Химиялық термодинамика туралы түсінік Химиялық термодинамика химиялық реакциялар кезіндегі энергияның түрленуін және химиялық жүйелердің пайдалы жұмыс жүргізу қабілеттілігін зерттейді. Қарастыру сәтіндегі термодинамикалық амал әрекеттесуші заттардың тек бастапқы (әуелгі) және соңғы күйін ғана қамтиды, ал процестің жүріп өтетін жолын және процестің уақытпен сәйкестікте дамуын ескермейді.
Зерттеу ыңғайлы болуы үшін қарастыратын нысанды қоршаған ортадан (кеңістіктен) оқшаулау керек.
Жүйе деп әрекеттесуде болатын және қоршаған ортадан нақты немесе шартты шекара арқылы бөлінген денені немесе денелер жиынтығын атайды. Жүйеге енбей қалғанның бәрі оның қоршаған ортасы болады.
Жүйені әртүрлі белгілер бойынша жіктеуге болады:
1. Егер жүйе мен оны қоршаған ортаның арасында массамен және энергиямен алмасу мүмкін болса, онда мұндай жүйені ашық жүйе дейді;
2. Егер жүйе мен оны қоршаған ортаның арасында массамен және энергиямен алмасу мүмкін болмаса, онда мұндай жүйені оқшауланған жүйе дейді;
3. Егер жүйе мен оны қоршаған ортаның арасында энергиямен алмасып, ал затпен (массамен) алмасужүрмесе, онда мұндай жүйені жабық жүйе дейді;
4. Бірнеше фазадан тұратын жанасу беті арқылы бөлінетін жүйені гетерогенді (әртекті) дейді;
5. Жанасу беті жоқ жүйені гомогенді (біртекті) дейді.
Жүйенің термодинамикалық күйі, жүйенің барлық нүктесінде оның термодинамикалық параметрі бірдей болған жағдайда және өздігінен (жұмыс жасалмай) уақыт өтсе де өзгеріссіз қалса, оны тепе-теңдік күйі дейді.
Жүйенің барлық параметрлері байланысатын теңдеуді оның күй теңдеуі дейді:
f ( p, V, T ) = 0
Термодинамикада күй параметрлерінен басқа термодинамикалық функция деп аталатын шаманы кеңінен пайдаланады. Бұл тікелей өлшеуге болмайтын, айнымалы шама және ол күй параметрлеріне тәуелді. Термодинамикалық функцияның екі түрі болады: күй функциясы және процестің функциясы. Жүйенің күй функциясына (сипаттамалық функциясына) процесті жүргізу жолы мен әдісіне тәуелсіз жүйенің тек әуелгі және соңғы күйіне тәуелді болатын (ішкі энергия U, энтальпия H, энтропия S,Гиббс энергиясы G және Гельмгольц энергиясы F) өзгерістер жатады.