2 ҚАЗАҚСТАН ӨНДІРІСТІК-ТЕХНИКАЛЫҚ ИНТЕЛЛИГЕНЦИЯСЫНА ҚАТЫСТЫ ҰСТАНҒАН МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТ ТАРИХНАМАСЫ
2.1 1917-1953 жж. Қазақстан өндірістік-техникалық интеллигенциясына қатысты ұстанған мемлекеттік саясат тарихнамасы
1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін жарық көрген еңбектер көп жағдайда ғылыми жағына қарағанда публицистикалық мазмұнда жазылғандығымен ерекшеленді. Олардың көпшілігінде деректерге деген сыни көзқарастың болмауы, әдіснаманың әлсіздігі аңғарылды. Интеллигенцияға қатысты саясатты саралауда әртүрлі саяси-идеялық қайшылықты білдіретін пікірлер де байқалды.
В.А. Быстрянский алғашқылардың бірі болып В.И. Лениннің көзқарастарына талдау жасап, оның коммунистік партия мен коммунистердің практикалық қызметіне қойған талаптарын айқындады. Ол көсемнің беделіне арқа сүйей отырып, қоғамның рухани өмірін дамыту үшін социалистік құрылысқа интеллигенцияны тарту қажет екендігін дәлелдеді. Кеңес үкіметі кезеңінде интеллигенцияны басқарудың әдістерін көрсетуге тырысты [159].
А. Богданов керісінше, коммунистік партияға интеллигенцияның қажеті жоқ, жаңа қоғам құру үшін жұмысшы табының өз ішінен шығармашылық қабілеттілігін көрсететіндер шығады деп есептеді [160].
1920-шы жылдардың басында М.П. Керженцев интеллигенцияның шығармашылық потенциалын жаңа пролетарлық мәдениетті құруда пайдалану қажет деген пікірге келсе [161], В.С. Рожицын де осы көзқарасты қолдай отырып, оларды нақты және жаратылыстану ғылымы саласында пайдалану керектігін жақтайды [162].
1920-шы жылдары «евразиялық» көзқарас ұстанған интеллигенция өкілдері большевиктердің оларға ұстанып отырған саясатына, мемлекеттік басшылық әдістеріне ризашылық білдірмесе де, Ресейдегі қазан төңкерісінің заңдылығын мойындап, қоғам дамуының түбегейлі бетбұрыс кезеңінде орыс мәдениеті мен тарихының сабақтастығына мән беру керектігін ескертті [163.].
Интеллигенцияға қатысты ұстанған мемлекеттік саясат тарихнамасында эмиграцияда жүрген интеллигенция өкілдерінің бірі – М. Шоқай шығармаларында «большевиктік сценарий» бойынша Қазақстанды дамыту факторы мүмкін емес екендігі айқындалды. М. Шоқай отанынан жырақта жүрсе де, елде болып жатқан жаңалықтардан хабардар болып, «Туркестан под властью советов» деп аталатын еңбегінде қазақ пролетариатының санының өте аз екендігін ескерте отырып, өнеркәсіп пролетариатының басым бөлігі Қазақстанның Ембі, Қарсақпай, Риддер орындарында, жаңа құрылысы басталған Түркістан-Сібір темір жолында шоғырланғанын жазады. Риддер заводының бұрын 1918 жылға дейін Уркварттың ағылшын компаниясына қарағандығын, қазір шетелдік техникамен қайта жабдықталғандығына тоқталады. Оның қазақтардың тығыз орналасқан орталығында орналасып, ерекше өнеркәсіптік құндылығы бар болса да, Кеңестер Одағының орталық органына бағынышты екендігін ашық айтады [164, 370-372 б.].
Т. Рысқұлов қазан төңкерісінен кейін алғашқылардың бірі болып қазақ қоғамы тарихындағы ұлттық интеллигенцияның рөлі, қазан төңкеріне дейінгі интеллигенцияны социалистік құрылысқа тарту мәселесі жөнінде пікір айтқан зиялылардың бірі болды. «В связи с разгромом Дутова и начавшейся гибелью войск Колчака под напором Красной Армии алашординцы начинают переходить по частям на сторону Советкой власти. Первой переходит Орская группа Алаш-Орды во главе с Байтурсыновым, а потом сдаються остальные ее части)» деп атап көрсетеді [165 ].
Қазақ зиялыларының ұлы тұлғаларының бірі – М. Дулатов 1920-шы жылғы 7 қарашада «Кедей сөзі» газетінде жарық көрген «Октябрь төңкерісінің үшінші жылы» деп аталатын мақаласында «Кіндік өкіметтің 1919 жылғы 4 апрельде жарлық шығарып, «Қазақ халқын, зияларын һәм Алашорда мүшелерін, большевиктерге қарсы оқ атып, қылыш суырса да, өткен саяси қылмыстары үшін қудаламаймыз, ғафу еттік» дегені қазақ халқының патшашыл таптармен жолдас болмайтынына көзі жеткендігі еді», - деп ойын сабақтайды [166, 14 б.].
Мәселе мемлекеттің өндірістік-техникалық интеллигенцияға қатысты экономикалық, әлеуметтік саясатының объекті ретінде ғана қарастырылды.
Біз зерттеп отырған мәселеге байланысты ХХ-шы ғасырдың бірінші ширегінде теориялық және тарихи зерттеу еңбектер көп жазылды деп айта алмаймыз. Мақала авторлары күнделікті тіршіліктің зәру мәселелерін көтеріп, еңбектер тек практикалық және саяси мәнде ғана жазылды. Бірақ публицистикалық тұрғыда жазылған еңбектер болғандығына қарамастан, кейде терең философиялық, теориялық жағынан пайымдалған мақалалар да кездеседі. Кеңестік кезеңдегі Қазақстан өндірістік-техникалық интеллигенциясына қатысты ұстанған мемлекеттік саясат тарихнамасының дамуының алғашқы кезеңінде қазіргі ғылыми талаптарға сәйкес келетін еңбек жазылған жоқ. Кәсіби тарихшылар жетіспеді. Тек мемлекет, партия қайраткерлерінің баспасөз беттерінде жарық көрген мақалаларында фактілер берілді.
1920-шы жылдары зерттеушілер пролетариат диктатурасы жеңіске жеткен мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі – тез арада кеңестік интеллигенцияны құру деп санап, соның ішінде өндірістік-техникалық интеллигенцияны қалыптастыру алдыңғы қатарда тұрған міндеттердің бірі деп есептеді. Әрі интеллигенцияны жұмысшылар мен шаруалар қатарынан алмаса, арнайы білімі бар буржуазиялық мамандарға сенімсіздік танытумен бірдей болатындығы айтылды.
Қазан төңкерісінен кейінгі алғашқы онжылдықтардағы әдебиетте жаңа қоғамды құру барысында үкіметтің интеллигенциямен диалогқа барып, олармен ынтымақтасуына идеолологиялық жағынан ықпал етіп, олардың қызметіне бақылау жасаудың жүйесі айтылды. Осындай әдіспен интеллигенцияның санын арттыру жұмыстары елді қайта құруда көптеген нәтижелер бергендігі айқындалды.
1920-шы жылдары жазылған арнайы тарихи зерттеу еңбектері аз болса да, бізге деректік мәліметті кеңес үкіметі тарапынан шыққан қаулылар береді. Мысалы, 1919 жылы 22 желтоқсанда Семей облыстық ревкомы мәдени құрылыс қызметкерлерін тіркеуге алу жөнінде арнайы қаулы қабылдады. Онда белгілі қызмет атқаратын және атқармайтын барлық оқушылар, тәрбиешілер, білім саласының қызметкерлері, артистер, суретшілер, музыканттар, мен әншілерді облревкомның халыққа білім беру бөліміне келіп, тіркеуден өтулері қажеттігі айтылды. Қаулыдан барлық мәдениет саласының қызметкерлерін кеңес үкіметі қызметіне қарай тарту керектігі жөніндегі іс-шаралар негізін аңғарамыз [167, 32-33 б.].
Интеллигенттердің Кеңес өкіметі жағына шығуына большевиктердің өздері мүдделі болғанын қазақ ревкомының 1920-шы жылғы 27-ші қаңтардағы хабарламасынан көруге болады: Онда «Кеңес өкіметінің құрылысы мен қалыптасуы үшін Қазақ өлкесінде интеллигенттердің мөлшері көп болуы қажет. Сондықтан әскери ревком барлық интеллигенттер күшін жұмысқа тартуды қажет деп санайды», - деп жазылған және Кирревком төрағасы Пестковский мен хатшысы Зимулиннің қолы қойылған хабарландыру таратады. Онда Кеңес үкіметі құрылысын нығайтып, оны халық бұқарасының санасына ендіру үшін, интеллигенттердің үлкен күші қажеттігі көрсетіліп, өлкенің барлық интеллигент күштерін орталықтарда жұмыс істеуге жұмылдыру керектігі айтылған. Егер келіспеген жағдайда күштеу әрекетін қолдану қажеттігі ұсынылады [167, 33-34 б.]. Құжаттардан интеллигенттерді кеңес қызметіне тарту арқылы халықтың санасына Кеңестік өкіметтің артықшылығы неде екендігін ұғындыру жөніндегі жұмыс шараларын байқауға болады. Үкімет комсомол, кәсіподақ, партия ұйымдары, өндірістік ұжымдардың қоғамдық пікірлері арқылы интеллигенцияға идеологиялық ықпал етіп, бақылау жасаудың жүйесін құрды. Сөйтіп, оны баспасөз, арнайы қызмет салалары арқылы жүзеге асырды.
1921 жылғы 6-қазанда РСФСР Совнарком төрағасы В.И. Лениннен Қырғыз республикасы Орталық Атқару Комитеті, Қырғызпромбюро Сібіревкомы, Сібірпромбюро мен Риддер, Екібастұз және Зыряновск кеніштерінің басқарушыларына №28 жеделхат жолданады. Онда төртінші, бесінші шара ретінде Риддер кеніштерінің басқарушысы етіп Дрейманды тағайындайды. Өкімет басшылығы оған техникалық басшы болуға сенім артқандығын осы құжаттар растайды [168, 55-56 б.].
Үкіметтің өндірістік-техникалық интеллигенцияға қатысты ұстанған саясатына байланысты алғашқы кезеңдерінде зерттелген әдебиетті бірнеше бағытта қарастыруға болады. Интеллигенцияны кеңестік құрылысқа тарту тарихшылардың назарынан да тыс қалмады. Осы уақытқа дейін біз қарастырып отырған мәселені әр қырынан зерттеген еңбектер жеткілікті болып табылады.
Сол кезеңде болған оқиғаларды көзімен көрген куәгерлердің айтқандарын ізін суытпай жазу - біз зерттеп отырған мәселені тереңірек зерттеудегі алғашқы қадам болды. 1920-1930-шы жылдары жарық көрген еңбектерде инженер-техникалық қызметкердің төңірегіндегі психологиялық көңіл-күй, моральдық-психологиялық атмосфераны қайтадан қалыпқа келтіру қиындық туғызып отырғандығы да көрініс тапты. Бұл еңбектердің көпшілігін «тарихи зерттеу» еңбектері деп атауға болмайды. Себебі олар уақыт, кезең талабына сәйкес бағытталды. Бұл еңбектердің деректік базасы да толық емес, фрагментальды түрде ғана тереңнен зерттелмеген еңбектер. Партияның өндірістік-техникалық интеллигенцияға ұстанған саясатын бірнеше бағытта қарастыруға болады.
Ең алдымен партияның сара жолын насихаттауға, жаңа қоғамдық құрылысты жасаудағы интеллигенцияның рөлі мен орнына арналған еңбектерді атап өту керек.
Осы ретте, мемлекет қайраткері А.В. Луначарскийдің еңбегінің алар орны ерекше. Ол ескі мамандарды кеңес үкіметі қызметіне тартуда партияның ықпалы зор болды деген көзқарасын білдіреді [169]. А.В. Луначарскийдің еңбегінің құндылығы сонда, оқиғаны көзімен көріп, 1920-шы жылдардағы мамандарға кеңес өкіметі жағына өтініш білдіру фактілерін ортаға салуымен ерекшеленеді.
Коммунистердің инженерлер мен техниктерді қайта тәрбиелеп, оларды пайдалану В.Л. Ледер, И. Сурков, В. Толстопятов еңбектерінде айқындалған. Еңбектерде иллюстрациялық материалдарға мән берілгенімен, партияның техникалық кадрлар арасындағы жұмыс түрлері ішінара көрсетілген [170].
1920-шы жылдардың соңында ғылым мен техниканың жаңа мамандарын тез арада даярлауға көңіл бөлінуі партия тарихына арналған еңбектерде көрініс тауып, құрамы жөнінен интеллигенцияның жұмысшы-шаруалар қатарынан даярлауға мән беру керек деген көзқарасты Б. Рысс, В.А. Шмелевтың еңбектерінен аңғарамыз [171]. Еңбекте өнеркәсіптің әр саласы үшін қажетті мамандардың санын анықтап, не үшін керектігін дәлелдеген. Әсіресе жоғары және орта арнаулы оқу орындарының жүйесін кеңейтудегі партияның атқарып отырған қызметі айқындалған.
Оны кеңестік кезеңдегі өтілген съездер мен конференцияларының шешімдерінен, партия қарарлары, қаулыларынан-ақ байқауға болады. РКП ( б )- ның ІХ съезіндегі қарарларында (1920-ж. 29 наурыз-5 сәуір )«а) берік жігерлілік әкім-директорлар мамандарды, техниктерді, инженерлерді жұмысқа тартуда қабілеттілік, берік жігерлілік, шыдамдылық көрсеткен маман жұмысшылардан қойылады; оның жанында жәрдемші ретінде техник инженері болады; б) кәсіпорынның іс жүзіндегі басшысы ретінде қажетті мағлұматы бар маман-инженер болады, оның жанында праволары мол және істің барлық егжей-тегжейіне төселуге міндеттенген маман-жұмысшылардан комиссар қойылады»,- деп жазылған [172, 163 б.]. Қаулыдан аңғарып отырғанымыздай, партияның жұмысшыларға зор сенім артып, оларды жетекші күшке айналдырып, онан кейінгі орынды инженерге берген.
1922 жылы 6 қазанда өткен РКП(б) он екінші съезінің қарарларында «партия мен кәсіподақтар заводтар мен фабрикаларды қызыл директорлардың тиісті кадрларымен қамтамасыз етуді өзіне кезек күттірмейтін міндет етіп қоя отырып, шаруашылық басшылықтың барлық сатыларындағы өнеркәсіпті басқару органдарында жұмысшы – шаруашылық қызметкерлерінің кадрларын, әсіресе коммунистерді көбейту ісіне аса ерекше көңіл аударуға тиіс» деп атап көрсетілді [173, 453 б.]. Маманданған инженер-техникалық кадрлар жеткіліксіз болғандығына қарамастан, ескі мамандарды кеңестік құрылысқа тартуға да жете мән берілуі қажет еді. Буржазиялық инженер-техникалық мамандарды пайдалану, бір жағынан күш көрсету «большевиктік сценарий» бойынша жүзеге асырылды. 1922 жылы 31 қазанда Орынборда өткен РКП(б) Қазақ облыстық комитетінің пленумында Қызыл керуеннің жұмысы туралы баяндаманы талқылап, қарар қабылданды. Онда қызыл керуеннің баяндамасында көрсетілген Алашорданың қарекетіне ерекше назар аударылсын және орталықта да жергілікті жерлерде де белсенді алашордашыларға қарсы тікелей күрес жүргізу, сол сияқты қазақ интеллигенциясы арасындағы, ең алдымен жастар арасындағы жұмысты күшейту жөнінде пәрменді шаралар қолданылсын деген қарар қабылданды. Қазақ интеллигенциясын партияның міндеттерімен, мақсаттарымен және совет құрылысының негізгі ережелерімен таныстыру тұрғысында жұмыс жасалды. Өкімет тарапынан интеллигенцияның арасына жік салып, алашордашыларға қарсы айдап салу әрекеті ашық көрініс тауып отырғандығын аңғарамыз. 1923 жылғы 11-15 қазанда Орынборда өткен РКП(б) Қазақ облыстық Комитетінің кеңейтілген пленумында ә) Қазақ ұсақ буржуазиялық интеллигенцияның аз ғана тобы іс жүзінде әлеуметтік тұрғыдан берік элементтердің мүдделерін білдіреді, кедейлердің таптық сана-сезімінің және қазақ халқының әлеуметтік қайшылықтарының өсуін тежеп, халықтың бірлігін уағыздайды және қоғамдық өмірдің құбылыстарын ұлтшылдық тұрғыдан түсінуін көлденең тартады. Кезінде Алаш партиясы осы негізде құрылған болатын, ол ұйымдық тұрғыдан ыдырап кетсе де, коммунизмге дұшпан идеялық ағым ретінде сақталған және жас ұрпақты ұлтшылдық пен шовинизм рухында тәрбиелеуге тырысады. Сөйтіп ұлтшылдық қазақ кедейлеріне коммунистік ықпалдың өсуіне өте күшті кедергі болып отыр деп атап көрсетілді [174, 89-90 б.]. ВКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің 1926 жылы 30 сәуір мен 3 мамыр аралығында өткен пленумында бұқаралық ұйымдардың жұмыстарын жандандыру арқылы кәсіподақтардың қазақ өлкелік советі фракциясының есебін тыңдап, өлкелік комитеттің пленумы фракцияның қызметін мақұлдады және бірқатар жетістіктерді (одақтар санының артуын, қазақтар санының көбеюін, облыстық құрылысты, ұлттық жағдайларды реттеп, шешуді) атап көрсетіп, таяудағы кезеңге мынадай міндеттер белгілейді:1) өркендеп келе жатқан өнеркәсіптегі жұмысшылар құрамының тұрақтамаушылығына қарсы күресу, тұрақты, орныққан кадрлар жасауды көздеу; 2) кәсіпорындардағы жұмысты күшейту, өнеркәсіпті аудандарды білімді партия қызметкерлерімен қамтамасыз ету; 3) Өнеркәсіпті өркендету негізінде қазақтандыру және бұл шараны ұзақ уақыт түсіндіру;...6) Кәсіподақ аппаратын одан әрі қазақтандыру, әсіресе төменгі буындарда қазақ қызметкерлері кадрларын көбейту. Қызметкерлерді төменнен жоғарылатып отыру және олардың теориялық дәрежесі мен практикалық білімін көтеру. Аппараттарда қызметкерлерді дұрыс орналастырып, дұрыс пайдалану, олардың аппаратқа кәсіподақ демократиясы тәртібімен өтуін қамтамасыз ету [174, 280-281 б.].
Үкімет шығарған қаулыларда жұмысшы табының рөлін арттыруға көбірек мән беріліп, инженер-техникалық мамандар жайлы көп айтылмайды. Мамандардың құндылығы, адам факторына көңіл бөлінбеді. Тек мемлекет пен өкіметтің қаулы, қарарларын орындауға нұсқаулар көптеп берілді.
1920-шы жылдардың соңында тарихнаманың дамуына саяси факторлар қатты әсерін тигізді. Ескі мамандарға сенімсіздікпен қарап, оларды тап жауы ретінде қарастырған еңбектер де жарық көре бастады. Олардың қатарына Г. Шклавский, С.А. Хейнман еңбектерін жатқызуға болады. Олар ескі мамандарға «зиянкестік әрекет танытып отыр»,- деген айып тағып, оның әлеуметтік себептерін анықтап, онымен күресудің жолын ашуға тырысты [175]. Сол кездегі фактілік материалдардың әралуандығы елдегі болып жатқан жағдай мен интеллигенцияға баға беруде елдегі болып жатқан оқиғаларды әсірелеп көрсетуге ықпал етті.
Республикалық баспасөз беттерінде 1926 жылғы мәлімет бойынша 29 әртүрлі басылымдарда, оның ішінде 12 қазақ, 16 орыс, 1 ұйғыр тілдеріндегі басылымдарда қазан төңкерісіне дейінгі ескі интеллигенцияға деген көзқарас, халық шаруашылығы үшін білікті жаңа мамандар даярлау мәселесі талқыланды [100, 168 б.].
Осы жылдары ұлттық интеллигенцияның рөлі мәселесі өткір талданды. Пікірталастың басталуына Москвада оқитын қазақ жастарының ашық хаты себеп болды [176]. Хат авторлары көрнекті қазақ коммунистеріне үндеу тастай отырып, «Ескі қазақ интеллигенциясының революциядағы рөлі қандай болды?», «Қазақстандағы жаңа интеллигенцияның қалыптасуының ерекшеліктері мен қиындығы неде?, «Кеңес үкіметі жағдайында қазақ ұлттық мәдениеті қалай болады, ол одан әрі дамиды ма?, «Бұл мәдениет - пролетарлық мәдениет бола ала ма?», - деген осы сұрақтарға дұрыс баға беруді сұрады. Бұл сұрақтарға Т. Рысқұлов «Жастар хатына жауап» [177], «Ауыл, интеллигенция, Компартия және мәдениет жайлы» жазылған мақалаларында дәлелді жауап берді [177, 266-272 б.]. Интеллигенция мәселесіне келгенде, бұрынғы мамандарға салыстырмалы түрде қарап, оларды қайта тәрбиелеп, пайдалану керек, бұл ұлттық интеллигенцияны кеңестендіруге болады деген өзіндік көзқарасын білдіреді.
Біз қарастырып отырған мәселенің екінші кезеңі 1930-шы жылдар мен 1950-ші жылдардың ортасына дейінгі аралықты қамтиды. Бұл кезеңнің өзіндік ерекшелігі сонда тарихнамалық үдерістің субъектілерінің шектеулі болуы, зерттеу міндеттерінің аясының тарылуына әкелді. Еңбектерде буржуазиялық мамандарға ұстанған мемлекеттік саясатта «Қазан төңкерісі жетістіктеріне» қарсы шығатындарға ашық күрес жүргізуге шақырып, пролетариат табы алдыңғы қатарлы тапқа айналу керек деген міндетті қоя отырып, ескі интеллигенцияны «бейбіт жолмен» жаулап алуға көңіл бөле бастады. Осы кезеңде мамандардың саяси жағынан жіктелу мәселесіне де мән берілді [178].
Мемлекет қайраткері Н. Төреқұлов Түркістан Республикасы Орталық Атқару Комитетінің Х съезінде жасаған есепті баяндамасында Кеңес мемлекеті жергілікті еңбеккерлерден кадрлар даярлауға баса назар аударып отырғандығын атап көрсетеді. Әскери құрылыс, мәдени-ағарту, әлеуметтік қамсыздандыру, кәсіби білім беру салалары бойынша мемлекетке жергілікті еңбеккерлерден кадрлар керек, олар жергілікті халық бұқарасын кеңестік құрылысқа қызмет етуге тарту қажеттігіне назар аударды. Осы жергілікті мәдени күштерді реттемейінше, жергілікті халықтан тұратын еңбекші бұқараны кең көлемде кеңестік құрылысқа қызметке тарта алмаймыз. Қырғыз (қазақ) бөлімі теміржолшылардан бастап және әскерилермен аяқтай отырып, барлық жас мәдени күштерді жұмысқа тарту және жұмылдыру жолдары арқылы үлкен істер атқарғандығын нығыздай түседі [179, 72-73 б.].
И.В. Сталин 1930-шы жылдардың соңынан бастап революцияға дейінгі интеллигенцияны Кеңес өкіметіне деген қатынасына байланысты үш топқа бөлу керек деген концепцияны ұсынады: ғылым мен техника мамандарының элитасы болып отырған жоғарыдағылар қайта құру кезеңінде социализм құру істеріне жау пиғыл танытып, оларды пайдалану қатаң мәжбүрліктен болды, ол мамандарды қайта тәрбиелеу керек деген сөздің болуы мүмкін емес, орта топтағылар аңысын аңдау керек деген позициясын ұстанды, олармен ұзақ күрес жүргізуге тура келді, саны жағынан көп әрі ой еңбегімен айналысатын аз маманданған қызметкерлер тобы жұмысшы табы мен оның партиясын қолдай отырып, бірденінен өтті [180, 36 б.]. И.В. Сталиннің бұл концепциясы партия тарихын зерттеумен айналысып жүрген тарихшылардың ескі кадрларға деген көзқарастарын, пайымдауларын білдіруде қиындықтар тудырды. Оны Вольфсон, Лепешинский, М.А. Процько. т.б. еңбектерінен байқауға болады [181]. Осы кезеңнен бастап, 1920-шы жылғы тарихнамада барлық интеллигенция халықтан бөлінген контрреволюциялық жоғарыдағылар, саяси жағынан пролетариатқа жақын революциялық төмендегілер деп те саралана бастады. Әкімшілдік-әміршілдік жүйе күш алып отырған кезеңде, тарихта «ескі инженер» мен «бүлдіруші» сөздері синонимге айналды.
Буржуазиялық мамандарды пайдалану және қорқытып, жаныштау большевиктердің интеллигенцияға ұстанған саясатының негізгі құралына айналды.
Ескі мамандардың басым бөлігі халық шаруашылығының әртүрлі салаларында адал қызмет атқарды. Шын мәніне келгенде, мәселе басқаша екендігі кейін айқындалды. 1928-ші жылдың басында Донбаста шахталарды су алу, жарылыс, газбен улану, қопарылу, машиналардың қирауы сияқты оқиғалар орын алғандығы рас. Алайда бұл ең алдымен қарапайым шаруашылыққа салғырттықпен қарауына, жұмысшылар мен жоғарылатылғандардың белгілі топтарының тәжірибесіздігіне байланысты болды. Шахтада жұмыс іздеп келген кейбір кездейсоқ адамдардың еңбек еткендіктерімен қатар, саналы түрде зиянкестік жасағандар ілуде бір кездесті. «Шахта ісінен» кейін ескі мектептен шыққан техникалық мамандар мен ғалымдар шет елдерге қашуына тура келді. Соның нәтижесінде интеллигенция деген сөзді қолданудың өзі қиындыққа айналды. Ескі интеллигенцияның саяси ойлауының тәуелсіздігі, өзіндік ерекшелігі, сыни рухы, адамгершілік принциптері тоталитарлық саяси жүйенің қалыптасу процесімен, қоғамның рухани өмірінің монополизациялануымен сәйкес келмеді. «Шахта ісіне» байланысты халықтан шыққан осы заманғы ғылым мен техниканың дәрежесінде тұрған жаңа советтік техникалық интеллигенция жасау міндеті күн тәртібіне бұрынғыдан да қатты қойылды. Қысқа мерзім ішінде өзіміздің техникалық интеллигенциямызды жасап алу күрделі міндеті қойылды.
«Шахта ісіне» байланысты М. Шоқай да өзінде бар материалдарды жинақтай отырып, Орта Азиядағы Су Басқармасы жөнінде мәліметтерді ұсынады. Атақты Қара-Құм құмдарын көгалдандыруға, Каспий теңізінің Гасан көлі шығанағын тұщы сумен қамтамасыз етудің құрылысы жобаларына 3 миллиард 600 миллион сом жобаланғандығын айтады. Соның жанына егілген бидай мен мақтаның судың тапшы болуы салдарынан кеуіп қалғандығын да ескертеді. Бұл жобалар кеңестік билеушілердің жеке басын байыту үшін қажет болды деп топшылайды. Олар Түркістанды көгалдандыру үшін жұмыс істеді, оған дәлел ретінде бір ғана цифрді атайды, 8 миллион сом жұмсай отырып, большевиктік инженерлер бар-жоғы 20 гектар жерді ғана көгалдандырды. Қаншама миллион сом желге ұшты деп ашынады.
Орта Азияның Су Басқармасы басшылығында (Рыкунов, Прохоров, Мор сияқты) ескі партия қайраткерлері болғандығын ескертеді. Су шаруашылығында бірде-бір жеке меншік иесі, шет елдік болмаса да «Шахта ісін» немен түсіндіргісі келеді деп ашынады [164, 387-388 б.].
Интеллигенцияға байланысты сталиндік концепцияның қалыптасуы ғалымдардың ескі интеллигенцияның әртүрлі топтарына деген қатынасын зерттеуге ғана емес, идеологиялық күрес жүргізуіне итермеледі [182]. Мамандардың арасындағы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде олардың еңбектерін материалдық жағынан ынталандырумен ұштастыра отырып, кеңес өкіметі 1930-шы жылдардың ортасына дейін күштеу шараларын қолданып, оларды жұмысшы табының бақылап, ескі интеллигенцияның басым бөлігінің жаңа құрылысты мойындауына қол жеткізді.
Ескі интеллигенцияны кеңес өкіметі жағына тарту, саяси жіктелуі мәселерін зерттеу 1930-1950-ші жылдардың арасында жарық көрген мақалалар мен монографияларда қарастырылды [183].
1930-шы жылдардың басында инженер-техникалық мамандарға деген мемлекет тарапынан көрсетілген қамқорлықты 1932 жылғы 30-қаңтар мен 4-ақпан аралығында өткен ВКП(б)-ның он жетінші конференциясы қабылдаған қарарлардан аңғаруға болады: «инженер-техник персоналға ескі мектептен шықса да, жаңа буыннан шықса да барынша қамқорлық жасап, көңіл бөліп, техниктер мен инженерлерге тапсырылған жұмыстың жауапты басшылары деген лайықты орын беру керек, жаңа өндірістерді жолға қою ісіндегі, материалдарды үнемдеу жөнінде және өнімнің сапасын жақсарту жөнінде тиімді шараларды іздеп тауып, жүзеге асыру ісіндегі, өндірісті ұйымдастыруды жақсарту ісіндегі, т.с. жөніндегі олардың бастамаларын көтермелей отыру керек» [184, 30 б.].
1930-шы жылдардың ортасында Сталин «кадрлар бәрін шешеді», «бастысы осында», «оларсыз екі аяғымыздан ақсаймыз», «жұмысшы табының өз өндірістік-техникалық интеллигенциясы болуы керек» деген жаңа ұрандарды ұсынды. Социалистік өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының қауырт өсуі, техниканы меңгерудің қажеттігі, басшылықты қайта құру, шаруашылық және мәдени құрылыстың басшылығына жұмысшылар мен колхозшылардың жаңа тобын тарту – кадрларды даярлау мен жаңа қадрларды, әсіресе , жергілікті халық өкілдерінен жоғарылату міндетін ерекше шұғыл алға қояды (1939 жылғы наурыз айында өткен партияның ХVІІІ съезінде жасаған есепті баяндамасында: И.В. Сталин «...у нас сложилась многочисленная новая, советская, интеллигенция, вышедшая из рядов рабочего класса, крестьянства, советских служащих, плоть от плоти и кровь от крови нашего народа...» деп атап көрсетіп, «жаңа, халықтық, социалистік интеллигенция» біздің еліміздегі мәдени революцияның ең маңызды қорытындыларының бірі екендігін жариялады» [180, 314 б.]. Инженер-техникалық қызметкерлерге 1931 жылғы 23 маусымда өткен шаруашылық қызметкерлерінің кеңесіндегі И.В. Сталиннің айтқан сөзі үлкен ой салды. Онда социалистік құрылыстың жаңа кезеңі мен жолдарын атап көрсетіп қана қоймай, инженерлік-техникалық интеллигенция үшін маңызды болып саналатын инженерлік жұмыстың да жаңа жолдарын көрсетеді. Бұл ұстанымдар барлық қара және түсті металлургияда, машина жасаудың алып құрылыстарының жүргізілуімен маңызды. Кең көлемдегі даму мәселелері шешілуімен қатар, үлкен қаражат құйылды. Бұл тек мәселені шешіп, жоспарлап, орындап, құрылысты іске қосып қою ғана емес, ең қиыны істі тереңнен білуді талап етеді. Осы қиын да күрделі міндеттерді шешудегі басты жауапкершілік инженерге жүктеледі. Осындай міндетттерді шешу үшін инженерлерге жобалаушы, кеңесші болып қана қоймай, құрылыста маңызды жоспарлау мәселелерін шешуде басшылық рөл атқаруы қажет. Инженерлердің бір бөлігі жұмысшы бұқарасына дұрыс көзқарасы болмаса, екінші жағынан жұмысшылар тарапынан инженерлерге сенімсіздік байқалды. Сондықтан партия жұмысшыларды алдыңғы қатарлы инженерлерге қарай бағыттады.
Қазақстанда ХХ ғасырдың 20-30 жж. ғылыми кадрлардың жетіспеуіне байланысты, көлемді ғылыми зерттеулер аз болды. Тек баспасөз, насихат материалдарында мамандар даярлау, халыққа білім беру, мектептерді жергіліктендіру жөнінде брошюралар, мақалалар, шағын кітапшалар түрінде ғана жарияланды. Авторлардың көршілігі идеология, мәдениет саласының қызметкерлері болғандықтан, ғылыми тұрғыда жазылған тарихи еңбектер жазбаса да, сол кезеңдегі мәдениет, ғылым, ағарту істері жөнінде талдау жасап, мәдени артта қалушылықты өлкеде жою жолдары, соған байланысты істелетін жұмыс шаралары жайлы жазды.
Солардың қатарында 1930-шы жылдары жарық көрген Г. Береза еңбегін айтуға болады. Халық шаруашылығын қайта қалыпқа келтіру кезеңінде кадр мәселесі ең күрделі міндетке айналып отырғандығын айта келіп, Қазақстанда бұл мәселенің тіптен сын көтермейтіндігін ескертеді. Оны шешудің нақты жолдарын көрсете отырып, пролетариат қатарынан шыққан жаңа мамандарды даярлауға, әсіресе, жергілікті халықтан шыққан маманданған жұмысшыны инженерге дейін көтеру керек деген ұсыныс айтады [185, 5-7 б.]. Г. Береза өз еңбегінің «Кадрлар үшін күрес – таптық күрес» деп аталатын бөлімінде кадрлар мәселесінің шешілуі социалистік құрылыстың жетістігіне байланысты екендігін атап көрсетеді. Социалистік құрылыс үшін жаңа мамандарды дайындауда партия мен пролетариаттың күресінің таптық мәні айқындалады. Тап жауларымыз қандай да болмасын жол мен кадр мәселесін шешуге кедергі келтіруде. Буржуазиялық мамандар біздің мамандарға деген сұранысымызды көре тұрып, оған кедергі келтіруде. Сол арқылы социалистік құрылыстың екпінін тежеп, кадрлармен жаңартуды төмендеткісі келеді.
Буржуазиялық мамандармен бірге партияның оңшыл уклонындағылар кадрлар үшін күрестің таптық мәнін, қажеттігін түсінбей отырғандығын айтады. Қазақстан қызметкерлерінің арасында кадрлар мәселесі төңірегінде скептикалық ойлайтын ерекше «теорияның» пайда болғандығын, теорияның негізі – Қазақстанда білімді адамдар аз, сондықтан жоғары оқу орындары мен техникумдар мен басқа оқу орындарына резервтерді қайдан аламыз. Сондықтан олардың санын да арттырмау керек, оқу орындарын да қазақтандыруға күш салмау керек деп отырғандығын айтады. «Уайымшылдардың» екінші теориясы партияның оңшылдар тобы мен орыс шовинистерінен тұратындығын айта келе, Қазақстанда қазақ пролетариатының аздығына және кедейлер мен батрақтардың шала сауаттығына байланысты таптық жағынан сәйкес келетін арнайы оқу орындары мен курстарды толықтыра алмаймыз. Мұнан шығатын қорытынды: оқу орындарын қазақтандырмау, пролетариаттандырмау керек, керісінше, интеллигенттердің басым бөлігін, олардың балалары мен, ауқатты адамдардың балаларын алсақ, маманданған мамандардың өнімін тез берер еді деген пікірді қолдайтындықтан, бұл теорияның өміршең емес екендігін айтады [185, 8-11 б.]. Г. Березаның көп ойларымен келісуге болмайды, кадрлар үшін күрес қандай таптық күреске айналуы мүмкін. Кадр мәселесін шешуде еңбекте таптық, саяси мән берілгендігін аңғарамыз. Автор кәсіби тарихшы маман болмағандықтан, елдегі жалпы жағдайға тоқтала отырып, келеңсіз құбылыстарға мән беріп, интеллигенция арасында өзара келіспеушілік көңіл күйдің таралуын әсірелей түседі. Г. Березаның еңбегі ғылымның маркстік-лениндік-сталиндік идеология ықпалы дәуірлеп тұрған кезеңде жазылғандықтан, тарихнамада өз кезеңі үшін дұрыс әдебиет деп саналды.
БКП(б) Өлкелік Комитетінің бірінші хатьшысы Ф.И. Голощекин, мемлекет басшыларының бірі - І. Құрамысовтар 1920-шы жылдары сталиншілдіктің сойылын соғып, жергілікті халықтың шынайы революцияны көрмегендігін өз мақалалары мен сөйлеген сөздерінде ашып көрсете бастады [186]. Бұл қате пікірлер V,VІ өлкелік партия конференцияларының, ВКП (б) Қазақстан өлкелік комитетінің 1920-шы жылдардың екінші жартысында болған бірқатар пленумдарының шешімдерінен орын алды. Социалистік қайта құру жылдарында ұлттық саясаттың маңызды мәселелерінің бірі – жергіліктендіру болды. Қазақстан өлкелік комитетінің 1929 жылғы 23 қыркүйектегі V Пленумында жасаған баяндамасында Ф.И. Голощекин: «Ұлт мәселесінде, партияның саясатында пролетариат табының идеологиясына қарсы екі негізгі уклон бар: ұлыдержавалық шовинизм және жергілікті ұлтшылдық»,- деп атап көрсетеді. Жергіліктендірудің мәні социалистік құрылысқа артта қалған ұлттарды тартуда, сондықтан бұл мәселе тез, жылдам түрде шешілу қажеттігі айтылды. Социалистік құрылыс халық бұқарасы үшін емес, бұл халық бұқарасының өз ішіндегі құрылысы болып саналады. Жергіліктендіру –қазақтандыру емес, бұл «национализациялау». Социалистік құрылысқа идеологиясы маркстік болмаса да, ұлтшылдықпен уланғандарды өз жағымызға тартпасақ қате болған болар еді. Біз олардың білімін артта қалған ұлттардың мәдени және шарушылық деңгейін көтеру үшін пайдаланып, олардың өзін қайта тәрбиелеуіміз керек. Жергіліктендіруді кадрларсыз шешуге -болмайтындығы жайлы айта келіп, сол кезеңдегі өлке басшысы Ф.И. Голощекин оны шешу үшін үлкен күш жұмсау қажеттігін еске салады. Партия ішіндегі уклоншылдармен күресу қажеттігін көрсетеді [187, 215-234 б.]. Партия арасынан жік туғызып, жау іздеу Ф.И. Голощекинге тән қасиет еді. Ол дәстүрлі қазақ қоғамының құрылымын тез арада бұза отырып, модернизациялық саясат жүргізуде асыра сілтеушілікке орын берді.
Қазақтың көрнекті және саяси қайраткерлері Ораз Жандосов пен Смағұл Сәдуақасұлы мақалалары мен сөйлеген сөздерінде ескі интеллигенцияға байланысты көзқарастарын білдіреді [188]. 1929 жылы 23 қыркүйекте БКП(б) Қазақөлкелік комитетінің V пленумының «Партияның партияда жоқ ұлттық интеллигенциясына қатынасы» қаулысының жобасын әзірлеп, Қазақстанда да таптық күрестің шиеленісіп отырғандығын атап көрсетеді. «Партия ставит своей задачей привлечение к советской работе беспартийной национальной интеллигенции, поскольку она проявляет лояльное отношение к советской власти. Партия стремится перевоспитать определенные слои национальной интеллигенции....Особенно остро чувтвуется потребность в такого рода политике в период индустриализации и социалистической реконструкции, когда самые потребности в научных, технических, педагогических и иных кадрах возрастают в огромной степени» деп айқындайды [188, 139-140 б.]. Ораз Жандосов партия, мемлекет қайраткері болғандықтан, мұндай саясаттың сол кезеңдегі партия қатарында жоқ ұлттық интеллигенцияның кеңес өкіметіне көзқарасы дұрыс, тәрбиелеуге келетін бөлігіне ғана қатысты екендігін ескертеді. Ұлттық интеллигенцияның кеңес өкіметіне қарсы бөлігі өзінің іс-әрекеті, идеологиясы жөнінен кәдімгі контрреволюциядан айырмашылығы жоқ, бүлікке барып, қастандықтар ұйымдастырып жатқандықтан, ешқандай ымыраға келіп, келісімге жол бермейді дейді.
Осының негізінде 1929 жылы 23 қыркүйекте БКП(б) Қазақөлкелік комитеті V пленумының қаулы шығарғандығын:
...3. «Обратить особое внимание на специалистов из казахов, безусловно привлекая их к работе, если они в этой своей работе не проявляют явного уклонения от партийного и советского руководства. К ним должна быть применена в полной мере та политика, которая применяется партией в отношении специалистов вообще. Борьба со спецеедством в отношении специалистов из казахов является объязательной для партии.» деп көрсетеді [188, 141 б.].
Көрнекті ұлт қайраткері Смағұл Сәдуақасұлы «Немізге мақтанамыз, немізге өкінеміз?» деген тақырыпта жазған мақаласында «Төңкерістің алғашқы күнінде қазақ халқының саяси комиссиясының басындағы ескі оқығандар еді. Ескі оқығандар учредительный собраниеге сайланды; ескі оқығандар земство болды, ескі басшы болып алаштың туын көтерісті. Ескілер қазақты жеткізем деді, ескілер елдің тағдырын білді. Ол күндегі жастар ескілерге анық сенді. Осылар сорлы болған жұрттың көсегесін көгертті, осылар бізді адам қылды деді.
Сөйткен ескі оқығандар бес жылдың ішінде өзінен-өзі жоқ болды. Осы күнде қазақта оқығаннан кім қалды? Қайда кетті? Кешегі дауылдай көпірген сөздер қайда? Жалындай серпілген қайрат қайда? Бәрі де жоғалды, бәрі де жойылды» дейді. Ескі оқығандарды бір кезде сары түйме таққан Николайдың қорқақ шенеунегі еді. Бұл күнде совет үкіметінің өсекші, күңкілші әбес тілі болды. Сонымен ескі оқығандар өлмей мақұрым болды»,- деп ескі зиялыларға деген көзқарасын білдіреді [189, 259-260 б.]. С. Сәдуақасұлы ештемеден қаймықпай Ф.И. Голощекинмен ашық оппозицияға шығып өз ойын айта білді. Алайда С. Садуақасұлы мен оның жақтастарын ұлтшылдықпен, жікшілдікпен айыптады.
1930-шы жылдардан бастап ауылшаруашлылығын ұжымдастыру, индустрияландыру жүргізіліп, оппозиция талқандалғаннан кейін, тотолитаризм күшейіп, ортақ ой, пікір пайда болды. Тарихнамада «барлығы партияның сара жолымен», «Сталиннің арқасында»,- деген көзқарасты білдіруі қажет болды. Сондай авторлардың бірі - А. Серебровский. Ол өз мақаласында кейде инженерлердің берген тапсырмалары дер кезінде орындалмай, ол үшін қатаң бұйрықтар беріп, қатаң талап қоюға қорықты, себебі ол үшін оларды зиянкестер санағандығы жөніндегі мәліметтерге тоқталып, Риддер, Качкар, Степняк кеніштерінде тау-кен инженерлерін жергілікті соттардың негізсіз жауапқа тартқандығы, тек Орталық Атқару Комитетінің араласуымен инженерлер ақталып, өз орындарына қайтарылғанын жазады. Сонымен бірге өндірісті барынша жақсы ұйымдастырып, тәртіпті қалпына келтіріп, жұмысты жақсартуға тырысқан инженерлерді жергілікті ұйымдардың қатысуымен кінәлаған жағдайлар да байқалғандығы жайлы жазды [190, 189, 14 б.]. Техникалық интеллигенциядан өз жұмысшы табына деген адалдықты талап етті. Техникалық интеллигенция құрылысты белсенді түрде басқаруы үшін, оның білімін дамытуға жағдай туғызу қажет болды. Мемлекет тарапынан техникалық интеллигенцияға көңіл бөлінді. Өкімет жаңа қоғамды дамыту үшін, әрі интеллигенцияның тиімді жұмыс істеуі үшін оның қатарын толықтыру жолдарын ұсынды. Қазақстан тарихнамасында біз қарастырып отырған мәселенің теориялық аспектілерін шешуге байланысты, алғашқы онжылдықтарда ғылыми жағынан зерттелген еңбектер өте аз болғандықтан, орталықтағы зерттеу мекемелерінің тарихшылары еңбектеріне жүгінуге тура келді.
Сонымен бірге 1930-шы жылдары «Большевик Казахстана» журналы беттерінде жарық көрген Р. Левин [191]., Г. Яндульский [192], Ф. Работалов [193] мақалаларында да Қазақстанда өндірістік-техникалық интеллигенция мамандарына қатысты ұстанған мемлекеттік саясат жайлы көп мәлімет береді. Осы жылдары билік басындағы Коммунистік партияның кеңестік интеллигенциясын дамыту концепциясы пайда болып, социалистік экономика мен мәдениеттің негізін қалау үшін оған саяси жағынан берілген интеллигенция жоқ болғандықтан да буржуазиялық мамандардың еңбегін және білімін пайдалануға тура келді деген түсінік қалыптасты.
Р. Левиннің мақаласында алғашқы бесжылдықтағы социалистік жарыста табысқа жету үшін негізгі жұмыс күшіне айналып отырған мамандарға деген қажеттіліктің туындап отырғандығын, бірақ Қарағандыда инженер-техникалық мамандармен тек үштен бір бөлігі ғана қамтылып отырғандығын, олардың күшін барынша пайдалану, белсенділігін арттыру үшін шаруашылық және қоғамдық ұйымдардың дұрыс жағдай жасамай отырғандығын сынайды [191]. Г. Яндульский жаңа техниканы игеруге, өнертапқыштық және рационализаторлық істерді дамытуда өндірістік-техникалық интеллигенция еңбегін барынша пайдалану үшін мемлекет тарапынан оларға материалдық жағдай жасалып, асханалар ұйымдастыру, үйлеріне тамақтарын жеткізіп, дұрыс коммуналдық жағдай (үймен, отынмен, жарықпен қамтамасыз ету) туғызу керектігін ашық айтады. Дұрыс қарым-қатынас пен достық жағдайында өндірістік-техникалық интеллигенция мен жұмысшы табы арасында зор табыстарға жетуге болатынын айқындайды. Автор еңбегінде өндірістік-техникалық интеллигенцияның әлеуметтік мәселелерін көрсетеді [192].
Ал, Ф. Работалов «По-новому работать, по-новому руководить» деп аталатын мақаласында Қазақстан өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы үшін өндірістік-техникалық интеллигенция орны ерекше маңызды екендігін, өлкеде индустрияландыруды қарқынды дамыту үшін инженер-техникалық күштердің жаңа толқыны қажет екендігін, бірақ оны толық қанағаттандыра алмай отырғандығын, сондықтан да мамандарды даярлауға тез арада дұрыс көңіл бөлу қажет екендігін терең талдайды. Өкімет жұмысшылар мен шаруалар қатарынан жаппай мамандар даярлауды ұйымдастырғандығы жайлы мәліметтерді ұсынады [193, 41 б.].
Біз И.В. Сталиннің КСРО-да жұмысшы табын жетекші тап ретінде санап, өндірістік-техникалық интеллигенцияны оған қызмет ететін, мүддесін қолдайтын топ ретінде санаған көзқарасын және оларға ұстанған солақай саясатты төмендегі мәліметтерден аңғаруымызға болады.
И.В. Сталин 1931 жылғы 23 маусымда өткен шаруашылық қызметкерлерінің кеңесінде сөйлеген сөзінде: « ... за последнее время условия развития промышленности изменились в корне, создавалась новая обстановка, требуящаю новых приемов руководства, а некоторые наши хозяйственники вместо того, чтобы изменить приемы работы, все продолжают работать по-старому. Дело, стало быть, в том, что новые условия развития промышленности требуют работы по-новому, а некоторые наши хозяйствнники не понимают этого и не видят того, что нужно руководить теперь по-новому...» деп себебін ашып көрсете отырып, біздің өнеркәсібімізді дамытудың жаңа шараларын алты салада топшылайды [179, 364 б.]. Сол шаралардың бірі ретінде, жұмысшы табының өндірістік-техникалық интеллигенциясы мәселесін деп атап көрсетеді. Сондай-ақ: «нам нужно создать, кроме того новую базу цветной металлургии в Казахстане, в Туркестане. Нам нужно развить, наконец, широчайшее железнодорожное строительство. Это диктуется интересами СССР в целом – интересами окраинных республик так же. Как интересами центра.
Но из этого следует, что мы не можем уже обходиться тем минимумом инженерно-технических и командных сил промышленности, которым мы обходились ранше»,- деп пайымдай келе, инженер-техникалық күштерді қалыптастырудың ескі ошақтары жеткілікті болмағандықтан, сондықтан Оралда, Сібірде, Орта Азияда жаңа ошақтардың біртұтас жүйесін құрудың өте қажеттігіне басты көңіл бөледі. Егер біз КСРО-ғы социалистік индустриализациялау бағдарламасын жүзеге асырамыз десек, бізге екі есе ғана емес, бес есе артық инженер-техниктер мен өнеркәсіптің басшы күштері керектігін ескертеді [179, 373 б.].
«Но нам нужны не всякие командные и инженерно-технические силы. Нам нужны такие командные и инженерно-технические силы, которые способны понять политику и готовы осуществить ее на совесть. А что это значить? Это значит, что наша страна вступила в такую фазу развития, когда рабочий класс должен создать себе собственную производственно-техническую интеллигенцию, способная отстаивать его интересы в производстве, как интересы господствующего класса» деп түйіндейді [179, 374-375 б.]. Бесінші шараларының бірі ретінде И.В. Сталин «Признаки поворота среди старой производственно-технической интеллигенции»,- деп саралай келе, ескі өндірістік-техникалық интеллигенцияның маманданған тобы осыдан екі жыл бұрын бүлік жасауға жақын тұрса, көпшілігі бейтарап жағдайда болды. Неғұрлым маманданған техникалық интеллигенцияны кеңестік қызметке барынша тарту керектігін де басты шаралардың бірі деп ескертеді. [179, 375-378 б.].
1939 жылғы партияның ХҮІІІ съезінде жасаған есепті баяндамасында И.В. Сталин «Ескі интеллигенцияның қалғандары жаңа, кеңестік, халықтық интеллигенциямен біте қайнасып кетті. Соның нәтижесінде халықпен тығыз байланысты және бұқараға қызмет етуге дайын, оған сенетін, адал жаңа, кеңестік интеллигенция құрылды» деп баға береді. Интеллигенцияны жіктеліп, жаңа интеллигенция қалыптасты деп пайымдайды. Тоталитарлық билік басындағы И.В. Сталин интеллигенцияның алдында тұрған міндеттерді көрсетуге тырысады. Оған жасаған репрессиялық шаралары жайлы аузын да ашпайды [194, 32-33 б.].
1920-1930-шы жылдардың тарихнамасында «сталиндік жоспарды» жүзеге асыру деп аталатын көзқарас соғыстан кейінгі уақытта да байқалды.
Зерттеуші Н. Киікбаевтың 1950-ші жылдардың басында кандидаттық диссертациясының негізінде әзірлеген еңбегінде Қазақстанда бірінші бесжылдық жылдарындағы өнеркәсіптің дамуын зерттеуге арнап, сол кезеңдегі ресми методологиядан аса алмады. Еңбекте қазақ халқынан маманданған жұмысшылар мен мамандарды даярлау тап жауларының қарсылығына ұшырады дей келіп, республикамыздың жоспарлау органдарында жұмыс істеп отырған кейбір ескі мамандар біздің мамандарға деген сұранысымызды аз көрсетіп, социалистік құрылыс үшін жаңа мамандар даярлауды шектеп отыр деп айыптады. Ескі мамандар маманданған кадрларды даярлауды қиындату үшін, әртүрлі котрреволюциялық «теориялар» таратты деп көрсетеді [195, 58 б.].
Х.З. Ақназаров философия ғылымдарының кандидаты атағын алу үшін әзірлеген «Формирование социалистической интеллигенции» деп аталатын диссертациялық еңбегінде «буржуазиялық интеллигенцияны социалистік құрылысқа тартып қана қоймай, идеологиялық жағынан қайта тәрбиелеу керек деген ұсыныс жасай отырып, Қазақстан буржуазиялық интеллигенциясының басым көпшілігі Қазан Социалистік революциясын жауыздықпен қарсы алды. Тек буржуазиялық интеллигенциясының азғантай бөлігі ғана дұрыс қарсы алды. Буржуазиялық интеллигенцияның үш әлеуметтік тобы құрылды дәйектейді.
Бірінші топ - буржуазиялық интеллигенцияның жоғарғы тобы. Ол буржузияның таптық күресіне мүдделі болды. Буржуазиялық интеллигенцияның бұл тобы жас Кеңестер республикасына ашық соғыс жариялады.
Екінші топ - орта интеллигенция, өзінің таптық негізі ұсақбуржуазиялық болғандықтан, саяси жағынан қобалжыды. Буржуазиялық интеллигенцияның контрреволюциялық басшылары социалистік революцияның алғашқы күндері Кеңес мемлекетімен күресте орта интеллигенцияны жұмылдыра білді.
Үшінші топ - қатардағы интеллигенция, өзінің экономикалық жағдайы және саяси жағынан буржуазиядан көрі жұмысшы табына жақын болды. Социалистік революцияның алғашқы күндері қатардағы интеллигенция халықпен бірлесті, Кеңес мемлекетін қолдады. Алайда. Олар контрреволюциялық үгітке еліктеп, қобалжу танытып, саботажға барып, Кеңес мемлекетіне қарсы стачкаларға да қатысты.
Буржуазиялық интеллигенцияны социалистік құрылысқа пайдалану жұмысшы диктатурасы кезеңіндегі таптық күрестің бірі болды», - деп есептейді [2, 7-8 б.]. Әрине жұмыс ертеректе жазылғандықтан, ескі интеллигенцияның барлығын буржазиялық интеллигенция деп атайды. Ескі мектептен шыққан интеллигенция өзінің болашағы халықпен бірге, интеллигенция мен халықтың шығармашылық еңбегі, ғылым мен еңбектің одағы ғана ғажайыптарды туғызады. Бұл Қазақ АКСРО-ғы буржуазиялық интеллигенцияның жіктелуіне ықпал жасады деген пайымдаулар жасайды.
Буржуазиялық интеллигенция Кеңестер мемлекетінің жағына толығынан өту үшін үш кезеңді басынан өткізді: 1) азамат соғысы мен шетел әскери интервенциясы; 2) қалыптасу кезеңі; 3) халық шаруашылығын қалыпқа келтіру кезеңі, социализмнің толық жеңісімен аяқталды. Коммунистік партияның күресі, жұмысшы табының буржуазиялық интеллигенцияға ұстанған жұмсақ саясаты интеллигенцияның басым бөлігінің кеңес халқына қызмет етуін қамтамасыз етті. Интеллигенцияның барлық кадрлары халықшаруашылық міндеттерін шешу кезеңінде ескі мектептен шыққан мамандар еді. Коммунистік партия шаруашылық және мәдени жұмыстардың барлығына осы интеллигенцияны жұмылдыруда үлкен істер атқарды деп саралайды автор. Бірінші бесжылдықтың қорытындысы бойынша, буржуазиялық интеллигенцияның басым бөлігі Кеңестер мемлекеті жағына өтті. Социализмнің жеңісімен буржуазиялық интеллигенция кеңестік, социалистік интеллигенцияға айналды деген қорытындыға келеді [2, 8-9 б.]. Ғылыми еңбек кеңестік кезеңде орындалғандықтан, автордың көп ой-пікірлерімен келісуге болмайды. Алайда, еңбектің біз қарастырып отырған мәселенің тарихнамасында алар орны зор.
1940-1950-ші жылдардың басында да қарастырылып отырған мәселеге байланысты арнайы зерттеулер, статистикалық мәліметтер берілген жинақтар да өте аз болғандықтан, деректік база әлсіз болды. Әрі 1930-шы жылдары қалыптасқан «ұлы Сталин», «Сталиннің данышпандығы» т.б. сөз тіркестері қолданылды. Алайда нақты тарихи жағдайға байланысты тарихнамадан жаңа концепцияны күту мүмкін емес еді.
Достарыңызбен бөлісу: |