3.2 Практик өндірістік-техникалық интеллигения тарихнамасы
Өндірістік-техникалық интеллигенция тарихнамасында практиктер тарихының да алар орны ерекше. Себебі оның даму генезисі тарихи зерттеулердің өте өзекті, талдануға және пікірталасқа толы мәселесіне арналған. Практик өндірістік-техникалық интеллигенция тақырыбы ғылыми әдебиетте арнайы түрде кеңінен зерттелмеген. Мәселе арнайы зерттеу тақырыбы ретінде жеке қарастырылмаса да, оның қалыптасуы, өндіріс саласындағы белсенділігі, билік басындағылардың оларға көзқарасы интеллигенцияның әр түрлі отрядтары тарихымен байланысты көрініс тапқан. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін интеллигенция кадрларын қалыптастырудың негізгі үш жолы: ең алдымен социалистік құрылысқа ескі интеллигенцияны тарту, пайдалану, қайта тәрбиелеу; жұмысшы табы мен еңбекші шаруалар қатарынан жоғарылату; жаңа мамандарды жоғары және орта арнаулы оқу орындарында даярлау арқылы жүзеге асты. Әсіресе, кеңестік интеллигенция кадрларын 1917-1927 ж.ж. қалыптастырудың ерекшелігі, Қазан төңкерісінің алғашқы күндерінен бастап алдыңғы қатарлы жұмысшылар мен шаруаларды басшылық мемлекеттік кәсіподақ, шаруашылық жұмыстарына жаппай жоғарылату көрініс тапты. «Практиктер» жеткілікті деңгейде терең білімі жоқ болғанымен, кеңестік интеллигенцияны оның ішінде өндірістік-техникалық интеллигенцияны қалыптастырудың бір түріне айналды. Тарихнамада 1920-шы 1930-шы жылдардың публицистикасында ғана қарастырылып отырған мәселеге көңіл аудара бастады. Ал ғылыми тарихнамада арнайы мәселе болып көтеріліп, зерттелген жоқ.
Бұл жөнінде «Известия ЦК РКП (б)» 1922, №3 журналында: «Октябрьмен бірге туған, халық арасынан шығып, еңбекші халық бұқарасымен тығыз байланысты жаңа, кеңестік интеллигенция бөлігі ең жауапты орындарды атқарды. Әрине, жоғарылатылғандардың жалпы білімдік деңгейі жоғары болмады, тек 1921 жылғы санақ бойынша жауапты қызмет атқарып жатқандардың 3,3 пайызының ғана жоғары, 16,9 пайызының орта білімі болды», - деп мәлімдейді [297, 42 б.]. Шындығында патша өкіметі кезеңінде жұмысшылар мен шаруалардың білім алуына толық жағдай жасалмағандықтан да олардың білім деңгейі төмен болды.
Партияның Х съезінде жаңа экономикалық саясатқа көшу жөнінде шешім қабылданғанда, жаңа жағдайға лайықты кадр мәселесін шешуге де көңіл бөлінді. РКП(б) ОК мен оның ұйымдастыру бюросы «жоғарылатылған жұмысшыларды қадағалап, оларды орталықтар мен жергілікті жерлерде жүйелі түрде жауапты қызметке тарту керектігін» міндеттеді [298, 521 б.].
Жұмысшылар мен шаруаларды жоғарылату жөніндегі съезд шешімдері нақтыланып жергілікті жерлерде де соған сәйкес қарарлар қабылданды. Оларда партияның негізгі міндеттері көрсетіліп, ұйымдастырушылық қабілеті бар, жұмысшылар мен шаруалардың жалпы жағдайларымен таныс қызметкерлердің санын арттыру қажеттігі айқындалды. Конференцияларда партия мен кәсіподақ ұйымдарына алдыңғы қатарлы жұмысшылар мен шаруаларды жоғарылатуда өздері лайықты деп санағандарды таңдауды міндеттеді. Олардың есебін алып, Кеңес, кәсіподақ, жұмысшы шаруа инспекциясына, тұтыну кооперациясы, жер органдарына, коммуналдық шаруашылық бөлімдерінің жұмыстарына кеңінен тарту қажеттігін айтты. Жоғарылатылғандарды мектептер мен коммунистік университеттерде оқыту мәселесі қойылды. Кәсіподақ ұйымдары мен атқару комитеттеріне жоғарылатылғандардың мәселесін шешу тапсырылды. Соған сәйкес халық шаруашылығын қайта қалыпқа келтіру жылдары жұмысшылар мен шаруаларды жоғарылату жұмыстары кең қанат жайды.
Азамат соғысы жылдары құрылған РКП(б) ОК-і мен губерниялық партия комитеттерінің есеп-үлестіруші бөлімдері жоғарылатылғандарды орналастырып, есепке алатын ең алғашқы орган болып есептелді. Ол жоспарлы түрде жұмыс атқарды.
1921 жылы 11-18 маусымда Орынбор қаласында өткен РКП(б) Қазақстан облыстық конференциясында РКП-ның ұлт мәселесі жөніндегі кезектегі міндеттері қаралып, онда «түркі халықтарын шикізат беріп отырушыларға айналдырылды, ал көшпенділер шөл далаға тықсырылды, сөйтіп ұлттарға құрып кету қатері төнді. Енді Совет өкіметі мен ерікті Федерация қазақ ұлтына оның біртіндеп, ерікті түрде коммунизмге қарай дамуын қамтамасыз етуге тиіс...
в) білікті жұмысшылар мен басқарудың барлық салаларының ең алдымен оқу ағарту саласының совет-партия қызметкерлерінің жергілікті кадрларын жедел даярлау үшін ана тілінде (ең алдымен қазақтар, башқұрттар, түрікмендер, өзбектер, тәжіктер, азербайжандар, татарлар, дағыстандықтар үшін) жалпы білім беру сипатындағы, сол сияқты мамандық-техникалық сипаттағы курстар мен мектептерді көптеп ашып, дамытуға көмектесу болып табылады.
Қазақстанның еңбекші бұқарасына біздің партия ең алдымен мынадай көмек беруге тиіс: ...
б) ана тілінде баспасөзді, мектеп ісін және жалпы мәдени-ағарту мекемелерін дамыту. Сөйтіп, белгіленіп жатқан ұлан-ғайыр жұмыстар үшін ең алдымен саны аз пролетариат, жартылай пролетариат және қазақ интеллигенциясының бір бөлігі дәйекті түрде пайдалануға тиіс, білікті жұмысшылар және басқарудың барлық салалары және ең алдымен оқу-ағарту саласы бойынша партия-совет қызметкерлерін жеделдетіп даярлау үшін ана тілінде курстар мен жалпы білім беретін және ағарту-техникалық сипаттағы мектептердің кең жүйесі жолға қойылып, дамытылуға тиіс»,- деп атап көрсетілген [299, 12-14 б.].
Сонымен бірге «Қазақстандағы совет жұмысының негізгі принципі жұмысқа шын мәніндегі еңбекші қазақ бұқарасын кеңінен тарту болуға тиіс. Екінші жағынан, ең алдымен, жергілікті жерде жұмысқа берік және практикалық мақсаттағы бағыт бере алатын сыннан өткен пролетар қызметкерлерді мүмкіндігінше көбірек пайдалану қажет» деген міндеттер қойылды [299, 21 б.]. Кеңестік тарихнамада жоғарылатылған мамандарға, «нағыз большевик-интернационалист», «прогрессивті идеяларды қолдаушылар» деген ат берілді.
Кеңестік интеллигенция қатарына жоғарылатылған жұмысшылар мен шаруалардан шыққан жаңа кадрларды ұйымдастырушылық қабілеттері мен таланттарын барынша пайдалану олардың теориялық және практикалық дайындықтарын ұйымдастыру жолдары арқылы жүргізілді. Соған байланысты стационарлық және сырттай жоғары және орта арнаулы оқу орындарымен қатар халықтық интеллигенцияны дайындаудың алуан түрлері қолданылды. Жоғарылатылған өндірістік-техникалық мамандар коммунистік университеттерде және кеңес партия мектептері мен қызыл мамандарды дайындау курстарында, өнеркәсіп академияларында және кәсіпорын мектептерінде, фабрика-завод техникалық курстарында, факультеттерінде дайындалды. Оларды дайындау оңай болған жоқ.
1921 жылы 16-22 желтоқсанда өткен І Бүкілресейлік кеңестік партия мектептері мен коммунистік жоғары оқу орындары қызметкерлерінің конференциясында шешім қабылданып, оны Орталық партия Комитеті бекітті. Кеңес партия мектептерінің (совпартшкол) үш түрі анықталды: І-ші сатылы мектептер төрт ай мерзімде элементарлы саяси сауатты жергілікті қыметкерлерді даярлауы қажет болса: ІІ сатылы мектептерде бір жыл мерзімде міндетті жалпы білім беретін пәндерді оқи отырып, жалпы маркстік дамытуды жаратылыстану ғылыми негізде беру: ІІІ-саты жоғары саты үш жылдық коммунистік университеттерде білімді марксистерден дайындауды қамтамасыз ету белгіленді. Сонымен қалыпқа келтірудің алғашқы жылдары негізінен жұмысшылар мен шаруалардан жоғарылатылғандарды дайындаудың оқу орындары жүйесі қалыптасты.
Ал, 1922 жылы 25 қазанда Орынборда өткен РКП(б) Қазақстан ұйымы губерниялық партия комитеттері хатшыларының бірінші кеңесінде: «Қазіргі уақытта қазақ халқы арасындағы басшы партия және совет жұмысының бар салмағын негізінен көтеріп жүрген қазақ коммунистерінің бірлі-жарымының ғана болмаса көбінің маркстік даярлығы жоқ, көпшілігі интеллигенттер ортасынан шыққан, ұсақ буржуазиялық жағдайда тәрбиеленген жолдастар; осының салдарынан оларда саяси ұстамсыздық, табансыздық, партия тәртібін тәртібін бұзу және ұлтшылдық жағына ауытқушылық өте сезіліп отырады. Осыған байланысты кеңес оларға коммунистік тәрбие беруге, маркстік тұрғыдан даярлауға баса көңіл бөлу, олардың жергілікті жерлермен байланысын күшейту және саяси ой-өрісін кеңейту мақсатында төменнен жоғарылату және жұмыс жағдайын өзгертіп отыру, осымен бірге партия қатарын бөтен мақсатты ойлап кірген, түзелмейтін элементтерден тазарту қажет деп санайды» [298, 74-75 б.]. Деректік құжаттардан жоғарылатудың төменнен жоғарыға қарай қызметке тағайындау тәсілдерін кеңінен қолданғандығын айқын аңғарамыз.
Осы жылдары «1923 жылы наурызда ІІІ облыстық партия конференциясында «Қырғыз қазақ пролетариаты мен жартылай пролетариатымен кәсіпорындарда және өндіріс орындарында партия және кәсіби жұмыс» мәселесін түбегейі жақсартуды күн тәртібіне қойған еді. Конференция жұмысшы кадрлары «партия өзінің базасын нығайтуда және халық бұқарасының арасындағы әлеуметтік шараларды жүзеге асыруда негізгі күш болып саналады»,- деп есептеді [300, 60 б.].
1924 жылдың басында кеңес мемлекетінің ірі өнеркәсібіне қарасты кәсіпорындарда жұмыс істейтін жұмысшылардан шыққан басшылар саны арта бастады. Жоғарылатылғандар завод директорлары, трест төрағалары, олардың орынбасарлары, мүшелері қызмет орындарын иеленді. Төменгі білім деңгейі болғандығына қарамастан, олардың тәжірибесі мол, практикалық қызмет арқарғандықтан интеллектуалдық еңбек барысында алған тәлімі мен білімі болды (жұмысшылардан шыққан директорлар мен орынбасарлардың 92 пайызының төменгі білім деңгейі болды) [301, 13-14, 45 б.].
1924 жылы 11-16 мамырда Орынборда өткен РКП(б) Қазақстан облыстық төртінші конференциясында «Білікті жұмысшылар даярлау және қазіргі жұмысшы бұқарасының біліктілік деңгейін көтеру, қазақ жұмысшыларын өндірістік құрылысқа және басшылық жұмысқа тарту мақсатында ағарту, шаруашылық органдарының, сондай-ақ кәсіподақ органдарның міндеті фабрика-завод оқуы мектептерін, кәсіптік-техникалық мектептер мен ересектерге арналған курстар ұйымдастыру деп табылсын» деген нақты шаралар белгеленді [298, 172 б.]. Қызметі жоғарылаған жұмысшыларға арнап фабрика-завод оқулары мектептері жүйесінің ұлғайғандығын байқадық.
Бұған қоғамдық, бұқаралық ұйымдар да үлкен көмек көрсетіп отырды. Оған 1926 жылы 30-шы сәуір мен 3 мамыр аралығында Қызылордада өткен Қазақ өлкелік комитетінің пленумында да «қызметкерлерді төменнен жоғарылатып отыру және олардың теориялық дәрежесі мен практикалық білімін көтеру керектігі» жөнінде мәселе көтергендігі дәлел болады [302, 281 б.]. Жұмысшылардан ғана емес, батрақтардан да кадрлар өсіру міндеті қойылды. Таптық жағынан алғанда ұстамды, социалистік басшы ретінде көрсете білгендерді жоғарылатылуға тиістігі билік басындағылардың қойған негізгі талаптырының біріне айналды. Жоғарылатылғандардың мамандануын көтеруде оларды жоғары оқу орындарына, өнеркәсіп академияларына, қызыл директорлардың орталық және жергілікті курстарына оқуға жіберуге нақты жағдайлар жасалғандығын талдайды. Басқа нақты деректер бойынша барлық салаларда 1370 мың адамдардың жоғарылатылғандар санатында еңбек етіп жатқандығы айтылады [302, 512 б.]. Жоғарылатылғандар білімдерін практикалық жұмыстарда шыңдады. Бұл кеңестік интеллигенцияның қатарын толықтырды.
Билік басындағылар ең басты міндеттердің бірі - жұмысшылардың, әсіресе ұлттық жұмысшы табының біліктілігін арттыруға, мәдени-техникалық деңгейін көтеруге де көңіл бөлу керек деп есептеді.
1926 жылы зерттеуші А.Х. Митрофанов шаруалар қатарынан жоғарылатылғанғандардың Жер істері жөніндегі Наркомат органдары мен Шаруалар үйлерінде (32,7%) төраға немесе төрағалар орынбасарлары мен Кеңестердің атқару комитеттерінің мүшелері болып (21,9%), ал қаржылық жұмыстарда(10,3%) еңбек еткендігін айтады [303, 33 б.].
Жұмысшылар мен шаруалардың жаңа, кеңестік интеллигенция қатарына өтуі олардың жұмысшылар мен шаруалар депутаттарының Кеңесіндегі жұмысы, завод комитеттері мен кәсіподақтардағы, жұмысшы-шаруа инспекциясы, т.б. қоғамдық ұйымдардағы қызмет жолдары арқылы жүрді. Осы жол жұмысшылар мен шаруаларды жоғарылатудың негізгі қайнар көзіне айналды.
1920-1940 жылдары өндірістік-техникалық интеллигенцияның қалыптасу үдерісімен қатар оның отандық әдебиетте алғаш рет зерттелуі жүргізілді. Осы кезеңде инженер-техникалық интеллигенцияны даярлаумен қатар БКП(б) ОК-нің съездері мен конференцияларында жоғарылатушылық институты да талданды. Осы кезеңде жазылған еңбектердің публицистикалық мазмұнда жазылғандығына қарамастан, сол кезеңдегі ресми методологияға сәйкес мемлекеттің саясатын көрсетуге тиіс болды. Қазақ зиялыларының біразы республикада өнеркәсіпті дамытудың, әсіресе орталық Қазақстанда мүмкін емес екендігін айтты. Түрксіб құрылысына қарсылық білдірді. С. Сәдуақасов, А. Кенжин т.б. БКП(б) Өлкелік комитетінде және республиканың кеңес органдарында жауапты қызметтерді атқарса да, Қазақстанда көшпелі мал шаруашылығын сақтау қажеттігін айтып, өнеркәсіптің дамуы қазақ халқын ауыл шаруашылығынан қол үздіріп, қазақтардың ежелден келе жатқан мал шаруашылығы кәсіпшілігінің құлдырауына әкелетіндігін ұғындыруға тырысты [304, 40, 141 б.]. Алайда билік басындағылар зиялыларды ұлтшыл-уклонистер деп айыптап, олар партияның өнеркәсіпте және ауыл шаруашылығындағы ұлттық кадрларды қалыптастыру шараларын бұзып отыр. Олар қазақ жұмысшылары мен батрак кадрларының саяси жағынан өсуіне, техникалық сауатының артуына кедергі келтіріп отыр деп түсінді. Партияның мемлекеттік және шаруашылық аппаратына ұлттық кадрларды жұмысшылар мен еңбекші шаруалардан жоғарылату «жергіліктендірудегі процент» қуушылықты байқатады деп ұғындырды. Республикада социалистік индустриализациялауға, ірі өнеркәсіп объектілерін салуға қарсылық білдірді. Себебі Қазақстан шикізат көзі есебінде қалуы мүмкін деген қаупін сезді. Қазақтың өндірістік қызметкерлері жайлы қазақ зиялыларының бірі – С. Сәдуақасұлы «Кедейдің баласын оқытып, оған білім беру керек. Кедейді осы күні салынып жатқан фабрик-зауыттарға, шойын жолдарға көбірек орналастырып, одан болашақта пролетариат жасау, кедейден өндіріс қызметкерін туғызу керек» деген жанашырлық сезімін білдірді [246, 334 б.]. Әрі С. Сәдуақасұлы жоғарылатылғандардың әлеуметтік шығу тегіне мән беру керектігін айтады.
1928 жылы 23 наурыздағы БКП(б) Орталық Комитетінің қаулысында «Тәжірибеленушілердің жұмысы жергілікті жерлерде партия комитеттерінің жүйелі түрде бақылауы мен басшылығында болу қажеттігі атап көрсетілді [305, 5 б.].
1928 жылы сәуір айында өткен БКП (б) ОК-і пленумының шешімдерінде «Жұмысшыларды әкімшілік-техникалық жұмыстарға жоғарылатуды мынадай шаралармен: жоғарылатылғандардың өз мамандықтары бойынша ерекше курстар мен техникумдарда оқуымен байланыстыруына мүмкіндік туғызу керек», - деп атап көрсетілді [306, 507 б.].
1928 жылы шілдеде өткен ОК-тің пленумында партиялық, кеңестік және шаруашылық қызметтерінде тәжірибесі бар партия мүшелерін жоғары техникалық оқу орындарына жіберу туралы шешім қабылданды [307, 8 б.].
БКП(б) Қазақ өлкелік комитеті алдыңғы қатарлы жұмысшылар мен шараларды әртүрлі басшылық орындарға жоғарылату жөнінде бірнеше шешімдер мен қарарлар қабылдады. өлкелік комитеттер жергілікті жерлерге, аймақтық партия ұйымдарына арнайы хаттар жіберіп, онда жұмысшылар мен батрақтарды, ұлттық кадрларды жоғарылату шараларының таптық мәніне көңіл бөлу қажеттігі жайлы ескертілді. Оны жүргізудің нақты жолдары мен әдістері көрсетілді.
1928 жылғы 25 шілдедегі Өлкелік партия комитетінің «Жоғарылату жұмыстарының жағдайы және таяудағы міндеттер» деп аталатын шешімдерінде жұмысшыларды басшылық қызметтерге жоғарылатқанда жауапкершілігі төменнен бастап жоғарыға қарай бірте-бірте төменгі партия және кәсіподақ ұйымдары арқылы өсіру керектігі атап көрсетілді [308]. Партия, кеңес және шаруашылық кадрларын ұлттық республикалар мен облыстарда өсіруге ықпал жасай отырып, Орталық партия Комитеті 1927-1928 жылдары осы республикалардан жас жоғарылатылғандарды орталық өнеркәсіп аудандарына практикалық жұмыстарға жіберуді дәстүрге айналдырды. Осындай жолмен басшылық қызметкерлерін жұмысшылар мен еңбекші шаруалар қатарынан дайындауды тездетіп қана қоймай, ірі өнеркәсіп орталықтарынан алдыңғы қатарлы тәжірибе алмасуға жағдай тудырды. Тәжірибеленуші ұлттық кадрларды орталық өнеркәсіп аудандарына жіберудің нақты жоспарлары белгіленді. Әсіресе, Орта Азиямен Қазақстан республикаларының қажеттіліктерін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінді. Орталық Комитеттің шешімі бойынша жоғарылатылған ұлттық кадрлар тәжірибелерін орталық партия ұйымдарында: Москва мен Ленинград партия комитеттерінде, Нижегород, Саратов, Сталинград, Иваново-Вознесенскіде, Владимир, Тула, Тверь, Брянск, Ярославль, Кострома губкомдарында, Уралобкомында және Донбасста өткізді [308, 14 б.].
1929 жылғы 16 желтоқсанда БКП (б) Қазақ Өлкелік Комитетінің V Пленумының Республикадағы мәдени құрылыстың кезекті міндеттеріне байланысты қабылдаған шешімдерінде : «Ұлттық республика ретінде Қазақстан жергілікті халқы мәдени даму деңгейі европалықтарға қарағанда төменгі деңгейде болса, бір жағынан экономикалық және техникалық революцияның үдерістері тез қарқынмен дамып келеді, онда социалистік құрылыс жергіліктендірудегі негізгі кемшіліктер – ең алдымен, ауыл шаруашылығын социалистік қайта құру және өнеркәсіп құрылысы үшін қазіргі кезеңде шешуші барлық бағыттағы мамандар даярлау мен карларды арттыру орын алып отыр.
Кадр мәселесін шешкенде оны жалпы көлемде, тез қарқынмен, таптық-шыңдалған негізде шешу қажет.
Артта қалған ұлттардың кадр мәселесін шешкенде Қазақстанда тұратын европалық ұлттардың пролетар және жартылай пролетар кадрларын даярлау және жоғарылату міндетін ешқандай жағдайда әлсіретуге болмайды», - деп атап көрсетеді [309 71 б.].
Қазақстан партия ұйымдары өз қатарларынан жыл сайын РСФСР-дің орталық өнеркәсіп губернияларына 10 адамнан жіберіп отырды. Таңдаулы казақ кадрлары тәжірибелерін негізінен Ярославль, Самара, Нижегород, Иваново-Вознесенск, Саратов т.б. губернияларда өткізді.
1929 жылғы БКП(б) ОК қараша пленумында өндірістің практик басшыларын жоспарлы түрде төменнен жоғарыға дейін жоғарылату жолымен шұғыл түрде кадрлар даярлау жөнінде мәселе қойды. Осы мақсатпен Пленум үш жыл көлемінде өнеркәсіп пен транспортта техникалық қызмет орындарында еңбек етіп жатқан жұмысшы практиктердің барлық негізгі бөлігін қайтадан даярлықтан өткізу жайлы шешім қабылдады. Пленумда 1930-1932 жылдары завод жанындағы жоғары оқу орындарына 5000-нан кем емес жұмысшыларды тарту керек деп есептеді. Кәсіподақ пен комсомол ұйымдарына жұмысшылардың завод жанындағы жоғары оқу орындары мен техникумдарға жалпы даярлығын жүйелі түрде ұйымдастыру тапсырылды. Жұмысшылар мен батрақтарды орта және жоғарғы сырттай техникалық жағынан даярлап, оқытудың жүйесін жасау жөнінде міндет қойылды [306, 639 б.]. Сонымен бірге жоғарылатқаннан кейін де оларды теориялық және практикалық жағынан даярлаумен жалғастырылуға тиіс еді. 1929 жылғы 11-16 желтоқсанда өткен ВКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің пленумында партия құрылысы және жергіліктендіру жөнінде шешімдер қабылданды: «..жұмысшылар мен батырақтарды совет, кооператив және кәсіподақ ұйымдарына жоғарылату үшін өлкелік курс ұйымдастыру қажет деп саналсын; жұмысшылар мен батрақтар үшін осындай курстар округтардарда да құрылсын. Сонымен қатар астанада совет аппаратына жоғарылатылғандар үшін курстар ашылсын...
ә) барлық органдарға төменнен жоғарыға дейін жұмысшылардан, батырақтар мен кедейлер бұқарасынан кеңінен жоғарылату. Жоғарылату тек жоғарыдан ғана емес, негізінен бұқараның өз тарапынан да болуға тиіс және жоғарылатуға ұсынылатын адамның еңбекшілер бұқарасы алдында беделді болуын, сондай-ақ оның жеке басының жұмысқа лайық болуын міндетті түрде тексеру қажет.
Жоғарылату партия және совет ұйымдары тарапынан жүргізілетін жұмыспен және басшы қызметкерлер тарапынан оларға жүктелетін теориялық және практикалық міндеттерді орындаумен орайлас болуға тиіс.
б) Жоғары оқу орындары, техникумдар мен қысқа мерзімді курстар арқылы тұрғылықты халықтан кадрлар даярлау барлық ұйымдардың жыл сайынғы жоспарларына енгізіліп, бюджеттерден тиісті орнын алуы керек» [309, 52-53 б.].
Билік басындағылар ең басты міндеттердің бірі - жұмысшылардың, әсіресе ұлттық жұмысшы табының біліктілігін арттыруға, мәдени-техникалық деңгейін көтеруге де көңіл бөлу керек деп есептеді.
Жұмысшыларды жаппай өндіріске тарту, маманданған кадрларды, әсіресе, қазақ ұлтынан шыққандарды даярлау ІV және VІ өлкелік партия конференциялары мен БКП(б) Өлкелік комитетінің пленумдарында орын алды. 1929 жылы сәуірде өткен партия конференциясында кеңестік интеллигенцияны қалыптастырудың басты жолдарының бірі болып саналатын жоғарылатушылыққа үлкен көңіл бөлді. Оның «Бюрократизммен күрестің қорытындылары мен таяудағы міндеттері» қарарларында кеңестік аппаратты тазартып, фабрикалар мен заводтардың еңбек ұжымдарында шыңдалған жаңа кадрлармен алмастыру қажеттігі атап көрсетілді. Конференция партия мен кәсіподақтардан жоғарылатылғандарды жұмыстарға тағайындап, дайындау жұмыстарына көңіл бөлу қажеттігін талап етті [310, 646-647 б.]. Осыдан кейін мемлекеттік аппараттың қатарын тазарту жоғарылатылғандардың сандық және сапалық жағынан өсуіне ықпалын тигізді.
1929 жылдың соңы мен 1930 жылдың басында БКП(б) Өлкелік комитеті жоғарылатылғандардың бірінші өлкелік кеңесін шақырды. Жұмысшыларды жоғарылатылу барысында жіберілген кемшіліктер талданды. Жекелеген шаруашылық басшыларының оларға дұрыс көзқарас танытпай отырғандығы сыналды. Әрине бұл өз уақытында дұрыс көзқарас болғанымен, қазіргі тарихи көзқарас тұрғысында талдасақ, басшылық пен жоғарылатылғандардың арасынан жау іздеудің қажеті де жоқ еді. Осы кеңестің қорытындысына байланысты Өлкелік комитет 1930 жылы қаңтарда «Жоғарылатылғандар жұмысы жайлы» арнайы қаулы қабылдап, жоғарылатылған кадрларды одан әрі бекітіп, өсіру үшін, қолайлы жағдай туғызу жөнінде мәселе қарастырылды. Үкіметтің қабылдаған қаулылары тоталитарлық басқару жүйесі кезеңіндегі партияның құнды құжаттары есебінде саналғандығын аңғарамыз. Өлкелік комитеттің үгіт-насихат бөлімдерінде жоғарылатылғандардың саяси және техникалық сауаттылығын арттыру үшін арнайы мектептер ұйымдастырылды.
Пленумның шешімдері бойынша партия қызметкерлерін, жас жоғарылатылғандарды партия, кеңес және шаруашылық жұмыстарынан еліміздің жоғары оқу орнына жыл сайын жіберіп отырудың жоспары жасалды. Партиялық мыңдықтар қатарына ұлттық республикалар мен облыстардың жоғарылатылған кадрлары енді.
1930-шы жылдардың басында практик кадрларға деген сұраныс өзінің мәнін бірте-бірте жоғалта бастады. Жұмысшы-өндірісшілерді басқару аппаратына тарту және көптеген тазарту мен анықтау науқандарының жүргізілуі станок жанында тұрған жұмысшылардың басым бөлігін негізгі жұмысынан алаңдатты. Бұл жөнінде 1930 жылғы 20 қазандағы БКП(б) ОК-нің «Халық шаруашылығын жұмыс күшімен жоспарлы түрде қамтамасыз ету және тұрақтамаушылықен күрес шаралары жөніндегі» қаулысынан айқын аңғаруға болады. Онда жұмысшылар мен техникалық персоналдың үлкен тұрақтамаушылығы жайлы мәселе көтеріліп, шаруашылық органдары мен кәсіподаққа өндірістегі маманданған жұмысшы кадрларын сақтау мақсатында соңғы екі жылда станок жанындағы жұмысшыны басқару аппаратына жоғарылатқанда, өндірістегі және кәсіби қызметі бағытын сақтау керектігі ескертілді.
1930-шы жылдары жоғарылату өндірістік жолмен және кәсіподақ жұмысы арқылы жүргізілді. 1930 жылы өндірістегі әртүрлі басшылық қызметке, партия және мемлекеттік аппарат қызметіне үш мыңға жуық адам жоғарылатылса, оның ішінде 1700 қазақтар. Бірақ жұмысшылар мен шаруаларды жоғарылату жүйесі 1930 жылдардың басында бәсеңдей бастағанын аңғарамыз. Себебі интеллигенцияның қатары кеңестік жоғары оқу орындарын аяқтаған жұмысшылар мен шаруалардың балаларының есебінен барынша толыға түскен еді. 1930 жылғы БКП(б) Қазақ өлкелік комитетінң VІІ Бүкілқазақтық партконференциясының есебінің материалдарында қазақ кадрларының округтік кеңес аппараты құрамында 1927 жылы небәрі 13,4 пайызды құрағандығы, ал 1929 жылы өлкелік мемлекеттік аппаратта - 23,5 пайызды құрап отырғандығы айтылды [311, 73 б.]. Ұлттық жұмысшы табының осы кезеңде санының аз болуына байланысты оларды басшылық орындарға жоғарылатуда кері ықпалын тигізді.
Қазақстанның мемлекет басшылығы жоғарылатылған жұмысшылар мен кедей шаруалардың мемлекет аппараты пен шаруашылықты басқаруына қолайлы жағдайлар жасау жөнінде шаралар қабылдады.
Бұл шаралар негізінен жұмысшылар құрамында маманданған өнеркәсіп кадрларын жасап, олардың мәдени-техникалық деңгейлерін үнемі көтеріп отыру жұмыстары еді. Осы істерді жүзеге асыруда ауыр индустрияның Түрксіб құрылысы, Қарағанды бассейні, Балқаш комбинаты, Шымкент қорғасын заводы сияқты объктілер шешуші рөл атқарды.
Түрксіб құрылысының салынуы ұлттық жұмысшы табы мен өндірістік-техникалық интеллигенция кадрларын толықтырудың мектебіне айналды.
Бар – жоғы бір жарым жылдың ішінде бұл маңызды құрылыс объектісін салуға 10000 аса жұмысшы-қазақтар жұмылдырылды. Осы жөнінде «Формирование казахского пролетариата. Алма-Ата, 1930» зерттеу еңбекте толық мәлімет беріліп, осы кезеңде әртүрлі қысқа мерзімді курстар жүйесі бойынша білікті кадрлардың жаппай көлемде даярлана бастағандығы талданған. Тек 1929 жылы 2962 жұмысшы-теміржолшылардың (оның ішінде 1483 қазақтар), екі мыңға жуық жол тартушылардың даярланғандығын жазады [312, 15 б.].
1931-ші жылы инженер-техникалық кадрлардың қатарын толықтырудың бір жолы жоғарылатушылық болса, инженер мамандарды даярлаудағы партиялық басшылық рөлі зерттеуші ғалым К. Овсянников еңбегінде қарастырылды [240]. Еңбектің ерекшелігі сонда қарастырылып отырған мәселеге таптық мән берілген.
1933 жылы БКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің маңызды шешімдерінде Қарағанды көмір өнеркәсібіндегі жұмысты қайта құру қажеттігі жөнінде мәселе көтерілді. Қаулыда бассейндегі жоспардың орындалмауы, трестер мен шахталарда кеңселік-бюрократиялық басшылық әдістерінің кеңінен пайдалануына байланысты деп түсіндірілді. Трест басшылығы мен шахталарда инженер-техникалық қызметкерлердің рөлін өз деңгейінде бағаламайтындығы, маманданған инженер-техник қызметкерлердің участоктардағы басшылық орындар мен олардың көмекшілеріне арналған орындарға жоғарылатуға қарсылық білдіріп отырғандығы сынға алынды. Сондықтан участоктағы техниктер мен инженерлердің рөлін арттыруға мән беру қажеттігі атап көрсетілді. Маңызды өндірістік звенолардағы басшылықты нығайту үшін бригадаларды шахтадағы шаруашылық бірліктері есебінде санай отырып, Өлкелік Комитет 1933 жылы өндірістен қол үзіп дайындайтын тау-кен шеберлері, десятниктер, шахта басшыларының көмекшілері үшін арнайы курстар ашу қажеттігі жөнінде қаулы шығарды. Сонымен қатар шахтада жұмыс істейтін маманданған кадрлардың біліктілігін арттыру үшін кешкі білім беретін техникумдар ашу міндеті қойылды. Осы мақсатта Қарағандыға 30 жоғары маманданған мамандар жіберілгендігі көрсетілді [313, 43-48 б.]. Сол кезеңде билік басында отырған коммунистік партия мен Кеңес мемлекеті ескі мамандарды пайдалана отырып, жаңа жұмысшылар мен еңбекші шаруа ортасынан шыққан халықтық интеллигенцияны қалыптастыруды міндет етіп қойды.
Жоғарылатылғандардың табысты еңбек етуі үшін арнайы білім қажет ететіндігі белгілі. Сондықтан билік басындағылар жоғарылатылған кешегі жұмысшылар мен шаруалардың, ұсақ қызметкерлердің теориялық және практикалық біліміне ерекше мән берді. Жоғарылатылғандарды негізгі жұмыстарынан қол үздірмей жоғарғы оқу орындары мен мектептер жүйесі арқылы курстарда дайындауға көңіл бөлінді. Бұл жөнінде 1933 жарық көрген «Подготовка кадров в СССР 1927-1931 г.г.» деген тақырыпта жазылған еңбекте бүкіл Кеңестер елінде мамандарды сырттай даярлайтын 166 пунктердің бар екендігі онда 397933 адамның білім алғандығын жазады [314, 100-101 б.].
1933 жылы А. Хавиннің «Социалистическая индустриализация национальных республик и областей» деп аталатын еңбегі жарық көрді. Еңбекте жаңа ұлттық өндіріс аудандарының алдында тұрған міндеттерді көрсете отырып, «здесь предстоит выковать (и уже частично выковано) производстенно-техническую интеллигенцию из местных пролетариев и – что особенно важно – из националов. В кратчайший отрезок времени мы должны создать кадры высококвалифицированных инженеров, техников-хозяйственников из казахов, киргизов, башкиров, тюрков, абхазцев, грузин и т. д.» [315]. Әсіресе жергілікті жұмысшылардан, ұлт өкілдерінен өндірістік-техникалық интеллигенцияны қалыптастыруға аса назар аудару қажеттігін айтады.
1933 жылы «Итоги выполнения первого пятилетнего плана развития народного хозяйства Союза ССР» құжаттар жинағында «бірінші бесжылдықтың соңында 500 мыңға жуық практиктердің өнеркәсіпте, құрылыста, транспортта, ауылшаруашылығында, 200-мыңнан астамы басқа салаларда жұмыс атқарып жатқандығын жазды [316, 216 б.].
1935 жылы осы мәселе төңірегінде А.Е. Бейлин «Кадры специалистов СССР. Их формирование и рост» еңбегінде «Азамат соғысы жылдары басшылық орындарға (мемлекеттік аппаратты есептемегенде) 3500 жұмысшылар мен 2000-ге жуық шаруалар жоғарылатылды деген мәліметтерді береді [240, 9 б.].
Әрине, жетістіктер болғанымен, ол сол кезеңдегі жаңа талаптарға сай келмегендіктен, жұмысшыларды басшылық қызметке, өнеркәсіп, құрылыс, транспорт басшылығына кеңінен жоғарылату базасына айнала алмады. Себебі, осы кезеңде ірі өнеркәсіп, транпортта маманданған ұлттық жұмысшы кадрлары аз болғандықтан, өндірістік-техникалық интеллигенция қатарының практиктер есебінен толығуы баяу жүрді.
1920-1930-шы жылдары отандық тарихнамада Қазақстанның индустриялық дамуына сенімсіздік ұялап, «қазақ бәрібір жұмыс істемейді, ол далаға қарайды», «артта қалған көшпелі халық өнеркәсіптің ырғағын көтере алмайды», «қазақтар өнеркәсіп үшін бейімделе алмайды, олармен өнеркәсіп жоспарын орындай алмайсың» деп қазақтарға «ұлыдержавалық шовинистік» пиғылдардың әлі де болса сақталғандығы байқалды [317, 93 б.].
1940-шы жылы жарық көрген «Итоги развития народного хозяйства и культурного строительства Казахской ССР» деп аталған жинақта «1928 жылы 27 желтоқсанда ВКП(б) Қазақ Өлкелік Комитетінің Кеңейтілген пленумында Кадр мәселесін шешуде олардың жұмысына қолайлы жағдайлар туғыза отырып, белсенді жұмысшыларды, батырақтарды жауапты жұмыстарға кеңінен жоғарылату мәселесін шұғыл қоюды және олардың арасында партиялық-тәрбие жұмысын жолға қоюды талап етеді. Қазіргі кезде жұмысшыларды жүйелі түрде жоғарылатып отыруға, басшы кадрлардың арасында бірте-бірте жұмысшыларды көбейтуге батыл кірісу қажеттігіне» назар аударылды [318, 43-44 б.]. Қаулыдан жоғарылатушылықта кадрлардың таптық негіздеріне қатаң мән берілгендігі байқалады. Алдыңғы қатарлы жұмысшыларды әкімшілік-шаруашылық және басқа басшылық қызметтерге жаппай жоғарылату мәселесі сол кеңес өкіметі орнағаннан кейінгі билік басындағылардың алдына қойған негізгі міндетіне айналды.
1940 жылы Т. Губа мен О. Кузнецова «Большевик Казахстана» журналындағы мақаласында «Қазақстанның индустриализациялануы, Қарағанды, Балхаш, Шымкент, және Риддер қорғасын заводы, Ақтөбехимкомбинаты т.б. тамаша ұлттық жұмысшы табын тәрбиелеудің негізіне айналды. Жүздеген стахановшы-қазақтар қатардағы жұмысшыдан инженер-техникалық қызметкерлер деңгейіне көтерілді» деген қорытындыға келеді. Авторлар көзқарасынан индусриализациялау мен өнеркәсіп алыптарының құрылысы жұмысшы табын инженер-техникалық қызметкерлер деңгейіне дейін көтерді деген пікірді байқаймыз [256, 46 б.].
Жаңа интеллигенцияны оқу орындарында қалыптастыру бұл негізгі жолдың бірі болуға тиісті болды. Бұл үшін жоғары оқу орындары мен техникумдардағы оқытудың мазмұнын өзгертіп, бұрын оқыту мен тәрбилелеуді өз қолында ұстаған профессураны өзгерту қажет деп санады. Билік басындағылар бұрынғы оқытушы-профессорларға сенімсіздікпен қарады. Сондықтан бұл шараларды жүзеге асыру үшін большевиктерге біраз уақыт қажет болды. Кеңес үкіметі орнаған күннен бастап-ақ мыңдаған халық бұқарасының басшылары мен ұйымдастырушылары фабрикалар, заводтар, шахталар, транспорт, сауданы басқаруды қажет етті.
Сондықтан мемлекет пен билік басындағылар мұнан шығудың бірден-бір жолы - станок жанындағы алдыңғы қатарлы жұмысшы мен еңбекші шаруаны мемлекеттік, кооперативтік аппарат және қоғамдық ұйымдарды басқаруға жоғарылатуда деп санады. Әрине, халық арасында ұйымдастырушылық қабілеті бар, талантты адамдар да баршылық еді.
Жоғарылатушылық жаңа, кеңестік интеллигенцияны тек социалистік құрылыс үшін қалыптастырудың бірден-бір маңызды жолына айналды. Бұл мәжбүрліктен туындаған жағдай еді. Оны басқаша түрде шешуге болатын. Ескі интеллигенцияны кеңестік құрылыс қызметіне барынша тарту арқылы да талай мәселені шешуге болар еді. Бірақ оларға көп жағдайда идеялық, революциялық жағынан пісіп жетілмеген, халқына адал емес деп сенімсіздік көрсетілді.
Жоғарылатылғандардың кандидатурасы партия ұйымдарының жиналыстарында кеңінен талданып, егер партия мүшелері болмаса кәсіподақ жиналыстары мен, өндірістік кеңестерде жалпы еңбекшілердің талқысына салды.
Жоғарылату жүйесі партия ұйымдарының жетекшілігімен жасалып, Кеңес үкіметіне шын берілген әрбір жұмысшы мен шаруаға фабрика мен заводтардағы басшылық қызметке ғана емес, одақтық көлемдегі басшылық орындарға орналасуға мүмкіндік берді. Жоғарылатылғандар күндіз өздеріне жүктелген қызметтерді атқарса, кешке заңдарды, нұсқауларды, жоспарларды, бақылау мен, есепке алуды оқып үйренді. Арнайы, жалпы білім беретін мектептер мен курстарға қатысып, үлкен қоғамдық жұмыстар атқарды.
Кеңес өкіметі орнағаннан бастап, үкімет мамандарды жұмысшылар мен шаруалар қатарынан жаппай даярлауды ұйымдастырды. Сонымен бірге маманданған жоғары және орта арнаулы білімді талап ететін орындарға жұмысшы-практиктерді жоғарылату кеңінен қолданылды. Бұл интеллигенцияның әлеуметтік-саяси құрылымының түбегейлі өзгеруіне, санының күрт артуына әкелді. Осылайша қалыптасқан кеңестік еңбек интеллигенциясы жаңа социалистік қоғамның негізгі элементтерінің біріне айналды.
Практиктер тарихын жанама түрде болса да зерттеу еңбектерде қамтылуы қазақстандық тарихнамада 1950-ші жылдары байқала бастады.
1940-шы жылдардың соңы, 1950-ші жылдардың басында С. Бәйішев «Социалистическая индустриализация Казахстана», «Осуществление советского метода индустриализации на примере Казахстана» [319], Г.Ф. Дахшлейгер «История строительства Турксиба» [320], Н. Кийкбаев «История социалистической индустриализации Казахстана в годы первой сталинской пятилетки» [321] деген тақырыптарда кандидаттық диссертацияларын қорғап, тек индустрияландыру, өнеркәсіп тарихымен қатар жұмысшылардың қатарынан өндірістік-техникалық интеллигенцияны қалыптастыру мәселесіне де көңіл бөледі. Сталиндік цитаталарды қолданып, маркстік-лениндік-сталиндік методологиядан аса алмағандығына қарамастан, авторлар көптеген фактілік материалдарды ұсынады.
1950-ші жылдары интеллигенция тарихын философиялық тұрғыда зерттеген ғалым Х.З. Ақназаров «кеңестік интеллигенцияның қалыптасуының қайнар көзі кәсіпорындардың, фабрика және завод, колхоздар мен совхоздардан жоғарылатылғандар, социалистік жарыстың белсенділері, социалистік құрылыстың алдыңғы қатарлы ұйымдастырушылары деп ой қорыта отырып, социалистік жарыс жұмысшылар мен колхозшы шаруа қатарынан интеллигенция кадрларын даярлайтын мектепке айналып, кеңестік интеллигенцияның практиктер қатарынан жаңадан толығуының мектебіне айналды» деген болжам жасайды. Тек қана республикада 1937 жылдан 1940 жылға дейін партия-кеңес және шаруашылық басшылығы жұмыстарына 25. 740 адам жоғарылатылып, халық арасынан шыққан жаңа басшылық қызметкерлерінің кеңінен жоғарылатылуы жаңа интеллигенцияны қалыптастырудағы Кеңес мемлекетінің ірі жеңістерінің бірі болды деп пайымдайды [2, 11 б.]. Әрине, автордың еңбегі кеңестік кезеңде жарық көргендіктен, ресми методология тұрғысында жазылып, тек табыстар ғана көрсетілді.
Қарастырылып отырған тарихнамалық кезеңде диссертациялық зерттеулермен қатар, практиктер тарихына қатысты мақалалар, еңбектер де жарық көрді. Г. Чулановтың «Промышленность Казахстана в годы Советской власти» [134], Н. Киікбаевтың «Промышленность Казахстана в первой пятилетке» [195], С. Бәйішевтың «Великие социалистические преобразования в Казахстане» [132], А. Хавиннің «Караганда –третья угольная база СССР» [322], Г.Ф. Дахшлейгердің «Турксиб –первенец соцалистической индустриализации» [323], С. Нейштадтың «Социалистическое преобразование экономики Казахской ССР в 1917-1937 годах» [212], Н.Н. Даулбаевтың «Из истории превращения Караганды в третью угольную базу СССР» [324], П. Алампиевтің «Ликвидация экономического неравенства народов Советского Востока и социалистическое размещение промышленности: (Исторический опыт Казахской ССР)» [211].
Еңбектердің барлығының 1930-шы жылдары жарық көрген еңбектерден айырмашылығы шамалы, орталықтағы әріптестерінің ізімен жүргендігі байқалады. Зерттеушілер инженерлердің қатарын жұмысшылар мен шаруалардан толықтыруда жоғарылатушылықтың алатын орнын атап көрсеткен. Бірақ оған талдау жасалмаған. Тарихнамада партияның саясатын, сара жолын көрсетуге тиіс болды. Зерттеу жұмыстары сол кезеңдегі саяси жүйенің идеологиясынан аса алмады.
Мемлекет тарапынан практиктердің арнайы білімі жоқ екендігі, сондықтан олардан білім деңгейін арттыруға мән беру қажеттігі талап етілді. 1953 жылғы 7 қыркүйектегі КОКП ОК пленумының қаулысында осы мәселе қатаң сынға алынды. Онда «Көптеген облыстардың, өлкелердің және республикалардың партия, совет және ауыл шаруашылық органдары МТС-тердің басшы кадрларын іріктеп алу, орналастыру және тәрбиелеу ісімен қанағаттанғысыз шұғылданады, өнеркәсіптегі және ғылыми мекемелердегі инженер кадрларды МТС-тердегі жұмысқа тарту мумкіншіліктерін пайдаланбайды. Осының салдарынан қазіргі уақытта МТС-тердің директорлары, бас инженерлері және жөндеу мастерскойларының меңгерушілері болып жұмыс істейтін адамдардың едәуір арнаулы білімі жоқ практиктер. МТС-тер мен арнаулы станцияларда колхоздарда жұмыс істеуге керекті, жоғары дәрежелі агрономиялық және зоотехникалық білімі бар жеткілікті мамандар жоқ» екендігі жайлы дабыл көтерді [325, 439 б.].
КОКП ОК 1953 жылы 4-12 шілдеде өткен пленумында да өнеркәсіптің басшы кадрлары мен мамандары арасындағы жұмысты жақсарту жөнінде шаралалар қарастырылып, «2. ...жас мамандарды жоғарылатумен қатар таңдаулы практик-мамандарды да жұмыста жоғарылатып, олардың өндірістен қол үзбей техникалық білім алуына мүмкіндік туғызып отыру керек. Практиктер арасынан өндірістен қол үздірмей инженерлер мен техниктер даярлау кеңінен өрістетілсін...» деген қаулы қабылданды. Тоталитарлық басқару жүйесі кезеңінде мемлекет пен билік басындағылар бұйрықтар беріп, қаулы шығарғанымен, шын мәніне келгенде практиктерге жасалған қамқорлықты байқай алмаймыз [326, 88-89 б.]. КОКП құжаттары дерек көзі ретінде саналғанымен, біз қарастырып отырған мәселе төңірегінде белгілі бір көзқарасты бере алмайды.
Бұл жөнінде 1957 жылы жарық көрген «Советское строительство в аулах и селах Семиречья. 1921-1925 гг.: Сб. документов и материалов» жинағында 1921 жылы Жетісу облысында төмендегідей: Талдықорғанда – партиялық, Алматыда –жер-су реформаларын жүргізетін қызметкерлерге арналған курстар ашылғандығы жөнінде мәліметтер бар [327, 235,237,239, 245 б.].
Партияның ХХ съезінен кейін, өндірістік-техникалық интеллигенцияның қатарын толықтыру, зерттеу мәселесіне дифференциалды көзқараспен қарау талап етілді.
Қазақстан өндірістік-техникалық интеллигенцисы тарихын зерттеуші ғалым Е.Х. Мұхамеджанов кеңестік өндірістік-техникалық интеллигенцияның қатарын толықтыру, нығайту алдыңғы қатарлы жұмысшыларды өндірістен әкімшілік-шаруашылық қызметінде басшылыққа жоғарылату жолымен жүзеге асқандығын саралады. Жұмысшыларды басшылық қызметтерге жоғарылату мәселесі сол кезеңдегі партияның назарында болғандығын айтады. Мемлекет тарапынан бақылаудың болғандығын, конференция, өлкелік, облыстық, қалалық, аудандық партия ұйымдарының конференциялары мен пленумдарынан аңғаруға болады. Зерттеуші Е.Х. Мұхамеджанов қазақстандықтарға ұлттық кадрларды нығайтып, тәрбиелеуде Қазақстан мен Орта Азия республикалары арасындағы өзара келісімге сәйкес басшылық қызметке тағайындалған ұлттық қызметкерлерді өнеркәсіптік орталық аудандарға жолдамалармен жіберудің нақты жоспарлары жасалып, бекітілгендігін жазады. Таңдаулы казақ кадрларының Ярославль, Самара, Нижегород, Иваново-Вознесенскі мен Саратов губернияларында тәжірибеден өткендігін айтады [7, 205-206 б.].
Бұл жөнінде Е.Х. Мұхамеджанов 1928 жылы партиялықмыңдықтар енгізілгенде Қазақстан Орталық партия Комитетінің есебі бойынша 10 орын Москва мен Ленинградтың жоғары техникалық оқу орындарына бөлінгендігін мәлімдейді [7, 206 б.].
Мемлекет жұмысшылар қатарынан жаңа шаруашылық жоғарылатылған- кадрларларды жоғарылатып, жауапты қызметтерге орналастыру мақсатында өнеркәсіп академияларын ұйымдастырғаны белгілі. Соған сәйкес 1931 жылдың 17 шілдесінде «Өнеркәсіп академияларын облыстарда, өлкелерде және республикаларда ұйымдастыру жөніндегі» БКП(б) ОК шешіміне сәйкес, шығыс республикалары үшін жергілікті ұлт өкілдерінен өндірістік-техникалық интеллигенция басшы кадрларын дайындау мақсатында, Шығыс елдерінде жаңа өнеркәсіп академиялары ұйымдастырылды.
Е.Х. Мұхамеджанов «Осындай өнеркәсіп академияларының бірі – Свердловскіде ашылған Орал-Қазақстандық өнеркәсіп академиясы екендігін жазады. Орал-Қазақстандық өнеркәсіп академиясының Қазақстан үшін маңыздылығы тек мамандар дайындаумен шектелмей, ол сол кезеңде Қазақстанға таяу орналасқандықтан, оның экономикасымен байланысты болғандықтан ірі ғылыми-техникалық орталық ретінде үлкен рөл атқарды», - деп есептейді [7, 207 б.]. Шындығында жұмысшылар қатарынан жоғарылатылған практиктер өнеркәсіп академиясында тыңдаушылар ретінде біраз тәжірибе жинақтап, білімдерін толықтырды. Ірі өнеркәсіп орындарының партия органдары ұлттық кадрларды жоғарылатқанда ең алдымен партия, кеңес, кәсіподақ органдарындағы қызметтерге тағайындап, сонан кейін өндірістік-техникалық қызмет орындарына жоғарылатты.
Жоғарылатушылықпен маманданған кадрлар мәселесі шешілмейді және аппаратқа біздің жоғары оқу орындарымыздан шыққан жұмысшылардың балаларын үлкен көлемде жіберу қажет. Олар сауатты, оқыған және тамаша қызметкерлер бола алады [328, 225 б.] деп атап көрсетті. Бірақ мұнымен жоғарылатушылық толығынан тоқтатылды деп есептеуге болмайды.
Өлкелік және облыстық партия ұйымдары жұмысшылардың техникалық оқуларын ұйымдастырудың кеңейтілген жүйесін құрды. 1936 жылы мамандықтарын жетілдірудің әртүрлі курстарында 60 мыңнан астам адам қамтылса, 10395 –і өнеркәсіп пен транспорт саласының жұмысшылары болды.
Зерттеуші Е.Х. Мұхамеджанов осы курстарда оқитын жұмысшыларға арнап техникалық әдебиет жинақталғандығын, негізінен қазақ тіліндегі кітаптар екендігін айтады. 1936 жылы Қазақ мемлекеттік баспасы таралымы 4 млн. Дана тұратын 214 қазақ тіліндегі кітапты басып шығарса, оның 63 кітабы өндірістік-техникалық әдебиет тақырыбына арналғандығын саралайды [7, 208-209 б.]. Автордың көзқарасы бойынша, жұмысшы табы қатарынан жоғарылатылған кадрлар республика өндірістік-техникалық интеллигенциясының құрамының негізгі басым бөлігін алған. Зерттеушінің Казсовпрофқа байланысты материалдарды қолдана отырып, 1934 жылы 300 кәсіпорынның инженер-техник қызметкерлерінің арасында 1745 адам жоғарлытылғандар болса, оның 40 пайызы осы кәсіпорындардың инженер-техник қызметкерлерінің жалпы санына сәйкес келетіндігін мәлімдейді. Бұл кадрлардың негізгі бөлігін жоғарылатылған-қазақтар құрап отырғандығын айтады. 154 кәсіпорынның ұлттық құрамы жөніндегі берген мәліметтері бойынша, инженер-техник қызметкерлердің арасында 500–ден аса қазақтардың бар екендігін хабарлайды. Әсіресе мұнай, көмір өнеркәсібі кәсіпорындарының инженер-техникалық қызметкерлерінің құрамындағы жоғарылатылғандардың үлестік салмағының жоғары екендігін айтады. 1934 жылы Қарағандыкөмір тресіндегі инженер-техник қызметкерлердің арасында жоғарылатылғандардың 46 пайыз құрап отырғандығын көрсетеді. Басшылық әкімшілік-шаруашылық қызметтеріне осы уақыт ішінде жоғарылатылған жұмысшылардың қатарында Т. Күзембаев, К.О. Горбачев, С. Зурбаев, Д. Омаровтардың бар екендігін атап көрсетеді.
Шахта басшысы қызметіне тағайындалған Қарағандының қарт шахтерлерлерінің бірі – Түсіп Күзембаев 1937 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланып, ұзақ жылдар бойы КСРО-ның ауыр өнеркәсіп Халық Комиссариаты жанындағы Кеңестің мүшесі қызметін атқарғандығын мәлімдейді. Қарт Донецк шахтері коммунист К.О. Горбачев «Қарағандыкөмір» тресінің басшысы жоғарғы лауазымдық қызметке көтерілгендігін қарастырады. С. Зурбаев төңкеріске дейін де мұнай кәсіпшілілігінде жұмыс атқарып, бірінші және екінші бесжылдық жылдары техникалық біліктілікті иемденіп, Доссор кәсіпшілігінде директорлық қызметке жоғарылатылғандығы жайлы да мәлімдейді [7, 209 б.]. Д. Омаровтың Түрксіб құрылысына шала сауатты жұмысшы ретінде келіп, құрылыс басқармасы басшысының көмекшісі қызметіне жоғарылатылғандығын айтады [7, 210 б.]. Е.Х. Мұхамеджанов Түрксіб құрылысында 1934 жылы инженерлік-техникалық қызмет орнында 540 практик-жоғарылатылғандардың қызмет атқарып жатқандығын мәлімдейді [7, 88 б.]. Автор Сталиннің жеке басына табынушылықтың кеңестік интеллигенция кадрларын арттыруға және тәрбиелеуге нұқсан келтіріп, социалистік заңдылықтың бұзылғандығын, мұның әсері өндірістік-техникалық интеллигенцияға да әсер еткендігін жазады [7, 215 б.].
Автор жоғарылатушылық Кеңес өкіметіне ескі қоғамнан келген дипломды мамандардың зәрулігіне байланысты туындап отыр деп пайымдайды. Кеңестік мамандар қатарын 20-30-шы жылдары толықтырудың маңызды жолдарының бірі – жоғарылатуышылыққа мән беріп, хронологиялық шектерін, пайдалану жолын көрсете білген.
Кеңестік тарихнамада ой және дене еңбегімен еңбек ететін қызметкерлерлерге мән беріле бастағанда, ең алдымен өндірісте еңбек ететіндерге көңіл бөлінді. Жұмысшы табын өндірістік үдерістің басты қозғаушы күші ретінде қарастыруға үлкен жауапкершілікпен қарады. Ал интеллигенцияның қалыптасуы мен қызметіне келгенде, еліміздің әлеуметтік-мәдени дамуын зерттеудің басты мәселесі болса да, аса зор көңіл бөлінбеді.
1960 жылдары Ж. Қарағұсов интеллигенцияның қатары алдыңғы қатарлы жұмысшылармен толықты дей келіп, өнеркәсіп орындарының алдыңғы қатарлы адамдары әртүрлі курстарда дайындықтан өткеннен кейін, өнеркәсіптің басшысы қызметіне жоғарылатылғанын айтады. Жоғарылатылған-практиктер қатарынан өнеркәсіп өндірісінің шеберлері, кеңестік интеллигенцияның лайықты өкілдері шықты», - деп саралайды [3, 60-61 б.]. Кеңестік идеология негізінде жазылған еңбекте тек социалистік құрылыс жағдайында ғана сауатсыз қаражұмысшы өнеркәсіптің ірі басшыларының бірі деңгейіне жете алды деп тұжырымдайды [3, 61 б.].
1960 жылы зерттеушілер А. Беккулов пен К. Мизамбековтордың практиктер тарихына қатысты зерттеу еңбегінде құрылыста тұрақты оқу комбинаттары мен жұмысшы–құрылысшыларға арналған алтыайлық курстардың ұйымдастырылғанын хабарлайды. Болашақ магистрал үшін маманданған кадрлар даярлайтын ұзақ мерзімді курстар, кәсіби мектептер мен техникумдардың Алматы, Семей қалаларында ұйымдастырылғанын саралайды [329, 23 б.].
1960-1970-ші жылдардың тарихнамасында анықтамалардың алатын орны бар. 1962 жылы жарық көрген анықтамалықта жаңа өндірістік-техникалық интеллигенция кадрларының санын арттырып және пайдалану барлық жерлерде өз деңгейінде өтпегендігін байқаймыз. 1931-1933 жылдары Қарағанды көмір бассейнінде өндірістік-техникалық кадрларды орналастырып, тәрбиелеуде, жоғарылатуда кейбір кемшіліктердің орын алғандығын аңғардық. 1931 жылы бассейн шахталарында екі мың жұмысшыға 26 инженер-техник қызметкерлерден келгендігі (оның ішінде 4 инженер мен 3 техниктің ғана арнайы білімі бар екендігі айтылған. Анықтамалықта осыдан бастап, шахтаның инженер-техник қызметкерлерінің қатары әкімшілік-шаруашылықтағы басшылық орындарына алдыңғы қатарлы жұмысшыларды жоғарылату есебінен және еліміздің басқа аудандарынан мамандарды тарту арқылы толыққандығы жазылды [330, 278 б.].
Ғалым Р. Меликова 1964 жылы жазған ғылыми мақаласында мұрағат құжаттарын саралай отырып, «Түрксіб партия ұйымы жұмысшыларға интернационалдық тәрбие беру мәселесіне үлкен көңіл бөліп отырғандығын, әсіресе қазақ жұмысшыларын басшылық орындарға жоғарылатуға ерекше мән беріп отырғандығы жайлы құжаттарды ұсынады [331, 216 б.].
Ғалым Б.Н. Әбішева 1965 жылы жарық көрген еңбегінде 1946-1960 жылдары практиктердің білімін жетілдірудің кең таралған формаларының бірі –бағдарламада техникалық жаңалықтармен, өндіріс міндеттерімен таныстыруды, еңбекті ұйымдастыруды, экономика негіздерін оқуды көздеген социалистік еңбек курстары болды деп ой түйіндейді. Осы төңіректе 1953 жылы Қарағанды көмір бассейнінің шахталарындағы мұндай курстарда 600 тау-кен мастерлері оқып шыққандығын, 500 адам техникалық қауіпсіздік және техниканы іске қосу ережелері бойынша курстар тыңдап, емтихан тапсырғандағын дәлелдейді [332, 70 б.].
Тарихнамада өндірістік-техникалық интеллигенция құрамындағы практиктер жайлы өзіндік пікір білдірген ғалымдардың бірі - В.Я. Басин. Еңбекте Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі практиктер мәселесіне байланысты мәліметтер берілген. Автор соғысқа дейінгі 1940 жылдары Ембінің мұнай кәсіпшіліктерінде 163 инженер-техникалық қызметкерлерге деген сұраныс туындағандығын айтады. Ондағы 653 инженер-техниктердің 371 ғана дипломы бар (192-инженерлер және 179-техниктер), олардың 45 ғана қазақтар, қалған 282 адамның теориялық даярлықтары жоқ практиктер екендігін жазады [270 ,86 б.].
Соғыс жылдарында Қазақстанның ауыр өнеркәсіп орындарын жоғары және орта маманданған мамандармен қамтамасыз ету маңызды орын алғандығын, учаске басшылары мен механиктер қатарында практиктердің үлестік салмағының басым екендігін атап көрсетеді. Инженерлік-техникалық қызметкерлер қатарына үлкен еңбек тәжірибесі бар кенші-қазақтардың жұмылдырылғандығын да айтады. 1943 жылдан бастап, өндірістен қол үзіп даярлайтын басшы қызметкерлердің алты айлық курстары жұмыс істей бастағандығын да жазады. Еңбектен көмір трестерінде учаске басшылары, мен механиктері, десятниктерге арналған курстар ашылғандығы жайлы мәліметтер бар. В.Я. Басин жүргізілген практикалық шараларға байланысты даярланған басшы инженер-техник қызметкерлердің саны күрт артқандығын мәлімдейді [270, 88 б.].
1960-шы жылдардың соңында жарық көрген монографиялық зерттеулерінде Р.Б. Сүлейменов пен Х.И. Бисенов «техникалық мамандар қатарын ұсыныс арқылы жоғарылату саясатының барысында көптеген жұмысшылар мен шаруалар өкілдері жоғарылатылды. Бір ғана Түрксіб құрылысында 540 адам инженер мен техниктер қызметін атқарды»,- дей келіп, жұмысшылар мен шаруалар арқылы инженер-техникалық қызметкерлер қатары толықтырылды деген көзқарастарын білдіреді [5, 195 б.].
Ауыл интеллигенциясының қатары келген мамандармен ғана толыққан жоқ. Ауыл мәдениетінің дамуы, село-ауылды мекендердегі мектептер, курстар, училищелер, техникумдардың кеңеюі, басшылық орындарға қабілетті, жауапкершілігі мол колхозшыларды батыл жоғарылату республика ауыл шаруашылығы интеллигенциясының қатарын деревнялар мен ауылдардан келетін жаңа күштермен толықты деп саралайды [5, 198 б.].
«Советская интеллигенция» анықтамалық жинағында азамат соғысы аяқталғаннан кейін, жаңа экономикалық саясат пен халық шаруашылығын қайта қалыпқа келтіру жылдары, жоғарылатушылық мемлекеттік аппарат қызметін жақсарту мен оны халық бұқарасына қарай жақындастыруды мақсат етіп қойды. Жоғарылатылғандар қайнаған халықтың ортасында жүрді. Мұны деректік құжаттар растайды. «Өнеркәсіпті қайта құру және ауыл шаруашылығын ұжымдастыру жылдары жоғарылатушылық социалистік экономика үшін көптеген ұйымдастырушы кадрларды берді. Бірінші бесжылдықтың соңында кеңестік интеллигенция жоғарылатылғандар есебінен 800-900 мың адамға артқандығын айтады. Еңбекте «Кеңес мемлекеті өзінің жеке интеллигенциясын жасаудың міндетін екі бағытта шешкендігін көрсетілді: жұмысшылар мен шаруаларды жоғары және орта арнаулы оқу орындарында даярлау және басшылық және ұйымдастырушылық жұмыста қабілеті бар алдыңғы қатарлы жұмысшылар мен шаруаларды жоғарылату». Жоғарылатушылықты тағайындау партия комитеттері немесе ведомтволарын қандай қызмет көлемін атқаратындығына қарамастан жүргізгендігі сараланған» [333, 132-133, 134, 139, 146 б.].
«Социалистическое строительство Казахской ССР» құжаттар жинағында, 1927 жылы өнеркәсіп қызметкерлерінің құрамындағы қазақ жұмысшыларының үлесі - 23,4, қызметкерлер - 4,6, кіші қызметкерлер - 17,5 пайызды ғана құрағаны кеміте көрсетілген.
«Национальная политика ВКП(б) в цифрах» жинағында 1929 жылғы республиканың нақты өнеркәсіптегі жұмысшылар мен қызметкерлер саны 2595 жұмысшылар мен қызметкерлер болса, оның маманданғаны -718 ғана екендігін алға тартады.
Ғалым Н.Н. Дауылбаев 1970-ші жылдары жарық көрген еңбегінде үшінші бесжылдықтың алғашқы жылында көмір бассейнінің партия, комсомол, кәсіподоқ және шаруашылық ұйымдарының алдында тұрған мынадай міндеттерді көрсетеді:
а) жаңа кадрларды зерттеу және жоғарылату, дұрыс орналастыру керек;
б) техникалық оқуларды ұйымдастырып және жетілдіру, жұмысшылар мен инженер-техникалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру керек;
Мұрағат құжаттарының негізінде басшылық қызметтерге 242 адамның жоғарылатылғандығын, олардың көпшілігінің инженер-техникалық қызмет орындарына тағайындалып, 72-нің партия мүшесі, 32- комсомол мүшесі екендігін ескертеді. Демек жоғарылатушылыққа саяси мән берілгендігі айқындалып отыр [278, 199-200 б.].
1970-ші жылдары жарық көрген Д.А. Шаймұхановтың монографиялық еңбегінде Қазақстандағы практиктердің беделінің бірте-бірте төмендей бастағандығы қажетті тәжірибе жинақтаған жас мамандарды олардың орнына жауапты қызметтерге жоғарылатқандығымен байланыстырады [334, 45 б.].
Инженер-техник кадрлардың қатары соғыстан кейінгі алғашқы жылдары негізінен кеңес Армиясы қатарынан оралған солдаттар мен офицерлермен толыққанын ғалым М.Х. Асылбеков өзінің Қазақстанда теміржолшылардың қалыптасуы тарихына арналған зерттеу еңбегінде көрсеткен. Ұлы Отан соғысынан оралған П.П. Адушевтың Аякөздегі Түрксіб вагон жөндеу пунктіне механикалық цех мастері болып орналасқандығы жайлы айтады [335, 211 б.].
Ауылшаруашылығы интеллигенциясы тарихын зерттеуші ғалым В.И. Зорин пікірінше, ауыл мен селолық мекендердегі мектептер мен курстар, училищелер мен техникумдар жүйесінің кеңеюі, қабілетті жұмысшылар мен жұмысшы әйелдерді, колхозшыларды батыл түрде жоғарылату халықтың алдыңғы қатарлы өкілдерін ауылшаруашылығы интеллигенциясының қатарына үздіксіз ағылуын қамтамасыз етіп, оның әлеуметтік табиғатын да өзгерткен [336, 17 б.].
Ауыл шаруашылығындағы өндірістік-техникалық интеллигенция құрамындағы практиктер тарихына байланысты мәліметтер В.К. Савосько мен И.Ш. Шамшатов еңбегінен де кездеседі. Авторлар баспасөз материалдарын сұрыптай отырып, 1954 жылы зоотехниктер арасында практиктер - 35%, агрономдар арасында - 19% құрап отырғандығы жөнінде мәліметтер келтірген. Әсіресе 1960-шы жылдардың басында колхоз председательдерінің сапалық құрамының едәуір жақсарғандығын саралап, олардың арасында 1958 жылы 637 практиктер болса, 1967 жылы 110-ға түсті, немесе, 42,2%-дан, 25,2%-ға кеміді деген фактілерді көрсеткен. Демек біз авторлардың көрсеткен мәліметтерінен практиктердің жыл өткен сайын үлестік салмағының кеміп отырғандығын байқаймыз. Техникалық үдерістің дамуы, колхоз басшыларынан жаңаша білімді талап етті. Сондықтан осындай объективті себептер оларды ығыстырды деген көзқарасты айқын аңғарамыз [285, 85-87 б.].
Интеллигенция тарихын тереңнен зерттеген ғалымдардың бірі – Ш.Ю. Тастанов «Жоғарылатушылық интеллигенция кадрларын қалыптастырудың социализм жүйесіне ғана тән ерекше жолы. Соның арқасында партия мен қысқа мерзім ішінде кадрларға деген қажеттілікті алдыңғы қатарлы жұмысшы мен шаруалар өкілдерін тарту жолдары арқылы қамтамасыз етті», - деп көрсетеді. Тіптем село интеллигенциясының қатары неғұрлым даярланған жұмысшылар мен шаруаларды басшылық орындар мен мамандар қатарына жоғарылату арқылы толыққандығын айтады. Жоғарылатылғандар партия, кеңес, шаруашылық қызметтерімен айналысып, білім беру жүйесі мен мәдениет саласында еңбек еткендігін, оларға арналып өздерінің сауатсыздықтарын жоятын, мәдени және саяси дүниетанымын кеңейтетін қысқа мерзімді курстар ұйымдастырылғандығын жазады [151, 62,78,84 б.]. Жұмыс кеңестік кезеңде жазылып, көзқарастарының маркстік-лениндік методологияға арқа сүйегендігіне қарамастан, тарихи фактілердің құндылығының ерекше екендігін атауға болады. Біз зерттеушінің Қазақстанда жоғарылатушылық практик өндірістік–техникалық интеллигенцияны қалыптастырудың жолдарының бірі деген пікіріне келісеміз. Ш.Ю. Тастановтың келесі еңбектерінің бірінде «1930-шы жылдардың ортасында республика өнеркәсібінде жоғарылатылған практиктердің 49 пайыз құрап отырғандығы, оның ішінде, көмір өнеркәсібінде – 46, мұнай – 57, Түрксібте - 54 пайызға жеткендігі сараланған [9,70 б.].
Ғалым Ю.И. Романовтың Қазақстанда электрификациялауды жүзеге асыру тарихына арналған еңбегінде Үлбі ГЭС-да 1929-1932 жылдары еңбек еткен энергетиктердің тәжірибелі мамандарға айналып, алғашқы қазақ инженер-энергетиктер Ж. Байғазиев пен Р. Сабатаев үшін өмір мектебіне айналғандығын талдаған [337, 105 б.]. Өндірістік-техникалық интеллигенция қатарының өндірістен қол үзбей еңбек отырып, жұмысшылар мен колхозшылардың орта арнаулы және жоғары оқу орындарына түсіп, жоғарылатылғандардың қатарында басқа респуликалардан келген жұмысшы кадрлардың да бар екендігі белгілі болды. Ю.И. Романов 1960-шы жылға дейін инженер-техникалық қызметкерлер арасында практиктер әлі де болса көп екендігін, мысалы 1964 жылға дейін арнайы білімі жоқ, бірақ электрстанцияларда инженер-техникалық қызмет орындарында істеп жатқандардың - 34,3 құрап жатқандығын, Қазақстан электрэнергетикасы кәсіпорындарындарындағы инженер-техникалық қызметкерлердің сапалық құрамында 1966 жылы арнайы білімі жоқ адамдар саны 33,1 пайызды құраса, 1970 жылы 21,7 пайыз ғана қалып, азайғандығы байқалатындығы жайлы фактілерді келтіреді. Ұсақ және орташа электрстанцияларға қарағанда ірі электрстанцияларда практиктердің үлестік салмағының аз екендігін айтады. Практиктердің үлестік салмағының азаюы, олардың өз біліктілігін арттырып, жоғары оқу орындары мен техникумдарда арнайы білімдерін артырумен байланыстырады [337, 250-251 б.].
1977 жылы зерттеуші Т.Н. Зозуляның еңбегінде де практиктер мәселесіне орын беріліп, «Өндірістің ауқымының кеңеюі, ғылымның жетістіктері, жаңа техника басшылары мен мамандардан үлкен кәсіби білімді талап етті.Олардың қатарында практиктер аз емес еді. Мысалы, 1965 жылы Ертіс өңіріндегі жалпы агрономдар, ветқызметкерлер, зоотехниктер ішінде практиктер 20% құрайды. Әсіресе колхоздардағы ферма меңгерушілерінің құрамында практиктердің үлестік салмағы үлкен. Ертіс өңіріндегі үш облыстың 90 колхоз председательдерінің 39-ның орта білімі де болған жоқ.
Басшылық қызметтегі адамдарды механикалық жағынан ауыстыру деген, деревнядағы олардың ұзақ жылдар бойы жинаған тәжірибесін пайдаланбау. Партия дұрыс шешім тапты – басшы кадрлар мен мамандарды жаппай қайта даярлықтан өткізуді ұйымдастырды деп негіздейді [338, 50-52 б.]». Ресми әдіснамадан аса алмаса да, біз зерттеушінің еңбегінен практиктердің тәжірисін пайдалану үшін оларға арнап біліктілікті жетілдіру мектептерінің, факультеттерінің, семинар-кеңестердің ұйымдастырылғаны жайлы фактілерді байқадық.
1978 жылғы 13 наурыздағы КОКП ОК КСРО құрылыс министрлігінің басшы және инженер-техник кадрлар жөніндегі жұмысы туралы қаулысында «Линиялық инженер-техник қызметкерлердің арасында күні бүгінге дейін едәуір адамның білімі жоқ...» екендігі сынға алынды [339, 58-59 б.].
Зерттеуші ғалым Х.М. Мадановтың еңбегі де партия тарихы тұрғысында жазылғандығына қарамастан, 1950-ші жылдары мамандарды таңдап ауыл шаруашылығын білетін, үлкен еңбек тәжірибесі мен басқарушылық қабілеті бар практиктерді жоғарылату ең өзекті міндеттердің бірі болды деп тұжырымдайды [288, 199 б.]. 1980-ші жылдары жарық көрген монографиялық еңбегінде Х.М. Маданов: «1945 жылдары республика совхоздарының бас инженерлері ретінде негізінен практиктер еңбек етсе, 1953 жылы олардың үштен бір бөлігі дипломды мамандарға айналғандығын, оған республикамыздағы жоғары оқу орындары жүйесінің кеңеюі әсер етті», - деген ойын білдіреді [288, 237 б.].
1970-ші жылдардың соңы мен 1980-жылдардың басында практик инженер-техниктердің тарихнамада қарастырылуы азая бастады. Себебі біздің пайымдауымызша, ғылыми-техникалық үдерістің дамуы, жоғары және орта арнаулы мамандардың санының артуына байланысты, практиктерді арнайы зерттеу нысаны ретінде қарастыруды қажет ете қоймады.
Практиктер тарихнамасында құнды фактілерімен ерекшеленетін еңбектердің бірі – А.Г. Сармурзиндікі. Зерттеуші практиктерді сатылап жоғарылату мәселесіне көңіл бөледі. Ащысай полиметалл комбинатында сол кезеңдегі талапқа сай келетін басшы мамандарды қалыптастыруда атқарылып отырған жұмыстарға тоқтала отырып, қарапайым жұмысшыдан бастап басшы қызметтерге жоғарылатудағы комбинат басшылығының маңызды істерін атап өтеді [277, 136 б.]. Еңбек ресми методология тұрғысында жазылғандығына қарамастан, біраз қызықты тарихи фактілерімен құнды. Зерттеуші Өскемен қорғасын-мырыш комбинатындағы партком жұмысында басшы және инженер-техникалық қызмет орындарына жұмысшы-жаңашылдарды, еңбек озаттарын жоғарылату дәстүрге айналғандығын баяндайды [277, 140 б.]. Автор тоғызыншы бесжылдықтың алғашқы бір жарым жылында ғана басшылық және инженерлік-техникалық қызметке жоғарылатылғандар 140 адам болса, оның 70-і тікелей жұмыс орындарынан ауысқандығын айтады.
Жеңіл өнеркәсіп тарихы саласын зерттеумен айналасқан ғалымдардың бірі - С.Қ. Жақыпбеков жыл өткен сайын кәсіпорындарға жас мамандардың келуімен байланысты инженерлік-техникалық қызмет орындарындағы практиктердің саны азайып жатқанын, 1946 жылы практиктердің үлестік салмағы 67,7% , 1952 жылы – 51,4% , ал 1956 жылы - 49,3% құрағандығын айтады.
Автор алайда практиктердің әлі де болса инженер-техник қызметкерлердің жартысын құрап отырғандығын дәлелдейді. Олардың қатарында көп жылдық өндірістік еңбек өтілі болған қызметкерлердің болғандығына, белсенділігімен көзге көрініп, өздеріне бекітілген міндеттерді жауапкершілікпен атқарғандығына қарамастан, олардың көпшілігінің орта арнаулы және техникалық білімі жеткіліксіз екендігін ескертеді [340, 182 б.].
Ғалымдар Р.Б. Сүлейменов пен Х.М. Әбжанов 1982 жылы жарық көрген еңбегінде «республика колхоздарындағы инженер-техник қызметкерлердің жартысынан астамы практиктер болды. Ауылдық жерде тұратын түрлі ұлт мамандарының білім деңгейлеріндегі айырмашылықтар бірте-бірте азая берді. Елуінші жылдардың аяғына қарай 10 жастан асқан 1000 ауыл тұрғынына жоғары білімді 7 қазақ, 12 орыс, 9 украин, 11 өзбек, 16 татардан келетін» деген мәлімет келтіреді. Авторлар практиктер мен мамандар арасындағы айырмашылықтардың азая бастағандығы жайлы мәліметтерді ұсынады [341, 16 б.]. Р.Б. Сүлейменов «Великий Октябрь и культурные преобразования в Казахстане» деп аталатын 1987 жылы жарық көрген еңбегінде «Жоғары оқу орындарының болмауы, саяси басшылық және жаңа қоғамдық өмірдің басқа салалары кадрларына деген үлкен сұранысты саны аз техникумдардың қамтамасыз ете алмауы аз уақыт ішінде кадрларды жаппай даярлап, еңбекшілерді елдің қоғамдық-саяси өміріне кеңінен тартуға ықпал етті. Сондықтан алдыңғы қатарлы жұмысшылар мен шаруаларды басшылық қызметтерге алғашында мемлекеттік, саяси, артынан халық шаруашылық, экономикалық салаларда жоғарылату әдісі жолымен шешті», - деп жазады [341, 44 б.]. Р.Б. Сүлейменов Қазақстанда мұндай әдістің қолданылуы, біріншіден, жұмысшы табының санынының аз болуына, оның саяси сауатсыздығы, ұйымдаспағандығы, екіншіден, патриархалдық-феодалдық дәстүрлердің әлі күшінде болуы, шаруа бұқарасының шектен шыққан артта қалуына байланысты деп түсіндіреді. Жоғарылату барысында кеткен кемшіліктерге тоқтала отырып, автор, жергіліктедіру мен жоғарылату ісін ғылыми жолға қою керек еді деп түсіндіреді. Біріншіден, шамалы болса да сауаты бар және ұйымдастырушылық қабілеті бар адамдарды қою керек еді, екіншіден, жоғарылатылғандарды курстар, дайындық бөлімдері, рабфактар, арнайы оқу орындарында ашылған (коммунистік университеттерде, кеңестік партия мектептерінде т.б.) үздіксіз және тұрақты оқытып, тәрбиелеу қажет еді деп ашып көрсетеді. 20-шы жылдары жергілікті ұлт өкілдерінен шығып, жоғарылатылғандар туысқан республикалар мен әсіресе Ресей мен Украина, Москва, Ленинград, Донецкінің ірі өнеркісіп орындарына оқуға және тәжірибе алмасуға жіберілгендігін баяндайды [341, 45 б.].
Сонымен 1960-шы 1980-ші жылдардың бірінші жартысында өндірістік-техникалық интеллигенция қатарын практиктермен толықтыру мәселесінің еңбектерде қамтылуы сан және сапа жағынан артты. Нәтижесінде отандық тарихнамада жоғарыда аталған авторлардың еңбектерінде қарастырып отырған мәселе төңірегінде теориялық жекелеген тұжырымдар жасауы қазіргі кезеңде де қызығушылық танытып отыр. Алайда зерттеушілердің кінәларынан емес, қалыптасқан методологиялық ұстанымдарға байланысты, әсіресе тарих ғылымында қандай бір тарихи оқиғаларға болмасын таптық мән берілуі қажет болды.
Зерттеп отырған мәселе төңірегінде объективті нақты көзқарастар 1980-ші жылдардың екінші жартысы мен 1990-шы жылдардың басында пайда болды. Бұл кезеңде кеңестік мемлекеттің және империялық тоталитаризмнің, коммунистік партия билігінің әлсіреуі «қайта құру» кезеңі деп аталған уақытта жариялылық пен демократияның пайда болуы ұлттық сананың белсенділігінің артуына, тарихи шындықтың қалыптасуына әсер етті.
Осы кезеңде 1987 жылы жарық көрген интеллигенция тарихына арналған анықтамалықтың кеңес мемлекетінде жоғарылатушылық жүйесі арқылы кеңестік интеллигенция қатарын толықтырудың ел өмірінде атқарар орны маңызды болды. Кеңестік интеллигенция анықтамалығында «жоғарылатушылық социалистік интеллигенцияны тікелей практикалық жұмыста жұмысшылар мен еңбекші шаруалардан дайындаудың негізгі жолдарының бірі болды. Оның нақты анықталған таптық, саяси бағыттылығы – еңбекшілер ортасынан шыға отырып, басқару аппаратын нығайта білуінде»-деп баға берілді [52, 36 б.].
Кеңестік интеллигенцияны қалыптастырудың бір бағыты Кеңес өкіметі орнаған күннен бастап-ақ мамандарды оқу орындарындарында ғана емес, жұмысшы мен шаруа қатарынан шыққандарды жоғарылату арқылы шешу керектегі көрсетілді. Бұл әрине сол кезең талабына сәйкес тарихи зерттеулерде таптық көзқарастың қалыптасуына әсер етті. Жоғарылатушылық жүйесі мемлекетке мыңдаған халқына адал, ел арасынан шыққан басшыларды, мамандарды және ұйымдастырушыларды берді. Жоғарылатылғандар өздерінің ерен еңбектерімен социалистік құрылысқа баға жетпес үлес қосты.
Х.М. Әбжанов 1988 жылы жарық көрген монографиясында атап көрсетілгендей, село интеллигенттерінің білім деңгейінің төменгі күйде қалып, мұнда жоғарылатылғандардың үлестік салмағы артып отыр дейді. 1939 жылы Қазақстанда ауылдағы ой еңбегімен айналысатындар 1000 адамға шаққанда 311-нің жоғары және орта арнайы білімі болса, жалпы колхоздардағы өндірістік-техникалық мамандардың төрттен үш бөлігінің кәсіби білімдерінің жоқ екендігін дәлелдейді [149, 39 б.]. Ғалым Х.М. Әбжанов «жұмысшылар мен шаруаларды басшылық қызметтерге жоғарылату 1930-шы жылдары ауыл шарашылығын жаппай ұжымдастыру жылдары кең қанат жайды», - деп пайымдайды. Қазақстан ауыл шаруашылығында 1934 жыл пен 1940 жылдардың аралығында өндірістік-техникалық қызметке жоғарылатылғандардың 199 мыңы әртүрлі курстарды аяқтағандығын жазады. Олардың қатарында 1950 техник-малшылар, 1478 агротехниктер, 12762 бригадир малшылар, 13456 бригадир-егіншілер, 9776 ветфельдшерлер болғандығын алға тартады [149, 32 б.].
Кәсіпорындардағы жұмысшыларды қызмет орындарына жоғарылатқанда олардың машиналармен жұмыс істей білуінің практикалық тәжірибесіне, өндірісті ұйымдастыра білу қабілеттілігіне қарап, теориялық білім деңгейіне аз мән берілді.
Қазақстан инженер-техникалық интеллигенция тарихын зерттеуші ғалымдардың бірі - С.С. Әбубәкіров «совет Армиясы қатарынан оралғандарды техник мамандар орнына пайдалану, практиктерді өсіру, жоғары және арнаулы орта оқу орындары арқылы кадрлар даярлауды ұлғайту, басқа туысқан республикалардан келген кадрлар – осының барлығы біздің республикада инженер-техник қызметкерлер санатын толықтыруға шешуші дәрежеде үлес қосты», - деп тұжырымдайды. Кәсіпорындарға жоғары және орта арнаулы мамандардың келуімен байланысты практиктер бірте-бірте дипломды мамандармен алмастырылғандығын атап көрсетеді. [17, 61 б.].
Х.М. Әбжанов, Л.Я. Гуревич пікірінше, 1960-шы жылдардың соңы 1970-ші жылдардың басында мамандарды даярлауға күш салу, олардың құрамындағы, құрылымындағы сандық өзгерістер, территориялық-салалық бөлінуінде белгілі бір жетістіктерге жетіп, Қазақстан мамандары корпусы сапалық жағынан жаңа күйге көшкен. Ой еңбегімен айналысатындар арасында кәсіби мамандар көбейген. 1970-1980-ші жылдары республиканың барлық аймақтарында жоғары оқу орындары орталықтары пайда болып, студенттерді қабылдау және мамандарды даярлап шығару 1,5-2 есе артып, ұлттық интеллигенция қатары барынша өскенімен, халықтың жалпы санына шаққанда және мамандар құрамында қазақтардың үлестік салмағы 40%-дан аспады. Инженер-техникалық интеллигенцияның сандық және тұрақты отрядтары қалыптасты. Практиктерді жаппай мамандар қызметіне жоғарылату тоқтады [19, 36 б.].
Сонымен ғалымдар практиктердің тарихи тәжірибесіне жаңаша баға беруге, пайымдаулар жасауға тырысты. Алайда бұл нақты тарихи шындықтың айқындалуындағы алғашқы қадамдар еді. Қайта құру кезеңінде тоталитарлық жүйені жаңаша пайымдаулар арқылы айқындауға тырысқанымен, коммунистік идеология әлі де болса басым болды.
Кеңестер Одағы ыдырап, Қазақстанның тәуелсіздік алуымен байланысты, тарихымызды объективті ғылыми жағынан тануымуызға қолайлы жағдай туды. Сол 1990-шы жылдардың басында ғалым И. Шайхимова социалистік құрылымның ауқымды түрде дамуы басшылардан терең арнайы білімді, жоғары саяси мәдениетті талап етті. Қираған экономиканы көтеру үшін үгітші, насихатшы, ұйымдастырушы болу жеткілікті емес. Ол үшін лайықты, сай білім керек. Ал мұның жоғарылатылғандарда болмауы, басшылықтағы әкімшілдік, әміршілдік, бұйрық беру тәсілдерін қолдануға, үнемі өзгеріп отырған жағдайда дұрыс шешім қабылдай алмауға әкелді. 1920-1930 жылдарда «жоғарылатушылық партия, кеңес, шаруашылық органдарында кеңінен тарады. Қазақстанда бұл саясат жергіліктендіру саясатымен тығыз байланысты жүргізілді. Жергілікті халықтың арасындағы сауатсыздық ендеп отырған кезеңде, бұл тәсіл республикада социалистік интеллигенцияны қалыптастырудың негізгі дамыған түрлерінің бірі болды», - деп есептейді И. Шайхимова [18, 146, 147 б.].
1990-шы жылдардың соңында жаңа концептуальды-методологиялық принциптерге негізделген еңбектер пайда болды. Тарихнамада ғалым С. Айымбетовтың кандидаттық диссертациясы практиктер мәселесін жаңа қырынан қарастырумен ерекшеленеді. Ол Кеңес өкіметінің басшылары маман қызметкерлердің тапшылығынан жұмысшылар мен шаруалар арасынан алғыр, еңбекте тәжірибелі адамдарды басшылық қызметтерге тағайындады. Бұл тәсіл, әсіресе, 1930-шы жылдардың ортасында кең етек алды. Республика өнеркәсібіндегі басшылардың - 49% ұсыныс арқылы жоғарылатылды, оның ішінде көмір өндірісінде - 46%, мұнайда - 57%, Түрксібте - 54% болды деген деректерді ұсынады [342, 148 б.].
Соңғы жылдары Х.М. Әбжанов Г. Назарбаевамен бірлесіп жазған монографиясында «Қазақстан зиялыларының, әсіресе қазақ зиялыларының әлеуметтік қауым ретінде пісіп жетілуі ұзаққа созылып кетті. Кеңес үкіметінің орнағанына 40 жыл толғаннан кейін де қызметкерлер мен мамандардың басым бөлігі 1959 жылы -56% арнайы білімі жоқ практиктер еді. Әр 100 қазақтың 16-сы ғана ой еңбегі қызметімен айналысса, 50-ші жылдардың аяғына дейін республикадағы техникалық жоғары оқу орындары қазақтан 1000 инженер даярлап шығармаған екен. Бұған үздіксіз қуғын-сүргіннің, алапат аштықтың, 1941-1945 жылдарындағы соғыстың зардабын қоссақ, кеңестік қазақ зиялыларының қалыптасуы 60-жылдардың аяғы мен 70-жылдардың басына дөп келеді деп түйіндеуімізге болады. Өйткені осы тұста ғана қызметкерлер мен мамандардың көпшілігі арнайы білімі бар адамдардан жасақталды», - деп зерделейді [94, 176 б.].
2000-шы жылдардың басында ғалым Қ.Ә. Ахметов «ХХ ғасырдың 20-30-жылдарындағы Қазақстан мәдениеті («мәдени революцияның» концепциясы, идеологиясы, жүзеге асырылуы») докторлық дисертациясында «Кеңес дәуірінде жаңа интеллигенция қалыптастырудағы тағы бір жолы – жұмысшы мен кедей шаруадан шыққандарды партия, кеңес, шаруашылық жұмыстарына тарту арқылы жүрді деп саралайды. Бұл үдеріс Кеңес өкіметінің алғашқы жылдары басталды деп есептейді [343, 35 б.].
Соңғы жылдары жарық көрген М.Х. Асылбеков пен А. Құдайбергенова монографиясында 1940-1950 жылдары интеллигенция қатарына көтермелеу арқылы енген практиктер мәселесі – күрделі құбылыс екендігін алға тартады. Бір жағынан алдыңғы қатарлы жұмысшылар мен шаруаларды интеллигенттік еңбекке көтермелеу социалистік қоғамның білім мен мәдени дәрежесін көтеру жолында зәру мамандар қатарын толықтырды, сонымен бірге социалистік қоғамның әлеуметтік негізінің тұтастығына дәлел болғандай еді деп саралайды. «Екінші жағынан, практиктерді пайдаланудың кең етек жаюы мамандармен жұмыстың, оларды орналастырудың, бағалаудың уақыт талабынан алыс тұрғанын айту керек. Практиктің де практигі бар. Өзінің кәсіптік даярлығын, рухани байлығын ұдайы бітіріп, нағыз интеллигент, маман дәрежесіне көтеріле алатындар да, жеке басының қамынан аспайтындары да бар. 1940-1950 жылдары соңғылары басым болған сияқты», - деген ойларын ортаға салады [102, 126-127 б.].
Жоғарыда аталған еңбектердегі құжаттар, фактілер арқылы теориялық тұжырымдар, қорытындылар практиктер тарихын тарихнамада ашып көрсетуге ықпал етті.
Достарыңызбен бөлісу: |