»,-деп дәлелдеді [251]. Оның пікірінше, сырттан келетін келімсектерге тосқауыл қойып, тек арнайы мамандықты қажетсінетін жұмыстарға ғана мамандар шақырту керектігін айтып, оның баспасөзде кеңінен хабарлану тиістілігін айтып, сұқбат береді. М. Тынышбаевтың осылайша бұл әрекеттің экономикалық жағынан тиімсіздігімен түсіндіре отырып, Қазақстанға ағылған қоныс аударушылардың қарқынын аяқ алысын бәсеңдетуге ұмтылуы, өзінше Кеңес үкіметінің саясатына жасаған орынды наразылығы болатын. Ол маманданған кадрларды Қазақстанның өз ішінде дайындаудың мүмкіндігі болады деп дәлелдеді [251]. Қазақтың тұңғыш инженері М. Тынышбаев кадр саясатын шешуде «орталықтың үстемдік етуіне» негізделген көзқарасты ашып көрсетеді.
1930 жылғы 16 мамырдағы партияның Орталық Комитетінің «жұмысшы факультеттерін қайта құру» жөніндегі қаулысының қабылдануы да техникалық мамандарды даярлаудың өте қажеттігінен туындаған еді.
Ф. Работалов 1932 жылы жарық көрген мақаласында «Қазақстан оқу орындары жүйесі азғантай уақыттың ішінде жоғары білікті инженер-техникалық қызметкерлерді даярлауды қамтамасыз ете алмайды, тек Қазақстан өнеркәсібі мен құрылысы үшін орта техникалық мамандарды ғана даярлай алады. 1932 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша 12 техникумда оқып жатқан оқушылардың барлығы 1332 адамды құрайды. Оқу орындарына жергілікті халық өкілдерін тарту жеткілікті деңдейде болмай отыр (техникумдағы қазақтардың пайыздық көрсеткіші 33). Инженер-техникалық қызметкерлерге деген сұранысты осы уақытқа дейін Бүкілодақтық Халық Шаруашылығы Кеңесі мен Техникалық Халық Комиссариаты саласынан Қазақстанға жолдамамен жіберу, жеке келісім шарт негізінде жүзеге асып, қызметкерлерді таңдауда сапалық жағы көп жағдайда ескерілмеді. Осындай өндірістік-техникалық кадрларға деген тапшылыққа қарамастан, өндірістік-техникалық интеллигенцияны шын мәнінде даярлаумен ешкім айналыспай отыр», - деп тұжырымдайды. Автор әрі техникумдарда оқушыларға дұрыс мәдени-тұрмыстық және материалдық жағдай жасамақ түгіл оқудың жоғары деңгейде жүргізілуіне өз деңгейінде мән берілмей отырғандығын да жазады. Қазақ тіліндегі оқулықтардың жоқ екендігін айтады. Өзіміздің техникалық интеллигенция кадрларын жергілікті халықтан шыққан жұмысшылар мен шаруалар қатарынан даярлау үшін, жергілікті халықтың мәдени деңгейін арттыру қажеттігін көрсетеді [193, 40-41].
1933 жылдың 27 наурызында КСРО Орталық Атқару Комитетінің Президиумы қаулы қабылдап, онда жекелеген ұлттардың оқушылары үшін жалпыодақтық наркоматтардың оқу орындарында орындар тағайындау жүйесін бұрынғысынша сақтау қажеттігі атап көрсетілді. Алғашқы бесжылдық жылдары ірі индустриалдық аудандардың совнархоздары да мамандарды даярлауда үлкен көмек көрсеткендігін айтты.
1930-шы жылдары кеңестік тарихнамадағы методология дәстүрлі түрде «таптық көзқарасқа» негізделді. Орталықтың басшылығымен жүргізілген өлкедегі индустриализациялау жылдары қазақ халқының өз ішінен шыққан еңбек күшімен шешуге болатындығына қарамастан, орталықтан еңбек күшін, мамандармен қамтамасыз ету жолымен іске асырылды. Кеңестер Одағы идеологиясы мықты дамыған мемлекет болғандықтан, ұлттық республикалар территориясында орта арнаулы және жоғары оқу орындарының «бір орталыққа бағынышты» кең жүйесін құруға көңіл бөлу керек деп есептеді. Қазан төңкерісінен кейін, білім беру жүйесінде жергілікті халықтан біліктілігі төмен деңгейдегі әкімшілік аппараты мен ауылшаруашылық кәсіпорындары салалары үшін мамандар даярлауды қарастырды. Сондықтан осы кезеңде жергілікті жерлерде инженер-техникалық кадрларды дайындауға жан-жақты көңіл бөле бастады. 1930-шы жылдардағы жергіліктендіру жұмыстарына байланысты көптеген міндеттер қабылданса, соның бірі – мамандарды даярлау ісі. Мемлекет қайраткері, жергіліктендіру комитетінің төрағасы. А. Асылбеков жоғары оқу орындары, техникумдарда және рабфактарда 1933/1934 жылдары мамандар даярлауға бақылау орнатылмағандығы, әсіресе қазақ кадрларын даярлау наркоматтарда және өлкелік ұйымдарда қанағаттанғысыз жағдайда ұйымдастырылып отырғандығына көңілі толмайды. Қазақтарды оқу орындарына қабылдаудың нормалары орындалмай отырғандығын сынап, Наркомзем жүйесіндегі техникумдардағы қазақ топтарында оқитын студенттердің үлестік салмағының небәрі 25,4 пайызды құрайтындығын көрсетеді. А.Асылбеков жергіліктендіру барында ұлттық мамандарды даярлауға мән беру қажеттігін ұсынады [252, 26 б.].
Қазақ зиялыларының көрнекті өкілдерінің бірі - С. Меңдешев «Просвещение национальностей» журналына Қазақ АКСР-ы жайлы берген мәліметінде: «Қазақстан осыдан бірнеше жыл бұрынғы біз білетіндей емес. Қазіргі кезеңде Қазақстан территориясында одақтық маңызы бар, КСРО-ның үшінші көмір базасы – Қарағанды түсті металдардың ірі өнеркәсібі – Риддер сияқты өнеркәсіп орындары қарқынды дамып келеді. Қазақстанда мал шаруашылығы, астықты гигант – совхоздар өсіп өркендеуде.
Осы алып құрылысқа, совхоздарға және ұжымдастыруға Қазақстанның жергілікті халықтары – қазақтар жылдам қарқынмен жұмылдырылуда. Қазақ кеше көшпелі болса, бүгінде - жұмысшы, оның мәдени талабы да өзгерді. Егер кеше ол аңшылықпен, күреспен айналысса, бүгін оған кино, радио, курстар т.б. керек. Жаңа техниканы игеру үшін оған оқу керек»,- деп жазады [253, 25 б.]. Мақалада ұрандату сарыны басым болғанымен, сол кезеңнің өзекті мәселесін көтергендімен құнды болып есептеледі.
Социалистік индустриализация жылдары ұлттық республикалар мен облыстарда өндірістік-техникалық интеллигенцияны жергілікті пролетарлардан, әсіресе маңыздысы – националдардан алу керектігі айтылды. Аз уақыт ішінде қазақтардан, қырғыздар, башқұрттар, түріктер, абхаздықтар, грузиндер тағы басқа ұлт өкілдерінен жоғары білікті инженерлер, шаруашылық-техник кадрларын дайындау қажеттігіне көңіл бөлінді. Техникалық мамандарды жергілікті әртүрлі ұлт өкілдерінен шешу жолдарын ұсынып, мәселені шешуге «таптық көзқараспен» қарағандығын байқаймыз. Жаңа техникалық кадрларды өсіру үшін жұмысшы табымен байланысты техникалық күштерді жоғарылатумен қатар бір мезгілде, ескі инженерлердің барлығын толығынан пайдалану керектігі ескертілді. Өнеркәсіпті Шығыста орналастыру, Шығыстағы инженер-техникалық кадрларды, әсіресе, ұлттық кадрларды қалыптастыруда жаңа өндіріс ошақтарын ашу ықпал етер еді дей келіп, «жұмысшы табының өзіндік өндірістік-техникалық интеллигенциясы болу керек» деген тұжырымды байқаймыз [253, 9-10 б.].
1933 жылы 20 қазанда КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің Қазақстан үшін мамандар даярлау жөніндегі арнайы қаулысы шығады. Онда:
«1. Предложить НКТП организовать в Алма-Ате Казахский горно-металлургический инстутут с двумя факультетами: горным и цветных металлов, объеденив его с Семипалатинским горным институтом...
3. ...Предложить НКСнабу СССР организовать в Семипалатинске на базе Петропавловского мясопромышленного техникума один крупный Казахский техникум по подготовке среднетехнических кадров для мясной промышленности. Обязать НКСнаб закончить строительство этого техникума в 1934 г.», - деп тапсырма берілді. Сонымен қатар КСРО Наркомземіне бұқаралық ауылшаруашылық кадрларын оның ішінде механиктерді де даярлап немесе қайтадан даярлықтан өткізу шараларын жүргізу ұсынылады [238, 132 б.]. Мемлекеттің бұл қаулысы техникалық оқу орындарының негізін қалап, өндірістік-техникалық интеллигенцияны қалыптастыруға зор ықпал етті. Қазақстанда жоғары және орта арнаулы техникалық оқу орындарының ашылуы еңбекшілердің білім алуына маңызды және шешуші қадам жасады. Алайда жұмысшы-шаруа жастардың жалпы білімдік даярлығының болмауы бұған үлкен кедергі келтірді. Қазақстан үшін жоғары техникалық оқу орындарының қалыптасып дамуының өзіндік ерекшелігі, Қазан төңкерісінен кейін республика территориясында бірде-бір техникалық жоғары оқу орындарының болмауында болды.
Ал, техникалық жоғары оқу орындарын дамыту үшін оқушылардың жаңа контингентін қажет етті. Жоғары оқу орындарына жетіжылдық, бастауыш білімдерімен де барды. Әрине, мұндай білім деңгейімен барған жастар сабақтарына үлгермей, кейін оқудан шығып қалу көрінісі көп байқалды.
1920-1940-жылдардары тарихнамада біз қарастырып отырған мәселе төңірегінде әдебиет жеткілікті болды деп айта алмаймыз. Бар әдебиеттерде қарапайымдылық пен буржуазиялық және лениндік концепцияға қарсы бағыттылық қалай айқындалғандығы көрсетілді [254]. Осы жылдары жарық көрген еңбектердің көпшілігі техникалық кадрларды даярлау мәселесін зерттеуге арналды. Өлкеде модернизациялану үдерісінің жүргізілуі барысында жергілікті ұлт өкілдері инженер кадрларды жұмысшы мен шаруалар қатарынан алып толықтыру қажеттігін айтып бұл процесті жүзеге асыруда рабфактардың үлкен рөл атқарып отырғандығын айтады [255].
1940 жылы зерттеушілер Т. Губа мен О. Кузнецова «Рост национальной социалистической культуры КССР» мақаласында: «Ұлттық социалистік қазақ мәдениетінің басты ошағы – Қазақстанның жоғары оқу орындары», - деп атап көрсетеді.
Сонымен бірге, арнайы техникумдар мен институттардың кең жүйесінің құрылуы арқылы (тау кен институты, ауылшаруашылық т.б.) жоғары білікті қазақ кадрларының ұлттық үлкен тобы – инженерлер мен агрономдар даярланды деген пікірге келеді [256, 45 б.].
Авторлар патша өкіметі тұсында Қазақстанда бірде-бір жоғары оқу орыны болмады. Қазақ республикасында бірінші бесжылдықтың соңында 3550 студенттері бар 11 жоғары оқу орындары болды. Екінші бесжылдықтың соңында жоғары оқу орындарының саны 18-ге жетіп, 5700 студентке жетті. Бұл контингенттің жартысынан көбін қазақ студенттері құрайды деген фактілер келтірген.
Ұлы Отан соғысы басталған кезеңде «Большевик Казахстана» журналында 1941 жылдың №10 санында Г. Бузурбаевтың «Интеллигенция Казахстана в дни Отечественной войны» мақаласында Кеңес өкіметі кезеңінде Қазақстанда жоғары мектептің қалаптасқандығын айтып, қазір республикада 19 жоғары оқу орындары, 30 ғылыми-зерттеу ұйымдары мен мекемелері бар екендігіне тоқталады. Елдің басына түскен ауыртпалықты көтеру интеллигенцияның үлесіне тиіп отырғандығын көрсетеді [257, 11-17 б.].
Соғыс жылдарындағы өндірістік-техникалық интелигенция мамандарын даярлау тарихнамасында Т. Губаның «История интеллигенции Казахстана в дни Отечественной войны» мақаласының алар орны ерекше. Онда: «жоғары оқу орындарының, техникумдарының және орта мектептердің қызметкерлері соғыс кезеңдерінің ауыртпалығын көтере отырып, кадрларды даярлап, жастарды тәрбиелеуде. Қазақстаның жетекші оқу орындары – Кен-Металлургиялық және Ауылшаруашылық институттары, Мемлекеттік университет, Медициналық институт және басқалары – соғыс жылдары өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және халық шаруашылығының басқа салалары үшін үш мыңнан артық білікті мамандар даярлап, кеңес интеллигенциясының қатарын жас кадрлармен толықтырды», - деп жазады.
Жоғары оқу орындарының профессорлары мен оқытушылары және студенттері елдің және майданның адамзаттың алдына қойған міндеттерін орындауда өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығына көмектесуде.
Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің қызметкерлері жасаған ғылыми тақырыптардың республиканың өнеркәсіп орындарының, халық комиссариаттарының жұмысымен тікелей байланысты екендігі әрі оның халық шаруашылығында маңызды орын алатындығын көрсетеді. Профессорлар Рутовский, Литвинов, доценттер Добрецов, Бектұровтар қару-жарақ жасау өндірісімен, металлургиялық комбинаттармен байланысты, түсті металдарды қорыту, тыңайтқыштар жасау, өте қажетті материалдар жасау мәселелерімен айналысты.
Кен-Металлургиялық институттың қызметкерлері өздерінің ғылыми жұмыстарымен өндірісті игеруде, ішкі резервтерді, жергілікті шикізатты пайдалануда, жаңа технологияны игеруде республиканың түсті металлургия кәсіпорындарына тікелей көмек көрсеткендігін де атап өтеді. Т. Губа профессор Бричкиннің Ащысай қорғасын комбинатын кеңейту жөнінде жоба ұсынғандығын атай отырып, Мырғалымсай кенішіннің өндіріс көлемін 30-35 пайызға ұлғайтудың әдісін ойлап тапты деген фактілерді келтіреді [258, 39 б.].
1940-1950-ші жылдары кеңестік тарихнамада жоғары оқу орындарында өндірістік-техникалық мамандарды даярлау тақырыбын зерттеу кең көлемде жүргізілмеді. Бұл тарихи кезеңнің ерекшелігі - Ұлы Отан соғысы, жоғары оқу орындарын Кеңестер Одағының европалық бөлігінен Орал мен Сібір, Орта Азияға эвакуациялау, экономиканы қалыпқа келтіру үшін жұмысшылар мен техниктерді даярлау қажеттігімен байланысты болды.
Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін, Кеңестер Одағының европалық бөлігінде туудың азаюы еңбек ресурстарының тапшылығына әкелді. Міне, осы факт жергілікті халықтардың жоғары білім алуына кең мүмкіндік ашты. Сонымен қатар жоғары білім беру ісінің дамуы урбандалу үдерісін жеделдетіп, халықтың өмір сүру деңгейін жоғарылатты. Бірақ бұл орыстандыру саясатын тереңдетті.
Кеңестік өнеркәсіп үшін 1950-ші жылдары ғылыми-техникалық үдерістің дамуымен байланысты, жаңа инженер-техникалық кадрлар даярлап толықтыру мәселесіне мән беріле бастады. Кеңестік тарихнамада Ю.В. Бабко, В.М. Барашенков, М.Г. Власов, В.М. Жеребцовтардың диссертациялық еңбектерінде сараланды [259]. Бұл еңбектерде жеке басқа табынушылыққа ерекше мән беріліп, жергілікті жерлерде кеңестік техникалық интеллигенцияның қалыптасуы, тәрбиелеу, буржуазиялық мамандарды кеңес өкіметі жағына тарту мәселесі жеткілікті түрде айқындалмаған. Әрі біз қарастырып отырған мәселе А.И. Лутченко, С.П. Мещеряковтардың кандидаттық диссертацияларында зерттелді [260]. Мұрағат деректерімен жұмыс жасау барысында авторлар әлі де болса құжаттарды кеңінен пайдаланбай, «марсизм-ленинизмнің» теориялық негіздерінен аса алмай, қоғамдық ұйымдардың кеңестік техникалық интеллигенцияны қалыптастырудағы, тәрбиелеудегі рөлі ашылмаған.
Қарастырып отырған мәселе төңірегіндегі жарияланған еңбектердің негізгі ой-тұжырымы жоғары мектеп саласында үлкен жерістіктерге қол жеткізгендімізді мадақтаумен ерекшеленді.
Ғалым Н.Н. Дауылбаев 1955 жылы жарық көрген еңбектерінің бірінде: «Жыл өткен сайын жоғары оқу орындарының көзі өсті. Мысалы Қазақ тау-кен институтында 1934 жылы 145 студент оқыса, қазір онда 2 мыңға жуық студенттер оқиды. 20 жылдың ішінде халық шаруашылығы үшін 2500 инженерлер даярланды. Тек 1955 жылдың өзінде ол 411 инженерді даярлап шығарды. Қазақ тау-кен институтының түлектерін біздің республикамыздаң ғана емес, Орал, Сібір, Қиыр Шығыстың заводтарында, шахталарында кездестіруге болады»,-деп жазады. [261, 33 б.].
КОКП-ның ХХ съезінен кейін тарихнамада өндірістік-техникалық интеллигенцияны зерттеуді дамытуға жаңа пайымдауларымен ықпал еткен М.П. Ким, К.Т. Галкин сияқты зерттеушілер пайда болды [262].
1950-ші жылдардың соңында зерттеуші П.М. Алампиев қайта қалыпқа келтіру жылдары тек маманданған жұмысшылардан ғана емес, қазақ халқының өз ішінен шыққан инженер-техникалық кадрларды даярлауға көңіл бөле басталғандығына тоқталады. Алғашында бұл кадрлар Қазақстанның өз жоғары оқу орындары болмағандықтан, республикадан тысқары жерлерде даярланды, ал орта техникалық оқу орындары енді ғана қалыптасып жатқан еді деп есептейді. Қазақстан экономикасын дамыту моделін қолдаушылардың бірі ретінде П.М. Алампиев алғашында бұл кадрлар Қазақстанның өз жоғары оқу орындары болмағандықтан, республикадан тысқары жерлерде даярланды, ал орта техникалық оқу орындары енді ғана қалыптасып жатқан еді деп есептейді.
Қазақ жастары алдыңғы қатарлы аудандардың техникумдары, рабфактары мен жоғары оқу орындарына жіберілді. 1926 жылдың өзінде қазақ студенттері Москваның, Ленинградтың, Томскінің, Ташкенттің жоғары оқу орындары мен, Москваның Жоғары техникалық училищесі мен Тау-кен академиясында, Ленинградтың политехникалық институтында оқыды. Қазақтардың Москва, Ленинград, Орынбор, Ташкенттегі рабфактарда оқығандығын айтады. Қазақстанның ірі жұмысшы орталықтарында – Қарсақпай, Риддер, Доссорда 1926 жылдан бастап рабфактарға дайындайтын жыл сайын дайындық курстарының ашылғандығын, онда қазақтарға 80 пайыз орын берілгендігін саралайды. Автордың көзқарасы бойынша, алғашқы бесжылдық жылдары кадрларды дайындау, кеңестік өндірістік-техникалық интеллигенцияны жасау Кеңестер Одағындағы өте қажет мәселелердің біріне айналды деп ой қорытады.
Бұл мәселенің ерекше қарастырылуын автор өнеркәсіптің өсуімен тығыз байланыстырады. Осы мәселе төңірегінде П.М. Алампиев: «Жаңа техникалық интеллигенцияны дайындау ең алдымен қазақ жұмысшыларынан Қазақстанда орта техникалық оқу орындары, сосын жоғары техникалық оқу орындарында ұйымдастыру қажеттігі туындап отыр»,- деп талдайды [211, 324-325 б.]. Зерттеуші П.М. Алампиевтың мәліметі бойынша, жұмысшы табы қатарынан жоғары және орта техникалық оқу орындарына резервтерді даярлауда республиканың ірі құрылыстары мен өнеркәсіп кәсіпорындарында құрылған тау-кен өндірістік оқулары мектептері (горпромуч) мен фабрика-завод оқулары (ФЗУ) атқарды. Осындай және жаппай жұмысшыларды техникалық оқыту түрлері республиканың жергілікті ұлт өкілдерінен техникалық кадрлар даярлауда маңызды орын алды деп есептейді. Кейбір кәсіпорындардың горпроуч пен ФЗУ мектептері 50-70 пайыз ұлттық кадрлармен қамтылғандығын айтады [211, 319, 330 б.]. П.М Алампиев 1941 жылы Шымкентте құрылыс материалдары өнеркәсібі үшін мамандар даярлайтын индустриалдық техникумның ашылғандығын айтады.
Техникалық жоғары оқу орындарының географиялық жағынан өнеркәсіптің негізгі салаларына сәйкес орналасқандығын саралайды. Өнеркәсіптің белгілі салаларына сәйкес ірі өнеркәсіп орталықтары орналасқан аймақтарда техникумдардың ашылуы, өнеркәсіпте жұмыс істейтін білікті мамандардың оқытушылық қызметке тартылып, оқуды өндірістік практикамен байланыстыруында жеңілдік туғызғандығына тоқталады [211, 325-326 б.].
Біз автордың 1932 жылға дейін жоғары маманданған кадрларды жинақтап іріктеуде Москваның, Ленинградтың, Украинаның, Оралдың және басқа алдыңғы қатарлы аудандардың жоғарғы оқу орындарына арқа сүйеді деген ойына толық қосыламыз. 1930 жылы Свердловскіде Орал-Қазақ өнеркәсіптік академиясы ұйымдастырылып, мамандардың көпшілігін даярлауда, атап айтқанда қазақтардан маман даярлауда үлкен үлес қосты. Зерттеуші П.М. Алампиев 1935 жылы Орал-Қазақ өнеркәсіп академиясы мен Свердловскінің басқа оқу орындарында Қазақстанның 28 өкілінің, оның ішінде басым бөлігі қазақтар екендігін жөнінде мәлімет береді. Мұнда Қарағандының, Қарсақпайдың, Прибалхашстрой, Риддер, Алтайзолото және Қазақстанның басқа кәсіпорындарының жұмысшыларынан инженерлер даярлағанын зерделейді [211, 326 б]. Алғашқы кезеңде қазақтардан маман кадрлар даярлау орта және жоғары оқу орындарында оқуға дайын адамдар аз да болса жетіспеді. Сондықтан қазақ жұмысшыларын техникумдар мен рабфактарға түсуге даярлау үшін арнайы мектептер, курстар, үйірмелер ашуға тура келді деген зерттеушінің көзқарасымен толық келіспейміз. Қазақтардың басым бөлігі ауылды жерлерде тұрғандықтан, білімді өз ана тілінде алды. Сондықтан оларға арнап жоғары оқу орындарында қазақ топтары ашылмағандықтан, орыс тілінде оқу оларға қиындық әкелді. Жоғары білім алуға деген қазақ жастарының құлшынысы зор еді. П.М. Алампиев қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде жаңа қазақ техникалық интеллигенциясы құрылып, оның негізгі бөлігі жұмысшылардан шықты деп есептейді [211, 326 б.]. Біз автордың қазақ техникалық интеллигенциясының негізгі бөлігі жұмысшылардан шықты деген пікірін қолдай отырып, жаңа қазақ интеллигенциясы құрылды деген көзқарасына келісе алмаймыз, себебі қазақ техникалық интеллигенциясы қалыптасу үстінде еді.
Кеңестік тарихнамада ғалым Е.Х. Мұхамеджановтың ғылыми еңбегі 1950-ші жылдардың соңында жарық көрсе де өндірістік-техникалық интеллигенцияны жоғарғы және орта арнаулы оқу орындары саласында даярлау тарихын зерттеуде ерекше орын алатындығын айтуға болады. Автордың көрсетуі бойынша, «1923-1924 жылдардың өзінде Қазақ АКСР-ның тек Семей губерниясына елдің орталықтағы 25 жоғары оқу орындарынан 138 орын бөлінген. 1926 жылы РФСР-ның жоғары оқу орындары, техникумдары мен жұмысшы факультеттерінде Қазақстаннан 2000 мыңға жуық адам оқыды» [139, 185 б.]. Халық шаруашылығының барлық саласы, ең алдымен өнеркәсіп үшін жаңа кадрларды жаппай даярлау халық шаруашылығын қалыпқа келтірудің маңызды мәселелерінің бірі болып есептелді. Қазақстанда кадрларға деген сұраныс жоғары болғанымен, алғашында ұлттық жоғары оқу орындары мен техникумдардың жүйесін толығынан қамтамасыз ете алмады. Сондықтан мемлекеттің алдында еліміздің орталық аудандарының жоғары, орта оқу орындарында мамандар даярлаудың белгілі бір жүйесін құру міндеті тұрды. Е.Х. Мұхамеджановтың мәліметіне сүйенсек, келісім-шарттың негізінде, Москваның жоғары және орта техникалық оқу орындарында Қазақстан үшін көптеген кадрлар дайындалған.
Ал 1933 жылдан бастап, бірнеше жыл бойы индустриалды және мәдени орталықтардың бірі болып саналатын Ленинградтың да шефтік көмек көрсеткендігін атап өтеді. Ленинградтың кәсіподақ, шаруашылық ұйымдарының Қазақстаннан келіп, Ленинградтың жоғары оқу орындары мен техникумдарында оқып жатқан студенттерді жататын орынмен қамтамасыз етіп, материалдық жағынан көмек көрсеткендігін айтады [139, 190-191 б.]. Е.Х. Мұхамеджановтың еңбегі ертеректе жарық көріп, партия тарихы мәселесіне арналғандықтан, партияның басшылық рөліне кеңінен көңіл бөлгенімен фактілік материалдарды, мұрағат құжаттарын орынды пайдалануымен құнды болып есептеледі. Автордың көзқарасы мамандар даярлауда «орталықтың нұсқауымен» жүргізілгендігі жөніндегі концепцияға негізделген. Әрі барлық аймақтарда техникалық мамандар даярлауда диспропорция болғандығын байқайды.
Кеңестік тарихнамада өндірістік-техникалық мамандардың қалыптасуы техникалық білім беру ісінің дамуымен байланысты болды деген көзқарас айқындалады. Е.Х. Мұхамеджанов та басқа кеңестік авторлар сияқты мамандарды қалыптастыру буржуазиялық мамандарды пайдалану, оларды кеңес қызметіне тарту арқылы жүзеге асуымен қатар, кеңестік өндірістік-техникалық кадрларды қалыптастыруда жоғары оқу орындарының алатын орнының ерекше екендігі жөніндегі пікірлерімен үндесіп жатқандығы байқалады.
Зерттеуші Е.Х. Мұхамеджанов «республикадағы халықшаруашылығы жоспарларында орта арнаулы және жоғары білім берудің кеңейтілген жүйесін құру белгіленді. Қазақстанда бесжылдықтың соңында 13 мыңнан аса адамды қамтитын бес жоғары оқу орнын ашу көзделді. Бесжылдықта республиканың жоғары оқу орындары 3600 адамды даярлап шығаруы қажет.
Республиканың бірінші бесжылдық жоспарының негізгі бағыты жаппай орта кәсіби мамандарды даярлауда. Мұндай категориядағы кадрларға деген сұраныс 90 мың адамды қажет етеді, яғни жоғары білімді мамандарға қарағанда 4 есе артық. Мұндай міндет орта оқу орындарының санын арттыруды, техникумдарды ғана емес, арнайы кәсіби-техникалық мектептердің тұтас жүйесін құруды, ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді курстармен қамтамасыз етуді ұсынды. Республиканың орта оқу орындары мен курстары жүйесі арқылы кадрларларға деген сұранысты 85 пайызға немесе толығынан қамтамасыз етуге мүмкіндігі болды»,- деп қорытындылайды [139, 199-200 б.].
Автор мамандардың жетіспеуі, республикадағы қажетті оқу-материалдық базаларының болмауына байланысты, ірі шаруашылық бірлестіктері жанында әртүрлі мамандықтағы маманданған жұмысшыдан бастап, инженерлер мен техниктер даярланатын – оқу комбинаттары деп аталатын өзіндік ерекшеліктері бар оқу орындарының ұйымдастырылғаны жайлы мәлімдейді. Кейін бұл оқу комбинаттары Қазақстандағы орта техникалық оқу орындарын ұйымдастырудың базасына айналды. Осындай базалардың негізінде республикадағы бірінші техникалық жоғары оқу орыны – 1932 жылы Семей геологиялық барлау институты пайда болғандығын айтады.
Е.Х. Мұхамеджанов бірінші бесжылдық жылдары республикада бірнеше оқу комбинаттарының құрылғандығын: Қазақ геологиялық барлау тресті жанында - Семей, Алтайцветметзолото тресті жанында – Риддер, Карағандыкөмір тресі жанында бірінші, екінші оқу комбинаттары және Эмбамұнай тресі жанында - Гурьев деп аталғандығын жазады. Оқу комбинаттары арқылы мамандар даярлау техникалық мамандарға деген сұранысты қамтамасыз етудің бірден-бір жолына айналғандығын ескертеді. Себебі ірі өнеркәсіп – шаруашылық бірлестіктерінде маманданған инженерлер мен геологтардың басым бөлігін шоғырландырып отырғандықтан, оларды жаңа техникалық кадрларды даярлаудағы педагогикалық персонал ретінде пайдаланды [139, 201 б.].
Өндірісте жұмыс істейтін мамандарды техникалық оқу орындарындағы оқытушылық қызметке тартуда 1927 жылдың соңында құрылған инженерлер мен техниктердің бұқаралық кәсіби ұйымы атқарды (инженерлер мен техниктердің секцияаралық Қазақстандық ұйымы, Каз. МБИТ ). Бұл ұйымның құрамында 2000 инженерлер мен техниктер болса, олар алдына ескілерін қалыпқа келтіріп, жаңа жоғары оқу орындары мен техникумдар құруды, мамандарды даярлауда инженер-техникалық қызметкерлерді өндірістен қол үзбей педагогикалық жұмыстарға тартуды міндет етіп қойғандығы да зерттеуші Е.Х. Мұхамеджановтың еңбегінде орын алған. Қазақстандағы жоғары және орта техникалық оқу орындарының жаңа жүйесін ұйымдастырудағы қиыншылықтар оқытушы кадрлардың жетіспеуіне ғана байланысты емес, жаңа оқу-материалдық базалары, оқу құралдары, бағдарламаларын жасау, соған сәйкес оқушылар контингентін жинау сияқты күрделі мәселелерді шешу міндеті тұрды.
Достарыңызбен бөлісу: |