«Мәселенің зерттелу деңгейі» атты тармақшада тарихи білімнің зерттелу барысы талданып көрсетіледі.
Тарихи білім туралы алғашқы пікірталастар XVII-XVIII ғасырлардан, яғни капиталимзнің өрістеу кезеңіндегі Еуропадан бастау алады. Дәл осы кезеңдерде тарихи-білімдік ой-санада көшпелілер өркениетін мойындамайтын Еуроцентризм ұстанымдары күш ала бастады. Осыған байланысты жазу пайда болғанға дейінгі тарихи білімде өзіндік рөлі болған қазақтардың ауызша тарих айту дәстүрі кеңес дәуіріне дейін зерттелмеді.
С.Ж. Асфендияровтан бастап, кеңес кезеңіндегі тарихшылардың еңбектерін ресми бір партиялық жүйенің идеологиялық ықпалы жағдайындағы олардың ұстанған методологиялық бағытына бола, тарихнамадан аластай алмаймыз. Осы арада біз С.Ж. Асфендияров туралы М. Шоқай дерегіне сүйенсек, С.Ж. Асфендияров қанша жерден марксист болғанмен, Түркістан қозғалысының шын мәніндегі төңкерістік мәнін мойындап, тарихи білімдік ой-санада бірінші болып, ұлттық мемлекеттілікті марксизм қағидаларымен бүркемелеп көрсетудің үлгісін жасап беріп кеткен [13].
ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында А.П. Чуловшниковтың, М. Тынышбаевтың, Т. Шонанов, Қ. Кемеңгеровтердің тарихи білімді жүйелі жолға түсіру бағытындағы еңбектері жарияланғанмен, ол авторлар ұлттық тарихи білімнің тарихын арнайы зерттеуді мақсат етпеді. Бұлардың ішінде тарихи білімді дамытудағы М. Тынышбаевтың рөліне тоқталсақ, ол бірінші болып қазақ тарихын басқа ұлт өкілдері тарапынан жазудың кемшіл тұстарын көрсетіп бере алды.
Кеңестік тарихи білім мәселесінің алғашқы тарихнамасын қалыптастыруда Н.Н. Ванаг, М.В. Нечкина, А.М. Панкратова, Г.С. Фридлянд бастаған тарихшылар белсенді рөл атқарса, қазақ тарих ғылымын білім ретінде жүйелеудің алғашқы тарихнамасын жасауда А.М. Панкратова, А.В. Шестаков, А. Нүсіпбеков сияқты тарихшылар белсенділік көрсетті. Алайда бұл ғалымдардың зерттеулері большевиктер партиясы идеологтарының еңбектерін басшылыққа алудың нәтижесінде жазылды. Ол еңбектерден (В.И. Ленин, И.В. Сталин, Н.К. Крупская, А.В. Луначарский, А.С. Бубнов, М.С. Энштейн, А.С. Макаренко, М.Н. Покровский) идеологияға бой алдырылған халық ағарту ісінің саясатандырылғаны көрінеді.
Кеңес дәуірінің 40-60 жылдарындағы қазақ тарихының білімдік тұрғыдан жазылуы мен ғылыми жағынан жүйеленуі Е. Бекмаханов есімімен байланысты. Ол «Қазақстан XIX ғасырдың 20-40 жылдарында» деп аталатын белгілі кітабын жазу үстінде фольклорды маңызды дерек көзі ретінде алған. Автордың өзі атап көрсеткендей, кітапта М.Ж. Көпеев, Ә. Диваев, О. Шипин, С. Мұқанов т.б. жазып алған халық мақалдары, мәтелдері және өлеңдері кеңінен пайдаланылған [14].
Кеңес дәуіріндегі қазақ халқының этникалық саладағы рухани мәдениетін тарихи білімдік ой-санада ғылыми тұрғыдан өте терең және кең ауқымда зерттеген ғалым – Ә.Х. Марғұлан. Бірақ ол тарихи білімдік жағынан ғасырлар бойы маңызды рөл атқарған қазақ эпикалық жанрларын кезеңдерге бөлгенмен, оның білімдік мәнін аша алмай, оны тек мәдениет аумағында ғана қарастыруға мәжбүр болған [15].
Дегенмен, Әлкей Марғұлан даланың ауызша тарих айту үлгісін жинастырумен бірге, ислам дінінің тарихи білімдегі рөлін дәріптеп, оны бағалаудың үлгісін Мәшһүр Жүсіп Көпейұлына еліктеуден алғанын оның 1940 жылы 5 қаңтардағы «Қазақ әдебиетінде» жарияланған шағын мақаласынан байқаймыз. Онда: «Кез келген зерттеуші ғылымдағы діннің ықпалын жоққа шығара алмас», – деп көрсетеді.
ХХ ғасырдың 50-ші жылдарының аяғы мен 70 жылдардың басында жарық көрген Р.С. Сүлейменов, Ж. Қарақұсов, Ж. Амантаев, Ә. Канафин, Қ. Жаманбаев, С.Н. Соскиннің еңбектерінде қазақ-кеңес интеллигенциясының, ғылым мен білімнің даму тарихы кеңінен қарстырылды. Алайда, бұл жылдардағы тарихшы ғалымдардың зерттеулерінде де ұлттық тарихи білімнің даму ерекшеліктерін көрсету мәселесі шектеулі күйінде қала берді.
ХХ ғасырдың 80-90 жылдары жоғары оқу орындарында білім беру ісін жетілдіру, Қазақстан интеллигенциясының қалыптасуы мен теориялық мәселелеріне арналған К.Д. Жоламановтың, Х. Әбжановтың, Л.Я. Гуревич пен Ә. Құдайбергеновтың жұмыстары біз зерттеп отырған тарихи білімнің даму тарихынан бөлек, мәдениетттің басқа салаларын қамтиды.
ХХ ғасырдың 90 жылдарының басында 1917-1980 жылдардағы тарих ғылымының даму үрдісіне тікелей қатысты І. Қозыбаевтың еңбектері жарияланды. Алайда ол тарихи білімдік ой-санадағы ұлттық белгілердің ерте дүниеден бергі дәстүрлі көріністеріне талдау жасамай, жалпы кеңестік тарих ғылымының дағдарысқа ұрыну сырын ашуға талпынған.
ХХ ғасырдың 90 жылдарының екінші жартысынан бастап, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының әсерімен ұлттық тарихи-білімдік ой-санада ерекше серпін байқалды. Осы тұста М.Қ. Қозыбаев, К. Нұрпейіс, М. Қойгелдиев, Т. Омарбеков, Ж.Қ. Қасымбаев, Ә.С. Тәкенов сияқты тәуелсіз Қазақстанның алдыңғы шоғыр тарихшылары демократиялық қоғамдағы жаңаша тәуелсіз тарихи ойлаудың бағытын көрсетіп бере алды.
Белгілі ғалым Д. Дулатованың тарихи еңбектерді талдаудағы тарихилық үлгісін басшылыққа алған М.Қ. Әбусейітова мен Ж.О. Артықбаев [16] бастаған бірқатар жаңашыл тарихшылардың еңбектерінде түрік халықтардың деректері мен қазақ халқының этнографиялық деректерінің ұлттық тарихи білімді дамытудағы ерекшеліктеріне жоғары мән берілген. Дегенмен, бұл ғалымдардың жаңа жолға түсуіне зерттеуші К.Л. Есмағамбетовтың еңбектерінің де ықпалы болғаны анық. Өйткені К.Л. Есмағамбетов - тәуелсіздікке дейін де Қазақстан тарихының шетелдік тарихнамада бейнеленуін өзгелерден бұрын көрсетіп келе жатқан тарихшы. К.Л. Есмағамбетов, Б.Б. Ермұхановтардан кейін шетелдік шындықты жаңа өмірге сәйкес тарихи білімдік бағытта дерек көзі ретінде зерделеу – Н. Мұхаметханұлының «Қытайдағы қазақтардың қоғамдық тарихы (1860-1920 жж.)» деп аталатын монографиясы мен К. Несіпбаеваның докторлық жұмысында қамтылған.
Егер ұлттық тарихи білімді дамытуда қазақ ауылының ерекше рөл атқаратынымен санассақ, онда осы ауыл тұрмысындағы «ақтаңдақ» деректермен айшықталған О. Мұхатованың еңбектерінен тарихи білімді одан әрі дамытудың құнды мәліметтерін іздеп табуға болады.
Жаңа ғасыр басындағы еңбектерден, мәдени-ағарту мәселелерін зерттеген Қ. Ахметовтың, мәдениет саласындағы мемелекет саясатын зерттеген А. Қапаеваның, қазақ зиялылары тарихын зерттеген А. Ауанасованың, кеңестік Қазақстанның ғылыми және шығармашылық интеллигенциясы тарихының тарихнамасын зерттеген Г.М. Кәкенованың жұмыстарын атауға болады. Аталған ғалымдардың монографияларында ХХ ғасырдың 1917-1991 жылдарындағы мәдениет саласы, қазақ зиялыларымен интеллигенция қызметі және коммунистік партияның ұстанған идеологиясынан туындайтын қасіретті тарихтың астары ашылған.
Зерттеуші Т.Ә. Төлебаев «XIX ғ. II-жартысы мен ХХ ғ. басындағы Қазақстанға капитализмнің енуінің тарихнамасы» деп аталатын ғылыми зерттеу жұмысында тарихи білімді жетілдіру үшін, қазақ жеріндегі капитализмнің қалыптасу, даму барысы жөніндегі мәселелерді де ғылыми тарихнамалық тұрғыдан талдау жасау керектігін ұсынады.
Бүгінде, Ү. Суханбердина мен Ә. Тәкенов сияқты деректану саласында ерен еңбек еткен мамандардың ісін ғалым Қ. Атабаев жалғастырып келеді. Ғалым өзінің қомақты еңбектерінде «Түркістан уалаятының газетінен» бастап бүгінгі күнге дейінгі ұлттық баспасөз тарихын кезеңдерге бөліп көрсетсе, бұл ұлттық тарихи білімнің даму өрісін білуге де көмектеседі.
Кеңес империясы кезінде де, жаңа Қазақстан жағдайында да Отандық тарихнамада Ресей елі тарихынан болған жетістіктерді ескерусіз қалдырмауды тарихи білімдегі басымдыққа жатқызуды айтып кеткен тарихшы З. Алдамжар болатын [17].
2000 жылдан бергі қорғалған бірқатар кандидаттық диссертацияларда ұлт зиялыларының тарихи білімді дамытудағы рөлі (Ш. Омарбеков), тарихты кезеңдерге бөлудің жаңа жолдары (С. Кентбеков), Тәуелсіздік кезіндегі тарихнамалық ой-пікір (Ш.Ж. Нартбаев), ХХ ғасырдағы халық құрамының тарихнамасы (Л. Төлешова) сияқты мәселелер көтерілген. Алайда бұл зерттеушілер Қазақстандағы тарихи білімнің теориялық-методологиялық мәселелерін жан-жақты тұрғыдан емес, жекелеген тарихи оқиғалардың жетегінде қарастырады.
Қазақстан тарихшыларының ішінде біздің жұмысымызға бірден-бір жақын келетін жұмыс – М. Алпысбес пен З.К. Ноғаеваның диссертациялық жұмыстары [18]. М. Алпысбестің зерттеуінде шежіренің тарихи деректік мәні кешенді түрде қарастырылса, З.К. Ноғаева негізінен, еліміздегі жоғары оқу орындарында тарих факультеттері мен кафедралардың құрылу тарихын және тарихшы мамандарды даярлау тарихын ішінара баяндап, тарихи білімнің теориялық жағына бармаған. Ал Ресей тарихшылары А.Н. Терехов, К.А. Ушмаевалардың [19] Ресейдің жекелеген аймақтарындағы жоғары тарихи білімнің қалыптасуы мен дамуын көрсететін диссертациялық жұмыстары одақтас республикалардың тарихымен байланыссыз зерттелтен.
Жоғарыда аталған тарихи білімге қатысты тарихнаманың логикалық жалғасы есебінде Елбасының ұсынысы бойынша 2004-жылы Қазақстан Республикасында «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, елімізде тарихи сананы қалыптастыру үрдісі пәрменді жүргізіле бастады. Бұл орайда, «Мәдени мұра» бағдарламасының «Тарих және этнография» секциясының «Тарих – адамзат ақыл-ойының қазынасы» сериясы мүшелерінің күшімен шығарыла бастаған он томдық еңбек бізді әлемдік тарихи үрдістен хабардар етіп, зерттеу бағытындағы ынтамыз бен ізденісімізге түрткі болды.
Қазіргі таңдағы гуманитарлық және қоғамдық ғылым салаларының зерттеушілеріне тән үрдіс – тарихи сана қалыптастыруды ұлттық дәстүрлерден іздеу болып табылады. Айталық, Қ.А. Есімов («Қазақстан тарихының деректануы» – 1999), Л. Жүсіпова, Е.Қ. Жүсіпов, З.Е. Елешова, Г. Жүгенбаева сияқты тарихшылар өз зерттеулерінде ауыз әдебиетінің тарихи дерек көзі болатын рөлін мойындауға шақырса, Ж. Тілепов, Ә. Тарақов сияқты әдебиетшілер тарихи шындықтарды әдебиеттен де қиналмай табуға болатынын зерттеді. Сол сияқты Қ. Жарықбаев, С. Қалиев, Қ. Қожахметова, С. Ұзақбаева сияқты этнопсихология мен этнопедагогиканың мамандары білімдік ой-санадағы ұлттық тәрбиенің рөлін көтеріп, тарихи сана қалыптастыруға өз үлестерін қосып келеді. Ал философтар А. Қасабек, М.С. Орынбеков, Д. Кішібеков, Ж. Алтаев, А. Айталы, Ғ. Есім т.б. қазақ философиясын қоғамдық сананың басқа да түрлерімен тығыз байланыстыра қарайды. Бұл үрдістер ұлттық тарихи білімнің ғылыми-теориялық мәселелерін анықтауды жеңілдетеді және болашақта тарихи білім мәселесін зерттеудегі гуманитарлық және қоғамдық ғылымдардың бірлігін қажетсінеді.