«Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы»


Фразеологиялық байлаулы мағына



бет3/7
Дата28.06.2017
өлшемі1,16 Mb.
#20425
1   2   3   4   5   6   7

2. Фразеологиялық байлаулы мағына.

Сөздің тұрақты сөз тіркестерінде көрінетін лексикалық мағынасы фразеологиялық байлаулы мағына деп аталады. Фразеологиялық байлаулы мағынаның табиғаты сөздердің тура немесе номинативті мағынасынан басқаша болады. Сөз өзінің номинативті мағынасында заттар мен құбылыстарға тікелей бағытталып көптеген сөздермекн тіркесіп жұмсалуға икем болса, фразеологиялық байлаулы мағынасында тек белгілі бір сөздермен ғана тіркесіп, санаулы ғана тұрақты сөз тіркестерінің құрамында қолданылады. Мысалы, су деген сөздің су құю, су тасу, сумен жуу, су төгу деген сөз тіркестеріндегі мағынасы- номинативті мағына. Су деген сөз номинативті мағынада басқа да сөздермен емін-еркін тіркесе алады. Ал су жаңа немесе судай жаңа деген тұрақты сөз тіркестерінің құрамындағы су, судай деген сөздердің «өте тіпті» деген мағынасы- фразеологиялық байлаулы мағына. Сөздің лексикалық мағыналарының айрықша бір түрі фразеологиялық байлаулы мағына белгілі бір тұрақты сөз тіркестеріне телініп, соған маталып байланады. Лексикалық мағынаның бұл түрінің фразеологиялық «байлаулы мағына» деген терминімен аталуында тағы да мынадай мән бар: бұл мағына сөздердің еркін тіркесінде емес, фразеологиялық оралым деп аталатынн тұрақты тіркестерінде ғана көріне алады.

Екіншіден, фразеологиялық байлаулы мағынасы оныменмағынасы жағынан мәндес келетін сөзбен алмастырып айтуға мүмкіндік болғанымен, ол мағына синонимдік қатарлардың жасалуына негіз бола алмайды. Фразеологиялық байлаулы мағынасы бар сөзді басқа сөзбен алмастырып айту мағынаның қандай мағына екенін айқындау үшін ғана қажет.

3. Синтаксистік шартты мағына

Сөз жеке дара куйінде емес, әдетте, сөйлемде қолданылады. Сөз сөйлемде қолдану ыңғайыа қарай дағдылы мағынасынан өзгеше, басқа бір мағынаға ие болуы мүмкін. Сөздің сөйлемде белгілі бір синтаксистік қызмет атқаруына байланысты туған лексикалық мағынасы синтаксистік шартты мағына деп аталады. Мысалы, қазақ тілінде түлкі деген сөз негізінен номинативті мағынасынан басқа мағына- «қу, алаяқ» деген мағынаны білдіреді. Орыс тілінде голова дегенсөз «бас» деген сөз номинативті мағынасымен бірге «өте ақылды адам» деген мағынаны да білдіреді. Қазақ тіліндегі түлкі орыс тіліндегі голова деген сөздердің соңғы мағыналары- синтаксистік шартты мағыналар.

Полисемия құбылысын және сөздердің лексикалық мағыналарының жоғарыда аталған түрлерін жете білудің сөз мағыналарының типтерін ажырата білуде, әсіресе әртүрлі сөздерді жасауда үлкен мәні бар. Тіл білімінің тарихында бұл құбылысты теріс түсіндірушілер, қате пікірді уағыздаушылар болды. Мысалы, Н. Я Марр мен оны жақтаушылар және кейбір шетел ғалымдары(француз ғалымы Леви-Брюль) полисемия құбылыс тілдердің көне дәуірлердің қалдығы деп есептеді.

Тілдің лексикалық байлығы ондағы сөздердің санының молдығымен ғана өлшенбейді, сонымен бірге ондағы сөздердің мағыналық аясының кендігі, әр түрлі ауыспалы, бейнелі мағыналарда қолдпнылу мүмкіндігінің молдығымен де өлшенеді. Түрлі тілдердегі полисемантизмді сөздер осындай қасиеттерге ие сөздер ретінде қаралады.

Тіл-тілдің лексикасында дыбысталу бірдей де, мағынасы әр басқа сөздер бар. Мысалы: біз, мен деген жіктеу есімдігінің көпше түрі (Мысалы Той тойласаң, біз тойлайық аясында алтын тоңның) Бір нәрсені тесіп, жіпті немесе тарамысты өткізу үшін жасалған құрал. (Мысалы: Өткірдің жүзі, Кестенің бізі Өрнегін сендей сала алмас (Абай)

Дыбысталуы бірдей, бірақ мағыналары басқа-басқа сөзде омонимдер деп аталады. Бұларды бір-бірінен ажырату проблемасы тіл білімінде өте-мөте күрделі мәселе. Сөздіктерді жасауда бірде-бір лексикограф полисемия мен омонимияны бір-бірінен ажырату проблемасына соқпай өте алмайды. Алайда полисемия мен омонимияны бір-бірінен ажырату проблемасы барлық омонимдердің күллсіне бірдей қатысты емес. Мысалы: «ауаны ішке тартып, сыртқа шығарып тұратын дене мүшесі» деген мағына өкпе сөзі мен «наз реніш» деген мағынасындағы өкпе сөзінің омонимдес екендігі ебір күмән тудырмайды. Басқа ашық-айқын омонимдес сөздер болатын, бұлар полисемия сөздерден оңай ажыратылалы.

Полисемия мен омонимияны бір-бірінен ажыратуда мағыналарының арасында семантикалық байланыстарының жойылуы немесе жоқтығы кейде негізгі критерий бола алмай қалуы мүмкін.

Кейбір омонимдер сөз тудырудың лексикалық-семантикалық тәсілі арқылы пайда болады. Тілдік даму барысында көп мағыналардың арасындағы семантикалық байланыс үзіліп, осының нәтижесінде әр басқа екі сөз- омонимдес сөздер жасалуы мүмкін. Көп мағыналы сөздердің мағыналары арасындағы семантикалық байланыстарының жойылуы нәтижесінде әр басқа сөздердің жасалу тәсілі сөз тудырдың лексикалық- семантикалық тәсілі деп аталады.

Тіл-тілдегі бірсыпыра омонимдер сөздердің әр түрлі фонетикалық өзгерістерге ұшырап, дыбысталуы жағынан сәйкес келуі нәтижесінде пайда болады. Омонимдерінің пайда болу жолын айқындауда ерте замандағы жазба нұсқалар мен туыстас тілдердегі көне формалар бағалы материалдар бере алады. Мысалы: ер деген сөздердің (атқа салатын «ер» деген мағынада) ертерек кездегі дыбысталуы, көне түрі екендігін байқауға болады. В.В Радлов ер деген сөздердің шағатай тіліндегі түбір қалпы Егер деген туынды түрі –егерле екенін көрсетеді. Бұл сөз ұйғыр тілінде егер түрінде айтылады. Ер сөзінің көне формасы қазақ тілінің оңтүстік диалектісінде сақталған.

Омонимдер сөздердің түбіріне (негізіне) омонимдес аффикстердің жалғануы арқылы жасалады. Түбір сөздерден жасалған омонимдер туынды омонимдер деп аталады. Қазақ тілінде омонимдер тудыратын аффикстер мыналар:



а) есімдіктердің –с (-ыс,-іс) аффиксі мен етістіктердің (орт. етістіктердің) –с (-ыс, -іс) аффиксі. Бұл омонимдес аффикстердің бір ғана түбір сөзге жалғануынан омонимдес, туынды екі сөз- зат( есім мен етістік (орт. етіс) жасалады. Мысалы: айт-ыс, 1 (з.е) «Садақ пен баланың айтысы» дейтін арқаға мәлім айтыс. (М. Әуезов). Айт-ыс 2 (етістік) Біздің Сәдекеңмен айтысар шамамыз қайсы. Әншейін бір жалғыз ауыз сөздердің тұсында болымсыз тосқауын айтқаным ғой. Айтысты жеңді дейтін сөз емес. (М. Әуезов)

ә) есімдіктердің –қ (-к, -ық,-ік) аффиксі мен етістіктердің –қ (-к, ық, -ік) аффиксі. Бұл омонимдес аффикстердің бір ғана түбірге жалғануынан әр басқа екі сөз, яғни туынды омонимдер жасалады. Мысалы; қыз деген түбір етістікке аталған омонимдес аффикстердің жалғануынан әрі сын есім сөз . Мысалы: Осы жайында өзі таңырқай түсіп, қызығып та қарайды (М. Әуезов ) Бір ған жап деген түбір етістік омонимдес 3 сөздің жасалуына ұйытқы болған: жабық 1 (з.е), 2 (сын есім), 3 (етістік) Жылқыны үйір үшеуі де түбір мен омонимдес аффикстердің қосындысынан жасалған.

Кейбір омонимдер кірме сөздер мен төл сөздердің дыбысталуы жағнан сәйкес келуі нәтижесінде жасалады. Мұндайда әдетте, кірме сөз дыбыстық өзгерістерге ұшырап, қабылдаушы тілдегі төл сөзбен дыбысталуы жағынан бірдей келеді. Мысалы: орыс тілінен енген гирь деген сөз қазақша айтылуында кір болып өзгеріп, лас деген мағынаны білдіреді. Кір деген төл сөзбен бір омонимдік қатар құрайды. Орыс тілінің волость деген сөзі қазақша болыс болып өзгеріп, «көмктес» деген мағынадағы болыс деген сөзбен дыбысталуы жағынан сәйкес келсе, «ат айдаушы» деген мағынадағы кучер деген сөзі көшір түрінде айтылып, 1 Бір жерден екінші жерге ауыстыру 2. «Жазылғанды қайталап жазу» деген мағынадағы көшір деген төл сөзбен дыбысталу жағынан сәйкес келіп, омонимдер жасалған.

Омонимдік қатарға енетін сөздердің өзгеру, түрлену жүйелерінің бір-біріне қаншалықты дәрежеде сәйкес келуіне қарай омонимдер лексикалық омонимдер, лексика-грамматикалық және де аралас омонимдер болып топталады. Енді осылардың әрқайсысына тоқталайық.

1. Лексикалық омонимдер. Омонимдердің бұл түрінде омонимдік қатарды құрастырушы сыңарлар бір ғана сөз табына қатысты болады да, қалай түрленсе де, ол сыңарлар барлық формаларында бір-бірімен сәйкес келеді.



Тақырып бойынша сұрақтар

1. Полисемия дегеніміз не?

2. Фразеологиялық байлаулы мағына дегеніміз не?

3. Сөздің тура және номинативті мағынасы?

4. Омонимдер мен көп мағыналы сөздердің айырмашылығы

Пайданылған әдебиеттер:

1. І.Кеңесбаев, Ғ. Мұсабаев «Қазіргі қазақ тілі» Алматы.1962

2. Ә. Болғанбаев «Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы» Алматы. 1988

3. К. Аханов «Тіл білімінің негіздері» Алматы. Санат 1993

4. К. Аханов «Қазақ тілі лексикологиясының мәселелері» Алматы. 1955

№4 Дәріс

Тақырыбы: Синонимдер. Антонимдер.

Мақсаты: Синонимдер мен антонимдердің өзіндік ерекшеліктерін қарастыру, дисфелизм, эвфелизм, табу құбылысына кеңінен тоқталу.

Жоспары: Синонимдердің айырым белгілері. Синонимдік қатар және доминант. Синонимдердің мағыналық, контекстік, стильдік реңктері. Синонимдердің жасалу жолдары. Антонимдердің ерекшеліктері, жасалу жолдары. Табу. Эвфелизм. Дисфелизм.

Мазмұны: Сөздің дыбысталуы мен мағынасы жағынан салыстырып қарағанда, синоним антонимдерге қарама–қарсы тұрған лексикалық –сементикалық тілдік құбылыстар. Омонимдер ұғымы басқа дыбысталуы бірдей бірнеше сөздер тобын білдірсе, синонимдер, керісінше, ұғымы бір, әр түрлі дыбысталып айтылатын сөздер тобын қамтиды. Синонимдер бір ғана ұғымды білдіретіндіктен, олар тек қана бір сөз тобына қатысты болады. Синонимдер мен омонимдер тек бір қатарға енген сөздердің сан мөлшері жағынан да ала–құла. Қазақ тілінде омонимдік қатарға енетін сөздің саны не бары 4–5–тен аспайды. Ал синонимдік қатардағы сөздердің саны кейде қырықтан да асып жығылды.

Синонимдер мынадай белгілеріне қарай топтастырылады:



  1. Сөздің дыбысталуында аз да болса, тұлғалық өзгешелігі болуы қажет.

  2. Сөздер бір ғана ұғымды білдіруі керек.

  3. Сөздер бір ғана сөз тобына қатысты болуға тиіс.

Бұл үш белгі – сөздерді синоним деп танудағы басты шарт. Сонымен қатар бір сөз тобынан болған синонимдер бірыңғай грамматикалық тұлғада келуі мен констексте бірін–бірі алмастыруға болғанда, бір ғана сөйлем мүшесінің қызметін атқаруы синонимдердің қосымша белгілерін көрсетеді. Дыбысталуы әр басқа болғанымен, мағынасы жақын сөздер синонимдер делінеді.

Синонимдер сөздердің жалпы мағыналық бірлестігіне қарай топтастырылады. Яғни сөздер бір ғана ақиқат шындықты көрсетіп, бір ғана ұғымды білдіретіндіктен, олар синоним деп танылады. Синонимдік қатардың мағыналық негізі сөздерді өзара жақындатып салыстыру үшін ғана емес, сонымен қатар оларды бір–біріне қарсы қойып ерекшелеуге де негіз болады. Синонимдер бір ғана ұғымды білдіреді дегенмен олардың мағынасы нақ бірдей, әр уақытта олардың мағынасы тепе–тең болып тұрады деген сыңаржақ ұғым тумаса керек. Сөз бен сөздің мағыналық байланысы алыс та, жақын да, тікелей де, жанама түрде де бола береді. Мысалы: семірту –иемдену – майлану – тойыну – жуандау – толу – қоңдану дегендер жан –жануарлардың арық күйден семіз күйге айналғанын білдіретіндіктен, синоним деп танимыз. Бұларды да мағыналық жақындығына қарай екі жікке бөліп қарауға келеді:

а) Адамға қатысты синонимдер (жуандау–толу);

ә) Басқа да жануарларға байланысты айтылатын синонимдер (иемдену–майлану–тойыну–қоңдану).

Ал семіру сөзі екі топқа да ортақ болып айтыла береді. Синоним болып жұмсалатын мәндес сөздер тобын синонимдік қатар немесе синонимдік ұя деп атайды. Синонимдік қатарға енген сөздердің ішінен бір сөз сол сөздерді мағына жағынан ұйымдастыра ұйытқы болатын тірек (ұйытқы) сөз деп таңдалынып алынады. Мұны тіл білімінде доминант деп атап жүр. Доминант сөз мәндес сөздерді мағыналық жағынан ғана топтастырмайды, сонымен бірге синонимдік қатарды алфавит жүйесіне келтіру үшін де үлкен мәнді қызмет атқарады. Доминант сөзді дұрыс анықтап белгіліп алмай синонимдерді тәртіпке келтіру мүмкін емес. Сондықтан синоним сөздігін жасауда доминант сөзді іріктеп, сұрыптап алуға айрықша көңіл бөлінеді. Доминант сөзге синонимдік қатардағы сөздердің ішіндегі мағына жағынан ең айқын, стильдік мәні жағынан бейтарап, жалпы халыққа соншалықты танымал дегендерді ғана таңдалынып алынады.

Синонимдердің мағыналарын ажыратқанда мынадай мәселелерге көңіл аударылады:



  1. Синонимдік қатарға енген сөздер мағына жағынан бір–бірінен сәл жоғары не сәл төмен дәрежеде болуы мүмкін. Синонимдер градация жолымен өзгеріп отырады. Мәселен, аяз сөзіне қарағанда оның синонимдік сыңары үскірік сөзінің мағыналы салмағы күштірек екендігін сезуге болады.

  2. Синонимнің біреуінің мағынасы екіншісінен кеңірек болады. Мәселен, соғыс деген сөздің мағынасы ұрыс деген сөзден кең, ұстаз дегеннің мағынасы мұғалімнен кең.

  3. Синонимдер бір–бірінен мағыналарының аз–көбіне қарай да ажыратылуы мүмкін. Мәселен, ат деген сөз көп мағыналы да, ал оның сыңары ныспы деген сөз бір мағыналы.

  4. Синонимдер мағыналарының деректі және дерексіз болып келуіне қарай ажыратылады. Мәселен, маңдай–пешене, іш–құрсақ, бала–перзент, дегендердің алдыңғылары деректі де соңғылары дерексіз.

  5. Синонимдер бір–бірінен ауыспалы мағынада қолдану – қолданбауына қарай да ерекшеленеді. Мәселен, көмей мен көмекей дегендердің алғашқысы пештің көмейі, тоғанның көмейі деп ауыстырылып айтуға келгенімен, соңғысы тек адамға ғана арнайы жұмсалады да, өзге заттарға бұрып айтуға келмейді.

  6. Синонимдер өзді–өзінен туындатып, өзі туғызуға қабілетті, я қабілетсіз болып келуіне қарай өзгешеленеді. Мәселен, сапар мен жол тәрізді синонимнің алғашқысынан бір сапар, ұзақ сапар, сапар шегу деген бірлі–жарым тіркесті сөздер ғана кездеседі. Ал оның жол деген сыңары тіліміздегі сөз тудырудың барлық амалдары арқылы жаңа сөз жасауға соншалықты қабілетті екендігін байқатады. Мысалы: жолай, жолаушы, жолдас, жолдама, жолақ, жолдау, жол–жөнекей, жол соқты, жол аяқ т.б.

Синонимдер стильдік мәні неше алуан функционалдық стильде қолданылуымен тығыз байланысты. Тіліміздегі синонимдердің мынадай стильдік реңктері байқалады.

  1. Қадір тұтып сыйлағандықты білдіретін реңктер. Мәселен, есім деген сөз ат сөзінен қадірлірек, перзент бала сөзінен, қаза өлім сөзінен құрметтілеу.

  2. Салтанат құру мәніндегі көтеріңкі реңктер. Жүлде бәйге сөзінен асқақ, мерекелеу, тойлау сөзінен көтеріңкі айтылады.

  3. Поэтикалық реңктер. Асқар деген сөз биік деген сөзге қарағанда поэтикалық стильде көбірек ұшырасады. Қол әскер сөзінен мәртебе атақ сөзінен поэзияда жиі қолданылады.

  4. Дөрекілік мәндегі реңктер бір қатардағы синонимдердің біреуі бейтарап, екіншісі сыпайы, үшіншілері тұрпайы мәнді білдіріп, ала–құла реңкті тудырып отырады. Мәселен, сықпыт деген сөздің стильдік мәні бет деген доминант деген сөзбен салыстырғанда дөркілеу, шолжың ерке деген сөзден, шойнақ ақсақ деген сөзден белгілі контексте дөрекілеу болып жұмсалады.

  5. Кекесін–мысқыл мәндегі реңктер. Қожандау орынсыз кісілік көрсеткенде, тұштаңдау орынсыз жеңілтектеніп, оғаш қимыл көрсеткенде кекесін мәнді білдіреді.

  6. Менсінбеушілік, кеміту мәніндегі реңктер. Бұт артар көлік орнына, еркек кіндік ер–азамат дегеннің орнына шүйке бас әйел дегеннің орнына кемітіп айтыла береді.

Синонимдердің жасалу жолдары. Тілдегі синонимдер әр түрлі жолдармен пайда болады. Қазақ тіліндегі синонимдердің келіп шығуының мынадай жолдары бар:

  1. Синонимдер көп мағыналы сөздердің есебінен жасалған. Мысалы: көз–жанар, көз–әйнек, көз – бұлақ – бастау – қайнар, арту – асу – озу, арту –көбею – молаю т.б.

  2. Синонимдер сөз тудыру тәсілі арқылы пайда болған:

а) аффикстер арқылы: ауыздық–сулық, басшы–жетекші, сүтті–құнарлы, т.б.

ә) біріктіру арқылы: ақсақал–отағасы, еңбекақы–жолақы, доғабас–айылбас т.б.

б) қосарлану арқылы: жоқ–жітік, кедей–кепшік, олқын–толқын–аумалы–төкпелі т.б

в) тіркесу арқылы: иіс су–иіс май, көк ет–бауыр ет, т.б.

г) омонимдер арқылы: тартпа–суырма, тартпа–төс, айыл–алдыңғы айыл, т.б.

3. Синонимдер кірме сөздер арқылы пайда болған:

а) араб сөздері арқылы: азамат (ғәзәмәт) – жігіт; тағдыр (тәғдир)– жазмыш; отан (уәтан) – ел, туған жер т.б.

ә) парсы сөздері арқылы: батыр (бәһадар) – ер; дихан (деһан) – егінші; шәкірт (шагерд) – оқушы, т.б.

б) монғол сөздері арқылы: аймақ (аймат) – өңір–атырап–төңірек–маңай, жасақ (жасаг) – әскер, қол, талқы (талқын) – сарап т.б.

в) орыс сөздері арқылы: бөтелке (бутылка) – шыны, шөлмек, кір (гиря) –таразы, рет (ряд) – мәртебе т.б.

4. Синонимдер диалектілер есебінен жасалған. Диалектілік синонимдер әдеби тілдегі сөздермен мағынамасы мәндес келуіне байланысты екі топқа бөлінеді:

а) сыртқы тұлғасы бөтен, бірақ әйтеуір бір сөзбен мағынасы үйлес келетін сөздер. Мысалы: аданас–атомас, ағайындас; атайман–өте, тым, аса; башалау–саламау, жіктеу, жекелеу т.б.

ә) сыртқы тұлғасы таныс, бірақ білдіретін сөздері басқа сөздер: Мысалы: астана–табалдырық; жар–қабырға; жедел–ерегіс, жанжал т.б.

5. Синонимдер фразалық тіркестердің есебінен көбейген. Мысалы: ат ұстар–ұл, еркек бала; ауыз бастырық–пара; қара халық–бұқара, еңбекші, еті тірі–пысық т.б.

6. Синонимдер табу мен эвфелизмдердің есесінен молайған. Мысалы: әулие–шешек, ит–құс–қасқар; жасыл–жай; қолды болу–ұрлану, жоғалу т.б.

[1, 35–41 беттер]

Антонимдер. Антонимдер дүниедегі заттардың, құбылыстардың сын–сапасын, артық–кем қасиетін, мөлшер–көлемін салыстырып, бір–біріне қарама–қарсы қоюдан шығады. Мысалы: Кейі сараң, кейі мырза, кейі қапа, кейі ырза, барша жұртты сынадың (С. Сейфуллин). Мұны әлділер әділет деп қуанса, әлсіздер қиянат деп қынжылады (Ә. Сәрсенбаев).

Антонимдер өзара алшақ қарама–қарсы ұғымды білдіретіндіктен, бұлардың әр сөз тобына қатысты нақ бірдей емес, ала–құла. Бір сөз тобы антонимге соншама бай да, енді біреулері соншама кедей, не болмаса, тіптен кездеспеуі де ғажап емес. Қазақ тілінде антонимдер көбіне–көп сын есімдерден болады, онан соң етістіктерде, зат есімдерде, үстеулерде азды–көпті кездеседі. Ал қалған сөз топтарынан антонимдар тым тапшы. Сын есімге тән антонимдердің мынадай түрлері бар:

а) түбір күйінде кездесетін: ауыр–жеңіл, кең–тар, ыстық–суық, үлкен–кіші, қалың–жұқа т.б.

ә) туынды түбір күйінде кездесетіндері: ашық–жасырын, орнықты–шалағай, олақ–іскер, оңқай–солақай, жүрдек–шабан, түзу–қисық т.б.

Қазақ тілінде сындық мағынадағы туынды антонимдер көбінесе –лы, –лі, –ды, –ді, –ты, –ті жұрнақтары арқылы антонимнің жағымды сыңарларын, ал –сыз, –сіз жұрнақтары жағымсыз мағынадағы сыңарларын жасайды. Мысалы:

Ер жігіт бірде малды, бірде малсыз.

Арғымақ бірде жалды, бірде жалсыз.

Куәлі істі куә табар,

Куәсіз істі күман табар.

Сол сияқты сын есімнің –ғы, –гі, –қы, –кі жұрнақтары арқылы да туында антонимдер жасала береді. Мысалы: бастапқы–соңғы, бұрынғы–қазіргі, үйдегі–түздегі т.б.

Етістікке тән мынадай антонимдер бар:

а) түбір күйінде кездесетіндері: озу–қалу, кету–келу, қону–ұшу, шашу–жинау т.б.

ә) туынды түбір күйінде кездесетіндері: қартаю–жасару, жоғарылау–төмендеу, ақтау–қаралау, баю–кедейлену, жаңару–ескіру т.б.

Зат есімге тән антонимдерде негізгі және туынды түбір ретінде кездеседі:

а) түбір күйінде кездесетіндері: өтірік–шын, пайда–зиян, бай–кедей, қыс–жаз, күн–түн т.б.

ә) туынды түбір күйінде кездесетіндері: аласы–бересі, байлық–жоқтық, жеңіс–жеңіліс т.б.

Үстеуге қатысты антонимдер: ерте–кеш, ілгері–кейін, жоғары–төмен, алыс–жақын т.б.

Есімдікке қатысты: анау–мынау, әне–міне, осы–сол тәрізді, бірен–саран антонимдар ғана ұшырасады. [1, 45–47 беттер]

Бір сөз әр мағынасында әр түрлі сөздермен антонимдес болуы мүмкін. Мысалы, ашық деген сөз бір мағынасында жасырын (жасырын жұмыс, іс) деген сөзбен антонимдес те, ал екінші мағынасында жабық деген сөзбен антонимдес. Қалың деген сөз ыңғайына қарай жұқа деген сөзбен де (қалың қар – жұқа қар), сирек деген сөзбен де (қалың шаш – сирек шаш) антонимдес болады. Мұнан полисемия құбылысының синонимия құбылысымен ғана емес, сонымен қатар антономия құбылысымен де ұштасып жататындынын көруге болады. [2, 175 бет]

Табу. Табу (полинезейге tabu – тыйым сөз) – ескі әдетке, діни сенімге, ырымшылдыққа байланысты сөздерді айтуға тыйым салу. [3, 147 бет]

Ерте замандарда адамдар әр түрлі қате түсінік, теріс ұғымның дінге сенушіліктің салдарынан кейбір заттардың аттарын тікелей атауға тыйым салып, оларды басқаша атайтын болған. Бұл құбылысы әдетте табу деп аталады. [4, 178 бет]

Қазақтың ескі әдет–ғүрпы бойынша келін болып түскен қыз күйеуінің туған – туыстарын өз атымен атамайтын болған. Солардың әрқайсысына лайықтап (жолына, жасының үлкен–кішісіне қарай) өз тұсынан басқадай ат қоюға мәжбүр еткен. Мәселен, қызға қаракөз, бикеш, шырайлым, еркежан десе, ұлға мырза жігіт, төре жігіт, шырақ, тектелес, би аға делінген. Жасы үлкен адамдардың аты басқа зат атауларымен аттас болып келсе, онда келін оларға да басқаша жаңа ат ойлап табатын болған. Мәселен, Жылқыбай болса мінгіш деп, Қойшыбай болса – азбан деп, Бүркітбай болса – үлкен құс деп атайтын болған.

Қазақ тіліндегі табудың еңбегі бір түрлері табиғаттың дүлей күшімен, адамды опат қылатын ауру аттарымен қаскүнем жыртқыш аң – жәндіктермен тікелей байланысты шыққан. Мәселен, революцияға дейінгі қазақ аулында жай түсті десек, «адамға қырсығы тиюі мүмкін» деген наным бойынша оны жасыл деп атайтын болған. Шешек ауруының атын атасақ «жұғады», «жабысады» деген сенімге байланысты атын тура атамай, әулие, қорасан, мейман, қонақ деп өзгеше атаған. Жыланды да атын атасақ, «келіп шағады» деп үрейленіп, оны түйме, қамшы, ұзын құрт деп айтқызған. [1, 48-49 беттер]

Эвфемизм – кейбір нәрсенің не құбылыстың атын тікелей айту дөрекілеу, қолайсыздау болып көрінгенде, олар басқа сыпайы, майда сөздермен ауыстырылып айтылуы. Қазақ тілінде эвфелизм тәсілімен сөз алмастырудың мынадай жолдары бар:



  1. Ауру аттарын алмастырады. Науқас адамның көзінше аурудың нақ өзін атамай, оның жеңілірек түрін айту дәстүрі бар. Мәселен, туберкулез немесе құрт ауру деудің орнына өкпе ауруы, рак немесе қылтамақ деудің орнына жаман ауру деп мағынасы қатты тиетін сөздерді жұмсақ сөздермен алмастырып қолданады.

  2. Адамның дене мүшесіндегі кем–кетік атаулары алмастырылады. Мәселен, ауру, жарымжан, мүгедек адамды дімкәс деген сөзбен, саңырау, керең деген сөзді құлағының мүкісі бар, құлағы тосаң, сараң естиді деген сөздермен алмастырып айта беруге болады.

  3. Мағынасы айтушы мен тыңдаушыға бірдей соншама жағымсыз, дөрекі сөздер алмастырылады. Мәселен, нәжіс, қи, несеп, дайрақ, үлкен дәрет, кіші дәрет, дәрет сындыру, ұлы жарақ дегендердің бәрі де белгілі контексте сыпайы мән туғызады.

  4. Үйлену мен тұрмыс құруға байланысты сөздері алмастырылады. Мәселен, тұрмыс құру, тұрмысқа шығу, баласын құтты орынға қондыру, баласын аяқтандыру тәрізді сөздер үйленуге байланысты айтылады.

  5. Қоғам өміріндегі адамдардың бір–бірінің жағымсыз қарым –қатынастарына қатысты сөздер алмастырылады. Мәселен, аузы жеңіл, қолының жымысқысы бар, қосып айтады, жасы ұлғаю, жаяу почта, сымсыз телефон т.б. дегендер сыпайылық мәнде айтылады. Эвфелизмдер ойды бейнелеп, көркем түрде жеткізудің негізгі бір тәсілі. Сондықтан алдағы уақытта да сан түрлі эвфелизмдер туып қалыптасатындығына ешбір шек келтіруге болмайды.

Дисфелизм. Күнделікті қарым–қатынаста мағынасы жағымсыз тұрпайы сөздерді жағымды сөздермен алмастырып қолданатындығымыз сияқты тілде әдепті сөзді әдепсіз (дөрекі) сөздермен ауыстырып айта беру әдеті болады. Мұндай құбылысты тіл білімінде дисфелизм немесе какофелизм деп атайды. Дисфелизм – мағынасы жағынан эвфелизмге қарама–қарсы құбылыс. Ол кеміту, қорлау, іске жаратпау, ұғымын тудырады. Мысалы: боқ мұрын бала, боқтан өзгені сөз қылды, боғымен жасты баламен ойнады т.б.

Белгілі контексте жөнінен дұрыс жұмсалған сөзді мағынасы неғұрлым дөрекілеу сөзбен алмастыру – сөзді ауыспалы мағынада (троп) қолданудың бір жолы. Мысалы: Бұт арттары мен шаңырақ салаларын жауға берді. (Қ. Оразалин). Жеңілетініңді білетін болсаң, сен бес қырт атанар ма едің? (М. Әуезов) осындағы бұт артар дегеніміз, көлігі орнына жұмсалып отыр. Сол арқылы сан қилы жағымсыз эмоциялық мән тудырған. [1, 48-50 беттер]



Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Мамандығына арналған Сұлтанмахмұттану ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Студенттерге арналған оқу әдістемелік кешені
umkd -> ПӘннің ОҚУ Әдістемелік кешені 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған «Ұлы отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінің тарихы (1941-1960)» пәнінен ОҚытушыға арналған пән бағдарламасы
umkd -> «Балалар әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5 в 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»
umkd -> ПӘннің ОҚУ-Әдістемелік кешенінің
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> «Филология: қазақ тілі» мамандығына арналған


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет