ӘЛІППЕМЕН ҚОШТАСҚАН КҮН
Жансая Әліппемен қоштасқан күнге ерекше даярланды. Өлең жаттады. Әліппенің әріптерді үйреткеніне мәз болды. Сөздерді оқи алатынына қуанды. Жүгіртіп оқығанына төбесі көкке жетті.
Әліппемен қоштасу мерекесіне ата-аналардың бәрі жиналды. Апайы Айсұлу өз шәкірттерінің қабілеттеріне көңілі толғандай.Сәбира домбырамен өлең айтты. Бейбіт тақпағын орындады. Жансая үш қызбен бірге дөңгелеп, би биледі. Бәрі де тап-таза, әдемі киінген. Көйлектері бүрмелі. Оюлы камзолы өздеріне арнап тігілгендей. Қолдары, саусақтары майысып, өнерлерін көпке көрсетті.
Ата-аналары жас бүлдіршіндерге риза боп, әлсін-әлсін қошемет танытты. Қол шапалақтады. «Ой, жарайсыңдар!», «Керемет!»деп, әр ән, би сайын өз ой-пікірлерін сүйсіне білдірді.
Жансая үшін бүгінгі күн есінде жатталып қалды. Әліппені жақсы оқығаны үшін мектеп директоры мен апайының қолы қойылған, мөр басылған мақтау грамотасын иеленді.
Жансая, алған марапатың құтты болсын! Қуаныштысың ба? – деді Айсұлу апай.
Иә, апай! – деді Жансая қатты қуанып.
Өзінің өте мәз болғанын апайы қалай біледі деп Жансая таңдана қалды.
Үйге келген соң Жансая әліппемен қоштасқан сәттерді атасы мен әжесіне әлі жеткенше әңгімеледі.
Қуанышың қуанышқа жалғассын, -деді атасы.
Сауатты болды деген осы, - деп әжесі Жансаяны аймалап, бауырына қыса түсті.
Көңіл-күйі әбден балқыған. Бақытты балалықтың сәті дүниені түгел құлпыртқандай. Бұның барлығы оқуға үйреткен, білімге талпындырған Әліппенің құдіреті болатын.
( 191 сөз)
БІР ҮЗІМ НАН
Баяғы бір заманда бай мен кедей көрші өмір сүріпті. Олардың араздығы сондай, бірін-бірі көргісі келмейді екен.
Байдың үйі кең, әдемі болыпты. Іші толған - алтын мен күміс. Ал кедейдің үйі ағаштан жасалған, төбесін бұтамен жапқан қора екен. Алтын мен күміс түгіл, нанын әзер тауып жепті. Егін егіп, оны суарып, күтіп, орып, өз күнін өзі көріпті.
Бір жылы көктемде алапат су тасқыны болады. Бай алтынын көтеріп ағаштың басына шығып кетеді. Ал кедей болса, бір көмеш нанын қойнына салып, ол да ағаштың басына көтеріледі. Су тасқыны он бес күнге созылады. Бір күні қарны ашқан бай кедейге:
- Әй, кедей, сен мына бір кесек алтында ал да, маған бір үзім нан бер, - дейді.
- Жоқ, алтының өзіңе, нан бере алмаймын, - деп жауап береді кедей.
Екінші күні бай кедейден тағы да нан сұрайды.
Алтынымның жартысын берейін, - дейді ол бұл жолы.
Жоқ, бере алмаймын, деп бұл жолы да кедей келіспейді.
Ақыры аштан өліп бара жатқан соң шыдамай, бай бір үзім нанға барлық алтынын айырбастайтынын айтады. Кедей бәрібір көнбейді. Бойынан күші кеткен бай басы айналып, суға құлап кетеді. Ал, келесі күні су тоқтап, кедей ағаштың басынан түседі. Халықтың «Алтын, күміс тас екен, арпа, бидай ас екен» дейтіні осыған орай айтылған екен.
(193 сөз)
Достарыңызбен бөлісу: |