Қазіргі қазақ тілі лексикологиясы бойынша курстық жұмыс



бет4/4
Дата23.02.2023
өлшемі54,11 Kb.
#169859
1   2   3   4
Байланысты:
М.Әуезовтың «Абай жолы» шығармасы тілінің лексикологиялық ерекшелігі

«Сорлы асық (сарғайса да), сағынса да,
Жар тайып, (жақса сөзден) жаңылса да...
Қысқа күнде (қырық жерге) қойма қойып...
Қажымас (қайта айнымас) қайран тату...
Қар тепкенге (қажымас) қайран жылқы...
Тәңір сақтар (табандап) тап ұрса да...
Арсыз адам (арсаңдап) арсылдайды...
Ақылды деп (арлы деп) ақ бейіл деп...
Қайран көңіл (қайыспай) қайрат етті...
Жылы жүзбен (жұлдыздар) жылжып жүріп...»
(Абай)

  • Оразбай тағы асқындай түсіп айып тіледі... Жасыра түсіп жалтара сөйледі... Ақыра зекіп айдап салды... Күңгірт сөзін күмілжіп аяқтады... Тайдай тарлан талып түсті... Қаптай келіп қайғы қосты... Өжет топты өлердей жазғырып... Талай жанды таң қылған, ойда жоқ оқыс іс болды... Екшеліп шығып екпіндей қуатын, айнымас топтар айқынданып қалды... Енді соңғы үмітін соған артып, қалың ел қауырт жүретін... Күз аспаны күңгірт, айнымалы ала бұлт... Тұтқында томаға астында, алмас жүзі ашаң тартқан; қызыл балақ қыран еске түсті.

(Әуезов).
Абай өлеңдерінде, эпопеяда жоғарыдағы тәрізді дыбыстық қайталаулармен қоса жеке сөз түріндегі қайталаулар да кездесіп отырады. Негізгі ойды ұстап тұрған сөзді бұлай екі рет немесе бір рет көп қайталап қолдану әдісі шығыс әдебиетінде жалпы әріден келе жатқан көне құбылыс. Көркем тіл тәжірибесіндегі қайталаудың мұндай түрін илтизом тәсілі дейді. Рас, илтизом тәсілі поэзиядан гөрі прозада жиірек ұшырасады.

  • «Көп жасамай, көк орған, Жарасы үлкен жас өлім. Күн шалған жерді тез орған, Күншіл дүние қас өлім. Артына белгі қалдырмай, Бауыры қатты тас өлім. Жыламайын десе де Шыдарлық па осы өлім... Қойдан қоңыр, жылқыдан торы Бәкең, Адалдыққа бар елдің зоры Бәкең. Ұры-қары көбейіп, к... шөмейтіп, Неге болды бар елдің қоры Бәкең... Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын, Түбін ойлап, уайым жеп айтқанмын. Ақылдылар арланып ұялған соң, Ойланып түзеле ме деп айтқанмын...»

(Абай)

  • Жастығын, шексіз шат жастығын қайта тапты. Сағынып, сүйсініп тапты. Сүйткенше сырттан Оспан кіріп келді. Кішкене інісі. Ауылға келгелі көп сұраса да көре алмаған тентек, содыр інісі... Бұның себепшісі - Әбіш. Екі жылдан бері ата-ана, аға-бауыр ерекше тосып отырған Әбіш.

(Әуезов)
«Абай жолында» тіркес ыңғайындағы қайталаулар да ұшырасады: «Сол кеште шашырай тараған жастар топтары еркін, әсем ән шырқады». Осындағы сол кеште тіркесін келесі бетте жазушы бірнеше рет қайталайды: «Сол кеште Әнетке қарай беттеген Базаралы ат үстінде ән салып келе жатқан Балбаланың сымбатты сұңғақ бойына, қыпша беліне тамашалай қарайды. Сол кеште Керімбала мен Оралбай қосылып ән сәндейді. Сол кеште, жарық айлы сырқұмар кеште, көп жолдастың қоршауында келе жатып, Әмір мен Үмітей саз қосады. Сол кеште, үлкен өнер, әсерлі әнмен қоштасар кеште... Әйгерім ән шырқап отыр». «Абай жолының» 2-кітабының эпилогындағы мұндай қайталаулар бұдан да көлемді, бұдан да күрделірек. Ол эпопеяның өн бойынан кездесіп отыратын сан сала тілдік қайталаулардың барлық сипатын жан-жақты танытарлықтай, солардың бәрінің жиынтық ерекшелігін аңғартарлықтай, жалпы илтизомдық сөз қолданыстың Әуезов шығармаларындағы көрінісін барынша сарқып, топтап көрсетерліктей. «Ақшоқыда туған өлең, өлең мен ән сан саналы жырлар көшіріліп жатталып, әуендеп толқып тарап жатты». 2-кітаптағы эпилог осылай басталады. Осы сөйлем сәл ғана өзгеріспен эпилогтың әр тұсында тағы төрт рет қайталанады: «Ақшоқыда туған өлең, өлең мен ән жатталып, көшіріліп әуендеп толқып Ералыға жетті. Ақшоқыда туған өлең, өлең мен ән көшіріліп жатталып Мұхаметжан әуенімен Ұлжан аулына жеткен еді... Ақшоқыда туған ән жатталып, сол күндердің кешінде ұйқысыз жатқан Құнанбайдың құлағына жетті... Ақшоқыда туған өлең, өлең мен ән жатталып, әуенге қосылып, кең атырапқа тарап жатты».
2-кітаптың ең ақырындағы осы сөйлем 3- кітаптың соңын ала, араға тура төрт жүздей бет салып тағы кездеседі. 4-кітаптың орта тұсында да қайталанады. Сөйтіп, Абай өлеңдеріндегі, Әуезов шығармаларындағы осы алуан құрамды илтизомдық сөз қолданыстардың шығыс әдебиетіндегі көне тілдік дәстүр мен халқымыздың бүгінгі көркем сөз өнері арасындағы жалғастық айқын көрінеді. Абай мен Әуезов өздерінің шығармаларында таносуб тәсілін де пайдаланады, яғни бір-бірімен мағыналас ұғымы өзара жақын сөздерді қат-қабаттап қосарлап, үстемелеп қолданады: сұм-сұрқия, қу заман айбаттайды, даттайды, қырмызы, қызыл жібек бозбалалар; шабан, шардақ және шау; сыбыр, өсек дегенді сырттай жүріп (Абай).
Шабуыл-шаңдуыл, әмір-бұйрық, әмір-құдірет, шолақаласышолтырақ, шағым-арыз, қамау-қоршау, қостаушы-құптаушы, бөгет-аяң, тор-шырға, байлықаласыбарлық, тең-тұсы, саяқаласысандырақ, бейіс-райыс-шафқат, бұлік-бұзақы-қанқұйлы, ақша-пұл, күміс-қазына (Әуезов).
Ал иштиқоқ тәсілінің (яғни түбірлес сөздерді жағыстыра, жанастыра қолданудың) ақын тіліндегі, «Абай жолындағы» кейбір үлгісі мынадай:

  • Керенау кердең, бір керім... Сәнқой, даңғой, ойнасшы, керім-кербез... Шалықтап, шалқып, шашпай ма... Сендіре алмай, сене алмай сенделеді... Есер, есірік болмасаң.

(Абай)

  • Қызықты, қызуды, қыздырманы ғана айтатын күлкіші, сауықшыл Барлас емес... Базаралы көңілін алаң етерлік оның ынтық, ынтызар сөзі... Абай өзінің сүйіп-сүйсініп берілетін еңбегінің соңында... Барлық күтуші қызметші атаулының баршасы тамашалап қарап қалысты... Көкшенің қарт-қариясы Қаратайдікіне келген.

(Әуезов)
Ежелгі шығыс әдебиетінің, әсіресе, поэзиясының тіліне тән тағы бір басты ерекшелік - анықтауыштық сөз тіркестерінің жиі ұшырасатындығы. Әдетте мағына жағынан өзара қосақтап айтуға, басын біріктіруге келе бермейтін, ұғымы әр түрлі екі, кейде үш сөзді бір-біріне бұлай тели жұмсау - Абай мен Әуезов шығармаларындағы тіл ортақтастығының тағы бір көрінісі:

  • Қызыл балақ қыранның... Көңілдің жайлауынан ел кеткен бе... Қараңғы саңырау қайғы ойды жеңген... Жапырағы қуарған ескі үмітпен... Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек... Асау жүрек аяғын шалыс басқан... Епке көнер ет жүрек... Ызалы жүрек, долы қол... Жастықтың оты жалындап Жас жүректе жанған шоқ.

(Абай)

  • Көр кеуде, надан кеуде, ызалы кеуде, бітеу кеуде, теріс азу, сәнді салмақ, назды сүйкімділік, нәзік сүйкімділік, тәрбиелі ұстамдылық, тәрбиелі сыпайылық, сұлу сыпайылық, жас мәжіліс, жасты мұң, намыскер жүрек, үркек жүрек.

(Әуезов)
Абай мен Әуезов шығыстың көркем сөз тәжірибесінде кең тараған тавзе тәсілін де осылай шебер пайдаланады. Екеуі де жеке сөздердің дыбыстық құрамы жағынан өзара әуезді болып келуіне қатты мән береді. Мыс.,

  • Әсемсіп сәнсіп, Білгенсіп бәлсіп Әр нәрсенің орынын... Үкі тақтық, Күлкі бақтық Жоқ немеге сүйініп... Алса қоймас Араны тағы тоймас,

(Абай)

  • Қымыз ішіп, қыза түсіп, әзілдесіп отырған топ... Анадай жерде қиыс отырып қымыз ішіп жатқан... Бұрынғы кейбір надан ақынды, сатымсақ сөзді мәнсап мәзді шенепті баласы... Сазды кеште назды көңіл сыр ашады.

(Әуезов)

  • «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да - бәрі орыста түр. Зарарынан қашық болуға, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Сен оның тілін білсең, көкірек-көзің ашылады. Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі соныменен бірдейлік дағуасына кіреді» (Абай). «Орыс тілінің мәдениетінен қазақша әдебиет тіліне қонымды үлгі алғанда, оны қазақ сөзімен қалыптап, жаңғыртып, өзгертіп бергенде, ең әуелі сол көркем, шебер істелген қорытпа болсын. Бұл жөнде қылдай мін болса, одағай, өрескел боп турады».

(Әуезов)
Шынында ақын мен жазушының осындай ортақ бағыт ұстанғаны шығармаларынан да айқын сезіледі. Қазақ тілі заңдылығына сай, орыс тілінің ықпалдығымен жасалған «қонымды үлгілер», «көркем шебер істелген қорытпалар» қайқайсысынан да кездесіп отырады. «Жас жүрек жайып саусағын Талпынған шығар айға алыс... Мен көрдім кектің ғажап жасалғанын, Жер ұйықтап, көкшіл шықпен бу алғанын... Қонады бір күн жас бұлт Жартастың төсін құшақтап... Кавказдай құзда туған перзенттенмін, Бұлттың сүтін ішіп ержеткенмін... Жасырмай жастықпенен, нанғыштықпен Айтыпты шыншыл тілің бар іңкәрін...»

  • Құнанбай өзінің кәрілік оңашалығында осындай бір орынды өзі де көксейтін... Жұқалау, қып-қызыл еріндері мінсіз, кінәсіз тазалықпен тыныс алады... Анау көрініп тұрған төскейдің сай-саласы, бие бауы, ауыл қонысы, қой өрісі - барлығы да соншалық таныс, жақын... Қыздар кіргенде, Әбіш скрипкасын тоқтатып, жаңа келген сыпайы топқа тәрбиелі ілтипат білдірді... Смирнов подполковник чиніндегі ісшіл, ширақ адам болатын.

(Әуезов)
Тіл этностың бүкіл рухани, мәдени байлығының негізгі көрсеткіші болып табылады және ұлт тіліндегі этномәдени лексика ұрпақтан- ұрпаққа жетіп, оның мәдени мұрасы ретінде мәңгі сақталады. Кез келген тілдің көрінісі халықтың тарихына, мәдениетіне, әдебиетіне, салт- дәстүріне, әдет- ғұрпына, дүниетанымына, жалпы тұрмыс- тіршілігіне байланысты болып, сол тілден мол деректер беретіні мәлім.

2.2. «Абай жолы» роман-эпопеясындағы қос сөздердің мағыналық ерекшеліктері


Лексика саласындағы қос сөздердің жасалуына тән заңдылықтар сыңарларының мағыналық байланысына қатысты болып келеді. Лексика саласындағы қос сөздер ешбір мағыналық байланысы, бір-біріне қатысы жоқ сөздер бір-бірімен қосылып, қосарланбаған. Міне - бұл сөзжасам саласындағы қос сөздердің жасалуында қатты сақталған заңдылық. Осыған байланысты қос сөздердің сыңарлары көбіне мағыналас, синоним, антоним сөздерден болған. Мысалы төмендегі сөйлемдерге назар аударайық Қораның ішімен ас үйдің бәрі палау басқан, сарбуға салып, балқытып ет асқан қазан-ошақтарға толды [6,2]. Тіпті ауыл маңында үрген ит те жоқ. Олар да сорпа-сүйек тимеген соң, жүдеу күздің күнінде тышқан аулап, қаңғып кеткен [6,3].
Осы сөйлемдердегі қазан-ошақ, сорпа-сүйек деген қос сөздер өмірде бір-бірімен белгілі байланысы бар заттардың атынан яғни бір-бірімен мағыналық қатысы бар сөздерден жасалған . Мағыналық байланысы бар қос сөздер тілімізде көп қолданылған. Мысалы қарға-құзғын, тай-құлын, аяқ-қол, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, кедей-кепшік, шаң-тозаң, қатын-бала.
Үнсіз жығылған жігіттің бар сырын аңғарған, әншейінде сырлас-мұңдас Қаңбақ Исаны қатты мүсіркеп кетті [6,3]. Оқу тәрбие мен шаһар тіршілік тәртібі бұлардың әрбір қимыл-қозғалыстарын мүлде басқа еткен Әбіш мынау [6,3]. Алыс жолдан келген өнерлі, оқымысты қонақпен сағынысқан аға, бауыр, құрбы-құрдас, дос-жолдастар ең алғаш осылай кездесті [6,3]. Бұл сөйлемдердегі қос сөздердің сыңарлары (сырлас-мұңдас, қимыл-қозғалыс, пішін-мүсін, құрбы-құрдас, дос-жолдас) бір мағынаны білдіреді, бірақ екі түрлі дыбысталады. Бұндай қос сөздердің сыңарлары сөйлемде бірінің орнына бірі қолданыла береді. Осы сияқты қос сөздер романда өте көп кездеседі. Оларға: қас-дұшпан, әлді-малды, өсіп-өнген, бай-бағлан, күш-қуат, ақыл-парасат, өлім-қаза, әл-қуат т.б. жатады.
Жоғарыда айтылған мысалдардан мағыналары бір-біріне қарама-қайшы сөздерден жасалған, яғни, антоним сөздерден болған қос сөздер тілде жиі қолданылады. Мысалы, Қазіргі күндерде бұлар аш-тоғын да елемейді [6,3]. Сондықтан барлық еркек-әйел сол қалың қойды қоршап алып, айқай салып қамап тұр [6,3]. Солар арқылы әр кеңсенің үлкенді-кішілі чиновниктеріне де осы күнде білікті, көзтаныс арызшы болып алған [6,3]. Осы сөйлемдердегі қос сөз мағыналары бір-біріне қарама-қайшы, яғни антоним сөздерден жасалған.
Сонымен қатар романда бір сыңары мағыналы, екінші сыңары мағынасыз сөздерден жасалған қос сөздер де көптеп кездеседі. Мысалы; Бұншалық өктем, зорлықты күтпеген момын ауылдар қазір біріне-бірі жүгірісіп, жалғыз-жәутік, тай-тулаған мінісіп шапқыласып әбіргерге түсті [6,3]. Олар ағызған бойларында айқай-сүреңін үзбей отырып, кесірлі асауларды шошыта қиқулады [6,3]. Қайда қойшы, сауыншы, күзетші, жылқышы кем-кетік, жоқ-жітік болса солардың ғана басына арналған апат [6,3].
Қазан-аяғына шейін жамап-жасқайтын, жасқаушысы болдым ғой [6,3]. Осы сөйлемдердегі тай-тулағын, айқай-сүрең, кем-кетік, жоқ-жітік, қазан-аяқ, жамап-жасқайтын деген қос сөздердің бір сыңары мағыналы да екінші сыңары мағынасыз. Мұндай қос сөздер көп кездеседі. Мысалы, әуре-сарсаң, тығыз-таяң, шапан-шоқпыт, киім-кешек, ойын-сауық, бала-шаға, ұры-қары, аралас-құралас, тері-терсек, жүн-жұрқа, көрші-қолаң т.б.
Сонымен қатар екі сыңары да мағынасыз сөздерден жасалған қос сөздерді көптеп кездестіреміз. Мысалы, оқта-текте, ыңқыл-сыңқыл, саңғыр-сұңғыр, әлім-берім, быт-шыт, мең-зең, астаң-кестең, ойран-топан, тас-талқан, некен-саяқ, іле-шала, алда-жалда, ұмар-жұмар, бұрқ-сарқ, үшті-күйлі т.б. «Бұршақтай құйылып келе жатқаны. Ойдым-ойдым, топ-топ боп әлі төгіліп келеді, әлі төгіліп келеді. Бірақ жақындар емес, алыстамайды да. Әне жетем, міне жетем деп құлдилап тұрғаны». «Екі көзінен жалп-жалп етіп, жанып бара жатқан зеңгір көк жапырақтар жерге түсіп жатқанын көрді... «Барып қайтқан жері – осы тұрған Қазалы. Біріне-бірі есептерімен аңырайысып, соқырайысып қарайтын, үйме-жүйме белуарлап сыз тартып тұратын сұр балшық Қазалы. Түйелі керуендей шұбалып өретін түтіндері тоғысып жататын Қазалы» .
Тіл мамандары осындай қос сөздердің кейде бір сыңары, кейде екі сыңары да мағынасыз болып келуі, тілдің даму сатысына байланысты; ол жағдай қос сөздердің жасалған кезіне қатысты емес, олардың бәрі алғаш мағыналы сөздерден жасалған дейді. Кейін келе бір сыңары, кейде екі сыңары да тілдік дамудың нәтижесінде лексикалық мағынасы солғындап, не мағынасынан мүлдем айырылып, қазіргі дәрежеге жеткен. Оған сөздің дыбыстық өзгеріске ұшырауы да қосылған деп тұжырымдайды.
Романдағы қос сөздердің өзіне тән жасалу заңдылықтарымен қатар өзіне тән мағыналық ерекшеліктері де бар. Қос сөздердің тұлғалық түрлері қаншалықты бай болса, мағыналық ерекшеліктері соншалықты көп. Кейбір қос сөздер дара мағыналы сөздерден құралып жинақтық я жалпылық мағынаны білдіреді. Мысалы, Түнгі жүрістің сырын іріккен ыңғайлы, ықшам жігіт те өне бойымен қару-жарақ, ер-тұрманымен сондай әдемі реңге ауысқан [6,3]. Осылайша өзі қыз-келіншектерге арнап істеген жүзік-сырғасын ұсынған, қазақша кіселі белдік жасап, қыны мен пышағын түгелдеген қол ісмерлері де кездеседі [6,3]. Бұдан бөлек қаланың Сейсекедей, Қасендей байларын ертіп, сахараның ақсақалы, ру басы, әдет-ғұрып жоқшысы болып Оразбайлар да өктеді [6,3]. Бірақ ол тұста Әйгерімнен өздері төмен болса да, оны қызғанышпен жек көретін абысын-ажын, келін-кепшік дегендерге басқаша мінез жасауға үйреткендей [6,3]. Әдетте, ойын-сауықта үй тола жиналған әнші болса да, бір әнге екі кісіден артық қосылып салатындар болмайтын [6,2]. Күндіз-түн күйеу үйлерінде той-думан бәсеңсіген жоқ [6,2]. Отырғандарға сәлем беріп, Асылбай ел-жұрт, ауыл-аймақ амандығын сұрап алып, қаланың хабарын айтуға көшті [6,2]. Қалада үлкен үйдің ерке келіні болғанмен, Мәкіш ағайын-туған, ауыл-аймағын ойлағанда өзгеше бір қимас ыстық жүрекпен, соншалық тілеулестікпен тебіренеді [6,2].
Осындағы бірінші сөйлемдегі қару-жарақ деген қос сөзі бастапқы қару және жарақ дейтін жеке сөздерден қосарланып, ұрысқа қолданылатын соғыс құралдарының жалпы мағынасын білдіреді. Ал, ер-тұрман қос сөзі де жеке-жеке мағынасының жиынтығын қамтитын жалпы бір мағынада, яғни тек атқа байланысты керекті ер, тоқым, жүген, әбзел тағы басқа жабдықтарды білдіру мақсатында ғана қолданылған. Енді, кейінгі сөйлемдердегі қос сөздердің мағынасына назар аударайық. Қыз-келіншек деген қос сөзде қыздар тобы мен келіндер тобын ; жүзік-сырға – жалпы әйел затына тән түрлі тақыншақтар; әдет- ғұрып қос сөзі жалпы халқымызға тән нанымы, сенімі, салты, дәстүрі, ырымы деген жалпы бір мағынаны қамтиды. Абысын-ажын, келін-кепшік деген қос сөздер жалпы абысын мен келін атауын білдіреді. Ойын-сауық деген қос сөз қазақ халқының ұлттық ойындарын, яғни көкпар, қыз қуу, алтыбақан, асық, ақ сүйек ойындарының жеке-жеке мағынасының жиынтығын қамтитын жалпы бір мағынаны білдіріп тұр. Сол сияқты той-думан қос сөзі де жеке-жеке сөздерден қосарланып, жалпы қазақтың салт-дәстүріне тән (шілдехана, тұсау кесер, сүндет той, беташар, қыз ұзату) жалпы бір мағынада берілген. Сонымен қоса, ауыл- аймақ, ел-жұрт деген ұғым бүкіл ауыл, ел және оның айналасын; ағайын-туған деген ұғым әке, шеше, апа, аға, іні, қарындас, нағашы, жиен т.б. дегендердің жеке мағынасын қамтитын жалпы бір мағынада қолданып тұр.
Осы сияқты мағынасы екі бөлек, бірақ өзара мағыналық сыбайластығы бар екі сөзден құралып жинақтық, жалпылық мағынаны білдіретін романдағы қос сөздер мыналар: бала-шаға, әке-шеше, кәрі-жас, ағайын-туыс, үлкен-кіші, қарға- құзғын, жер-су, ат-тұрман, қозы-лақ, қыз-келіншек, жиын-думан, үй-мүлік, қатын- қалаш, қыз-қырқын, тай-тулақ, қоныс-жай т.б.
Кейбір қос сөздер жалпылау я топтау мағынасын білдіретін жеке сөздерден құралып, керісінше, жіктеу, даралау мағынасын білдіреді. Осыған байланысты «Абай жолы» эпопеясындағы мына бір сөйлемдерді алайық: Бүгін таңертеңнен бері Оразбайдың осы кең Сартөскейдегі көп аулының үстіне қалың топ-топ болып жиналып келіп кетіп жатқан әр рудан, әр қоныстардан шыққан салт аттылар сансыз көп болған [6,4]. Сонымен Оразбай аттандырған пәле іздеген қалың топ жаңағы сайдан лек- лек болып бытырап, буын-буын бөлінісіп ат жол тартты. Бар елдің отардағы қос-қос жылқыларына өлім араласыпты дейді [6,4]. Ол – әлсіз, жүдеу Ералы жазығы. Сол жазықта енді будақ-будақ бүлік шаң шығады [6,2]. Алайда, мұндай қос сөздер сөзжасамда көптеп кездеспейді.
Белгілі бір ұғымды дәл атамай екі-ұшты етіп болжау мағынасын беретін қос сөздерге тоқталайық. Мысалы, Жүргіншілер ойға, жазаң жерге келіп түскенде, бағанадан бұларға көрініп, өздеріне қарай асығып, тырағайлап шауып келе жатқан аттылардың алдыңғы екеу-үшеуі үйме-жүйме қатар жетті [6,2]. Міне, құдайға шүкір, азды-көпті алғандарыңмен сендер де қол артып отырсың [6,2]. Аралтөбенің жан- жақ маңайында үш шақырым, бес-алты шақырым, жеті-сегіз шақырым жерлерде көп ел бар [6,2].
Осы мысалдардағы екі-үш, азды-көпті, жеті-сегіз, бес-алты деген қос сөздер дәл екеу емес, үшеу емес немесе аз емес, көп емес, жетеу емес, сегіз емес, жалпы шамалап, болжап айтып тұр.
“Ауылдың желкесіндегі кәрі қарағайдың кейбірі қурағандай бүрсіз. Көпшілігінің көк жамылғысы бар көлеңкелі, саялы. Кешкі тыныш ауада биік бастары мызғымай қалқып қарап тыныштық алады. Мең-зең, жым-жырт тоғайда анда-санда үнді торғай шырылдайды, кейде ағылып төгілгендей, кейде шық-шық еткен дыбыстары келеді. Өлке бойындағы ауылдардың кейбірі кішілеу, төбешіктердің басына, кейбірлері өзектегі өзен жағасына мінбелеп қонған [6, 2].
“Кешкі ауа дыбыс атаулының барлығын іліп алып көтеріп, екілендіріп тұр. Анда-санда ауылдан сиырларын ауқалаған қатындар дауысы, күйіп-пісіп сөйлеген бала сөздері, әмірмен ақырып жұмсап тұрған шешелер дауысы да танылады. Анда-санда сиыр мөңірейді. Қабақта, астыртта шіңкілдеп кісінеген қысырақ айғырдың таныс дауысы да естілді. Ұзақ созып кісініп келіп, кейде иелік нығыздығымен қайырып-қайырып оқыранып қояды. Бұзауына жақын келіп шешуін күтіп тұрып бір-ақ қайырып мөңіреген сауын сиыры байқалады. Кеш жақындаған сайын өлкенің дауысы зорайып, тілі молайып келеді. Сылдырлаған өзен суының да дауысы жетті [6, 2].
Кешкі көп тілдің бірі болып, жекелеп жүрген иттер дауысы келеді. Ішінде төбет күшіктер де бар. Басында бір-екі дауыс үзіліп-үзіліп естілсе, кешкі жаңғырық молайған сайын екіленіп, желігі артып келе жатқандай, бірін-бірі қыздырып қостап, дырду көбейтеді. Кейде ізденіскен, өштескен, өршеленген, бүлініп, бұзылысқан дауыстар да шығады [6, 2].
. Осы тәрізді мысалдарды көптеп келтіруге болады. Қос сөздер қимылдың қарқынды істелгендігін бейнелі көрсету үшін, қомсынғандық кекесінді білдіру үшін, кейіпкердің мінезін ашу үшін, қимыл әрекетті бейнелі жеткізу үшін қолданыс табатындығын байқауға болады.
Тіл біліміндегі кейбір қос сөздер белгілі амалдың бір рет емес, әлденеше рет қайталанғанын білдіреді. Мысалы; Абай тек қана сылқ-сылқ күліп, өлеңді Дәрменге беріп жатыр.. Біріміз айдауға, біріміз байлау-матауға күңірене жүріп, көне беретінбіз. Бірақ айтып-айтып, мұңдап-мұңдап қоятынбыз.Жаңағы екі жылқышының өздеріне қарай төнген сойылдарын қағып-қағып жіберісті. Жусан, тарлау, қазотының иістері де ауық- ауық демді шалады. Қораның сол жағында, аласа кірпіш оттықта шөп жеп тұрған екі-үш ат көкшіл бау шөпті күтір-күтір шайнай түсіп, пысқырып қойысады.Демі дір-дір еткен өксік тәрізді ауыр күйіні қалпын байқатты. Тек қана бадырайып, шошынғандай шатынап ашылған көздерінен үнсіз жастар бұршақтай боп үзіліп-үзіліп, оқтын-оқтын тамып, төгіліп кетеді.
Осы жоғарыда келтірілген сөйлемдердегі сылқ-сылқ, айтып-айтып, мұңдап-мұңдап, қағып-қағып, ауық-ауық, күтір-күтір, дір-дір, үзіліп-үзіліп, оқтын-оқтын деген қос сөздер бір қимыл әрекеттің әлденеше рет қайталанған мағынасын білдіріп тұр.
Қос сөздердің келесі бір мағыналық ерекшелігі қимылдың я көріністің бір қалыпты емес, бірде олай, бірде бұлай құбылып отыратындығында. Мысалы, Ойлы көзі үй ішіне, Қаражан, Тәкежан жаққа жалт-жұлт қарай түседі [6,3]. Кейбіреулерінің білегіне ілген, үзеңгіге ілген емен сойылдары қақтығысып, сатыр-сұтыр етіседі [6,3]. Осы мысалдардағы жалт-жұлт, сатыр-сұтыр деген қос сөздер қимылдың бір қалыпты емес, құбылып өзгеріп тұратынын білдіріп, амал кезектеніп отырады. Бұл сөздердің осындай мағыналық ерекшеліктері сөздің бірінші сыңарындағы ашық дауысты дыбысының екінші сыңарда еріндік қысаң дауысты дыбысқа ауысуы арқылы жасалған.
Келесі бір қос сөздер екі субьектінің арасындағы әрекеттің немесе қарым-қатынастың тікелей байланысы болатынын білдіреді. Мысалы; Жаңағы тазы ит иесінің сол қызға көзі түсіп сұрағанда, Педот баспа-бас айырбасқа салады [6,3]. Жүзбе-жүз бет алдында ақсиған жауы ажалдай көрінсе де әлі түк те шіміріккен жоқ [6,4]. Тайдай арлан бөрімен шаппа-шап ұстасып өлердей жағаласқаны, табжылтпай ұстап өлтірткені – бәрі де бұл өңірде, бұл заманда болмаған балғын азамат қасиеті боп тарады [6,4]. Енді Тәкежан алдында қолма-қол тайқып салғанын екі жүзді ұсақ тақыстық, айнығыш айлакестік көрді [6,4]. Бетпе-бет келсе, ағам бәрінің шабан-шардақ жаман ойын халыққа әйгілеп ашып та, басып та кетеді [6,4].
Осы сөйлемдердегі баспа-бас, жүзбе-жүз, шаппа-шап, қолма-қол, бетпе-бет деген қос сөздер амал мен істің біреу арқылы емес екі субьектінің арасындағы әрекеттің тікелей болатынын білдіріп тұр.
Кейбір қос сөздер заттың түсін, көлемін я болмаса сапасын күшейту үшін қолданылған. Мысалы: Көтеріңкі қырлы мұрын, жұқа еріндері мен Абайша біткен жіп-жіңішке қара қасы Әбішті өз тұқымының ең бір сұлу жасы дегізгендей [6,3]. Ерінің қолына қарсы созған жүзікті білезікті жұп-жұмсақ кішкентай саусақтары ып-ыстық боп майда тиді [6,3]. Келтірілген мысалдардағы жіп-жіңішке, жұп-жұмсақ, ып-ыстық деген қос сөздерді заттың түсін, көлемін, сапасын күшейту үшін жазушы шығарма жазуда әрбір сөйлемде өте орынды қолданған.Үстеме буынды қос сөздердің дыбыстық та, морфологиялық ерекшеліктеріне қарай, семантикалық мағыналары бәрінен өзгеше. Тіл білімінде мезгілдік мағынаны беретін қос сөздер де жиі кездесіп отырады. Мысалы, Жаман үйінде, жыртық шоқпыт төсекте қатын-бала қасында тыныштық алып жату деген Алтыбайдың қысы-жазы қолына түспейтін арманы тәрізді [6,4]. Өздері әнін үйретіп, сыйластық, құрметтестікке жеткен соң, көп ауылдардың жастары Біржан мен Абайды өз ауылдарына шақырып, үзілмеген ұзақ сауық күн-түндерін өткізген [6,2]. Екеуінің кездесуі күндіз-түні талғаусыз, еркін болды [6,2]. Әкесіне күнбе-күн оқып білген дерегін бүгін ғана емес, бұдан бұрын да айтқанды [6,2]. Түнде жатқанда аяқ-қолым қақсағанда таңды-таңға ұрамын [6,2].
Бұл келтірілген мысалдардағы қысы-жазы, күндіз-түні, күнбе-күн, таңды-таңға дегендер мезгілді білдіріп тұр.
Қос сөздердің кейбіреуі бір затты қомсыну, кемсіну мағынасын білдіреді. Мысалы, мына сөйлемдерге назар аударайық: Бұларды ат-матымен осы жатқан алақандай қарлы жерімен де түгел үйіріп, құйындағы қаңбақтай шырқ айналдырған сияқты [6,2]. Осылардың әрқайсысы асырап отырған қызыл қарын жас бала, айналасында қолдарына қараған кәрі-құртаң, ақсақ-тоқсақ бар екен [6,2]. Тек шай-пай ауыз тисек болды [6,3]. Сөзжасам саласындағы сөз тудыру тәсілдерінің бірі болып саналатын қос сөздердің жалпы табиғатын тілдік фактілер негізінде қарастыруды жөн көрдік. Cөзжасам саласындағ қос сөздерді мағынасына қарай бірнеше түрге бөлінетініне тоқталып өттік. Енді солардың кейбіреулерінің семантикалық сипатына тоқталайық.

Қорытынды


Осы курстық жұмысты қорытындылай келгенде, мен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы туралы толық мәлімет бердім және де эпопеяның лексикологиялық ерекшеліктеріне тоқталып, оған мән бере білдім. Жоғарыда айтып кеткендей, мен Мұхтар Әуезовтың ағартушылық, адамгершілік сарыны, туған халқын, Отанын сүйгіш сезімі, қорлыққа, әділетсіздікке төзбеуі, жаман мінез, қылықтар мен әлеуметтік міндерді сынап, сықақ ету дәстүріне, шығармаларына талдау жасалды.
Қорытып, тұжырымдап айтсам, Мұхтар Әуезовтың көркем прозасы, соның ішінде әсіресе «Абай жолы» роман-эпопеясы қазақ әдебиетіне көптеген жаңалық қосты. Солардың негізгілері қатарында шығарманың реализмі артуын, қаһарманның мінез-құлқын, даралық келбетін нақтылы талдауды жетілдіргені, табиғат көріністерін кейіпкердің көңіл күйіне орай жанды суретке айналдыру шеберлігін, әдеби тілді байытуын айту керек. Әлеуметтік құбылыстарды адам характерінің ерекшелігімен тығыз байланыстыра көрсету — кемелденген әдебиет белгісі. Осы өрнектерді мол да жүйелі дәстүрге айналдырып, жазушы әдебиетіміздің дамуында тұтас дәуір тудырды. Мұхтар Әуезов алғашқы әңгімелері мен повестерінің өзінде-ақ адамның ішкі өмірін, көңіл толқынын әсемдеп суреттеуге ұмтылды. Жазушы шеберлігі кейіпкер портретін жасаудан да көрінеді. Көркемдік шындық мұраты каһарман пішінін жанды әрекет, қозғалыс үстінде айкындауды талап етеді. Реалистік әдебиетте портреттің өзінен де адам мінезін елеулі өзгешелігі аңғарылуы керек. Осы талап «Абай жолында» аса шебер орындалған. Мұнда кейіпкер түр-пішінін сипаттау түрлі үлгіде беріледі. Кейде жазу­шы каһарманның сырт кескінін толық келтірсе, енді бір тұста кейбір белгісін атап өтумен шектеледі. Ал каһарманның бет-жүзіндегі, бойындағы ерекшелікті екінші бір адамның көзімен бағалату — суреткердің жүйелі қалыптастырған әдісі. Сондай-ақ портретті түрлі жағдайда қайталап, әрбір қырынан толықтыра отыру да кездеседі.



«Абай жолы» бүкіл тарихи романшылар алдында тұрған идеялық-көркемдік міндетін шешуде де көрнекті қызмет атқарды. Абай және оның заманын бейнелеу арқылы жазушы қазақ тарихының белгілі бір кезеңіндегі ілгеріншіл және кертартпа күштердің ара жігін сипаттап, оқиғалар мен қаһармандарды талғап, екшеуде асқан шеберлік көрсетті. Барлық суреттелген құбылыстардың орны мен мәні тарихи принціп тұрғысынан беріліп отыруы шығарманың тәрбиелік бағасын арттырды. Халықтың азаттыққа, бақытқа деген арманы мен күрестерін алғы кезекке шығарып көрсету, бұрынғы мен бүгінгінің жанды жалғастығын сездіру мәселесінде де «Абай жолы» бүкіл әдебиетке жақсы жаңалықтар қосты.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:


1. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Алматы.1991 ж.
2. Шәкенов Ж. Қазақ тіліндегі күрделі сөздер мен күрделі тұлғалар. Алматы, 1991.
3. Аханов К. Грамматика теориясының негіздері. Алматы,1972.
4. Сауранбаев Н. Қазақ тілі педучилищеге арналған. Алматы, 1963.
5. Жаркешова Г. Біріккен сөздер мен сөз тіркестерінің орфографиялық сөздігі. Алматы, 1960 ж.
6. Әуезов М. «Абай жолы» романы.1,2,3,4-кітаптары. Алматы,1997.3-53 б., 170-199; 5-224; 4-232, 89-159, 194-304.
7. Аханов К. Тіл білімінің негіздері. Алматы,1992.
8. Қалабаева Т. Қайталама қос сөздердің кейбір мәселелері. Қазақстан мектебі. Алматы, 1980 ж. №3.
9. Кеңесбаев І. Мұсабаев Ғ. Қазақ тілі. Алматы, 1972.
10. Хасанова С. Қос сөздердің стилдік қисындары. Қазақ тілі мен әдебиеті мәселелері бойынша мақалалар жинағы. Алматы, 1977 .
11. Қожабергенова З.Транскрипциялы қос сөздер. 1984 №4.
12. Уәлиев И. Қос сөз сыңарларының сырлары. Қазақ әдебиеті, 1983. №6.4 ақпан.
13. Нұрмағамбетов Қ.Қос сөздердің құпия сырлары.Алматы, «Жалын» 1991.
14. Қалиев Ғ. Қазақ тіліндегі сөзжасам мәселелері. Алматы,2002.
15. Шаяхметұлы Қ. Қазіргі қазақ тілі. Семей. Новосібір, 2007.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет