Білім беру кеңістігінің көптілділік жағдайында қазақ тілінің орны
Әбдіғалиева Т.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (Қазақстан)
В статье рассмотрен вопрос роли государственного языка в условиях полилингвизма.
The article considers the subgect of role of the state language in polingual conditions.
Жаңа заманда Қазақстанның бағыт-бағдарын айқындайтын ішкі және сыртқы саясат ағымындағы бүкіл қоғам болып жұмылатын іс-әрекеттің бірі – мемлекеттік тілдің мәртебесі. Отанға деген сүйіспеншілік, белсенділік және өзге отандас ағайындармен сыйласымдықты бір мысқал да төмендетпей, көптілділіктің түрлі көрінісінде қазақ тілінің рухани айбарының болмыс-бітімі қандай болмақ деген сұрақ – шоқтығы биік құндылықтардың бір парасы.
Жалпы білім беретін орта мектеп, орта арнайы және жоғары білім беру жүйелеріне бағытталған қандай реформа болмасын ол мұғалім, оқытушы арқылы жүзеге асады. Бүгінде ұстаз қасиетті міндетін атқара отырып, білім беруді одан әрі ізгілендіру, жеке тұлғаны қалыптастыруда озық, жаңғыртылған әдістемелік жүйені меңгеру, әлемдік білім беру кеңістігіндегі ел дамуына оңтайлы ізгі қадамдарды игеру сияқты жаңа талаптарға сәйкес істерді жүзеге асыруға бет бұрды. Мұндай игілікті істер ел болашағын қолына алатын жастардың кәсіби бейімділігін анықтап, қалаған мамандығын таңдап, жоғары оқу орындарында оқу арқылы жалғасады. Ал болашақ мамандардың жалпы теориялық даярлығымен бірге кәсіби құзыреттілігін арттыру тек оқытушыларға ғана байланысты емес, ол тіпті жоғары оқу орындарының сапа дәрежесінің көрсеткіші. Сапаға жетелейтін, оны қадағалайтын түрлі тетіктер жеткілікті. Елдігіміздің, тәуелсіздігіміздің, ұлттық өркендеуіміздің тірегі ана тіліміз – қазақ тілін және қазақ әдебиетін мектепте оқытатын болашақ мамандардың кәсіби біліктілігінің көрінісі үштілділік, көптілділік аясында қандай дәрежеде болуы тиіс және қазіргі жағдайымыз қандай деген сұрақ барлық зиялы қауымға қатысты. Зерек, зердесі биік, ұлтжанды, сауатты, ана тілін әлемдік тілдерге тән құндылықтар тұрғысынан үйретіп, меңгертетін болашақ мектеп мұғалімін даярлауда, елімізде үлгі тұтар өмір жолы бар тұлғалардың тәжірибесін, өнегесін, дәстүр жалғастығы тұрғысынан сабақтастырған абзал. Одан кейінгі жерде мемлекеттік стандарт терең ойластырылған, өміршең, сұранысты қанағаттандыратын сипат алып, оған сай жұмыс оқу бағдарламасының мазмұны бакалавриаттық дайындық талабын нысана еткен бағдар болуы керек деп ойлаймыз. Айта кетейік, соңғы жылдарда республикадағы өндіріс ошақтарының азаюына, жабылуына орай басқа мамандықтар бойынша өндірістік тәжірибені ұйымдастыру және өткізу мерзімі мүлде өзгертілді, қысқарды. Ал мұғалімдік мамандықтар үшін өндіріс базасы болған мектептер жабылмаса да, практиканы ұйымдастыру техникалық және басқа мамандықтар практикасын «тараған тарақпен» таралды. Нәтижесінде мектеп табалдырығын аттауға қорқатын, бірақ қалтасында дипломы бар мамандар қатары көбейді. Мұндай жағдайда үштілділіктің бір тұғырын берік ұстап тұратын қазақ тілі мен әдебиетін мектептен шыңдататын мамандар бар деп айтуға сенімсіздікпен, күмәнділікпен қарауға мәжбүр болдық. Сондықтан білім беру кеңістігіндегі үштілділік, көптілділік жағдайында қазақ тілін ана тілі ретінде, кейіннен кәсіби мамандыққа баулитын бағдардың мейлінше маңыздылығын баса айтқымыз келеді.
«Қазақ тілі мен әдебиеті», «Қазақ филологиясы» мамандықтары бойынша кәсіби біліктілікті, кәсіби құзыреттілікті қалыптастыру, тәрбиелеу, дамыту ісінде ұсақ-түйек нәрсе, еленбеген сәттер, жетілдірілмеген ұйымдастыру тетіктері болмауы тиіс. Оқытудың дәстүрлі тәсіліндегі озық амал-тәсілдер, қазіргі жаңғыртылған технологиямен ұштастырыла отырып, интерактивті оқыту әдістемесіндегі шығармашылық бағыттағы жұмыстар: проблемалық ойталқы, өз пікіріңді дамыта қорғай білу, жеке және топтық жобалар қорғау, ғылыми аннотация, реферат қорғау, баяндама жасау т.б. сияқты белсенділікті арттыратын, таза әдеби тіл нормасында жазу сөйлеуге үйрететін жұмыс түрлері әрбір сабақта көрініс тапқаны абзал. Кредиттік оқыту жүйесінде студенттің өз бетінше оқып-үйренуі алға шығады. Сол себепті өздік жұмысқа ұсынылған тапсырма мейлінше анық және қай формада орындалуы, нәтижесі не болуы керек деген сұрақтар назарда болғаны ләзім. Студенттің оқу әрекетін жан-жақты меңгеріп, сапалы білімге қол жеткізуі кәсіби біліктілікті тұрақтандыратын көрсеткіш болатындығы – болашақ үшін қажет алғышарттар. Білім берудің құзыреттілік парадигмасы білім беру мазмұнын іске асыру үшін қажетті деген негізгі, түйінді, жан-жақты блоктар жүйесін ұлттық ерекшелігімізге сай еліміздің өзіндік білім беру жүйесін біліктілікпен іріктеу, таңдаумен, оны тұрақты нәтижелі іске асырумен ерекшеленгені жөн болар еді. Сонда ғана болашақ маманның түрлі реформалардың құрбаны болмайтынына кепілдік туындайды.
Мемлекетімізде жүргізіліп келе жатқан тілдік саясат тілдерді дамытудың 2001-2010 жылдарына арналған бағдарлама қоғам өмірінің басты салаларында сындарлы түрде қолдану аясын кеңейтіп келеді. Республика ғалымдарының зерттеулерінің нәтижелері, тілді үйрету орталықтарының нұсқаулары мемлекеттік тілді ана тілі, екінші тіл, шетел тілі ретінде, мемлекетішілік ұлтаралық қатынас тілі ретінде оқыту үдерісін қалыптастырды. Бұл шарттылық республикада үздіксіз білім беру жүйесінің бар саласына лайықталған және білімді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған бағдарламасына сай келеді. Осыған сәйкес оқу-әдістемелік құрал, кешендердің деңгейлік, заманауи үлгілері де, оларды жасаудың лингводидактикалық негіздерін анықтауға бағытталған атқарылған шаруа да қыруар. Бұл тоқмейілсіну емес, мемлекеттік тіл ретіндегі қазақ тілінің өріс жаюының шынайы көрінісінің беттері. Қол жеткізілген табыстармен бірге үштілділік немесе көптілділік жағдайында өзге ұлт өкілдері қазақ тілін тек қатысымдық сұранысты қанағаттандыратын дәрежеде білсек болды деген деңгейде қалмағаны абзал. Олар қазақ тілінің әлемдік құндылықтар қатарынан орын алатын тіл болуға лайықтығына сенген парасатты ойдың иесі болулары керек. Қазірде тілді меңгерудің «еркін меңгерген», «жетік меңгерген» көрсеткіштеріне лайық отандастарымызды кейбір жұмыс орындарынан, билік мінберінен, оқушылар, студенттер арасынан көріп жүрміз. Сөз жоқ, қуанарлық жайт. Мемлекеттік тілді жетік меңгерген адамның, тіл үйренушінің қазақ мәдениетіне, тарихына, халқына деген ілтипаты айтпаса да түсінікті.
Тіл саясатын жетілдіру келешктегі жаңа жоспарларда да басым бағыт болып қала беретініне сенімдіміз. Сондықтан мемлекеттік тілдің іскери бағыттағы, халықаралық қатынастағы ақпараттық рөлін жоғарылату, кеңейту сияқты шаралардың күн тәртібінен орын алатындығы белгілі.
Өзге ұлт өкілдерінің жастары мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін үйренуге деген ұмтылысын, құлшынысын қазақ елінің азаматымын деген ойды өрістетуші тұрғысынан, сонымен бірге елдегі тіл саясатының заңнамалық уәжділігін қолдаушы, оны жүзеге асыратын жеке тұлға дәрежесінде көрінуі керектігін өмірдің өзі көрсетіп, дәлелдеп отыр. Міне, осы тұрғыдан келгенде, Қазақстан жағдайында өзінің ана тілін, мемлекеттік тілді және орыс тілін тең дәрежеде меңгерген жеке тұлға, ана тілін, мемлекеттік тілді және шетел тілін меңгерген жеке тұлға, ана тілін (қазақ тілі), орыс тілін және бір шетел тілін меңгерген жеке тұлға сияқты үштілділіктің сан алуан үлгілері көрініс береді. Демек, үштұғырлы тілдік жағдаяттың республикадағы өзіндік әлеуметтік-лингвистикалық сипатының ерекшелігі бар. Мұнда үштілділіктің немесе көптілділіктің, алдымен еліміздің ішіндегі ұлттар мен этностардың өзара қарым-қатынасы ретіндегі мемлекеттік дәрежедегі ресми қарым-қатынас, іскерлік тілі және халықаралық сыртқы байланыс, қатынастың мақсат-мүддесіне бағытталған үштілділіктің айқын түрде орын алғандығын тәжірибе көрсетті.
Еліміздің дүние жүзіндегі алдыңғы қатарлы елдермен экономикалық, саяси, мәдени байланыстарының нығаюы, кеңеюі бір шетел тілін немесе бірнеше шетел тілдерін жетік меңгерген білікті мамандарды қажетсінуде. Шет тілі мамандары республикамызда бұрыннан-ақ дайындалып келе жатқандығы баршамызға аян. Жасыратыны жоқ, шетел тілінен сабақ беретін мұғалімге, шетел тілін үйренушіге ерекше артықшылықтар (шағын топқа бөліп тіл үйрету, артық жалақы, артық сағат т.б.) бұрын да жасалғанын, шетел тілінің бесінші сыныптан бастап оқытылғаны кеңестік дәуірден тұрақталған тәжірибе еді. Алайда осындай алғышарттарға қарамастан, мектепте, жоғары оқу орнында шетел тілін меңгерту сапасы айтарлықтай болмағанын мойындап отырмыз. Себебі тілді меңгерту әдісінің, тілді үйренушінің мотивациясының сипаты мүлде бөлек болатын. Қазіргі кезде шетел тілін оқытудың жаңа үлгілері, жаңа технологиялары қажет екендігін тілдік жағдаят дәлелдеді.
Тілдің үштұғырлық негізінің сипаты республикалық білім кеңістігінде шетел тілін білудің ерекшелікке ие тұстарын туындатады. Мысалы, қазақ-орыс-ағылшын, орыс-қазақ-ағылшын үштілділігімен қоса, қазақ-араб-ағылшын, қазақ-қытай-ағылшын т.б. сияқты үштілділіктер де жарыса жүретіндігі анықталуда. Халықаралық қарым-қатынас тілі ретінде араб, қытай, тілдері де басым бағыттарға ие болмақ. Демек, шетел тілін ана тілі негізінде үйрету, үйренетін тілдің қарым-қатынасқа қажетті тілдік аспектілерімен қатар, сөйлеу рәсімі мен әдебін ұлттық мәдениет және мәдениетаралық байланыстарға негіздеу шетел тілін үйрету әдістемесінің жаңа сипаты болуы керек. Шетел тілін еркін меңгеру арқылы халқымызға жат түрлі субмәдениеттің таралуын мүддеге қойған және түрлі щетел компанияларының мүдделерін жария және жасырын түрде тарататын жайттар да кездесіп жүр. Тіл үйренушінің коммуникациялық хабардарлығы қазақ елінің, халқының, тарихы мен мәдениетін, экономикасын салыстыра, салғастыра дамытуға қызмет етуі қажеттілік, тіпті, міндеттілік деген ойдамыз.
Соңғы жылдарда халықаралық «Болашақ» бағдарламасының мәртебесі мектеп оқушылары, студенттер, ғылыми қызметкерлер тарапынан ағылшын тілін үйрену, меңгеру ісіне жаңа серпіліс әкелгені мәлім. Ал сондай сұранысқа қазақ тілі ие бола ма? Тек қазіргі кезде «Болашақ» бағдарламасы бойынша талапкердің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін тестпен анықтау ісі іс-тәжірибеге енгізілді. Алайда ол көрсеткіш мәдениетаралық коммуникация талаптарының деңгейлеріне сай бола қояр ма екен. Ана тіліне еркін сусындамай, мәдениетаралық байланыстың көрінісі дами ала ма?
Мәдениетаралық коммуникация мәселесінің меңгерілуге тиісті ақпараттық, танымдық, эмоциялық, әлеуметтік деңгейлері шетел тілін оқудың және оқытудың жаңа әдістемесін туындатты. Бұл ретте шетелде дайындалатын, оқитын маманға жүктелетін азаматтық ұлтжандылықтың бар аспектісі мәдениетаралық коммуникацияға саналы түрде ілесіп жүретін болуы тиіс.
«Тауларды аласартпай, даланы асқақтатайық» деген Олжас ақынның қанатты сөздерін көптілділік, жаһандану жағдайындағы қазақ тілінің рухы мен өміршеңдігін әлемге паш ететін киелі сөздер деп ұғынған абзал. Мемлекеттік тілдің ертеңі мен болашағына, қазақ тілінің құндылықтар төрінен сөзсіз орын алуына тиісті тетіктерді дамытуға бүкіл қауым, ата-ана, тәрбиеші, оқытушы, саясаткер, қызметкер, оқушы, студент, болып қорғап қалуға ат салысуымыз қажеттілігі айтпаса да белгілі деген ойдамыз. Қазақ тілін жан-жақты өркендету мәселесі тек Тіл комитетінің немесе тіл ғылымының құзырындағы мәселе емес, оны ұлттық сана, ұлттық мәдениеттің алға басуы, өрлеуі дегенмен тікелей байланысты ақиқат деп түсінген дұрыс болар еді.
Қазақстан көлемінде мемлекеттік тілге көрсетілетін құрмет пен ықылас жалпыхалықтық мүдде ретінде қабылданып, мәртебесі асқақтаса, халықаралық байланыста ана тілінде ойлап, еркін сөйлей алатын жастардың нәтижелі істерге қол жеткізетіні – уақытпен, ұрпақтар тарихымен дәлелденетін шындыққа айналар еді.
Әдебиет
Тілдерді дамытудың 2001-2009 жылдарға арналған мемлекетік бағдарламасы. – Алматы, 2002.
Қазақстан Республикасының білім жөніндегі заңы. – Алматы, 1999.
«Жаңа әлемдегі Жаңа Қазақстан» Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы. – Алматы, 2007.
Достарыңызбен бөлісу: |