Бизнес-идея дегеніміз не? Бизнес-идея – болжамды кәсіпкерліктің қысқа әрі нақты анықтамасы. Өз бизнесіңізді бастау үшін сіз немен айналысқыңыз келетінін анықтап алуыңыз керек. Жобаның табыстылығы оның негізінде қандай бизнес-идея жатқанына тікелей байланысты.
Бизнес-идея:
Мыңдаған идеялар бар, олардың ондағаны жүзеге асырылады, ал табысқа бірлі-жарымы жетеді. Табысты идеяны іздеу және таңдау құпиясы неде?
Кәсіпкерлікке арналған идеяларды таңдау ережелері Бірінші ереже. Идея көп болуы керек. Идеяның көп болуы әрқайсысының ерекше екенін, бірі екіншісінен перспективалы екенін, әр түрлі ресурстарды қажет ететінін білдіреді., осының бәрі олардың арасынан басым тұрғанын таңдап алуға мүмкіндік береді.
Екінші ереже. Идея кәсіпкерлік бастамашысы үшін түсінікті қызмет саласынан болуы тиіс. Кәсіпкер өзінің құзыреттілігі жоқ салалардағы жобалармен айналысса – табысқа жету мүмкіндігі бірнеше есе төмендейді.
Үшінші ереже. Идея қызықты болуы керек. Кәсіпкерлік бастағанда кәсіпкер әдетте өзінің барлық уақытын – жұмыс уақытын және бос уақытын толық жобаға арнайды. Сондықтан қызықсыз жоба кәсіпкерді моральдық қанағаттандырмайды.
Төртінші ереже. Идея бір-екі сөйлеммен ғана құрылуы тиіс. Тым күрделі және ұзақ түсініктемелер әлсіз және өңделмеген идеяны білдіреді.
Біріншіден кәсіпкерлікке оның негізін қалаушы кәсіпкерлікті идеядан ақиқатқа айналдыру үшін жасайтын қадамдар жүйесі ретінде қарап көрейік.
Бірінші қадам –тауашаны таңдау. Ол үшін кәсіпкер келесідей сұрақтарға жауап береді: «Мен нақты немен айналысқым келеді?». Кәсіпкерлік үшін тауаша таңдау – алғашқы әрі өте маңызды қадам. Өйткені, сізге өз ісіңізбен жылдар бойы күн сайын, кем дегенде 8 сағаттап айналысуға тура келеді. Егер сізді өз жұмысыңыз қанағаттандырмаса, сізде оны орындауға мотивация болмайды. Ал мотивациясыз прогресс болмайды.
Кәсіпкерліктің бұлжымайтын заңы бар: тек бірегей кәсіпкерлік табысты болады. Әйтпесе, сізді бәсекелестер жұтып қояды. Кез келген аспект – сіздің өзіңіз өз көзқарасыңызбен, құзыретіңізбен, идеяларыңызбен және т.б., сіздің өніміңіз немесе сіздің қызметтеріңіз – бірегей болуы мүмкін (мысалы, сіз басқа наубайханалар сияқты нан пісіресіз, бірақ сізде ыстық кофе ішуге болатын үстелдер бар). Бірақ бірегейлік мотивация болса ғана келеді. Егер сіз сүйікті іспен айналыссаңыз және оны дамытуға ниет білдірсеңіз, сіз әрқашан бірегей болуға мүмкіндік таба аласыз. Мотивация болмаған кезде сіз әдетті іс-қимылдарды бір сарынды орындап, үйге қайту үшін жұмыс күнінің аяқталғанын күтетін боласыз.
Тауаша табылған кезде, келесі қадамды – «өзіңді танытуды» бастауға болады. Яғни, сіздің бизнесіңіз табысты болу үшін сізге қандай дағдылар қажет екенін анықтау керек. Мүмкін сіз өз қолыңызбен бір нәрсе жасап үйренерсіз, мүмкін, сауда жасайсыз, суретке түсіресіз, жарнама жасайсыз, командаға қажетті адамдарды жинайсыз және т.б. Сізге қандай дағдылар қажет екенін түсіне отырып, оларды дамытуды бастауға болады.
Сізге өзіңіздің күшті және әлсіз жақтарыңызды зерттеу керек. Оған жұмсалған уақыт мың есе өтеледі және тиімді бизнес-шешімдер туғызады. Сондықтан, бұл кезеңде бірнеше сағат бөліп, қағаз бен қалам алып өз кемшіліктеріңізді және артықшылықтарыңыздың кестесін құрыңыз. «Кемшіліктер» бағанында «Клиенттермен сөйлесуді ұнатпаймын», «Кәсіби білім жетіспейді», «Бастапқы капиталды қалай тарту керектігін білмеймін» және т.б. жазулар пайда болсын. Сіздің барлық кемшіліктеріңіз – бір жағынан сіздің бизнесіңіз үшін қауіпті. Бірақ егер сіз оларды жақсы білсеңіз, кемшіліктер мүмкіндікке айналады.