Білім беруде мультимедиа-технологияларды пайдалану


Мультимедиалық технологиялардың оқыту процесіндегі



бет24/64
Дата06.02.2022
өлшемі1,24 Mb.
#79251
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   64
Байланысты:
мультимедиа

1.5 Мультимедиалық технологиялардың оқыту процесіндегі
тиімділігін анықтау

Мультимедиалық технологияларды оқыту процесінде пайдаланудың тиімділігін анықтау жолдарын қарастырайық.


Мультимедиалық құралдардың оқыту процесіндегі тиімділігін оқытудың мақсатына, мазмұнына, формасына, құралдары мен әдістеріне сәйкестілігі тұрғысынан анықтауға болады. Ал, мұны жүзеге асыру кибернетика ғылымының зерттеу әдістеріне сүйену негізінде орындалады. Кибернетика – қоғамдағы, тірі организмдердегі, күрделі машиналардағы процестердің жалпы заңдылықтарын басқаратын, олардағы ақпаратты беретін ғылым. Кибернетика басқару жүйесіндегі ақпараттық процестерді зерттейді.
Өткен ғасырдың 70-ші жылдарында кибернетиканың зерттеу әдістері педагогикада да қолданыла бастады. Жүйенің жалпы теориясы, басқару теориясы, ақпарат және байланыс теориясы, алгоритм теориясы, модельдеу және бағдарламалау теориялары секілді кибернетика салаларын оқыту процесінде қолдануға байланысты ғалымдар біршама зерттеулер жүргізді.
Педагогикалық процесті басқару және жетілдіру үшін көп жағдайда кибернетиканың бағдарламалап оқыту теориясына сүйенеміз. Педагогикалық кибернетиканың зерттеу әдістерімен шұғылданушы көптеген педагог-ғалымдар бағдарламалап оқыту өз кезегінде педагогикаға жүйелік тәсілді қолдануға әсерін тигізеді деген пікір айтады.
Көрнекті ғалым Т.А.Ильина педагогикада жүйелік тәсілді дамытатын негізгі теорияларға мыналарды жатқызады:

  • кибернетика және жүйенің жалпы теориясы;

  • ақпарат теориясы, бұл теория зерттеушілерді әртүрлі байланыс арналары арқылы ақпараттық тұжырымдамалармен қамтамасыз етеді;

  • жүйелік талдау, бұл әдіс оқытуда жаңа технологияларды қолдану кезінде пайдаланылады.

Жүйелік тәсілдің тиімді нұсқаларының бірі – морфологиялық әдіс. Жүйені талдау және ұйымдастырудағы морфологиялық әдістің әдіснамалық негізгі ерекшеліктерін қарастырайық. Ғылымның дамуы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізудің тәсілдерін үнемі өзгертіп отырады. Қазіргі кезге дейін ғылым дамуы мынадай кезеңдерден өтті:
1) ғылыми жүйелік тәсілдің сипаттамасы зерттеу нысаны ретінде анықталды;
2) зерттеу нысанына „терістеу және құрылымдау” деп аталған ғылыми әдіс қолданылды. Оның негізгі идеясы: оқытылатын жүйе жөніндегі жаңа ұғымдар мен анықтамалар бұрынғы ұғымдар мен анықтамаларды тексеру негізінде пайда болады;
3) жүйелі талдаудың дамуына байланысты терістеу және құрылымдау әдісінің орнына „талдау және құрылымдау әдісі” қолданылуда. Жүйені зерттеудің бұл әдісін пайдалану кезінде шешілетін мәселенің ұғынықты, шешімді үлгісі жасалып, оны ары қарай дамыту жолдары қарастырылады.
Жалпы, педагогикалық зерттеу нысанына қолданылатын жүйе мынадай құрылымдардан тұруы керек:

  • оқытудың мақсатын анықтайтын әлеуметтік жүйеден;

  • оқытудың мазмұнын анықтайтын ғылыми білімдер негізіндегі ақ-параттық жүйеден;

  • нақты бір оқу пәнін оқытудың жалпы және жеке әдістерін дамыту жүйесінен;

  • оқыту процесін ұйымдастыру жүйесінен.

Педагогикалық әдістерді мынадай сипаттамаларына байланысты жіктеуге болады:

  1. Оқытылатын материалдардың құрылымдық-мазмұндық көрсеткіш-теріне;

  2. Оқу материалдарын ұсынудың практикалық әдістеріне;

  3. Білімді қабылдау кезіндегі оқушылардың немесе студенттердің бойындағы интеллектуалдық және психикалық өзгерістерге;

  4. Оқыту нәтижелерін тексеру әдістеріне т.б.

Біз төменде мультимедиалық құралдардың оқытудағы тиімділігін біріншіден, оқытудың мазмұнын анықтайтын ғылыми білімдер негізіндегі ақпараттық жүйеге, екіншіден, оқытылатын материалдардың құрылымды-мазмұндық көрсеткіштеріне байланысты анықтау жолдарын қарастырдық. Оқу материалының мазмұнына қатысты әрбір мультимедиалық құрылғы тізбектер жиынымен сипатталды. Ал, тізбектер жиынын морфологиялық әдісте қолдануға болады. Оны



......................................................
.

тізбектер жиыны түрінде өрнектеуге болады.


Тізбектер жиынының әрбір қатары сол мультимедиалық құрылғының оқыту мазмұнына байланысты қандай да бір ерекшелігін анықтайды. Мысалы,
- мультимедиалық құрылғыны оқу материалының типіне байланысты қолдану ерекшелігі: - ғылыми, - қоғамдық-саяси, - техникалық, - психологиялық, - математикалық, - лингвистикалық.
- мультимедиалық құрылғының оқу материалын ұйымдастыруға байланысты ерекшелігі: - хронологиялық, - сипаттамалық, -тізбектік, - теориялық, - проблемалық, - практикалық, - аналитикалық, - синтетикалық.
-мультимедиалық құрылғының оқу бағдарламасының көрсеткіштеріне байланысты ерекшелігі: - оқу материалының көлемі, -ұғымдар саны, - сөздік деңгейі.
- мультимедиалық құрылғының оқу материалының күрделілік деңгейіне байланысты ерекшелігі: - төменгі, - орташа, - жоғары.
- мультимедиалық құрылғының қосымша оқу материалдарына байланысты ерекшелігі: - жазбаша, - көрнекілік құралдар, - ауызша, - практикалық жаттығулар.
- мультимедиалық құрылғының оқу тапсырмасының типтерiне байланысты қолданылу ерекшелiгi : - стимул-реакция, - таңдау, -ассоциативтi, - принциптердi оқыту, - проблемалық.
Егер тiзбектер жиынының әрбiр қатарынан бiр элементтi таңдап алып, оларды жаңа бiр массив элементтерi ретiнде тiзбектейтiн болсақ, онда мультимедиалық құралдарды оқу мазмұнына қатысты оқыту процесiнде қолданудың сипаттамасы шығады.


Бақылау сұрақтары:



  1. Кибернетика ғылымы нені зерттейді?

  2. Жүйелік талдау әдісі қандай теорияға сүйенеді?

  3. Ақпарат теориясы дегеніміз не?

  4. Оқыту мазмұнына байланысты қолдану үшін мультимедиалық технологияларды таңдауды қалай жүргізуге болады?

1.6 Мультимедиалық технологиялар - таным процесiн


жетілдірудің тиімді құралы

Тұлғаның сана-сезімінің дамуы таным процесі арқылы жүзеге асырылады. Таным дегеніміз табиғаттағы заттар мен құбылыстардың қасиеттері мен өзара қарым-қатынастарының адам санасында идеалды образдар жүйесі ретінде бейнеленуі. Танымның қалыптасуы ұзақ және күрделі процесс. Таным процесі барысында тұлғаның қоршаған орта жөніндегі алған білімі тереңдей түседі, заттар мен құбылыстардың шынайы болмысын тани алады. Яғни, таным процесінде тұлғаның өмірге, қоғамға, болмысқа деген көзқарасы дамиды.


Тұлғаны дамытудағы мультимедиалық технологиялардың мүмкіндіктерін танымның сезімдік және логикалық формаларына қатысы
тұрғысынан қарастырайық.
Таным процесі нақты сезінуден басталып, абстрактілі ойлауға (ақыл-ой) өтеді. Яғни, психо-физиологиялық тұрғыдан танымның бастапқы кезеңі түйсіктен, қабылдаудан, елестетуден тұрады. Бұл кезең танымның сезімдік формалары деп аталады. Танып-білудің бірінші сатысы – түйсік пен қабылдаудан басталып, соның негізінде ойша елестету пайда болады. Яғни, таным адамның сезім мүшелеріне әсер етуден басталады. Сондықтан да бұл сатыны сезімдік форма деп атайды.
Түйсік деп сыртқы дүние мен құбылыстардың жеке қасиеттерінің адамның сезім мүшелеріне тікелей әсер етуден пайда болатын мидағы бейнелерді айтамыз. Яғни, түйсік сананың сыртқы әлеммен байланысы.
Түйсік ақпаратты өңдеу барысында қандай жүйе басымдық роль атқарады, сол әрекетті орындайды. Мысалы, графикалық ақпаратты өңдеуде түйсік образды және вербальды кодтау жүйесі ретінде қатысады, бірақ, образды жүйенің әсері жоғары болады. Ал, мәтіндік ақпаратты өңдеуде, керісінше, вербальды кодтау жүйесі басым болады да, образды жүйенің әсері аз болады. Абстрактілі ақпаратты өңдеуде толығымен вербальды жүйе қолданылады, образды жүйе әрекетсіз қалады.
Түйсікте заттар мен құбылыстардың жеке сапалары мен қасиеттері сәулеленетін болса, қабылдауда олар мида тұтастай зат күйінде бейнеленеді. Яғни, қабылдауда заттардың және құбылыстардың формасы, дыбысы, түсі, иісі т.с.с. қасиеттері тұтас күйінде толық бейнеленеді. Қабылдау – түйсіктегідей бір анализатордың ғана емес, бірнеше анализаторлардың бірлескен қарекеттерінің нәтижесі. Мәселен, адам ұсынылған бейнемәліметті көру және есту анализаторларының өзара байланысып жұмыс істеуі нәтижесінде қабылдайды. Қабылдау ерікті және еріксіз болып бөлінеді. Еріксіз қабылданған ақпараттың 24 сағаттан кейін 50%-ы ұмытылады екен. Студенттің немесе оқушының оқу материалын қабылдауы, оның зейін аударуына байланысты. Зейін аударуды сенсорлық (көрінетін, естілетін) немесе ойлау оқиғаларына ақыл-ой күш жігерін шоғырландыру негізінде анықтауға болады.
Оқыту процесі әрқашанда студенттің немесе оқушының меңгере алатын ақпаратынан көп ақпараттан тұрады. Сондықтан да үлкен көлемді ақпарат ағынын пайдалану кезінде студенттер мен оқушылар зейінін тек қажетті мәліметтерге ғана аудару керек. Когнитивті психологияның мамандары зейін аударуға келесі факторлар әсер етеді деп есептейді: түйсік, адамның көзінің ақпаратты өткізу қабілеті, қызығушылығы. Қызығушылық студенттің, оқушының оқу материалына терең үңілуіне, білуге құмарлығының оянуына түрткі болады. Оқу пәндерін салыстыруға, сол арқылы қандай да бір ой қорытындысын шығаруға көмектеседі. Қызығушылық деңгейді жоғарылатуды әртүрлі типті мәліметтерді (мәтіндік, дыбыстық, бейнелік т.б.) бір оқыту жобасына біріктіруге мүмкіндік беретін мультимедианы қолдану арқылы қол жеткізуге болады.
Оқытудың нәтижелілігі ақпаратты қабылдауға мүмкіндік беретін сенсорлы-персептік процестердің ерекшелігіне, яғни, пайдаланушының ақпаратты қабылдауына, ол ақпаратты жадыда сақтауына, және қажетті уақытта пайдалану мүмкіндігіне байланысты болады. Белгілі бір уақыт аралығында берілетін ақпарат көлемі қабылдаушының физиологиялық ерекшелігіне сәйкес өзгеріп отыруы қажет. Жас ерекшелігіне сәйкес организмнің белгілі бір уақыт аралығындағы өңдейтін ақпарат мөлшері ақпараттық жүктемені құрайды. Бұл жүктеменің организмге оң немесе теріс әсері белгілі бір бағыттаушы және қорғаныс рекацияларына байланысты болады. Ақпараттық жүктеме бағыттаушы реакцияларды туғыза отырып қорғаныс рефлекстеріне әсер етпесе, онда ол оң ақпараттық жүктеме болып саналады. Мұндай жоғары тиімділікті оқыту процесіне қол жеткізу үшін ақпараттық жүктеме көп болмауы керек. Мультимедиалық технологиялар оқу материалын жеке тұлғаның ақпаратты қабылдау ерекшелігін ескере отырып мәлімет көлемін порция түрінде реттеп ұсынуды жүзеге асырады.
Таным процесіне әсер ететін факторларға образды танып білуді де жатқызуға болады. Студент пен оқушыға қойылатын талап – ұсынылған ақпаратты ажырата білу және оны меңгеру. Мультимедиа дыбыстан, графиктен, бейнеақпараттан, мәтіннен құралған әртүрлі типті ақпаратты игеру үшін барлық мүмкіндіктерді ұсынады. Осының нәтижесінде ынта, қызығушылық белгілі бір сезім рецепторларына ықпал жасайды, әртүрлі сенсорлық жағдайлар ақпаратты түрліше түйсінуге әсер етеді.
Қабылдауды адамның сенсорлық қызығушылығын ашатын қабілеті ретінде де қарастыруға болады. Ақпаратты қабылдаушы адамның неғұрлым көрнекілік, дыбыстық ақпаратты алу және оған қайта оралу мүмкіндігі көп болса, соғұрлым ақпарат иконалық жадыға көп жазылады. Бұл тұрғыда да, мультимедиа өтілген материалға қайта оралу байланысын тиімді қамтамасыз ете алады. Иконалық жады адамға болашақта өңдеу үшін, маңызды ақпараттарды іріктеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, көрнекілік әсер арқылы қабылданған ақпаратты сақтауды, және оған жылдам қол жеткізуді де иконалық жады сипаттайды.
Оқыту процесінде ақпаратты өңдеудің бастапқы кезеңін сипаттайтын бөлімі қабылдаудың көлемін зерттеу болып табылады. Оқу құрылымының интерактивтілігі ақпаратты қабылдау көлемін көбейтеді.
Танымның келесі әрі жоғары баспалдағы – елестету. Елестету – бұрын қабылданған, бірақ, қазір көз алдымызда жоқ заттың немесе құбылыстың бейнесін жаңғырту. Қабылдау адамның сезім мүшелеріне әсер ету арқылы жүзеге асырылса, елестету бұрынғы түйсіну мен қабылдау негізінде орындалатын процесс.
Сонымен, танымның сезімдік формалары ретінде ұғымдарды қалыптастыру сатыларының сұлбасы мынадай жүйеде құралады: түйсік → қабылдау → елестету.
Енді танымның логикалық формаларын қарастырайық. Ұғым, пікір, ой қорытындысы танымның логикалық формаларына жатады. Танымның сезімдік және логикалық формалары өзара тығыз бірлікте болады.
Ұғым дегеніміз объективті құбылыстарды, қасиеттерді, қатынастарды бейнелейтін ойлаудың формасы. Яғни, ұғым – заттар мен құбылыстар туралы санада қалыптасқан ой. Ұғымда заттардың жалпы және негізгі қасиеттері бейнеленеді. Ойлау – ой қорытындылары формаларының бірі. Ой қорытындылары – бірнеше пікірден жаңаша бір пікір шығару тәсілі. Яғни, ойлаудың логикалық формасы – пікір. Пікір ақиқат немесе жалған пікір болуы мүмкін. Танымның бұл логикалық формалары іс-әрекет үстінде жүзеге асырылады. Өйткені, іс-әрекет кезінде субъект сыртқы дүниемен өзара әсерлеседі. Соның нәтижесінде заттар мен құбылыстардың психикалық образы жасалынады. Сондықтан іс-әрекет – бұл да категория, танымның практикалық формасына айналған. Іс-әрекеттің автоматты түрге келтіріліп (даңдыланып), практикада пайдаланылуы – танымның соңғы нәтижесі.
Оқыту процесінің басты мақсаты – студенттер мен оқушыларға табиғат пен қоғам жөнінде ғылымда жинақталған білімді меңгерту, сол білімді өзінің күнделікті өмірінде дұрыс пайдалана алатын іскерлік, дағды қалыптастыру деп айта аламыз. Танымның түйсіну, қабылдау, елестету сияқты сезімдік формалары арқылы білім меңгеріледі десек, ұғым, пікір, ой секілді танымның логикалық формалары арқылы ебдейлік, ал танымның іс-әрекет секілді практикалық формасы арқылы дағды қалыптасады.
Ал, оқыту процесінде білім, ебдейлік, дағдыны (компетенттілік) қалыптастыруда қазіргі таңда мультимедиалық технологиялардың маңызы ерекше. Мультимедиалық технологиялар тұлғаның табиғат пен қоғам туралы ғылыми білім шеңберінің кеңейуіне, тереңдеуіне септігін тигізеді. Мысалы, өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің биологиялық дамуын, түсінуге қиын, ұзақ және қысқа мерзімде өтетін, көзге көрінбейтін физикалық, химиялық процестер мен құбылыстарды динамикада, визуалды түрде ұсыну арқылы мультимедиалық технологиялар студенттер мен оқушылардың диалектикалық ойлай білуін қалыптастырады.
Таным процесінде тұлғаның материалистік диалектикалық ойлауын дамыту үшін әртүрлі әдістер қолданылады. Табиғаттағы құбылыстарды бақылай білуге, оларды талдауға, олардың заңдылықтарын түсініп, практикада қолдана білуге үйрету үшін Я.А.Коменский «алтын ережеге» санаған көрнекілік әдісін жиі қолданамыз.
Оқыту процесін жақсартудың тиімді әдістерінің бірі – ақпарат берудің сөздік-логикалық және көрнекілік тәсілдерінің үйлесуі, яғни оқытушының сөзбен түсіндіруінің сәйкесті көрнекі құралдармен бекітілуі. Үздіксіз монотонды әңгіме тыңдап отырған адамның назары тітіркендіргіштің біркелкілігінен – сөйлеушінің даусынан 20 минуттан кейін-ақ басқа жаққа ауа бастайды екен. Егер әңгіме қандай да бір объектілерді көрсетумен қатар жүрсе, естумен қатар көру анализаторы да жұмыс жасайды. Адамның көз алдына көрнекі образдың пайда болуы ұсынылған материалды толықтай меңгеруге септігін тигізеді. Көрнекілік әдіс «жүз рет естігеннен, бір рет көрген артық» деген нақылдың бекер айтылмағандығын айқындай түседі. Көрнекілікті жүзеге асыру мультимедиалық технологиялардың негізгі, басты мүмкіндіктерінің бірі. Оқу материалын көрнекілік әдіспен түсіндіруде оқытушы мультимедианы пайдалану негізінде табиғаттағы құбылыстарды, процестерді, заңдылықтарды демонстрациялайды. Бұл кезде оқытушының қызметі – көрсету, демонстрациялау болса, студенттер мен оқушыларға білім беру көзі көрнекілік құралдар, мультимедиа болып табылады да, ұсынылған оқу материалынан қорытынды жасау, демонстрация фактілерін бақылау, содан ой-тұжырым қалыптастыру студенттер мен оқушылардың іс-әрекеті болып саналады.
Мультимедиалық технологиялар зерттелетін құбылыстардың, объектілердің, процестердің тек сыртқы сипатын ғана емес, олардың ішкі мәнін, сондай-ақ, табиғаттың және қоғамның жеке құбылыстары арасындағы байланыстарды ашып көрсетуге мүмкіндік береді.
Мультимедианы пайдаланудың артықшылығы мынада: мысалы, кескін немесе сурет – адамның ой-санасында белгілі бір бейнені, ұғым-түсінікті қалыптастыруға, мәтін және дыбыс – қозғалыстағы бейнелік әрекетті онан әрі дамыту негізінде образдың ішкі болмысын аша түсуге, музыка – эмоционалдық көңіл-күйдің көтерілуіне әсер етеді.
Қорыта айтқанда, таным процесінің заңдылықтарын зерттейтін таным теориясының атқаратын мынадай міндеттерін оқыту процесінде мультимедиалық технологияларды пайдалану арқылы түсіндіруге болады:

  • объектінің болмысын, даму заңдылықтарын ашып көрсету;

  • объектінің ішкі табиғатын ашу арқылы оның болашақтағы даму бағытын айқындау;

  • объектілерді зерттеу жөніндегі ғылыми саланың дамуына ықпал жасау;

  • заңдылықтардың практикада қолданылуын ұғындыру т.б.

Бақылау сұрақтары:



  1. Таным процесі дегеніміз не?

  2. Танымның сезімдік формалары арқылы тұлғаны жетілдірудегі мультимедиалық технологиялардың мүмкіндіктері қандай?

  3. Танымның логикалық формаларын дамытуға мультимедианың ықпалы қандай?

  4. Мультимедиалық технологияларды пайдалану арқылы таным теориясының қандай міндеттерін шешуге болады?



    1. Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   64




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет