Білім беру бағдарламасы: «6В01703 Қазақ тілі мен әдебиеті»


Жұмбақтардың тақырыптары, жасалу жолдары



бет16/43
Дата18.11.2022
өлшемі430,76 Kb.
#158794
түріБілім беру бағдарламасы
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   43
Байланысты:
Дәрістер кешені ҰДФ (копия)

Жұмбақтардың тақырыптары, жасалу жолдары.
Халық жұмбақтарының тақырыбы өте көп. Жаратылыс дүниесі, табиғат жайы, еңбек-кәсіп құралдары, хайуанаттар мен өсімдіктер, адам жәнеоның өмірі, өнер-білім, техника т. б. жұмбақтардың басты тақырыбы болумен қатар, мазмұны да болады. Бұлтақырыптардың бәрі жұмбақ көлеміне енгенде, әрқайсысы жалпылама түрде алынбай, бөлшектене, жекелене алынады.
Аталған тақырыптағы жұмбақтардың қайсысы қай кезде туғандығын көрсету, толық хронологиясын беру қиын нәрсе. Жұмбақта фантазиядан да деректілік, нақтылық басым келеді. Ол жұмбақ көлеміне енетін нәрселерді алыстағы бұлдырдан алмайды, адамның көз алдындағы, күн сайын көріп, біліп отырған нәрселерінен алады. Бұл нәрселерді жалпылама түрінде алмай, бөлшектеп, жекелеп алады, әрбір заттың бөлек-бөлек бөлшектеріне айрықша көңіл аударады. (Рас, жұмбақта бірнеше нәрсені бір-ақ айтатын, жалпылама түрде көрсететін кездері де болады, Бірақ ол өте аз кездеседі.) Мәселен, жұмбаққа сиырды енгізгенде, оның өзін айтумен қабат, мүйізін де, емшегін де, сүтін де бөлек жұмбақ етеді. Басқа нәрселерді жұмбакқа қосқанда да осындай жай байкалады.
Жұмбақтардың мол тақырыбының бірі адам баласының жаратылыс дүниесін тану әрекетіне байланысты туған деуге болады. Бұл тақырыптағы жұмбақтардан адамдардың дүние танудағы ой-өрісі, түсінігі, табиғат құбылыстары жайындағы ұғымдары да көрініп отырады. Олар Ай мен Күнді, Жер мен көкті, от пен суды, қыс пен жазды, қар мен жаңбырды, жел мен құйынды, т.б. жұмбақ еткенде, өздерінің ұғым-түсінігіне жақын нәрселергс салыстырады.
Қазақ жұмбақтарының күрделі бір тақырыбы — төрт түлік мал, жалпы хайуанаттар жайына арналады. Мал өсіріп кәсіп еткен, оның сырын жақсы білген халық төрт түліктің өзіне тән мінезі мен қасиетін, адам баласы үшін жасайтын қызметін, келтірер пайдасын айтып жұмбағына қосады. Төрт түлікті жұмбақ еткенде, әрбір малдың аты айтылмайды, тек мүшелері айтылады. Бұл тақырыптағы жұмбақтар “Төсек астында төрт бауырсақ” (сиырдың емшегі), “Екі кісі қарауыл қарады, бір кісі шөпшек терді” (түйенің өркеші, ерні) секілді больп келеді. Кейде әр түліктің неше айда төлдейтінін де жұмбақ арқылы білдіреді. “Он екі түйе, он жылқы, тоғыз сиыр, бес ешкі” дегенде түйенің он екі айда бір боталайтыны, жылқы он айда құлындайтыны, сиыр тоғыз айда бұзаулайтынын, ешкі бес айда лақтайтынын көрсетеді.
Хайуанаттар дүниесінен жұмбаққа қосылатыны: қасқыр, қоян, аю, жолбарыс, арыстан, түлкі, т.б. Бұларды жұмбақтағанда, олар сыртқы бейнесімен, мінез-қылығымен алынады. Кейде жыртқыш аңдар жұмбақ көлеміне өздерінің адам баласына, төрт түлікке жасайтын қастығымен енеді.
Жұмбақтардың аса бір мол тақырыбы — еңбек-кәсіп құралдары және тұрмысқа керекті жабдықтар жайына арналады. Бұл тақырыптағы жұмбақтар үлкенді-кішілі құрал-саймандардан бастап, ыдыс-аяқ, ине-жіпке дейін қамтиды. Арба, шана, қамыт-сайман, ер-тұрман; балға, балта, қысқасы, барлық шаруа құралдары, үй жабдықтары, киім-кешек, ыдыс-аяқ, ине-жіп, т.б. жұмбақ көлеміне енеді. Мысалы: “Өзі батыр, жасырынып жатыр” (қақпан), “Тұрса түйедей, жатса қояндай” (ертоқым), “Алдын айпар, жанын жайпар” (шалғы), “Ерте тұрдым, екі айыр жолға түстім” (шалбар), “Екі шеті жұдырықтай, ортасы қылдырықтай” (тұтқыш), “Кішкене ғана тостаған, көтеріп мені тастаған” (үзеңгі), “Бір тышқанда екі құйрық” (ине, жіп), “Ұзын құйрық сауысқан, бір көлдің суын тауысқан” (қауға), “Отыз омыртқа, қырық қабырға, бәрін ұстап тұрған — ауыз омыртка” (отызы — уық, қырқы — кереге, ауыз омыртқасы — шаңырақ), деп жұмбақ етеді.
Қазақ жұмбақтарының тақырыбы және мазмұны жағынан әрі күрделісі, әрі көбі: оку-білім, өнер, техника жайын суреттеуге арналады. Бұл тақырыптағы жұмбақтардың біразы қазақ елінің Ресей мемлекетіне қосылған кезінде туған секілді. Ал басым көпшілігі біздің заманымызда, қазақ халқының экономикасы мен мәдениеті өркендеген кеңестік дәуірде туғандығын байқаймыз.
Аталған тақырыптағы жұмбақтар өнер-білім, оқу, техниканы жалпылама түрде алмайды, әрқайсысын ажырата, жекелеп алады және нәтижесін айтады. Мысалы, оқу оқып, білім алуға керекті жабдықтар мен құралдарды сипаттау арқылы оқу-білім жайы жұмбақталады. Бұл ретте жұмбаққа енетіндер: қағаз, қарындаш, қалам, әріп, географиялық карта, дәптер т.б. Жұмбақ қалам мен қарындашты жүйрік жорғаға, сия сауытты — тастан соғылған, суы таусылмайтын құдыққа, әріптерді — ағайындас адамдарға теңейді.
Қазақ жұмбақтары өзінің құрылысы, сөз айшығы жағынан мақал мен мәтелге ұқсайды және көбінесе өлең түрінде келеді, ұйқасым, ырғақтарды сақтап отырады. Мұнымен қатар, жұмбақтарда да дыбыс үндестігі, дыбыс қайталаушылық, сөйтіп барып айтайын деген ойға тыңдаушының көңілін бөлушілік көп кездеседі. Мұны “Жаралғанда жабысқан” (адамның не заттың аты), “Ти десем тимейді, тиме десем тиеді” (ерін), “Тақиям толған тары” (жұлдыз), “Өлсең де өлмейді, өлмесең де өлмейді” (адамның есімі) сияқты жұмбақтардан көреміз.
Сонымен, қазақ халқының ерте заманда туып, бүгінгі күнге дейін өсу, жаңару үстінде келе жатқан жұмбақтары ұлттық мәдениетіміздің көрнекті бір тарауы болып табылады. Оларды адам баласының ой-өрісі, дүние танымы, білім көлемі ұлғая беруіне көмектесетін, тапқырлыққа, білмегенді білуге, ізденуге ой салатын, соған ұмтылдыратын, білімдік, тәрбиелік мәні бар халық шығармасы деп қараймыз.


Әдебиеттер:
1. Табылдиев Ә. Халық тағылымы.Алматы, Өнер,1989.
2. Ғабдуллин М. Қазақ халық ауыз әдебиеті.Алматы, Ана тілі,2000.
3. 7 жамбы. Алматы, Арда, 2006.
4. Кел, балалар, ойнайық. Алматы, Арда, 2006.

6 дәріс




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   43




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет