Х.Әдібаев
Хасен Әдібаевтың Отырар жайындағы жаңа романы өткен жылы оқырман жұртшылықтың қолына тиді. Мұнда Отырардың қазақ халқы өміріндегі алар орны, рухани-мәдени бел-белестері, озық елдермен иық таластырар тарихи-әлеуметтік мән, маңызы турасында баяндалады. Өткен өмірдің өшпес іздерін жұртшылық сарабына салған бұл тарихи хикаяда Отырарға Шыңғыс ханның шабуыл жасаған кезі оқиғаның негізгі өзегі етіп алынған.
Жазушы тарихи материалдарды екшеп, саралай пайдаланып, сол шындықты кейіпкерлердің іс-қимыл, психологиясы арқылы бейнелейді. Сондай тарихи тұлғаның бірі – Қайыр хан. Автор бұл образды жеке дара суреттеп, я болмаса батырлық тұлғасы мен ерлік ісін оқшау сөз етпейді. Романдағы Қайыр ханның Отырар тағдыры мен тыныс-тіршілігі бірге өріледі. Қайыр хан образының жағымды сипатқа ие болу сырларының бірі – көп мүддесін ойлап күңіренетіні, келер ұрпақ екіншісіндегі Отырардың рухани орнын жан-жүрегімен сезініп, соны келер ұрпаққа аман-есен табыс етуді көздейтіні. Қайыр хан көңілдегі көрікті ойын әр кез өз қарамағындағы қарапайым халық өкілдеріне түсіндіріп, олардың талқысына салады. Ұлы мақсат, үлкен міндеттер жолында күреседі.
Отырарға Шыңғыс хан бастаған қалың қол әлденеше рет шабуыл жасап, қаралы күн, қайғылы сәтке душар еткенде де адамгершілік асыл қасиетті алдыңғы кезекке қояды. Өмір мен өлім арасында тұрып: “Отырарлықтар өлсе де, сатылмай өледі. Ақ өлімі аңызға айналады. Біз сонда теңесеміз! Өзгеге әлің жетсе де, өлім мен еліме әлің келмейді!” – деп қайсар мінез танытады. Туған жерін құрмет тұтып, болашақ ұрпақтың жарқын өмірін ойлайды. Жоғарыда келтірілген үзіндіден-ақ қаһарманның бет-бейнесі, болмыс-бітімі анық байқалады. Автор бас кейіпкері Қайыр хан басындағы күйді, бойындағы жігер-күшті осылай ақиқат алдында, ар-ождан биігінде көрсеткен. Жалпы, Қайыр хан бейнесі аталмыш романның сәтті табысы, көркемдік ізденіс жемісі.
Шығарма шынайылығы автор шеберлігіне тікелей байланысты. Тақырыпты терең меңгеріп, кейіпкер характерін нанымды ашу осы қағида аясында оңды шешімін тапқан. Қайыр хан бейнесінің толымды көрінуіне романдағы басқа да кейіпкерлер белгілі бір мөлшерде әсер еткені даусыз. Осы тұста романда басы артық образ, көзге оғаш көрінер әрекеттің сирек екенін еске аламыз. Әрбір кейіпкердің атқарар өз міндеті бар, әрі нанымды берілген.
Қайыр ханның дем берушісі, тұйыққа тірелгенде ақыл сұрар адамы – Қадыр үлем. Аса қиын сәтте “... ел басына екі талай күн туды, ер парызы – ел қорғау емес пе?! Қас дұшпанның табанында құлдық еткеннен ақ өлім артық емес пе?” - деп ел-жұртты жауға қарсы күреске шақырған Қадыр үлем - өмір тәжірибесі мол, ой-пікірі орнықты, әрі Отырар кітапханасынан еркін сусындаған білімдар жан, Әбу Насыр рухын қатты қадірлеуші, одан қалған әдеби-мәдени рухани байлықтың шынайы жанашыры. Соны халыққа жеткізіп, өткеннің шежіресінен бүгінгі күннің де өзекті проблемаларын тауып, алға тарта білетін көзі ашық, көңілі ояу адам. Ол Әбу Насырдың әлемнің әр түкпірінен, соның ішінде Мағраб пен Мысырды, Шам мен Румды шарлап, жиған қымбат қазынасы – кітап мұхитынан терең ой, сырлы қасиет ұғынады. “Ақ қағазға жазылған ақиқат мәңгі. Кім би болып, кім әкім болмайды? Бұл күнде олардың заты түгіл, аты марқұм, ал әл-Фараби бүкіл елдің ұранына айналды. Иә, ақ қағазға түскен ақиқат мәңгі, ақиқатты айта алған парасат иесі – мәңгі”. Бұл Қадыр үлемнің өмір нәрі – кітаптардан араб, қыпшақ, ұйғыр тілдерінде жазылған нұсқаларымен танысқан соң түйген ой тұжырымы. Асылы, Қадыр үлем – ақыл-ойдың, биік парасаттың иесі ретінде жұртшылық жүрегінде жылы әсер қалдырады.
Ал көркіне ақылы сай Гауһар, өмірден көргені мол Боздақ жырау, жігерлі Рүстем, балуан Жәнібек пен найзалы Қасымның жауға деген өшпенділіктері, ел қорғаудағы батырлық үлгі-өнегесі оқушы үшін ғибрат аларлық деңгейде көрінген. Туған жерді қорғау, оны жауға таптатпау жолындағы әділет күресінде бұл бейнелер әрекет үстінде шыңдалып, толыса түседі. Әсіресе, Гауһар мен Боздақ жырау, Рүстем бейнелері жан-дүние болмысымен, түсінік-қабілетімен көрінген. Бүгінгі күнге бір табан жақын тұрған тұлғалар. Сондықтан да бүгінгі оқушы олардың бойындағы елдік пен ерлік, мәрттік пен қарапайымдылық қасиеттерін үлгі тұтып, рухани есейеді. Мәселен, Боздақ жырау бейнесі арқылы өткен өмір мен келер күн көкжиегі алма-кезек беріліп отырса, Құсайын образынан қарапайым еңбек адамының жиынтық үлгісін көреміз. Боздақ жырау ескінің көзі, өмір-тарихтың өзі, Әбу Насырдың тірі рухы болса, Құсайын ұста Отырардың қыр-сырын жетік білетін, қолынан өнер-мұра қалдырып, көкірегінен ізгілік нұрын сепкен сегіз қырлы бір сырлы жан. Қысқасы, ұнамды кейіпкерлер – қоғамдық ой-пікірді жақтаған, адамдық, адамгершілік ізгі қасиеттерге толы мінез категорияларымен ерекшеленеді.
Романда Шыңғыс хан жер теңселткен түмендерімен орданы арандатушы ғана емес, алды-артына ойлы көзбен қарайтын адам. Романда Шыңғыс хан суға салса батпайтын, отқа салса күймейтін, немесе екі сөйлеп, бармақ тістейтін кейіпкер болмысынан емес. Жазушы басты кейіпкерлері Шыңғыс хан мен оның балаларының өмір сүрген ортасы, мекен-жай географиясымен телқабыс бейнелейді. Бұл деректер, негізінен, қалың жұртшылыққа белгілі. Дүние жүзілік әдебиет тарихының тұтас бір тарауы Шыңғыс, оның жорығын көрсетуге арналғанын айтсақ та жеткілікті. Осы реттен алғанда, Отырар тарихы, оған басып кіріп, өз үстемділігін жүргізбек болған Шыңғыс хан түмендерінің өмір-тірлік көріністері романда біршама көрініс тапқан. Алайда, романдағы Шыңғыс хан бейнесі тарихтағы Шыңғыс хан образымен сырттай ұқсас белгілері болғанымен, өмір болашақ мұраттарын ойлау тұрғысынан алғанда, Қайыр хан бейнесінен бір саты төмен тұр.
Романда суреттелінетін кезең бейнесі мен кейіпкерге деген авторлық позиция айқын. Мұның өзі шығарма композициясын жинақы құруға, суреттеу құралдарын жеткілікті пайдалануға септігін тигізген. Шығармадағы халықтық шежіре, аңыздар мен этнографиялық сурет-нақыштар орынды кіріскен.
Роман кемшіліксіз де емес. Оның бірі – Отырарды Шыңғыс хан түмендерімен қоршап алғаннан кейінгі Қайыр ханның ішкі жан-дүние әлемі, кейіпкерлердің іс-қимылы психологиялық тұрғыдан терең ашылмағаны дер едік. Осы тұста қаһарманның әрқайсысы сырттай күйгелектік көріністен арылып, іс-әрекеттің адамы дәрежесіне көтерілу қажет еді. Сондай-ақ, Гауһардың өмірге деген құштарлығы солғын, сенімсіз шыққан дейміз. Қасым мен Жәнібектің, Тарханбектің рухани есеюлері де жасы мен ісіне сәйкес келмегендіктен, мінез-құлықтарында жасандылық бар. Романның композициялық құрылысында да біркелкілік байқалмайды. Сюжеттің шымыр құрылып, кейіпкердің кесек бітімін жасау орнына халықтық аңыздарды баяндау басым.
Сондай-ақ, әрбір тарихи шығарма сол кезеңдегі оқиғалардан туындайтын өзіндік тұжырым түюі тиіс. Отырар туралы дүние жүзі әдебиетінде де, қазақ әдебиетінде де аз жазылған жоқ. Жазушы сол белгілі тақырыпты қайта жаңғыртқанда, оқырманға қандай жаңалық, тың тұжырым ұсынып отыр? Шыңғыс хан мен Қайыр ханның арпалысы, арбасуы бұрын да айтылған. Тек Отырар кітапханасының жасырылуы ғана елең еткізерлік тұс. Шығарманың дербестігі қандай жолмен дараланады? Бұл мәселе сол шешілмеген күйінде қалған. Жазу мәнері, оқиға құруы, психологиялық иірімдері өзге болғанымен, жалпы тарихи трактовкаларында ілгерідегі ізді қайталаушылық бар. Үлкен мін осы.
Тұтастай алғанда, “Отырар ойраны” – жұртшылықтың рухани сұранысынан туған, тарих тағылымы мен өмір шындығын белгілі дәрежеде өрнектеп, көрсете алған керекті кітап деген пікірдеміз.
Оянған өлке
Достарыңызбен бөлісу: |