World Wіde Web және HTML тілі Интернеттің қазіргі дамуы 1990 жылдар басында компьютерлер арасында мәлімет алмасудың жаңа хаттамасы (protocol) пайда болғаннан кейін басталды. Бұл хаттама HTTP (HyperText Transfer Protocol – гипермәтінді тасымалдау хаттамасы) деп аталған болатын. Осы хаттамамен қатар НТТР серверлерінің кеңейтілген желілері болып табылатын Интернет арқылы файлдар тасымалдай алатын World Wіde Web қызмет бабы (WWW немесе тек Web) пайда болды.
Бұл файлдардың басым көпшілігі Web-парақтар түрінде – HTML (HyperText Markup Language – гипермәтінді белгілеу тілі) тілінде жазылған арнаулы файлдар түрінде болады. Осы файлдарды НТТР серверлерінде (Web-тораптарында) орналастыру жолымен web-парақтар қалың көпшілік пайдаланатындай түрде Интернетте жарияланады. Web-парақтар мазмұны әртүрлі бола береді және олар әртүрлі тақырыптарды қамтиды, бірақ олардың бәрінің де негізгі жариялану, яғни жазылу тілі HTML болып табылады. Осындай HTML құжаттарының бәрінің де файл аттарының кеңейтілуі (тіркеуі) *.HTM немесе *.HTML болуы тиіс.
HTML тілі World Wіde Web қызмет бабымен бірге дами отырып, web-парақтарының ең жақсы деген мүмкіндіктерін жүзеге асырып, оны кең пайдалану жолдарымен толықтырылып отырылды. Ол World Wіde Web жүйесінің негізі бола отырып, оның өте кең тарауына себепші болды. World Wіde Web сөзі қазақ тіліне кеңейтілген бүкіләлемдік өрмек болып аударылады. HTML тілінің мағынасы мен атқаратын қызметін оның атынан анықтауға болады.
Гипермәтін – қосымша элементтерді басқару мақсатында ішіне арнаулы код, яғни екпінді элемент (anchor) орналасқан мәтін. Ол мәтін ішіне сурет, дыбыс енгізу, мәтінді безендіру, пішімдеу (форматтау) ісін орындайтын немесе осы құжаттың басқа бөлігіне сілтемесі бар алғашқы нүкте ретінде қарастырылатын белгіленген сөз. Сөзді ерекшелеп белгілеу дегеніміз – келесі көрсетілетін құжат бөлігі қалай бейнеленетінін анықтайтын айрықша кодты осы сөз ішіне енгізу. Гипермәтінді бейнелеу үшін браузерлер (browsers) деп аталатын арнайы көрсету программалары қолданылады. Гипермәтін экранда белгіленіп ерекшеленген қарапайым сөз ретінде тұрады, егер курсорды сол сөзге жеткізіп, тышқанды шертсек (ENTER пернесін бассақ), онда сонымен байланысты (ол сілтеп тұрған) басқа құжат ашылады. Ол құжаттар мәліметтер ішіндегі басқа парақтарда немесе Web жүйесіндегі басқа тораптарда орналасып, бейнежазба, сурет, жазылған дыбыс күйінде болуы мүмкін.
Сонымен, мәтіндерді осылай байланыстыра отырып белгілейтін мүмкіндікті беретін HTML тілі. Оның дұрыс нәтиже алуды қамтамасыз ететін өз заңдылықтары мен ережелері бар.