Б. Ж. Абжаппарова


ӨНДІРІСТІК-ТЕХНИКАЛЫҚ ИНТЕЛЛИГЕНЦИЯ МӘСЕЛЕСІНІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ-МЕТОДОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫРЛАРЫ



бет2/16
Дата05.11.2016
өлшемі4,84 Mb.
#854
түріМонография
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16

1 ӨНДІРІСТІК-ТЕХНИКАЛЫҚ ИНТЕЛЛИГЕНЦИЯ МӘСЕЛЕСІНІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ-МЕТОДОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫРЛАРЫ
1.1 Интеллигенция туралы тұжырымдар

«Интеллигенция» түсінігі өзінің көпқырлылығы, алуан аспектілігі, ерекшелігі жөнінен отандық қана емес, шетелдің әлеуметтік-философиялық, тарихи, мәдениеттану және әлеуметтану әдебиетінде де жан-жақты зерттелген.

Әйтсе де интеллигенцияға байланысты жарық көрген тарихи, философиялық, әлеуметтану саласындағы еңбектерде «интеллигенция» түсінігіне нақты көзқарас қалыптаспаған. Соңғы онжылдықтарда үлкен таластар тууда. Таластың негізгі себебі - интеллигенцияның мәнінде ғана емес, шеңберінің өсуі, әлеуметтік топ ретіндегі белгілеріне де байланысты. Әлеуметтік және ғылыми-техникалық прогресс қызметкерлердің интеллектуалдық күштерінің дамуына ықпал етеді. Интеллектуалдық потенциал ой еңбегімен айналысушы қызметкерлердің белсенділігімен анықталады.

«Интеллигенция» концептінің түп дерегі гректің noesis – олардың жоғары сатысындағы сана, түсіну деген сөзде жатыр [37, 14-44 б.]. Сананың ең төменгі сатыларын dianota `(ойдың бейнесі, ойлану) және epissteme (ғылыми білім) біріктіреді [38, 611 б.]. Рим мәдениетінде осы грек концептінің ықпалымен intellegentia сөзі пайда болды. «Интеллигенция» концепті латынның intellegentia терминінен шығып: 1) түсіну, ақыл, парасат, ұғынуға қабілеттілік, танымдық күш; 2) ұғым, идеяны ұсыну; 3) түйсік, сезімдік таным; 4) іскерлік, өнер деген мағына береді. Ішкі мағынасы бойынша бұл сөз «сананың, өзіндік сана-сезімінің жоғарғы сатысы» деген де түсінік береді. Осыдан шығатын қорытындыға сәйкес интеллигент түсінігі латынның intellegens сөзінің шыға отырып: 1) білгір, түсінікті, білімпаз; 2) ақылды, парасатты; 3) білгір, маман [39, 156 б.]. «Интеллигенция» терминін осы мағынасында б.э.д. І ғ. Цицерон, б.э.д. V-IV ғғ. Боэция қолданса, онан кейін неміс классикалық философтары Фихте, Шеллинг, Гегельдер оны одан әрі дамытты [40].

Фихте [41, 461-462 б.] мен Шеллинг [42, 354-355 б.] «интеллигенцияны» адамның еркін болмысы, қызметімен байланыстыра отырып, түсінуге, ойлауға қабілеттілік және оны біртұтас жүзеге асырушы деп анықтайды. Ал Гегель «интеллигенция» ұғымын «әлеуметтендірген»; ол өзінің «Рух философиясында» тарихтағы рухтың өзін-өзі тану идеясын аша отырып, «интеллигенцияның» ғана рухани жағынан ойлау қабілеті бар деген түсінік береді [43, 42-43 б.].

«Интеллигенция» ұғымын зерттеу көптеген ғылымдардың философия, әлеуметтану, тарих, мәдениеттанудың тоғысында жүргізілуде. Бір жарым ғасырға жуық уақыт бойы ғалымдар интеллигенцияға нақты, қайшылықты емес, мазмұнды анықтама беруде [44, 4 б.].

Ресейде «интеллигенция» ұғымы өз бастауын Петр І кезеңінен бастайды [37, 9 б.]. Ресейді европалық үлгіде модернизациялауға бағытталған реформаларды жүзеге асыру үшін «білімді адамдардан» тұратын жаңа тап керек болса, олар орыстың алғашқы қызметкер интеллигенциясына айналды [45, 87-92 б.].

Ұзақ жылдар бойы интеллигенцияға анықтама беруде таптық көзқарас қалыптасып, оған аралық топ ретінде қарап, жекеше мән берілмеді. Осы уақытқа дейін «интеллигенция» термині Ресейде пайда болды деген түсінік қалыптасқан. Үлкен кеңестік энциклопедияда терминнің авторы сыншы, прозаик және публицист П.Д. Боборыкин деп көрсетілген. Ол 1866-шы жылы орыс тілі мен отандық журналистиканың айналымына неміс классикалық философиясынан интеллигенция сөзін ендірді [46, 311 б.].

Тек Ресейде ғана «интеллигенция» ұғымы қоғамның тағдырына жауапты, оның қалыптасқан әлеуметтік бөлігі ретінде сипатталды. Сондықтан да, «интеллигенция» сөзі латын тілінен енгеніне қарамастан, әлемнің барлық сөздіктерінде «рус.» деген белгімен орыс тарихы мен ұлттық мәдениетінің ерекшелігін көрсететін атау ретінде қолданылады [41, 149-208 б.].

«Интеллигенция» терминін әр елдің ойшылдары, атап айтқанда Гизо, Маркс, Энгельс т. б. қолданған [19,4 б.]. Европалық зерттеуші О.В. Мюллер еңбектерінде де пайдаланылған [47]. Ол Х1Х ғасырда интеллигенцияға әлеуметтік категория ретінде мән берілгендігін айтады. Х1Х ғасырдың бірінші жартысында Батыс Европаның әлеуметтік-экономикалық дамуы интеллигенцияның білім деңгейіне, мүлік қатынасы жағдайына ықпал етті. Бірақ бұның аралық жігі болды. Интеллигенция түсінігін қалыптастыруда оның қоғамда алатын әлеуметтік артықшылықтары, жоғары мемлекеттік лауазымдарға ие болуы да әсер ететіндігін айта келіп, оларға мәдениет, ғылым, білім салаларының ағартушылық, прогрессивті идеясының «жаршылары» деп баға берілді. Сөйтіп интеллигенцияның ерекше әлеуметтік топ екендігін топшылайды.

Соның ішінде кең мағынадағы «интеллигенцияға» анықтама ағылшын тіліндегі Уэбстердің түсініктеме сөздігінде берілген: intellegentia топ ретінде интеллектуалдардың біртұтастығы деп анықталған. Интеллектуал «интеллекті жоғары дамыған адам, интеллектуалдық еңбек адамы» деп түсіндіреді [48, 197 б.]. Сонымен Уэбстердің сөздігі бойынша интеллигенция интеллектісі жоғары дамыған, интеллектуалдық еңбекпен айналысатын адамдар тобы деп түсіндіріледі. Бұл жердегі анықтамада нақтылық байқалмайды.

В. Дальдың да түсіндірме сөздігінде қысқаша түсінік берілген. Онда «интеллигенция» сөзі өз алдына бөлек қарастырылмаған, оның анықтамасы «интеллектуалды» түсінігімен бір құрылымда берілген. Алайда бұл жерде негізгі сапалық дұрыс белгісі ретінде білімдік аспекті айқындалған. Оның анықтамасы бойынша интеллигенция – «тұрғындардың парасатты, білімді, ойлау жағынан дамыған бөлігі» [49, 46 б.].

Көптеген сөздіктерде интеллигенцияның жолын ұстаушылық, оның мәдениет, өнер және саясат саласындағы рөлі анықталған. Осы бағытта алғашқылардың бірі болып Бракгауз бен Ефронның энциклопедиялық сөздігінде жаңа бетбұрыс жасалған. Оның пайымдауы бойынша, «Интеллигенция – саясат, әдебиет және өнерге деген қызығушылықпен өмір сүретін қоғамның білімді, ақыл қабілеті дамыған табы» [50, 1854 б.]. Берілген осы анықтама бойынша интеллигенция тек мәдениет пен саясатқа «қызығушылықпен өмір сүретін» болып дәйектелген.

«Интеллигенция» ұғымының дамуының келесі кезеңінде – ой еңбегімен айналысуы, кәсіби білімі мен әлеуметтік білімі деген дұрыс белгілері енгізілді. Осы дұрыс белгілері тұрғысында Ожеговтың сөздігінде «интеллигенция» – білімі бар ғылым мен техника және мәдениеттің әртүрлі салалары бойынша арнайы білімді игерген ой еңбегінің қызметкерлері [51, 126 б.].

Ағайынды Гранаттардың сөздігінде «Интеллигенция адамдардың ойлау мәдениеті өкілдерін біріктіретін, олар үшін мамандық білімі және дарындылығы болып анықталатындығын» айтады [52, 59-61 б.]. Шет ел сөздерінің сөздігінде «Интеллигенция ой еңбегімен кәсіби айналысатын және ол еңбек үшін арнайы білімі бар адамдар кіретін әлеуметтік топ», - деп атайды [48, 197 б.]. «Кеңестік интеллигенция» сөздік-анықтамалығында: «Интеллигенция – ой еңбегімен кәсіби айналысатын қоғамның әлеуметтік тобы» деген түсінік берілген [53, 50-51 б.]. Бұл жерде анықтама әлеуметтік аспектіде қарастырылып, интеллигенция әлеуметтік топ ретінде анықталады.

Білімділік, кәсібилік және ой еңбегі критерийлері ретінде әлеуметтік аспект позициясында анықтай отырып, В.И. Ленин интеллигенцияға «барлық білімді адамдарды, ерікті кәсіп өкілдерін, дене еңбегі өкілдерінен айырмашылығы бар ой еңбегі өкілдерін жатқызады» [54, 332-333].

«Русская философия» анықтама сөздігінде интеллектінің дамуын және жоғары маманданған ой еңбегі критерийлерін кішірейтіп, «Интеллигенция- интеллектінің жоғары даму сатысы мен кәсіби білімділікке бет бұрған қызмет атқаратын білімді және ойшыл адамдардың тобы», - деп анықталған [55, 187-188 б.].

Әлеуметтанушы Э.В. Тадевосян: «Интеллигенция – жоғары кәсіби ой еңбегімен көп те емес, аз да емес кәсіби айналысатын және ол үшін қажетті арнайы жоғары және орта арнаулы білімі бар адамдардың әлеуметтік тобы» деп ұғындырады [56, 88-89 б.].

Соңғы анықтамада жоғары және орта арнаулы білімі бар деген жаңа критерий енгізілген. Негізгі дұрыс белгісі ретінде философиялық энциклопедиялық сөздікте «Интеллигенция – ой еңбегімен кәсіби айналысатын (негізінен күрделі) және соған сәйкес жоғары білімі бар адамдардың қоғамдық тобы» деп қарастырылған [57, 210-212 б.]. Бұл анықтамада күрделі ой еңбегімен, яғни, шығармашылық еңбекпен айналысатын деген дұрыс белгі енгізілген.

Концептіні түсініп, пайымдаудағы жаңа бетбұрыс мәдениеттанушы А.И. Арнольдовтың еңбегінен де аңғарылады. Ол интеллигенция түсінігіне: әлеуметтік-мәдени аспект, шығармашылық ой еңбегі, қазіргі ғылыми білім, мәдениеттің күрделі түріндегі шығармашылық сияқты критерийлерді қосады.

Оның анықтамасы бойынша, интеллигенция – «ірі әлеуметтік-мәдени қауымдастық, шығармашылық ой еңбегімен кәсіби айналысатын адамдардың әлеуметтік массиві. Қазіргі ғылыми білім алған, адамдардың айрықша жіктелген, білім жүйесін игерген әлеуметтік, қоғамдық тобы. Бұл оларға білім әлеміндегі мәдениеттің күрделі түрлерін – ғылымда, өнерде, білімде, дінде пайдалануға мүмкіндік береді» [58, 153 б.].

Үлкен Кеңестік энциклопедияда жаңа дұрыс белгісі ретінде мәдениеттің дамыған және кеңінен тараған сапалық ерекшелігі айқындалған: «Интеллигенция – ой еңбегімен кәсіби, әсіресе, күрделі, шығармашылық еңбекпен, мәдениетті дамытып және таратуымен айналысатын адамдардың қоғамдық тобы» [46, 311-314 б.].

Мәдениеттанушы ғалым Ю.С. Степанов Орыс мәдениеті сөздігінде «интеллигенция» концептісін «сана мен өзіндік сананың жоғарғы сатысы» деп анықтайды [39, 610 б.]. Сонымен бұл жерде интеллигенция басқа әлеуметтік қауымдастықтан айырмашылығы бар «өзі түсінетін» таптық жағынан ерекше жеке бірлестік.

Өзінің маңыздылығы жөнінен екінші орын алатын анықтаманы біз Лонгмановскийдің қазіргі ағылшын тілі сөздігінен байқадық: «intelligence – қоғамның құрамындағы жоғары білімді, жаңа идеялар мен жаңа дамулар жөнінде, әсіресе өнер мен саясаттың қамын жейтіндіктен де сонымен айналысатын адамдар тобы» [44, 4 б.]. Интеллигенцияның бұл анықтамасында мәдениет пен саясатқа басты көңіл бөлінген, себебі олар сол салада жаңа идеялардың дамуына ықпал етті.

Интеллигенцияның белсенді рөліне оксфордтық түсіндірме сөздікте терең мән берілген. Онда: «intelligensie – мәдени және саяси белсенділігімен ерекшеленетін интеллектуалдар табы, интеллектуалдық еңбек ететін адамдар табы» деген анықтама берілген [44, 4 б.]. Мұнда тап ретіндегі интеллигенцияның басты рөлін көрсететін сапалық жағына мән беріліп, интеллигенцияның мәдениет және саясат саласындағы белсенділігі айқындалып, интеллигенция мәдени және саяси қайта құрулардың бастаушысы болып саналатындығы сараланған.

Бұл методологиялық анықтама бойынша интеллигенция ағартушылық ар-ожданы бар, халық өмірінде жалпыадамзаттық бастаудың қолданушысы болып анықталады.

Кеңестік әдебиетте интеллигенция таптық әлеуметтік-таптық жік немесе өнегелік мағынада түсіндіріледі. Әлеуметтік-таптық көзқарас бойынша, лениндік нұсқауды негізге алып, интеллигенция ешқандай меншік қатынасына байланысы жоқ, қоғамның негізгі таптарымен тарқап кеткен деген пікірге сүйенеді. Интеллигенция қазірдің өзінде екі жақты қарастырылады: білімі және еңбек түріне байланысты. Бұл - әлеуметтік көзқарас. Интеллигенция өзінің меншік қатынасы болмағандықтан, басқа істерге араласып, таптық құрылымның элементі бола алмайды. Сонымен интеллигенция - бұл таптық емес, әлеуметтік түсінік, басқа әлеуметтік ұлттық, демографиялық түсініктермен қатар түсіндіріледі.

«Интеллигенция» термині «интеллектуалдар» түсінігімен салыстырып қарағанда( европалық Les intellectuels, американдық intellectuals) тереңірек және тар мағына береді. Интеллектуалдар – таза кәсіби топ ретінде басқалармен бірге қоғамдық өндіріспен айналысады, интеллигенция олардың қатарынан шығады, олардың өкілдерінің интеллектуалдық қабілеттері дамуымен қатар, жоғары рухани-имандылық қасиеттерімен, шығармашылыққа ұмтылысымен, және рухани жағынан жетілген, рефлекстік-сыни ойымен ерекшеленеді [59].

Орыс интеллигенциясы мәселелерін зерттеумен айналысатын американдық тарихшылар Джеймс Биллингтон мен Ален Поллард та «интеллигенция» мен «интеллектуалдар» ұғымдарының айырмашылықтарын анықтай отырып, интеллигенция қоғамда өзіндік орны бар ерекше рөл атқаратын ерекше адамдардың тобы деген анықтама береді [60].

Көптеген зерттеушілер, «интеллигенция» сөзінің түп-төркіні орыс тілінен шықты деп көрсетіп, оның “intelligenz”, “intelligence”(ақыл, ақылмен түсінуге, қабілеттілік, эрудиция) және «интеллектуал» сөздерінен айырмашылығы бар деген пікір айтады [61, 68 б.]. Н.А Бердяев та Батыста интеллигенцияны “intellectuels” деп атайтындығын, олардың интеллектуалдық еңбекпен айналысатын шығармашылық адамдары, бәрінен бұрын ғалымдар, жазушылар, суретшілер, профессорлар, педагогтар т.б. екендігін атап көрсетеді. Көптеген орыс ғалымдары мен жазушылырының бәрін интеллигенция қатарына жатқызуға болмайды. Интеллигенция ең алдымен монахтық орден немесе ерекше моралімен сектаны білдіретін өзіндік дүниетанымы бар адамдарға төзімсіз келетін, өзінің ерекше танымы мен дәстүрі, тіптем сыртқы келбетімен де интеллигенттілігі арқылы басқа әлеуметтік топтардан айырмашылығы бар деп топшылайды. [62, 17 б.]. Н.А. Бердяев «Орыс идеясында» интеллигенцияны әлеуметтік тап деп қарастыруға болмайды, ол әлеуметтік идеялар біріктірген, өз сенімі мен көзқарасы жолында түрмеге, каторгаға, өлімге баруға даяр топ, жік деп көрсетеді. Мұндай даярлық интеллигенцияның экономикалық жағынан орнықпағандығымен байланысты болуы да мүмкін. Себебі, олардың жоғалтатын нақты материалдық, экономикалык құндылықтары болған жоқ.

Интеллигенция - бұл интеллигенттіліктің сапалық қасиеттерімен дәнекерленген әлеуметтік қауым. Интеллигенцияның функционалдық қызметтерінің бастысы - жоғары әлеуметтік-гуманистік бастау құндылықтарын интеллигенттіліктің ерекше сапалық қасиеттері ретінде ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу үрдісі. Ұрпақтан-ұрпаққа берілетін интеллигенттілік өз кезегінде Н.А. Бердяевтің пікірінше, жүйемен, билікпен ешқандай ымыраға келмейтін жоғары мақсатқа қызмет етуді басты мұрат-мақсат санайтын өмірдің мәні еркіндік пен тәуелсіздік рухымен байланысты деп түсінетін адамдар тобы қалыптастырады. Интеллигентілік бұл халықпен біте қайнасу, өзін түсінуге және өзін мақсат жолына дайындау. А.Ф. Лосевтің пікірінше, «интеллигент дегеніміз - бұл жалпыадамзаттық береке мен рахат мүддесі жолында ақиқат пен жақсылыққа қызмет етуші адамдар тобы. Интеллегенттілік философиялық мағынасы жағынан рух пен іс-әрекеттің еркіндігі эстетикасы ретінде анықтай отырып, жалпыадамзаттық игілік мақсатын жасаушы объекті деп айқындайды. Шын мәніне келгенде, бұл дүниетаным қандай да болмасын тарихи кезеңде оның рухани-практикалық негізі кең көлемде алынып, соған сай нақты көзқарасты талап етеді. Интеллигент жаңа дүниетанымның жаршысы және алға бастырушысы, бірақ дүниетаным интеллигенттің өз әрекеті арқылы әлеуметтендірілуі керек. Интеллигент – көкжиектерді ой арқылы алға жылжытатын, қоғамда үстемдік етуші дүниетанымды қайта құруға тырысатын субъект. Ол арқылы қоғамдық қатынастар жалпы игілікке бағыт алып, халық тағдырының күйін білдіру керек.

Сонымен, интеллигенция феноменін танудың басты методологиялық құралы дүниетанымдық әрекет болып саналады.

Қазан төңкерісіне дейінгі тарихнамада интеллигенция тарихын зерттеушілер үш бағытты атап көрсетеді: халықтық, либералдық («веховтық», «веховтыққа қарсы» болып бөлінді) және маркстік-лениндік. Авторлар Ресей интеллигенциясының қоғамдағы алатын орны мен рөліне басты назар аударды. Осы жылдары мұғалімдер, фармацевтер, теміржол қызметкерлері, оқу орындарының оқушыларының өмірі жайлы жазылған нақты-тарихи еңбектер жарық көре бастады [63, 25 б.].

Халықтық бағыттың мәні интеллигенцияға деген нақты өлшемнің қойылумен тығыз байланысты. Халық мүддесі үшін неден болса да бас тарту, өзін-өзі құрбандыққа қию өлшемнің негізгі көрсеткіші болып саналды. Мұндай бағыт барысында интеллектуалдық қызметтің әлеуметтік-кәсіби белгілері бұрмаланып, интеллигенцияның атқаратын функциялары саяси функция аясына кіріп кетті.

1909 жылы «Вехи. Сборник статей о русской интеллигенции» деп аталатын кітаптың бес басылымы шықты. Осы жылы веховтыққа қарсы бағытталған бірнеше жинақ жарық көрді. Интеллигенция мәселесін және оның мемлекет пен революциялық қозғалысқа қатысуын талдауға әртүрлі саяси топ өкілдері атсалысты.

Ал, либералдық концепция өкілдері өздерінің «Вехи» деп аталатын жинағында халықшылдардың «интеллигенция» түсінігін қалыптастыруда өте саяси мән бергендігін қатты сынады. Веховтықтар интеллигенция анықтамасын қалыптастырудағы халықшылдық бағыт интеллигенцияның әлеуметтік - саяси сапасын анықтайтындығын көрсетеді.

С.Н. Булгаков «Интеллигенция қазіргі заман мен орыс тарихына қатынасын өзінің бағалауына сүйене отырып айқындап, батырлық шақырулар мен батырлық күрес позициясы тұрғысынан келді,- деп жазды [64, 55 б.].

Н.А. Гредескул, веховтыққа қарсы жинақ авторларының бірі өзінің «Интеллигенция в России» жинағында, білімдік-мәдени және кәсіби қызметімен қатар, интеллектуалдық элита ретінде барлық елдерде қоғамның саяси жағынан дамуымен байланысты әлеуметтік-танымдық қызмет те атқаратындығын айтады [64, 238 б.]. Осы төңіректегі таластар веховтықтар мен либералдық антивеховтықтардың интеллигенцияның анықтамасын қалыптастыруда оған әлеуметтік-саяси және мәдени жағынан дамуында универсалды категория ретінде баға беруінде ортақ пікірге келе бастағандығын байқаймыз [65, 28 б.].

ХХ-шы ғасырдың басында интеллигенцияға «ерекше әлеуметтік-этикалық категория» деген түсінік те берілген. Мысалы М. Туган–Барановский: «интеллигенция» деп тек ой еңбегімен айналысатындарды емес, нақты әлеуметтік дүние танымы қалыптасқан, моральдық бейнесі бар адамдарды атайды. Интеллигенттілік – «сыни ойлай білетін тұлға». Ал, Лавровтың айтуы бойынша «Ол қазіргі қоғамның мәдени дәстүрлері мен ескі-сарқыншақтарына қарсы, теңдік пен бақыт жолында күресуші адам. Интеллигент – революционер, құлдырау мен тоқырауға қарсы, жаңа шындықты іздеуші» [66, 248-249 б.].

Интеллигенция тарихына рухани-әлеуметтік тұрғыда қарау, идеялар тарихы, қоғамдық сананың тууына әсер етті. Мұндай жағдайда интеллигенцияны нақты тапқа жатқызуға болмайды. Сондықтан зерттеуші О.С. Волканованың айтқан осы мәселе төңірегіне байланысты сын-пікірі дұрыс деп есептейміз. Ол «орыс интеллигенциясының феномені ұлттық ойлаумен сәйкес келеді. Ұлттық мінез ерекшелігі ұлттық ойлауға сәйкес келеді. Интеллигенция орыстық болмысты анықтайды, сондықтан көптеген авторлар бұл түсінікті тек орыс интеллигенциясына тән қолдану керек», - деп есептейді [67].

Зерттеуші Н.П. Гордеевтің пікіріне жүгінсек, «Ойлау әрекеті бойынша, адамдар ғылыми, көркемсурет мектептері, ұстанған бағыттары, жасаған іс-әрекеттер төңірегінде біріге алады», - деп есептесе, Р.В. Иванов-Разумник: «Жаңа идеалдар мен ұғымдарды өмірде жүзеге асыруды жеке тұлғаның қоғамдағы шығармашылық статусын қалыптастыруда дене және ой еңбегіне қарай бағыттау қажет», - деп жазады [68, 80 б.].

М.А. Славинский интеллигенцияны таза мәдени құндылықтармен қатар ұлттық азаматтық пен саяси ұстанымдардың түрлері қалыптасатын «интеллектуальды лаборатория» деп атайды [69, 232 б.]. Оның концепциясы бойынша: «Интеллигенциясы қалыптасқан халықты ғана ұлт деп есептеу керек», - дейді. Ол интеллигенция - өз халқының ұлттық санасын қорғаушы деп санайды. М.А. Славинскийдің бұл концепциясының қазіргі зерттеушілер пікіріне кереғар келетінін аңғаруға болады.

Интеллигенция гуманистік мәдениет және оның қоғамға әсері, шындық әділдік, бостандыққа ерекше мән береді.

Кеңес өкіметі орнағаннан кейін де, В.И. Ленин мен оның соңынан ерген жақын әріптестерінің еңбектерінде интеллигенцияға байланысты маңызды теориялық-методологиялық мәні бар ой-пікірлер ерекшелене бастады. Мұны кейінірек кеңестік қоғамтанушы ғалымдар интеллигенцияға байланысты маркстік-лениндік концепцияның негізі ретінде қолданды.

В.И. Ленин интеллигенция жайлы «...ол арнайы экономикалық тап емес... қазіргі капиталистік қоғамның ерекше тобын құрайды», - деп айқындайды [70, 209 б.]. «Егер... жалпы қоғамдық барлық топтар қоғамдық таптармен үйлес келсе, немесе ол таптарға қосылса ғана нақтылы күшке айналады десек, онда тегі «сословиесіз интеллигенция» нақтылы қоғамдық күш болмаса керек», - деген Струвенің пікірі дұрыс деп көрсетеді [71, 466-467 б.]. Интеллигенцияның ерекше жағдайы сонда, ол басқа таптардың ортасында ерекше жағдайда болады деп негіздейді [72, 225-226 б.]. В.И. Ленин сонымен бірге «бізде либерализмі тұрпайы халықшылдықтан, солқылдақтық социализмнен мүлде дерлік тазарған жаңа интеллигенция қазірдің өзінде пайда болып келеді», - деп пайымдайды [73, 375 б.].

Большевиктер көсемінің пікірі бойынша, «мамандар ғылым мен техника өкілдері сол сияқты сауда ісінде ірі кәсіпорындарды ұйымдастыру, шаруашылық операцияларды бақылау ісінде және т.с. практикалық қызметі арқылы тәжірибе жинақтап, білім алған адамдар», - деп атап көрсетеді [74, 367 б.].

В.И. Ленин болашақ коммунистік қоғамның негізгі белгілерінің бірі – буржуазиялық және ұсақ буржуазиялық нанымдарға толы ескі интеллигенцияны жоғары мәдениетті және саяси сауатты жұмысшылар мен шаруалар қатарынан шыққан мамандардың ығыстыруында деп түсіндірді. 1919 жылдың өзінде-ақ В.И. Ленин большевиктер саясатының алғашқы жемісін көрді.

В.И. Лениннің теорияық ұстанымдарын оның әріптестері мен шәкірттері дамытты. 1927 жылы желтоқсанда өткен ВКП (б)-ның ХҮ съезінде кеңестік қоғамның әлеуметтік-таптық дамуын қалыптастыра отырып, И.В. Сталин «нэпмандарды» және интеллигенцияны «жаңа буржуазия» деп аталған бір топқа біріктірді [75, 317 б.]. Ол интеллигенция арасынан социализм жетістіктерінің жетілуіне байланысты, контрреволюциялық пиғылдағылардың өсіп отырғандығын және интеллигенция қатарынан техникалық интеллигенцияның ерекшеленіп отырғандығын айтады. Олар өндірістің даму процесінде большевиктердің елді бастап отырғандығын көре алмайды [75, 318 б.]. Осыдан бастап, өндірістік процесте догмалық схема қалыптасып, интеллигенция халықтан бөлінген контрреволюциялық жоғарғы, саяси жағынан пролетариатқа жақын революциялық төменгі, өзгеріп отыратын ортаңғы топқа бөлінді.

Өткен тарихымызды бұрмалаусыз, тура қорытудың бірден-бір жолы - өз уақытында халқымыздың болашағы үшін бар ғұмырын күресте өткізген зиялыларымыздың артында қалған рухани мұраларын зерттеп, кейінгі ұрпаққа жеткізу болса, М. Шоқайдың таңдамалы еңбектерінің алар орны ерекше. М. Шоқай «Ұлттық зиялылар деп кімдерді айтамыз. Бір қарағанда жеңіл көрінгенмен, шын мәніне келгенде бұл сұрауға дұрыс жауап қайыру оңай емес. Оқыған, тәрбие көрген адамның бәрін «зиялы» деп атап, оны сол адам өзі тән болған ұлттың «ұлттың зиялысы» қатарына қоса беруге болады деп ойласақ, сөзсіз қателесеміз. Біздіңше, белгілі бір мұрат-мақсаттардың соңында жүрген және сол белгілі мұрат-мақсаттары төңірегіне жиналған оқымыстыларды ғана зиялы деп айтуға болады. Ұлттық зиялылар қатарына тек өз халқының саяси- экономикалық және әлеуметтік дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар кіре алады», - деп пайымдайды [76, 174-176 б.]. Біз оның зиялылар өз халқына қызмет етудің, халықпен ортақ тіл табыса білудің неғұрлым тиімді жолдарын таба білулері керек деген ойының қазіргі уақыт талабымен сабақтасып жатқандығын байқаймыз.

1920 жылдың соңынан бастап, интеллигенцияның қоғамдағы орнының тарихы мен теориясына байланысты жазылған еңбектер сиреп, олар тек большевиктік көсемдердің айтқан пікірлерін баяндауға арналды [77]. Бұл көзқарас 1953 жылы наурызда И. В. Сталин қайтыс болған уақыт, немесе «жылымық кезеңіне» дейін сақталды.

Кеңестік тарихнамада интеллигенция мәселесінің партиялығы, таптық және әлеуметтік ерекшеліктеріне мән берілді. Әлеуметтік жағынан интеллигенция деп кеңестік қоғамдағы «негізгі таптар» жұмысшы табы мен еңбекші шаруалардың арасындағы «әлеуметтік топ», ал этикалық жағынан рухани өндіріс саласымен айналысып, ерекше рухани сапалы-интеллигенттілік қасиетімен ерекшеленетін адамдардың тобы деген түсінік қалыптасты.

1950-ші жылдардың басында жарық көрген еңбектердің бірі – Х.З. Ақназаровтың «Формирование социалистической интеллигенции» деп аталатын философия ғылымдарының кандидаты атағын алу үшін әзірлеген диссертациясының авторефератының 1930-1950-ші жылдарда жарық көрген еңбектерден айырмашылығы шамалы. Марксизм-ленинизм классиктерінің пікірлерін, анықтамаларын қолданудан бас тартқаны байқалмайды. Бұрынғы интеллигенцияға берілген анықтама сол күйінде қолданылған. Таптық-дуалистік схемамен жазылған еңбекте жаңа болып жатқан тарихи процестерге объективті баға бере алмады [2].

Кеңес дәуіріндегі қазақстандық әдебиетте интеллигенцияның белгілеріне тек дұрыс баға беріліп, шетел баспаларында, кеңестік кезеңнен кейінгі басылымдарда басқаша байыпталды. Интеллигенция негізінен жұмысшы және шаруалардан шыққандықтан, солар үшін қызмет етіп, олардың дүние танымы мен идеологиясы да марксизм-ленинизмге негізделді. Сондықтан кеңестік кезеңде интеллигенция партиялық-мемлекеттік идеялардың жасаушысы, орындаушысы болғандықтан да партияның басты тірегіне айналды.

Ғалым Г.Чуланов 1951-ші жылы жарық көрген «Промышленность Казахстана за годы советской власти» деп аталатын монографиялық еңбегінде: «Қазақстанда халықпен етене жақын, халық арасынан шыққан өзінің ұлттық, социалистік интеллигенциясы пайда болды. Қазақ интеллигенциясы кеңес өкімет тәрбиесін алған жоғары және орта арнаулы оқу орындарында білім алып, социалистік кәсіпорындарда практикалық жұмыс істеп шыңдалған адамдардан құралды»,- деп баға береді [78, 56-57 б.].

Интеллигенция феноменін қалыптастыруда қазақстандық тарихшы ғалымдардың қатарында Ж. Қарағұсовтың орны ерекше. Ол орыс тілінде жарық көрген «Казахская советская интеллигенция, рожденная Октябрем» деп аталатын монографиясында: «Қазақ даласында Ресейге қосылғанға дейін жалпы білім беретін кәсіптік мектептер болмағандықтан, жергілікті халықтан оқыған адамдар болған жоқ. Ал Россияның қол астына кіргеннен соң пайда болған интеллигенция еңбекші қазақты қанау жолында орыс патшалығы мен бай-шонжарларына көмектесті», - деп баға береді [3]. Әрине еңбек бұрынырақ жарық көргендіктен, кейбір пікірлерімен келісуге болмайды

Маркстік-лениндік методологияны басшылыққа алған ғалымдар 1960-шы жылдардың басында да бұрынғы пікірлерінен алыстап кете алмады, жаңа концепциялар туындамады. Интеллигенция тек тарихи объект ретінде қарастырылып, олар соңынан саяси партияларды еріткендігі, таптар күресіндегі жетекші рөл атқарғандығы дәріптелді. Тарихи зерттеулердің тақырыптары «Интеллигенция үшін СОКП-ның күресі», «Интеллигенттерді Кеңес өкіметі жағына тарту», «Большевиктердің буржуазиялық интеллигенцияны қайта тәрбиелеудегі жұмысы» т.б. байланысты болды. Интеллигенцияның қоғамдық процестегі субъективтік рөлі Қазақстанның тарихи тағдыры мен Кеңес төңкерісіне дейінгі кезеңде тек азаттық қозғалыстарға қатысуы түрінде зерттелді.

Кеңестік тарихшылар қалыптасқан бағытпен ғана алға жылжуы керек болды. Шетелдік зерттеушілердің, неомарксистер мен постмарксистердің көзқарастарының келеңсіз жақтары алынып, сыналды. Интеллигенция тарихын зерттеуде оның әлеуметтік тарихы, эмиграциядағы және қазақ диаспорасының құрамындағы интеллигенция мәселелері зерттелмеді. Осы мәселе төңірегінде зерттеулер жүргізу қажеттігі жайлы ғалым Г.М. Меңдіқұлова ескертіп отыр. Соған қарамастан интеллигенцияның кеңестік тарихнамасында көптеген фактілік материалдар жинақталып, дерекнамалық және тарихнамалық жұмыстар жасалды.

1960-шы жылдардан интеллигенцияның тарихта алатын орнына, рөліне терең мән беріле бастады. Мәдени өмірде серпіліс байқалып, ғылым, әдебиет, өнерде жаңалықтар пайда болды. Қалыптасқан схемадан тысқары тарихи шындықты ашудағы ізденістер тарих ғылымындағы «жаңа бағыттың» пайда болуы интеллигенцияға арналған еңбектердің жарық көруіне ықпал етті. Осы тұрғыда интеллигенция жөніндегі қалыптасқан маркстік-лениндік догматикалық талап өзгеріп, ғалымдар өз алдарына жаңа күрделі міндеттерді шешуді мақсат етіп қойды.

Интеллигенция тарихын зерттеуші поляк ғалымы Ян Шчепански интеллигенцияны кәсіби атқаратын қызметіне байланысты мынадай топтарға бөледі: 1) «шығармашылық интеллигенция» – ғалымдар, жазушылар, суретшілер, композиторлар; 2) «эксперттер» – жоғары білімді мамандар, өз еркімен білімін ұсынушы – дәрігерлер, заңгерлер, инженерлер т. б; 3) «басшылар, әкімшілік қызметкерлері» - арнайы білімі бар саяси, мәдени салада қызмет ететін басшылар; 4) «әкімшілік-кеңсе қызметкерлері» - төменгі қызмет санатында еңбек ететін шеноуниктер, білімі бар ой еңбегімен айналысатын әртүрлі мамандық иелері [79, 24, 28-34 б.].

Интеллигенция анықтамасын қалыптастыруда М.Н. Руткевич, В.С. Семенов, С.Л. Сенявский сынды ғалымдар көп еңбек сіңірді. М.Н. Руткевич интеллигенцияны жоғары немесе орта арнаулы білімді талап ететін биік өрелі ой еңбегімен айналысатын еңбекшілердің үлкен тобы ретінде санап, оған мамандар орнында істеп жүрген практиктерді де жатқызады [80, 144 б.].

Ц.А. Степанян «кеңестік социалистік интеллигенция – ой еңбегімен айналысатын, құрамы жағынан көп ұлтты, табиғаты бойынша интернационалды, бұқаралық, тез өсіп келе жатқан әлеуметтік топ», - деп баға береді [81, 16 б.].

Я.Г. Кротков, Л.В. Фокина, О.И. Шкаратан сынды ғалымдар «интеллигенция мен қызметкерлер қоғамымыздағы ерекше әлеуметтік топ емес, жұмысшы мен шаруа таптарының ішіне кіретін екі топ», - деген пікірде болды [82, 12-13 б.].

В.Ф. Сбытов пен Р.Г. Яновский «Үлкен әлеуметтік әрі көпұлтты топ интеллигенция еңбекші халықтың бір бөлігі бола отырып, арнайы орта және жоғары білімді талап ететін білікті ой еңбегін атқарады. Қоғамдық өндіріс құрал-жабдықтарына жұмысшы табы мен колхозшы шаруалармен бірдей құқықта иелік етеді», - деп түйіндейді [83, 19 б.].

Болгар ғалымдарының да бірқатары «интеллигенция» ұғымының классикалық анықтамасын қалыптастыруға ұмтылыс жасады. Олар «интеллигенция» ұғымына анықтама беруде кешенді түрде әр түрлі - тарихи, функциональдық, этикалық, психологиялық т.б тәсілдерді қолданды [84, 43, 64-65 б.]. Келесі зерттеушілер тобы интеллигенцияның кәсіби жағынан мамандануындағы әлеуметтік-психологиялық ерекшеліктеріне мән бере отырып, қоғамның әлеуметтік құрылымындағы топ деп те түйіндейді [85, 5 б.]. Шындығында да интеллигенцияның мәні - оның әлеуметтік мазмұны мен қоғамдағы алатын орнымен, атқаратын қызметімен, әлеуметтік-таптық құрылымын анықтау арқылы айқындалады», - деп ой қорытады. Кръстю Димитров: «Интеллигенция әлеуметтік жіктелу нәтижесінде ой және дене еңбегіне бөлінуге байланысты макроәлеуметтік топ ретінде пайда болып, шығармашылықпен айналысатын жоғары білімді, ой еңбегімен айналыса отырып, таптық қоғамда рухани, технологиялық құндылықтарды дамытушы және жүзеге асырушы тұтас тұлға», - деген пікірде [86, 190-193, 209 б.].

1972 жылы Индияның Дели қаласында өткен халықаралық симпозиумда интеллигенцияға байланысты түрлі таласты пікірлер айтылып, атқаратын кәсіби қызметіне, орнына баға берілді. Онда интеллигенцияны кәсіби маманданған, әрі қанаудан босатылған топ ретінде бірнеше бөлікке бөлді:

1) «Бюрократиялық жоғарғы лауазымды қызметкерлер» – басқару қызметін атқарушы мамандар;

2) «Лидерлер» – саяси қозғалыстарға қатыса отырып, халық бұқарасын ұйымдастырушы, қоғам дамуына бақылау жасаушы интеллигенттер;

3) «Интеллектуалдар» - өзінің білімін ұсына отырып, идеяларды жасап, сынай да алатындар;

4) «Мамандар» - модернизациялау мен техникалық жаңалықтарға тікелей қатысатындар [87, 28-29 б.].

Отандық интеллигенция тарихын зерттеудің ғылыми орталықтары мен мектептерінің негізі қаланды. Қазақстанда да 1970-ші жылдардан бастап, мәдениет тарихын зерттеудің оның ішінде интеллигенция тарихын арнайы зерттеуші ғалымдардың мектептері қалыптасты. Оның көшбасшысы Р.Б. Сүлейменов болды. 1972 жылы орыс тілінде жарық көрген «Ленинские идеи культурной революции и их осуществление в Казахстане» монографиясында интеллигенцияның қалыптасуына байланысты теориялық тұжырымдар жасап, құнды тарихи фактілер ұсынылды [88].

Р.Б. Сүлейменов пен Х. Бисенов Қазақстан мәдениетінің тарихына арналған көлемді монографиясында интеллигенцияның қалыптасуы жайлы тұжырым жасап, сипатталуы жағынан социалистік интеллигенция болды деп зерделегенімен, негізгі зерттеу объектісі болмағандықтан, аталған еңбекте интеллигенция феноменін қалыптастыруға жете мән берілмеген [5].

Интеллигенция феноменін қалыптастыруда 1980-ші жылдардың басынан бастап, кең көлемдегі зерттеулер негізі қаланды. Интеллигенцияның кәсіби маманданған топтары жіктеліп, арнайы зерттеле бастады. Солардың бірі У.И. Мұхамеджанова көркемөнер интеллигенциясының әлеуметтік рөлі, құрылымы, сандық және сапалық даму ерекшеліктеріне мән бере отырып, ғылыми айналымға жаңа тың деректер енгізген. Зерттеуші У.И. Мұхамеджанова көркемөнер интеллигенциясын ой еңбегімен кәсіби айналысушы қызметкерлер тобы деп пайымдайды. Зерттеушінің интеллигенцияға байланысты пайымдауының бұрынғы ғылыми ұстанымдардан айырмашылығы байқалмайды [89].

Интеллигенция тарихын зерттеуге деген құлшыныстың артуына байланысты тың серпіліс «жариялылық» пен «қайта құру» кезеңінде «адам құндылығына» жаңа көзқарастың әсер етеуімен тікелей байланысты туындады. Қайта құру процесінің көшбасында интеллигенция тұруына байланысты саяси санада да оған деген көзқарас өзгерді. Жаңа көзқарастағы ғалым тарихшылардың қалыптасуы мен фактілердің жинақталуы интеллигенция тарихы мен феноменін қалыптастыруға жаңаша көзқарас пен баға беруді талап етті. 1980-ші жылдардың соңында марксизм-ленинизм догмаларынан тазартылған еңбектер жариялана бастады. Осы тұрғыда ғалым Р.Б. Сүлейменовтің ғылыми мектебінде Г.К. Овчинникова мен С.А. Қуандықованың еңбектері жарық көрді [90].

Бұл екі еңбек те кәсіби жағынан маманданған көркемөнер интеллигенциясы тарихына арналған. Кеңестік интеллигенция тарихын кеңінен зерттелген уақытқа 1970-1980-ші жылдарды жатқыза отырып, инженерлік-техникалық интеллигенция, ғылыми, ауылшаруашылық интеллигенциясына қарағанда көркемөнер интеллигенциясы тарихын зерттеуге жете мән берілмей отырғандығын айтады. Біз автордың пікірін қолдай отырып, осы жылдары интеллигенция тарихын зерттеуші тарихшылардың еңбектеріндегі мәселені зерттеудің теориялық-методологиялық негіздері жаңа қырынан қарастырыла бастағандығын аңғарамыз.

Қазақстан интеллигенциясының тарихы мен теориясына арналған еңбектер қатарына Н.Т. Кенжебаев пен В.Н. Януловтардың диссертациялық еңбектерін де жатқызуға болады [91].

Интеллигенция анықтамасын жасаудағы кейбір идеологиялық шектеуге байланысты «қайта құру» кезеңіне дейін берілген анықтама нақтылы дұрыс деп айтудың өзі күмән тудырады.

1980-ші жылдардың соңы мен 1990-шы жылдардың басынан қазақ интеллигенциясына байланысты концепция жаңаша зерделене бастады. Осы жылдары жарияланған басылымдарда «интеллигенция» ұғымы бір қырынан, қоғамды жаңғыртудағы интеллектуалдық еңбектің рөлі екінші қырынан қаралып, интеллигенцияға ұстанған өкімет саясаты, интеллигенция мен халықтың арасындағы қатынастар туралы мәселелер зерттелді [92].

Академик ғалым М.Қ. Қозыбаев интеллигенция методологиясын түзеуге үлкен үлес қосты. Ғалымның пайымдауынша «еліне елеулі, халқына қалаулы жандар» - зиялылар ел жұртына қызмет етуді бақыт санайтын «ұлттың ұяты мен мияты» болып табылады», - деп пайымдады [93, 238 б.].

1990-шы жылдардың басында интеллигенция тарихын теориялық-методологиялық жағынан жаңаша зерттеген еңбектер тобы жарық көре бастады. Қазақстан интеллигенциясы тарихының тарихнамасында қайтадан жаңаша зерделенген жетілдірілген ғылыми көзқарас пайда болды. Академик Р.Б. Сүлейменовтан кейінгі ізбасар шәкірті Х.М. Әбжановтың да интеллигенция тарихын әр қырынан зерттеуге байланысты өзіндік мектебі қалыптасты [19].

Х.М. Әбжанов пен Л.Я. Гуревич «интеллигенцияны оның қоғамдық прогрестегі қызметі анықтайды, негізгі дұрыс белгісі – сыни шығармашылық, ескіні қолдамай, экономикалық, ғылыми-техникалық және әлеуметтік-саяси салада болсын жаңалықты іздеуі қажет. ...Интеллигенция – элитарлық білім алу» - деп ой қорытады. «Интеллигенция» термині Батыста қолданылмайды. Мұнда «интеллектуалдар» түсінігі қалыптасқан. Ә. Әлпейісовпен бірлесіп жазған еңбегінде интеллигенция қауымын еңбегінің күрделілігіне, антропосоциогенез процесіне әсері және ондағы орнына қарай бірнеше топқа бөліп қарау керектігін айтып, интеллигенцияның үш құрамдас бөліктен тұратындығын: 1) интеллектуалдар; 2) мамандар; 3) жартылай интеллигенттер екендігін алға тартады. Интеллектуалдар деп қызметімен немесе шығармашылығымен танымның, практиканың, прогрестің жаңа бір қырын ашқан, келесі баспалдағына аттануға негіз қалаған ой еңбегі адамдарының жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар шыққан саңлақтарын атап көрсетеді [19, 29 б.]. Л. Гуревичтің пайымдауы бойынша, батыстық ғылыми, қоғамдық ой-пікір бойынша интеллектуалдық элитаны әлеуметтік-саяси контексте ғана қарастырады деп санауға болмайды, шын мәніне келгенде, технократтар мен менеджерлер өкіметінің көптеген болжау модельдері бойынша, мәселені «интеллигенция және өкімет» тұрғысында қарайды [65, 25 б.].

Ғалым Х.М. Әбжанов Г. Назарбаевамен бірлесіп жазған еңбегінде «интеллигенция сөзі қазақ тілінің қорына кейініректе кірді. Қазақ хандығы тұсында «жақсылар», «ел ұстайтын ұл», «ерлер» ұғым түсініктері қолданылған екен. Келе-келе жинақтама термин орнықты. Ахаңдар мен Әлекеңдер тарих сахнасына шыққан ғасыр басында адамдардың осынау қауымдастығын оқығандар, зиялылар», - деп атады [94, 156-157 б.]. Ұлы М. Әуезов осыдан жүз жылға жуық бұрын былай деп жазған екен: «жә, қазақтың сол баста деп алдына салып отырған көсемі кім? Ол қазақтың оқыған азаматтары, зиялылары» [95, 110 б.].

Ғалым Х.М. Әбжанов «алғашқыда ой еңбегі адамдарының әскери мамандар, басқарушы, көркем интеллигенция сияқты топтары қалыптасты дей келе, интеллигенция қоғамдық-экономикалық дамудың жемісі болып табылады» деп ойын толықтырады [94, 158 б.].

«Интеллигенция дегеніміз ой еңбегімен кәсіби түрде айналысушы адамдар қауымы»-деп пайымдайды.

Интеллигенция тарихын зерттеп, оған жаңаша серпіліс берген ғалымдар қатарына М.Қ. Қойгелдиевті де жатқызуға болады. Оның докторлық диссертациясы мен соның негізінде жазылған монографиясында қазақ демократиялық интеллигенциясының ХХ-шы ғасырдың басындағы қоғамдық-саяси қызметі, қалыптасу жолдары, сапалық құрамына талдау жасалған. Ғалым М.Қ. Қойгелдиевтің зерттеу еңбегінің интеллигенция феноменін қалыптастыруда алатын орны ерекше [96].

Интеллигенция феноменін қалыптастыруда 1980-ші жылдардың соңы мен 1990-шы жылдардың басындағы И. Шайхимованы атаған жөн. Ол ұлттық интеллигенция тарихы мәселелерін зерттей отырып, алдындағы ғалымдарға қарағанда жаңаша зерделеуге тырысады. Ол: «Интеллигенция черпает силы из класса, и класс черпает духовные силы из интеллигенции» деген тұжырым жасайды [18, 132 б.].

Интеллигенцияның ішіндегі ауылшаруашылық интеллигенциясының тарихта алатын орнын зерттеген еңбектер қатарына А.И. Қасабекова, К. Төлеубаева, М.Т. Іліповтордың кандидаттық диссертацияларын жатқызуға болады. Онда ауылшарашылығы интеллигенциясының тарихымен қатар теориялық мәселелері де кеңінен қамтылған [23].

1990–шы жылдардың соңында зерттеушілер Ә.Пірманов пен А.Қапаева «интеллигенция – қоғамның таптық құрылымындағы әлеуметтік категория. Бұл категорияға ой еңбегін, дәлірек айтқанда, оның үш түрін: 1) нәтижесі товарға айналып, рухани қазына құратын интеллектуалдық қызметті (жазушылар мен суретшілердің т.б. шығармалары); 2) еңбектің нәтижесін шығармашылық іздену процесімен ұштастыратын қызметті (ғалымдар, дәрігерлер т.б.); 3)нәтижесінде материалдық қазыналар жасалатын ой қызметін (инженерлердің, агрономдардың және т.б. еңбегі) кәсіп ететін ақыл-ой иелері жатқызылады. Демек «әлеуметтік құбылыс ретінде интеллигенция дегеніміз - ой еңбегімен кәсіби түрде шұғылданатын, шығармашылық қызметтің нәтижесінде материалдық және рухани қазыналар жасайтын адамдардың қоғамдық құрылымы», - деген тұжырымға келген [23, 6 б.].

Осы жылдары қорғалған ғылыми еңбектердің бірі – Е.Т. Берлібаевтың «Қазақстан интеллигенциясының әлеуметтік-саяси белсенділігі (1985-1995жж) тақырыбындағы кандидаттық диссертациясы. Интеллигенция концепциясын қалыптастыруда, оған жаңаша баға беруде бұл еңбектің алатын орны ерекше. Еңбекте қазақ интеллигенциясына идеологиядан, партиялық баға берудан таза объективті баға берілген. Интеллигенция дегеніміз - ұлттық және адамзаттық асыл қасиеттердің тарихи тәжірибеден өткен әр түрлі қырларын бойына сіңірген және оны ой қорыту жүйелері арқылы дамытып, нәтижесін халық игілігі үшін жұмсайтын, ой еңбегімен кәсіби айналысушылар. Ал оның сапасы бұларды қаншалықты бойына сіңірумен, біліктілік деңгейіне байланысты деген пікірін білдіреді [23, 25]. Интеллигенцияның белгісі жеке адамдардың жұмыс орны мен дипломы ғана емес, оның өмірі мен қызметіндегі интеллектуалдық еңбегіне қарай анықталуы тиістігін ұсынады. Зерттеушінің интеллигенцияға байланысты пайымдауы, анықтамасы жаңа заман талабына сәйкес келеді. Осыған ұқсас пікір зерттеуші С.Т. Рысбекованың зерттеуінде кездеседі. Интеллигенция қандай болмасын басқа әлеуметтік топ сияқты емес, халықтың жаппай санасына ықпал етеді, сондықтан оның қоғам алдындағы жауапкершілігі зор. Қоғамның тұрақтылығы, бірлігі, бірқалыптылыптылығы интеллигенцияға байланысты. Сондықтан бұл ой еңбегімен кәсіби айналысушы интеллигенцияның әлеуметтік топ ретіндегі біркелкілігін анықтайды деп атап көрсетеді [24, 6 б.].

1990-шы жылдардың соңында зерттеуші Э.Абланова «зиялылар деген түсінікпен біздер жоғары және маманданған орта білімі барларды атаймыз, бірақ «зиялылар» түсінігінде ой еңбегімен немесе дене еңбегімен айналыспайтын барлық қызметшілер кіреді, олардың ішінде жоғары дипломдары жоқтар да есептеледі», - деген ой қорытады [97, 111 б.].

Қазақ интеллигенциясының қалыптасу тарихына үлес қосқан ғалымдардың қатарында Б. Кенжетаевтың да алар орны өзгеше еді. Алайда аз ғана ғұмыр кешсе де артына өлмес мол мұра қалдырды. Қазақстандағы интеллигенцияның алғашқы өкілдері: мұғалімдер, дәрігерлер, заңгерлер, мал дәрігерлері болды деп ой тұжырымдайды. Тарихи-салыстырмалық әдісті пайдалана отырып, білім алған қазақтардың көпшілігінің ХІХ-ХХ ғғ. Торғай, Орал облыстары мен Бөкей Ордаларынан шыққандығын айтады. Интеллигенцияның негізгі дұрыс белгісіне мамандығы, географиялық және әлеуметтік шығу тегі алынғандығын саралаған [98, 10-11 б.].

2004 жылы Г. Хабижанова, Э. Валиханов, А. Кривковтардың «Русская демократическая интеллигенция в Казахстане второй половине ХІХ начале ХХ века» деп аталатын монографиялық еңбегі жарық көрді. Әлеуметтанушылар пікірімен келісе отырып, интеллигенцияның барлық анықтамасы: функционалдық, мәдениеттанушылық, құндылық барлығы қабысып, біртұтас ұғым береді деп есептейді. Онда интеллигенцияға өзінің қалыптасуының қайнар көзі дворяндық интеллигенция өкілдерінен басталуы объективті болса да, ХХ ғ. басында таптық көзқараспен қарауды қою керек деп пайымдайды. Авторлар интеллигенцияның білімдік деңгейіне де мән берген. Өткен ғасырдың басындағы интеллигенттің психологиялық портретінің ерекшелігі өзіндік адамгершілік құндылықтарының жүйесінде дей келіп, олардың қатарына шенеуниктер өкілдерін де жатқызу керек деп тұжырымдайды [99, 24 б.].

Интеллигенция туралы тұжырымды қалыптастыруға ғалым Р.М. Жұмашев та үлкен үлес қосты. Автор қазіргі Қазақстан интеллигенциясы типологиясының негізін екі категорияға жатқызып; өркениеттілік даму деңгейі және басқа этникалық, әсіресе, орыс метрополі этносына қатынасы деген пікірін білдіреді [100, 121-122 б.]. Р.М. Жұмашев өз ойын былайша түйіндейді: «На наш взгляд, можно определить категорию интеллигенции как категорию лиц, профессионально занимающих производство, трансляцию и основное потребление знаний и духовных ценностей. При этом, видимо следует выделить творчество как неотъемлемую черту интеллигентского труда критерия выделения интеллигенции из бюрократического и управленческого персонала. Вместе с тем интеллигенция может производить определенную часть духовных ценностей чисто для собственного потребления, ценностей, не имеющих широкой общественной практической полезности» [100, 343-344 б.].

Интеллигенцияның тарихын соңғы жылдары зерттеп жүрген ғалымдардың бірі – З.О. Дүкенбаева. Зерттеуші: «Зиялылар – уақыт таразысынан өткен адамдар. Есімдері ел жадында сақталмаған, шығармалары ұмыт болғандарды зиялы деп атауға болмайды. Ел үмітін ақтамаған оқығандар әр кезде де аз болмаса керек. Сондықтан бүгінгі күні тарихи әдебиетте аттары аталып жүрген зиялылар ұлттық интеллигенцияның тарих елегінен абыроймен өткен санаулы ғана өкілдері екендігін атап көрсету лазым. Тарихымызда зиялы деп есімін мақтан тұтарлық тұлғалардың табылып жатуы заңдылық. Біздің түсінігімізше шын зиялы Абайдың «Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деген жоғары талабына сәйкес келуі қажет»,- деп пайымдайды [101, 22 б.]. Зерттеу барысында ұлттық интеллигенцияның өзіндік даму жолы мен кезеңдерінің, құрамындағы өзгерістердің, сан мен сапа жағынан өсу заңдылықтары қалыптасқандығы жөнінде айта келіп, интеллигенцияны орынсыз жіктей бермеу керек екендігін айта келіп, қазақтың ұлттық интеллигенциясы бес құрамды бөліктен тұрады: 1) Зиялылар; 2) Шығармашыл интеллигенция; 3) Мемлекеттік қызметкерлер; 4) Мұғалімдер; 5) Мамандар», - деп ой қорытады [101, 22 б.].

Ғалымдар М.Х. Асылбеков пен А.И. Құдайбергенованың 2005-ші жылы жарық көрген «Қазақстан халқының әлеметтік – демографиялық жағдайы» (1939-1959 жж.) аталатын еңбегінің бір бөлімі интеллигенция тобының құрамындағы өзгерістер мен даму ерекшеліктеріне арналған. Осы еңбекте интеллигенцияға жаңа анықтама береді. Онда «Интеллигенция – қоғамдық өмірдің барлық салаларында қызмет ететін, қоғамның әлеуметтік-таптық құрамының бөлігі ретінде біртұтас, ішкі бөліктерімен тұтасып жатқан күрделі әлеуметтік топ. Интеллигенцияның топ ретінде қалыптасуының өзіне тән екі белгісі бар: еңбектің мазмұны бойынша, мамандықтың еңбек ету әдісі ретінде, ой еңбегінің бір түріне жатқызылуына және топтың әлеуметтік қызметінің мәніне байланысты»,- деп жазылған. Интеллигенцияның дамуының демографиялық әлеуметтік жағы қарастырылғандықтан, еңбекте авторлар санақ материалдарында интеллигенция өкілдерін ой еңбегімен айналысатын топ ретінде санағандығын айтады [102, 118-119 б. ].

Қазақстан ғылыми интеллигенциясының тарихнамасы, әдіснамасы мәселесін зерттеуші ғалым Г.М. Какенова «Интеллигенция кәсіби түрде жоғары білікті интеллектуалды еңбекпен шұғылданатын ерекше әлеуметтік топ және қоғамда сыни-жасампаздық рөл атқарып, сонымен қатар рухани-интеллектуалдық өндіріс пен әлеуметтік ұйымдар мен басқару функцияларын атқарады»,-деп баға береді [103, 50 б.].

Қазір қоғамтануда интеллигенция анықтамасына байланысты интеллигенция арасында қоғамдық-саяси процестерді зерттеудің теориялық негізіне, атап айтқанда адамдар еңбегіндегі ой еңбегімен айналысу қызметін зерттеуге қызығушылық туындап отыр. Бұл қоғамдық өмірдегі байланыстылық, индивидтің қазіргі қоғамдық қатынастарға сай бейімделуін, барлық әлеуметтік топтардың ынтымақтастығын тудырады, адамдардың арнайы идеологиялық қатынастарын жасауға, сананы ұйымдастырып, тәрбиелеуге ықпал етеді. Сондықтан интеллигенция дегеніміз әлеуметтік топтардың ішіндегі арнайы идеологиялық байланыстылығы қалыптасқан адамдар тобы. Интеллигенция қоғамның «орта топ» өкілдерімен бірге бірлесіп еңбек етіп отырған аралық топ емес, қазіргі қоғам үшін өте қажет ерекше, бір жағынан қоғамдағы болып жатқан өзгерістерге төзімділікпен қарайтын бөлігі. Адамзат құндылығы мен адамгершілік өлшеміне деген артықшылықтың берілуі, утопиялық идеялардан туындап отырған жоқ, уақыт талабы - солай.

В.А. Макаренконың жалпы редакциялық басшылығымен 2000 жылы жарық көрген «Краткий словарь современных понятий и терминов» сөздігінде интеллигенция сөзінің екі мағынасы берілген: 1) ой еңбегімен айналысатын қызметкерлер, жоғары білім деңгейі, ғылыми дәрежесі мен атағы бар адамдар (дәрігерлер, журналистер, әдебиетшілер, мұғалімдер, инженерлер, заңгерлер, ғалымдар, өнер қайраткерлері және т.б.); 2) рухани-имандылық, мәдени, азаматтық белгілерімен айқындалып, елге құрметі, тарих пен мәдениетке, оның әлеуметтік-экономикалық жағдайымен ерекшеленіп, ағартушылық, филантроптық қызметке, негізінен әдебиетке бейім адамдардың жиынтығын айтады [104, 204 б.]. Жалпы отандық және шетелдік әдеби деректерде интеллигенцияның қоғамдағы орны, рөлі, атқаратын қызметін қарастыруда төмендегі бағыттар айқындалған:

- этикалық (П.Д. Боборыкин, Н.А. Бердяев, С.Л. Франк, П.И. Милюков, А.П. Чехов, А.С. Панарин, И.В. Кондаков т.б.) жағын қарастырғандар интеллигенцияны қоғамның рухани-имандылық элитасы деп есептеп, оның тағдыры үшін жауапты, дүниетанымдық ұстанымдары Шындық, Қайырымдылық, Махаббат және Сұлулық идеалдарына сүйеніп, жоғарғы мақсаты адам болмысы мен қоғам дамуының абсолютті құндылығы ретінде жеке тұлғаның рухани және имандылық дамуы болып саналады [105];

- мәдениеттанушық; (Ерасов Б.С:, Самченко В.И. ж.б.) интеллигенция қоғамда мәдени дәстүрлер мен нормалардың жаршысы және сақтаушысы қызметін атқару керек, рухани құндылықтарды жасап, таратып, оны басқа ұрпақты тәрбиелеу барысында ағарту мен білім беру, мәдени-көпшілік комплекс пен бұқаралық ақпараттық жүйелер арқылы беріп отыру керек деп саралайды [106];



- әлеуметтік-саяси; бағытты жақтаушылар интеллигенция қоғамның «сыни ойлаушы» бөлігі [107]; яғни, қоғамның «естественный критик несовершенства общества» жетілмеуінің, оның әлеуметтік, саяси, имандылық негізінің, қоғамдық білімнің нағыз сыншысы санап [44, 11 б.], үкіметке өзін оппозиция ретінде қойып жеке тұлғаның құқықтары мен бостандықтарын сақтауға ұмтылады (А.И. Солженицын, И. Эренбург, Р. Пайпс) [108]. Бұл бағытты ұстанушылар интеллигенция руханилықтан гөрі, қоғамның әлеуметтік-саяси жағынан қайта құру түріндегі саяси мақсатқа жетуге ұмтылып [109], оны әртүрлі қоғамдық қозғалыстармен көрсетеді (халықшылдық, декабризм, диссиденттік) деп көрсетеді;

-идеологиялық; интеллигенцияға байланысты бұл бағытты ұстанушылар К. Мангейм мен А. Грамши еңбектерінде көрсетілген [110]. Неміс әлеуметтанушы және философы Карл Мангейм өзінің «Идеология және утопия» деп аталатын еңбегінде интеллигенция таптардың үстінде тұрған, болашақтың жалған идеалы, жалған сана мен утопия түріндегі идеологиясына қарсы тұра алатын адамдардың өкілдері деп ескертеді. Ал Антонио Грамши Италия коммунистік партиясының негізін қалаушы және теоретигі, интеллигенцияның басты қоғамдық атқаратын қызметі идеологиялық қызмет деп көрсете отырып, идеологияны жасау және тарату – ерекше әлеуметтік топ ретіндегі интеллигенцияның өмірінің мәні екендігін пайымдайды;

- әлеуметтік-кәсіби; бұл көзқарас Кеңес өкіметі кезеңінде ой еңбегімен кәсіби түрде айналысушы адамдардың ерекше әлеуметтік тобы деген түсініктің пайда болуымен байланысты дамыды (В.В. Воровский, С.Я. Вольфсон, Н.А: Аитов, П.П. Амелин т.б.) [111];

- ұлттық-азаматтық; интеллигенцияның атқаратын маңызды қызметі – Қазақстан азаматтардың тіртұтастығы мен ұлттық сана-сезімінің, ұлттық идеясының қалыптасуына ықпал ету, ұлттық мәдениетті сақтап, дамытуға ат салысып, ұлттың рухани жанашыры болу [112] (Х.М. Әбжанов). Қазақ интеллигенциясы ғана «халықтың ұлттық санасының» жаршысы ретінде әлеуметтік-әділ қоғам құруға ұмтылады;



-дүниетанымдық-аксиологиялық; Бұл көзқарасты жақтаушылар интеллигенцияны қоғам мүшелерінің нақтылы идеалдары мен құндылықтарының қалыптасуына ықпал етіп, түрлі дүниетанымдық және өмірлік маңызы бар мәселелерді пайымдап шешумен айналысатын адамдар қауымын айтады (адам өмір сүруінің мәні және мақсаты, әлемдегі адамның орны т.б.). Мысалы Л.И. Новикова мен И.Н. Сиземская «интеллигенцияға өзінің әлеуметтік талпынысы мен көңіл күйін философиялық негізде ойлаудың философиялық бағыттылығы тән» деп айқындайды [109].

- коммуникациялық; интеллигенция - әлеуметтік-саяси шиеленістерді шешуде қоғамның оппозициялық топтары арасында «коммуникатор» делдал рөлін атқарады деп есептейді [113]. Алайда С.Н. Полтарактың пікірі бойынша, интеллигенция қоғамның қарсылық көрсетуші жағына ықпал ете алмайды деген оппозициялық пікірдің бар екендігін, әлеуметтік-саяси қақтығыстарды ұйымдастырушыларға ықпал етіп, көмектесе алатындай өзінің жеке беделінен басқа түгі жоқ екендігін ескертеді. Оның саяси билік үшін әкеліп отырған табыс көзі. Меншігі, басқа күштерден қорғайтындай әскері жоқ, қоршаған әлемді өзгертуге ықпал ететіндей интеллектінен басқа түгі жоқ ; [114].



-саяси-құқықтық (Б.А. Кистяковский): интеллигенция қоғамның рухани элитасы ретінде қоғамдық тәртіпті сақтауға ықпал етуі керек, жеке тұлғаның бостандығы мен мүдделерін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қорғауы қажет [115].

- әлеуметтік-мәдени бағыт гуманитарлық білімнің әдіснамасы саласында пайда болып, әлеуметтік және мәдениеттануды талдаудың біртұтастығына негізделіп, бірлескен әлеуметтік және мәдени құбылыстарды қарастырады. Ресей ғалымы А.С. Ахиезер интеллигенцияның шекараларын анықтап, ерекше әлеуметтік мәдени топ ретінде білімі, мәдениеті, имандылық деңгейі жоғары, белгілі бір идеялық бағыты бар екендігін айқындайды [113].

Интеллигенция феноменін анықтауда жоғарыда көрсетілген бағыттардың әр-алуан екендігін байқасақ та, интеллигенция бұрынғыдай жоғары мәдениетімен, руханилығымен, білімімен, көзқарасының әртүрлілігімен, тәрбиелігімен, толеранттығымен, сыни ойымен ерекшеленіп, Қайырымдылық, Махаббат, Әдемілік, Гуманизмнің жоғары рухани құндылықтарына ұмтылысымен ерекшеленеді.

Қазақстандық әлеуметтанушы-ғалым М. Садырова «Интеллигенцияның қоғамның әлеуметтік құрылымындағы рөлі мен орны өзгерді. Интеллигенцияның ішкі құрылымы күрделенді. Әсіресе, ғылым негізгі өндірістік күшке айналған сайын, материалдық өндірісте оның еңбегінің мазмұны күрделеніп, сан қырлы болу үстінде. Интеллигенцияның сипаты қазіргі қоғамның әлеуметтік-мәдени, экономикалық және саяси түрлеріне байланысты болып табылады»,-деп ой толықтырады [116, 45 б.].

Біздің пікірімізше, интеллигенция табиғатына әлеуметтік түрде интеллигенттілік тән. Интеллигенцияның күшімен қоғамдық сана мен қоғамдық тұрмыста дәуірлер арасындағы өзара байланыс ұғымы ұлттық сана үздіксіздігі сипатымен түсіндіріледі. Бұл - қоғамдық дамудың әр сатысында ұлттық сана мен идея жаңа сипат алып даму үстінде болады деген ұғым мен сенім.

Интеллигенция таптан тыс тарихи құбылыс, яғни шын мәнінде халықтың бөлігі және келешекте өзіне тән орыны бар, ол адамзаттың өзімен шамалас, оның құрамында болуға тиісті тарихи құбылыс болып саналатындығы айқындалады.

Интеллигенцияның әлеуметтік табиғатын талдай келе нақты тарихи кезеңде ғылыми-тарихи дүниетанымды, көзқарасты жасаушы, жақтаушы және таратушы ретіндегі орынын анықтағанымызбен, дүниетаным барлық әлеуметтік жікке тән болғанымен, оны жүзеге асыруға олардың көпшілігі толық көлемде қатыспайды. Тек қана интеллигенция нақты тарихи мүдде мен құндылықтар негізінде тарихи-мәдени жағдайға сай күнделікті, үйреншікті көзқарас пен дүниетанымды жасайды, тудырады.

Демек, интеллигенция ұғымын анықтауда басты методологиялық ұстаным оның дүниетанымдық, руханилық негізі мен көзқарасы болып табылады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет