Эссе
Бүгінгі таңдағы ұстаз бейнесі
Ұстаз болу – жүректің батырлығы, Ұстаз болу – сезімнің ақылдығы. Ұстаз болу – мінездің күн шуағы, Ұстаз болу – адамның асылдығы. Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық та – ұстаздық мамандық. Олай дейтінім, мұғалім еңбегі біріншіден, адамзат қоғамы тарихында жинақталған ғылым негіздерінен білім беруге тиіс болса, екіншіден, үнемі шәкірттерімен қарым-қатынаста болып, білсем, үйренсем деген бала арманы мен оның сырлы тағдырына басшылық етуді мойнына алған маман. Бүгінгі ұстаз шәкіртіне ғылым негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеуі керек. Ол нағыз ұстаздың ғана қолынан келеді. Білім беру жүйесі мамандардан кәсіби икемділік пен ұтқырлықты, сан қырлы шығармашылық қызмет пен өзін-өзі басқару, өзін-өзі ұйымдастыру жағдайындағы біліктілікті қажет етеді. Өйткені қазіргі жас буын – еліміздің келер күнгі келбеті.
Елбасымыз: «Біз білім-ғылым саласында бәсекеге қабілетті болмасақ, өз мақсатымызға жете алмаймыз. Барлығы мектептен, ал Қазақстан үшін ауыл мектебінен басталады”, -деген болатын. XXI ғасыр ұлттық бәсеке, ақпараттық сайыс, инновациялық технологиялар, күрделі экономикалық реформалар сияқты көріністерімен ерекшеленеді. Сол кезеңге сай интеллектуалды, дені сау, ой-өрісі жоғары дамыған, халықаралық деңгейге сәйкес білімі бар азаматты тәрбиелеу – әр мұғалімнің міндеті. Мұғалім – барлық білім беру жүйесінің негізі, жаны және жүрегі. Мұғалімнің негізгі басты мақсаты — рухани бай, іздемпаз, адамгершілігі мол адамды қалыптастыру болып табылады. Қазіргі заманғы мұғалімдер информатор, бақылаушы, тексеруші, жазалаушы қызметін тастап, керісінше ізденуші, зерттеуші, технолог, өнертапқыш, шығармашылықпен жұмыс істейтін жаңашыл болу керек. Оқушыны субъект ретінде қарастырып, оның өзін-өзі тануына жол ашу, жеке тұлға бойындағы қасиетті дамыту, «Мен» менталитетін қалыптастыру, білім мен тəрбиені жеке тұлғаға қарай бағыттау – бүгінгі таңдағы мұғалімінің кезек күттірмейтін қасиетті міндеті.
Жақсы мұғалім — бұл қай кезде де ең алдымен кәсіби деңгейі жоғары, интеллектуалдық, шығармашылық әлеуеті мол тұлға. Ол оқытудың жаңа технологияларын өмірге ендіруге дайын, оқу-тәрбие ісіне шынайы жанашырлық танытатын қоғамның ең озық бөлігінің бірі деп ссептеледі. Және солай болуға тиіс, Білім берудің мақсатын айқындау үшін Жүсіпбек Аймауытовтың мына сөздерін еске алған жөн: «Мектеп бітіріп шыққан соң бала бүкіл әлемге, өзгенің және өзінің өміріне білім жүзімен ашынған саналы ақыл көзімен қарай білсе, міне, білімдендірудің көздейтін түпкі мақсаты — осы. Мектеп осы бағытта баланың келешекте жетілуіне мықты негіз салуы керек». Сондықтан да ұстаз алдындағы басты міндет – ХХІ ғасырдың есігінен еркін енетін, дүниежүзілік мəдениетті танитын, төл мəдіниетін құрметтей білетін, рухани дүниесі бай, интеллектуалдық өрісі кең, білімі жоғары, құқықтық құжаттық мəдениетті, білімді, жан-жақты ақпараттандырылған заман талабына сай белсенді ұрпақ тəрбиелеу. Ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арындай таза ұстау – әр мұғалімнің борышы. Ол – өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам. Осы іске деген қызығушылық пен сүйіспеншілік қана оны небір қиын әрекеттерге жетелейді, іске батыл кірісуге септігін тигізеді. Нәтижесінде бір емес, бірнеше жас жүрекке мәңгі ұстаз болып қалады. Біздер, мұғалімдер, күнделікті өмірдің жай ғана адамы емес, болашақты құрушыларды, адамзаттың сәулетті болашағын жасаушыларды тәрбиелеп отырғанымызды ойласақ, мұғалім мұратының қандай болатыны өзінен-өзі айқын.
Қорытындылай келе, бүгінгі білім мен білік бәсекелес заманда ұландарымыздың биіктен көрінуіне күнделікті ісіміздегі жаңашылдығымыз арқылы, жан-жақты берген тәрбиеміз арқылы қол жеткіземіз. ХХІ ғасыр – білімділер ғасыры. Сол себепті бізге ой-өрісі жоғары дамыған, зерделі, жан-жақты дамыған, парасатты ұрпақ керек екенін бір сәтте естен шығармағанымыз жөн.
Ұстаз жолы қиынырақ басқадан,
Сырлары көп сыртқа әлі шықпаған.
Шаршаса да осы жолдың бойында,
Қандай рақат, шын бақытын тапса адам.