Психологияны оқытудың белсенді әдістері. Белсенді оқыту – қазіргі педагогикалық ізденістердің негізгі ірі бағыттарының бірі болып табылады. Студенттердің оқу танымдық іс-әрекетін белсендету әдістерін іздестіру мәселесі әр түрлі уақытта әр түрлі авторлармен өте жиі қойылып отырады.
Қазіргі кезде оқытуды ұйымдастырудың жаңа бағытта болуы керек: дайын білімді жаттаудан жеке басты қалыптастыруға, шығармашылықпен оқуды дағдыландыруға көшу керек. Сондықтан жаңа оқыту әдістері бойынша оқытушы оқытпайды, тек жетелейді, ал студент өзінің іс-әрекеттік процесінде өзі оқиды. Егер оқушының танымдық іс-әрекеті жоғары белсенді болса, меңгерудің тиімділігі де жоғары болады.
Бағдарламалық оқыту әдістері білімнің пәндік мазмұнына байланысты мақсатты, міндетті шешу тәсілдерін, қолдау мен қадағалау формаларын нақтылау және түрлендіру арқылы дәстүрлі оқытуды қайта құруды көздейді.
Бұл әдіс бойынша алдын ала оқыту мақсаты және осыған орай оқытушының қадағалауы және басшылығымен жүйелі әрекеттер қатары да жоспарланады, соңында бір нәтижеге, яғни оқушы дағдыларының қалыптасуына әкеледі.
Оқытудың интерактивті әдісі адамдардың өзара әрекеті мен қарым-қатынасын ұйымдастыру арқылы білімді игеру үрдісін басқарады.
Оқытушының әрекетінің орталығы бір ғана студент емес, бір-бірімен сұрақтарды талқылайтын, пікірталасқа түсетін, өзара ынтымақтастықта болатын және бір-бірін ынталандыратын әрі белсенді ететін өзара әрекет жасайтын студенттер тобы болып табылады. Адамдар ұжымымен ақиқатты іздеу барысында жарысады, бәсекеге түседі, сондықтан интерактивті әдіс студенттердің рухын көтеріп белсенділігін арттырады.
Интерактивті оқытуға келесідей әдістер жатады:
- Эвристикалық әңгіме
- Пікірталас
- «Ой шабуылы»
- «Дөңгелек үстел»
- Іскерлік ойындар
- Практикалық жұмыстар жарысы және оларды талдау
Эвристикалық әңгіме – бұл ұжымдық ойлау немесе проблеманың жауабын іздеуге құрылған әңгіме. Бұл әңгіме барысында ойша іздеу – ұжымдық ойлауға алмасады, аралық шешулердің әр түрлі нұсқалары айтылады, бұл жағдайда студенттер ақиқатты өзара әрекет және өзара көмектесу арқылы бір-бірінің ойлауын арттырып ақиқатты іздейді.
Пікірталас – (дискуссия) бұл арнайы бағдарламаланған оқу бағдарламасының теориялық сұрақтарын талдауы, әдетте бұл сұрақты қоюмен басталады және эвристикалық әңгіме түрінде өріс алады.
«Ой шабуылы» - әдісінің мәні бойынша күрделі проблемаға жауап іздеу барысында әр түрлі ойлар кез-келген идеялар, болжамдар, ұсыныстар, кездейсоқ аналогияларды интенсивті айту, сонымен қатар қатысушылардың керекті немесе керексіз ассоциациялары пайда болуы мүмкін. Бұл пікірлердің барлығы диктофонға жазылып «ой шабуылын» ұйымдастырушы зейін қойып, олардың ішінен сұраққа жақын жауаптарды таңдап алып, кейін сұрақ мазмұнына сәйкес терең талқылау ұйымдастырады.
«Дөңгелек үстел» әдісі әр түрлі ғылыми аспектілерде теориялық проблемаларды меңгеру жолымен қарастырылатын, тиімділікті арттыратын әр түрлі саладағы мамандардың қатысуымен өтетін әдіс.Іскерлік ойын әдісі – мамандарды басқару және әрекет жасауға үйрететін әдіс. Студентті нақты жағдайда қатысушы кісі ролінде айқын және пәнді ойларға мәжбүр еткізіп, елеулі нәтижелерге жету деген саналы мақсатта болуға қою. Сондықтан бұл жағдай оқушының зейінін сезімталдандырады, ойлауды мақсатқа бейімді қылып меңгеруді жақсартуға себеп болады.