БАҒдарламасы бойынша шығарылды шолпанға көшкен ауыл Жетінші роман



бет5/17
Дата20.06.2018
өлшемі1,36 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17

ҚЫЗЫҚТЫ СЕРУЕН

Абзал мен Шолпан қол ұстасқан бойда қала көшелерін аралап шықты. Көліктердің талай түріне мінді. Қала тұрғындарымен танысты. Олардың бәрі де өзгеше бір ұлттар еді. Тілдері түсініксіз. Түстері сары. Бәрі әйелдер. Шолпан ештемені түсіне алмады. Бұл қаланың тек әйелдерден тұрғаны жас қызға қызық болып көрінген. Оның үстіне бұл қай- дан келген қала? Шолпанның көкейінде осындай сұрақ тұрды.

— Бұл неғылған қала? — деп сұрады Шолпан әлден соң.

Бұл Шолпанның өткен тарихы, — деді Абзал.

— Оны қалай түсінуге болады?

— Қалай түсінгенің не? Өткен тарихы.

— Сонда немене, Шолпанда бір кезде тіршілік болған ба?

Болған. Оны өзіңіз де көріп тұрсыз.

— Мына қала ма?

— Иә.


— Қызық. Ал ер адамдар қайда?

— Ер адамдар жойылған.

— Оған не себеп?

— Ол көп әңгіме. Сондықтан оны кейінге қалдырайық. Ал қазір уақыт жоғалтпау үшін аралауымызды әрі қарай жалғастырайық.

— Мен қаладан жалыққан адаммын, — деді Шолпан, — онан да таза ауаға, далалы жерге барайықшы.

— Оған бару да қиын емес. Барайық. Сенің айтқаның болсын.

Абзал тағы да өткендегі әрекетін қайталады. Сол замат бар дүниені қараңғылық басқандай, я екеуінің де көз алдары қарауытқандай күй өтті. Әп-сәтте қала жоғалды. Оның орнын дала басты. Баяғы кең табиғат. Шолпан рахаттана демін алды. Өзінің шаршағанын да ұмытып, айналаға көз жіберді. Содан соң балалығы ұстап, ілгері қарай жүгіре жөнелді. Абзал соңынан қуып келеді. Шолпан жеткізер емес.

— Мен де Шолпанмын! Мен де осында мәңгілік қаламын! — деп дауыстап, сықылықтай кеп күледі.

— Шолпан! Сен не деп кеттің! — дейді Абзал.

Шолпан сәл кідірді. Алқымын басты. Содан сон айналаға көз жіберіп алды да:

— Бір заманда Шолпан есімді қыз Жер ғаламшарынан дәл мен сияқты осы Шолпан ғаламшарына ұшып келіпті. Сөйтіп ғаламшарға айналған. Жерден қараған адамға таң жұлдызы болып жарқырап тұрған. Сол жарқыраған жұлдыздың үстінде біз жүрміз. Мен де осында Шолпан болып қаламын!

— Сіз Шолпаннан да кереметсіз! — деді оған Абзал.

— Мақтауды жек көремін! — деп Шолпан бұрылып кетті.

— Мен мақтап тұрғаным жоқ! Шынымды айтамын! — деді Абзал.

— Жүгірейікші мына кең далада! — деп Шолпан тағы да жүгіре жөнелді.

Абзал да амал жоқ соңынан келеді. Дархан дала таусылған ба, көз жеткізбейді. Айдалада. Тамаша табиғат ортасында екі жас осылайша ұзақ серуенге көшті. Шолпан табиғатты құбылтудың адам қолына көшкеніне қайран қалады. Жаңа қала еді, енді далаға айналды. Егер осы Күн жүйесіндегі бірнеше ғаламшарларды тіршілікті ортаға айналдырса, не болар еді. Шолпан ол жағын да ойлап қойды. Бірақ ол арманын Абзалға айтқан жоқ. Содан екеуі жыпырлай тігілген қазақ киіз үйлеріне жетті. Өзіне таныс ауыл. Екеуі қол ұстасып, кең сықырлауық арқылы ішке енді. Киіз үй деп аталғанымен оның ішкі жағында бірнеше бөлмелер бар еді. Екеуі сол бөлмелерді аралап, ең кең, ең әдемісіне тоқтады. Осы кезде барып Шолпан өзінің қандай жерлермен өткенін есіне алды. Бірақ жақсы түсінбеді. Қала ішін аралағанымен айнала табиғаттаныс сияқтанған. Сол ойынан кетпеді. Абзалдың қасында жүрсе де өзінің геолог достарын ұмыта алмады. Шадыман да кейде көз алдына елестейді. Әсіресе, қала шетіне шыққанда өздерінің бұрғы қондырғыларын да байқағандай болған. Бірақ бәрі де елес сияқты еді. Содан жүгіріп өте шыққан. Енді мүлдес басқа олемге келгендей. Бірақ тағы да сол табиғат сияқты, сол көрініс тәрізді. Шолпан кең бөлме ішінде біраз жүрді. Киіз үй іші болғанымен қабырғаларда жұлдызды әлемнің түрлі көріністері қабырғаларға сурет тәрізді орналастырылған еді. Шолпан Күн жүйесінің кішкене етіп белгіленгенін көрді. Содан соң екі бірдей көгілдір ғаламшарды қызықтады. Оның бірі осы Шолпан да, екіншісі Жер екен. Бір кездері екеуі қандай ұқсас болған” деп қойды ол ішінен. Сол кезде Абзал оның ойын бөлді.

— Шолпан, — деді ол жақындап, — жұлдызды әлемнің бейнелерін тамашалап болған шығарсың. Енді асханаға баралық.

Шолпан үндеген жоқ. Тек басын изеді. Содан соң Абзалға еріп асханаға келді. Мұнда тағамның неше түрі дайындалған еді. Ешқандай биоробот жоқ. Бәрі де қолмен жасалған тағамдар. Шолпан өзі өз болғалы бірінші рет қолдан пісірілген ет пен қамырды жеді. Оның дәмі қандай еді. Осы кезге дейінгі оның жеген тағамдарының бәрі де жай бір жа- санды нәрсе сияқты дәмсіз, нәрсіз нәрсе екен. Тамақты сүйсіне жеді. Өзінен бірнеше жас кіші, қазақ ұлтына тән көйлек пен қамзол киген қыздар тамаққа дейін де, тамақтан кейін де қолдарына су құйып, қолсүрткіш орамал әкеліп, зыр жүгіріп жүрді. Шолпан бұл үйде өзін мейман дәрежесінде санады. Екеуі тамаққа да тойды. Содан соң тағы да сыртқа шықты. Айнала табиғат тамаша еді. Шолпан өзінің балалық шағын да аңсап кетті. Жаңағы инабатты қыздардың мәдениетті жүрістері, өзіне көп ой да салды. Ойламаған жерден қазақтың нағыз дәстүріне кезіккеніне қайран болды. Абзал да бейне бір ауылдан шыққан азамат сияқты. Өзі қаласа да, қаламаса да сонымен бірге қыдырады, серуендейді, сырласады. Басқа амалы қалмаған. Шолпанның ішкі мақсаты осы құбылысты түсінгенше бола тұру болатын. Содан соң достарына оралудың жолын іздемек. Бірақ мына құбыл- малы табиғат көрінісі, айналадағы тіршілік түсінуге мүмкіндік бермейтін де сияқты. Достарының да өзін таба алмай жатқанын сезеді. Бар ойын ішінде сақтап, сыр бермеуге тырысады.

Енді екеуі өзенге қарай бет қойған. Ауыл жанында ағып жатқан мөлдір су кімді елітпесін. Ондағы табиғат та өзінше ерекше. Шолпанның сенбегені сондай, судан ішіп те көргісі келді. Абзал онысына қарсы болған жоқ. Екеуі қатарласа келіп, өзенге еңкейді. Шолпан салқын судан ұрттады. Оның дәмі де ерекше екен. Нағыз таза, нағыз табиғи су. Түрлі құбырлар арқылы келетін дәмі ащы суға үйреніп қалған Шолпан мына судан ішкеннен кейін ерекше сергіп кетті. Шөлі де тез қанды. Өзен жағасына жағалай қалың ағаш өскен. Құстар да ұшып-қонып жүр. Оның арғы жағындағы биік төбе бастарында мал жайылып жүр. Солтүстік шығыстағы биік таудың басында қой бастаған текелер сақалдарын сапситып, одырайып-одырайып қарап тұр. Шолпан өзен жағасындағы табиғаттың сұлулығына бір тоймады. Тұп-тура ертегідегі ғажайып бір елге келгендей. Өзі де сондай сияқты еді. Тек бұл құпияны Абзал ғана біледі. Қазақ халқының табиғатты осылайша тамылжытып сақтай алуының құпиясы неде екенін де Шолпан әзірі түсіне алмады. Сонымен бірге ол өздерінің дамудың екінші жағына өтіп кеткенін де кеш аңғарғандай болды. Абзалдың жетегіне еріп, талай-талай жерлерді серуендеп келе жатқанында да бір ризашылықтың күші жатыр еді. Екеуі өзен бойын жағалап біраз жүрді. Өзендегі бақалар да, балықтар да, су жыландары да Абзалға кішкентайынан танысты. Ал Шолпан оларды фильмдерден көргені болмаса өзін бүйтіп ұшыратпаған. Енді Абзалдың жеңінен ұстап алып, сәл сескеніп келеді. Шолп ете қалған дыбыс шыққанда селк ете түсіп, Абзалға тығыла түседі. Бұл күндізгі көрініс. Ал түн болса, ол тіпті де қорқар ма еді, қайтер еді. Табиғаттың мұндай көріністерінен ажырап қалған Шолпан енді тек көргісі келеді, тек тамашалағысы келеді. Абзалмен бірге қаншама жер жүрсе де шаршағанын сезбейді. Өйткені, табиғаттың ғажайып көркі оған жігер қосып, жетелей түседі. Осылайша екеуі ұзақ серуендеді. Шолпан өзіне бейтаныс ауыл табиғатын көрген сайын көргісі келе түсті. Күн батысқа еңкейіп, қызара бергенде, екеуі ауыл жаққа қарай бұрылды.

ЕКІНШІ БӨЛІМ



ІЗДЕУ САПАРЫНДА

ТҮСІНІКСІЗ ТҮС

Шадыман соңғы кездері аз ұйқтайтынды шығарды. Оны мазалаған шым-шытырық түстер еді. Көзі жұмылса болғаны, көз алдына Шолпан келе қалады. Бұрын-соңды Шадыман түске мән беріп көрмеген-ді. “Түс — түлкінің қиы” деген халық сөзін берік ұстайтын. Түс жайлы айтылып, жазылып жатқан нәрселерге де аса мән бере бермейтін. Енді онан арылатын жайы жоқ. Тіпті, соңғы кездері ұйқысының сергек бола бастағаны да содан. Бүгін де ол ерте оянды. Әдетте, бұдан бұрын электронды сағатының дабылымен әзер көзін ашатын. Ал бүгін ерекше бір ләззатқа бөленді. Шолпан түсіне кірген күннің ертеңіне ол өзін ерекше сезініп, біртүрлі көңілді жүреді. Онымен өңінде кездескендей, тілдескендей күй кешеді.

Шадыман төсектен баяу тұрды. Терезе алдына барып, қолын сермеп, отырып-тұрып жаттығулар жасады. Содан соң жуынып-шайынды. Түндегі түсін ойына түсіруге тырысты. Ол Шолпанды асханадан көрген. Сондағы дастарханның бірінде екеуі оңаша отырып әңгімелескен еді. Шадыман оған бар өкінішін айтты. Үлкен қателік жасағаны үшін кешірім де өтінді. Шолпан басын изеді. Өзінің де қателік жасағанын, енді бір шырмаудан шыға алмай жүргенін білдірген. Шадыман оған шамасы келгенше көмек беретінін, ол үшін бар күш-жігерін арнайтынын айтқан. Тек бір-ақ нәрсені біле алмады. Ол — Шолпанның бүгінгі мекен-жайы еді. Шолпан: “Мен ауылдамын. Киіз үйдемін” деп жауап берген. Содан соң зым-зия болды.

Шадыман көзін ашып алған. Ештеме жоқ. Өз төсегі, түрлі байланыс жүйелері, электронды сағат, жазу үстелі, стереотеледидар, және басқалар сол орындарында тұр. Шадыман басын жастыққа қайта салып, біраз жатып барып көтерілген-ді. Енді ол тіке асханаға тартты. Ерте болғандықтан онда ешкім де жоқ еді. Түсінде көрген дастарханға келді ол. Түсінде қалай отырса, қазір де солай жайғасты. Сөйтіп, Шолпанды ойша көз алдына әкелді. Оның отырысы да бір ғажап еді-ау. Сол көрініс дәл қазір қайталанса, Шадыман бақыт құшағына бөленер еді. Ең тамаша сәт орнар еді. Бірақ ол қайталанбады. Шадыман тек өткен оқиғаларды ғана ойына түсірумен болды. Сәлден сон ол ойы да бөлініп кетті. Асханаға тасыр-тұсыр етіп биороботтар кірді. Олар өзінің пешенеленген істеріне кірісіп кеткен. Бірі еден жуа бастады, екіншісі ыдыс аяқтарды реттеді, үшіншісі куатты пештерді қосып, тамақ пісіруге кірісті. Әп-сәтте асхана іші тіршілікке көшті. Бірақ соның бар жасанды тіршілік еді. Биороботтар қаншама іскер, қаншама білімді болса адамның өзі емес. Жердегі өмірдің де осындай күйге жақындап қалғанын ойлады Шадыман. “Біз адамдық шектен асып барамыз” — деп бір ойлап қойды. Шадыман үшін осындай істің бәрі құпия барымтаға себепші болғандай сезілді. Шолпанды әкеткендердің кімдер екеніне ой да, көз де жеткізе алмады. Содан баяу тұрып, қайтадан өзінің жатын бөлмесіне келді. Емшектау астындағы Жер жағдайына ұқсатылған табиғат та ояна бастаған. Әдеттегіше шығыстан жасанды Күн көтеріліп келеді. Жұлдыздар елеусіреп, көмескіленіп, көзден ғайып болған. Айнала шектеулі табиғат санаулы тұрғындарын қар- сы алғысы келгендей көзғалысқа көшті. Шамалы соққан жасанды самалдан ағаш бастары шайқалды. Су беті жыбырлады. Қолы үйретілген құстар құйқылжытып сайрады. Сол құстар да, арнайы орындардағы андар да, малдар да Шадыманның дәл казіргі көңіл-күйін де, мына жасалған ортаны да сезбейді. Санасыздық деген осы. Олар тіпті мына Емшек- таудың астындағы Жер жағдайына көшірілген ортадан сыртқа шықса, табан астында мерт болатынын да білмейді. Адам баласы да қаншалықты саналымын десе де, өзінің қай күні, қай жерде, неден мерт болатынын болжай алмайды. Өмір сонысымен жұмбақ.

Егер адам баласы өзінің қашан мерт боларын білсе, өмірдегі қоғам да, күллі нәрсенін бәрі де басқаша құрылған болар еді. Бірақ адам өз басына елімнің бір келетінін анық біледі. Бар тірлік-тіршілігін соған ыңғайлайды. Ал адам баласының ең басты тірегі де, үміті де — ұрпақ. Шадыман осы Жағын келте ойлаған-ды. Ғылым мен қандай да бір істің соңына түскен адам үйленбеуі керек деп келте ойлайтын. Шолпанға деген селқостықтың басы да сол келте ойынан басталған-ды. Шадыман қолындағы бақыт құсынан айрыл- ғанын да сезді. Енді қанша ақылды, қанша дана болса да үлкен қателікке тап болды. Үлкен терезеден қолдан жасалған табиғатқа қарап отырып, талай ойды да бастан кешті. Бірақ амалы не, қанша ойласа да ол күндер қайтып оралмайды.

Шадыман біраздан соң селт ойдан арылып, орнынан тұрды. Күн біршама көтеріліп қалған. Емшектау астындағы күмбез іші де бір шама жылып қалды. Айнала табиғат жады- рап сала берді. Манағы тынымсыз сайраған құстар да енді талдан талға ұшып қонып, жемдерін іздеуге кіріскен. Құмдардағы кесірткелер ыстық іздеп Күн көзіне жатты. Жыландардың да бойларына жылу барғандай қозғалыстары ширай бастады. Сол тіршілікті көрген әрбір адам да қарап отыра алмас еді. Шадыман асханаға асықты. Онда келгенде геологтар барлық дастарханның басында отыр еді. Шадыман өзі орнына жайғасты. Әдеттегіше әңгіме-дүкен басталды. Әркім өзінің көрген түсін баяндап жатты. Шадыман оларды тындай отырып, қайтадан бір қиялға берілді. Түндегі түс түс емес, өңіндей болған. Бұдан бұрын түс атаулыға мән бермейтін Шадыман енді өзінің сүйгенінен айрылған кезде соның өзіне де зәру болып қалғандай. Енді ол ішінен “Түсімде болса да Шолпанымды көріп тұрсам екен” деп бір ойлап қойды.

Асханадан тамақтанған соң геологтар Кең тегіске аттануға жиналды. Шадыман әркімге тиесілі тапсырманы берген соң өзі де бөлмесіне келіп, тездетіп жинала бастады. Бүгінде Шадыман үшін Кең тегістен ыстық аймақ жоқ. Өйткені, ол сол жерден Шолпанды кезіктіргісі келеді. Үмітін үзбейді. Кең тегіске барудың реті онша келмей тұрса да Шадыман кейде топты солай қарай алып кетуге тырысады. Онысын сыбайластары да түсінеді. Бірақ ылғи бір жерді бұрғылай берудің де жөні жоқ-ты. Сондықтан геологтар Кең тегістің төңірегіне баруды да жиі ұсынады. Шадыман ол ұсынысқа қарсылық білдірген емес. Бұл жолы да геологтар Кең тегістен күн шығысқа таманғы бір жерді бұрғылауды ұсынды. Шадыман ол ұсынысты бірден қолдаған. Өйткені, ондай тұстардан Шолпанның кез болуы ғажап емес. Шадыман осы жағын да ойлаған еді.

Тамақтан кейін әрбір геолог өзінің демалатын бөлмесіне кеткенді. Енді өздерінің арнайы орындарына жиналды. Әркім өзінің комбинезонын киген. Бәрі басқа бір ғаламшарға аттанатындай бір сапқа тұрған. Олардың қарсы алдында Шадыман. Ол әдеттегіше алдағы жоспарды түсіндіреді. Содан соң бәрі Жер ғаламшарының үлкен глобусына барып, бас иіп табынады. Бұл олардың дәстүрі. Жер қашан да қасиетті ғалам- шар. Күллі тіршілік сонда дамып жетілді, өздерінің ата-бабалары да өніп-өсті. Осы Емшектаудағы табиғаттың негізі де сол Жердегі қазақ жеріне ұқсатылған-ды. Геологтардың көп жағдайда қазақ жерін сағынбайтыны да содан. Күн күнімен, түн түнімен алмасып, жыл мезгілдері, ауа-райы да сол қазақ жеріне тән болғандықтан сонда жүргендей сезінеді.

— Достар, — деді Шадыман барлық геолог келгеннен соң, — біз кезекті бұрғылауды бастар алдындамыз. Бүгін Кең тестің күн шығыс жағына қонамыз. Сол маңды бұрғылап, Шолпан қойнауынан су іздейміз. Су — өмірдің тірегі. Онсыз ештеме жоқ. Шолпанның мынандай ыстығында су алудың, оны буландырмай сақтап қалудың қаншалықты қиын екенін өздеріңіз де білесіздер. Дегенмен, біздің Жерден келгендегі басты мақсатымыз сол болғандықтан оны табуымыз керек. Ғаламшарды тіршілік жағдайына көшіруге күш салуымыз керек. Біз сол үлкен мақсатты орындау барысында біршама қиындықтарға да кезіктік. Құпия көріністермен ұшырастық. Арамыздағы жалғыз қызымыз Шолпаннан ай- рылдық. Сондықтан қай-қайсымыз да жұмыс барысында сақ болайық. Бұл нәрсені мен әрбір осындай сапар алдында айтуға тиіспін. Сапарымыз сәтті болсын, достар!

Геологтар бірінен соң бірі “Сәтті болсын!” деген сөзді қайталады. Содан сон, Жер глобусына барып тәжім жасасты. Сөйтіп, аллея арқылы арнайы бөлімге енді. Ол мейлінше Үлкен орын болатын. Оны құрылысы да тастан жасалған. Бұдан бұрын осы тауды үңгіштегенде сыртқа шығатын осындай орын қалдырылған. Оның ішінде геологтардың бұрғы-кемелері тұрады. Олар әуелі мықты бекітілген қалың есіктен шағын дәлізге шығады. Сол жерде ауаның температурасы бірте-бірте ысытылады. Бес градусқа жеткен кезде қарсы алдындағы есік ашылады. Былайша қарағанда, мұндағы сыртқа шығу да терең мұхит астындағы суға шығуға ұқсас. Мұхитта адам өміріне қатерлі су болса, мұнда адам өміріне қатерлі ыстық, ауасыз, тымырсық кең дала болып табылады. Сонда Мына Емшектау сол құрғақ мұхиттың ішіндегі бір алапат су асты кемесі сияқты. Бұл жердегі адамның өмірі балықтың өмірімен бірдей. Емшектаудан адам комбинезонсыз шығып қалса, тап балық сияқты әп-сәтте жан тапсырар еді.

Оны әрбір геолог біледі. Сондықтан бұрғы-кемелер тұрған ортаға кіргеннен кейін де комбинезондарының ішіндегі температураны, оның ішкі тыстарындағы мұздатқышты мұқият тексереді. Сол ортада бұрғы-кемелердің жүйелері де мұқият қаралады. Тек содан соң барып аттанады. Өйткені, мұндағы әрбір әбестік адам өміріне қатер тудырады. Геологтар саппен келіп сол ортаға енді. Содан соң әрбір шағын топ өзінің бұрғы-кемесіне мінді. Артынша ысылдаған дыбыс естілді. Ішті бу басып кетті. Тоңазытқыштың арқасында салқын тартып тұрған үңгір ішіне ыстық ауа жіберілгенде осындай көріністің болатын әдеті. Геологтар ыстық бу тарқағанша отырды. Үңгір қабырғаларындағы ылғал булана-булана құрғап, тымырсық тартқанда қарсы алдарындағы есіктен қызыл шамдар жыпылықтады. Ал сол шамдардың жоғарғы тұсындағы үлкен термометрдің сұйығы жылжи-жылжи бес жүз градусқа жетті. Сол кезде Шадыман кызметші биороботтардың қақпаны ашуларына рұқсат берді. Геологтар өздерінің кемелерін ілгері қарай жылжуға дайындады. Енді бір сәтте алапаттау ішінен бірнеше бұрғы-кеме ұшып шығып, Кең тегісті бетке ала бұрылды. Бұл сырттан қараған адамға үңгір ішінен ұшып шыққан бір топ қарлығаштардай көрініс берер еді. Ал шындығында әрбір бұрғы-кеменің өзі талай салмақты тартатын күрделі техника. Шадыман мінген бұрғы-кеме қалғандарын бастап келеді. Шолпанның беттің әжіміндей көрінген бедерлі ап-анық болып көз алдарында жатыр. Шағын-шағын таулар, қыраттар, ара-тұра биік таулар өздерінің кемелерінің биіктігін жиі-жиі құбылтуға тура келтіреді. Бұрғы-кемелер аса биік ұшпайды. Жоғарыда дауыл желдің барын да жақсы біледі геологтар. Сондықтан белгіленген биіктік бар. Онан биіктеуге де, төмендеуге де рұқсат жоқ. Шадыман мінген бұрғы-кеме қалай ұшса, со- ңындағылар да соны қайталайды. Бір жағынан қарағанда бұрғы-кемелердің ұшу мәнерлері де қызық. Олар біресе, сайға қарай түседі, біресе кілт жоғары көтеріліп кетеді. Ұшу негізінен Шолпан бедерінің құбылуына қарай өзгертіледі. Шолпан бедерінің Жер ғаламшары бедеріне қарағанда жайпақтау келетінін геологтар о бастан біледі. Бұрғы-кемелердің ұшу траекториялары мен түрлі мәнерлері де сол табиғатқа қарап, ыңғайлап ойластырылған.

Бұрғы-кемелерде отырған ұшқыштар да, геологтар да, басқа маман иелері де Шолпанның ғажайып табиғатын мұқият қарауда. Өйткені, күні кешегі құбылыс бәрін де ойға қалдырған. Оның өзінде де ол қала бұлар Шолпан бетінде тұрғанда көрінді. Егер аспанда осылай ұшып бара жатқанда болса ше? Онда бұрғы-кемені басқарып келе жатқан ұшқыштың басының айналып қалу да ғажап емес. Ол қатерге әкеліп соқпақ. Шадыман да осында ұшар алдында ол жағын әбден пысықтаған. Енді өзі де шыны терезеден сыртқа қарап отыр. Кең тегістің шеті көріне бастағанда Шадыманның көз алдына басқа бір көрініс келгендей болды. Келгендей емес-ау, мұхиттың өзі! Ол орнынан еріксіз тұрып кетті. Ол көріністі артынша қалғандар да байқап үлгеріпті. Мұхит!

— Біз Кең тегіске туралап келеміз бе? — деп сұрады Шадыман бұрғы-кемені басқарушыдан.

Бағытымыз тура! Нанбасаңыз, мына өлшеуішті қараңыз!

— деп бұрғы-кемені басқарушы мұртты жігіт Елтай.

Сену қиын екен! Басқа кемедегілер не көріп келеді? Соны сұрашы? — деді Шадыман енді терезеге жақындай түсіп.

Бұрғы-кемені басқарушы тез арада байланысты. Бәрі де сол сөзді қайталады. Мұхит! “Бұл неғылған мұхит? — деді енді Шадыман ішінен, — бір тамшы суға зар болып жүргенімізде, табан астында пайда болган негылган шалкы- ған су?”. Бірак бүл сүрағына да табан астында жауап таба алмады. Жауап беретін адамның жоғын да білді.

— Ананы караңыздар! Кеме! — деді сол кезде жанын- дағы Алдияр.

— Рас, кеме! Мұхит бетінде кетіп барады! — деді Елтай да.

— Түкте түсінсем бұйырмасын! — деді Шадыман.

— Енді не істейміз, кері кайтамыз ба? — деді Елтай.

— Қайту ерте. Бірнеше рет сол мұхитты айнала ұшалық. Бұл өзі Кең тегісті түгел алып жатқан сияқты ғой, бұл! Төмендете түс!

— Жақсы, айтқаныңыз болады! — деді Елтай.

Бұрғы-кеме қисая беріп, кілт етті. Содан соң тұмсығымен тап сол мұхитқа барып шаншылардай құлдилап жөнелді. Егер геологтар мұндай мәнерге үйренбеген адамдар болса, жүректері зырқ етіп, реңдері бозарып шыға келер еді. Қазір ешқайсысы да селт еткен жоқ. Бұрғы-кеменің қисайғаны да, кілт төмендегені де, зымырап құлдилағаны да Шолпан бетіңде жүргендей ғана әсер берген. Олардың бар есіл-дерттері тағы алдарынан шыққан құпия еді. Қаланы көрді, енді мұхиты несі? Мұндай сұрақ әрбір геологтың көкейінен орын алған.

Бұрғы-кеме төмендеп келеді. Төмендеген сайын мұхит аясы кеңейіп барады. Енді сәлден соң құрылық көкжиек жоғалып, тек көгілдір әлем жайлады. Кәдімгі мұхит. Ара- тұра оның бетінде жүзіп бара жатқан кемелер көрінеді. Жаңа ғана кіп-кішкене болып көзге шалынған кеме енді әжептәуір үлкейіп қалғандай. Кемелердің пошындары Жер ғаламшарындағыға онша келмейді. Бірақ су бетінде жүзетін болғандықтан негізгі жүзу принципі бір. Шадыман жалпы адам баласына тән тіршіліктің бір-біріне жобалап болса да ұқсайтынын тағы бір көз жеткізді. Мұның бір заманнан қайта оралған көрініс екенін де іштей сезген. Қандай да бір ғаламшардан ұшып шыққан оқиғалар жарығының кеңістікке тарап кетіп жататыны, оны қуып жеткен адамның өткен тарихты қайталап көре алатыны бүгінде ешбір жанға таңсық емес. Егер ондай құбылыс болса, геологтар да танданбаған болар еді. Ал мынау бір ғажап нәрсе. Өткенде тап осы Кең тегістің үстінде қала орнаған. Оны өздері де аралап көріп еді-ау. Енді бүгін шалқыған мұхит үстінен бір-ақ шықты.

Шадыман әлі де болса, бұл көрініске сенгісі келмеді. Біреулердің өздерін бала сияқтандырып, аңғалдандырып, күлкі еткісі келіп жүргенін де сезіне бастады. Тек оның қолын байлаған осыған білімінің жетпегені еді. Сол үшін қынжылды. Бұл неғылған мәдени даму. Олар үшін ғаламшар бетіне тіршілік орната салу түкке тұрмайтын іс болғаны ма? Сонда біз кім болдық? Біз де жарықтан құралған денеміз бе? деген ойлар аз ғана уақыттың ішінде мазалап үлгерді. Бұрғы-кеме ішіндегі достары да сондай күйді бастарынан кешіп жатқан сияқты. Шадыман кеменің кайта көтерілуіне рұқсат бермеді. Елтай болса, оған жалтақ-жалтақ қарап қояды. Енді біраз кешіксе, кеме мұхит суына гүмп бермек, қалғандар да басшының бұл қылығын түсіне алмай отырған. Шадыман да ессіз жігіт емес. Көріністің шын, я жалғандығына тағы бір кәз жеткізуді ойлап отырған. Кеме мұхит суына мейлінше таяғанда ол:

Енді қарлығаштық мәнермен ұшыр! — деді Шадыман.

— Түсінікті!

Елтай қарлығаштың қалай су ішетінін жастайынан білетін. Сол мәнермен кемені құлдилатып келеді де, тұмсығы мен төсін суға тигізіп көтермек болды. Бірақ ол ойы болмады. Кеменің тұмсығы да, төсі де сыр етіп, қандай да бір шыныға тигендей болды. Су жұқпады. Шадыман енді:

— Тез биікте! — деп дауыстап қалды.

— Түсінікті! Биіктетемін!

— Қалған кемедегілер біздің мәнерімізді қайталамай-ақ қойсын!

— Түсінікті! Қайталамай-ак қойсын!

Кеме кілт жоғарылап кетті. Шадыман бойындағы қанының лық еткеніне қарамастан төменнен көз алмады. Ештеме болмағандай. Мұхит шалқып жатыр. Әлгі кемелер баяу жылжып барады. Шадыман өзінің тағы да бір кедергіге, түсініксіз кедергіге тап болғанын анық сезді. Елтай да кеменің төсінің бірдемеге тиіп барып көтерілгенін ұшқыш ретінде жақсы сезгендіктен қарсы алдындағы панельдегі бір түймені басып қалған. Шағын экран бетінде кеменің тұмсығы, төсі ап- анық көрініп, жылжып өтіп жатты. Шадыман да оны іштен түсініп мұқият қарап отырған. Сызылған жер жоқ. Бірақ қандай да бір үйкелістің болғаны аңғарылады. Соған қарағанда кеме төсі жанасқан жер шынымен-ақ шыны сияқты. Мұндай кедергіні олар осыдан шамалы уақыт бұрын тап осы жерде пайда болған қала ішін аралағанда да кездестірген. Сонда бұл не? Дұға ма? Шадыман да, достары да дұға оқылып, сызылған жерден жыланның да, құрт-құмырсқаның да өтпейтінін әуелден білетін. Бірақ соның құдіретін түсінбеуші еді. Енді мына көрініс үшін өздері де сол құрт-құмырсқа сияқтанып кеткендей.

Кеме мұхитты бірнеше рет айналып ұшқанша шадыман сөз айтпады. Бұл ғаламшарда адам баласына әзірге түсініксіз бір құбылысқа тап болғанын анық мойындауға тура келді. Ол жөнінде Жерге тағы да хабарлау қажет. Бірақ онан да пайда шамалы. Жердегілер бұлардан да аз біледі бұл жөнінде. Сондықтан негізгі шешімді өздері жасаулары керек. Ал ең басты жауапкершілік Шадыманның мойнында. Аз ғана минуттардың ішінде Шадыман үлкен ой қысымын басынан кешірді. Өйткені, кемелер зулап келеді. Барлық геологтар өзінен жауап күтіп отыр. Ең ауыр минуттар еді, Шадыман үшін бұл. Бірақ оны да жеңді ол.

— Бар көріністі кинолентаға түсіріндер! — деді ол.

— Түсінікті! — деді оған кемедегі кинооператор Заман.

Артынша сырылдаған дыбыс естілді. Шадыман терезеден сыртқа қараумен болды. Ол тап осы көріністі қарсы алдындағы шағын экранная да көре алар еді. Бірақ қай нәрсені де өз көзімен көргенді ұнататын ол. Мұндай әуестік жалпы адам баласына тән. Қайсыбір адам болмасын, теледидардан немесе киноэкраннан көріп жүрген сүйікті актерін жай өмірде де көргісі келеді. Оларға бір ғажапқа кездескендей қарайды. Ал мына жағдайда көріністі тікелей көрмеуге болмайды. Өйткені, бұл ғылым. Ғылымға болжамнан гөрі нақтылық ауадай қажет.

Кең тегісті жапқан көгілдір мұхиттың үстін бірнеше рет айналып ұшқаннан кейін, сурет, кинолентаға түсіріп алғаннан кейін Шадыман тағы да сөз алды.

— Бақылауды да, түсіруді де аяқталық! Кемелерді Емшектауға қарай бұрыңдар! Әдетгегіше, ұшбұрыштық пішінмен ұшамыз! Биіктік біркелкі, жылдамдық бірдей!

— Түсінікті!

— Түсінікті!

Түсінікті! — деген жауаптар бірінен соң бірі естіліп жатты. Қарсы алдындағы пульттегі шамдар да, экрандар да жыпылықтап жөнелді. Шадыман кемелердің түгел еместігін байқау үшін экран алдындағы жалпақ панельден бір түймені нұқыды. Соның артынша кемелер экран алдынан бір-бірлеп, “Мен мұндамын” дегендей жайымен көрініп өтіп жатты. Шадыман оларды іштей санап отырды. Ең соңғы кеме өткен кезде әлгі түймені қайта нұқыды. Енді кемелердің бейнелері жоғалып, қайтадан Кең тегіс көрінді. Бірақ бұл жолы алыстан. Ол кәдімгі мұхиттан аумайды. Шалқып жатыр, толқып жатыр, аспанға кебігі шапшып жатыр. Шадыман кемелер Емшектауға қарай құлдилағанға дейін бақылап отырды оны. Тек арнайы шам дабылдары берілген де барып, белдігін бекітетін тетікті басып қалды. Сырт етіп белдігі жалғанды. Енді кеме қанша қойқақтаса да қорқынышсыз. Басқалар да тап сондай дайындықты жасап үлгерген. Кемелер тобы бірте-бірте Емшектауға қарай құлдилай берді. Шадыман панельден тағы бір түймені нұқып еді, Емшектаудағы өздері енетін үлкен қақпа алдына жылжып келе қалғандай ап-анық көрінді. Оны алыс етіп көрсету де, жақын етіп көрсету де күрделі жүйенің иелігінде еді. Шадыман кейде жас балаша оны біресе алыстатып, біресе жақындатып қояды. Кемелердің тежеу двигательдері қосылысымен-ақ олар тап Шолпан бетінде тежелгендей баяулап қалған. Енді сәлден соң үлкен қақпа ашыла берді. Сыртқы қақпа мен ішкі қақпаның арасы да аз жер емес еді. Үңгір ішіне алғаш болып самұрық құсша Шадыман мінген кеме енді. Сол замат үңгір іші дыбыстан жаңғырығып жөнелген еді. Елтай дереу кеме двигателін сөндіріп, тежеудің басқа әдісіне көшті. Кеме ақ қағаздай қалықтап келіп, қажетті алаңға қона кетті. Кейін келгендер де тап осыны қайталады.



Казахстан республикасы мәдениет, ақпарат және спорт министрлігін
Елеске ілескен қыз
Мұхиттағы қорқыныш
Емшектаудағы әбіржу
Аңғардағы арпалыс
Тұтқынға түскен кеме
Жерден келген көмек
Арғы ауылдан оралғандар
Той алдындағы кездесу
Күн тұтылған соң
Көрші ауылдағы той

Каталог: admin -> files
files -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім
files -> Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары
files -> Тақталас. Пьесалар, бірқақпайлар. Тараз, «Сенім» баспасы, 2006-256 бет
files -> Шағын хикаяттар, әңгімелер, ертегілер, мысалдар
files -> Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл
files -> Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)
files -> Тұрсынхан Жақыпқызы (Сембаевна) Бердалина Өлеңдер мен әңгімелер
files -> Елен Әлімжан бауыржанның пырағЫ
files -> Үміт битенова көҢіл күнделігі


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет