазға жығылғандарды ашықтырып ойнапты. Жаусыраған жегжаттары қансыздығын айтып шапқа түрткенде “қан жоқ болса, қан ішкізетінбедіңдер! Дейтін көрінеді. Осындай алақұйындығымен мықты қазыққа да байланбай, дайын асқа тік қасық болмай, күйеусіз келген келінді қайтарып жіберу қылмысын өткізіпті. “Ақ батаны бұзған” күнәсі үшін, қылмыстың “ақ” жазасын алып, оған оба қосылып құсадан опат болыпты. Сонда да Құрман әулетінің тұқымы шыр айналдырған қырсық шырмауынан құтыла алмапты. “Шала болып қалды” дегендей оңбаған оба тағы бірнешеудің нәзік жандарын жалмапты. Осы тұқымнан жалғыз құлазып қалған Жаппар қырсыққа қатты ызаланыпты да бұтартарын мініп, енді оны өзі іздейтін болыпты. Ұрынарға қара таппаған қылмыскер бейкүнә қыз-келіншектерге қырғидай тиіпті. Сөйтіп, желауыздардан “жынды Жаппар” атаныпты. Мезгілі жетті ме, Мәдиян дейтін қызды алып, қайтадан үйлі-баранды болған соң, қырсық іздеуден пышақкесті тиылыпты. “Би” мен аталатын бес баланың атасы болып, “жыны қағылыпты”.

Биғабыл анда-санда зәрулігі болмаса сөйлемейтін болғандықтан, айналасындағылар оны “Мылқау” десіпті. Бірақ, ішінде бәрі сайрап тұрады екен. Бір кесім етке зар болған етбауыр туыстары Жаппардан ырымдап бала сұрағанда басқасынан “Мылқаудың” базары жүріпті. Өкіл әке-шешелері оның бал тілін қызықтап, әр түрлі талаптар қойса да шамасынша бәрін орындауға тырысыпты. Алайда, “маған бала болсаң, Жаппарды боқта. Мәдиянды тілде!” дейтін қайрап салуға келгенде “ішмерездігіне” басып, қасарысады екен де қысағанда қыстығып жылайтын көрінеді. Тіпті, тамаққа шақырса бармай, тіс айқастырмайтынды тауыпты. Осылайша “Әдепті” баладан ши шығыпты, бірнеше үйге барса да байыздамай, кесірлі басы қылмысқа тартуын қоймапты.

Жаппар жиған тері-терсегін базарлай жүріп, қаладағылармен үйір айқастырыпты. Өзін қызылдар жүргізген сайқал саясаттың ұшығы да шалыпты. Оған ауылдың әпербақан шолақ белсенділері түрткі болыпты. Жылы орнын сол сойқандар түртпектеп суытыпты. “Ленин”, “Сталин”, “Жаппар”, “Құмар” – деп қара танып келе жатқан Биғабылдың шала сауаты ашылмай жер аударылыпты. Бұл кездегі “қайыс ноқтаның” халі де тым мәз емес екен. Шәушекте бұлар сияқты қашқындар қара қарғадай қаптапты. Аттап басқан жерде қарақшылық, зорлық-зомбылық, жұмыссыздық, ашаршылықтың соңы адам сатуға дейін барыпты. Осындай жантүршігерліктен жүрегіне жүк түскен қашқындар бұрын-соңдысы жиналып үйірімен қатыгез қаладан қашықтапты. Қайда барса да Қорыттың көрі екендігін іштерінен сезіп, құдайдың басқа салмағын көруге мойындарын ұсыныпты. Жаппар тәуып болып, ел ақтап ем жүргізіп, қоралы жанның қамын күйттепті.

Жаппар кез-келген несібесін қаңбақша кезіп жүріп заузатыман тере беріпті, күйі төмендегенде табылған малдың қанын қайнатып неме қуырып, қолы жетсе ұнның кебегін қанмен илеп, қалаш жасап жепті. Аңқаулығымен қолындағы асылынан да айырылып соры қайнап жүріпті. Қашанда жұт жеті ағайындылығын қойған ба. Жұттан қалған адамның өзіде, көзі де жұт сияқты. Бүйірі толып ас ішу бір бұлыңғыр арман болыпты. Жәкеңнің құйрығы дөрбілжінге келгенде қоныс тауыпты. Туыс-жегжаттарымен табысып, тамырын тереңдетсе керек. Тұрмыс деген – күрес қой. Күреспесең күн көре алмайсың! Тұрмыс-тіршілік үшін лазу. Биғабыл осы жерде мектеп табалдырығын аттапты. Бұрынғы күнәсі кілең көр көкіректікпен істелсе, енді осы жерден қылмыстың көкесін оқу арқылы танытуға таған қалапты. Диуана жүрегін де қылмысқа толтыра іштей ерегесіп, сынбайтын құйтырқы мінезді қалыптастыра бастапты.

Билік басына жаңа өкімет келсе де қорқау қашанда қорқаулығын қойған ба! Қараңғы елдің сорпа бетіне шығар көзі ашық атқа мінерлерін “Құрылтайға шақырумен” құрдымға жіберетін қара науқан шығыпты. Содан, ел деп еңіреп туған есіл ерлер темір торға тұтқындалыпты. “Қылмыстары” үшін үрпіне қыздырылған сым темір жүгірту, тырнақ көбесіне қамыс тығу, шегеге жалаң аяқ тұрғызу, әйнек қиыршығына тізерлету, бармағынан байлап аспаққа асу, иегінен қармақ іліп салақтату, “тәнкі тергеу”, “самолет тергеу”, көзін электр тогімен суыру, қапқа салып тірідей көму сияқты адам қинаудың ең “асыл” ғылымдарын қолданып тиісті сыбағаларын беріпті. Бұл көргіліктен таңдайынан шаң шыққан сұңғыла ақын Таңжарық ғана “... Айтып кет балаңның баласына!” – деп іш кернеуін басыпты. Ал Алтайдың ақиығы, ақсақ қаблан – “надан” Оспан ғана осы “Құрылтайға” қатынаспай, құзырлы өкіметтің мысын әбден құрытып, кегін қайнатыпты. Аспандағы бұлтты үйіретін жәреуке тілге “Адалдығымды атам да біледі!” – дегендей көнбеске керек. Бұған “Апам да аң-таң, мен де аң-таң” – десіп ұзақтай шулап, аңқау елдің есі шығыпты. Мұндай аудың аумағы ұлғайып, мектеп оқушыларына дейін барыпты. Ес білген ересек оқушылар торға ілініпті де шабақтары сүзгіден қалып, өз суында - өз мектебінде қала беріпті. Бұл боран үдей беріпті, үдеген сайын басынан бақайшағына дейін қылмысқа толған Биғабыл егесе түсіпті. Егескен сайын бекіп, бекіген сайын күшейе беріпті. Осылайша, алғашқы “Қылмыс” дүниеге келіпті.

“Құдыретті “тергеушім”, өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз!” – деп басталыпты, тұңғыштың өкшесін басқан “Қылмыс”.



Аудан қалған шабақтардың өзі қырық темірдің қылауы екен. Сыныптағы өзара түсінбестік, ала көз бәсеке, рушылдық, жершілдік үлкен жікшілдікке айнала бастапты. Сол сойқанды шапқа түртіп, ақыраңдаған өштікке айналдырған ала бүлік тағы да Биғабыл болыпты.

Аумалы-төкпелі аласапыран жағдайда әке-шешесін. Оларды азырқанғандай қарындас-бауырларына дейін жалшы еткен ол қылмысты оқуын үдете беріпті. Құныққаны сонша қытайдың оқуына мұрнын шүйіріп, қалтарыста Советтің кітаптарын оқып көз аясын қылмыспен кеңейтсе керек. От осыдан шығыпты. Өртке май құйған ала құйын ұйтқыма Биғабыл екен. Ал қытай мұғалімдер “түрт шайтан түрт, біріңнің еттеріңді бірің жеңдер” – деп, жымысқы күлкімен жанай қамшылап, әдейі шектеусіз, тізгінсіз қоя беріпті. Оларға керегі құрттай қылмыскерлердің арасын аша түсу, бес саусақты барбитып, қылмысты жұдырықтарын түйгізбеу екен. Алтыбақан алауыздықтарын араларындағы қылмыскерлерді аямай әшкерлеген ашық-жарқын, ақ көңілділікке балап, бұл рухтары бүкіл мектепке үлгі болатындықтарын айтып, қылмысты арқаларынан қағыпты. Нағыз отан қайраткерлері өздерінен шығатындықтарына зор сенім артатындықтарын білдіріпті, құдыретті ағартушылары. Темірдей тәртіп орнатыпты. Отаншылдыққа баулу үшін қылмыстыларды қаздай тізіп, қытайдың туын ертелі-кеш шығарып-түсіріп тұруды күнтәртіпке енгізіпті. Саяси сақтықты күшейту мақсатында сақшы орындарымен селбесіп, оқушылар арасынан тыңшы қабылдапты. Оның бірі болғанда, бірегейі Камен болыпты. Бетпақ берекесіздіктен пайдаланып, бірінде жоқты біріне тапқызып, жан жерін тауып қапқызып, бірінің қылмысын біріне жұлып алып, бірінің сөзінен бірін іліп алып, бірін бүркіт, бірін тазы етіп баптап салуда алдына жан салмайтын құлан аяқтардың барыны күн санап молайыпты. Араздастыру – бірінің үстінен біріне шағым айтқызудың, көрсеткізудің амалы екен де ол өздеріне сылтау табу үшін керек болыпты. Тәртіп бөліміндегілер қаңтардағы жынын жеген бурадай болып, айбаттарынан ай жасырыныпты. Айналасына ызғар шашыпты. Тоң мойын, азулы қылмыстыларды күшке басып иманын үйіртіпті. Аюға намаз үйреткен таяқ екенін де естеріне түсіріпті. Не қылмадың демейтін көрінеді, отырса опақ, тұрса сопақ болып талай қылмыстылар күйісінен жаңылыпты. Кейбірі көлеңкесінен қорқыпты, оған басы қазандай сұрау белгісін қоюдың қажеті қанша! Аттап басқанның бәрі қылмыс, қылмыс деген жыртылып-айырылады, ұрынарға қара таппай сабырылысатын сияқты. Осынша түп-тұқыянды қазбалап қуарлаудың түп мақсаты оқудан қуу болса керек. Естір құлақты жауыр еткен жарапазаны: “Қытайдан асқан парасатты халық жоқ. Конфуций ғылымынан зор ғылым болмайды, ол бүкіл жер шарына нұрын шашып, адамзатқа адамгершілік-адалдық, рақымдылық үйретеді”. Мұнысы сол ғұламаның қараңғы құлшылдық тәліміне байланда жат дегені екен. Сондай сайқалдықты кезінде Англия да көп жүргізіпті. Өзі тартпайтын Опиумды қытайға тартқызыпты, өзі сенбейтін будда дінін Индияда күшейтіпті. Мақсаты – осы екі елді уландыру, солай әлсіретіп, құлдана бермек, үстемдігін мәңгі сақтамақ болыпты. Қытай мен Советтің емшегін тел емген қадалған жерінен қан алатын қасарыспа қылмыстылар кейде дүниенің сөзін сөйлейтін болыпты. Көздері маймылдың көздеріндей қызарып, әр түрлі философиямен торғай миларын ашытып, қасат дауларды қуып, қызыл кеңірдесетін көрінеді. Құдайдың бар-жоғынан басталып, адамзаттың шыққан тегіне дейін барысып, ақыры “ол кімнен туды, оны кім жаратты, дербес құқықты айғыр кім?” – дейтін ұшы-қиыры жоқ сұраулармен жақтары тозады екен.

Мектеп сахнасының жұтынып тұрған тазалығы шамалы болыпты. Бір жексенбілікте жүрегі қарайған оқушыларды қызылсыратпаққа өзін құрбан еткен қаптесер тамақтан табылыпты. Кірпияз қылмыстылар көздері қанталап, жас аққанша лоқсыпты. Осыдан шұрқанды шу көтеріліпті. “Даудың басы Дайрабайдың қара ешкісі” – дегендей, “дүниежүзілік соғысты” бұрқ еткізген көрінде өкіргір тышқан екен. Ұйғыр сабақтастар етжеңді қытай аспазды май құлақтан сүйреп әкеліп, бітеу тартқан сыбағасын бітік көзіне сүртіпті. Қан қыздырмай тұрсын ба, қытай оқушылар да білектерін сыбанып додаға түсіпті. Ұлы дүбір күшейгені сонша парта-орындықтар мен ыдыс-аяқтар да шайқасқа қатынасыпты. Арашаға оқу орнының басшылары араласып әзер тоқтатыпты. Көп өтпей, осы ұлттық қозғалысты қоздырушылар тергеуге тартылыпты. Ең алдымен топырағы жеңіл “көреген” қылмысты қалмақ іліпті. Қанға тартқан тағы бірнеше жемтіктесі “бөріктінің намысы бір” дегендей, қосаққа ілесіп жазаға сұраныпты. Қоқайды көрсетіп, қанша қуса да кетпей қойыпты. Бұл ұялы қылмыстыларды апанымен құрту май өкшелеріне зиян екенін білген ақылды басшылар тезге салуды аяқсыз қалдырып, сабаларына түсіпті. Жайылысы бір болғанымен жусауы басқа қос топ қылмыстылар ызғарларын ішіне жұтып, қан майданнан күрең қабақ тарқасыпты. Бөрі келсе біріккенімен бейбіт күндегі беймаза берекесіздік, күншілдіктің күлге көмілген жылан көз шоғы өшпепті. Бұған көрік болған Камен түртінді, тіміскі тыңшылығын тағы қолға алыпты. Ұзақтыкүн Биғабылды бүйірлеуі тегін болмапты. Өз қауымында бір ауыздылықтың ұйтқысы болған Атаманның барлық қылмысқа дабылшы екенін әлде қашан білген сияқты. Түлкі қулықпен жіпселеп, қара күйе қылмыстыдан ұшық іздеп, індетіп қазбалапты. Бірақ, “Қорқақтың көзі көп” – дегендей, алаяғың да алпыс айласымен қақпан баспай жүріпті. Солай болса да Камен жемір сиырдай жалаңдауын қоймапты. Сәті түскен бір кезде Биғабылдар оның құйрығын қарға шаншып, аузын оңдырмай қарыпты. Оған себеп Каменнің Нүрияға жазған ғашық қоқай хатын өз басына шоқпар етіп сілтеп, ерін мойнын кетіріпті. Сөйтіп, “Тасыған төгілетіндігін” ұқтырыпты.

“Мылқау” құрттай болғанымен құлағы ұзын қылмысты екен. Бірде Үрімжі түрмесінен қашқан Дәлелқан Сүгірбайұлы Моңғолияға барып, қару-жарақ алып Оспан батырға қосылыпты деп естісе: “Бірде құлжадағы ұлттық партизандар күшейіп, Шәушекке дейін шөп жайып, киелі жерді “Сараяқтардан” (Қытайлардан) азат етіпті деп көзіне нұр құйылатын болыпты. Жеті қабат жер астындағыны еститін бұл саққұлақ қылмыскердің сандырағы бағзыда бұлт кетпей, шынға шығып жүріпті. Ой мен қырдан жиналған Биғабыл білетін бейбітшілікті көксеген даланың асау, жалаңаш кеуде батырлары Үрімжіге де қара бұлт қаптатыпты. Үрейленген өкімет ордадан тартып, оқу орындарына дейін сақтық шараларын қаурыт жүргізіп, темірдей тәртіп орнатыпты. Жау жаныңда дегендей қытай оқушыларды мұздай қаруландырып, ұлттықтарға қарауылға қойыпты. Олардың өзара қатынасуына да тиым салыпты. Аты шулы Биғабылдың қылмысты тобын табалдырықтан аттап бастырмай, үш күн үйлерінде дәреттендіріп қорлапты. Осындай си-сыбағалардан естерін жиған алтыбақан алауыз кесірлі қылмыстылар енді бір-бірімен ауыз жаласып, тонның ішкі бауындай болыпты. Өз қолдарымен от көсемеуге, өз қандарын өздері ішпеуге, бірін-бірі сатпауға қасам ішіпті де жұдырықтай жұмылыпты. Құдай тәубасына келген қырқы бір жақ болыпты да қыңыры Камен бір жақ болып, қарғыбау иелеріне өндіріп еңбек ете алмай еңсесі езіліп, сүйкімі сұйылыпты.

Үлкен қылмыстылар бас қаланы бір қусыруында қатты қусырып кейін қарымы жетпеді ме, жоқ әлде белгісі бір көлденең әзезілдік болды ма, болмаса бас көтерер алып бастар қырқылып, қайта бас көтерер бас болмады ма, әйтеуір, тебіні босап, кең даланы тебіренткен қасиетті үндері өшіп, бара-бара мүлдем естілмейтіндей болыпты. Қаланы қара қарғалар қаптап, сайын сахараны құзғынның құйқаны шымырлатар құңқылы басыпты. Құдай қалғып отырғанда ыбылыс-шайтандар үстемдік етті ме, кішкентай қылмыстылар “Адамзатқа рақымшылық қағидасын үйретуші әулие ұстаз” Конфуцийдің тағылымына дымдарын тісінің арасынан ытқытып, қолдарын бірақ сілтеп қасиетті білім ордаларын тәрік етіп, жарық күнде жай түскендей, қылмыстың көкесін көрсетіпті. Жолшыбай “ақыл анасы - қиыншылықтың” талайын көріп, көзеулі жерлеріне жете қабыл көкейді тескен көп арман көктей қиылып, қылмысты қыл мойындары құрыққа қайта ілініпті. Өз қолыңды өзің шайнайсың ба! Даланың даңғой, алкеуде ағаларының бірі обалдарына қалып, “жіліктің майлы басын” мүжіпті. Нар қылмыстары үшін “... Айтып кет балаңның баласына!” – дейтіндей, о дүниенің есігін ашып-жаптырған жазаның сыбағасын алып, құлын жеген биенің құйрығындай болыпты, күреске тоймайтын қылмыскерлер. Су ішерліктерінен бе, шұғылалы өмірлерінен үкілі үміттерін үзбей алтын қазықтарына қайта оралып, қалғандарымен қойдай шуласып табысыпты. Бұл шұрайлы мекенде де өзгерген ештеме жоқ, көшкен жұрттай жүдеу күйінде екен. Бұған теңдессіз сұлу жары – ай маңдай, от кірпік Нұрияның аянышты қазасын қоссаң, түсік тастағандай Биғабылдың жүнжіген құр сүлдесін елестету онша қиын болмапты. Қанша дегенмен мың өліп, мың тірілген қазақтың қиқымы ғой, қабырғалы қазаға қайыспай, қайтадан дүр сілкініп қайраттана түсіпті. Еңсесін тік ұстап келе жатқан бір күні Құңқызылардың (Қытайлардың) құрық бойламайтын қулығына куә болыпты да тұншаланған шындыққа жаны шырқырап айғайлай шығып, айықпас қылмысқа тағы батыпты. Бұл бұлалығының дәурені өткендігіне енді көзі жетіп, жасырынған жансыздардың қанды шеңгеліне ілікпей, ақыры қан сасыған қаладан қылмысты басын қорғалап, Қуат досымен қол ұстасып қашуға тырысыпты. Ұзақ жолға кетіп бара жатып, артына қайырыла қарағанда кеңсірігі ашып, қылмысты көзі бұлдырапты. Атанжілік жолсерігі шибиген саусақтарын уатардай езгілеп: “Сен өзің мына қалпыңда сау қалмассың, шырақ, жассың ғой, нербіден сақтан!... Өзіңді мықты ұста, мықты ұста!...” – деп сүйеу ақыл айтыпты.

“Өзін мықты ұстап”, көкірегін кере, нық адым басумен қылмысты Биғабыл алда не күткені белгісіз буалдыр беталысына кете беріпті. Осылайша, толғағы ашты “Қылмыстың” ізбасар кітабы жарық дүниенің есігін ашыпты.




М


Махамбеттің жебесі

Ә.Әлімжанов

Құпия сырларға бай халықтардың тарихи тәжірибесі болашақ ұрпақтар үшін үлкен ғибрат. Сондықтан да тарихты күнгейі мен көлеңкесін қоса алып, шын болмысты шынайы танытуға ұмтылу шарт. Қазақстан жазушыларының жеткілікті дәрежеде көркемдік шежіресі жасалмаған қайсыбір тарихи дәуірлерге жіті үңілуінде терең заңдылық жатыр, “Махамбеттің жебесі” романында Әнуар Әлімжанов ақын мен халықтың қайғылы тағдырына кездейсоқ тоқталмайды. Ақынды сол бір құлшыныс күреске шығарған нендей объективті және субъективті себептер? Бұдан бір жарым ғасырға жуық уақыт бұрын өмір сүрген ақын мен халық ерлігінің ақиқат мәні неде? Қаламгерді толғандырған негізгі жәйіттер осы екі мәселенің төңірегінен табылуға тиіс.

Біздің міндетіміз осынау қоғамдық-саяси маңызы зор проблеманың идеялық-эстетикалық шешімін табу жолында жазушы пайдаланған көркемдік құрал мен тәсілдердің дәуір тынысын толымды суреттеуге жұмсалған күш-қуатын, қыры-сырын ашу болмақшы.

Сонымен біздің көз алдымызға – ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы Бөкей (ішкі) ордасының әлеуметтік шындығы келеді. Сол кезеңдегі қазақ даласы үшін феодализм деген не еді? Ол, біріншіден, патшалық Ресей тарапынан отаршылық саясаттың күшеюі, екіншіден, жергілікті феодалдардың еңбекші бұқараны аяусыз қанау нәтижесінде баю үстіне байи түсуі еді. Романда осы мезгілге тән тенденциялық сипаттарды жақсы аңғартатын сәтті эпизодтар мен детальдар баршылық. “Әскери азулы атамандар біздің жерімізді бейне қансоқталы қой өлімтігіне айналдырған: генералдар, офицерлер, хан мен қожаға сол жемтіктің майлы сүбесі мен кемік басты жілігі тиеді де; қара халыққа мүжілген қу сүйек қана қалған. Егіндік жер мен жайылым жұлмаланған терідей. Жәңгір хан қазақты ақсүйек пен қара деп екі жік, екі тапқа бөліп бітті”, - деп ашына айтқан ащы сөздерді біз Исатай батырдың аузынан естиміз. Жәбір көріп, жапа шеккен жарлылардың қайғысына күйінген Исатай хан сарайын тастап шығарда Бекмұхамет сұлтанмен егес сала сөйлейді. “Қан майданда бетпе-бет кездесетін, белдесетін күн бар алда!” – деп ашық ызасын білдіреді.

Әлеуметтік тұрғыдан теңсіз қоғамдағы өз орны туралы тұңғыш рет ой толғаған жас ақын жанындағы телегей тоқыныс сәттерін Ә.Әлімжанов нанымды көрсете білген. Халқының қасіретін сергек жүрегімен егіле сезінетін ақынның ояну, түлеу шақтары нағыз өмір шындығымен бетпе-бет келіп көз жеткізгенде басталды. Автор осы бір психологиялық нюансқа ерекше көңіл бөледі.

Исатай сөздерінің туралығын Махамбет өз көзімен көреді. Шекті ауылымен кездесу эпизодында кейіпкер тізе батып, қорланған жандардың адам аярлық аш өзек жүдеу жоқшылығын байқайды. “Көрініс сұмдық еді... Қалтыраумен күн кешкен жылаулар өңшең. Аттылы көрсе қаза шығарғаннан бетер шошынатын. Ешкіммен ұшыраспас үшін табан асты жолдан шыға босатын”.

Қай жерде болмасын, ақынның көретіні – еңіреу мен езілу, жылау мен жұтаң тіршілік.

Жәңгір мен оның одақтастарының қуғынан жасырынып, Махамбет досы Жантаспен бірге Кіші жүзді екіге бөлген шекарадан асып шықса да жанға сая тыныш өмірге жете алмайды.

“Ақын дәуір сырын жүрек түбіне тұндырып барып саф маржан сөзге айналдырады” – деген еді осы романның авторы. Әлімжанов шығармасында тарих толқынындағы творчество адамының айтылмыш табиғатын түсіну нышандары жарқын елес тастайды. Романда суреттелетін бар оқиға, құбылыс ақын қабылдауы арқылы немесе Махамбет өмірімен тығыз байланыста көрініс береді. Айналасындағы өзгерістер үшін өзін жауапты сезінетін қаһарман характеріне олар әрқашан тиімді әсер етіп отырады. Сондықтан да жазушы трактовкасы бойынша Махамбет мінезі күшті де шыңдалған боп, әрі ойлы-қырлы боп шығады. Қысқа өмірінде Махамбет көпті басынан кешірген: кезінде Бөкей Ордасының күміс көмей, жез таңдай ақыны атанды, хан жақын тартып, бауырына басты, бірақ, кейіннен “қарадан” туған өнерпаз өз орны мұңы бір, күйі бір, ұрандап соғар жалынды жырларын жүректерімен ұғатын қандас бауырлары – жұпыны, жүдеу еңбекші халық ортасында екенін білді. Махамбет поэзиясы хан, сұлтан мен байларға емес, қалың бұқараға керек еді. Өмірінің соңына дейін ақын таңдаған жолына, халқына адалдығын сақтап кетті.

Шығармаға ірі тарихи тұлғаны арқау қылған автор бірінші кезекте кейіпкердің біз оны, дәл мағынасымен айтқанда, тарихи тұлға деп санауымызға мүмкіндік беретін кесек әрекеттерін әсіресе бөліп көрсетеді. Жазушы үшін батыр азамат атқарған тарихи іс, ол жасаған ерекше екшеулі ерліктің терең мәнді сипаты бар.

Махамбет ең алдымен өмірде кешкен ірі-ірі оқиға, іс-қылығымен тартымды. Сондықтан да Ә.Әлімжанов кейіпкерінің тарихи қайраткерлікпен көп қырлы, өрісі кең байланысын “кең көлемде” алуға тырысады. Қаламгердің ақыл-ой, адамгершілік күш-жігерін тарихи мәні мейлінше толық әрі анық көрінетін жағдайларға бағыттап жұмылдыра білген азамат ақынды бейнелеуге ұмтылуы да осыдан.

Бөкей ордасының әлеуметтік шындығы еңбекші бұқараның Жәңгір хан бастаған бай, сұлтандарға жалынышты күйін күшейте түсті. Мұндай жер табандаған кіріптар тәуелділік көшпенділердің рухына сай емес еді. “Қазақ тым еркін ерке халық. Қойшысына дейін аш жүрсе де арын жоймаған. Маңдайымыздың бес батпан соры мен жылтырақ бақыты осыған орай болмасын”, - дейді Махамбет, 1825 жылы Даль-Луганскиймен бір әңгімесінде. Бұл – жәбір шеккен қанаудағы халық жорық шеруіне шығу керек деген сөз. Махамбеттің орыс ғалымымен кездесуі өмірде болғанын анық білмесек те, ақынның осылай ойлауы, осы түсінікпен араға он жыл салып, 1836-1838 жылдары халықтық қозғалысқа басшылық етуі әбден табиғи құбылыс екеніне иланамыз.

Роман – бас кейіпкерледің қайғылы өлімін суреттеумен аяқталады. Бірақ, жазушы үшін қаһарманның өмірі асқақ мұраттары маңызды. Өйткені сол бір ермінез азаматтарды басын оққа байлап, қатерлі күрес жолына түсуге шақырған өміршең өршіл мұраттардың алау жалыны текке кеткен жоқ. Гуманизм, патриотизм, интернационализм – адамына етене тән қасиеттер. Бұл қасиеттер қазіргі жағдайда өзгеше жаңа сипат алғандықтан да Ә.Әлімжанов өткен дәуір туралы сөз ете отырып, ол қасиеттердің, ең алдымен, өміршеңдік күшін көрсетуге тырысады.

Романдағы оқиғалар тарихи хронологиялық жүйе бойынша емес, өмірдегідей: бірде авторлық баяндауға сәйкестене, бірде қайталанбас оқшау дара сипатында суреттеледі.

“Махамбеттің жебесі” – көтеріліс жайлы, халық батырлары Исатай мен Махамбет жайлы роман. Елін зұлымдық пен зорлыққа қарсы бітіспес белдесуге бастай білген де солар. Бұқара қозғалысы сәтті аяқталмағанмен, қалың жұртты қасірет бұлты торлағанмен, бұл сияқты әрбір қимыл – азат өмірге қарай жасаған батыл қадам есебінде әрқашан қымбат.

“Махамбеттің жебесі” романында Әнуар Әлімжанов қазақ халқының тарихындағы айрықша әлеуметтік мәні бар оқиғаларды бейнелеген: сол себепті де өміріндегі осына ірі құбылыс жер шалғайлығына қарамастан басқа ұлт өкілдерінің тағдырына да ықпал етеді (Хиуа, Петербург, Орынбор, Нарынқұм). Көтеріліс әдепкіде шағын сипатта еді: қазақ кедейлерінің Бөкей ордасындағы қанқұйлы езгімен бетпе-бет тартысты. Бірақ жазушы бұл тартыстың тамыры терең, әрі зор көлемге ұлғайып кеткенін сенімді көрсетеді. Жергілікті қақтығыс сахарадағы антагонистік таптар арасындағы қоғамдық мәні зор тартыс дәрежесіне дейін өседі.

Әнуар Әлімжанов - әдебиеттегі тарихи тақырып саласында белсене еңбек етіп жүрген қаламгер. Тарихи дәуір оқиғаларының динамизмі мен трагизмін шебер жеткізетін “Махамбеттің жебесі” романы – жазушы үшін бір саты сәтті ізденіс жемісі.

Менің құрдастарым



С.Ерубаев

Романның кіріспе бөлімінде бақыт туралы түсінік береді...

Бұл роман қойшының баласы Рахмет туралы жазылған, оның артынан инженер атағын алып, Қарағандыға учаске начальнигі болып орналасады. Ол көркемөнерді өте жақсы білген. Ол Флобер жайлы, сондай-ақ, А.Прокофьевтің барлық өлеңін жатқа білетін. “Ромео-Джульетта” трагедиясының бүтін сахналарын жатқа айтып, Кузьма Прутковтың барлық афоризмін білетін. Оның бұлай терең білетінінің себебі, ол туып-өскен Долбы жазығында өнердің ешбір түрі дамымаған еді, Рахметтің әкесі Долбы байдың малшысы болатын. Бұл да қой бағатын. Бірақ, бір күні ерте туған көк қозы жоғалып кетеді. Бай Рахметті сабайды, әкесін ұрады. Ашуланған әке үйде жылап жатқан баланы таяқпен салып қалады. Содан Рахмет талып қалады, оянысымен беті ауған жаққа қаңғып кетеді. Біршама уақыттан кейін қараңғылықтың арасынан аттылы Кісі Рахметтен жөн сұрайды. Бала болған уақиғаны айтып береді. Аттылы кісі баланы өзімен бірге алып кетеді. Ол кісінің есімі – Тұрар болатын. Рахметке сол кезден бастап интернат өмірі басталады. Тұрардың айтуымен әкесінің атын Дәуір деп өзгертеді. Алматыда жүргенде, Тұрардың ұлы Сейтенмен кездесіп, екеуі дос болады. Сейтен Рахметтің қарындасы Сағадатқа ғашық болады. Сағадат музыка мектебіне оқуға түсу үшін Алматыға келген. Екеуі бірін-бірі ұнатып қалады.

Қарағандыдағы шахтада шахтерлер жұмыс істейді. Үйлері тар, суық. Шахтерлердің ауыр тұрмысы суреттелген. Олар ағылшын Хокинстің қарамағына қарайды. Себебі, Хокинс шахта иесі.

Күләнда жеңешесімен еріп, жұмысқа барады. Жертөле қазып жатқан Әліпті айдап әкетеді. Дәмеш пен Күләнда Әліптің соңынан жүгіре отырып, ағылшынның кабинетіне кіреді. Күләнданы көрген Джим бір арам пиғылды ойлап үлгереді. Әліпке штраф салып, жетінші забойдан (қауіпті аймақ) көмір шабуға бұйырады.

Шахтадағы жұмыс кезінде Әліпті көмір басып қалады. Жұмысшылар көмекке ұмтылады. Кейбіреулері орнынан қозғалмайды да. Құтқарып алып баракқа алып келеді. Күләнданы сынықшыға жұмсайды. Жолда оны шанамен ұрлап әкетеді. Тілмаш Өтеген қызды алдап, Джимге алып келеді. Джим қызды зорлайды. Үй сыпырушы Таня жүгіріп шахтаға келіп, болған жайды баяндайды. Илья, Бейсен бастаған жігіттер ағылшынның үйіне қарай асығады. Бейсен Джимді жұдырықпен ұрады, Күләнда төсекте ес-түссіз талып жатады. Өтегенді де Бейсен жерге алып ұрады. Шахтерлердің көпшілігі жұмысқа шықпай қояды. Ильяны солдаттар қамауға алып кетеді түнде. Ал, таңғы мезгілде Күләнда көз жұмады. Оны шахтадан қашықтау жерге жерлейді. Шахтерлер аштыққа да шыдап, үш күн далаға шықпай қойды. Хокинс Алексей мен Шектібайды шақырып тілегендерін орындауға келісім береді, тек олар жұмысқа шығу керек. Төлеп ауылына қайтуға дайындалады. Ауылына жеткенде, Рахмет алдынан шығып, Күләнданы сұрайды. Ауылды басына көтеріп жылаған Төлепке Долы байдың бәйбішесі зекіп салады. Арада екі жыл өткеннен соң, Долы байдан өлгенше таяқ жеген Рахмет үйінен біржолата кетеді. Университетте академик Вознесенский лекция оқитын. Жеке лабораториясы бар. Хатшы Макаров академик Донбассқа кеткен кезде, лабораториясына армандап жүрген болат құятын электр пешін орнаттырады.

Академиктің қызы Лиза мен Рахмет бір-бірін сүйеді. Рахмет Вознесенскийдің лабораториясында ассистент болып қалады. Іс-сапарлармен Рахмет Қарағанды, Донбассқа жүреді. Жеті-сегіз ай жүріп келеді. Вокзалда академикпен кездесіп қалады, қол алысады. Лиза туралы сұрауға Рахметтің батылы бармайды. Академик қызы мен Рахметтің бірге жүргенін құптайтын, бірақ сыр білдірмейтін.

Көмір алыбы қайта жасала бастағанда, жұмысшылар қалаға ағылады. Олардың ішінде Төлеп те бар. Ертесіне Төлеп қызының моласының басына құран оқиды. Рахмет шахта проектісін жасау үшін қалаға келеді. Оны Шектібай (шахта начальнигі) күтіп алады. Рахмет Күләнда жатқан моланы бұзып, орнына шахта салғызады. Қанша қиналса да ескіліктің шырмауынан шығу қажет деген мақсатты ұстады. Төлеп жылап, Ильяларға келіп мұңын шағады. Бірақ, ол сен өзің үшін, болашақ үшін өмір сүруің керек дейді. Шахта салу жұмысы қызу басталып кетеді. Жұртты “жұмыс істеме” деп азғырып жүрген Сәдуді, Көкшетаудан 7000 сомды алып қашқан Сәдуді миллиционер алып кетеді...

Кулевакин Рахмет жоқта оның бөлмесіне кіріп, Лизаның суреті мен ораулы көк қағазды алып кетеді. Лизаны жұмыс істеуге Қарағандыға жібереді, ол телеграмма салады, Кулевакин Рахметке бермейді...

Шахтада бұрынғы баукеспе ұры Сүлей десятник болып жүріп, үйдің қабырғасын әдейі қисық қалап жүрген. Рахмет оны танып, жаптырады. Детдомда бірге өскен досы Мырзашты табады. Ертесіне Рахметтің үйінде отырыс болады. Ұлбосын бригадасы мен Аркашалар жарысатын болады. Екі бригаданың жұмысшылары қызу қимылдап, бірін-бірі аңдумен жүреді. Шахтадағылардың барлығы норманы артық орындау үшін, екпінділер қатарына өту үшін күндіз-түні жұмыс істеді. Академик Лизаға хат жазады. Кулевакиннің кесірінен Лиза мен Рахметтің арасында салқындық пайда болады. Нормасын артық орындаймыз деп жүрген Елеместің бригадасын қауіпті лавадан көмір шауып жатқанда, басып қалады. Лиза сөгіс естиді. Лиза командировкаға кетер алдында Рахметпен табысады. Рахмет Алматыға тығыз шаруалармен кетеді. Екеуі келген соң, той жасайтын болып уағдаласады. Бірақ, Алматыда жүргенде, Дәмелі дейтін біреудің әйелімен жақындасып қояды. Бір айдан кейін, Қарағандыға қайтып келген Рахмет Дәмеліден хат алады. Ол екіқабат болып шығады. Содан кейін Рахмет Лизадан қашқақтап жүреді. Лиза Щербак дейтін инженермен жүріп жүреді. Бірақ, Рахметті ұмыта алмайды. Рахмет оларды көргеннен кейін, екеуінің арасында тағы да түсініспеушілік туады.

Ықылас түпкілікті жұмыс істеуге Қарағандыға көшіп келеді. Ол Рахметке балалы болатынын айтып қуанады. Лиза мен Рахмет сол ұрысып қалады. Үш күннен кейін академик Ленинградқа қайтады.

Шахтадан газ шығып, жұмыс істеу қауіпті болады. Бірақ коммунистер жұмысты жалғастыруға бел буады.

Барактарында шахтерлер демалып жатқанда, қатты гудок естіледі. Бәрі орнынан тұрып, үрпиісе қалады. Сол кезде Айша шахтаны су басып қалғанын айтады. Бәрі асығыс жүгіріседі. Шахтадағы суды кешіп жүріп, далаға насоспен төгуде. Илья больницадағы Елеместің жағдайын сұрап қайтқан соң, екпінділерге бөлме беруді ұйғарады. Осы уақытта баяғы Өтеген тілмаш ағасының жалғыз баласы Сүлейменді шақыртып, Рахметтің көзін құртуды сұрайды. Бірақ, ол бас тартады.

Илья Елеместі ауруханадан босатқаннан кейін, екпінділерге бөлінген үйге алып келіп, кілтін тапсырады. Барлығы келіп Елеместі құттықтайды. Барактағы жігіттер орындарын ремонттап, бөлмелерін тазартып, ақтап алады.

Сүлеймен Өтегенді ұстап бермекші болып үйден шыққалы жатқанда, анасы жолын бөгеп, зар-еңіреп, жылап жібермей қояды.

Шахта құрылысының клубында үлкен жиналыс өтеді. Онда шахтерлердің барлығы жиналған. Бастықтар шахтаны су басқан кезіндегі, газ шыққандағы көрсеткен ерліктері үшін, көмір қазудағы орындаған нормалары үшін шахтерлерге сыйлықтар тапсыруда. Онда Ермекке бір костюм сыйлап, құттықтайды. Тағы біршама жұмысшылар сахнаға шығып, сыйлықтарын алады. Жиналыстың соңынан ұйымдасқан үйірме мүшелерінің күшімен драма қойылады.

Ермек Шектібай мен Алексейге келіп сыйлықтарын қайтарып бермекші болады, олар себебін сұрағанда, кезінде дүкенде сатылып жатқан барқыт матаны қызына алып беру үшін екпінді болғанын айтады. Бастықтары оның сөзіне езу тартып, ренжімейтіндіктерін айтады.

Қаладан хатшы келіп, шахтаның ішін басшылармен бірге аралайды. Олар жер астына техникаландырылған клетпен түседі. Шектібай, Рахметтер аралап болғаннан кейін шахтаның 1 мамырға қарсы ашылу салтанаты болатынын айтады.

Шахта астында көмір қазып жатқан шахтерлер. Айша Шымырбекке барып келуін ойлап, алға қарай жүреді. Алдынан шырақ ұстап Гриша келе жатады. Бір кезде Гришаның үстіне лава құлап түседі, Айша көмекке ұмтылғанда, бүкіл лава екеуін де басып қалады. Шахта іші азан-қазан болады. Төбеден топырақ түсіп, барлығы бұрышқа тығылады. Сәлден соң, Бейсен қарт қолына шырақ алып тексеріп көрсе, жоғарыға шығатын жолды, кемінде 70-80 метрдей топырақ көміп қалған. Шахтаның алдында бір топ адам тұр. Олар жауып қалған жерді, тіреп қойып, ашқалы тұр. Илья барлық құрал-саймандарын алып, іске кіріседі. Лиза шахта астында қалған шахтерлердің семьясын жұбатуға бет алады. Сағат сайын қалалық партия комитетінің хатшысы телефонмен хабарласып, жағдайды біліп тұрады.

Рахмет пен Алексей, Рахметтің үйінде Лиза туралы сөйлеседі. Алексей қоштасып шығып кеткеннен кейін, Рахмет шахтаға бет алады. Шахта астында қалған: Бейсен, Қали, Шымырбек, Сүлеймен бір-біріне сыр айта бастады. Шымырбек Айшаны сүйетінін, Бейсен баласына той қылып ат берейін деп жүргенін айтады. Ал, Сүлеймен Өтегеннің Рахметті өлтіргелі жүргенін естірткенде, үшеуі шулап кетеді...

Шахтаға келе жатқан Рахметтің артынан аңдып келіп, Өтеген пышақ салады, алыстан машинаның жарығын көргеннен кейін қашып кетеді. Рахмет ақ қар үстінде талықсып жатады. Осы кезде Сүлеймен шахта астында аласұрып, қайламен жоғарыны ұра бергенде, топырақ басып қалады. Қалғандары оны аршып алады, бірақ Сүлеймен көз жұмады. Таң ата шахта құрылысына келе жатқан Алексей Рахметті тауып алады. Рахмет ауруханаға түскеннен кейін қан құю керек болады. Алексейдің қаны сәйкес келгенмен, бас сүйегі сынып, операция жасау керек болады. Медицина еш көмек бере алмаймыз дейді. Дәмелінің күйеуі Ықылас білікті дәрігер болатын. Әйелі толғатып жатқанда, ол өліп кететін шығармын деген оймен Рахметпен қалай жақын болғанын айтып қояды. Себебі, Дәмеліге бала көтеруге болмайды екен. Жедел жәрдем келіп, Ықыласқа телефон соғып Рахметке операция жасау керектігін айтады. Бар шындықты білгенмен, қиналғанмен, Ықылас Рахметті аман сақтап қалады, сөйтіп оған баласы туылғалы жатқанын айтады.

Ауруханаға Лиза келіп, доктордан Рахметтің халін сұрайды. Оның кімі боласың деп сұрағанда, күйеуім деп жауап береді. Ықылас селк етеді. Бір кезде ол Рахметтің өзіне, туғалы жатқан бала арқылы жақыны, еш уақытта байланысы үзілмейтін туысқаны болатынына қуанып кетеді. Тіпті Лизаны құшақтап та алады.

Шахта астындағыларды күн шыға аршып алады. Қали есінен танған, Бейсен мен Шымырбек теңселіп шанада отыр. Оларды ауруханаға әкеледі. Бірақ, Шымырбек пен Бейсен қашып кетіп, хатшының кабинетіне келеді. Олар Рахметті кім өлтіргенін айтады. Хатшы тиісті жеріне хабарлайды. Ауруханадағы дәрігер науқастардың қашып кеткенін көріп, санитар мен көмекшісіне айқайлайды. Хатшы Бейсенге ауруханаға бару керектігін айтады...

Н

Найзағай

Ә.Әбішев

Өткен ғасырдың екінші жартысында қазақ әдебиетінде әр түрлі жанрларды өнер тақырыбы – арналы тақырыптардың біріне айналды. Әсіресе, он тоғызыншы ғасыр және жиырмасыншы ғасыр басындағы қазақ әншілерінің, композиторларының өмірі көптеген лирикалық шығармаларға, әңгімелерге, повестерге, поэмаларға, романдарға арқау болды. Солардың бірі белгілі жазушы Әлжаппар Әбішевтің “Найзағай” романы. Романға аса танымал халық композиторы, әнші, ақын Мәди Бәпиұлының өнерпаздық, азаматтық өмірі арқау болған. Сонымен бірге жазушы Мәди өмірінің ұлт-азаттық көтерілісі қарсаңындағы өмірін арқау еткен “Жаралы сұңқар” повесінде жариялаған болатын. Бұл қос шығармада да Мәдидің ақындық, әншілік, қоғамдық өмірі туралы жазылады.

Ә.Әбішевтің “Найзағай” романындағы Мәди – жазушы суреттеуінде, өз заманының ері, батыры, халық қамқоры. Өзінің шығармашылық еңбегімен ол туған елінің рухын көтеруді ойласа, күнделікті тіршілік үшін күресте де ол халық қасында көрінеді. Әлжаппар өз кейіпкерін осындай екі жақты ұнамды бейнеде алады.

Автор өз кейіпкерін, Әуезов сияқты Абайды он үш жасынан бастап суреттегеніндей емес, өзін қоршаған ортаға деген наразылық көзқарасы қалыптасқан кезінен бастап суреттейді. Автор Мәди сияқты ел ақыны қашан да болсын халқымен бірге, оның қуанышы – халқы қуанса ғана деп қабылдауында деген тенденцияны білдірмек болған. Қазақтай елінің үлкені-кішісі, дені сауы мен кемтары ақынға бірдей. Ол бәрін де сүйеді, сол кем-кетік, кедей-кепшік үшін ол жанын үзіп беруге әзір.

Өткен дәуірдегі өнер иелерінің әділетсіздікке қарсы тартысы біздің революцияға дейінгі күресіміздің тарихына жаңа сәуле шашады дедік. Өзі өмір сүрген ортасы мен халқы сүйер өнерпаздың күрес-тартыста болмауы мүмкін емес.

Романда генерал губернатор Мәди әрекетіне ұлт намысын қорғайтын әрекетке ұласып кетпесе екен деген қауіппен қараса, жазушының екінші романында Мұстафа дәл ондай ойда болған жоқ шығар, бірақ қатігез болыс осынау ширақ жігіттің беделінен, өткір тілінен қаймығып, оны күшпен басып қоюды ойлайды.

Қарқаралы төңірегінде тұратын көне көз қарттардың пікірінше, Мәди үлкен айтыс ақыны да болған. Сондай айтыстардың бірі – Мәди – Дия қажы, Мәди - Әбіш айтыстары. Дия қажы “Жаралы сұңқарда” Зия деген атпен берілген. Әрине, Мәдидің Қаракесек руының бір тармағы Керней мен Сарым елінен шыққан екі ақынмен айтысы үлкен әлеуметтік дәрежеге жеткен деп айта алмаймыз. Бірақ осынау фактілерді автор өз мақсатына пайдаланып, бас кейіпкердің шығармашылық жолын, өнер жасау процесін көрсетуге алмас па?

Қаһарманның іс-әрекеті, күресі, сол тұстағы ел тұрмысының реалистік бейнесі, әдеби, тарихи шындық тұрғысынан алып қарағанда бұл роман қазақ прозасына қосылған өзіндік орны бар туынды.



О

Оспан батыр

С.Әбілқасым

Сейітхан Әбілқасымның “Оспан батыр” тарихи романы екі кітаптан тұрады. Романның бірінші кітабы “Жұлдыз” журналының 1994 жылғы № 10-12 сандарында, екінші кітабы “Жұлдыздың” 1996 жылғы № 1 санында жарияланған. Қазақ халқының өмірінде із қалдырған ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы оқиғалар сырына үңілу, ел тіршілігінің ұрымтал тұстарын толымды көрсету, сол кезеңде өмір сүрген адамдар тағдырын сипаттау ілгерішіл тәсілдердің бірі десек, “Оспан батыр” романы да аласапыран заманда атқа қонған ерлер өмірін суреттеуге арналған. Мұндағы кейіпкерлер Оспан, Мәмей, Зуха, Сүлеймен, Ырысхан, Ноғайбай т.б. аса шытырман, қиын сәттерде сыналатын, дәуірлік ақиқаттың бетін ашуға септігін тигізеді.

Оспан батыр – романдағы ең қызықты тұлғалардың бірі. Оның өмірі қызғылықты, шытырман оқиғаларға толы және мінезі мен ісі нақты, ойлы адам ретінде көрінеді. Оспан сөзге сараң болғанмен, ой-өрісі кең, іштей толғанысы орамды, тиянақты, әр нәрсені жіті барлап, жете тұжырымдай білетін, ойын сыртқа шығарарда түйеден түскендей дүңк еткізіп қысқа қайратын, шорт мінезді жан ретінде көрінеді.

Романға арқау болатын оқиғалар қазақтың бір бұтағы Абай Керей рулары ару Алтайдың өрдегі үзілер сілеміндегі қара Ертістің бастау алған тұсында өтеді. Жазушы тарихта болған оқиғаларды, оның қозғаушы күштерін саралап, сол оқиғалардың мәнін жан-жақты ашып көрсетуді нысанаға алғанына куә боламыз.

Романның бесінші тарауында тәуелсіз елміз деген Шығыс Түркістан Сталин жіберген жендеттер мен жансыздардың қолына өткені жайлы, олардың зорлық әрекеттері едәуір орынды көрсетіледі:

“Тарихқа әйгілі жосылтып қанды із қалдырған қара түнекті құйын 1938-1939 жылдары үдей түсіп, әр ұлт халқын тұншықтыра тұқыртты. Сталин билік жүргізген Қызыл жауынгер, азамат өркенінің биігін отап, асылын жойып жасығын қалдырды. Қырғындаумен ырыс жиып, қанымен тояттады. Аш арландай аласұрып жан-жағын жалмап жұтқан ол, қанды қанжарын шекарадан асыра сілтеп әспенсіп, астамдыққа басты. Бодамшыл, өркөкірек өктемдікпен билеп-төстеп Моңғолия мен Шығыс Түркістанды мықтап шеңгелдеп, сығымдап қыса берді. Шығыс Түркістанды торлаған сол қара түнекті құйын күшті екпінмен тебітіп кіріп кеуледі”. Осы қатыгез қастандықтан Шығыс Түркістандағы ұйғыр, қырғыз, моңғол, Тарбағатай мен Баркөл бойындағы қазақтар да аман қалмағаны, керейдің ғұлама ақыны Ақыт, Халел тайжі, оның баласы Рахаттың айдауда кеткені, елдің еркіндігі табанға басылып, зомбылық халықтың кегін қоздырғанын автор нақты және дәлелдер келтіру арқылы жүзеге асырады.

1940 жылдары Ноғайбай бастаған ұлт азаттық көтерілісшілер мен Қытай армиясы арасындағы шайқастар жиілей түсіп, ұзақ жылдар бойында зорлық-зомбылық езгісі, ауыр алман салықтан аттап, ұлтты құрту жолындағы ашылған аран, осындай ерлік күреске байлатқаны суреттеле отырып, сол кезеңде өмір сүрген адамдар мінез-құлқына тарихи нақты, шынайы сипат дарыта баяндалады.

“Оспан батыр” романындағы Оспанның портреттік сипаттамасын бергенде жазушы тек жансыз сыртқы пішінін суреттеумен шектелмей, қаһарманның ішкі дүниесін, дара мінездік тұлғаларын, рухани эволюциясын жинақтап сомдайды.

“Оспанның ерекше бір қасиеті - өте қарапайым, кішіпейіл, өзін жоғары ұстамайды, қаршадайынан қара табан кедей болып өскендігі ме бұлданып, бәлсіну, шендену пиғылы онда болған емес. Соғыс кезінде де қол астындағы сарбаздарға қатал ескертіп әмір бергенімен, өзі солардың алдыңғы қатарында жүреді. Көбінде асқан ерлік көрсетіп, атай салып жападан жалғыз жау шебін бұзатын кездері жиі кезігеді”. Мінезіндегі қарапайымдылық пен батырлығын ұштастыра келіп, жазушы персонаждың пайдасына шешіп бергенін көреміз.

Романның соңында қазақтың дәстүрлі өлшемдері бойынша Оспан батырды ақ биенің саумалына шомылдырып, хан сайлаудағы болжымас ережелер орындалмағаны, жазда Алтай жайлауына барған соң барлығы атқарылатынын айтып алдаусыратқан маршал Чайбалсан бастаған топ өз істерін ат үсті тындырғаны баяндалады. Роман соңында “Уақыттық үкімет” бастығына Оспан, штаб бастығы болып Нұрғожа, Оспанның орынбасары болып Дәлелхан белгіленген.

Қорыта айтқанда, жазушы Сейтхан Әбілқасымның “Оспан батыр” романы белгілі өмір шындығын көркемдікпен игеріп, таныған, әлеуметтік ортаның шындығын көркейтіп жеткізген шығарма деуге болады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   45




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет