ТАХАУИ АХТАНОВТЫҢ ОБРАЗ ЖАСАУ ЕРЕКШЕЛІГІ
Қараманова Гүләйім,
Ш.Есенов атындағы КТИУ магистранты
Ғылыми жетекші: Н.С. Қамарова,
Ш.Есенов атындағы КТИУ профессоры, ф.ғ.к., Ақтау, Қазақстан
Тахауи Ахтановтың «Қаһарлы күндер» атты романы 1956 жылы басылды. Бұл кезде
күллі кеңес әдебиетінде кешегі зұлмат соғыс туралы шығарма жазыла қалса, міндетті түрде
кеңес жауынгерлерінің асқан ерлігін, майдандағы жанқиярлық шайқасын, қолбасшылардың
көрегендігін кейіпкерлер арқылы мадақтап көрсетуге деген талап үнемі алға түсетін. Соның
салдарынан тақырыптық бірыңғайлық, идеялық ұқсастықтар, бірін-бірі қайталаушылық, өмір
шындығын әсірелеп немесе боямалап көрсету белең алып жататын. Міне, осындай кезеңде
соғысты мүлде басқа қырынан көрсеткен, яғни майдандағы жауынгерлерді идеяны жүзеге
асыратын тетік-механизмдер, қолбасшылардың көрегендігін дәлелдеу үшін ғана өмірін
қиятын кілең «жалаңтөс құмырсқалар» емес, кәдімгі өз тағдыры мен тірлігі, өзіне ғана тән
қуанышы мен мұңы, күлкісі мен көз жасы бар тірі адамдар – қайталанбас тағдырлар екенін
осы роман айқын да ажарлы көрсетті. «Қаһарлы күндер» романы осылайша жалпы кеңес
әдебиетінде концептуалдық жаңғырулардың бастамасына айналды. Кеңес жауынгерлерінің
арасында да мінезі мен құлқы кереғар, қайшылықты тағдыр иелері барын пайымдауға ықпал
етті. Қанқұйлы соғыс тек екі түрлі, қарама-қарсы күштердің соқтығысы ғана емес, сан алуан
тағдырларды табанға салып таптайтын дүлей күш екенін әрі адамның адамшылығы, рухани
тазалығы мен жекелік-әлеуметтік һәм қоғамдық табиғатын таразыға салып айқындайтын сын
екенін Мұрат, Уәли сияқты жауынгерлердің соғыстағы және ұрыстан саябыр сәттердегі
қарым-қатынастары арқылы көрсетті. Соғыс сияқты тарихи-саяси зұлматтың қарапайым
адамды да, халықты да, шынтуайтқа келгенде, қорлау екені таным-түсінігі әркелкі образ-
характерлер арңылы бейнеленеді. Кезінде бұл роман кеңес жауынгерлерінің ерлігін, майдан
өмірін суреттеген сүбелі шығарма ретінде бағаланған. Қазіргі еркіндік кезінде шығарманың
айтары одан әлдеқайда ауқымды, концептуалды екенін, қазақ әдебиетінде ғана емес, кешегі
кеңес әдебиетінде де соғыс туралы да, жалпы болмыс туралы да тың ізденістер келуіне өз
тарапынан ықпал еткенін айту керек. Жаңаша ізденістің басында қазақ жазушысы Тахауи
Ахтановтың тұрғанын бүгінде лайықты мақтанышпен еске алу, ескеру – парыз.
Бұдан кейін Тахауи Ахтанов қаламынан «Көкқұтан», «Махаббат мұңы» т.б. әңгімелері
мен повестері туды. «Сәуле», «Боран», «Ант», «Әке мен бала», «Махаббат мұңы», «Күтпеген
кездесу», «Арыстанның сыбағасы», «Күшік күйеу» сияқты драмалық шығармалары
жазылып, еліміздің және шетелдердің сахнасында көрсетілді. Жазушы еңбегін алғаш
бағалаған Ғ.Мүсірепов қаламгер еңбегіне жоғары баға берді.
Жазушының ең соңғы романы – «Шырағың сөнбесін». Бұл романның негізгі кейіпкері
Нәзира – кеңес армиясының офицері Қасымбектің жары. Жан-жақтан анталаған жау
тылында қалған аяғы ауыр әйелдің өмір жолы, бастан кешкендері, өзін қоршаған ортаға,
өткен күндерге көзқарасы арқылы кейіпкердің жан дүниесіне әрі барлау, әрі талдау
жасалады.
111
Порым-пошымы, парасат-пайымы, табиғаты түрліше әр алуан характерлер,
майдандағы тыл мен ауыл өмірі Нәзираның еске алуы – шегіністер арқылы бейнеленіп,
шығарманың әлеуметтік-көркемдік мазмұны мен идеялық нысанасын айқындай түседі.
Нәзираның өзі құралпы әйелдерді, ауылдағы аң жаулықты әжелерін салыстыра, іштей
мінездеуінен, соғыс сойқанын өз көзімен көріп, тікелей сезінуінен танымы мен табиғатын
танып отырамыз. Психологиялық талдау тәсілін жазушы үнемді, ұқыпты да шебер
пайдаланады.
Өзі соғысқа тікелей қатысқан майдангер жазушының осы романында да, «Қаһарлы
күндерде» де соғыстың саяси-әлеуметтік мазмұнына өзіндік шуақ, ұлттық рух-бояу
дарытатын – кейіпкерлердің туу қиырда қалған ауыл адамдарын еске алуы. Мәселен, Нәзира
ішінде бір үзілмес, таусылмас жылуы бар әжесін еске алса, Мұрат қайратты да айбатты
ауылдасы Қартбайды еске алады. Бұлардың соғыс даласында жаны тозып, жадағайланбай,
адамшылық қалпынан айнымай, жауыздық пен жақсылықты іштей салыстыра салмақтауына
себепкер – қимас ауыл адамдары, туыстары.
Нәзираның әжесінің де, Қартбайдың да бойында анау-мынауға бас имейтін таза
тәкаппарлық, текті өрлік бар. Ол өрлік көрінгенге өзін аяқасты қылуға жібермейтін, қор
болуына жол бермейтін, оның есесіне, кісілік пен кішілікті, адалдықты айнымас асыл
мұратқа айналдырған ұлттық қасиеттің бір көрінісі секілді.
Кейіпкердің жан дүниесіне үңілу, психологиялық тұрғыдан іс-әрекеттерін дәйектеу
үш романнан да байқалады.
Тахауи Ахтанов шығармашылығының негізгі салмағы прозада. Елімізде де,
шетелдерде де, ең алдымен, дарынды прозаик ретінде танылды. Ал Ахтанов прозасының ең
биік шыңы – «Боран» романы. Бұл шығарма кезінде өмірдің өзекті шындығын көрсеткен,
бұрын айтыла бермейтін көлеңкелі мәселелерді батыл көтерген, кейіпкерлерінің рухани
әлеміне талдау жасаған жаңашыл шығарма ретінде жоғары бағаланды. Әйтсе де шығармада
қамтылған шындық сын мен әдеби зерттеу еңбектерінде толық айтыла қойған жоқ. Оның
себебі — сол тұстағы тежеудің салдары болатын.
Шын мәнінде, Тахауи Ахтановтың бұл романы жаңа дәуірдегі жаңашыл сипатты,
бітім-болмысы бұған дейінгілерден өзгеше шығарма еді. Қазақ әдебиетіндегі нағыз
психологиялық талдау М.Әуезовтің «Абай жолы» атты роман-эпопеясында кемел
шеберлікпен қолданылған. Бірақ бертінгі дәуірге арналған көптеген туындыларда
кейіпкердің жан дүниесіндегі құбылысын өмірдің нақты шындығымен сабақтастыра
бейнелеу жетпей жататын. Бұл кезде Ш.Айтматовтың да атақты «Қош, Гүлсарысы» дүниеге
келе қоймаған. Міне, осы тұста қазақ жазушысы Тахауи Ахтанов бұған дейін үйреніп қалған
кілең сәулелі өмірді ғана көрсететін талаптан бойын аулақ салып, өз кезінің жанға бататын,
жүрек ауыртатын шындығын, қарапайым адам тағдырын, сол арқылы халықтың тағдырын
шынайы махаббатпен, терең тебіреніспен толғады.
Мәселен, негізгі кейіпкер Қоспанның табиғаты, тірлігі, тағдыры сол кездегі сан мың
адамның өмір жолы мен тіршілігіне ұқсас. Оның қойшылық өміріндегі қыруар қиындықтар,
басшылардың шаруаға қырсыздығы мен менмендігі, жалпы мемлекет ішіндегі сан алуан
күрделі әлеуметтік-тарихи, моральдық мәселелер шешімін таппай, сол мәселелердің
ортасында жүрген қарапайым адамдарды ең алдымен азапқа салатын.
Еліміз тәуелсіздік алғанға дейін сол мәселелердің көпшілігі ашық айтылмайтын,
көркем әдебиетте образдар арқылы жеткізуге жол берілмейтін. Тахауи Ахтанов болса, күні
кеше ғана халқымыздың тең жартысына жуығын жоқ еткен ашаршылықты да осы
шығармада бейнелеп өткен. Қасболаттың ауыл-ауылды аралап, жетім-жесірлердің
балаларын, тұрмысы ауыр үйлердегі балғын ұл-қыздарды жинап, оқуға әкеле жатқан сәті
тарихтың, өмірдің драмасына толы. Асыра сілтеудің салдарынан малынан айырылған,
отырықшы өмірге әлі көніп, көшіп үлгермеген қазақ елі аштан қырылып жатты. Өліктер
көмілмеді. Ит-құсқа жем болды. Адамзат тарихында ешбір халық қараптанқарап тұрып еш
соғыссыз бейбіт өмірде мұндай қырылған емес. Сталиннен бастап, күллі кеңестік идеология
осынау сұмдық трагедияны айтқызбайтын. Айтқандарды не соттап абақтыға тығатын немесе
112
жоятын. Міне, осындай аса қиын-қыстау жағдайда кешегі оқ пен оттың өтінен келген
майдангер, сол тұста жігіт ағасы болып қалған Тахауи Ахтановтың тәуекелге бел буып,
ақиқатты айтып салуы – ол кезде әрі азаматтық, әрі шығармашылық ерлік болатын.
Қасболат алып келе жатқан балалардың бірінің аты -Торғай. «Жасы биыл онда»,
«Барар жері белгісіз, әйтеуір, алда теміржол бар» дегенге солай қарай босып бара жатқан
аштар әкеп тастапты оны. Сол аштардың өзі жолшыбай бір үзім нан іздеп келе жатқанда,
аштан өлгелі жатқан әйелді көріп, бұрылған. Әйел бүларға баласын аманаттап, жан тәсілім
етеді. Өліп жатқан ананың қасында жатқан кішкене түйіншектен қатып қалған кішкентай нан
табылады. Өзі аштан өлсе де, балам өлмесін деп күлшені сақтаған ананың ажалы да, сайып
келгенде, ерлікке барабар. Байтақ қазақ даласында баласы үшін басын ажалға байлаған,
аштан өлген аналар қаншама?! Кейбірі өз етінен ет кесіп пісіріп, баласын аман сақтап қалған.
Ал ақылынан алжасып, өзге адамды жеуге шабуыл жасағандар да ұшырасқан. Міне, осы
сұмдық шындықтың бір пұшпағы Ахтанов романында айқын көрінген.
Сол секілді азамат, жасы үлкен аға, абзал басшы Әлиасқаровтың Қасболатқа айтқан
сөзі де зерек оқырманға ой салатындай: «Менің алдымда екі жол тұрды… Бірі — ұлт
азаттығы, ұлт бостандығы. Отар елдің ұлы болсаң, одан аттап кету қиын. Ол ұран мені де
қызықтырды», – дейді ол. Рас, осы Әлиасқаровтың: «Ұлтшылдардың» «ұлт азаттығы» деген
қызыл сөзінің ар жағында ауыз тұшытар үлкен бағдарламасы жоқ болатын» деген сөзі
ойлантарлық.
Жазушының сюжет құрудағы, өрбітудегі шеберлігі, өмірлік шындықты қамту
ауқымы, образ-характерлер арқылы айтайын деген ой-толғаныстарын жүйелеп,
концепциялар деңгейіне көтеруі, алуан көркемдік тәсілдерді табиғи еркін, орнымен
пайдалануы автордың ізденгіштігін ғана емес, шын мәніндегі аса қайратты дарын екенін
дәлелдеді. Кейіпкердің өмір жолымен таныстыру үшін аталған екі кейіпкерден басқа –
Жаңыл, Сәбира, Шәрипа, Мінайдар, Жаппасбай, Қаламұш т.б. образдарды таныту
барысында шегіністерді, портреттерді, портреттік мінездемелерді, табиғаттың алуан
көріністерін зергерлікпен суреттеуі Тахауи Ахтановтың жазушылық шеберлігін көрсетті.
Әсіресе Қоспан мен Қасболаттың ішкі әлемін – жан дүниесін суреттегенде, олардың
адамшылық құлқы мен табиғатын, жалпы болмысын бұлжытпай танытатын психологиялық
талдаулар молынан үшырасады. Шегіністер арқылы көбіне кейіпкерлердің ой, сезім әлемін
еркін шарлап, табиғи да терең талдаулар жасайды.
Сондықтан да дәуір шындығын, оған қатысты басқа да әрқилы тарихи кезеңдер
ақиқатын сабақтастыра қараған роман қазақ әдебиетінің биік белесі болды. Сондықтан да
Тахауи Ахтанов шығармалары қазақ әдебиетінің жарқын, қуанышты биіктеріне айналды.
Реалситік образ – әдебиеттегі адам бейнесінің ең қасиетті, сымбатты, шынайы бір
түрі. Мұның қиасиеті де, шынайы, сымбаттылығы да ақиқатында; бұл дегеніміз – күнделікті
өмірде болған, бар және бола беретін, бірқ ешқашан қайталанбайтын, әрқашан бұрын-соңды
белгісіз тың қырынан көрініп, ылғыи жаңару үстінде болатын тип. Зерттеп келе түсінгеніміз
образдың түрленуінің ішіндегі ең дұрысы осы реалистік образ. Өйткені бұл образдың
эстетикалық мәні – романтикалық образдағыдай бұлыңғыр тартып тұрмайды, адам қолы
жетпестей асқа, аңсау емес, қолмен ұстап, көзбен көргендей жетуізуге болатын образдың
ерекше түрі. Содан болар реалситік образдың эстетикалық әрі тәрбиелік мәні зор. Қоғамға
әсер етуі де күшті. Мәселен Тахауи Ахтановтың «Дала сырындағы» Қоспан образын алайық.
Бұл қарапайым адам; күнделікті өмірде кездестіріп жүрген қарапайым пенде. Әрі көптің бірі.
Командирі «Үлкен қара» атап кекен болмаса еңгезердей денесіне қарап Қоспанның.
«Әскерде теңкиіп оң жақ қанатта» тұратыны, «жан біткенге сеніммен қарайтын нұры жұмсақ
томпақ көзі, жылы шырайлыашық жүзі», еңарғы жағы аяғына да үлкен размер киетін. Бұл
Қоспанның кәдімгі образы.
XX ғасырдың 60-жылдары қазақ прозасына адам жанының сан алуан құбылысын,
қуанышы мен мұңын қатар бейнелеген Тахауи Ахтанов «Махаббат мұңы» повесімен
келді. Повесть қалың оқырманын елең еткізіп, жұртшылықтың қолынан түсірмей оқитын
шығармасына айналды.
113
Повестің сыршылдығы, адам жанын терең суреттей білген шыншылдығы мен
психологизмі қазақ әдебиетіне әкелген басты жаңалығы болды. Хикаятқа ұлы жазушы
М.Әуезов: «Әрине, «Махаббат мұңы» жақсы повесть, өзгелері қонымды, ұнамды әңгімелер
(рассказ,новелла). Бұлардың бәрі тақырыбы, адамдары, шындықтары жалғансыз, риясыз,
әділ шындықтар, сонысы ұнайды. Екінші – сен бір жақсы соныға түсе бастапсың. Ол –
интеллигенция туралы жазу. Өзіңмен замандас, қанаттас қатарыңды жазу, соларды және ішкі
мәдениет өрісіне қарай ішіне үңіле, сезіміне бойлап жазу бар (Осы кітабыңды оқу үстінде
деймін). Ол сенің өзіме сондай ет-бауыр, шабытыңмен іні-бауыр екеніңді сезіне отыру
шақтары. Мен сенің мақалаларыңнан, үлкен романыңның да кей бояуларынан «осы менімен
туыстас-ау» деп ойлап журуші ем. Ол мынада: мен өзімнің сезімдерімді, сырларымды саған
жаздырып, соған барынша сеніп, еліге еріп, риза болып отырғандаймын. Әрине, әрбір
сыршыл шығарма солай еліктіреді де: өз жүрегіңе ұқсап соққан жан тамырды жан бауырдай
сезбеске шараң жоқ» деп, жоғары баға берді.
Шығармада бас кейіпкер Ләззат әдебиет үйірмесінің жетекшісі, жас ақын Ниязға
ғашық болады. Жүрегіне ұялаған махаббат сезімі жас қыздың жан дүниесін аласапыран етіп,
ерекше бір күйге бөлеп, алабұртқан ішкі сезімін жыр жолдарымен ағытып сыртқа шығарады.
«Ләззат жүгіріп төбенің басына шықты да, кілт тоқтады. Жусан, бозы аралас ақшыл
көк кең жазық алыс қыратқа иек артып көтеріліп барады. Әр жерде үйір-үйір қызғалдақтар
өрттей жарқын». «Өрттей жарқын қызғалдақ» оның өрттей алаулаған сезімі. «Аспан ашық.
Тұңғиық көкке ақ жалатып өткендей ала шабыр бұлт қана қалқиды. Көктемгі ауа діріл
қағатын тәрізді. Ләззат аспан мен жер астасқан шетсіз кеңістікке көз тігіп құмарта қарап
қапты. Шықылықтап күліп отырған балаға тосын ойыншықты ұстата салғандай,
тыпыршыған көңілі тез тыйылып, әлденеге таңырқап тұр. Таныс дала осы күнге дейін өзі
көрмеген тосын дүниедей. Көзге көрінбейтін күшті қол жер бетіндегі пердені сыпырып алып,
бүркеулі жатқан қызығын, бар сырын ашып бергендей» – деген жолдар арқылы автор
табиғат пен кейіпкердің психологиялық халін сәйкестендіріп беруге тырысады. «Таныс
даланың» бүгінгі «көрпесін сылып тастаған» көз тартар өзгеше көрінісі қыз жанының ерекше
күйімен астасып жатыр, себебі ол ғашық, іңкәр жанның көзімен қарайды.
Жазушы табиғаттың сұлулығы мен тылсым сырын алғаш жан жүрегімен сезінген,
көңілінде тұңғыш ақындық сезім бұлқынып оянған Ләззат басындағы айрықша күйді әдемі
суреттейді. Бұл күйін өзгеге айтайын десе келістіріп жеткізе алмайды, үндемей қалғанға
ішіне сыймаған Ләззат өзінен-өзі жымиып езу тартады. Көңілі тынышталып, алдағы өмірінің
мағыналы боларын сезіп қуанады.
«Ертеңгісін оянғанда кеше керемет бір жақсы нәрсе тауып алғанын, бірақ соның не
екенін ұмытып қалғанын сезді. Табылған нәрсенің ешқайда кетпесін, ол есіне түскенде тағы
да қуанарын біліп рақаттанып жатыр. Жуынып жүріп, күбірлеп, бір шумақ өлеңді айта берді.
Қашан жаттағаны есінде жоқ. Көптен таныс өлең... кенет бетін шала сүрткен күйі сүлгіні
ұстап таңырқап тұр. Кірпігінен көзіне тамған мұздай суды да байқар емес. Бұл түнде өзі
шығарған өлең екен. Ләззат сенер – сенбесін білмей әлгі шумақты ішінен қайталап біраз
тұрды» [1,57]. Ләззаттың ойына орала беретін өлең жолдары оған көптен таныс, себебі
жүрегінен шыққан алғашқы туындысы. Бойын кернеген қуаныш сезімінен Ләззат көзіне
тамған мұздай суды да байқамайды, тек әлгі шумақты қайталай береді. Жазушы Ләззаттың
алғаш жыр жаза бастаған сәттегі қуанышы мен таңданысын шебер суреттеген.
Мектепті жана бітіріп келген, «ақындық – табиғаттың ерекше сыйы, ақындық дарыған
адам – ерекше адам» деп есептейтін Ләззат жас ақын Нияздың өлеңдерін жоғары бағалап,
оны барынша биіктетіп қабылдайды.
Автордың шығарманы кейіпкер жанының ішкі тартысына құруы – повестің басты
ерекшеліктерінің бірі. Хикаятта бір жақсы көріп ысынған, бір сезіктеніп суынған кейіпкер
көңілінің әр сәті терең әрі шынайы суреттеледі. Ләззаттың әр алуан жан толғанысын автор
қайталаушылыққа ұрынбай, мөлшермен бейнейді. Оқиғалардың жедел дамып, жедел өзгеріп
отыруы кейіпкердің жан дүниесіне түсірер салмағының әр алуандылығы мен шығарма
жанрына байланысты болса керек.
114
Ләззат көңілін күдік пен күмән, шошыну мен өкініш бойлайды. Бұл сезім өткен
жайды қайта ойлантқандай. Сезімі әлі ырық бергісі келмесе де, Ләззаттың ой-санасында
өзгеріс бар. Нияз тарапынан әлдебір қашқақтауды, салқындықты мойындағысы келмегенмен,
сезеді. Жазушы осы ретте бас кейіпкерін тағы бір қырынан аша түседі. Ол – шындыққа тіке
қарауға ұмтылыс. Шын ғашықтық сезіміне беріліп, өзін дүниеде теңдесі жоқ бақытты
санаған Ләззаттың Нияздың қасынан «сұңғақ бойлы, ақ сұр» қызды көруі оның көңіліне қаяу
түсіріп, арманын аяқ асты етеді.
Повесть тек махаббат мәселесіне ғана құрылмай, ақындық өнер, талант және
дарынсыздық проблемасымен іштей ұштасуы шығарма тынысын кеңейтіп, образдарды
тұлғаландыра түскен. Ләззат, Нияз бейнелерінен өнердің барынша күрделілігі, өнер
ортасының күнгейі мен көлеңкесі қатар көрінеді.
Шығарманың бас кейіпкері Ләззат оқырманға барлық сезім-сырларымен толық
көрінеді. Оның қуанышы мен күйзелісі, өкініші – оқырманға да етене жақын сезім-күйлер.
Оқырман Ләззаттың басындағы әр алуан жайлармен тікелей эмоциялық қарым-қатынаста
болады. Мұның бір себебі туындыда адамдық қасиеттердің боямасыз шынайы көрінуінде.
Тахауи Ахтановтың образ жасау шеберлігі барлық дерлік шығармасынан айқын
көрінеді. Образ жасауда психологиялық амал-тәсілдерге, көркемдік құралдарға сүйенеді.
Жазушы образдары шынайы суреттеледі.
ӘДЕБИЕТТЕР
1.
Ғ.Мүсірепов. Әдеби сыночерк. А., ҚМКӘБ, 1956.
2.
Ахтанов Т. Қаһарлы күндер. Роман. А., ҚМКӘБ, 1956.
3. Ахтанов Т. Махаббат мұңы. Повестер мен әңгімелер. А., ҚМКӘБ, 1960
4.
Ахтанов Т. Шырағың сөнбесін. Роман. Ант. Драма. А., «Жазушы», 1973
5.
Ахтанов Т. Шығармалар Бес томдық. І, ІІ том. «Жазушы», 1983; ІІІ, ІV том. А.,
«Жазушы», 1984; V том, А., «Жазушы», 1985.
Достарыңызбен бөлісу: |