Бүгінде әлем халқының саны 7,6 млрд-қа жетіп жығылды. Соның 55 пайызы қалаларда тұрады. БҰҰ-ның болжамы бойынша, 2050 жылы жер бетіндегі қала халқының үлесі 68 пайызды құрайды. Мұның салдарынан қалалық қызметтерге деген сұраныс одан сайын артады, кедергілер мен қысымдар ұлғая түсетін болады. Экономистер болса қалаларда әлемдік экономиканың 70 пайызы шоғырланғанын айтып отыр. Бұл көрсеткіш неғұрлым артатын болса, ірі салаларды басқару соғұрлым қиындайды. Осы кезде ақылды қалалар дамыған елдерге әкімшілік істерін басқаруға жәрдемдеспек.
Smart қалаларға тоқталмас бұрын «ақылды қала деп нені айтамыз» деген сауалға тоқталып өтейік. Әдетте, ақылды қалалардың экономикасы жоғары, басқару жүйесі жүйеленген, инфрақұрылымы жетілген, барлық талаптарға сай болады. Тұрғындары да цифрлық тұрғыдан сауатты әрі жаңашылдыққа бейім келеді. Критерийлеріне келер болсақ, 4G мобильді байланысы, Wi-Fi-ға кіретін көп нүктелері, ақылды паркинг, жол қозғалысының оңтайландырылған жүйесі, мемлекеттік қызметтердің онлайн форматта қолжетімділігі, азаматтардың азаматтық позициясының белсенділігі, қоқыс қалдықтарын өңдейтін аппараттары және т.б. белгілері болады.
"Ақылды қала" (Smart City) термині ХХ ғасырдың 90 жылдары бұқаралық ақпарат құралдарында жиі қолданыла бастады. Алғашында дүйім жұрт үшін бұл термин түсініксіздеу болғанмен, соңынан өз жемісін берді. Халықтың әлеуметтік ісіне оң әсерін тигізіп, қалалық инфрақұрылымның дамуына жол ашты. "Smart City" тұжырымдамасы – халықтың барлық ресурстар мен қажеттіліктерінің жан-жақты тепе-теңдігің қамтамасыз ететін қалалық инфрақұрылымның зияткерлік дамуы. Жоғары технологиялық шешімдер негізінде "ақылды қалалар" барлық ресурстарды ұтымды пайдалану мен басқаруға қол жеткізуді және тіршілік ету ортаны өзгерту мен басқаруға жергілікті қоғамдастықтың кең тартылуын қамтамасыз етуі керек. Демек, бұл тұжырымдама елдің барлық ірі қалаларын қамтуға тиіс. Негізінен "Smart City" термині ІТ компаниялардың ұсынуымен жаңа серпін алды. Танымалдылығы артып, бүгінде әлемнің барлық дерлік ірі қалалары осы мәртебені иеленуге ұмтылып отыр. Аустралияның ғаламдық инновациялық агенттігі жариялаған рейтингте (Innavation cities) Ұлыбритания елінің астанасы Лондон көш бастап тұр. Екінші орында Нью-Йорк (АҚШ) болса, үштікті Токио (Жапония) түйіндеген. Сондай-ақ алғашқы ондыққа Сан-Франциско, Сан-Хосе, Бостон, Лос-Анджелес, Сингапур, Торонто және Париж қалалары енген.
Қазақстанда "Smart City" технологиясын енгізуді Астана, Алматы мен Шымкент қалаларында қолға алу шарасы бірнеше жыл бұрын басталып кетті. Бүгінде бұл қалаларда ауқымды жобалар қолға алынып, «ақылды қала» атану үшін алға қадам басып келеді. - Астана қаласында "Тіршілік қызметін кешенді қамтамасыз ету жүйесі" жобасы іске асырылуда, оның шеңберінде сегменттер қызмет істейді: бейнебақылау камералары, бұзушылықтарды фото-бейне тіркеу, сонымен қоса деректерді өңдеу орталығы құрылды, Жедел басқару орталығы және интеллектуалды байланыс орталығы қалыптастырылды. "Smart мектеп", "Smart көше жарығы", "Smart емхана" және т.б. бағыттары бойынша бастамалар іске асырылуда. Бүгінде "Smart мектеп" жүйесіне 88 мектептің ішінен 19 мектеп, "Smart емхана" жүйесіне 10-ның ішінен 2 емхана қосылды. Алматы қаласында ереже бұзушылықты фото-бейне тіркеу жүйесі енгізілді, ал 2015 жылы "Оңай" қоғамдық көлікте электрондық билеттеу жүйесі іске қосылды. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, "Smart City" технологиясын енгізу мегаполистердің мәселелерін шешуге септігін тигізіп қана қоймай, сондай-ақ оларды дамытуға ауқымды мүмкіндіктер береді және қала тұрғындары өмірінің жайлылығы мен ыңғайлылығын арттырады, - деп "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасында айқын көрсетілген. Иә, расымен "Smart City" технологиясының дамуы қала тұрғындарының уақытын үнемдеуге, алдына-ала жоспар түзуге көп көмегін тигізуде. Алматыда медиаборттар (көлік жылдамдығы, кептеліс, ауа райы, т.б.) орнатылып, жүргізушілердің сенімді серігіне айналып үлгерді. Осы жылдың соңына дейін саны 150-ден асады деп жоспарлануда. Ал Астанада "ақылды аялдамалар" орнатылып, автобустың уақыты мен бағытын көрсетіп тұрады. WIFI мен қыста жылу жүйесі де қосылады. Бұл аялдамаларды күннен қуат алатын батареялармен жабдықтау да назарға алынған. Қазіргі таңда Астана мен Алматы тұрғындары үшін мобилді қосымшалар да көптеп іске қосылуда. Мегаполистерден үлгі алып, "Smart City" концепсиясын еліміздің өзге қалалары да біртіндеп енгізе бастады. Осы қарқынмен 2030 жылға дейін республиканың барлық қалаларын "Smart City" талабына сай дамыту жоспары күтіп тұр.
1980 жылы салынған интеллектуалды ғимаратта бейнебақылау жүйесі, қауіпсіздікті қадағалайтын жабдықтар, өздігінен жұмыс атқаратын аспаптар болған еді. Ал, қазіргі ақылды үйдің архитектурасы мүлдем бөлек, қызмет көрсету тұрғысынан да дамыған, тұтастай ақпараттандырылған болып отыр. Мәселен, су мен газ, энергия көздерін пайдалану деңгейі анық көрсетіліп, тұрғындардың осыны білуінің арқасында үнемдеушілік жиі орын алуда. Бұны ақпараттандыру процесінің жетістіктері десек те болады. Соңғы кезеңдерде ақылды ғимараттар жаңа технологиялардың пайда болуы салдарынан техникалық революцияға ұшырады. Қазіргі ақылды ғимарат пен 1980 жылғы салынған интеллектуалды үйді салыстырсақ, айырмашылығы көп екен. Ал, негізгі ерекшелігі – ақпараттандыру жүйесінің енуінде дейді сарапшылар.
Британдық мамандар жүргізген зерттеу жұмысына сәйкес, қазіргі таңда әлемде 427 млн интеллектуалды ғимарат бар екен. Алдын ала жасалған зерттеу бойынша олардың саны 2020 жылы 1,04 млрд-ты құрайды деген болжам бар.
Бұған қоса, жер шары тұрғындарының саны жылдан жылға артуымен бірге көптеген мәселелер де қатар келуде. Мәселен, қоғамдық көліктің аздығы, емханалар мен білім беру саласындағы кедергілер. Сонымен қатар, қоғамдық қауіпсіздік те қысып отырған жайы бар. Осы және өзге де себептерге байланысты біздің қазіргі қалалар «ақылды қалаларға» айналуы тиіс. Бұл өз кезегінде дамуға даңғыл жол ашып, уақыт пен тиімділікті арттырып, тұрғындарға жайлылық пен комфорт сыйлайтыны сөзсіз.
Достарыңызбен бөлісу: |