"Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасудың кейбір мәселелері туралы
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері министрінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 12 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 30 желтоқсанда № 12639 болып тіркелді
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы 2-тармағының 2), 5), 11) тармақшаларына, 17-бабының 4-тармағына және 28-бабының 3 және 4-тармақтарына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса берілген:
1) осы бұйрықтың 1-қосымшасына сәйкес «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға арналған конкурсты өткізу қағидалары;
2) осы бұйрықтың 2-қосымшасына сәйкес Мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді, мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналасуға кандидаттарды тесттен өткізуді ұйымдастыру, бағдарламалары және қағидалары;
3) осы бұйрықтың 3-қосымшасына сәйкес «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарының санаттарына қойылатын үлгілік біліктілік талаптары бекітілсін.
2. Осы бұйрықтың 4-қосымшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің кейбір бұйрықтарының күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Мемлекеттік қызмет департаменті:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ресми жариялануын;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдануын қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері министрінің мемлекеттік қызмет мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі және 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған қатынастарға қолданылады.
Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік қызмет істері министрі Т.Донақов
Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік қызмет істері
министрінің
2015 жылғы 29 желтоқсандағы
№ 12 бұйрығына 1-қосымша
«Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымына
орналасуға конкурс өткізу қағидалары 1. Жалпы ережелер
1. Осы «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымына орналасуға конкурс өткізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы Заңының (бұдан әрі – Заң) 27-бабына сәйкес «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасуға конкурс (бұдан әрі – конкурс) өткізудің тәртiбiн айқындайды.
2. Конкурс Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттiк қызметке тең қол жеткiзу конституциялық құқығын қамтамасыз етедi.
3. Конкурс «Б» корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдары бар (бұдан әрі – бос лауазымдар) мемлекеттік органмен өткiзіледi.
4. Бос мемлекеттік әкімшілік лауазымы бар кезде мемлекеттік орган конкурсты өткізбей тұрып, сәйкес келетін лауазым санаты бойынша «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадрлық резервінде тұрған азаматтардың тізімін қарастырады.
«Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне қабылданған азаматтың мемлекеттік орган белгілеген бос мемлекеттік әкімшілік лауазымға біліктілік талаптарына сәйкес келген жағдайда, мемлекеттік орган оны Заңның 68-бабына сәйкес «Б» корпусының кадрлық резервінде болудың жылдық мерзімі өткенге дейін «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына конкурс өткізбей тағайындай алады.
Осы тармақ 2017 жылдың 1 қаңтарына дейін қолданылады.
5. Конкурс жариялаған мемлекеттiк орган бос лауазымдарға орналасуға кандидаттарға iрiктеудi жүзеге асыру үшін конкурс комиссиясын қалыптастырады.
6. Конкурс комиссиясының шешiмi бос лауазымға қабылдау немесе мұндай лауазымға қабылдаудан бас тарту үшін негiз болып табылады.
7. Мемлекеттік орган қайта ұйымдастырылған немесе таратылған жағдайда, жарияланған конкурс оны өткізудің кез келген кезеңінде тоқтатылуға тиіс.
2. Конкурс өткiзудiң тәртiбi
8. «Б» корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасуға конкурс мынадай түрлерден тұрады:
1) ішкі конкурс;
2) жалпы конкурс.
9. Конкурс бірқатар жүйелі кезеңдерді қамтиды:
1) конкурс өткізу туралы хабарландыру жариялау;
2) конкурсқа қатысуға ниет бiлдiрген азаматтардың құжаттарын қабылдау;
3) мемлекеттік органның конкурс комиссиясын немесе бірыңғай конкурс комиссиясын құру;
4) конкурсқа қатысушылар құжаттарының «Б» корпусы мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарына белгiленген бiлiктiлiк талаптарына сәйкестiгiн қарау;
5) кандидаттармен мемлекеттік органның конкурс комиссиясы өткiзетiн әңгiмелесу;
6) мемлекеттік органның конкурс комиссиясының қорытындысы.
10. Азаматтар конкурсқа қатысу шығындарын (әңгімелесу өтетiн жерге келу және қайту, тұрғын жай жалдау, тұру, байланыс қызметiнiң барлық түрлерiн пайдалану) өздерiнiң жеке қаражаттары есебiнен жүргiзедi.
11. Конкурсқа Заңның 16-бабында көрсетілген талаптарға сәйкес келетін Қазақстан Республикасының азаматтары қатысады.
12. Конкурс туралы хабарландыру жарияланғаннан кейін мемлекеттік органға құжаттарды тапсырған Қазақстан Республикасының азаматтары конкурс қатысушылары болып табылады.
13. Конкурс комиссиясы шешімінің негізінде әңгімелесуге жіберілген конкурс қатысушылары бос лауазымға орналасуға кандидаттар (бұдан әрі – кандидаттар) болып табылады.
14. Конкурс комиссиясы конкурсқа қатысушылар берген құжаттарды қарап, кандидаттармен әңгiмелесу өткiзедi және бос лауазымдарға орналасуға кандидаттарға iрiктеудi жүзеге асырады.
3. Конкурс комиссиясын қалыптастыру
15. Конкурс комиссиясы осы Қағидалармен айқындалған тәртiппен тиiстi лауазымға тағайындауға құқығы бар тиiстi мемлекеттiк органның басшысымен, ал жауапты хатшы (аппарат басшысы) лауазымы енгізілген мемлекеттік органдарда, жауапты хатшымен (аппарат басшысымен) қалыптастырылады.
16. Осы Қағидалардың 15-тармағында көрсетілген тұлғаның шешімі бойынша конкурс комиссиясының төрағасы болып персоналды басқару қызметінің (кадр қызметі) басшысы, ал ол болмаған жағдайда – өзге тұлға тағайындалады.
17. Аудандарда, қалаларда, облыстарда тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің бюджетінен қаржыландырылатын атқарушы органдар үшін бірыңғай конкурс комиссиясын құруға жол беріледі. Жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын аудандық, қалалық, облыстық атқарушы органдардың бірыңғай конкурс комиссиясы осы атқарушы органдардың басшыларын тағайындауға құқығы бар тұлғаның шешімімен құрылады.
18. Орталық мемлекеттік органның аудандық аумақтық бөлімшелері үшін орталық мемлекеттік органның өңіраралық немесе облыстық аумақтық бөлімшелерінде бірыңғай конкурс комиссиясын құруға жол беріледі. Аудандық аумақтық бөлімшелердің бірыңғай конкурс комиссиясы орталық мемлекеттік органның өңіраралық немесе облыстық аумақтық бөлімшесі басшысының шешімімен немесе жоғары тұрған органның шешімімен құрылады.
19. Конкурс комиссиясы кемінде бес мүшеден тұрады, оның үштен бір бөлігі түрлі құрылымдық бөлімшелердің өкілдерінен, оның ішінде төрағадан тұруы тиіс.
20. Конкурс комиссиясының құрамына персоналды басқару қызметінің (кадр қызметінің) қызметкерлері не персоналды басқару қызметінің (кадр қызметінің) міндетін атқару жүктелген тұлғалар, орналасуға конкурс өткізілетін бос лауазымдары бар құрылымдық бөлімшелердің қызметкерлері енгізіледі.
21. Бірыңғай конкурс комиссиясының құрамына орналасуға конкурс өткізілетін бос лауазымдары бар мемлекеттік органдардың не мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелерінің басшылары енгізіледі.
22. Конкурс комиссиясының құрамына мемлекеттік органның басшысы және басшы орынбасары болып табылатын мемлекеттік саяси қызметші кіре алмайды.
23. Конкурс комиссиясының құрамына конкурс қатысушысы кірмейді.
24. Конкурс комиссиясының хатшысы оның жұмысын ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді жүзеге асырады және дауыс беруге қатыспайды.
25. Конкурс комиссиясының қатыспаған мүшелерін алмастыруға жол берілмейді.
26. Конкурстық комиссияның құрамын өзгерту осы Қағидалардың
15-тармағында көрсетілген тұлғаның шешімі бойынша жүзеге асырылады.
27. Конкурс комиссиясы әрбір жарияланған бос лауазым үшін сол бір лауазымға үміткер кандидаттарға тең көлемде қойылатын сұрақтар тізбесін қалыптастырады.
28. Конкурс комиссиясы осы Қағидалардың 60 және 101-тармақтарында көзделген жағдайларда әр бос лауазымға эссе тақырыптарының тізбесін бекітеді.
29. Конкурс комиссиясы жұмысының ашықтылығы мен объективтілігін қамтамасыз ету үшін оның отырысына байқаушылар шақырылады.
30. Конкурс комиссиясының отырысына байқаушылар ретінде Қазақстан Республикасы Парламентінің және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының, Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіпте аккредиттелген бұқаралық ақпарат құралдарының, басқа мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің (үкіметтік емес ұйымдардың), коммерциялық ұйымдардың және саяси партиялардың өкілдері, уәкілетті органның қызметкерлері қатыса алады.
31. Байқаушылар әңгімелесу процесінде кандидаттарға сұрақтар қоймайды. Байқаушыларға конкурс комиссиясының жұмысына кедергі келтіретін іс-әрекеттер жасауға, кандидаттардың жеке басы деректеріне қатысты мәліметтерді жариялауға, кандидаттар қатысатын конкурс рәсімдерінде олардың техникалық жазба құралдарын қолдануға жол берілмейді.
32. Байқаушы ретінде конкурс комиссиясының отырысына қатысу үшін тұлғалар әңгімелесу басталғанға дейін бір жұмыс күнінен кешіктірмей персоналды басқару қызметіне (кадр қызметіне) тіркеледі. Тіркелу үшін тұлғалар персоналды басқару қызметіне (кадр қызметіне) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін, осы Қағидалардың 30-тармағында көрсетілген ұйымдарға тиесілілігін растайтын құжаттардың түпнұсқасын немесе көшірмелерін ұсынады.
33. Конкурс комиссиясының хатшысы байқаушыларды әңгімелесу басталғанға дейін осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысандағы байқаушыларға арналған жадынамамен таныстырады.
24. Байқаушылар конкурс комиссиясы отырыстарының хаттамаларымен танысады және тиісті мемлекеттік органның басшылығына және уәкілетті органға конкурс комиссиясының жұмысы туралы өздерінің пікірлерін жазбаша түрде бере алады.
35. Осы Қағидалардың 15-тармағында көрсетілген тұлғаның келісімі бойынша конкурс комиссиясының отырысына сарапшылар шақырылады. Сарапшы ретінде конкурс жариялаған мемлекеттік органның қызметкері болып табылмайтын, бос лауазымның функционалдық бағыттарына сәйкес облыстарда жұмыс тәжірибесі бар тұлғалар, сондай-ақ персоналды іріктеу және жоғарылату бойынша мамандар, басқа мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілері, Қазақстан Республикасының Парламент және мәслихат депутаттары қатыса алады.
36. Сарапшылар әңгімелесуге қатысады, кандидаттарға сұрақ қояды, конкурс комиссиясының мүшелеріне кандидаттар туралы өз пікірлерін білдіреді. Конкурс комиссиясының қорытынды отырысына бұл тұлғалар қатыспайды.
37. Конкурс аяқталғанға дейін уәкілетті органдарға ақпарат беруді және Қазақстан Республикасы заңдарымен бекітілген басқа да жағдайларды қоспағанда мемлекеттік органның қызметкерлеріне конкурс комиссияларының құрамы, конкурсқа қатысушылар туралы және олардың жеке деректерін жариялауға жол берілмейді.
38. Уәкілетті органның және оның аумақтық бөлімшелерінің жолдамасы бойынша олардың қызметкерлерінің кандидаттармен әңгімелесуіне және конкурс комиссиясының қорытынды отырысына қатысуға жол беріледі.
4. Осы мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілері арасындағы ішкі конкурс
39. Заңның 29-бабы 1-тармағына сәйкес «Б» корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасу үшін мемлекеттік орган осы мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілері арасында ішкі конкурс (бұдан әрі – ішкі конкурс) өткізеді, оған оның ведомствосының, аумақтық бөлімшелерінің мемлекеттік қызметшілері,
сондай-ақ Заңда және «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 7 наурыздағы Заңында айқындалған өзге де адамдар қатысуға құқылы.
Персоналды басқарудың бірыңғай қызметі (кадр қызметі) немесе бірыңғай конкурстық комиссия құрылған жағдайда ішкі конкурс аталған қызмет немесе комиссия солар үшін құрылған мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілері арасында өткізіледі.
40. «Б» корпусының бос немесе уақытша бос болып табылатын төменгі мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасу үшін ішкі конкурс өткізілмейді.
1-параграф. Ішкі конкурс туралы хабарландыру
41. Ішкі конкурс өткізу кезінде хабарландыру конкурс жариялаған мемлекеттік органның және уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.
Персоналды басқарудың бірыңғай қызметі (кадр қызметі) құрылған жағдайда хабарландыру құрылымында тұратын мемлекеттік органның интернет-ресурсында жарияланады.
42. Конкурс өткізу туралы хабарландырулар жариялағаннан кейін Заңның 15-бабы 3-тармағы, 29-бабының 4-тармағында көзделген тәртіппен конкурстық рәсімдер аяқталғанша, азаматтарды жарияланған лауазымға тағайындауға жол берілмейді.
43. Конкурс өткiзу туралы хабарландыру мынадай мәлiметтерді қамтиды:
1) мекенжайы көрсетілген конкурс өткізетін мемлекеттiк органның атауы, почталық мекенжайлары, телефон және факс нөмiрлерi, электрондық почта мекенжайлары;
2) негiзгi функционалдық мiндеттерi, еңбек ақысының көлемi мен шарттары көрсетiлген бос лауазымдар;
3) мемлекеттiк органмен айқындалған бiлiктiлiк талаптарына сәйкес конкурсқа қатысушыға қойылатын негiзгi талаптар;
4) құжаттарды қабылдау мерзiмi (ішкі конкурс өткiзу туралы хабарландыру соңғы жарияланған күнінен бастап 5 жұмыс күні);
5) осы Қағидалардың 48-тармағында көрсетілген қажетті құжаттар тізбесі;
6) әңгiмелесу өткiзудiң мерзiмi мен орны;
7) конкурс комиссиясының отырысына байқаушылардың қатысуына қатысты ақпарат.
44. Егер конкурс «Б» корпусының уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына өткізілсе, бұл шарт конкурс өткізу туралы хабарландыруда көрсетіледі.
45. Хабарландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін қосымша ақпаратты қосуға рұқсат етіледі.
2-параграф. Ішкі конкурсқа қатысатын тұлғалардың
құжаттарын қабылдау
46. Ішкі конкурсқа қатысуға ниет білдірген азаматтар конкурс өткiзетiн мемлекеттiк органға құжаттарын қолма-қол тәртіпте, почта арқылы не хабарландыруда көрсетілген электрондық почта мекенжайына электронды түрде не «Е-gov» электронды Үкімет порталы арқылы құжаттарды қабылдау мерзімінде тапсырады тапсырады.
47. Конкурсқа қатысу үшін құжаттарды электронды түрде электрондық почта не «Е-gov» электронды Үкімет порталы арқылы берілген жағдайда азаматтар құжаттардың түпнұсқасын әңгімелесу басталғанға дейін бір сағат бұрын кешіктірілмей береді.
Оларды бермеген жағдайда тұлға конкурс комиссиясымен әңгімелесуден өтуге жіберілмейді.
48. Ішкі конкурсқа қатысу үшін мынадай құжаттар тапсырылады:
1) осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысандағы өтініш;
2) тиісті персоналды басқару қызметімен расталған қызметтік тізім.
Құжаттардың толық емес пакетін ұсыну конкурс комиссиясының оларды қараудан бас тартуы үшін негіз болып табылады.
49. Азаматтар бiлiмiне, жұмыс тәжiрибесiне, кәсiби деңгейіне және беделіне қатысты (бiлiктiлiгiн арттыру, ғылыми дәрежелер мен атақтар берiлуi туралы құжаттардың көшiрмелерi, мiнездемелер, ұсынымдар, ғылыми жарияланымдар және өзге де олардың кәсіби қызметін, біліктілігін сипаттайтын мәліметтер) қосымша ақпараттарды бере алады.
3-параграф. Ішкі конкурсқа қатысушылардың құжаттарын қарастыру
50. Құжаттарды қабылдау аяқталғаннан кейiн конкурс комиссиясы ішкі конкурсқа қатысушылардың құжаттарын қарауды жүзеге асырады.
51. Конкурс комиссиясы ұсынылған құжаттардың бiлiктiлiк талаптарына сәйкестiгiн қарайды.
52. Конкурс комиссиясы ұсынылған құжаттарды қарау қорытындысы бойынша құжаттарды қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін екі жұмыс күн ішінде олардың тиiстi «Б» корпусы мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарға қойылған бiлiктiлiк талаптарына сәйкестiгi мен конкурсқа қатысушыларды әңгімелесуге жiберу туралы шешiм қабылдайды..
53. Шешім хаттама түрiнде ресiмделеді және комиссияның төрағасы, мүшелерi мен хатшысы қол қояды.
54. Әңгімелесуге жіберілген кандидаттардың тізімі конкурс жариялаған мемлекеттік органның интернет-ресурсында және ғимаратында көпшілікке көрінетін жерлерде орналастырылады.
55. Әңгімелесуге жіберілген кандидаттар конкурс комиссия шешім қабылдаған күннен бастап бір жұмыс күн ішінде әңгімелесу өткізу күні туралы конкурс комиссиясының хатшысымен хабарландырылады. Хабарландыру қатысушылардың электрондық мекенжайларына және ұялы телефондарына ақпарат жіберу жолымен жүзеге асырылады.
56. Рұқсат алмаған конкурс қатысушылары конкурс комиссиясы шешім қабылдағаннан кейін бір жұмыс күн ішінде бұл туралы конкурс комиссиясының хатшысымен хабарландырылады.
4-параграф. Ішкі конкурсқа қатысатын кандидаттармен әңгімелесу
57. Әңгiмелесудің мақсаты кандидаттардың кәсiби және жеке қасиеттерiн бағалау болып табылады.
58. Ішкі конкурсқа қатысатын және әңгімелесуге жіберілген кандидаттар оны кандидаттарды әңгімелесу жіберу туралы хабардар ету күнінен бастап бес жұмыс күн ішінде конкурс жариялаған мемлекеттік органдарда өтеді.
59. Кандидаттардың кәсiби және жеке қасиеттерiн бағалау кезiнде конкурс комиссиясы бiлiктiлiк талаптарына және тиiстi бос лауазымның лауазымдық нұсқаулығына сүйенедi.
Әрбiр кандидатпен әңгімелесу барысы жеке түрдегі хаттамамен ресiмделедi не техникалық жазба құралдары көмегімен белгіленеді.
Кандидатпен әңгімелесу хаттамасына конкурс комиссиясының төрағасы, мүшелері, кандидат, сондай-ақ хаттамалауды жүзеге асырушы хатшы қолдарын қояды.
Конкурс комиссиясының техникалық жазба құралдарын қолданылғаны туралы конкурс комиссиясының қорытынды отырыс хаттамасында белгі жасалады.
Әңгімелесу кезінде егер конкурс комиссиясы отырысының өтуіне кедергі келтірмеген жағдайда техникалық жазба құралдарын қолдануға рұқсат беріледі.
Әңгімелесу барысында техникалық жазба құралдарының көмегімен белгіленген материалдар конкурс аяқталған сәттен үш айдан кем емес мерзім бойы персоналды басқару қызметінде (кадр қызметінде) сақталады.
60. Әңгімелесу өткізу кезінде кандидаттардың конкурс комиссиясымен айқындалған тақырыпқа эссе жазуларына жол беріледі.
5-параграф. Конкурс комиссиясының қорытынды отырысы
61. Әңгімелесу өткiзілгеннен кейiн екі жұмыс күнінен кешіктірілмей өткізілетін қорытынды отырыста конкурс комиссиясы кандидаттарды берген құжаттары, өткiзiлген әңгiмелесудiң нәтижелерi негiзiнде бағалайды және олардың қатарынан бос лауазымға орналастыру үшiн iрiктеудi жүзеге асырады.
62. Кандидаттарды бағалау нәтижелері осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысандағы бағалау парағына енгізіледі.
63. Конкурс комиссиясының шешiмi кандидат қатыстырылмай, ашық дауыс беру жолымен қабылданады.
64. Конкурс комиссиясының шешiмi егер отырысқа оның құрамының 2/3 кем емес бөлiгi қатысса, заңды деп есептеледi.
65. Комиссия құрамынан қатысушылардың көпшiлiгi дауыс берген жағдайда кандидат оң баға алады. Дауыстар тең болған жағдайда конкурс комиссиясы төрағасының дауысы шешушi болып табылады.
66. Талқылау барысы мен конкурс комиссиясының шешiмi конкурс комиссиясының төрағасы мен мүшелерi, сондай-ақ хаттама жасауды iске асыратын хатшының қолдары қойылған хаттама түрiнде ресiмделедi.
67. Конкурс комиссиясы әңгiмелесуден өткен кандидаттарға конкурс нәтижесi туралы, оның аяқталғанынан кейiн бес жұмыс күн iшiнде хабарлайды.
68. Конкурс комиссиясының шешімі мен конкурс комиссиясының оң қорытындысын алған кандидаттардың тізімі конкурс өткізілгеннен кейін бір жұмыс күн ішінде мемлекеттік органның ақпараттық қабырғаларында, баршаға көрінетін жерлерге, сондай-ақ оның интернет-ресурсына орналастырылады.
5. Барлық мемлекеттік органдардың мемлекеттік
Достарыңызбен бөлісу: |