Өсімдік жамылғысы негізінен ақ және қара жусан, кермек және т.б., сонымен қатар
көктемде өте аз уақыт эфемерлер пайда болады, бұталы өсімдіктерден негізінен сексеуіл
болса, Ал өзен аңғарларында тораңғы, жиде сияқты тоғайлы ормандар кездеседі.
Орталық шөл аймақшасының Сұр-қоңыр топырақтарын көп уақыт бойы боз
топырақтармен бірге қарастырып келді, дегенмен оны тау етегінде қалыптасатын боз
топырақтардан бөлек, шөл аймағының топырағы ретінде қарастыруды алғаш Ташкент
топырақтанушылары ұсынды. Ал сұр-қоңыр топырақтың нақты бөлек топырақ аймағы
ретінде қарастырылуы 1960 жылы Е.В.Лобованың «СССР Шөл зонасының топырақтары»
атты еңбегінде жазылды. Онда сұр-қоңыр топырақтардың қоңыр және боз топырақтардан
айырмашылығы көрсетілді. Қоңыр топырақтарға қарағанда А қабатының өте жұқа және
қабаттарға әлсіз жіктелуімен, қарашіріндісінің аз болуымен ерекшеленеді. Ал боз
топырақтардан айырмашылығы, олардың топырақ түзуші тау жыныстарының сәйкес
келмеуіне байланысты екенін дәлелдеді, яғни боз топырақтарда аналық тау жыныстары Лёсс
болса, ал қоңыр топырақтарда аналық тау жыныстарының кебірленгені, кейде сортаңданғаны
айқын байқалады. Сонымен қатар сұр-қоңыр топырақтар құмды өлкелерден өзге жерлердің
барлығында ауыр гранулометриялық құрамды болып келеді.
Сұр-қоңыр топырақтардың жоғарғы қабатының қалыңдығы 10-12 см-ден аспайды,
оның астында тығыздалған кесекті- жаңғақша түйіртпекті В қабаты орналасқан.
Сұр-қоңыр топырақтарда қарашіріндінің мөлшері 1%-дан аспайды және оның
мөлшері топырақтың гранулометриялық құрамына байланысты әр түрлі деңгейде болуы
мүмкін (0,6-2,2%). Жалпы азоттың, фосфордың және олардың жылжымалы түрлерінің қоры
бұл топырақта шамалы болады. Алмаспалы сіңген катиондар 100 г топырақта 10-12 м-экв.
Олардың сіңіру кешендерінде үнемі сіңген натрий болады және оның мөлшері алмаспалы
сіңген негіздер үлесінің 5%-дан көбін алады. Бұл жағдай осы топырақтардың кебірленгенін
дәлелдейді. Сұр-қоңыр топырақтардың барлығы жоғарғы қабаттардан бастап тұз
қышқылынан қайнайды.
Достарыңызбен бөлісу: