Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл



бет3/14
Дата13.08.2017
өлшемі2,39 Mb.
#23427
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14

* * *

Бұған дейін де мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге қатысы бар іс-шаралардың барлығына да, тіл үйрену курстары мен үйірмелеріне, тіл байқауларына, басқасына болсын мемлекеттен қыруар қаржы бөлініп келген-ді. Мемлекеттік тілді дамыту қоры құрылғалы бері бұл қаржы көлемі бірнеше есеге көбейтілді. Тек аудан, ауылдарға ғана жетпейтіні болмаса, мұндай қаражаттан республикалық, облыстық тіл мекемелері, жаңа жобалар ашқан бұқаралық ақпарат құралдары құралақан қалып отырған жоқ. Бұған аудандық әкімдіктердің тиісінше қаржылай жәрдем көрсетуіне мүмкіндіктері бар екенін және қосыңыз. Ал енді сол қыруар қаржы орын-орнымен ұқсатылып жұмсалуда ма? Ат-көпір іс-шаралар діттеген мақсатынан – мемлекеттік саясат талаптарымен дөп қабыса шығып жатыр ма?

Біздіңше, тілге қатысты іс-шаралар алуан ракурсте көрініс табуы тиіс. Әсіресе, тіл байқауларына қатысушылардың ұлттық құрамының әралуандығы басты талап болғаны жөн. Осыдан шығарып айтайық...

Міне, менің алдымда «Мемлекеттік тіл – мерейім» байқауының екі (қалалық және облыстық) кезеңіне қатысушылардың тізімі жатыр. Екі тізімдегіні қосқанда, аталған тіл сайыстары өзге ұлт өкілдері арасынан суырылып шыққан 26 үміткерді қамтыған болып шығады. Облыс тұрғындарының 40 пайызы қалада, 60 пайызы аудан, ауылдарда тұратынын ескерсек, «тілге таласы барлар» аймақтың түкпір-түкпірінен дерлік «сүзіліп» әкелініп отыр ғой! Бәрібір олардың ұлттық құрамы өте-мөте жұтаң күйде. Өзіңіз-ақ бағамдап көріңіз: қаланың 52 мектебі оқушыларының арасынан топжарып шыққан, қазақшасы тәуір дегендердің 3-еуі кәріс, 9-ы орыс (!). Өзбек пен қашғардан бір-бірден ғана өкіл бар. Осындай жарысқа түрік тектестерді қатыстырудың қандайлық қажеттілігі бар? Тіліміз ұқсас қой! Мұның мәнісін қосымша ынталандыруға саяр болсақ, топқа қосып солармен шамалас сөйлейтін, ішінара орыстанған өз қандастарымыздың «тілін түзеп» алғанымыз әлдеқайда тиімді емес пе?

Байқаудың облыстық кезеңіне аудан, ауылдардан келгендердің де этностық құрамы біріншісінен анау айтқандай ұзаңқырай қоймайды. Мұнда да өзбек, кәріс, күрді өкілдері бір-бірден ғана. Екеуі – түрік, қалғандары тағы да орыс ұлтының ұл-қыздары! Бұл не? «Кәпір көргенінен жазбастың» кері ме? Әлде, мемлекеттік тіл саясатының күллі ісі, түрлі байқауларға қатысу да орыс, өзбек, кәріс ұлт шашырандылары өкілдерінің ғана маңдайына жазылып қойылып па? Облыста, мәселен, 21 ұлттық-мәдени орталық бар. Оған олардың аудандардағы құрылымдарын қосыңыз. Қазір аймақта 80-нен астам ұлт, ұлыс өкілдері бар деп те жүрміз ғой! Естеріңізде болса, Елбасымыздың Жолдауында мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге атсалысу ісі Қазақстан халқы Ассамблеясына да қосымша жүктелінген болатын. Ендеше, ұлттық-мәдени орталықтар жоғарыда аталған байқауларға өз үміткерлерін неге үкілеп қоспай отыр? Ұлтаралық саясат - өте-мөте шетін мәселе. Сондықтан қандастарымыз «отқа» өжектеп ұмтылғанды қоюы керек. Өз «өрен жүйріктерін» қазақтар емес, өзге ұлт өкілдерінің өздері баптап, қосуға мүдделі болуы тиіс. Өйтпеген күнде, күндердің бір күнінде Отаны, жері ортақ ағайындарымыздың «байқау дегеніңнен өнебойы тыс қалып қоямыз, жергілікті ұлт өкілдері (біз ғой) ойына келгендерін істеп жатыр» демесіне кім кепіл?

Өзге ұлт өкілдері арасындағы тіл байқауларынан қатысушылардың ата-аналарын да, шашбауын көтерісіп келген ұлттық-мәдени орталықтар басшыларын да көрмейміз? Мұндай сындар олардан «жасырын, жабық» жағдайда өтіп жатқан сияқты болады кейде. Неге бұлай? Біздіңше, мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, олардың бұдан хабардарлығы аз. Екіншіден, бұл іс аталған қоғамдық институт құрылымдарына қатаң міндеттеліп те отырған жоқ. Біздің білуімізше, қала, аудан әкімдіктері өздеріне өзге ұлт өкілдері арасында тіл байқауларын өткізу жөнінде жоғарыдан түсетін ұсыныс-хаттарға айырықша мән беріп те жатпайды. Сөйтіп, бұл мәселе өз-өзінен білім беру бөлімдеріне жүктеледі де қалады. Бұған дейін де аз айтылып, кем жазылып жүрмегеніндей, мұғалімдердің түрлі саяси науқандарды, мәдени-көпшілік іс-шараларын өткізуге, жазылым жүргізуге, ат-көпір «кітап саудасын» қыздыруға, көше, аулаларды қоқыстан тазартуға, жиын-терін жұмыстарына атсалысатындары, ара-арасында бала оқытатыны аздай, ең ақыр аяғы түрлі тіл байқауларына қатысушыны «даярлау» ісі же жүктелетінін қайтерсіз? Мұның тіпті ауданның да, ауылдың да әкіміне қатысы жоқ секілді. Тіпті мемлекеттік саясаттың ең үлкені, ең маңыздысы бола тұрса да! Жағдайы жоқ, күйі төмендеу мұғалімдерге итеріп тастай салмай, осы істі ұдайы назарларында ұстап, қолдарынан келгенінше моральдік те, материалдық та тұрғыда көмектессе болады ғой! Осыдан барып баяғы... еңбек торысы – мұғалімнің ауданың не, тіпті ауыл әкімінен де, тіпті мектептен де көк тиін көмек көрмей, өзінің еңбек ақысы есебінен – қалтасынан ақша шығарып, байқауға қатысушының ата-анасымен келісіп, ауданға, одан облыс орталығына әлденеше мәрте қатынап табан тоздыруына тура келеді.

Сосын... олар қолына түскен, «осыдан бірдеме шығады-ау» деген оқушыны таңдап алады да, уақыт оздырмай дайындық жұмысын бастап кетеді. Байзақ аудаы, Ақшабаев орта мектебінің мұғалімі Ж. Айтқұлова осы орайда «Мұндайда біз бір жақтан көмек болады деп те ойламаймыз. Ұлттық шапанға, көйлекке, слайд дайындатуға, жол кіреге – бәріне де өзіміз ақша шығарамыз. Бұл істе белсенділік танытып жүрген ұлттық-мәдени орталықтар жетекшілерін, белсенділерін көрген емеспіз. Мұны мектепке жүктеп қояды ғой, әйтеуір» дейді. «Байқауға сіз де орыс ұлтының өкілін сайлап әкеліпсіз? Қордайда дүнгендер ұйысып отыр ғой. Олар неге байқауға өз өкілдерін баптап қосуға ықыласты емес?» деген сұрағымызға Гвардейск қалашығындағы № 40 мектептің мұғалімі А. Сейдақпарова «Уәжіңіз орынды, келесі жылы міндетті түрде дүнген ұлтының өкілін дайындап әкелемін» деп жауап берді. Міне, осылай ол үміткерлер құрамында әр ұлт-ұлыстан бір-бір өкіл болуы керектігі жөніндегі «тапсырманы» аудандық тиісті мекемелерден емес, менен алды...

Ал, Мойынқұм аудандық әкімдігі облыстық тілдерді дамыту басқармасының мұндай тапсырмасын тіпті пәруайына ілсе неғылдейсіз! Аталған байқауға бұл жолы бірде-бір өкілін жібермепті. Жалпы мойынқұмдықтар облыстық өнер байқауларына да осындай көзқараста. Осындай іш-шаралардан көбінесе қалыс қалып қояды. Ауданның мойыны алыстығын сылтау көре ме, әлде? Одан әлдеқайда қашықтағы Қордайдан да талапкерлер келді емес пе? Міне, мұндайды аудандық әкімдіктердің мемлекеттік тілге немқұрайдылығы демей, енді не дейміз!

Өзіміз сұрастырып білгеніміздей, бұл жолы облыстық «Мемлекеттік тіл – мерейім» байқауына мектепішілік, аудандық, қалалық кезеңдерде топжарған үміткерлерді өздерінің ата-аналары, мұғалімдері қалталарынан ақша шығарып алып келіпті. Сонда дейміз-ау... мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту деген орасан зор саяси мәні бар іс үміткерлердің ата-анасына, мұғалімдерге ғана керек болғаны ма? Енді бәрі де анық болды: жоғарыдағыны былай қояйық, мемлекеттік тілге деген көзқарас төменгі буындарда да түзелмей тұр! Бұл мәселеде жанашырлық, бастамашылдық, жаңашылдық жоқ! Өйтпеген күнде осындай байқауларға өз өкілдерін даярлап қосуды Қазақстан халқы Ассамблеясының жергілікті құрылымдарына міндеттеудің тегершік-тетігін қалыптастыруды жорта ұмыт қалдырмас та едік қой!

Тағы бір атап өтерлік жай дәп осы «Мемлекеттік тіл – мерейім» байқауы шарттарының (барлығы төртеу) өте-мөте «жұмсақтығына», тапсырмаларының жеңілдеу болуына байланысты. Оның ішіндегі алғашқы үшеуінің де дайын жауаптарын үйден жаттап келіп, сыдырта айтып берудің мүмкіндігі бар. Жаттап айту, жаттандылық – үміткерлердің мемлекеттік тілге қаншалықты жетіктігін дәлме-дәл анықтауға өлшем бола алмақ емес. Үміткерлер ондаған мақал-мәтелді тек жаттап қана қоймай, белгілі бір дәрежеде мән-маңызын да түсініп, өзгелерге түсіндіріп те бере алуы тиіс, біздіңше.

Мысалы, Тараз қалалық тіл байқауына қатысушылар алғашқы кезеңді жеңіл-ақ өтті. Олай болатыны, үйден жаттап келген таныстыру сөздері мен өлеңдерін сыдырта айтып шығу оларға аса қиынға да соқпады. Алайда жарыстың екінші Отан, туған жер, тіл, достық жөнінде мақал-мәтел айту кезеңінде үміткерлердің біразы қазылар тарапынан мақал-мәтелді құр жаттап айтумен шектелмей, мән-мағынасын да түсіндіру жөнінде талап қойылуымен байланысты «тақыр жерде» сүрінгендері де болды. Алдын-ала жауаптары қолдарына беріліп, жан-жақты танысуына, даярлануына мүмкіндік жасала тұрса да, талапкерлердің біразының өлкеміздегі тарихи ескерткіштерге, тарихи тұлғаларымызға қатысты деректерді кең қамтып айта алмай кібіртіктеуі, Абайды жазушымен, Мұхтар мен Тұрарды ақынмен шатыстыруы олардың қазақы таным көкжиегінің әлі де аясы тарлау екендігін аңдатты. Дегенмен, олар қазақтың ұлттық билерін бабына, әндерін нәшіне келтіре орындап, қазақ ақындарының өлеңдерін мәнерлеп оқып, байқаудың соңғы – «Өнерлі өрге жүзер» кезеңіне барын салды. Міне, осы тұста олардың мемлекеттік тілге ғана емес, сол мемлекеттің негізін құраушы халықтың өнеріне деген сүйіспеншілігі мен махаббатын да айқын сезіндік. Тіл насихатын ұлттық өнеріміз насихаты деңгейіне көтере алсақ қой, шіркін!

Облыстық байқауда да осы «Өнерлі өрге жүзер» кезеңінде (мұны бір жағынан қатысушылардың ұлты басқа болса да, қазақтың ұлттық өнерін, ән-күйлерінің мақамын, салт-дәстүрлерін жанын музыка тілінде жүрек-көзімен көре алуы, жан-ділімен түсінуі, түсіндіруі деп ұққан жөн) тілі басқа, тілегі бір отандастарымыздың қазақылығы, қазақтың жанын түсінетіндігі мен мұндалап-ақ тұрды! Керек болса, Светлана Бойконың (Жамбыл ауданы) А. Қоразбаевың «Сырғалым» әнінің ырғағына лайықтап, өздігінен қазақы әрі заманауи би жасай алғанын айырықша атап өткен жөн.

Бұл орайда алдағы уақытта тап осы өнерге қатысты кезеңді басы артық санап, оны мүлде алып тастауды ұсынушылармен тіпті де келісуге болмайды. Бірдеңені алып тастау керек болса, ондай «басы артық дүниені» алғашқы үш шарттың ішінен іздеген жөн. Мұның үшеуінің де арқауы – бір-ақ нәрсе. Ол –таныстыру. Яғни, үміткердің өзін, туған өлкесін, мақал-мәтелге жетіктігін (тіл шеберлігін) таныстыруы. Бәрі де бір ғана талаптың жүгін көтеріп тұр емес пе? Келесі кезеңдерде талапкердің керісінше қазақстандық патриотизмнің мән-маңызын, мемлекеттік рәміздеріміздің ерекшеліктерін қалай түсінетіндігі, ортақ үй Отанымыз – Қазақстанның тарихына қатысты пайым-түсініктері сұрақ-жауап түрінде сарапқа түскені жөн. Сонда, мемлекеттік тіл ауызекі қатынас тілі, тұрмыстық тіл, «жеңіл тіл» деңгейінде қалып қоймайды. Қалай болғанда да қазақ тілін меңгеру ісі өте-мөте тар аяда қарастырылмауы тиіс. Тіл байқауларының аралық үзілістерінде қазақ тілінің қаймағын сүзіп ішкен жас өрендеріміздің шешендік айтыстарын ұйымдастыру арқылы қазақ тілінің құдіреттілігін, құнарлылығын аңдатып отыру да керек-ақ. Өйтпеген күнде үйден жаттап келген бес-алты беттік дайын жауаптарына бола бағалы сыйлықтарды қалпақпен ұрып алып жатқандар арасында «тақұл-тұқыл тіл» жөнінде теріс түсінік қалыптасып, мемлекеттік тілдің мерей-мәртебесі асқақтай түсу орнына, керісінше күрт төмендеп кетуі әбден мүмкін.

Тіл насихаты өнер насихатынан әлі де төмен. Содан да... тіл байқауларына байыппен қарағанымыз да жөн-ау...



ҚАРА КҮБІ, ҚОЛ ДИІРМЕН…
Тоқсаныншы жылдары ғой. Аудандық газетте қызмет ететінмін. Заман зәйілімен енді облыс орталығына көшетін болдық. Отбасым ауылда анаммен бірге тұратын. Олар уәделі күні ауылдағы үйдің бар дүние-мүкаммалын бір мәшинеге тиеп келіп қалды. Тиелген жүктің ішінде анамның «жан серігі» қара күбі де бар еді.

-Оу, апа-ау, мынауыңызды қаладағы құрқылтайдың ұясындай пәтердің қай бұрышына сиғызамыз? - деймін баяғы. Апам үнсіз. Күбіні көзі қимайтын секілді. Не де болса арасында күрек, кетпен, тырма, қара күбі де бар біраз дүниелікті «басы артық бұйым» ретінде уақытша Ақкөлдегі үйде қалдырып кетуге мәжбүрміз. Кейін үйге түскен ұрылардың қолында кетті сол күбі…

Ауылдағы өміріміздің соңғы естелігі, анамның талайдан бергі серігі еді ол. Бір үйлі жанды «асырап-сақтаған» қызметі ұмытылар ма оның. Апам сәріден тұрып алып, күрпілдете іркіт пісіп жатушы еді. Бұл шаруа апама жеңілге де түспейтін. Тікесінен тік тұрып бұлайша күбі пісуге екінің бірінің белі шыдас бермейді. Отбасындағы екі ер бала - біздің де апамызға көмектескіміз-ақ келеді. Көмектесеміз де. Бірақ, ұзаққа бармаймыз, бір пәсте-ақ қарымыз талып қалады. Анамыз болса, мұнымызға бір күліп алып, піспекті өзі қолына алып, үйреншікті ісін әрмен қарай жалғап кетеді. Күбі пісісі де бөлекше еді өзінің. Белін бір жазбай, піспекті бір қалыпты, баппен сілтейді. Қара күбінің күмпілі жанға жайлы музыка ырғағына да ұқсайтын. Онда бір қазақы әуен бар-ды. Әупілдектің үніне келіңкірей ме, әлде. Қара күбіден тоқшылықтың, бақуаттылықтың, береке-құттың исі аңқып есетін. Апам және қара күбі бізге сөйтіп «май шайқап беруші» еді. Сол майға былғап жейтін табадан жаңа түскен ыстық нанның дәмі таңдайдан кетер ме! Қыстыкүні мал суалған шақта «сені апам қашан қолына алар екен» деп, бұрышта қаңсумен тұратын қара күбіге үздіге қарап қоятынбыз…

Апам күбіні ғана емес, тас диірменді де зыр қақтыратыны есте. Күбі – біздікі, атамның көзі, оны оқта-текте Күзербай ұста құрсаулап, түптеп беретін. Ал тас диірменнің кімдікі екені есімде жоқ. Ана үй, мына үй бір алып, өзін күллі ауыл әжетке жарататын. Көктемнің көкөзек шағында осы диірменге тартылған жүгері, бидай талқанға шекер қосып, болмаса майға, сүтке, айранға былғап жеп жүретін біздің де қарнымыз тоқ. Әсіресе, бір айға созылар наурыз мерекесі тұсында осы күбі мен тас диірменнің арқасында ауылдықтардың дастарханынан сары май мен жент үзілмейді. Мұндай ас түрін аналарымыз ораза кезінде де көптеп әзірлеуші еді. Кейде маған қара күбі мен тас диірменге күллі ауылдың күні қарап тұрғандай сезілетін. Күллі ауылды асырап-сақтаған да солар секілді.

Қара күбіміздің «қолды болуы» анамды қатты қапаландырған-ды. Оны «отбасы құты» деп құрметтеп, кие тұтатын. Осындай сезім бізде де болсайшы! Көне жәдігердің бірі, әкем мен шешемнен қалған көз, балалығымның естелігі болып, үйімнің бір бұрышында тұратын-ақ жөні бар еді, сол қара күбінің! Әттең-ай!
КҮРЕТАМЫРДЫ ІЗДЕУ
Адасу ма, әлде...
Бізде дін, әлбетте, өте нәзік, шетіндеу мәселе. Мемлекеттен бөлек. Діндердің қай-қайсысы да өздеріне тиесілі «терінің пұшпағын» илейді. Иін қандыра илейді. Адам тағдыры діндер мен діни ағымдар иірімінде қанкөбелек ойнайды. Әрідегі столыпиндік, берідегі голощекиндік қырғын геноцид күл ете аклмаған қазақы діл, тіл, дініміз – аждаһа арбауында. Бетін аулақ қылсын, ділінен, тілінен, дінінен айырылуы салдарынан қантөгіссіз-ақ жер бетінен жойылған ұлттар бар... Ал бұл пәруайына кірмеген бір танысым мұсылмандық дініміздің «басын жарып, көзін шығарды» кеше... Зәуінде бір кітап бетін ашпаушы еді. Діни сауаты, дүниетанымы «жетіліңкіреген» бе, қалай. «Мен қазір «Таным» кітабын оқып жатырмын. Аллатану жолындамын. Иса мәсіхтің (Христостың) уағызына ұйыдым. Исләмің «иіс алмас» дін екен-ау, кім біліпті», - деп елеуреп сөз тыңғдар түрі жоқ. Шай қайнатым уақыттан кейінөз-өзінен демігіп барып басылды... «Дін исләмді ғайбаттап, сен өзің нені көңірсітіп тұрсың?» деп едім...

- Солай жазылыпты ғой! – деді ол.

- Қай жерде солай депті? Көрсетші сол «қазынаңды»!

Танысым үнсіз үйіне бастай берді. Күдігім расқа шықты – оның үйінің бір қабырғасы түгел «Библяның» («Інжіл») қыры мен сырына қанықтыратын «Евангелияны» (ізгі хабарды) насихаттайтын басылымдарға (бүгінде мұндай брошюралар үйме-үй тегін таратылып та жүр ғой) сықасып тұр!

- Сен өзіміздің Құран Кәрімді, Мұхаммед ғалайкі іс-саләмнің хадистерін неге оқымайсың?

- Оныңды қайдан табамын? Қолға түскені мыналар... Тіпті бәрібір емес пе? Жаратушы Иеміз – баршамызға ортақ, - деп пәлсафа соқты қандасым.

Адасу ма, әлде... Бұған дейін де көп адасқанбыз. Атезм тұсауы адымымызды аштырмаған. Тас түнекте алдымыздан жылт етер жарық сәуле іздеп сан сарсылғанбыз. Тарихтың семіп, ақ сөңке тартқан тамыры – үрпіндекгі ұлт уызы таңдайымызға татып, енді еңсе тіктегенбіз. Сол, сол-ақ... Батыс құндылықтавры мен өлшемдерінің қуатты экспанциясына – топан суына тоғытылдық. Ататегімізбен, Аллатағаламен арадағы ілекет байланыфсты үзбесін ол!
Күретамыр
Мен де жоқшымын. Өзімде, өзгелерде (қандастарымызда, әрине) жоқты іздеп, жолға шықтым. Жаратушы Иемізден жіберілген дейтін кітаптар төртеу – «Тәурат», «Зәбур», «Інжіл», «Құран Кәрім». Бұдан соң Аллатағала тарапынан кітап түсіру, Мұхаммедтен соң пайғамбар жіберу тоқталды... Сондықтан да исләми – ақырғы дін, Мұхаммед – ақырғы пайғамбар. Құран Кәрімдегі: «Құдай тағаланың пайғамбарларына иландым» деген сөздің мағынасы – Алла тағаладан жіберілген пайғамбарларн қанша болса, барлығы да құқықты һәм рас. Бірақ қайсысының болса да пайғамбарлығына іңкәр болумен иман (наным) табылмайды...

Пайғамбарлардыңғ алғашқысы – Адам ғ.с., ақыры – Мұхаммед ғ.с. екі аралықта қаншама пайғамбар өтті. Бірақ Құранда аттары жазылған 28 пайғамбардың - Адам, Нұх, Нут, Лот, Зүлкафил, Салих, Ибраһим, Әйін, Исмағил, Исхақ, Жүніс, Едрис, Жақып, Жүсіп, Илияс, Әлисағи, Дауд, Сүлеәйман, Мұса, Нарун, Жақия, Ғайса, Шұғайып, Зікрия, Ғазиз, Лұқпан, Ескендір (соңғы үшеуін біреулер пайғамбар, біреулер әулие атаған), Мұхаммед ғалайкі-іс-сәлем аттарын білу - әрбір мұсыоманның парызы (Ы. Алтынсарин. «Мұсылмандық тұтқасы»).

... Жолға шықтым. Құдая құдуандә, әлгі танысым айтқандай емес, Алланың шапағатына шомылған ақиқаттың ақ жолы жатты алдымда! Білім, мәдениет және абырой сәулесімен нұрланған ол! Аллаға, Пайғамбарымызға (Мұхаммед ғ.с.), өзімізге, отбасына, жақындарымызға, мемлекетімізге, халқымызға, адамгершілік әлеміне байланыстыв міндеттерімізді саралап, ізгілікке шақырған әмірлерді әрі Құран Кәрім әрі Алланың елшісі бұйырған! Тіпті бар-ау... исләм дінінен басқа ешбір қоғам, ешбір философиялық көзқарас, ешбір оқымысты адам баласының, міне, осындай табиғи құқықтарын мұнша айқын кең көлемді қамти алмайды. Исләм діні «Адам атаулыны бір бауырдай қылып, екі өмірде де жақсы өмір сүргізген жалғыз осы мұсылмандық жолы» (Ш. Құдайбердіұлы). «Исләм діні - әрбір саналы адамзат баласының соңғы табан тірер тұғыры» (А. Толстой).

Исләм діні...


Салыстыру
Иегово куәгерлері («Інжілді» зерттеушілер) өз туағыздарында «қазіргі уақытша қиындықтар Жаратушының әзірлеген «сыймен» салыстырғанда, ештеңе де емес» деп адамзатқа әлдебір қауіпті таяп қояды. Оның алдын алудың бірден бір жолы – Иса мәсіхтің дініне кіру деп жар салумен жүр. «Ізгі хабарымен» де ел-жұртты еліктіріп бағады. АҚШ-тағы бір басқарма («Сторожевая башня») қароажатты аяп жатқан жоқ. Бұл дінді алғаш қабылдағандар, миссионерлер мен оларды уағыз қызметіне тартатын бақылаушыдарн үшін 1997 жылы, мысалы, 63914602 АҚШ доллары көлемінде қаржы жұмсалған... Осы күні кришнаит, сатанизм, уахавизм, иудейзмдерді әлде біреулер «қуатты қару» ретінде пайдалана бастады. Бір кездері басты идеологиямыз болған... «измнен» енді құтылдық па дегшенде, одан басқа «измдер» жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап берді.

Кейбір мәліметтерге қарағанда, елімізде 1998 жылы 8. 246 мектептің 122-і жабылса, 300-і гимназияға айналдырылыпты. Ал, мешіттердің саны 5 мыңнан (1990 жылы 300 ғана еді) асыпты. Қыруар қаражатпен кейінгі жылдары іске қосылғаны қаншама! Олардың облыстағы саны 150-дей. Мектептерді мешіттер сан жөнінен аз-ақ жылда басып озатын түрі бар. Десек те, мәселе – олардың шын мәніндегі имандылық, тәлім-тәрбие орталығы болып отырған-отымағандығында...

БҰҰ мамандары 1991-1996 жылдар аралығында Қазақстанда оқушылардың мектепке келу көрсеткіші 39 пайызға кеміді деседі. Бұл жағдай жылма-жыл сақталатұғын болса, енді 10 жылдан соң еліміз азаматтарының 20 пайызы сауатсыз болып қалмақ екен. Қасиетті Құранда «Білімді қайдан да болса ізде» делінеді. Оны былай қойғанда... тым құрыса имандылық шарттарын жас ұрпақ бойына ұялатар деген талай мешіттеріміз (көбейгенінен не қайыр) мүлгуінен танатұғын емес... Имандылық үрдісін халықты иландырардлықтай деңгейгекөтеру имамдардың басты міндеті де ғой!

Ал, олар елді имандылыққа шақыру орнына баз бір жерлерде мешіттерді «бөлісе алмай», одан қалды жылына бір-ақ мәрте жиналатын пітірге бола бастары «бір қазанда піспей» жатады. «Жансақтау» саясатынан даму саясатына ойыссақ, дейсің. Исләм діні - әуелде жүректен шыққан сөз әлі көп жүректерге жетпей жатыр.

Ал, шоқындылар... шеру тартып барады. Солтүстіктен оңтүстікке, батыстан шығысқа қарай... Таяуда Тараздағы «Россия» (қазір «Еуразия» аталады) кинотеатрында Иса мәсіх әспеттелген тағы бір ию-қию жиын өтті. «Ізгі рухтың» шақыруымен шіркеуге қаракөздеріміз де барып жүр. Оларды апаттың апаны «магниттей» тартуда... Апатты болатыны – пікірлердің қарама-қайшылығы қазақ пен қазақты «қырқыстырып» қойды. Қазаққа қазақ «ана тіліңді аяққа таптаттың» деп көз алартады.қазаққа қазақ «өзге дінге өт» деп уағыз айтады. Онысыз да «алтыбақан алауыз» қазекеңнің кейбір отбасындағы әке-шеше және қызының үшеуі үш діннің (исләм, христиан, кришнаит) ығына жығылғаны да жаға ұстатты...

Пайғамбарымыздың исі мұсылманға қалдырған аманатының, заман талабы әзірге жаңарта алмаған шариғат заңының жоқшысы көбейсе ғой...



Өзіңді иманнан ізде...
Осы күні алдыңғы буын, орта буын, кейінгі буын аралығындағы алапат талшақтық, ғасырлар бойы қоғамды бұзбай-жармай ұстап келген мәдени дәстүрлердің жойылуы жүріп жатыр. Адамзат қоғамына мәдениеттілікке сорпасы әсте қосылмайтын зұлымдық атаулының неше бір түрінің (зорлық-зомбылықтың, жыныстық әулекіліктің, қарақшылықтың, тағы басқаларының) жойқын шабуылы басталды...

Дінімізді (діндерді) бұрмалаушы дүмшелер көбейді. Олар... Тәурат, Зәбур, Інжіл, Құран Кәрімді түсіндіруді әбден бытыстырды. Базбір миссионерлер (міндеткерлер) қолдарынан келсе, жұмыр жердегі тұтас халықтарды бір ділге, бір тілге, бір дінге мойынсұндырмақ. Бақсы, құшнаштар қаптай өріп, қайсыбіреулері тіпті өздерін әулие-әмбие, пайғамбарлармен теңестіре бастады. Аузына Алланы алып, қолына Құран ұстап, ант суын ішіседі олар. Дін дүмшеліктің дүресі астында қалды. Діндегі демократия дүдамалдыққа ұласты. Екі мың жылдықтың өліарасында Өркениет адасып жүр!

Өткен ғасырда (1846 жылы) В. Г. Белинский Н. В. Гогольге хатында: «Дінді бетке ұстап, қамшы үйіре отырып, өтірік пен өнегесіздікті ақиқат пен адамгершілік деп соқса, үндемей қала алмаймыз... Жердегі мақсатқа ғарыш арқылы жеткізуді көздеген... қулық-сұмдық! Россия өзінің өлмес өмірін мистицизм (Тәңір күшіне табыну), аскетизм (өмір қызығынан безіп, Тәңіріні дәріптеу), пиетизм «құдайшылық) дегендерден іздемеуі керек. Қоғам дамуынан, өнер-білімнен, адамгершіліктен іздеуі керек. Діни уағыз(талай естіген), бата-дұға (талай сарнаған оларды) керек емес», деп ашына жазғаны бар-ды.

Халқымызға... осындай сөз айтудың кезегі енді бізге жетті ме, әлде...

Атақты көріпкел Ностадамустың болжамына сай, көп жұрт 1991 жылдың жазында «ақырзаманды» күтті. Үрейлене күтті. Жер бетінде адамгершілік мұраттарын орнықтыра алмаудың шегі еді ол!.. Жаратушы Иеміз аз да болса дінге бетбұрысты, тәубеге келушілікті ескерген болар... Иманға бет түзе. Өзіңді өзің ізде, әлеумет!
ЖҰМБАҚ ЖАН
«Димекең өз заманының перзенті болған ірі тұлға... Қонаев есімі

Қазақстан халқымен бірге жасары анық, ақиқат. Ол кісі бәрімізге

ұстаз болған ұлы адам».

Нұрсұлтан Назарбаев.
Қонаев әлемі бізге әлі де жұмбақ. Кезінде өзі бейнелеп айтып кеткен алып айдаһардаң үш басы сияқты қазақтың үш жүзі өкілдерінің – исі қазақ баласының қай-қайсысының да жүрегі түкпірінде осынау ұлы тұлғаға деген құрмет-ілтипаты жоғы кемде-кем. Сол «үш басты» халық бір-біріне өшігіп, шайнасып, жан-жаққа тартпайды. Кейде өзара алагөз болып, келісе алмайтын кездері болады. Үш бас бір дене, бір мойын омырьтқада болғандықтан, қашанда берік тұтасып, ешқашан ажыраспайды. Қажет кезінде үшеуі бірдей «тілдерін ысылдатып», дұшпанына жұмыла сес көрсетеді. Құдай солай жаратқан айдаһардың үш басы сияқты қазақ бір-біріне сүйеу, бір-біріне тіреу, бір-біріне туыс болып, ұлан-ғайыр далада мыңдаған жылдар бойы жасап келеді. Қазақтан басқа «үш бірлікті» халық дүние жүзінде жоқ. ақарыс, Бекарыс және Жанарыстан тарайтын бәріміз үш жүздің баласымыз. Біз үш басты айдаһарға ұқсаған сұсты ұлт, алып даланың адамдарымыз. Сондықтан бірлігімізге де бекембіз.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарында кейбір зиялыларымыз арасында Димекеңнің бұл «тәмсіл-даналығы» айырықша кең таралған-ды. Қазақтың болмыс-табиғатын бүге-шігесіне дейін түгел түстеп таныған дегдар кісінің, ұлы кемеңгердің пайғамбарлық сөзі де еді бұл! Ал керісінше Қазақ Қонаевты әлі толық тани алған жоқ. Ол турасында басқаны қойып, өз ішімізде әр алуан пікірлердің қалыптасуы да, міне, осындай танымның төмендігінен тамырын тартып жатыр. Қонаевтану ілімінің әлі де бір ізге-жүйеге түсірілмеуінен бәрі де...

Рас, Димекең жөніндегі кітаптар (оның бірсыпырасын өзі жазып қалдырды) мен естеліктер жинақтарының өзі бірқыдыру. Соның бәрін ерінбей-жалықпай жинақтар болсақ, салмағы кішігірім кітап сөресін қайыстырып-ақ жіберерліктей, тіпті. Бірақ, оның бізге – оқырманына берер дәні, мәйегі татымсыздау. Әрі кеткенде, Димекең өмірі мен қызметі, ата-тегі, отбасы, кімдермен араласқаны, әйгілі «бесжылдықтар» тұсында Қазақстанның өсіп-өрендеуі жөніндегі қатқыл деректермен бетпе-бет келерміз, көп болса. Сосын... өзі билік еткен қырық жылдан астам уақыт ішінде сегіз жаңа Қазақстан пайда болғанын, Алматы мен Балқаштан басқа 43 жаңа қала салдырғанын, қылышынан қан тамып тұрған кеңестік империяның тұсында бірнеше облыстың Ресейге, біраз жеріміздің Өзбекстанға өтіп кетуіне жол бермей, табандылықпен тірескенін, өмірі тәлкекке түсіп, басына қара бұлт үйірілгенде талай ұлт зиялыларынының тағдырына арашашы, ұлтқа «Үлкен әке» бола алғанын пайымдармыз. Міне, осылардың өзін ғана қанағат тұтып, қонаевтану ісін орта жолда доғарсақ, Димекең ғұмырының – мұхит бетінде оннан бір бөлігі ғана көрініп жататын алып Айсберг-Мұзтаудың тек «бетін ғана қалқыған» болып шығар едік. Аңыз-Адамға, Алатау-Адамға айналды Ол! Асқар таудың алыстаған сайын асқақтай түсетіні секілді. Айтпақшы, «Алатау» аталатын белгілі ән (әнін жазған Н. Тілендиев, сөзі – Н. Әлімқұловтікі) кезінде Димекеңе арналғанын біреу білер, біреу білмес. «Алып тұлға байсалды...» деп басталатын, міне, осы әннің әуенінде де, сөзінде де Димекеңнің асқақ тұлғасы, рухы атойлаумен тұр. Бастапқыда авторлар нотаға түсірген «халық көсемі Д. Қонаевқа арналады» деген сөзбен келіспей, оны мүлде алдыртып тастаған да басқа емес, Димекеңнің өзі екен. Өзі жөнінде жазылған І. Есенберлиннің романын («Мұхиттан өткен қайық», бертінде баспадан шықты) «көзімнің тірісінде мен жайлы кітап шықпасын» деп жариялатпай тастағаны ше... ол кісінің үш рет Еңбек Ері атағын, сегіз рет Ленин орденін омырауына қадағанда да асып-таспай, «Менің нағыз өз еңбегіммен алған марапатым – үлкен өндіріс, кеніште істеп жүрген инженер кезімде кеудемеарнайы тағылған медаль ғана. Ал қалғаны – халқымдікі» дейтінінің өзінде қарапайым кісіліктің кереметтей үлгісіжатыр емес пе?

Бұл Қонаев тағылымының тек бер жағы ғана ғой! Қалай болғанда да таныс та бейтаныс Қонаевтың алуан қырын шыншылдықпен шынайы ашып көрсетерлік бір толыққанды туынды керек-ақ еді. Жер бетінде зиын-зердесі, жады көнермес, асыл-жауһарларын әсте аяқ асты етпейтін «қазақ» дейтін текті халық барда, ұзына ғасырдың бір иінінде ерте ме, кеш пе ондай атты күннің туатыны да кәміл-ді. міне, сондай «құйма алтын» - Үлкен Танымның жемісі, Киелі кітап өмірге келді, әлеумет! Авторы – елімізге танымал журналист Ораз Қауғабай. Жұмбақ жан – «Таңғажайып Қонаев» (кітап осылай аталады) барлық адами қасиетімен жарқырай ашылып, толыққанды сомдалған күйінде ортамызға келді! Бұл Ұлы ұстаздың өмірде қандай болса, дәл сондай күйде ортамызға қайта оралуы секілді. Аз ғана таралыммен шыққан бұл кітап кезінде Димекеңмен туыс, бауыр ретінде көп араласқан, қамқорлық, шапағатын да көрген тәлімгер ағасына айырықша құрметінің белгісіндей етіп өзі туып-өскен Аманкелді (Талас ауданы) ауылынан «Д. Қонаев мешітін» тұрғызған Берден Байқошқаровтың қолына әлдеқалай түсіп қалған екен. Жақсы кітап жан азығы ғой қашан да! Бекең «ғажап дүние» деп әбден мақтауын да жеткізді, оның. Оқып шықтық. Рас екен! Автор (О. Қауғабай) өзінің осынау роман-эссесінде халқының қалтқысыз құрметі мен шексіз сүйіспеншілігінге бөленген Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың қарапайым кісілік, кемеңгерлік, тектілік, көрегендік қасиеттері мен ел-жұртына адал тілектестігі жайында кең толғап жазыпты. Халықтың оны неліктен 1101-ші қасиетті адам, әулие, дана, пайғамбар атағандығы жөнінде (бұрын да, қазір де) қисындар да шынайылығымен баурайды. Димекеңде тектің тазалығы, бір тылсым әулиелік қасиет заузатынан бар болып шықты! Бағзы бір кездері Азынабай юабасына куездейсоқ ұшырасқан жауырыншы-сәуегейдің «Сенің төртінші, не болмаса бесінші ұрпағың болар – бір бала Алатау етегінде нұрдың ішінде, елдің ішінде жүр. Баланы әулиелер мен періштелер қоршап жүр» деп болжам айтқаны дәлме-дәл келді де тұрды. Міне, осының өзі пайғамбарлар жөнінде айтылатын аңыз, сыры жұмбақ тылсымды көз алдыңа әкелетініне қайран қаласыз. Қазір де Оңтүстік түгел Димекеңді «әулие» деседі. Кемеңгердің Кеңсайдағы бейіті басына келіп, оның рухына тағзым ететін пенделер оны «киелі рух» санайды. Ал мұражайына келушілердің легінде толас жоқ.

Димекең өзінің өмірден өтерін (1993 жылың жазы) алдын-ала дәп он күн бұрын болжап білген ғой! Басшылық қызметте болған кездерінде «капитализмде тудым, капитализмде өлемін» деп те жүреді екен. Ерекше ырым-жоралғысын жасап, бата беріп, алдына келгендердің болашақта қанша ұл-қыз көретініне шейін дәл болжап айтқан кездері де аз емес. Бір аңшылығы үстінде тотемдік жебеуші күштің бірі – өзінің «қызыл жолбарысын» қалың қамыс арасына еніп бара жатқан күйінде көріп қалған. Қалай десек те, таныс та бейтаныс Қонаев болмысы тым күрделі. Ол «заман зәйіліне қарай қызмет етсек те, Құдайдың бар екенін естен шығармай, жүректе бір Алла деп жүрдік» деп өзі айтқандай өмірде де маңайына рух пәктігі мен жан тазалығы, наным-сенімі бір адамдарды іріктеп жинай алды. Әкесі Алматыдағы бұрынғы ескі мешіттің тұрақты намазханы, атасы Жұмабай белгілі пірадар, өзі бекзат Димаш – Дінмұхамед бала кезінде қаладағы қари-молдалардан діни дәріс те алған. Сондықтан да діндарлық пен бекзаттық оның бойына жасынан сіңген-ді. «Йасин» сүресін жатқа білгенін, кейбір аяттарды араб жазуына қарап оқи алғанын, өмірінің соңына таман мұсылмандық парызының бірін – қажылыққа баруды өтеп қайтпаққа ниет етіп, нәпіл намазын оқып, біршама рухани тазарып дайындалғанын, айтпақшы, өз өмірі ішінде қызмет бабында және іссапары кезінде жеті рет қауіп-қатерге тап болып, «періштесі қорғауымен» аман-сау қалғанын көпшілік біле бермейді де.

Аталған кітапты парақтағанымызда, қазақтың жүз жылда бір-ақ туатын кемеңгер перзентінің шынайы болмысы сол күйінде көз алдымызға үйірілгендей болады.

ҚАЗАҚТЫҒЫ – сөйлеп кетсе, кейбір сөздері өөзінен нақыл болып құйылып түсе қалатынынан, көп мақал білетінінен, нағыз от ауызды, орақ тілді шешендігінен, Шашубайдың, Мағжанның, Мұқағалидың, басқа да көптеген қазақ ақындарының өлеңдерін жатқа білгенінен ;

ҒАЖАПТЫҒЫ – қол жайып берген әрбір батасының сол заматында қабыл болып, ісі жүрмей қиналған азаматтардың жолын ашып, бір шаранаға зар болып жүрген он-сан отбасы иелерінің кешікпей ұлды, қызды болуына септесуінен, абыз аталарын түсінде көрген өнер, әдебиет өкілдерінің, қарапайым шаруа адамдарының үлкен жетістіктерге қол жеткізуінен, қай өңірге (әсіресе, қуаңшылық жайлаған) барса да, соңынан нұрлы жаңбыр ілесе жүретінінен;

АЗАМАТТЫҒЫ – Шәкәрімнің ұлы Ахат «халық жауының» баласы ретінде түртпек көріп жүргенде, сол кездегі идеологияның қаһарынан да ықпай, Семейдегі мұражайға қызметке орналастыруынан, әдебиет, өнер қайраткерлерін ұдайы назарында ұстап, жанашыр-қамқор бола жүретінінен, не көрсе де көппен бірге көру ұстанымынан – қарапайымдылығынан бір айнымай өткенінен;

АДАЛ, АҚТЫҒЫ – бір жолы елге келген Иран шахы Ризе Пехлевиден ата-бабалары үркіншілік жылдары елден кетіп, Иранға тұрақтап қалған қазақ қауымына жағдай жасауын өтінуінен, билік тізгіні қолында бола тұрса да, хрущевтік тар үйді қанағат тұтуынан, Брежнев «қатты тапсырған» соң ғана екі қабатты жаңа үй салдырып, онда да жалғыз өзі емес, Орталық Комитеттің оншақты лауазымды қызметкерлері отбасымен бірге тұруынан, ең әрісі өзінің атып алған аң, құстарының етін «ел жесін» деп, Алматыдағы «Саят» атты арнайы дүкенге өткізіп жіберетінінен, қызмет бабын асыра пайдаланушылармен, әстемсігендермен, жарамсақтармен, уәдешіл басшысымақтармен, өтірік пен өсекке үйірлермен қосын бір тікпеуінен «мен мұндалап-ақ» тұрғандай!

Рас, кезінде әлдебіреулердің: «Қонаевтың түбі шикі. Ол қазақ емес» дегені де болған-ды. Міне, мұндай жағдайда Димекең сабырмен ғана: «Менің қазақ екендігіме күманданса, маған келсін, мен өзімнің ысты екенімді жеті атама дейін таратып түсіндіріп берейін» деген ғой! Шынында да өзінен бастап Ұлы жүз Ысты-Бәйдібекке дейін шежіре тізбесін жатқа да айтқан. Димекеңнің нағашылары – ежелден «хан сайлаған» қаңлылар болатын.

Міне, осындай жоғары интелект иесі, дана, кемеңгерге халықтың құрметі де ересен-ді. Әлі де солай. Орта буын өкілдері тоқсаныншы жылдары Д. Қонаевқа ашықтан-ашық қара күйе жағып, жалған ақпарат таратушылар көп болғанын ұмыта қойған жоқ. Одақтық бір басылым Ұлы абызымыздың бір аңшылығы кезінде өзі атып алған құрбандығын - қабан шошқаны аяғымен басып тұрған суретін де жариялап жіберді. Осындай тосын фактілерді көбейткісі келді ме, тағы бір басылым бір ісі түскеніне бола Қонаевтың суреті басылған ақ матаны мыжғылауын өтінгенде, ғалым-жазушы С. Қышқашев: «Атып тастасаңдар да, мұны аяғыма таптамаймын!» деген ғой! Мінекей, қара халықтың ханына деген құрметі қандай! Мұндай мысалды көптеп келтіруге де болады. Сол тұста Ұлы ұстазды нақақтан-нақақ тағылған айыптан арашалап, қиянаттан құтқару ісіне облыстық «Ақ жол» газетінің алғашқылар қатарында атсалысқанын да атап өткеніміз жөн.

Аталған кітаптан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Д. А. Қонаевтың Америкаға, Францияға, Англияға, Үндістанға, Кореяға, Алжирге, Египетке, Иранға, тағы басқа елдерге ресми сапарларының тағылымдарымен де кеңірек оқып танысуға болады. Димекеңнің кезінде өзі араласқан көрнекті мемлекет қайраткерлері, ақын-жазушылар, әртістер, әншілер, қарапайым шаруа адамдары жөніндегі мөлтек сыр, маңызды мағлұмат та мол.

Осымен байланысты ұлы кемеңгеріміздің адами болмысы біршама ашылуына септесетін тағы бір кітаптың («Қазақстан – Отаным, атамекенім») кәсіпкер Б. Байқошқаровтың демеушілік етуімен жарыққа шыққанын атап өтсек дейміз. Кітаптың құрастырушысы, журналист Абай Болатбеков. Онда негізінен Димекеңнің «Өтті дәурен осылай», «Ақиқаттан аттауға болмайды» атты кітаптарынан, «Қазақ әдебиеті» газетіне берген сұқбатынан іріктелініп алынған нақыл сөз (афоризм), ұлы тұлғаның мінез-құлқына, адами қаксиеттеріне және көп жылдар бойы атқарған жемісті қызметтеріне байланысты ел басшылары мен қарапайым еңбек адамдарының ой-пікірлері, алғыстары топтастырылып беріліпті. Екі кітаптың да көтерген жүгі ауыр, діттегені – бір-ақ нәрсе: Қонаевтың былайғы жұртқа жұмбақтау болмысын қадери-қалдерінше ашып көрсету болған секілді. Қалай болғанда да «Таңғажайып Қонаев» өзінің осы миссиясын жемісті орындай да алыыпты. Осы кітапта айтылатындай, Ұлы Абыздың үйі ауласына өткен ғасырдың сексенінші жылдарында Еуропаның бір мемлекетінен биіктігі 60 метрге дейін өсетін, кемі 600 жыл жасайтын Шамшат ағашын әкеліп отырғызып, «жерсіндіруі» жайдан -жай емес-ау. Ол осы бір ағашпен өзінің болмыс-бітімі, рухы арасында әлдебір ұқсастық барын әулиелікпен болжай білген шығар. Қазақ барда, соңында оман жұрты барда Қонаев рухы Шамшат ағашындай күн санап өсіп, желегін кеңге жая да бермек.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет