АУДАРМАЛАР
Тасбақа, Піл және Керен
Ерте, ерге, ертеде, уәдесіз бір кезенде, Піл Тасбақаны кездестіреді. Піл арқырап, кеңсірігін дүрілдете дірілдетіп «Жолдан былай кет, әлсіз жәндік, мен сені басып кетуім мүмкін»,-дейді.Тасбақа қорықпай таскереңдей үнсіз, орнынан қозғалмайды.Сондықтан да піл үстінен басып өтті, бірақ езіп кете алмады.
«Піл мырза, мақтанба, мен де сендей күштінің бірімін», -дейді Тасбақа. Піл шегі қатқанша күледі. СондаТасбақа тұрып, ертең таңертең, күш сынаспаққа төбешікте кездесейік деп, ұсыныс жасады. Ертеңінде Күн көтерілмей тұрғандаТасбақа төбешіктен өзенге түсіп, суға бара жатқан Керенге кездеседі.
«Керен мырза, күш сынассақ қайтеді. Бәсім бар, сізден кем түспеймін», - дейді Тасбақа.
Керен де аузын керендей ашып, мына келеңсіздеу ойға қызыққандай болды да, келісті. Тасбақа мына ұзын арқан жіптің бір ұшын «әуп!»— деп айқайлағанша тістеп тұруды ұсынды да, өзі Піл тосатын төбешікке жетуге асықты. Пілге барып, мен «әуп!», —деп айқайлағанда арқанды тартатын бол, көрейік қайсымыздың мықты екенімізді,- дейді. Піл мен Керен екі жақта «әуп!», — деген бұйрық бойынша арқанды тартты-ай кеп, тартты-ай. Бірақ, бірін-бірі тартып әкете алмады, күштері тең түсті. Олардың әрқайсысы Тасбақаның күші өзімен тең
деп ойлады.
Өсиет: Өзіңнің күшің жетпейтін, сенің орныңа басқа біреу атқаратын
жұмысқа әсте барма. «Әліңді білмей әлек болма»,— дегенді есте ұстаған
жөн Ал қулығы жеткен Тасбақа, өзі үшін жұмысшы басқаға атқартып,
жақсы атын өзі иеленді. Ұят — ай!
*ҚАЗАҚ ҚАЛҚЫНЫҢ ДҮНИЕ ТАНЫМЫ.
Қазақтың даналық мұрасы.
Қазақ қалқының сан ғасырлық ақыл ойының, өмірлік тәжірибесінің, табиғат ғажабын түсіне білуінің, сонымен қоса дәулескер шеберлігі мен даналық суреткерлігінің құдіретті туындысы киіз үй екені әлемге әйгілі десек артық болмас. Мал шаруашылығының ерен ерекшелігіне байланысты көшіп-қонуға ыңғайлы, әрі жеңіл, әрі тасымалдауға қолайлы, өнерлі көңілден, өмірге бейімділіктен туған таңғажайып дүние. Тариһи даму кезендерінде жануарлар мен өсімдіктері, ауа райы ерекше қазақ жеріңде киіз үйдің пайда болуы табиғи зандылық болса керек. Үлкен бәйтеректей терең тамырлы тариһы бар қалқымыздың ұрпақтан ұрпаққа мирас болған ежелгі шараларының қай-қайсысының негізі, өркендік тәрбиелік толғамы, көркем келбеті бар. Соның бірі-киіз үй. Оны жасаған шеберлер киіз үйді, тек, баспана ғана емес, күнделікті өмірдегі тіршілік қажеттіліктерін өтеуін ескергенін анық кереміз. Киіз үй құрылысының жинақылығы мен ыңғайлылығы өз алдына, оның сәулетгі пішімі мен пішіні, сырт тұлғасының өзі ерекше сұлулығымен ерекшеленіп тұрады. Мамандар мен ғалымдар киіз үйді сәулет (архитектура) өнерінің әлемдік озық үлгісінің бірі Деген ойлы пікірде. Шындығында ақиқаты солай. Мұны ерте заманнан тасқа түсірілген суреттерден айқын байқауға болады.
Мысалы, Гобби Алтайынан, Сібірдегі Байарқия тасынан, Қырымнан т.б.табылған суреттер дәлел. Көшпелі скифтердің киіз үйде тұратынын алғаш рет ергедегі грек тариһшылары Гередот, Страбон, т.б.жазған. Киіз үйдің жалпы пішініне зер салсақ, күрделі геометриялық беттерден тұратындығын ғылым дәлелдеген. Енді соған аздап тоқталып көрелік.
Киіз үйдің сүйегі (қаңқасы). Шаңырақ, кереге, уық, есік бәрі ағаштан жасалады. Олар тал, қайың, терек, біркелкі сәмбі талдар. Шаңырақ - қайыңнан, кереге, уық - талдан, бақан - теректен жасалады. Киіз үйді шебер атақты үйшілер, белгілі бір үй жапқыштар, шебер өрмешілер, тамаша өрімші, тоқымашылар жасайды, киіз үйдің әрбір бұйымына маңдай тері мен, көз майын сіңіреді, Қазіргі кезде Қазақ жерінде ата дәстүрін ұстаған 300 дей үйші бар екен, Балқаш, Жаңаарқа, Талдықорғанда. Жамбыл облысы Сарысу ауданында киіз үй шығаратын фабрикалар бар, бірақ еш фабрика қазақы киіз үйді әлі шығара алған жоқ. Үй жасайтыи ағаштар ерте көктемнен күзге дейін жинақталады. Үйшілер Еділ, Жайық, Шейһун, Зарһун, т.б.өзендермен көлдер бойында отырған. Оларда тез, төс, мор, үскі, қайыс, т.б. түрлі саймандары болады. Талдың жуандығы шамамен бір тұтам, яғни - 9 см.
Кереге - киіз үйдің қабырғасы. Ол арнайы иіліп қырналған ағаштардан құрастырылады. Үй жасауға қажетті ағашты таңдап алып, қозға салып балқытып, тезге салып иеді. Кереге жоғары қарай тартыла береді де уық арқылы күмбезге айналады. Керегенің басы мен аяғы иіліп, сыртқа қарай шалқайтылады. Сонда кереге желісінің жанабы екі кубтық парабола тәрізді болып шығады. Желінің ішкі жағын сай-сай етігі қырнайды. Дайындалған жерлерді біріктіру үшін көктелетін орындарын қарып белгілейді де, ұңғып теседі, сосын түйенің мойын терісінен жасалған таспамен бекітеді. Керегенің бір қанатындағы желілері 14-тен әрі, 9 сағанақтары мен балашықтары 108 болады. Бұл сан ежелден аспан саны болып есептеледі. Таңмен таласа басталатын қой өргізу, сиыр сауу, бие байлау, т.с.с. қат қабат үй шаруашылығын жүргізу белгілі бір уақытпен мөлшерленіп отырады. Уақыт өлшемдерін білдіретін «бие сауып», «сүт пісірім», «ет асым» тіркестері бар. Сол сияқты күн мезгілін білдіретін өлшемдер де қолданылған. Күн тұсау бойы, арқан бойы, шідер бойы көтерілді дейді. Бұл өлшемдер шаңырақтан түскен күн сәулесінің жүрген жолынан көрінеді,уық санымен есептеледі.Басқа ша айтсақ,уақыт1-5лездемеге (минут) дейінгі дәлдікпен өлшейтін күн сағаты. Мысалы үйдің уық саны 72. Әрбір екі уықтың арасы 5 грдусқа тең ( 360:72=5)Шамамен күн сәулесі екі уықтың арасын 40лездеме уақытта жүріп өтеді, немесе бие сауым уақыт. Осы айтылғандардан-ақ аспан әлемінің кішірейтілген бейнесі киіз үй деуге сенім мол. Киіз үй күмбез тәрізді жасалуы күн тіке түсетін беттің неғұрлым аз болуын қамтамасыз етеді. Сонымен қоса, киіздердің ақ жүннен басылуы, немесе үгітілген ақ сөңке сүйекпен борлануы, күн сәулесін өткізбеу үшін қажет. Мүның өзі жазғы күннің ыстығында үй ішінің салқын болуына жағдайжасайды, әрі ақшаңқан үй жарқырап әсем көрінеді.Үй сыртынан айналдыра тартылатын белдеу, аспан белдеуі –зодиактік шеңбер. Алты қанат үйдің әр керегесінің екі басында екі зодиактік шоқжұлдыз. Себебі киіз үйдің есігі, төрі белгілі бір бағытқа қаратылып тігіледі, ал ішкі мүлік жиһаздарының орналасуы қашанда біркелкі. Үйге кіргенде оң жақта кұрулы шиболады. Оның ішінде ыдыс-аяқ, тамақ сақталады. Әрі қарай,оң жағына ағаш төсек орнатып, тұсына түс киіз ұстап, алдынаншымылдық құрады. Төрде жүкаяқ үстіне әбдіре (сандық) қояды.Әбдіре үстіне 20-40 шақты құрақ төркөрпе жиналады.Ал солжақ босағада ер тұрман, одан жоғары ерлердің киімі, қаружарағы ілінеді. Әр нәрсенің өзіне тиісті орыны бар. Мұның өзі зодиактік шоқжұлдыздардың орналасуына сәйкестендірілген.Төсектің басы төрге қаратып салынады, иаки темірқазық жұлдызына бағытталады екен. Басты солтүстікке қаратып жату рәсімі осыдан шыққан болуы керек. Бұл жерде солтүстікдеп жердің магнит полюсі тұспалданып отырса керек, - дейді.
Бақан - көлбей тіреледі, ол үйдің тірегі, көлбеу бұрышы 62 градус шамасында, яғни галактика экваторының аспан экваторына көлбеу бұрышына сәйкес, - дейді.
Шаңырақ - шеңбер тәрізді тоғыннан және күлдіреуіштерден тұрады. Киіз үйдің басқа бөлшектері талдан жасалса, шаңырақ қайыңнан иіліп жасалады. Ол үшін қисық қайыңды жаздың ортасында кесіп алады. Бұл кезде қайыңның шырыны мол, сондықтан кептірмей тұрып шеңбер иеді, қаламдық тесіледі. Күлдіреуіш жарты ай сияқты шыбықтардан иіледі. Күлдіреуіш арқылы үйге жарық түседі, түтін де содан шығады. Шаңырақ , есік, ырғақ, тіс, қошқар мүйіз оюларымен безендіріледі, Түндік жабылған шаңырақтың пішіні көптеген басқа күмбездерге тән, көк күмбезінің кішірейтілген бейнесі болып табылады.
Түндік - шаршы тәрізді жасалады да әлемнің төрт бағытын нұсқап тұрады.
Уық — бір ұшымен (қаламымен) шаңыраққа, екінші ұшымен (иінімен) кереге басына бекіп, үзік, туырлықтармен жабылатын киіз үйдің сүйегі (қаңқасы). Үйші шеберлердің айтуынша уық біртіндеп иіледі, яғни түзу бөлігінен (қарынан) қисық бөлігіне (иініне) біртіндеп ауысады. Ұзындығы үйдің көлеміне байланысты уық 12-16 қарыс мөлшерінде жасалады, ал саны 45-120 болады, иаки уық саны 45,60,72,90,120, бұл сандардың барлығы 360-ты қалдықсыз бөледі (Уықтарды конустың жаушылары деп есептесек, төбесіндегі бұрыш өлшемі 108 градусқа жуық болып шығады. Үйдің негізгі диаметріне қатынасы жуық мөлшерде 0,62 ге тең, немесе «алтын қима пішіні» тамаша ауа алмасу қасиетіне ие. Бұрыштардың болмауы үй әсемділігін айқындай түседі, әрі бұрыш-бұрышқа жыншәйтан жиналмауын дін жолы дәріптейді, басқаша көзқараста болсақ бұрышсыз айналмада шаң-тозаң тұрмайды, әрі ауатез жаңарып отырады.
Қорыта келгенде киіз үй өнер туындысы ғана емес, қалықтың астраномиялық, жадтық, математикалық, физикалық экономикалық, (үнемдік) т.б. өмірлік тәжірибесіндегі салау- атты білімінің айқын көрінісі
КИЕЛІ ҚАРАШАҢЫРАҚ.
Көнеден келе жатқан киіз үйдің түрлері мен құрылысы.
Дала қазағының қаймағы бұзылмаған тірлігін ойлағанда көз алдыңа көсілген қыр, төбе, жасыл жайлау, өзен-көл жағасы, тайға мініп шапқылаған баласы, қотан толы қойлары табын-табын сиыр, үйір-үйір жылқы, дөңгелене қонған ақ туырлықты, ақ түндікті әсем ауыл елестейді. Осының бірі кем болса, ауылдың көркемдігі де кем. Бұлардың ішінде киіз үйдің орны тым бөлек. Киіз үйдің құрылысы мен жасалу жолдары, этнографиялық ерекшеліктері аса ғажап дүние.
Қазақ киіз үйі,— деп, пайда болған ғасырынан айтылуда (қалмақы, моғолша деп кейін қосылған сөз).
Қалмақшаның төбесі шошақтау, моғолша жатаған, аласа, ақжапаға ұқсас келеді. Ал қазақ киіз үйлері дөңгелек толық күмбезді болады да, сән салтанатына қарай бірнеше түрлерге бөлінеді.
қанат - қара үй 12 қанат - ақ орда
қанат қоныр үй 18 қанат - ақ шаңқан
қанат - боз үй 24 қанат - ақ үзік
қанат - ақ үй 30 қанат - алтын үзік
8 қанат - ақ ала орда 32 қанат - алтын орда, -деп,
аталатын түрлері болған. Сол сияқты көшіп-қонуға ыңғайлы, жұмыс ретіне қарай уақытша қос (жылқышыларға), жолым үй, ас үй, қалқа, жаппа, лашық, кереге санымен келістірілген түрлерді пайдаланған. Жаңа үй болып бөлек шыққан жас шаңырақты «отау» дейді. Қалық атауларында киіз үйге қатысты жұмыс атқарушыларды үйші, сүйекші, тігінші, өрімші, зергер, ұста, ерші, ер-тұрманшы, иші, оюшы, сырмақшы, етікші т. б. деген мамандық атауларымен атаған.
Баяғы бабалар өз тіршілігінде жыл он екі айдың денін ашық аспан астында, жасыл жайлауда өткізіп жүрген. Кеңес-өкіметі жылдарындағы киіз үйді кешегі көшпелілер заманынан қабары жоқ бүгінгі ұрпаққа нағыз киіз үй осы десек, шындыққа қианат жасаған болар едік. Сол киіз үймен бірге оның өн бойында дала даналығының ой-қиялы мен шебер саусағы сіңірген бүкіл бір қалықтың этнографиялық игілігі жоққа тән болды десек артық емес. Бүгінде алыстағы ауылдарда жүн сабау, жүн түту, жіп иіру, арқан есу, тарамыс тарту, қайыс илеп таспа тілу, шымшиге арнап жүн бояу, ши тарту, сырмақ сыру, текемет басу, түскиіз ою, үзік пен туырлық, түндік пішу, дөдеге өрнектеу, алаша тоқу сияқты өнерлер дерлік жойылып бітуге айналды.Тас үйді таққа балайтын қалықта киіз үйге шекесінен қарайтын тексіз мінез пайда болды. Атадан қалған ақбоз үйдің сәнін де, құнын да төмендетті. Тұрмысқа енбеген нәрсенің ғұмыры да келте. Нағыз зат түгілі, руһани қазынамыз тіліміз де осындай күйдің зардабын басынан өткеріп келеді емес пе?
Киіз үй қоғамға Кеңес өкіметінің алпысыншы жылдарына дейін белсенді қызмет етті. Кейінде пішеншілердің дала қосы деп аталып жүрген қос вагонның орнына шөпші ауылы аталатын кемі он-он бес киіз үй отыратын, кешкілік мал өрістен келіп, ауылдың қотанына иірілетін. Күн ұзынғы шөп шабу, мал бағу т.б. тірліктен кейін биесін ағытып, сиырын сауып, төлін көгендеп, жерошаққа отын маздатып, балалар саба, күбі піспегіне жармасып, қариялар аулаққа атын арқандап, ұланғайыр жұмысты аяқтап, сары самаурынның шәйіна отыратын. Жастары арқандаулы атты жайылымға жіберіп, арқан, бақанды алып, өзен сайына алтыбақан құра бастайды. Бұл қаладан келген бізге деген сый құрмет, әрі сылтау. Әйтпесе таңертеңгі шаруаны сылтау етіп ата-ана үнемі рұқсат бере бермейді. Алтыбақанға барған бала тәңертең шаруасына тұратынына уәде етеді. Бұл тұсты пайдаланған бүлдіршін балалар әжесінің сөресінен құрт ұрлайды. Сонымен ай астында алтыбақан тербеліп, ән шырқалып, ақсүйек лақтырылып, думан кеші басталады. Кешкі самалда табиғат аясында демалуғашыққан ата-ана, жеңгелер әнге құлақ түріп, дауыстарын ажыратып, әнге қосылып, алтыбақан да тебетін жас жеңге, келіндер де баршылық болатын. Осы тамашаның бәрі киіз үй мен сәнді, сонымен ғана сәулетті болушы еді.
Киіз үйдің іші төрт бөлімге бөлінетін:
Төр — мұнда жүк жиналады, төрдің оң жағы, сол жағы болады. Төрге қонақтар орналасады.Үйдің төрі жоғары, әрі қымбатты орын болып саналады. Жас келіндер бұл жерді баса бермейді. Төрде ілулі домбыра, бес өрім қамшы, түлкі, қасқыр, құндыз, кәмшәт терілері.
Сол жақ - үйге кіргенде оң босаға, үй иесінің отыратын және жататын орны. Босаға жақта азық-түлік салатын кебеже, ыдыс-аяқ салатын аяққап, саба, күбі, т.б. керекті ас-дәмдер тұрады. Мұны ас-су бұрышы деп есептейді.
Оң жақ — үйге кіргенде сол жақ, балалары орналасады. Босаға жаққа қарай ер тұрмандар, киімдер ілінеді.
От орыны — қасиетті орын саналады. Ошаққа от жағылады, қазан асылады.
Киіз үй үш бөліктен құралады:
Үйдің сүйектері - қаңқасы (ағаштан тұратын бөліктері) деп аталады.
Үйдің киіздері (ши де осыған кіреді түңдік, туырлықтар, үзік, ірге киіз)
Басқұр, баулары мен арқандары (бір сөзбен «бау - шулары» дейді).
Киіз үйдің қазақ өмірі мен әлеуметтік жағдайына байланысты оны үлкейтіп, кішірейтіп, тіпті бір-біріне қосып екі, үш немесе бірнеше бөлме етіп тігуге болады.
Туырлықтан жазда ыстық, қыста суық, жауында су өтпейді. Кейде қыстан киіз үймен шығатын кездер де болады. Онда туырлықты екі қабат етіп жабады, үй іргесін шөппен бітеп,қамыспен қоралайды. Көбінесе қопалы, қамысты жерді таңдайды, ондай жерде жел де көп болмайды. Міне, осындай үйде ел даңқын асырып, намысты қолдан бермеген данышпандарымыз бен ерлеріміз туып, шынығып өскендігін мақтанышпен айтуға болады. Әрісі Керей, Әз Жәнібек, хан Абылай, Кенесары; батырлар: Қабанбай, Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Жарылғап, Наймантай, Меңлібай, Байғозы, Құлжан; би болыстардың, берісі — ұлы Абай, ғұлама ғалымдар — Ахмет, Қаныш, Марғұлан сияқтылардың кіндігі осы киіз үй ішінде кесілген. Әрқашан таза, шұрайлы қонысқа көшті қондырып, тігілген үйдің саф ауасы, аспан, жер, сумен астасып, қасиетті қарашаңырақтың киесі, мүмкін, осындай ұлылардың көкрегіне нұрлы сәулесін құйған болар.
Қазақ өмірі мен мәдениетінің, әлеуметтік жайының қырсыры киіз үй мен төрт түлікке байланысып отырады. Сондай- ак, сәлемі де, киімі де, ыдысы да, салт-дәстүрі де өз ортасына, өз өміріне лайықты. Сондықтан да олар бұларға лайықты қанатты сөздер, әдеттер, ырымдар, тыйым сөздер, аңыз ертегілер, жұмбақтар, мақал-мәтелдер шығарған.
Киіз үй ағаштан оның ішінде қайыңнан, талдан жасалады. Бұл ағаштар әрі мықты, әрі құрт түспейді,тез шірімейді.Алталдың бірер екшелігі оны керегеге қажетті жуан — жіңішкесін таңдап алуға болады. Үйдің сүйегін үйшілер жасайды. Оны «үй басу»дейді. Қажетті ағаштар ай, кейде бір жылдай көлеңкеде кептіріледі. Мезгілі жеткен кезде бұл ағаштарды үйшілер қажетінше жонып, морға, қозға (ыстық қоламтаға) салып балқытып, тезге салып түзетіп алады, «Тез қасында қисық ағаш жатппайды»,— деген сөз осыдан қалған. Үй сүйегіне лайықталған ағаштарды жонып, түзетіп шауып, қырнап болғаннан кейін оны тағы да морға салып, кереге, уыққа,күлдіреуішке лайықтап ырғаққа (қалыпқа) салып белгілі бір үлгі, жобаға келтіреді де, құрастыра бастайды.
Киіз үйдің негізін құрайтын кереге. «Керегең кең болсын» деген тілек осыдан шыққан. Өйткені үйдің беріктігі, кеңдігі осы керегеге байланысты. Кереге құрайтын ағаштарды «желі» деп атайды да, оның ұзынын «ерісі», қысқаларын «сағанақ»,«балашық» дейді. Желілердің басы мен аяғына келетін жерлеріне әдемілік үшін ойып сызықтар жүргізеді, мұны «ыру» дейді. Желілерді тесіп түйенің мойын терісі немесе өгіздің бас терісінің сірісі (қайысы) арқылы көктейді. Керегенің бас жағы мен аяқ тұсы сәл шалқайылап ортасы дөңестеу жасалады. Дайын керегені «қанат» дейді, яғни 18 қанат үйде 18 кереге болады деген сөз. Кереге көзінің үлкен —кішісіне қарап «торкөз», «желкөз»деп бөледі. Торкөзді кереге әдемі, әрі берік болады. Керегелер бір-біріне таңғыш құр арқылы жалғасады.
Киіз үйдің керегелерінің басы 60, 70, 80 нен 360 қа дейін болған. 6 қанат үй керегесін жасау үшін 192 сәмбі тал керек екен. Бір кереге 14 еріс, 108 балашық, 9 сағанақтан құралады, мұны қанат деп те атайды. (Қазіргі жасалып жүрген кереге желісінің ерісі 2 метр, балашағы 1 метр 80 см ең ұзыны, ал сағанақтың ең кішісі 30 см.) Желкөз кереге 11,13,15 көкті, екі көктің арасы 20- 23 см. Торкөз 17, 19, 21 көкті, екі көктің арасы І7см.
Болашақ ұрпақ бай мұрамызға, олардың атауларына, өлшемдері мен келбетіне ұқыппен қарап, көбірек көңіл бөліп, ілтифат назарын аударса деген тілектеміз.
Киіз үйде есік екеу болады. Бірі ағаштан жасалады, оны «сықырлауық», -дейді. Екіншісі киізден жасалады, ол сықырлауықтың сыртынан жабылады. Мұны «киіз есік»,- дейді.Киіз есік күн ашық күндері шиыршықталып, маңдайшаға дейін жиналып қойылады, ал күндіз күн түспес үшін Бақан арқылы бір жағы ашық тұрады. Ағаш есік маңдайша, екі босаға, табалдырық және екі жарма есіктен құралады.
Кереге бастары арқылы орай тартылатын бас арқан маңдайшаның екі жағына мықтап байланады. Үйдің барлық ауырлығын ұстайтын, беріктігін сақтайтын бас арқан. Бас арқан тұсынан сәндік үшін және кереге басы туырлықты қажамас үшін басқұр тағыда орай жүргізіледі.
Уық - кереге мен шаңырақ ортасын қосатын негізгі бөліктің бірі. Уық алақан, иіні, қары, қаламы деген атаулардан тұрады.Ол иінінен ішке иіле жасалады, иаки үйдің күмбезді үлгісі осы кезден басталады. Уық алақанындағы уық-бау арқылы кереге басына байланып, қаламы шаңырақтың қаламдығына сұғылады. Қалам мен қаламдық төрт бұрышты болып қырланады және ойылады. Мұндай уық берік әрі қыдырып (қисайып) кетпейді. Қанат санына қарай уықтың саны да, ұзындығы да өсе береді. Әр үйде көлеміне қарай кемінде 60, әрі кеткенде 150 — 160-тай уық болады.
Шаңырақ- киіз үйдің қасиетті, киелі мүлкі. Қазақтың көптеген жақсы сөздері осыған байланысты айтылады. Шаңырақ— үй, отбасы деген мағынаны да білдіреді. «Шаңырағың биік болсын» деген бата бар. Киіз үй шаңырағы тоғын, күлдіреуіш, кепілдік (қарғаша да дейді) деген бөліктерден тұрады. Тоғынды (яғни шеңберді) қайыңнан оюлап,өрнектеп жасайды. Кепілдік күлдіреуіштің орнынан қозғалып кетпеуіне қызмет етеді.
Үйші үй сүйегін толық жасап болғаннан кейін оны қызыл түсті жосамен немесе қызыл, көк бояулармен бояйды. Егер үй қайыңнан жасалса оны өсімдік майымен майлайды. Салтанатты ордалардың шаңырағын, уығын, кереге басын, маңдайшасын оюлап өрнектейді, ауқаттылар күміспен, сүйекпен, мүйізбен әшекелейді. Үй сүйегі дайын болған соң оның киіздері жасалады. Киіз үйдің киіздері кереге бойына «туырлық», шаңыраққа дейін «үзік», шаңырақты жабатыны «түндік» және киіз есік деп аталады. Бұлар қойдың ақ күзем жүнінен басылады.
Қазақта ол кезде қой көп, сондықтан киіз үйге қажетті жабдықтар жасауға жетіп артылады. Қазақ даласында жүннің көптігі сондай мың қойы бар қызылжарлық Қосшығұл деген бай қойдың жабағысымен құрт қайнатқан екен. Киіз жабдықтарды әзірлеу, пішіп даярлау жолдары ұзақ бір этнографиялық шығарма. Киіз басу, жүн сабау барысында жасалатын «тулақ шашу», «қой басты» деген дәстүр, ырым, ойын, қалжындар бар. Киіздер құр, баулар арқылы тұтылады. Олар туырлық бау, түндік бау, үзік бау, жел бау деп аталады. Туырлық пен үзіктердің өзара айқасқан жерін «жабық» дейді. Туырлық пен үзік баулары кестелі оюлы жалпақ кұрдан жасалады, ол үйге көрік беріп тұрады. Киіз сыртынан жел көтермес үшін екі белдеу тартылады. Үйге пайдаланылатын арқан түрлері де көп.
Шаңыраққа желбау деп аталатын ою-өрнекті, 4 шашақты бау болады. Ол желді күні шаңырақты бастыруға, көшкенде байлауға аса қажет. Жай күндері үйге әсемдік, көрік беріп тұрады. Үй киіздерін әзірлеп болғаннан кейін оны ақ бораңмен немесе күйдірген сүйекпен борлайды. Бұл әдемі ақ түс береді, әрі киіздердің төзімді болуына, су, ыстық, суық өтпеуіне әсері бар.
Ши-киіз үйдің әдемі бір бөлшегі. Оны жүнмен орап, кілем, текемет түсіндей оюлармен безендіріп тоқиды. Оны «шымши»дейді,ораусыз шиді «ақши» дейді. Шиді туырлық сыртынан да не керегемен туырлықтың екі ортасынан да құрады, мұның әсемдікке де, жылылыққа да пайдасы бар. Әрі жиі тоқылған шиден құрт-кұмырсқа, кесертке, жылан, т.б. жәндіктер кіре алмайды.
Киіз үйді тігу және жығу.
Қазақ қалқының тіл ұғымында киіз үйді құрастыруды «тігу» дейді, бөлшектеп жинауды «жығу» дейді. Тігу үшін алдымен керегелерді бір-біріне қосып, екі жағын есіктің екі босағасына таңғыштар арқылы бекітеді. Есік шығыс жаққа қаратылады.Кереге басын бас арқанмен тартып, маңдайшаның екі жақ басын мықтап байлайды. Үйдің берік тұруы және барлық салмақ осы бас арқанға түседі. Содан соң бақан арқылы шаңырақ көтеріліп, оның жан жағынан уық шаншылады.
Шаңырақты қазақ салтында еркек адам көтереді. Уық тегіс шаншылып біткеннен кейін, ірге киіз жабылады. Оның биіктігі жарты метрдей үй айнала оралып жабылып, түсіп кетпес үшін әр жерінен керегеге байланады. Ірге киіз желді күні шаң,топырақтан, қыста суықтан сақтайды. Осыдан соң туырлық жабылады да, ол туырлықбау арқылы уықтан асып қарсы керегеге байланады. Үй көлеміне қарай туырлық үш-төрт бөлік болуы мүмкін. Туырлық екі босаға жақтан бастап жабылып, ол да үзікбау арқылы белдеуге байланады. Ең соңында түндік жабылады. Киіз үйді жығу-тігу әдісіне керісінше түндікті сыпырудан басталып, соңынан керегелерді жинап алумен аяқталады. Киіз үй шапшаң тігуrе ыңғайлы, көшіп-қонуға лайықты. Киіз үйдің іші әдемі, жылы, жайлы. Сондықтан оны шопандар да, саяһатшылар да пайдалана алады. Киіз үйдің жақсы қасиетін 1988 жылы желтоқсан айында Армениядағы жер сілкінісінде байқадық. Сол қайғылы күндері үйсіз қалған адамдарға Қазақ елінен мыңдаған киіз үйлер жеткізілді. Ол үйлер панасыз қалған талай кісілерді қыстың аязынан сақтап қалды.
Киіз үйге қатысты ұлттық ұғымдар.
Қазақы ұлттық ұғымда киіз үй және оның әрбір құрамдас бөлшектері қасиетті деп саналады. Соған орай ата-аналарымыз әрбір затқа лайық ұлықтау, теңеу, бейнелеу сияқты ойлы ұғымдармен қатар үлгі-тәрбиелік қағидалы, қанатты сөздер де шығарған. Ол сөздер шаңырақтан басталады.
Шаңырақ атадан балаға мұра болып келе жатқан үйді «қарашаңырақ» деп құрметтейді, дәріптеп паш етеді. Қарашаңыраққа сәлем беру, одан дәм тату ежелгі қалық жоралғысы. Шаңырақ-үй, отбасы,-деген тұтас ұғымды да бейнелейді. Үйленген ұлды «шаңырақ көтерді», -дейді. «Шаңырағың биік болсын»,-деген батаның ең үлкені болса, «шаңырағың ортасына түссін»,-деген қарғыстың ең ауыры болып саналады. Шаңырақты аттамайды, көшкенде жеке түйеге артып, көштің басында жүргізеді.
Қыз ұзатылғандағы мініп келген көлікті «шаңырақ түйе» дейді. Бұл көлікке ұзатылған қыздың шешесі, жеңге-сіңлілері ғана отырады. Басқа адам мінуге болмайды. Ондай бола қалған күнде жұрт ол адамды «шаңырақ түйеге» мініп келғен деп келемеж қылады. Себебі ертерек кезде шаңырақ түйеге еркі жоқ құл мен күң ғана мініп келетін болған. Сондай-ақ «тыныш отыр шамаңды біл» дегісі келсе «шаңыраққа қара» деп, ескерту жасайды. Мысалы, үлкен іске үлес қосты, қала, зауыт салысты дегісі келсе «шаңырағын көтеріп, уығын қадасты»,- дейді.
Туырлыққа да айтылатын орайлы сөздер бар.мал семіз болса «іші майы туырлықтай туралып түсті» деп мақтайды. Аяқ қолы балғадай әйелді «туырлықтай ту қатын» деп бейнелей айтады. Махамбет батырдың «туырлығын тілгілеп, тоқым етсем деп едім, керегесін кескілеп отын етсем деп едім» дегені кегімді алсам, дұшпанымды жеңсем дегені.
Бақан арқылы қазақ мықтылықты меңзейді. «бақандай бес жігіт» дегені қарулы, мықтылықты ұқтырса, «барымды киіп, бақанымды таянып» дегені әзірленіп, күтініп отырмын, - дегенін білдіреді.
Түндік арқылы қазақ көп жайды аңғартады. «түндігің түтінді болсын» деген ақ батада ырыс, береке мағынасы бар. Жас әйел түндігін ерте ашса оның шаруақор, пысық екендігі, басқа үлкен үйлердің түндігін ашса әдептілігі, тәрбиелілігі көрінеді. Салақ, жалқау әйелдерді «түндігі кеш ашылатын келін» дей салады. Ал «түндігі ашылмай қалды» деген сөз ол үй адамдарының өліп біткендігін айтады.
Киіз үйдің есігіне байланысты айтылатын қанатты сөздер өте көп. Әркім өз үйін «алтын босағам» деп дәріптейді. «Есік көрген»деген қайтып келген әйел дегенді білдіреді. Күйеудің алғаш келуін «есік көре келді», - дейді. Оның «босаға аттар» деген ырымы бар. «Табалдырық аттады» деген өте жақсы сөз, яғни «келін болып түсті» дегенді сыпайылап, құрметтеп айтқаны. «Босағаны керме», «табалдырықты баспа»,-деген тыйымдар әдептілікке, тәртіпке шақырады. Бөтен үй деудің орнына «жат босаға» деген сөзді қолданады ұзатылған қыздың оң жақтан аттанарда «Алтын да менің босағам, аттап та шығам деп пе едім», - деп қоштасады. Үйге кіріп келе жатқан бала табалдырыққа сүрініп жығылса, оны жақсы ырым, олжа деп жориды.
Ши де астарлы сөздің бір айғағы ретінде қолданылады. «Ши жүгіртті» түртпектеді, құтырта түсті, одан әрі ушықтырды дегенді білдірсе, «шыққан қыз шиден тысқары» деп, тұрмысқа кеткен қыздың өз үйіне көп келе бермегені жөн дегенді ұқтырады.
Қазақта үй сабау жаман ырым, жаман пиғыл. Өші кеткендер үй сабайды. Бұл өш алудың немесе ұрысқа, дауға шақырудың белгісі. Қазақ қалқында «ақ үй аманат»-деген өте маңызды үлкен салт бар, иаки ақ үй сыйға тартылады. Бұл жауласушы екі елдің татуласқандығының куәлігі іспетті. Дәулетті адамдар ұлы үйленген де немесе қызын ұзатқанда ақ отау тігіп күйеуінің қасына жатқызуды қалқымыз «отауға салды» деп, үйленген жігітті «отау көтерді» деп, тұспалдап, сыпайылап айтады. Сол сияқты «от басында, ошақ қасында», «үй орнындай», «кереге бойындай», «есік пен төрдей», «от орнындай» «іргесін болеу салды» деген өлшемдер мен теңеу - әр қазаққа белгілі.
Қазақ елінің кең даласында киіз үй мен оның жеке құрамдарына ұқсастырып қойылған жер атаулары да көп. Оған «Ордабасы», «Керегетас», «Ақотау», Шаңырақ»,«Босаға»,«Қызылорда» дегендер мысал бола алады. Сондай-ақ, әрқашан зор бағалап қадір тұтатын қасиетті қарашаңырағы туралы қалқымыз мақал-мәтелдер,өлең-тақпақтар,жұмбақ,жаңылтпаштар, ертегі, аңыздар, жыр-дастандар шығарып, оны өнер-білім, таным, тәрбие құралы ретінде пайдаланған.
Достарыңызбен бөлісу: |