Б. Ж. Абжаппарова



бет11/16
Дата05.11.2016
өлшемі4,84 Mb.
#854
түріМонография
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16

Тарихнаманың қазіргі кезеңі қайта құру мен Республикамыздың тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңіндегі жалпы көлемді еңбектерден тұрады. Сондықтан мәселенің тарихнамасы қарастырып отырған мәселелерге жаңаша көзқарастармен баға беріп, сенімді, нақты пайымдау жасауға кең мүмкіндік ала бастады. Жаңа теориялық-методологиялық біліммен қаруланған зерттеушілер инженер-техникалық интеллигенцияның әлеуметтік дамуын сапалық тұрғыда саралады.

Тарихи-демографиялық мазмұнда жазылған Ф.Н Базанова еңбегінде Қазақстандағы әлеуметтік-демографиялық үдерістердің, оның ішінде өндірістік-техникалық интеллигенцияның қатары әр ұлттардан құралғандығы жайлы атап көрсетеді. Автор 1917-1980 жж. аралығындағы халықтың қалыптасуы, құрылымының дамуы жайлы мол мәліметтер келтірген. Ол «Егер 1930-шы жылы «Қарағанды» тресінде бар жоғы 3 қана инженер еңбек етсе, 1933 жылы оның саны 42-ге жетті. Инженерлердің құрамы көпұлтты болды: 21 орыс - Ленинградтан, Москвадан, Қиыр Шығыстан, Томскіден, Омбыдан келсе, Украинадан - 6 еврей, 1 болгар, 9 украин; Германиядан 1 латыш, 4 қазақ» деп, баяндайды [365, 51 б.]. Ғалым жалаң сандық көрсеткіштерге мән беріп, ғылыми дәлелдер келтіре қоймайды. Соғысқа дейінгі бесжылдық жылдарында «Түсті металлургияның Магнитогорскісі» аталған Балқаш мыс қорыту заводының іске қосылғанын мақтанышпен айта отырып, автор сауатсыз және шала сауатты қазақтар инженер-техникалық қызметкерлер мен маманданған жұмысшыларға айналды. Кеңестер Одағы халықтарының туысқандық көмегі арқасында түсті металлургияның алып құрылысы көпұлтты жұмысшы табын қалыптастыруда зор рөл атқарды. Завод құрылысына 31 одақтас және автономиялы республикалардан 45 ұлттар мен халықтардың өкілдері келді деген мысалды алға тартқанымен, тарихнамада кадр мәселесін шешудің саяси жағына ғана мән беріп, ұлттық кадрлардың қалыптасу ерекшелігін талдамаған. [365, 54-55 б.]. Алайда қазіргі тарихи білім жағдайында партияның ұлт саясаты жөніндегі атқарған істері сын көтермейді. Ғалым Ф.Н. Базанованың еңбегіне Ұлы Отан соғысы жылдарындағы миграциялық үдерістердің Қазақстанға тигізген ықпалы зор екендігін алға тартады. Қазақстан халқының ұлттық құрылымының қалыптасуына Ұлы Отан соғысы әсер етті деген пайымдаулар жасайды. Эвакуацияланған кәсіпорындармен бірге жұмысшылар, техниктер, инженерлер келсе, Шымкентке эвакуацияланған заводпен 1027 адамның ішінде 42,7% жұмысшылар мен мамандар келіп, эвакуацияланғандардың үлесіне шаққанда 91,5% инженер-техникалық қызметкерлерден келеді, немесе 160 адамды құрайтындығын айтады. Соғыс қаупі төнген аймақтардан эвакуацияланған 54252 адамның 6184-і немесе 11,4% өнеркәсіп ауылшаруашылығының білікті мамандары құрағандығы жайлы деректер келтіреді. Тәжірибелі жұмысшылар мен инженер-техникалық қызметкерлер жергілікті халық есебінен 19 мың білікті мамандар даярлағандығы жөніндегі мұрағат құжаттарын ұсынады. Сонымен соғыс қаупі бар аймақтардан өнеркәсіп орындары құрылысы мен темір жолдар, завод-фабрикалардың Қазақстанға келіп орнығуы жұмысшы табының ғана емес қызметкерлердің санының артуына ықпал етті деген фактілерді келтіреді [365, 85-86 б.]. Біз Ф.Н. Базанованың еңбегінде инженер-техникалық интеллигенцияның әлеуметтік жағынан дамуына эвакуцияланған кәсіпорындардың келуі ықпал етті деген көзқарасты байқадық.

Әкімшілдік-әміршілдік жүйе жағдайында зерттеушілер саяси және идеологиялық мазмұндағы объективті қиыншылықтарға ұшырады. КСРО-да қалыптасқан тоталитарлық жүйе өзінің әлеуметтік-экономикалық, саяси эксперименттерін жасыру үшін әлеуметтік тарихты зерттеу барысында объективті емес зерттеулер жүргізуге мәжбүр болды.

1980-ші жылдардың соңында Қазақстан инженер-техникалық интеллигенциясының әлеуметтік дамуындағы негізгі тенденциялар талданып, сараланған еңбек С.С. Әбубәкіровтікі [17]. Автор «Қазіргі инженер-техникалық интеллигенцияның саны мен құрамында күрделі өзгерістер жүріп жатыр...

Қазақстан инженер-техникалық интеллигенциясының құрамындағы елеулі өзгерістердің негізгі тенденциясы оның сандық молаюы мен халық шаруашылығындағы үлес салмағының артуы, білім деңгейінің өсуі, жыныс жас ерекшеліктері мен ұлттық құрамы, территориялық орналасу ерекшеліктері арқылы байқалды. ...Қазақстанда инженер-техник кадрлар қатарының өсуіне мүмкіндік туғызған маңызды фактордың бірі - өнеркәсіп өндірісіндегі жұмысшылар санының молаюы еді. Бұл заңды да еді, өйткені техник кадрлардың негізгі міндеті өндіріс процестері мен адамдарға жетекшілік жасау, басқару болып табылады. Сондықтан жұмысшылар санының қарқынды өсуі, сөз жоқ, инженер-техник қызметкерлер санын да өсіруді талап етеді», - деп пайымдайды [17, 58 б.].

Кеңестік дәуірде инженер-техникалық интеллигенцияның әлеуметтік дамуы жайлы зерттеулерде маркстік-лениндік ілімнің дұрыстығын негіздеу және буржуазиялық концепцияның сөзсіз дағдарысқа ұшырайтындығын дәлелдеу бірінші кезекке қойылды.

1990-шы жылдардың басында Қазақстан инженер-техникалық интеллигенциясының әлеуметтік дамуындағы өзгерістерді объективті түрде бағалауға егемендік алғаннан кейін ғана қол жеткізілді. Оның қатары жаңаша көзқарас тұрғысында жазылған еңбектермен толықты. Оның айқын көрінісін 1991 жылы жарық көрген Х.М. Әбжанов пен Л.Я. Гуревичтің Қазақстан интеллигенциясы туралы еңбегінен байқауға болады [19].

Х.М. Әбжанов пен Л.Я. Гуревич жоғары оқу орындары интеллигенция қатарын толықтырудың бірден-бір қайнар көзі бола алмайтындығын негіздеді. Авторлар Қазақстан интеллигенциясының қалыптасуына сталиндік қуғын-сүргіннің, 1931-1932 жылдардағы ашаршылықтың, Ұлы Отан соғысының және тоқырау заманының үлкен кедергі жасағанын атап көрсетті. Зерттеушілер кеңестік дәуірде қазақ интеллигенциясы санының баяу өскендігі жайлы пікір білдіре отырып, оның себептерін былайша төрт топқа жіктейді: біріншіден, қазақ тұрғындарының материалдық әл-ауқатының төмен деңгейде болуы (барлық отбасыларының студентті оқытуға мүмкіндігі бола бермеді); екіншіден, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының материалдық-техникалық базасының әлсіз болуы (барлық оқу орындарында білім алушылардың біраз бөлігі жатақханамен қамтамасыз етілмеді, соның салдарынан ауылдан келген қазақ студенттері қиыншылыққа душар болды); үшіншіден, жоғары оқу орындарының шектен тыс орталықтандандырылуы, төртіншіден, жоғары оқу орындарының басым көпшілігінде оқу процесінің орыс тілінде жүруі және олардағы оқытушы-профессорлар құрамының көпшілігін орыс тілділер құрауы [19,28-29 б.].

Инженер-техникалық интеллигенцияның үлестік салмағы мен құрамындағы өзгерістер де осы еңбекте орын алған. Зерттеушілер халық санағы материалдарына сүйене отырып, 1930-шы жылдардағы интеллигенция өкілдерінің 40-мыңға жуығы басқару орындарында, 30 мыңнан астамы қаржы-экономика саласында, 35 мыңы инженер-техникалық қызметте екендігін айқындаған. Ал 1960-шы жылдың қарсаңында инженер-техникалық интеллигенция 150 мың адамды, қаржы-экономика саласындағы интеллигенция 100 мың адамды құрағандығын саралаған [19, 31-32 б.]. 1970 жылы Қазақстан халық шаруашылығында қамтылған жоғары және орта арнаулы білімі бар мамандардың 32% инженер-техникалық қызметкерлер құрағандығы зерделенген.

Аймақтардың индустриалдық дамуындағы өзгерістер инженерлік-техникалық қызметкерлердің орналасуынан да байқалды деп санайды. Ғалымдар пайымдауынша, 1959 жылы барлық инженер-техникалық мамандардың жартысына жуығы негізінен үш облыста – Алматы, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында еңбек еткен. [19, 35 б.].

Х.М. Әбжанов пен Л.Я. Гуревич Кеңес өкіметінің алғашқы жылдары инженерлік қызмет ең жоғары әлеуметтік статусқа ие болса, 20-30-шы жылдары біздің елімізде инженерден артық мәртебелі мамандық болмады. Мұндай жағдай 1940-1950-ші жылдары да сақталып, 1960-шы жылдары сәл төмендеді.

Алайда 1970-ші жылдан бастап жағдай мүлдем өзгерді. Кеңестік интеллигенцияның басқа топтарына қарағанда инженерлік корпуста экономиканың экстенсивті мазмұны сақталды. Кеңестік ғалымдар біздің елімізде, АҚШ-қа қарағанда инженерлер көп деп мақтанғанымен, мұндай сандық артықшылықпен жоғары сапалық көрсеткішке жете алмайтынымызды білмеді [19, 40 б.].

Авторлар инженерлік кәсіптің өзіндік құны сақталды.Интеллигенцияның әлеуметтік дамуы мәселелерін зерттеуші белгілі маманы В.Ф. Сбытовтың мәліметі бойынша, біздің елімізде дипломды инженерлердің үштен бір бөлігі күрделі ой еңбегі қызметімен айналысса, 10% ғана өзіндік шығармашылық еңбекпен шұғылданған. Мамандардың негізгі бөлігі белгілі техникалық және ұйымдастыру басқару жүйелерінің қызмет атқаруын қолдап отыр деген фактілерін алға тартады.

Соңғы екі онжылдықта инженерлер қатарына таза кеңсе қызметіндегілер енгізіліп, инженерлік атақтың беделін айтарлықтай төмендеткен.

Х.М. Әбжанов пен Л.Я. Гуревич: «1970-ші жылдары партиялық қаулылардың басым бөлігі кеңестік қоғамдағы инженер-техникалық интеллигенцияның рөлін арттыруды көздеген. Бірақ бұл шаралар экономикалық жағынан ақталмай, декларация күйінде қалған. Инженерлік еңбектің беделінің төмендеуі – тоқырау заманының келеңсіз қорытындысы»,- деп ой түйіндейді [19, 40-41 б.].

Отандық тарихнамада өнеркәсіптің дамуы, жұмысшы табы мен шаруалар арасындағы қарым-қатынасы мәселесімен қатар интеллигенция мәселесі де жанама түрде болса да қарастырыла бастады. Сондай еңбектің қатарына 1990-шы жылдардың басындағы ғалым А.Қ. Құсаиновтың докторлық диссертациясын жатқызуға болады. Автор идеологиялық өктемдіктен босап, мәселені жаңа қырынан қарастыруға үлес қосты [366].

1990-шы жылдардың басында Қазақстан инженер-техникалық интеллигенциясы тарихын зерттеген Б.Ж. Абжаппарова диссертациясының «Қазақстан инженер-техникалық интеллигенциясының әлеуметтік дамуы» деп аталатын тарауында инженер-техникалық интеллигенцияның кәсіби құрылымы мен оның қоғамның әлеуметтік дамуындағы рөлін қарастырған. Инженер-техникалық интеллигенцияның әлеуметтік дамуының өзіндік ерекшелігі, оның қатарының әйелдермен толығуында деп саралаған [22, 17 б.]. Экономикалық факторлардың әсерін инженерлік-техникалық интеллигенцияның санының артуы, оның жасаруы үдерісімен қатар жүргендігінде екендігін байыптайды. Ұлттық инженер-техник мамандардың қатарының алдағы жылдармен салыстырғанда артқандығы сараланған. Санақ материалдарын пайдалана отырып, маман қазақтардың санының орыстарға қарағанда екі есе кем екендігін айтады. Оның көптеген объективті және субъективті себептері бар екендігін: біріншіден, 1960-шы жылдары Қазақстан өнеркәсіп орындарына инженер-техникалық кадрлардың негізінен көрші респуликалардан шақырылғандығын, Қазақстан өнеркәсіп орындарының 53% одақтық бағыныста болғандықтан, кадр мәселесі жоғарыдан шешілгендігін, екіншіден, жергілікті ұлт өкілдерінің саны өнеркәсіп орындары орналасқан қалаларға қарағанда, ауылды жерлерде басым болғандығының әсерін; үшіншіден, Қазақстанның жоғары техникалық оқу орындарында оқу үдерісі орыс тілінде жүргендіктен, ұлттық мектептерді бітірген ауыл жастары тілді игеруде, тағы да әлеуметтік жағдайларға байланысты қиыншылықтарға жолықты деп ой сабақтайды [22, 18-19 б.].

Біз қарастырып отырған мәселені жекелеген бөлімдерінде қарастырып, ғылыми айналымға жаңа деректерді ұсынған А.Бегалиеваның «История Туркестано Сибирской магистарали (ноябрь 1926 г. – июнь 1958 г.) » [367], Ә. Мұхтаровтың «Развитие Урало-Эбинского нефтеносного бассейна ( 1920-1940 гг.). Алма-Ата, 1993. -216 б., [368], М.Е. Шайхутдиновтың «Формирование национальных кадров рабочего класса Казахстана (1917-1941 гг.) Актуальные вопросы историографии» [369], кандидаттық диссертацияларында тек қана жұмысшы табының қалыптасуы ғана емес, инженер-техникалық интеллигенция мамандарының әлеуметтік тарихы жайлы да мәліметтер берілген. Марксистік-лениндік методологиядан босап, «жаңа бағытты» ұстанған тарихшылар фактілік, ғылыми-танымдық материалдар негізінде тарихнамадағы инженер-техникалық интеллигенцияның тарихына қатысты ой-тұжырымдарын ұсынады.

1920-1930-шы жылдардағы Қазақстан халқының әлеуметтік құрылымындағы өзгерістер С. Айымбетовтың кандидаттық диссертациясында, кейінірек жарық көрген еңбегінде зерделенген [342]. Автор зерттеу еңбегінде 1926-1939 жылдар аралығындағы Қазақстан халқының этнодемографиялық құрамындағы өзгерістерді айқындаған. Зерттеуші «1926 жылғы халық санағы бойынша халық шаруашылығында басшылық қызметте істеген зиялылар құрамына өнеркәсіп, құрылыс, темір жол, орталық, облыстық мекеме, сауда басшылары жатқызылды. Олар зиялылардың - 21,9% құрады. Олардың арасында ер адамдары – 97,3%, әйелдер -2,7% екен. Басқару орындарының өкілдерінің 80,1% қалалық жерлерде, 19,9% - ауылдық селоларда тұрған. Ұлттың құрамында орыстар – 59,7%, қазақтар – 14,1%, украиндар -10,5%, қалған ұлттардың үлесіне 15,7% тиді. 1926 жылы техника мамандары, инженерлер, сәулетшілер республика зиялыларының 6,1% құрады. Олардың 96,3% – ер адамдар, 3,7% - әйелдер болды. Ұлттық құрамында орыстар -73,7%, украиндар -9,7%, қазақтар – 3,2%, басқа ұлт өкілдері – 13,4%болды. 1926 жылы инженерлер мен сәулетшілер 141 адам болса, 1939 жылы инженерлер мен құрастырушылар зиялылардың 2,6% болды. 1939 жылғы санақта сәулетшілер көрсетілмеген. Бұл мамандықтағы қазақтар 1926 жылы 1 ғана адаммен шектелсе, 1939 жылы 111 адамға өсті.

Бұл салада да зиялылар тобын қалыптастыру, көбейту шаралары әр түрлі жолдармен жүргізілді. 1931 жылы 1 қаңтарда республика өнеркәсіптері мен құрылыстары 524 инженер мен техниктерді қажет еткен екен. Бірақ бұлар республикада 218 адам ғана болып, сұранысты қанағаттандыра алмапты. Сондықтан да ВСНХ басшылары республикаға өзге республикалық жоғары техникалық оқу орындары мен техникумдарды бітірушілер мен ұсынылған 12 адамды республикалық оқу орындарын бітірген 8 адамды т.б. барлығы 108 адамды инженер-техниктердің қатарына алыпты» деген деректерді көрсетеді [342, 147, 152 б.].

С.Айымбетов 1939 жылғы санақ қорытындыларына сүйене отырып, ауылшаруашылық, өнеркәсіп, орман, құрылыс, транспорт, байланыс, коммуналды шаруашылықтың басшылары зиялылардың 6,5% құрады деген фактілерді ұсынады. Олардың 93,4% ер адамдар, 6,6% әйелдер, 45% қалада, 55% ауыл-селоларда тұрған. Басшылардың арасында қазақтың үлесі 20,8%, екі санақ арасында бұл саладағы зиялылар саны 2,7% есе өскен деген қорытынды жасайды [342, 147 б.].

Бірақ бұлар республикада 218 адам ғана болып, сұранысты қанағаттандыра алмапты. Сондықтан да ВСНХ басшылары республикаға өзге республикалық ВТУЗ бен техникумдарды бітірушілер мен ұсынылған (выдвыженцы) 12 адамды республикалық оқу орындарын бітірген 8 адамды т.б. барлығы 108 адамды инженер-техниктердің қатарына алғандығы жайлы деректі көрсетеді [342, 152 б.]. Ғалым С.Айымбетов еңбегінде 1920-1930-шы жылдардағы инженер-техниктердің сан және сапалық жағынан өсуі, құрамы жайлы мәлімет беріліп, оған демографиялық факторлардың ықпалы болғандығын негіздейді.

Әлеуметтік тарихты зерттеуде зерттеуші Л.К. Шотбакова «Национальный аспект переселенческой политики и коренизации (1917-1940 гг.) еңбегінде Қазақстанда ХХ ғ. 20-шы жылдарының соңы мен 30-шы жылдардың басында қоныс аударудың негізгі толқыны жүргізілгендігін айта келіп, өнеркәсіптік, аграрлық, күштеп қоныс аударуда – ең алдымен әлеуметтік, саяси-ұлттық белгілеріне қарады деп есептейді [370, 37 б.]. Біз еңбектен өндірістік-техникалық интеллигенцияның әлеуметтік даму тарихнамасында өнеркәсіптік қоныс аударудың өндірістік-техникалық интеллигенцияның қалыптасуына, жергіліктендіруге үлкен ықпал еткендігін, әрі демографиялық фактордың әсерін байқаймыз.

Зерттеуші С.И. Ковальская «Проблемы историграфии миграции населения Казахстана (к. ХVІІІ-ХХ в)» диссертациялық еңбегінде Қазақстандағы ХХ ғасырдың 20-30-шы жылдарындағы индустрализацияның өзекті мәселелері жөнінде сараланған [371]. Онда жергілікті күштермен өнеркәсіп құрылысын шешу мүмкін емес, сондықтан ол өнеркәсіп миграциясы нәтижесінде шешілді деген көзқарасын білдіреді. Оның себебін экономикалық жағынан жоғары дамыған аудандардан кәсіби жағынан төмен дамыған аудандарға мигранттардың келумен байланысты деп түсіндіреді [371, 106 б.]. Біздің пайымдауымызша мигранттардың құрамында жұмысшылармен қатар инженер-техник қызметкерлер де болды деп есептейміз.

Қазақстан халқының әлеуметтік құрылымындағы өзгерістер кеңестік дәуірдің түрлі кезеңдерін зерттеген Л.Т. Қожакееваның [372], А.И. Құдайбергенованың [373], Э.А. Абланованың [97], А.М. Мамырханованың [374], З.Б. Шахаманның [375], А.А. Какенованың [376] кандидаттық диссертацияларында зерделенген.

Л.Т. Қожакеева еңбегінде Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан халқының құрамын оның ішінде интеллигенция қауымының саны мен сапасындағы өзгерістер зерттеліп, бір жүйеге келтірілгенімен, инженер-техникалық интеллигенция зерттеу нысаны болмағандықтан, арнайы қарастырылмаған. Автор соғыс жылдарындағы мобилизацияның ұлттық интеллигенция санының азаюына әсер еткендігін де атап көрсеткен.

М.Х. Асылбеков пен А. Құдайбергенованың бірлесіп жазған монографиясында интеллигенция тобының құрамындағы өзгерістер мен даму ерекшеліктеріне тоқтала отырып, 1940-жылдары интеллигенцияның әлеуметтік-саяси бейнесі мәнді түрде өзгерді деген көзқарасын білдіреді [102, 119 б.]. Авторлар ескі интеллигенцияның маңызды бөлігі алдыңғы он жылдықтардағы террор кезінде жойылды. Елде «көтермелеу» әдісімен қалыптасқан жаңа интеллектуальдық күш халық шаруашылығына, ғылым мен мәдениетке үстіртін білімі бар, ең бастысы, ескі интеллигенция мен оның рухани адамгершілік әдеттерін жек көретін адамдардың да келуіне мүмкіндік берді деген ой қорытады. Зерттеушілер ой еңбегімен айналысатындарға жататын мамандықтарды топтастыру арқылы бірнеше бөліктерді анықтауға болатындығын ескертіп, үшінші тобына инженер-техник қызметкерлер, ветеринар-техниктер мен фельдшерлер, орманшылар, социалистік меншік пен қоғамдық тәртіпті сақтау, байланыс, қоғамдық тамақтандыру, өнімді даярлау мен өткізу салалары қызметкерлері, іс қағаздарымен жұмыс істейтіндер, коммуналдық және тұрмыстық қызмет көрсету қызметкерлері, агенттер мен экспедиторлар – қарапайым қызметкерлерді жатқызады. Бұл топтағы қызметкелер қатары 20 жыл ішінде 267%-ға өсіп, мұнда да өсу қарқыны мен үлесі жөнінен орыс ұлты өкілдері алда болды (екі санақ аралығында 279,1% өскен). Екінші кезекте қазақтар (204,7%-ға), сонан соң украиндар, белорустар, еврейлер өсімі тұр. Қазақтар бұл топтағылардың 1939 жылы 19,5% болса, 1959 жылы 15% ғана болды (үлесі 4,5 пунктке төмендеді. (Ал орыс ұлты өкілдері барлығының 1939 жылы 57,7% болса, 1959 жылы 60,3% болып, негізгі көпшілік болды [87, 124 б.]. Авторлар ұлттық интеллигенция қатары шапшаң өскендігін, 1941-1960 жылдары елімізде жоғары білімді мамандардың саны 3,9 есе өссе, қазақтар арасында 19 есе көбейді. 1939-1959 жылдар арасында ой еңбегімен айналысатын қазақтар саны 1,6 есе, оның ішінде инженер-техник қызметіндегі қазақтар 4,9 есе, қазақ дәрігерлері 6,3 есе өсті деген деректерді көрсетеді [102, 126 б.]. Автор қазақ интеллигенциясы санының артуына сталиндік қуғын-сүргіннің бүркемеленген орыстандыру саясатының елеулі дәрежеде кері әсер еткендігін де қарастырады.

Э.А. Абланованың диссертациясында қазақ халқының 1959-1970 жылдар аралығындағы әлеуметтік ерекшеліктерін талдай отырып, қазақ интеллигенциясы саны мен құрамы қарастырылған. Инженерлер арасында жоғары білімді қазақтар – 10,7% құрағандығына тоқталады.

Мамандық түрлері бойынша ішінде кадрларының көп білім алған жерлері ауылшаруашылық оқу орындары мен педагогикалық білімдегілер саны жағынан болса, техникалық инженер мамандығын игергендер саны қазақтар арасында ол жылдары 10 процент төңірегінде ғана қалғандығы жайлы мәліметтерді ұсынады. Э.А. Абланова 1959 жылы республиканың экономикалық аймақтары бойынша халық шаруашылығы еңбектенген қазақтар арасында жоғары білімделердің жалпы халық арасындағы үлестік салмағына тоқтала отырып, Оңтүстік Қазақстанда қазақ инженерлері - 14,0%, агроном мен мал дәрігерлері - 31,1% құрайтындығын пайымдайды. Инженерлердің арасында қазақтар саны басқа ұлттармен салыстырғанда осы аймақ бойынша бұл жылдары өте аз болғандығын ескертеді. Оңтүстік Қазақстан аймағында маманданған орта білімді қазақтар ішінде техниктер - 9,7% ғана екендігін көрсетеді [97, 112-113 б.]. Автор қазақтар өсу динамикасына талдау жасап, қазақ инженер-техник зиялылар саны 1959 жылы 5,1% болса, 1970 жылы 12,3% - ғана өскендігін айтады.

Ұлттың жергілікті маман кадр инженер-техниктердің сандық құрамының көбеюі 1970 жылдан кейін ғана өсе бастады деген тұжырым жасайды [97, 117 б.].

Сонымен қатар зерттеуші 1959 жылғы санақ бойынша материалдық өндіріс саласындағы зиялылар саны 226 мың адамға немесе барлық республикадағы зиялылардың 45% құраған. Материалдық өндірістегі зиялылар ішіндегі ең көбі өндірістегі инженерлер - 27%-дан жоғары болды деген пікірін білдіреді.

Қазіргі кезеңде Қазақстан халқының кеңестік дәуірдегі әлеуметтік құрамындағы өзгерістерді жекелеген аймақтардың материалдары бойынша қарастыру бағытында жарық көрген әдебиетпен толыға түсуде. Бұл ретте М.Н. Сдықовтың [377], В.В. Козинаның еңбектерінде біз қарастырып отырған мәселеге байланысты тың деректер табуға болады [294].

В.В. Козина 1920-шы жылдардың ортасында Қазақстанда маманданған жұмысшылар мен инженер-техникалық кадрлардың жетіспегендігін айта отырып, тек қана Қарсақпайда 1926 жылы 4 инженердің, 6 техниктің еңбек еткендігі жайлы мәлімет келтіреді [294, 107 б.]. Сонымен бірге В.В. Козина инженер-техниктердің қатары 1930-шы жылдары спецпереселендермен де толыққандығы жайлы мәлімдейді. 1933-1934 жылдары 510 инженер-техник қызметкерлердің 50 спецпереселендер екендігі (9,8% ) жөнінде деректерді ұсынады [294, 34 б.]. В.В. Козина еңбегінен өндірістік-техникалық интеллигенция құрамы спецпереселендермен де толыққандығы жайлы тың мәлімет алдық.

М.Н. Сдыковтың «Население Западного Казастана: история формирования и развития (1897-1989 годы.)»монографиясы мұрағат, халық санағы жайлы статистикалық материалдар негізінде Батыс Қазақстан халқының этнографиялық және әлеуметтік дамуы мәселелеріне арналғанымен, интеллигенция қызметкерлер деп беріліп, оның салалық топтарына талдау жасалмаған.

Кеңестер Одағының ыдырауы қарсаңында, 80-жылдардың екінші жартысындағы Қазақстан халқының әлеуметтік құрылымы мәселелері М.Х. Асылбеков пен В.В. Козинаның еңбектерінде қарастырылған [378].

М. Х. Асылбеков пен В.В. Козина әлеуметтік-экономикалық реформаларға сәйкес халықтың әлеуметтік құрылымындағы өзгерістерге тоқтала отырып, оның ерекшеліктерін талдады. 1979-1989 жылдардағы ой және дене еңбегімен айналысатын халық санының динамикасын көрсете отырып, ой еңбегімен айналысатын адамдардың санының едәуір артқандығын айтады. Оның ішінде өнеркәсіп басшылары 27, 2 пайыз, инженер-техникалық қызметкерлер 16, 2 пайызға артса, ал агрономдар, зоотехниктер, ветеринарлық қызметкерлер 1 пайызға ғана артты деген мәліметтерді келтіреді. Жоғары, орта арнаулы білімді қажет ететін, ой еңбегімен айналысатын қызметкерлерді интеллигенция деп аталатындығын айтады. интеллигенция қоғамның басқа әлеуметтік топтарына қарағанда еліміздің тарихи дамуында талай қиындықтарды басынан кешірді деп көрсетеді [378, 27-28]. Авторлар қазақ интеллигенциясының жоғары қарқынмен дамуы өндірісті ұйымдастырушы шаруашылық басшыларының үлестік салмағы мен санының артуына байланысты болды деп есептейді. 1969 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша қазақтардың үлестік салмағы - 39,5 пайызды құраса, ал орыстар мен украиндар, белорустар - 45,1 пайызды құрағандығы жайлы мәлімет береді [378, 28].

Қазақстандағы 1986 жылғы желтоқсан оқиғасынан кейін, қазақ интеллигенциясының санының артуы төмендеп, ондаған тіптем жүздеген ұттық интеллигенция өкілдері қызметтерінен босап, жоғары оқу орындарына қабылдауда пайыздық шектеулер қойылғандығын атап көрсетеді [378, 28-29].

1980 – жылы республиканың халық шаруашылығында еңбек ететін жоғары білімді қазақ мамандарының үлесі - 35,3 %, орта және арнайы білімі барлардың үлесі - 25,5% құрады. Орта және арнайы білімі бар қазақ мамандары - 29,2% құраса, орыс, украин, белорустар - 60% құрағанын айтады. Осы кезеңде жергілікті халықтың білімдік деңгейі анағұрлым артып, екі санақ аралығында дене еңбегіне қарағанда ой еңбегімен айналысатындардың үлестік салмағы артты деген қорытындыға келеді [378, 36]. Авторлар соңғы жылдары экономиканың индустриалды салаларындағы қазақ жұмысшылары мен инженер-техникалық қызметкерлерінің үлесі аз болса да, тұрақты өсіп отырғандығын саралайды [378, 37].

1990-шы жылдардың соңында Батыс Қазақстан интеллигенцияның әлеуметтік даму тарихын жаңаша тұрғыда зерттеген С.Т. Рысбекова еңбегі жарық көрді. Ол зерттеу барысында бұрынғы зерттеулерге қарағанда, методологиялық база ретінде әлеуметтік стратификациялау теориясын пайдаланды.

1960-1970 жылдары интеллигенция тарихын зерттеуші авторлардың еңбектерінде жұмысшы мен инженер-техник қызметкердің еңбегінің жақындау үдерісі жүріп жатыр деген көзқарасты кездестіруге болады [24, 221 б.]. Осы пікірді негізге ала отырып, С.Т. Рысбекова «Инженер-техникалық интеллигенцияның сан жағынан өсуі мен интеллигенцияның бүкіл құрамында оның үлестік салмағының артуы бір жағынан, ғылыми-техникалық революцияның қойып отырған талабының белсенділік танытуына, екінші жағынан, республиканың халықшаруашылық кешеніндегі аймақтың рөлінің артуына, оның өнеркәсіп инфраструктурасының кеңеюі, салалық диверсификациясына (яғни халық шаруашылығының салалық құрылымының күрделенуіне) байланысты деп түсіндіреді. Сондықтан «пионерлік салалар» деп аталатын энергетика саласының мамандары саны 7,4 есе, радиотехника мен байланыс 3,3 есе, электрон техникасы мен электр приборларын жасау 12 есе, химия технологиясы 5 есе жедел қарқынмен өсіп отырғандығы тегін еместігін ескертеді. Сауда, қоғамдық тамақтану, материалдық-техникалық қызмет көрсету мен дайындау саласындағы қызметкерлер құрамында интеллигенция саны 5,2 %-дан 17 %-ға жетті, тұрғын-коммуналдық шаруашылық пен халықты тұрмыстық жағынан қамтамасыз ету саласында да едәуір артқандығын жазады. Бұл жерде инженер-техникалық қызметкерлердің үлестік салмағы жеткілікті емес екендігі (10-12% жуық), 1960-шы жылдардың ортасында осы салада инженер-техникалық интеллигенцияның еңбегі аз көлемде пайдаланылып отырғандығын саралайды [24, 58-59 б.].

Қазіргі кезеңде тарихшы-ғалымдар шетелдік тарих ғылымдарының жетістіктерін ғылыми айналымға қосу мақсатында Қазақстан тарихының шетелдік тарихнамасына жаңа көзқарас тұрғысында қарап, оған объективті баға беруде біраз табыстарға жетті.

Қазақстан тарихының шетелдік ғалымдар еңбегінде көрініс табуын тарихнамалық тұрғыда зерттеген ғалымдардың бірі К.Л. Есмағамбетовты ерекше атаған жөн. Ғалым К.Л. Есмағамбетовтың «Дейсвительность и фальсификация», «Көне Қазақстанды көргендер», «Что писали о нас на Западе, «Қазақтар шетел әдебиетінде» еңбектерінен біз қарастырып отырған мәселеге байланысты біраз тың деректер алуға болады. Отандық тарих ғылымында ғалым ескі догмалар мен маркстік қалыптасқан дәстүрге сыни тұрғыда қарап, әлемдік тарих ғылымындағы таралған дәстүрлі қоғамның модернизация, конвергенция теориялары мен концепцияларына көңіл бөледі. Ғалым К.Л. Есмағамбетов Қазақстанда бірінші бесжылдық жылдары ұлттық кадрлар мен индустриалды жұмысшылардың қалыптасуы жедел қарқынмен жүргендігіне тоқталады. Егер қазанға дейін инженер қазақтар саусақпен санарлықтай болса, бірінші бесжылдықтың соңында Қазақстанның көмір өнеркәсібіндегі инженер-техник қызметкерлердің арасында қазақтардың үлестік салмағы 20%, мұнайда – 20,4%, тау-кенде – 30,3%-ға жетті. Халық шаруашылығында қамтылған 588 мың жұмысшылар мен қызметкерлердің, 200 мыңын қазақтар құрады деген мәліметтерді алға тартады [379, 168-169 б.]. Ұлттық мамандардың қалыптасуы жөніндегі тың деректерді ұсынады.

Халық шаруашылығының жетістігінің негізінде еңбекшілердің материалдық өмір сүру деңгейі көтерілді. Бірінші бесжылдықта өнеркәсіптегі жұмысшылар мен қызметкерлердің жылдық орташа жалақысы - 41,1%, құрылыста – 26,5%-ға жетті деген мәлімет береді [379, 169 б.].

Ғалым К.Л. Есмағанбетов кейінірек жарық көрген «Қазақтар шетел әдебиетінде» атты еңбегінде ағылшын тарихшысы Дж. Бейкердің (Екі соғыс аралығындағы жылдарда Қазақстан әйелдерінің жағдайы // Сентрал эйшн сэрвей. 1985, 4-т., №1. 75-114 б.) «Әйелдер «ақ жағалылар», яғни интеллигенция құрамын көп толықтыра алмады. Еркектер көбіне инженер-техниктер болуға тырысса, әйелдер бұл салада қосалқы жұмыстарға ығыстырылып тасталды. 1933 жылы өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығындағы техникалық интеллигенцияның 5 процентке жуығы ғана әйелдер болды» деген пікірін білдіреді [28, 168 б.]. Еңбектің ерекше құндылығы сонда, автор барлық зерттеулерінде батыс елдерінде қалыптасқан объективті біртұтас талдау жасай біліуінде. Қазақстан халқының әлеуметтік құрылымындағы өзгерістердің батыс зерттеушілердің еңбегінде көрініс табуын Б.М. Сужиков өз еңбектерінде қарастырған. Автор «Казахская политическая элита и трансформация этнической тождественности на рубеже ХІХ-ХХ в. в зарубежной историографии» деп аталатын еңбегінде ұлттық бірегейлігінің негізгі жаршысы болып саналатын қазақ зиялыларының қызметі жайлы талдайды. Шетел зерттеушілерінің осы мәселе төңірегіндегі ой-тұжырымдары мен бағаларын қазіргі отандық тарихшылардың концептуальды түрде қайтадан ой елегінен өткізгендігі сараланған [27].

Зерттеуші М.Т. Лаумулиннің еңбегінен де ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басындағы Қазақстан тарихының шетелдік тарихнамасы туралы жазған мақаласында батыс зерттеушілерінің әлеуметтік мәселелерге көңіл бөлгендігі айтылады [380]. Мұндай пікірді ғалым К.Р. Несіпбаеваның зерттеу еңбегінен де кездестіруге болады [29].

Соңғы жылдары ғалым Р.М Таштемханова «История изучения Казахстана в Германии (Вторая половина ХІХ в.- 1991 гг.) докторлық диссертациясында да неміс тарихнамасының республиканың тоталитаризм бекіген жағдайда қоғамдық-саяси, әлеуметтік өмірінің тарихын зерттеуге, Қазақстанды индустриализациялау саясатына талдау жасап, кеңестік модернизацияның өлкеге тигізген ықпалының негізгі концептуальды жағдайын, ұлттық кадрлардың қалыптасуы мәселесіне неміс ғалымдарының қөзқарасының қандай екендігін ашып көрсеткен [32].

1990-шы жылдардың соңында ғалым Е.Б. Сыдықовтың докторлық диссертациясында Қазақстаннның Ресей Федерациясы құрамындағы 1917-1937 жылдардағы жағдайына арналған. Ол «Судьба русского народа в социальной инженерии большевизма на примере Казахстана» деп аталатын тарауында «модернизациялау ісінде орыстар ұжымдастыру, индустрияландыру, саяси әкімшіліктің негізгі тірегіне айналды. Орталық және батыс аймағы Сібірді, Орал, Қазақстанды өнеркәсіптік игерудің донарына айналды [381, 52 б.]. Техникалық жағынан білімді жұмысшылар мен инженер-техникалық мамандар жетіспегендіктен, қажетті кадрларды өнеркәсіп құрылысы барысында және еліміздің басқа аудандарынан тарту Орталық Қазақстанға өнеркәсіп миграциясына серпіліс берді деген пікірін білдіреді. Біз автор еңбегінен өндірістік-техникалық интеллигенцияның әлеуметтік дамуына демографиялық факторлар әсер етті деген көзқарасын аңғарамыз.

Ұлттық мамандардың қалыптасуы, саны, құрамы жайлы ғалым Ж. Асылбекова «30-шы жылдары ұлттық мамандар негізінен жұмысшылар мен кіші техникалық қызметкерлер қатарында шоғырланды. Қызметкерлер қатарында әсіресе инженер-техникалық қызметкерлер қатарында қазақтардың саны айта қаларлықтай болған жоқ» деген пікірін білдіреді [296, 22 б.]. Автор құрылыс саласында инженер-техникалық қызметкерлер арасында қазақтардың небәрі 6,4 пайыз ғана құрап, бір де бір қазақ инженер, архитектор, механизмдер мастерлері мен нұсқаушылары жоқ екендігін айтады [296, 23 б.].

Жарық көрген әдебиеттерге тарихнамалық талдау жасау барысында ХХ ғасырдағы Қазақстан өндірістік-техникалық интеллигенциясының әлеуметтік дамуы мәселелерінің тарихнамасы жеткіліксіз зерттелгенін аңғартады. Сондықтан тарихнамалық шолудан көрініп тұрғандай, Қазақстан өндірістік-техникалық интеллигенциясының тарихын тарихнамалық тұрғыда талдау кезек күттірмейтін тың мәселе болып саналады. Сонғы жылдары тарихшылар, қоғамтанушылар қалыптасқан тарихи үрдістерге жаңа көзқарас тұрғысынан қарап, көптеген ғылыми еңбектерін дүниеге әкелді. Әсіресе қазіргі кезеңде елімізде қалыптасқан инженер-техникалық интеллигенцияның әлеуметтік даму тарихын терең түсіну үшін, оның өткен тарихи кезеңдердегі ерекшеліктерін зерттеуге ғалымдар ден қойып, кеңестік кезеңдегі идеологиялық тегеурінде болған ақтаңдақ беттерін ашуға қол жеткізіп отыр.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет