сүйіспеншілік – адамды шығарм–қа жетелейтін, өмірді терең түсінуге жол ашатын, басқалардың терең ішкі сырын аша алатын моральдық саланың ең биік көрінісі. Тек сол арқылы ғана адами болмысқа жетуге болады. Керісінше жағдайда адам толыққанды өмір сүре алмайды... Көне грек ойшылы Эмпедокл алғашқы рет С. ұғымына ғарыштық мән беріп, оны жек көрушілікке қарсы қойды. Оның ойынша, алғашында Ғарыш С–тің негізінде сапа жағынан әлі бөлінбеген біртұтастықты құрайды. Содан кейін жаугершілік С–ті ысырып біртектілікті бір–біріне қосып, әртектілікті бір–бірінен ажыратады. Келесі сатыда сүйіспеншілік қайта оралып, әртектіні бір–бірімен қосып біртектілерді бір–бірінен ажыратады. Соның арқасында тіршілік дүниеге келеді екен. Эмпедоклдың ойларының түйіні мынада: Дүние қайшылықтан жаратылған. Заттар мен құбылыстардың қарама–қарсы жақтары бір–бірінсіз өмір сүре алмайды, бір–бірін тартып, сонымен қатар, өз болмысын сақтау жолында – итереді (жаугершілік). Платон да өз еңбектерінде С. мәселесіне көңіл бөледі. Ол философиялық деңгейде грек мифологиясындағы Эротты (жыныстық С.) талдайды. Оның ойынша, Эроттың екі түрі бар: біреуі – жердегі, сезімдік құмарту болса, екіншісі – аспандағы идеалды құмарту, ой арқылы ғана жетуге болатын түрі. Эрот – байлықтың құдайы Порос пен кедейліктің құдайы – Пенидің баласы. Сондықтан, ол қайшылықты. Ол үнемі төменнен жоғары қарай және әсемдікке ұмтылады. Адамдардың ең үлкен арманы – өлместікке жету болса, Эрот шығарм. шабытын тудырып, С. арқылы жаңа ұрпақтарды дүниеге әкеледі, ал оның өзі адамға берілген мәңгілік пен өлместіктің бөлігі емес пе? Әсемдікке ұмтылудың екінші – ең биік жағы – Эрот жер мен аспандағы идеалды дүние арасындағы дәнекер. Ал нағыз әсемдік аспан әлемінде жатыр. Олай болса, платондық С. – ол Әсемдік, Ізгілік және Ақиқатқа деген құмарту. Өйткені, олар таза, мөлдір, материалдық қоспасы жоқ, құдіретті және біркелкі.
Жоғарыда айтылғанды қорыта келе, С. деп адам мен адамды бір–біріне тартатын, қосатын, оларды әсемдік пен ізгілікке, шындыққа ұмтылдыратын, бүкіл адамзатты біріктіретін рухтың ең биік көріністерін айтсақ та болғаны. Ал оның қайнар көзі – Ғарыштың өз ішіндегі тартылыс күштерінде болса керек, сондықтан, көне заман ойшылдарының “Ғарыштық С.” туралы интуициялары философия тарихында оқтын–оқтын қайталануда.
С–тің ғажап түрі – жер бетіндегі барлық халықтардың мыңдаған жылдардағы жинаған ән–күйі мен дастандарының арқауына айналған махаббат сезімі. Қозы–Көрпеш пен Баян–Сұлу, Төлеген мен Қыз–Жібектің бір–біріне деген жалынды махаббаты Ромео мен Джульетта, Лейла мен Мәжнүннің тағдыры сияқты аянышты трагедиямен аяқталды. Әрине, махаббат сезімінің негізінде ғашықтардың бір–біріне деген сүйіспеншілігі жатыр. Ғашықтардың тілеуі бір–біріне қосылуының негізінде Дүниеге жаңа өмір келеді емес пе? Сонымен қатар, махаббатты толығынан жыныстық құмартуға теңесек, онда адамның басқа жануарлардан айырмашылығы неде? – деген сұрақ тумай қоймайды. Австрия ғалымы В.Франкл қазіргі батыс қоғамында кеңінен тараған көзқарас – махаббатты тәндік–сезімдік ләззәт алуға теңеу – қаншалықты жастарды жалған жолға түсіріп бақытсыздыққа әкелгені жөнінде айтады. Егер де адамның жүрегінде терең махаббат сезімі болмай, тек жыныстық ләззәтқа ғана ұмтылып, соны ғана ойласа, ол біріншіден, “Дон–Жуандыққа” әкеліп, екіншіден, сол тұрпайы мақсаттың өзін жетілдіре алмайды. Шындығында, адамның махаббат сезімі оның бүкіл жан–дүниесіндегі рухани күш–қуатпен безендіріліп толысады, неше–түрлі қиялдарды тудырып, шығармашылық шабыт әкеледі. Шын сүйген адам бүкіл дүниені ізгілік жолымен өзгерткісі келеді, дүниедегі сан–алуан құбылыстардың ғажаптығын, әсемдігін жете түсінеді, өзінің және сүйіктсіінің бойындағы бұрын ашылмаған жаңа қасиеттерді тауып, раушан гүлі сияқты ашылады, қуанышқа толы өмір тудырады. Нағыз өмірде болу дегеніміз – шын жүрегіңмен сүю, махаббатың отында лаулап жану
–Өзінің аса тереңдігі және риясыздығымен көрінетін С–тің түрі – әке–шеше мен балалардың бір–біріне деген сезімі. Әсіресе, ана махаббатын асыра бағалау мүмкін емес. Ана өз балаларын,– олар қандай да болмасын,– барлық жан–тәнімен сүйеді, өйткені, олар оның ішінен шықты. Ана әрқашанда өз балаларын қорғайды, оларды кешіре біледі. Әкенің балаға деген махаббатына келер болсақ, ол ана сезіміне қарағанда – өзгеше. Әке балаларын өзіне теңеп, өзіне ұқсас болғанын қалайды, олардың алдына үлкен талаптар қойып, олардың өмірде іске асуын армандап, тілейді. Әке баларын әрқашанда өз ырқына көндіргісі келеді. Ана баланың алдына қойылған талаптар орындалмаса да, оны шүбәсіз сүйеді, оның жалғыз ғана талабы – баласы бұл өмірде аман–есен болса екен дейді.
Адам қоғами пенде болғаннан кейін, әрине, жалғыз ғана әке–шешесі емес, сонымен қатар, басқа да туыс, жолдас–жора, көрші–көлемнің ықпалына түсіп, жақынды сүю сезіміне шомылады. Жақынды сүю дегеніміз – бізді қоршаған адамдарды өзімізбен тең құқықты ретінде қарау, оларға қамқорлық көрсету, өз жауапкершілігіңді сезіну, сыйлап, түсіністік дәрежесіне көтерілу, олардың өмірдегі жетістіктері мен қайғы–қасіретіне бірдей ортақ болу т.с.с.
Жақынды сүю адамды оның білімі мен мәдениеті өскен сайын өз халқын, оның аянышты да батырлық тарихын, мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан әдет–ғұрыптарын, тілін, көркем сөзі мен өрнектерін, ғажап әуендерін т.с.с. сүюге итермелейді. Өз халқын сүйген адам, әрине, сол халықты тудырған жағалай ортаны – табиғатты да сүйеді. Қазақ жері – жылы теңіздер аймалап жатқан Италия, я болмаса Грекия емес. Біздің табиғатымыз қатал, ұлы өзендер елімізді қақ жарып ағып жатқан жоқ, теңіз бен мұхиттан да, өкінішке орай, алшақпыз. Десек те, басқа бір жұмақ жерге қазақ деген халық өз мекенін ауыстырмайды. Өйткені, осы топырақта ол жаратылды, бұл жерге оның кіндік қаны тамды, сансыз бұл өмірден озған бабалар осы жерді соңғы қаны тамғанша қорғай білді.
Енді міне, жоғарыда көрсетілген осы екі С. “Отан” деген терең ұғымды тудырады. Отанды сүю дегеніміз – туған жер мен сол елді мекендеген халыққа деген С. болып табылады. Осы екі сезім бір–біріне қосылып оны күшейте түседі. Отаншылдық (патриотизм) – өте күрделі сезім, соның арқасында адам өзін үлкен біртұтас елдің ажырамас бір бөлшегі ретінде сезінеді. Олай болса, ол оның жетістіктері мен қателіктеріне – бәріне де ортақ. Отанды сүю дегеніміз – елге жақсылық тілеп қана қоймай, өз үлесіңді белсенді түрде мейлінше соның гүлденуіне қосу. Отанды сүю дегеніміз – тек қана өз ұлтыңды ғана емес, сонымен қатар осы елде тұрып жатқан басқа диаспора өкілдерін сүю, оларды жаттатпау болып табылады. Өйткені, олар да біздің мемлекетіміздің гүлденуіне ат салысып, бізбен бірге өз тағдырын бөлісуде. Қазақ халқы осы мемлекеттің негізін құрағаннан кейін бұл мәселеге аса жауапты түрде қарауы керек. Сонымен қатар, Отанды сүюге “жақсымызды асырып, жаманымызды жасырайық” – деген ұран жараспайды. Отанын шын сүйетін адам елдің кемшіліктеріне қамығып, оларды әшкерелей біледі. Өкінішке орай, бүінгі таңдағы ұлттық өзіндік сын ұлы Абайдың заманындағы сыннан әлдеқайда төмен дәрежеде тұрғаны көпшілікке мәлім. Орынсыз қопыйып, өз–өзімізді мақтай бергенімізден еш нәрсе шықпайды. Өркөкіректік, тайыздық, асыра сілтеушілік, шыдамсыз Отансүйгіштік те жақсылыққа әкелмейді. Мұндай қасиеттегі адамдарға қиын–қыстау заманда толығынан сену де қиын шаруа. Нағыз Отанын сүйетін адамдар көп жағдайда оны үнсіз сүйеді. Отанын сүйетін адам өз елінің аянышты тарихын да жақсы біліп өз жүрегінен өткізіп, тарихтағы болған оқиғаларды өз өмірінде болған сияқты дәрежеде сезінеді. Сонда ғана ол халықтың болашағына ұқыпты қарап, оның қойнауында болып жатқан, бір қарағанда байқалмайтын, үрдістерді аша алады.
«СЫМБАТ» – сән өнерінің орталығы1947 жылы тігін лабораториясынан бастап,құрылып,Қазақстанның сәні туылды, бүгінгі күні ол «С.» Сән Академиясына өсіп отыр. 1947 жылдан бастап prêt–â–porter өніміне еліміздің әр екінші тұрғыны ие болды. Жылына екі рет сән театры жаңа үлкен орасан зор Haute Couture и prêt–â–porter халықаралық сән Апталығында топтамаларын көрермендерге ұсынды. 60 жыл ішінде 150000 эксклюзивті модельдері подиумдарда көрсетіліп өтті.
Қазақстанның тарихында «С.» бірінші болып Қазақстан сәнін 1972 жылы шет елдерде, содан 2003 жылы кәсіби fashion – Мәскеудегі сән Апталығына (Moscow fashion week), Ресейден басқа да жиі Дубайдағы (DIFW) сән Апталығында, 2007 жылы алғаш рет Вашингтондағы (DC Fashion week) сән Апталығын және сән Сібір Апталығына (SFW) қатысты. Жыл сайын Қазақстанда 20 жеке көріністер, және шамамен шетелде 10 көріністер көрсетіліп тұрады. 1972 жылдан бастап 40–тан аса халықаралық көрсетілімдер фестивальдарда және 30–дан аса сән байқауларына қатысты.
«С.» сән Академиясы өзінің шығармашылық қызметінің 60 жылдығы қарсаңында «CREATIVE WORLD» атты Халықаралық Дизайнерлер байқауын ұйымдастырды. Байқауға Қазақстаннан, Ресейден, Қырғызстаннан және Өзбекстаннан 135 дизайнер қатысты. Авторитеттік қазылар алқасын В.М.Зайцев – өнер докторы, профессор, Ресей суретшілер Академиясының корроспендент–мүшесі, РФ халық суретшісі, РФ Мемлекеттік сыйлығының лауреаты басқарды. Байқауға Қазақстаннан, Ресейден, Қырғызстаннан және Өзбекстаннан 135 дизайнерлер қатысты. «С.» өзінің жаңа топтамаларын: Балнұр Асанованың имидждік топтамасы және Алла Петровна Птицынаның ұлттық киімдер топтамасын көрсетті.
ТАБУ (полинезиялық тайпалар тілінен аударғанда “тыйым салу”) — алғашқы қауымдық құрылыс мәдениетімен тығыз байланысты діни негіздегі үзілді–кесілді тыйым салуды талап ететін ұғым. Терминді алғаш рет ағылшын жиһанкезі Кук енгізген болатын. Т–да екі ұғым — киелілік пен тыйым салынғандық, қасиеттілік пен қорқыныш тоғысады. Т. белгілі бір тұлғаларға да, белгілі бір қоғамдық ұжымдарға да қатынасты қолданылады. Т. туралы терең теориялық ізденістер аз болғандықтан оның қолданыс аясы анықтала қойған жоқ. Дегенмен де Т–ды діни–моральдық тыйым салу түрлерінен ажырата білген дұрыс, өйткені аталған соңғылары адамзат мәдениетінде кейінірек пайда болған күрделі құрылымды ұғымдар. Фрейзер дін мен сиқырды (магияны) бір–біріне қарама қарсы қойып, Т–ды магияның теріс пішіні ретінде түсіндіреді. Т. туралы психоталдаудан көп мәлімет жинақтауға болады. З. Фрейд өзінің “Тотем және табу” атты еңбегінде Т–дан көсемге деген екіұшты (амбивалентті) қатынасты: бір жағынан, көсемді қастерлеп, табынуды, екінші жағынан, іштей қызғану, жек көруді, бейсаналы түрде ұнатпауды байқаймыз дейді. Әлеуметтік антропология тұрғысынан (Малиновский, Радклифф–Браун және т.б.) Т–ды әлеуметтік бақылау мен қадағалау рөлін атқаратын құрал деп қарастырады. Т. қасиеттілік туралы түсінік қалыптасқан барлық мәдениеттерде кездеседі. Әр мәдениеттің өзіне сай заттарға, іс–әрекеттерге немесе сөздерді айтуға салынатын тыйым түрлері бар. Т–ды бұзған адам қатты жазаланатын болғандықтан оны еш нәрсеге, еш жағдайға қарамай орындауға тырысатын болған. Қазақ мәдениетіндегі кездесетін ата–ене, қайынаға, қайын, қайын сіңлілердің атын атамау, отты, ошақты аттамау, белгілі киелі жануар түрлерін қорғау т.б. Т–лар қазақ халқының көне тотемистік, анимистік көзқарастарынан сыр тартады. Қазақ мәдениетіндегі тыйым салу жан–жоралғылары туралы Ш. Уәлихановтың шығармаларынан көп мағлұмат алынады.
Әдебиет: Мәдени–философиялық энциклопедия / Құраст. Т. Ғабитов, А. Құлсариева, Ә. Әлімжанова ж.т.б.. Алматы, 2007.
ТАЛИОН (лат. talіo – кек қайтару, өш алу) — қандас туыстар арасындағы қарым–қатынасты реттеуші алғашқы қауымдық қоғамда қалыптасқан салт–дәстүр. Ол салт–дәстүр бойынша туыстар жасалған қиянат үшін пара–пар кек қайтаруы керек. “Қанға – қан, жанға – жан” формуласы Т–ның мазмұнын білдіретін ең танымал формула. Кейінірек, алғашқы таптық қоғамдарда Т. жасалған қылмысқа сайма–сай жаза кесуді талап ететін қылмыстық жауапкершілік принципіне ауысты. Т. – адамзаттың ақыл ойының ақиқат, әділеттілік туралы алғашқы қарапайым түсінігінің пайда болғандығының көрінісі. Т. алғашқы қауымдық қоғамда қанды кек қайтаруды ғана көздемей, сонымен қатар адамдар қарым–қатынасына қатал шек бола білді. Өйткені, Т. пайда болмай тұрған кездерде жөн–жөнсіз кек қайтару орын алған болса, Т. арқылы алынатын кектің шамасы нақтыланды. Т–ның негізінде алғашқы қауымдық қоғамдағы адам санасына және дүниетанымына қатысты “біздер” және “басқалар”, “өзіміздікі” және “өзгелердікі”, “жақын, бауырлас” және “бөтен” түсінігі жатыр. Т. бір мезгілде адамдарды бөліп те, біріктіріп те отырған, себебі ол бір рудан тарағандарды басқа ата балаларынан өзгешелеп отырған, сонымен қатар бір атаның ұландарының басын ортақ жауға қарсылық тұрғысынан біріктірген. Т. орындау, жүзеге асырудың өзі қасиетті рәсім ретінде қарастырылғандықтан оған атаның еркек кіндіктері, әсіресе соның ішінде жапа шеккен жанның ең жақын туыстары қатысатын болған. Т. – алғашқы қауымдық қоғамда бой көрсеткен адамгершіліктің өзіндік ерекшелікті түрі. Т. көне салт–дәстүр қалдығы ретінде көптеген халықтарда әлі күнге шейін кездеседі. Мыс., тау халықтарының қанды кек қайтару принципінен қол үзбегендігін ешкім жоққа шығармайды. Жалпы Т. дүниежүзінің бүкіл халықтарының ертедегі даму сатысында кездескен. Қазақ халқының өмір салтында “барымта” сынды Т–ның түр көрінісі болған.
Әдебиет: Мәдени–философиялық энциклопедия / Құраст. Т. Ғабитов, А. Құлсариева, Ә. Әлімжанова ж.т.б.. Алматы, 2007.
ТАҢБА — өзге заттың орнын анықтаушы, әйгілеуші, белгілі бір хабарды сақтау, қайта өңдеу және жеткізу үшін қолданылатын белгі. Егер таңбаның өзі денотат қызметін атқарса, оны қоршайтын мағыналық кеңістігі коннотат деп аталады. Т. ұғымының пайымдалуы философия, логика, лингвистика, психологияда маңызды орын алады. Т. ұғымының танымдық қасиетін таразылауға антикалық философтар көп зейін бөлген (Платон, Аристотель, стоиктер), бұл мәселемен ХVІІ–ХVІІІ ғ. философтары да айналысқан. ХІХ–ХХ ғ. Т. туралы арнайы ғылым – семиотика пайда болды (Пирс, Моррис, Соссюр, қазіргі структуралистер). Таңба табиғатын зерделеу барысында Т. пайдаланатын ерекше әлеуметтік жағдайларды анықтау өте маңызды. Ондай жағдайлар тіл мен ойдың даму барысына тығыз байланысты. Стоиктердің ілімі бойынша, Т–лардың мағынасы олардың құрылымының екіжақтылығынан көрінеді, яғни, тура қабылданатын, мағынаға ие құбылыстардың біртұтастығынан байқалады. Осы байланыстың түрлі нұсқасынан түрлі анықтамалар туындайды. 1867 ж. Ч. Пирс Т–ны үш түрге бөлген – индекстік, иконикалық, символикалық. Бұл анықтама екі қарсы бөлінуге негізделеді – нұсқаулық пен ұқсастықтың және дәйектілік пен шарттылықтың қарама қарсылығына. Индекстік (нұсқаулық) қатынаста таңбалаушы мен таңбаланушының арасында нұсқалау байланысы болуға тиіс. Иконикалық қатынаста белгілі қажетке байланысты қарапайым ұқсастық басым. Символикалық Т–да таңбалаушы мен таңбаланушы ешбір нақты байланыссыз бір біріне теліне береді. Қоғамдағы байланыс құралы ретіндегі тілдер құрамына кіретін Т–ларды қатынас Т–лары деп атайды. Соңғылар жасанды және табиғи Т–лар жүйелеріне бөлінеді. Т–лар ілімінің жасалуы үшін математикалық логика мен метаматематика аясында жүргізілетін Т–лар жүйелерінің зерттелуі өте маңызды. Осының бәріне қарамастан Т–ның қордалы концепциясын жасау мәселесі әлі шешілген жоқ.
Әдебиет: Мәдени–философиялық энциклопедия / Құраст. Т. Ғабитов, А. Құлсариева, Ә. Әлімжанова ж.т.б.. Алматы, 2007.
ТАСМОЛА МӘДЕНИЕТІ – ерте темір дәуіріндегі Орт. Қазақстанды мекендеген тайпалардын мәдениеті. Тасмола қойнауының атына сәйкес аталды. Оны ерекше бөліп алуға тастар тізбегі бар – "мұртты обалар" деп аталатын ерекше үлгідегі ескерткіштер себеп болды. Обалардағы материалдар бойынша Т. м. тайпаларының үш даму кезеңі шартты түрде бөлінген. Бірінші кезең б.з.б. VII–VI ғ–ларды қамтиды. Бұл кезең туралы Тасмола 1–5, Қарамұрын–1, Нұрманбет–4 қорымдары едәуір толық мәліметтер береді. Екібастұздан Солт.–Батысқа қарай, далалық Шідерті өзенінің оң жағасындағы әр түрлі кезде жерленген Тасмола–1 кұрылыстар тобы (19–оба) жатады. Зерттелген бір қабірде әйел жерленген. Оның қасынан жерге төселген қамыс үстінде қола айна, темір пышақ және қайрақ тас және малдардың әр түрлі сүйектері табылды. Қарамұрын қорымынан б.з.б. VII–VI ғ–ларға жататын жебелердін жиынтығы жиналды. Обаға жерленген жауынгерлер мәйіттері мен қанатты ұңғылы және үш қалақты келте қола ұшы бар 46 жебе салынған, жылқы терісінен жасалған қорамсақ көмілген. Нұрмамбет–4 қойнауындағы жауынгерлер жерленген бейіттер де тасмолалық ескерткіштерге тән. Бұл жерден бір бума жебе, мүсінді сабы бар қоладан жасалған ауыр ақинақ–қанжар мен сабы сақиналы пышак ілінген, металдан жасалған құрастырмалы шомбал белдік табылды. Тасмола мәдениетінің алғашқы кезеңінін обаларынан табылған заттар жиынтығы тұрақты болып келеді; ұңғылы, қос қанатты және үш қалақты жебе ұштары, сабының жоғ. ұшы кесек немесе саңырауқұлак тәріздес қаптамасы бар акинақ–қанжарлардың айрықша түрі тек осы кезеңге ғана тән. Сондай–ақ, жолбарыстың алтыннан соғылған мүсіндері, қос доңғалақты арбаны безендіріп тұрған таутекелердің қола мүсіндері, қола айнаға бедерлеп салынған қабан мен бұланның мүсіндері, бұратылып жаткан қабандар түріндегі сүйектен және мүйізден жасалған тоғалар да Т. м–не тән ескерткіштер. Жерлеу ғұрыптарындағы осынша алақұлалық пен карама–қарсылық көрініс б.з.б. 1–мыңжылдықтың соңғы ғасырларында аймақта орын алған күрделі саяси жағдайды бейнелейді.
Әдебиет: Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық / Бас сарапшы Әшірбек Сығай. – Алматы: Аруна Ltd, 2005. – 656 б.
ТАТАРЛАР –түрік тілдес халық. орта Жайық пен Еділ татарлары, Астрахань, Сібір, Қырым, Литва және т. б. татарлары қалыптасуы мен дамуы әртүрлі тарихи жағдайларда болған. Т. тілі түрік тобындағы Алтай тілдеріне енеді. Қазіргі Т. тілі алтай тобы құрамындағы түркі тілдерінің куман тобының қыпшақ топшасына жатады. Еділ бойы Т–дың тілі түрлі түрік компоненттері нығаюының нәтижесінде қалыптасты және ежелгі түркі тілінің мұрагері болып табылады. Сонымен бірге оған, угрофиндік, славян, араб және парсы тілдерінің тигізген әсерін де мойындау керек. «Түркі» әдеби тілі негізінде XV ғ. қазандықтар, астрахандықтар, приокск қыпшақтары (мишарлар), башқұрттар, сібір татарлар, қазақтар мен қырғыздар қарым–қатынас құралы болған ежелгі Т–дың әдеби тілі қалыптасты. XII ғ. халықтық сөйлеу тілі мен ежелгі Т. әдеби тілінің байлығын игерген қазіргі Т. тілінің қалыптасуы жүрді. Ислам дінін жаппай қабылдағаннан бастап араб графикасына өтіп, ХХ ғ. ол латын, кейін кириллицаға ауыстырылды.
Діни сенімдері – ислам, сунит ағымы. Т–дың аз бөлігі правословиелік бағыттағы христиан дінін ұстанады. Қазіргі татарларды антропологтар моңғол нәсілінің аз белгілері (14%–ға дейін) бар жерорта теңізі нәсіліне жатқызады. Т. этнонимі Байкал көлінен Оңтүстік–Шығысқа қарай қоныстанған тайпалар арасында VI–IX ғғ. пайда болды. Бұл атау – XIII–XIV ғғ. Алтын Орданың кейбір халықтарына таралды. XVI–XIX ғғ. Ресейдің шеткі аймақтарында өмір сүрген көптеген түркі тілді халықтарды Т. деп атаған. Олардың кейбіреулері үшін Т. атауы өзіндік атау (өзінше атауы) болып қалды.
Дәстүрлі кәсіптері — жер өңдеу және мал шаруашылығы. Ежелден қолөнердің алуан түрі: сүйектен ойып бұйымдар жасау, металлургиялық өндіріс, мыс өңдеу, құмыра жасау, зергерлік өнер дамыды. Асыл металдардан, оларға көгілдір ақық, сердолик, топаз және інжу–маржан сияқты қымбат тастарды т.б орнатып зергерлік әшекейлер жасаған. Бұлғар–татарлардың шеберлері чеканка мен оймалауды, құю және қарайту, сонымен қатар күрделілік жағынан түрлі таспаны пайдаланған. Көркемдік жағынан безендендірілген мерекелік теріден жасалған етіктер, сонымен қатар, күнделікті киетін өкшесі жоқ жұмсақ етіктер халық арасында үлкен сұранысқа ие болды.
Татардың дәстүрлі киімдері. Жағасында тігінен ойығы бар жейделер ерлердің күнделікті киімі болып табылады. Жейделердің етегі ұзын, қарттар мен балалардың жейдесінің ұзындығы тізеге дейін жететін болған. Жейделер ашық түсті: ақшыл–қызғылт, сұрғылт маталардан тіккен. Ерлердің шалбарлары кең адым жасауға арнап жасалған. Шалбарлар қарт ер адамдар үшін ерекше кең түрде жасалады. Шалбардың жоғарғы бөлігіне қысқа және тоқыма бау орнатылған. Жейденің сыртынан камзол киген, олардың астары бар және қара түсті материалдан тігіледі. Камзол белді толығымен қамтып, төмен жағы кең болып келеді. Түрлі бір түсті маталардан ерлердің ұзын сыртқы киімі жилэн (джилян) тігілген. Ол камзол немесе казакиннің сыртынан киіледі. Қара түсті майда матадан тігілген джилян чикмэн (чикмень) деп аталады. Чикменді қалың матадан қайырма жаға салып тігеді. Джилян мен чикмень түркілердің кең тараған киім түрі – шапанның татарлық нұсқасы болып табылады. Мақтадан жасалған ұзын казакин –бишметті қысқы тонға көшер алдында киетін болған. Бишметті тігуге сонымен қатар аң терісін қой түліктерілерін пайдаланған. Бұл киімдердің барлық түрлері белбеумен белденген. Белбеулер ұзындығы бес метрге дейін жететін түрлі түсті матадан тұрады, ұштары шашақпен безендендірілген.
Т. әйелдерінің кең тараған киімі – етек жағы ұзын көйлек. Көйлек шашақтармен, шілтермен, кестелермен өрнектеліп тігіледі. Көйлектің сыртынан камзол киген. Әйелдердің камзолы ерлердікінен түрлі кестелермен ерекшеленеді. Әйелдердің камзолының жағасына, өңірлеріне, етегіне әдетте ұзын түрлі түсті мата, позументпен, аң терісі тігіледі. Әйелдердің камзолы жеңсіз болады. Әйелдер сонымен қатар тондар, бишметтер, джилян киеді, олар ерлердікінен сәнділігімен ерекшеленеді.
Ерлердің бас киімі тақия болып табылады. Тақиялар барқыттан, ши барқыт, парша, жібек және т.б. маталардан тігіліп, әшекейленеді, әсіресе балалардың тақиясы. Тақияның сыртынан киізден жасалған жазғы шляпа, аң терісінен салынған жұрыны бар құлақшын, мұнара түрінде жасалған қысқа бас киім және т.б бас киімдер киіледі. Әйелдердің күнделікті бас киімі орамал болған. Қажеттілігіне қарай орамалдың сыртынан шәлі жамылған. Бұрын татар әйелдері тастар деп аталатын байлам тәрізді түрлі кестемен, нақыштар салынған жамылғы орамалды бас киім ретінде әйелдердің ерекше бас киімі калфак болып табылады. Ол конус тәрізді жабық басына шашақ бекітілген ұзын тік шұлық түрінде болуы мүмкін. Байламның сыртынан түрлі бөріктер киген. Бөріктің төбесі кестелермен, шілтерлі металл элменттерімен безендендіріледі, бөріктің сыртынан шәлі жамылады. Кең таралған аяқ киім түрі табаны жұмсақ шұлық ұқсайтын ичиги (читек) болып табылады. Ерлердің ичигиі қонышы тізеге жетеді, түрлі түсті қайырмасы болады, оларды юфти немесе сафьяннан тігеді. Т–дың дәстүрлі аяқ киім түріне туфли, етік, қысқа қоныш етік, сандал, пима және т.б атауға болады.
Татарлардың дәстүрлі тағамдары. Т–дың дәстүрлі ас үйінде ұн, жарма, картоп үлкен орын алады. Жылқы және қой етін басым пайдаланған. Жазғы уақытта қақталған және тұздалған ет, сонымен бірге құс етін әсіресе қаз етін дайындаған. Сүт өнімдері қосылған тағамдар ерекше орын алады. Қызанақ пен пияздан, саңырауқұлақтан, қымыздықтан, қалақайдан, бақбақ жапырағынан, жолжелкеннен, картоптан, сәбізден жасалған салаттар және т.б. қолданылады. Еттен, балықтан суық жеңіл тамақтар дайындаған. Жеңіл тамақ ретінде қуырылып, суытылған, қамыр қосылған ет, үйде жылқының немесе сиырдың етінен жасалатын шұжық түрі қазы, қарта дайындайды. Қақталған, тұздалған, сонымен қатар кептірілген қазы еті татарлардың сүйікті тағамы болып табылады. Кейбір жеңіл тағамдарды ыстық күйінде ұсынады. Мысалы, қалжа – бұл жеңіл қуырылып, кейін пісірілген ет орамасы. Сорпалар (ет, балық және т.б.) кеңінен мәлім. Кең таралған тағам кеспе көже (аш) болып табылады. Ет сорпасынан клецк қосылған көже (сал–ма), куллама–аш (клецк қосылып пісірілген ет).
Тағы да бір кеңінен таралған тағам – ол бәліш болып табылады. Қышқыл қамырдан бүктеменің бір түрі самса дайындалады. Тұзы жоқ қамырдан жасалған жұқа екі наннан кыстыбый, ет қосылған қабатталған бәліш – катлама, түшпара жасаған. Қамырдан түрлі қалаш, шелпек, тоқаш, бауырсақ, құймақ, жұқа құймақ және т.б. пісіреді. Қаймақты буландыру арқылы дайындалатын піскен қаймақ деп аталатын бірегей тағам жасаған.
Шайдан басқа түрлі компоттар, қою жидек және сүт киселдерін, сонымен қатар әр түрлі жеміс–жидектерден тәтті сусын – шербет дайындаған. Ашытылған жармадан боза деп аталатын тәтті сусын дайындаған. Кеңінен таралған әлсіз алкогольды сусын ачы бал деп аталған.
Ұлттық мейрамдар. Т–да ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан дәстүрлі мерекелер аз емес. Көптеген мерекелер халықтың өмірінен ұмытылып кетіп, кейбіреулері басқа халықтардан алынып, ұлттық ерекшеліктермен байытылған. Көптеген мерекелердің өзіндік белгіленген мерзімі бар. Ең алғашқы көктем мерекесі Наурыз. Шөп шабу, егін жинаудың басталуы мен аяқталуы көңілді мерекеге айналып отырған. Шамамен қыркүйек айының соңында Сембелэ («масақ», «дән») мерекесі тойланған. Бұрынғы уақытта татарларда дәстүрлі мереке жиын деген болған. Бұл мерекеде достар мен туыстардың кездесуі болған. Қазіргі уақытта бұл мереке сабантой деп аталатын басқа мерекемен ұштасып кеткен. Сабан тойда түрлі спорттық жарыстар: кір көтеру, бағанаға өрмелеу, су тасу, аяқты байлап қаппен секіру және т.б. өткізілген. Т–дың кейбір ғұрыптық мерекелері сақталып қалған. Оның ішіндегі «жаңбыр тілеу» жазда құрғақшылық болғанда өткізілген. Бұнда балалар жаңбыр тілеп ән айтып, бір–біріне су құйған.
Ғасырлар бойы Т. халқы ауызша халық шығармашылығы нұсқаларын ертегілерді, дастандарды, жаңылтпаштарды, мақалдар мен жұмбақтарды және т.б. жетілдіріп, оны қастерлеп, үнемі байытып отырған. Дастандардың көпшілігі ежелгі түркі эпостарының әр түрлі нұсқаларына ұқсас болып келеді. Халық батырлары туралы («Алпамша», «Кадыш Мэргэн» және т.б.), тарихи («Чура батыр», «Идегей»), махаббат сезіміне арналған дастандар бар. Осылардың ішінде «Юсуф пен Зулейха» дастаны ерекше орын алады. Дастандардың кейбір үзінділері жеке тарихи әндерге («Тұтқын Суюм–бикенің әні», «Қазан қайғысы» және т.б.) айналып келді.
Тарихтың деректері көрсеткеніндей, қазақ пен Т. халықтары бір–бірімен 400 жылдан бері араласып келеді. Қазақстанда XIX ғасырда тұратын Т–дың саны едәуір өсіп, 79758 адамға жеткен. 1999 жылғы халық санағы бойынша Қазақстанда 327982 т. тұрады.
Қазақстанда Т.–дың келуі патша үкіметінің қазақ өлкесін отарлауға кіріскен кезінен басталды. XVIII—XIX ғасырларда патша үкіметі қазақ даласына ислам дінін тарату саясатын жүргізді. Бұл ретте қазақтардың арасына молдалар Т–дың дін қызметкерлері қатарынан ғана жіберілді. Мұның өзі қазақтарды Орта Азиядағы діни орталықтардың ықпалынан оқшауландыру мақсатымен жасалды.
Қазақ хандары мен сұлтандарының басым көпшілігі өздерінің жеке хатшылары етіп Орынборға таяу жердегі Сейітов слободасынан шыққан сауатты т.–ды ұстады. Т. көпестер Ресей мен казақ даласы арасындағы сауда–саттықтың дамуына байланысты өздерінің белсенділігін күшейте түсті. Қазақтардың тілін, әдет–ғұрып және салт–санасын жақсы білгендіктен де Т. сауда–саттық саласында делдалдық рөл атқарды. Т. көпестерінің қазақ даласындағы ықпалы мен беделі бірте–бірте күшейе түсті. Т–дың ауқымды бір тобын Қазақстан аумағына Еділ бойы губернияларының помещиктері жер аудартып жіберді. Т. өлкенің ірі Петропавл, Семей, Орал, Көкшетау, Верный, Ақмола, Павлодар, Зайсан және Өскемен қалаларында тұрды. Олардың неғұрлым жиі орналасқан жерлерінде Т. слободкалары пайда болды.
Бұл халықтың өкілдері қазақ даласында жаңа әдіспен оқытатын жәдидтік мектептер ашудың бастамашылары болды. Қазақтар т. зиялылары шығарып тұрған газеттер мен журналдарды зор ықыласпен оқыды. Қазақтың алғашқы газеттері мен журналдарын көбінесе татар көпестері қаржыландырып тұрды. Кейінірек патша үкіметі исламның қазақ даласында күшейіп бара жатқанынан қауіптеніп, сауатты және іскер Т–дың қызметінен бас тарта бастады. 1897 жылы Қазақстанда тұратын Т–дың жалпы саны 56 мыңға дейін жетті. Мұның өзі Қазақстандағы бүкіл халықтың 1,3 пайызы еді. Т-дың 38 пайызы мещандар, 28 пайызы шаруалар, 10 пайызы қазақтар, 2 пайызы көпестер болды
Қазақстанда т. ұлттық–мәдени орталығы 1991 ж. 27 қаңтарында құрылды. Орталық Ассамблеяның басқаруымен «Наурыз», «Ұлттық мәдени орталықтар күні», «Тіл мейрамы» т.б. дәстүрлі мейрамдар өтіп тұрады. Тұрғындардың арасында ертеден келе жатқан көп ғасырлық тарихы бар «Сабантой» ерекше аталып өтіледі. Осы бұқаралық серуеннің бағдарламасына ән, би, татар халқының ойындары кеңінен енгізіледі.
ТӘУЕЛСІЗДІК МОНУМЕНТІ – сәулет және мүсін өнері ескерткіші. 1996 жылы Алматыдағы Республика алаңында Қазақстан тәуелсіздігінің бес жыл толуы құрметіне биік обелиск түрінде тұрғызылған бұл монументті құрылыстың авторлары: архитектор Ш. Уәлиханов (топ жетекшісі), мүсіншілері Н. Далбай, Ә. Жұмабаев сәулетшілері Қ. Жарылғапов, Қ. Монтақаев т.б. бас конструкторы С.П. Каламкаров. Т. м. сол жылы 16 желтоқсанда ашылды. Ескерткіштің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев пен Түркия Президенті С. Демирель қатысты. Қазақтың қолданбалы өнерінен тамыр тартқан Т. м–нің негізгі ортасында композициясы ұлттық өрнекпен көмкерілген текшелі діңгек тастан құралып, оның биіктігі 28 м–ге жетеді. Көк аспанға қарай шаншыла бой көтерген орталық діңгектің ұшар басы қауызы ашылмаған қызғалдақ тәрізді жұмырланып мүсінделген әрі оған Қазақстанның елтаңбасы ойылып түсірілген. Оның үстіңгі жағындағы қоладан құйылған қанатты барыстың үстінде оң қолында қыран құсы, сол қолында садағы, белінде қанжары мен асынып алған қорамсабындағы сауыт бұзар алтынға малынған жебелері бар дулығалы жас сарбаздың құрыштай мығым бітім–тұлғасы (биіктігі 6 м, ал салмағы 4 т) аса айбарлы кейіппен, Т. м–нің беріктігі мен ауқымдылығын айқын аңғартады. Т. м–нің екі қапталын айнала қазақ халқының тарихи өткен өмір белестерінен сыр шертетін шағын архитектор–мүсіндемелік бедерлі бейнелер, яғни сонау сақ дәуірінен тәуелсіздіктің жариялануына дейінгі тарихи кезеңдерді: Томирис заманынан бастап әл–Фараби, Қазақ хандығының құрылуы, Ақтабан шұбырынды – Алқакөл сұлама, жоңғар шапқыншылығына қарсы күрес, қазақ пен орыс халқы арасындағы байланыстар, ұлт–азаттық қозғалыстары, 2–дүниежүзілік соғыс, Желтоқсан көтерілісі мен Тәуелсіздіктің жариялануын көрсететін ұтымды шешім тапқан көрініс–суреттер орналасып әрі олар бір–бірімен жымдаса жалғасып, көркем жарасым тапқан. Діңгектің төрт жағында орналасқан төрт мүсіндік бейне де тәуелсіздік монументінің архитекторлық және мүсіндік шешімін дәл тапқандығымен ерекшеленеді. Дала данасы ақылгөй Абыз ата мен жүрегі мейірімге толы ақ жаулықты Жер–ана және олардың алдыңғы жағындағы құлыншаққа мінген бала мен қыздың бейнесі ескерткіштің сәулетті символикалық мазмұн–сипатын ашумен қатар, ұлттық рухы мен сыр–сымбатын айқындап асқақтата түседі. Ол ХХ ғасырдың соңына қарай ұлттық сәулет өнері тарихында өз орны бар мүсіндік және сәулетшілік ой шығармашылығы тоғыстығынан туған озық архитектура жәдігерлерінің біріне айналды.
ТӘҢІРІ (көнетүркі, мықты, ер, құдіретті) — көне түркілердің діни наным–сеніміндегі тұлғаланбаған, шексіздік күйі есебіндегі аспанмен теңдестірілгең басты құдай образы. Бұл сөзбен кәдімгі көк аспанды да атайтын болған. Көне түркілердің космогониялық түсінігін мына сөздерден байқаймыз: “Жоғарыда көк тәңірі, төменде Қара жер жаралғанда, олардың екі арасында кісі ұлы жаралған екен”. Бұдан біз жер мен аспанның тығыз байланыстылығын көреміз. Аспанды құдай деңгейіне көтеру одан қорқу емес, жаратылған әлемнен жаратушыны іздеу, бүкіл жаратылысты құдайдың құдіретінің көрініс табуы деп түсіну. Түркі жазуларында көшпенділердің барлық жеңістері Көк Т–мен байланыстырылған. Оның рақымымен елді басқарған қағандарға “Аспанда туған және Күнмен, Аймен безендірілген” деген атақ берілген. Түркілердің білген–көрген ең биік шыңы да тегіннен тегін Хан Т. деп аталмаса керек. Аспанды және оның шырақтарын қадірлеу белгілі бір заңды қажеттіліктен басқа аспанды құдай мекені деп танудан, руханият әлемі деп есептеуден туындап жатыр. Түркілердің Көкке де, Күнге де, Айға да, құтты мекендерге де тағзым еткені рас. Бірақ бұдан түркілердің монотеизмге (бірқұдайшылыққа) өресі жетпеді деген түсінік тумауы керек. Өйткені жекешеленбеген, тұлғаланбаған кейіпте болса да Т. орталық құдай, жалғыз жаратушы болып есептелінген.
Әдебиет: Мәдени–философиялық энциклопедия / Құраст. Т. Ғабитов, А. Құлсариева, Ә. Әлімжанова ж.т.б.. Алматы, 2007.
Тәубе – адамның ағат кеткен іс–қылығына өкініш білдіріп, келешекте оны болдырмауға үзілді–кесілді бел байлау, барға шүкіршілік ету, жаман әдет бойға сіңбей тұрғанда, тез оны қайталамау, жаманшылықтың орнығуына жол бермеу. Т. адамның өзін–өзі тәрбиелеудің бір жолы. Кімде–кім пендешілік жасап, теріс жолға түсіп қалса, дереу өзін–өзі жазғырып, адамшылық жолға түсуге бел байлап, бойын тез жинап алып, ар намысы алдында таза болуы жағын ойластыруы тиіс. Сонда ғана ол менің ожданым (ар–намысым) таза деп қысылып–қымтырылмай айта алады. Өзімен өзі және басқалармен үйлесімді қатынаста болу үшін адамға тәубешілдік қажет. Т–ге келу дегеніміз, адамның бұл дүниенің қыр–сырын түсініп, шектен шыққан нәпсіқұмарлықты тоқтатуға бағытталған әрекеті. Өз қатесін мойындай білу әркімнен батылдықты қажет етеді. Т–ге келу уайым философиясы емес. Мен кереметпін, тек бәріне сұм заман кінәлі деген позиция адамның әлсіздігін білдіреді. Қазақ мақалындағыдай “Жағам жаман болса, жеңім жақсы, өзім жаман болсам, ағам жақсы” деп отыра беруге де болмайды. Қазақы түсінік бойынша құдай Адам атаны балшықтан жаратып оған өзі жан берген. Адамның өмірдегі келеңсіз көріністерінің барлығы осы хаостық табиғи денеде ұяланады. Адам өз нәпсіқұмарлығын жеңіп, құдайлық рухани жоғарылылыққа жетуі қажет. Қазақтың дәстүрлі мәдениетінде нысап, несібе, Т. негізінен имандылық талаптарынан туатын кісілік құндылықтар ретінде қабылданған Ислам дінінің қазақ сахарасында нығаюына қатысты этикалық ұғымдардың діни мазмұны арта түсті. ХV–ХVI ғасырлардағы жырауларда кісілік құндылықтардың көшпелілік, тәңіршілдік түсіндірмелері мен суреттемелері басым болса, ХVIII ғасыр ақын–жырауларында “обал”, “сауап”, “Т.”, “несібе” сияқты мұсылмандық мағынадағы түсініктер жиі қолданыла бастады. Әрине, бұл ұғымдарда жалпы адамзаттық нормалар да көрініс тапты.
Тән.– адам жанының мекені. Қазақтың дәстүрлі мәдениетіндегі әдептік реттеудің маңызды бір ерекшелігін ондағы жан мен Т. үйлесімділігі деп атауға болады. Бұл Т. мен жан сұлулығы ұғымында айқын байқалады. “ Т–і сұлудың жаны да сұлу” деп түсінген халық үшін ұсқынсыздық бір бағытты болып келмейді. Халықтық дүниетанымда адамның Т–дік бастаулары ақталып шығады. Т. жеке даралық, өзімшілдік сипатта емес, керісінше, жалпы әлемдік, ғарыштық, халықтық тұрғыдан қарастырғанда толассыз жаңғыртулар мен өзгерістердің жетілу кепіліне айналады. Т. өмір мен өлімнің, әке мен аналық жасампаздықтың, өткіншілік пен мәңгіліктің рәмізіне айналады. Ең бастысы – Т. Бүкіл табиғаттың толассыз жаңғыртушылық қабілеттілігінің адамдандырылған бітіміне жатады. Ол молшылық, құттылық, дәулеттілік, шаттылық, көтеріңкілік, ләззат т.т. құндылықтарының отауы болып табылады. Ол – адам тіршілігінің салтанаты. Т–нің төменділігі шартты болып келеді. Төмендеу, бұл мағынада, Жер–Анаға жақындау, оның сіңіруші және қайтадан тудырушы стихиясымен бірегейленуді білдіреді. Тіпті, өлу дегеніміз (қазақша: “қайтыс болу”) табиғатқа қайтып келуді білдіреді. Төмендеу дегеніміз тәннің төменгі мүшелерінің (ішек–қарынның, жыныстық мүшелердің) асты қорыту, оны табиғатқа шығару, махаббаттан ләззат алу, жүкті болу, нәрестені дүниеге әкелу сияқты қызметтерін түсіну деген сөз. “Ұлы сөзде ұят жоқ” дейді қазақ. Жоғарыда аталған нәрселер адамдық келбетті төмендетіп жібермейді (төмен ұғымын амбивалентті мағынада қолданып тұрмыз). Тұлғаның фәниден бақиға дейінгі тіршілігінде аса маңызды оқиғалар мен оларды атап өту астарында “төменгі Т.” құндылықтары тұр (құда түсу, үйлену, шілдехана, тұсау кесу, қайтыс болу, ас беру). Халық дәстүрінде астан жоғары құндылық сирек кездеседі. Сөйтіп төменгі жоғарғы болып шыға келеді. Тек адам санасында төменгі дене құнсыздандырылып, тыйым салынған игіліктерге айналып кетеді. Халық түсінігінде, Т. тұрмыстық жиі қолданудан біртіндеп қарадүрсінделуі мүмкін, ол тоғышар адамдардың топастықпен қайталайтын нәпсіқұмарлығына айналуы да ғажап емес. Бірақ Т. де бұл үшін жаратылған жоқ, Т. құмарлығын рухани бастаулардан алыстату дұрыс емес. Егер тірілердің есінде жақсы істері, ойлары, білімі, қайырымдылығы арқылы қалатын болса, ол адам қайта тууы мүмкін. Сөйтіп адам өмірінің мәні алдыңғы ұрпақтың әлеуметтік тәжірибесін белсенді түрде игеруде, ізгілікті істерінде екен; сонда Т. өлгенімен жан мәңгі қалады:
Т–нің үйі – қара жердің аясы,
Шыбын жанның Т. – баспана, саясы.
Биік ұшса, жәннатқа енгені,
Төмен түссе, бір пәленің келгені.
Екеуінің бірі болар, алайда,
Жаның мәңгі қалар тірі қалайда!
Адам мұңлық болғанымен күнәсіз,
Құрып Т–ні, өшер сөзі, шүбәсіз!
Қайдан келді? Енді қайда барады?
Қай жерде тұр? Енді қанша қалады?
Біліктілер айта ала ма әрдайым?
Білікті жоқ шешер мұның жұмбағын,
Жалғыз алла қанық, білер сырларын
(Жүсіп Баласағұн. Құтты білік).
Бұл сұрақтарға жауап іздеген ғұламалар “мәңгілік – адамгершілікте” деген түйінге келген. Абай айтқан “Адам бол!” ұстанымның мәнісі де осында жатыр.
Достарыңызбен бөлісу: |