Қазіргі уақытта Орталық Азия мемлекеттері өздерінің геосаяси (Қытай, Пәкістан, Үндістан, Иран, Ауғанстанмен көрші жатқандығынан) және экономикалық маңыздылығымен, табиғи және адам байлығымен, трансқұрлықтық сауда және көлік қатынасының алтын көпір болу мүмкіндігіне ие болуымен әлемдік қауымдастықтың басты назарына ие болып отыр.
Аймақ елдері өздерінің жерінің көлемі, тұрғындарының саны, экономикалық мүмкіндігі, табиғи ресурстарының қоры және әлеуметтік, экологиялық, басқару саласындағы жағдайы бойынша үлкен айырмашылықтарға ие. Аймаққа деген аса қызығушылық толыққанды түсінікті және заңды құбылыс, сондықтан осы мақаланың аясында Орталық Азияның адам ресурсына тоқталғанды жөн көріп отырмын.
Тәуелсіздік кезеңіндегі Орталық Азиядағы бірінші халық санағы 1995 Түрікменстанда (4,481 млн адам) жүргізілді, Өзбекстанда халық санағы Кеңес Одағы заманынан (1989 ж. – 19,905 млн адам) бері жүргізілмеді. 1999 жылы Қазақстанда (14 953 126 адам), Қырғызстанда (4 млн 851 мың адам) және 2000 ж. Тәжікстанда (6 млн 127,5 мың адам) ұлттық санақ жүргізілді. Аймақ мемлекеттерінде ары қарайғы санақ бойынша 2009 жылы Қазақстанда 16009,6 мың адам мен Қырғызстанда 5 107 640 адам, Тәжікстанда 2010 жылғы санақ бойынша 7 млн 565 мың адам (ұлттық халық санағының есебі). БҰҰ жаңалықтар Орталығының хабары бойынша Түрікменстан ТМД-ға халықтың электронды санағын сынақтан өткізген алғашқы мемлекет болды, Түрікменстанда толыққанды халық санағы электронды нұсқада 2012 жылдың желтоқсанында жүргізілуі тиіс.
Тәуелсіздікті жариялағаннан кейінгі 1990-2004 жж. аралығындағы Орталық Азия тұрғындарының өсу қарқыны Орталық Азиядағы адам дамуы туралы Есебінің мәліметі бойынша үш себептің негізінде алдыңғы жылдарға қарағанда едәуір төмендеген. Біріншісі – көші-қон, әсіресе Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында. Екіншісі – 1992 ж. бастап барлық аймақтарда туу көрсеткішінің 25% төмендеуі, бес жасқа дейінгі балалардың санының күрт төмендеуі байқалады. Мысалға алсақ, Тәжікстанда 1990 ж осы топ, халықтың 18% құраса, ал 1998 жылы 13,5% құраған. Соңғы үшінші себеп, Орталық Азияның барлық елдерінде 1990 жылдан бастап денсаулық сақтаудың мемлекеттік жүйесінің күйреуі мен әлеуметтік салаға бөлінетін қаржының едәуір азаюы туу мөлшерінің төмендеуіне алып келді. Сонымен бірге Орталық Азия елдерінің тұрғындарында туу көрсеткіші төмендегенімен, тұрғындардың жас мөлшері өте жас саналады: 17 жасқа дейінгі балалар саны Қазақстан мен Тәжікстанда 32%-дан 48%-ға дейінгі аралықта тербеліп отырады
Демографиялық толқын
Еліміз тәуелсіздік алған жылдары күн тәртібіне қойылған аса маңызды мәселенің бірі – этнодемографиялық ахуалды жақсарту болды. Осы жылдары Ақмола облысында – 24%, Көкшетау облысында – 33%, Қостанайда – 18%, Солтүстік Қазақстанда – 19%, Қарағанды облысында – 20%, Павлодар облысында – 32% ғана қазақ болса, егемендіктің алғашқы жылдары еліміз көлемінде демографиялық дағдарыс орын алды. Яғни Қазақстан халқы 1989-1999 жылдары 1,5 млн-нан астам адамға, яғни 8,2% азайды. Сыртқа кеткендердің басым көпшілігі өздерінің байырғы тарихи отандарына оралып жатты. Тек 1993-1998 жылдары 1 млн-нан астам шығыс славяндар (орыс, украин, беларусь), 400 мыңға жуық неміс көшіп кетті.
Мұндай көші-қон толқыны Қазақстан халқының ұлттық құрамына әсер етіп, байырғы халықтың үлес салмағын өзгертті. Мысалы, қазақ халқы 50 жылдан кейін алғашқы рет (1999 жыл) өз жерінде көпшілікке айналып, үлесі 53,4% жетті. Осы үрдіс жалғаса келе 2007 жылдың басында қазақтар 9,1 млн-нан асып, үлесі 58,6%-ға жетті. Яғни 1989-2007 жылдары аралығында қазақтар үлесі 18,5%-ға өссе, орыстар үлесі – 11,8%, украиндар – 2,6%, немістер – 4,4% төмендеді.
Тәуелсіздік жылдарындағы демографиялық дағдарыстың бір көрінісі – 1989 жылмен салыстырғанда 1999 жылы халықтың жалпы саны 9,2%-ға қысқарып, қазақтар саны 22,2% өсті. Бірақ қазақтардың бұл өсу қарқыны басқа халықтар келтірген шығынды өтей алмады, нәтижесінде халықтың жалпы саны азайып кетті. Нәтижесінде, сыртқы көші-қонның теріс сальдосы 1933,8 мың адамды құрады. Халықтың ең көп шығыны 1993-1995 жылдары байқалды, ол 1990 жылдардағы теріс сальдоның 44,7%-ын құрады.
Бүтіндей алғанда Орталық Азиядағы соңғы 20 жылдағы туу көрсеткішінің төмендеуін мынандай себептермен түсіндіруге болады: реформаның алғашқы жылдарында отбасының игілігіне, балалардың тууына әсер беретін өмір деңгейінің құлдырауы; еңбек миграциясына көлемінің ұлғаюы салдарынан болатын некелердің санының төмендеуі және ерлерінің алыс сапарларға жұмыс іздеп кетуімен байланысты көптеген отбасыларда жұбайларының жоқтығы немесе ұзақ мерзімге сапарда болу салдарынан ыдырауы. Ерекше атап өтетін жайт, соңғы жылдарда әйелдер уақытша мигранттардың басым бөлігін қамтиды, сараптама көрсеткендей, олардың саны өсуде және аймақ елдерінде еңбек миграциясы әйелдік сипатқа айналуда. Туудың азаюы мен төмендеуіне контрацепция құралдарының қол жетімділігі, отбасын жоспарлау, отбасындағы тууды реттеу үлкен әсер етуде.
2005 жылға қарай Орталық Азиядағы адамзаттың дамуы туралы Есебі бойынша Орталық Азия мемлекеттері – Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстанда 60 миллионға жуық тұрғын өмір сүрген.
Егер де ЮНПФА жоғарыда көрсетілген мәліметтеріне сүйенер болсақ, 2010 жылы Орталық Азия тұрғындары – 61,5 млн адамды құраған, оның ішінде тұрғындардың 45% – Өзбекстанға, 26% – Қазақстанға, 12% – Тәжікстанға, 9% – Қырғызстанға, 8%-ы Түрікменстанға тиесілі. Тұрғындардың өсімінің ең төмен көрсеткіші (2005-2010 жж.) – 0,7 – Қазақстан Республикасында, ары қарай – Өзбекстан – 1,1, Қырғызстан – 1,2, Түрікменстан – 1,3, ең жоғарғы көрсеткіш Тәжікстан Республикасында – 1,6.
Қазіргі уақытта аймақ елдерінің тұрғындарының демографиялық әрекетінде балалары аз санды отбасыларға бағытталған тенденцияны байқауға болады. Көптеген зерттеулерде демографиялық ахуалдың төмендеуі экономикалық және әлеуметтік факторлардың себебінен екендігі ашық көрсетілуде. Бірақ туудың төмендеуі белгілі бір жағдайларға қатысты алғанда үлкен рөл атқарғанымен, тек қана әлеуметтік-экономикалық факторларға байланысты емес, сонымен қатар ментальды және психологиялық факторларға да байланысты.
Осындай кейіпте, Орталық Азиялық аймақта туудың мемлекеттерге, аймақтарға, қалалар мен ауылдарға, әйелдердің этникалық және әлеуметтік топтары бойынша жіктелетін төмендеу деңгейі қалыптасып отыр. Әйелдердің білім деңгейінің жоғарылауы мен абаттандыру деңгейінің өсуі туу көрсеткішіне төмендетуші фактор ретінде әсер етеді. Аймақтың кейбір елдеріне, мысалға Қазақстанда, мемлекеттік шаралар тууды көбейтуге бағытталса, басқа мемлекеттерде (Өзбекстан, Тәжікстан) тоқтатуға бағытталған.
Көптеген елдердің, соның ішінде ТМД елдерінің тәжірибесі көрсеткендей, туудың күрт төмендеуі кеселге айналып, орны толмас сипатқа ие болып, нәтижесінде депопуляцияға алып келуі мүмкін. Мұндай жағдай, мемлекет тарапынан халықтың қалыпты өсімін қамтамасыз етіп отыратын, туудың орташа деңгейін сақтап, қолдап отыратын тиімді саясат жүргізуін қажет етеді
Достарыңызбен бөлісу: |