Білім жүйесіндегі зайылқ қаидалары



Дата22.10.2019
өлшемі55,16 Kb.

Білім жүйесіндегі зайылқ қаидалары

Білім беру –  тиісті оқу орны арқылы ғылыми мағлұмат беріп, адамның танымын, білімін, дағдысын, дүниеге көзқарасын жетілдіру үдерісі; қоғам мүшелерінің мәдениетін дамытудың негізгі шарты. Білім беру қызметі – білім беру субъектілерінің мақсатты, педагогтік негізделген, дәйекті өзара іс-қимылы барысында жеке адамды оқыту, дамыту және тәрбиелеу міндеттері шешілетін үдеріс.

«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның 3-бабының 4-тармағы бойынша діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасында бiлiм беру мен тәрбиелеу жүйесі дін мен діни бірлестіктерден бөлiнген және зайырлы сипатта болады.

Қазақстан Республикасының 2007 жылы 27 шілдеде қабылданған «Білім туралы заңына» сəйкес білім саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттары төмендегідей:

-  баршаның сапалы білім алуға құқықтарының теңдігі;

-  білім беру жүйесін дамытудың басымдығы;

-  әрбір адамның зияткерлік дамуы, психикалық-физиологиялық және жеке ерекшеліктері ескеріле отырып, халықтың барлық деңгейдегі білімге қолжетімділігі;

-  білім берудің зайырлы, гуманистік және дамытушылық сипаты, азаматтық және ұлттық құндылықтардың, адам өмірі мен денсаулығының, жеке адамның еркін дамуының басымдығы, т.б.

  Сонымен қатар аталмыш заңға сәйкес білім беру ұйымдарында төмендегідей іс-әрекеттерге:

  - саяси партиялар мен діни ұйымдардың (бірлестіктердің) ұйымдық құрылымдарын құруға және олардың қызметіне;

- білім беру ұйымдарында нәсілдік, этностық, діни, әлеуметтік ымырасыздық пен айрықшалықты насихаттауға, милитаристік және халықаралық құқық пен ізгіліктің жалпыға танылған принциптеріне қайшы келетін өзге де идеяларды насихаттауға;

- педагог қызметкерлердің білім беру процесін саяси үгіттеу, діни насихат жүргізу мақсатында немесе білім алушыларды Қазақстан Республикасының Конституциясына және Қазақстан Республикасының

заңнамасына қайшы келетін әрекеттерге итермелеу пиғылымен пайдалануға тыйым салынады.

Аталған қағидаттардың барлығы білім алушылардың бостандықтары мен құқықтарын, қауіпсіздігін және заң аясында әрекет етуін қамтамасыз ету мақсатында жасақталған.

Білім берудің зайырлы сипаты діни немесе дінтанулық білімге тыйым салынады дегенді білдірмейді. Еліміздің заңнамалары аясында діни және дінтанулық білім берудің өзіндік мүмкіндіктері жасақталған.

Біріншіден, ұлт дүниетанымының, мәдениеті мен тарихының ажырамас бөлігі ретінде дін туралы түсініктер мен діндер тарихы туралы мәліметтер, соның ішінде Қазақстан Республикасы үшін дәстүрлі болып табылатын діндерге қатысты мағлұматтар, олардың пайда болуы, дамуы, қоғам өміріндегі орны туралы ақпараттар жалпыға бірдей білім беретін орта мектептен бастап, білім беру мекемелерінің барлық деңгейінде қоғамдық пәндер аясында оқытылады.

Екіншіден, орта мектептің 9-сыныбындағы «Дінтану негіздері» пәні аясында діндер тарихы мен тәжірибесі, дәстүрлі діндер мен жаңа діни қозғалыстар, Қазақстандағы негізгі діндер, олардың қасиетті кітаптары және діни мейрамдары, ислам дінінің қазақ жеріне таралуы, ханафи мазхабы мен матуриди ақидасының қазақ діни танымындағы орны, қазақ ғұламаларының рухани-діни мұрасы, қазақ жеріндегі исламдық мәдениет туындылары секілді өзекті дінтанулық мәселелер жүйелі негізде оқытылады.

Үшіншіден, «дінтану» пәні таңдамалы курс ретінде еліміздің барлық жоғары оқу орындарының бағдарламаларына енгізілген. Білім алушылар өздерінің қызығушылықтары мен таңдауларына сәйкес осы пән арқылы дін туралы білімдерін кеңейте алады.

Төртіншіден, еліміздің 6 жоғары оқу орнының арнайы кафедралары арқылы діндер тарихы мен теориясын, мемлекеттік-діни қатынастарды, жаңа діни қозғалыстар мен діни ахуал мәселелерін зерттеп-зерделейтін дінтанушы мамандар даярланады. Олар: Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің дінтану кафедрасы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің философия ғылымдары және дінтану кафедрасы, Е.А.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің философия және мәдениет теориясы кафедрасы, «Нұр Мүбарақ» Қазақ-Египет ислам университетінің дінтану кафедрасы, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің дінтану және теология кафедрасы, Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің дінтану кафедрасы.

Бесіншіден, қолданыстағы заңнамалар аясында діни білім берудің нақты тетіктері жасалған. Еліміздегі ресми тіркелген діни бірлестіктер өздерінің жанынан діни сауат ашу курстарын ұйымдастыра алады. Қазір елімізде 334 исламдық сауат ашу курстары, 66 христиандық (православтық, католиктік және протестанттық) жексенбілік мектептер қызмет атқарады. Өз қалауына сәйкес аталған курстарда бастауыш діни білім алуға кез келген азаматтың мүмкіндігі бар. Кәмелетке толмаған балалар діни курстарға ата-анасының келісімімен бара алады.

Сонымен қатар «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның нормаларына сәйкес республикалық және өңірлік діни бірлестіктер дін қызметшілерін даярлаудың кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын мекемелер нысанында діни білім беру ұйымдарын құра алады. Осы негізде қазір елімізде исламдық бағыттағы 13 (қарилар дайындау орталықтары, медреселер, имамдардың білім жетілдіру институты, «Нұр-Мүбарак» университеті), христиандық бағыттағы 2 (православтық училище мен католиктік семинария) діни оқу орны құрылып, қызмет атқаруда. Бұл орайда медреселер мен православтық училищенің техникалық-кәсіптік оқу орындарына теңестірілгенін, арнайы бекітілген стандартқа сәйкес жұмыс істейтінін және мемлекеттік үлгідегі диплом беретінін атап айту қажет.

«Исламтану» мамандығының дербес қалыптасуы Қазақстандағы діни және дінтанулық білімнің өзіндік ерекшелігі болып табылады. Сонымен қатар елімізде діни және дінтанулық білімді өзара сабақтастырған «теология» мамандығы бойынша білім беріле бастады. Аталған мамандықтардың арнаулы стандарттары бекітілген, кәсіптік бағдарламалары қалыптасқан.

Діни және дінтанулық бағыттағы барлық мамандықтар бойынша мемлекет тарапынан тиісті деңгейде грант бөлінген, шетелдік жетекші оқу орындарымен тәжірибе алмасу, бірлесе мамандар даярлау тетіктері қалыптасқан. 2013 жылдан бастап «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында «дінтану» және «теология» мамандықтарына грант бөліне бастады.

Аталған шаралар зайырлы мемлекетімізде діни және дінтанулық білімнің өзіндік орны мен қалыптасқан жүйесі бар екендігінің айғағы болып табылады. Атап кететін жайт, кезінде атеистік саясатты ұстанған посткеңестік кеңістіктедіни және дінтанулық білімді мемлекет тарапынан құқықтық тұрғыдан реттеу, білім беру тұрғысынан жүйелеу, қызметіне мүмкіндік туғызу және қадағалау жағынан Қазақстан өзге елдерден оқ бойы озық тұр.

Әлемдік тәжірибеде діни және зайырлы білім берудің әртүрлі арақатынасы бар. Ресми деректерге қарағанда діни білім шамамен әлемнің 140 елінде жүргізіледі. ЮНЕСКО-ның Халықаралық білім беру бюросының жүргізген зерттеуі мен талдауына сүйенсек, әлемнің 73 елінде діни білім аптасына кем дегенде бір рет жүретін міндетті пән болып табылады. Әр мемлекет өз діни және білім беру саясатына, діни және мәдени тарихына байланысты діни ұйымдардың білім беру қызметін дербес айқындайды.



Дін қашанда қоғамның, мемлекеттің, адамның өмірінде дүниеге көзқарас пен сенімдер жүйесі ретінде маңызды орын алып келеді. Қоғамдық феномен болғандықтан діннің жалпы халық пен мемлекет тұтастығы үшін өзектілігі жойылмайды. Осы орайда зайырлы мемлекеттегі діни және дінтанулық білім жүйесі біріншіден – мемлекеттік саясаттың жалпы қағидаттарына, екіншіден – қоғам сұранысына, үшіншіден заманауи бағдарлар мен даму болашағын ескере отырып, білім жүйесіне жасалатын объективті талдауларға сүйенеді.

Осы негіздерге сәйкес қоғам өмірін құқықтық тұрғыдан реттей отырып, оның дүниетанымдық көзқарастарын ғылыми тұрғыдан байытатын, рухани-мәдени құндылықтарының сақталуы мен дамуына жағдай жасайтын зайырлылық ұстанымы – мемлекеттің рухани дамуының кепілі болып табылады.

Достарыңызбен бөлісу:


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет