Мен сені сағынғанда,
Мен сені сағынғанда,
Қарамай жауындарға, дауылдарга,
Қарсы қарап жүземін ағындарға,
Кеудемде қимылдаған жаным барда,
Мен сені сағынғанда,
Бір минут та қақым жоқ дамылдарға.
Мен сені қызғанамын,
Қызғаныштан мұз шайнап,
Тұз жаладым.
Шаңқылдап алдымнан шық,
Ана-қыран,
Алыстан келеді ұшып мұзбалағың.
Тәкаппар ең, өрлікке бола туған,
Жет тездеп,
Дауыл тұрғыз қанатыңнан.
Сен - мендік, мен - сендікпін, ана-қыран,
Қыранбыз, қырандардан жаратылған!
Сағыныштың сағымын жамылғанда,
Қарамай қара нөсер қағынғанға,
Саған ұшам,
Қалмайды сабыр жанда,
Мен сені сағынғанда, сағынғанда...
Кереметі-ай,мына жарық сәуленің!
Кереметі-ай,мына жарық сәуленің!
Езу тартып барады, әне, әлдекім,
Алатау да жатыр, әне, сәнденіп,
Ал мен болсам,бір жаныммен әуремін.
Кереметі-ай,мына жарық сәуленің!
Қайта маған оралар ма әл-демім.
Қайда кеттің,қайда кеттің, дәрменім?
Қайда кеттің, сауық-сайран дәуренім?
Керек осы адамға?
Керек осы адамға?
Бүгін бе, болашақ па?!
Ақылгөй кәрілік пе, бала шақ па?!
Қиын-ау, өзің жатып жерошақта,
Жансыз тән, жанарсыз көз - болашақта.
Әлде өмір сүрмекпісің бүгініңмен?!
Бүгіндік тірлік қуып, жүгірумен,
Өтпекпісің?!
Қолыңды бір-ақ сілтеп,
Ұмытып болашақты түңілумен?!
Күн кешіп жығылумен, сүрінумен?!
О, өмір!
О, неғылған сиқыр едің,
Қалай-қалай соғады құйты желің?!
Діңкелеп, шаршап келіп жантайғанда,
Тәтті бір түс көрсеткен ұйқы ма едің?!
Достарыңызбен бөлісу: |